J_Omirgul_A@mail.ru, Kairbekova_1966@mail.ru
С.ЖӘМБЕК ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ ОНОМАСТИКА
Аннотация: мақалада ф.ғ.к.,доцент С.Н.Жәмбектің тіл білімінің ономастика
саласына қатысты зерттеулері талданады, ғылым көзқарастары сараланады. Аймақтық
топонимдерді зерттеу аспектілері ашылып, нақты деректер негізінде зерделенеді. Ақмола
облыстық ономастикалық комиссиясы құрамындағы қызметі бағаланады. Қазақ тілінің
сөзжасамы жүйесіндегі оронимдерді қалыпастырудағы «тау», «төбе», «бел», «тас»,
«үңгір» сыңарлары бар денотаттардың лексикалық аппелятив тобын зерттеліп,
ономастиканың метатілін сараланады және оның құрамдық бөлігі болып келетін
терминдер жүйесі, олардың бір-бірімен байланысы ашылады.
Тірек сөздер: тіл білімі, ономастика, регионалды ономастика, онимдер, ороним,
ономастиканың зерттеу аспектілері, аксиология, Ақмола, Ақтүйесай, Айыртау
Тіл білімінде жеке адам, дүниедегі жеке я дара заттар мен құбылыс атауын жалқы
есім деп танысақ, ал жалқы есімдерді зерттейтін саланы ономастика деп білеміз. Бүгінде
жалқы есімдер жиынтығы «онимия» ретінде белгілі болып, онимдерді (гр. unoma, unuma
«есім, атау») атау үшін жұмсалса, жеке ел, аймақ немесе мәтіндегі жалқы есімдер
«ономастикон» деп аталып отыр. Қазіргі уақытта жалқы есімдер ономастикалық
универсалий ретінде танылып, оның антропоним (адамды немесе бірнеше адамдардың
жиынтығы), андроним (әйелін жолдасының атымен немесе лақап аты, фамилиясымен атау),
гинеконим (ер адамды лақап атпен атау, не әйелінің не шешесінің фамилиясымен атау),
патроним (әкесінің не әкесінің тегіндегі атпен не лақап атпен атау) және жер кеңістігінің
атаулары топонимдерді жер үсті қабатындағы нысан атаулары ороним, жер асты қабатының
нысандары спелеоним, аймақ атауы хороним, жер бөлімшелерінің атауы агроним, су
нысандарының атауы гидроним (потомоним (өзен атауы); лимоним (көл, көлшік атауы);
гелоним (саз, батпақ атауы); океаноним (мұхит атауы); пелагоним (теңіз атауы); пегоним
(бұлақ атауы), елді-мекен атауы ойконим (астионим(қала атауы); урбаноним (қала атауы);
комоним (ауыл атауы), байланыс жолдар атауын дромоним, орман, алқап, тоғай атаулары
дримоним деп бөлу тәжірибесі тіл білімінде кездеседі [1,12].
Жалқы есімдерді жасауда қолданатын тілдік құралдар жүйесі, олардың құрылымы,
семантикалық және сөзжасамдық модельдері, жалқы есімдерді ерекшеліктерін, тілдегі
атқаратын қызметін саралау ономастиканың нысаны болып табылады.
Ономастика өз ішінен жалпы және жеке ономастика деп бөлінеді.
Жалпы ономастика тілге қатысы жоқ онимдердің дамуы мен қызметінің жалпы
заңдылықтарын зерттеп, ономастикалық әмбебаптылықты яғни әр тарихи кезеңдегі,
территориядағы тілдегі онимдер жүйесінде кездесетін жекеленген объектілерге атау беру
принциптерін, ономастикалық жүйенің көптеген жалқы есімдердің даму бірлігін көрсететін
заңдылықтарды, сондай-ақ жалқы есімдерге тән, басқа да лексикалық категориялардан
жекелейтін ерекше белгілерін анықтайды, көптеген негіздерге сүйенеді, жалқы есімдерді
топтастыру принципін нақтылайды.
Жеке ономастиканың міндеті – бір тілге қатысы тұрғысынан онимдерді белгілі бір
территорияға, аймаққа қатысты жалқы есімдерді жинастырып талдау.
Зерттеу нысанына байланысты жеке ономастика өз ішінен ареалды ономастика және
регионалды ономастика болып бөлінеді. Ареалды ономастика кез келген халықтың
географиялық
орналасуының,
ареалдардың
диалектілік
бөлінуінің
қатысынсыз
ономастикалық құбылыстың таралу ареалын немесе облысын айқындаса, регионалды
(аймақтық) ономастика белгілі бір территориядағы жалқы есімдерді зерттейді.
43
Регионалды ономастика белгілі бір территориядағы атаулар ерекшелігін және басқа
көрші немесе алыс жатқан территориядағы атаулармен байланысын, ұқсастығын немесе
ерекшелігін зерттеуді мақсат етеді. Регионалды ономастикада диалектология, жергілікті
халықтық этнография, өлкетану деректерін қолданады.
Әлеуметтік ономастика жалқы есімдердің қоғаммен байланысын, оның тарихи
дамуын, әлеуметтік өзгерістерін, жалқы есімдердің дамуына әлеуметтік, заңгерлік, тарихи
заңдылықтардың ықпалын, сол сияқты атауға сәннің, қоғамның идеологиялық және
мәдениеттанымдық бағыттарының ықпалын анықтайды және жалқы есімдер мен түрлі
этнолингвистикалық факторлардың өзара тәуелділігін сипаттайды.
Поэтикалық ономастика көркем әдеби мәтіндегі белгілі бір автордың немесе бірнеше
авторлар шығармасы, бір немесе бірнеше бағыт (символикалық, романтикалық, сатиралық)
бір немесе бірнеше жанр (поэзия, проза, эпикалық шығарма, тарихи шығарма, халық ауыз
әдебиеті) деңгейінде жалқы есімдердің ерекшелігін зерттейді. Поэтикалық ономастика
көркем мәтінде поэтонимдердің, әдеби жалқы есімдердің қозғалыс ерекшелігі мен
заңдылықтарын, оларды жасау және шығарма жанрына қарай таңдау принциптерін, мәтінді
лингвистикалық интерпретация жасауда поэтонимдердің мүмкіндіктерін, қызметін
анықтауды мақсат етеді.
Қолданбалы ономастика нақты тілдер мен тілдік үрдістер негізінде жалқы есімдердің
ерекшеліктерін ескере отырып, формасы, транскрипциясы, орфографиясы, орфоэпия
нормаларын және септелуін нақтылайды, онимдік нормативті модельдерін, жалқы
есімдерден белгілі бір мекен тұрғысының атауы сияқты, онимдік сын есімдер, фамилиясы
мен әкесінің атының қалыптасу модельдерін анықтайды.
Ономастикалық лексикография қолданбалы ономастиканың маңызды бағыттарының
бірі болып табылады, оның мақсаты – әр түрлі ономастикалық сөздіктер түзу
[1,38-40].
Тіл білімінде ономастиканы зерттеудің бірнеше аспектілері көрсетіледі:
- географиялық аспект – жалқы есімдерге географиялық факторлардың ықпалын
анықтау;
- тарихи аспект – жалқы есімдердің қалыптасуы мен атқаратын қызметінің және
нақты тарихи кезеңмен байланысын зерттеу;
- лингводеректану аспектісі – әр жанрдағы және әр дәуірдегі жазба және басылып
шыққан ескерткіштерді зерттеу;
- лингвомәдениеттану аспектісі – жалқы есімдер көрініс тапқан мәдени мұраны
халықтың тарихи жады ретінде анықтау;
- лексикографиялық аспект – әр түрлі оним разрядтарына лексикографиялық сөздік
жасау;
- лексикологиялық аспект – белгілі бір тілге қатысты жалқы есімдерді жинақтау,
оларды сол тілдің лексикалық жүйесінде талдау;
- логикалық аспект – жалқы есімнің ұғыммен және аталатын объектпен қатынасын
анықтау;
- ономосиологиялық аспект – атау берудің типтік (жиі қолдану) және раритетті(сирек
қолдану) модельдерін анықтау;
- психологиялық аспект – жалқы есімдердің жасау, қалыптасу, қабылдау үрдістерін
жеке адамға байланысты, оның психологиясын, сонымен қатар тұтас ұжым психологиясын
ескере отырып зерттеу;
- семасиологиялық аспект – денотаттарды жекелеу үшін атау беруде және әр түрлі
онимдер жасауда қолданатын лексиканың аппелятив тобын анықтау;
- семиотикалық аспект – тілдік таңба ретінде жалқы есімнің ерекшелігін анықтау;
- терминологиялық аспект – ономастиканың метатілін зерттеу және оның құрамдық
бөлігі болып келетін терминдер жүйесін, олардың бір-бірімен байланысын анықтау;
- этнолингвистикалық аспект – ұлттық көзқарас, ұлттық ерекшелік, этномәдени,
этнопсихологиялық факторларды ескере отырып, жалқы есімді зерттеу;
44
- когнитивтік аспект – «оним» концепті оның ономастикалық тұлғамен байланысын,
нақышын және тілдік құрылысын қарастыру,
- функционалды аспект – сөйленістегі жалқы есімнің қолданысын анықтау
(коммуникацияда/мәтінде жалқы есімдердің жұмсалымы, ономастикалық норма, жалқы
есімнің оккозионалды қолданысы);
Ономастиканың зерттеу аспектілерінің сан алуан болуы бұл саланың күрделілігін
танытады әрі зерттеу нысанын кеңейтеді.
Тіл жанашыры ретінде регионалды ономастика мәселелерін зерделеп, аймақтық
онимдердің қалыптасу тарихын саралап, өлкенің тарихи атауларын қайтару мақсатында
игілікті іс атқарып жүрген өлкеміздің елеулі ұлт жанашыры – филология ғылымдарының
кандидаты, доцент С.Н.Жәмбек. Ғалымның тілдің бұл саласына қызығушылығы Ақмола
облыстық ономастикалық комиссия құрамындағы қоғамдық қызметімен тығыз байланысты.
Ақмола
облысы
ономастика
комиссиясы
отырыстарында
С.Н.Жәмбек
өзіндік
ұстанымдарымен, терең зерделілігімен, білімдарлығымен көзге түсе біледі. Атап айтсақ,
Қошқарбай өзенінің атауын өзгерту мәселесі көтерілгенде: «Қошқарбай өзенін Шора өзеніне
қайта атау дұрыс емес, оған тарихи негіздеме, құжат керек. Ал БАҚ беттерінде жарияланған
мақалалар, аңыздар ғылыми дерек бола алмайды. Ертедегі карталарды зерттеп, гидронимдеге
қатысты ақпаратты осы карталарға негіздеген жөн. Тарихи деректерді басшылыққа алған
дұрыс» (Ақмола облыстық ономастика комиссиясы отырысының №1 хаттамасы, 2017 жыл,
24 қазан); соңғы кезде ойконимдерді қайта атауда бір атаудың елді-мекен, көшелерге жер-
жерде қайталанып берілуіне де қарсылығын білдіреді: «Бір атауды қайта-қайта қоя береміз.
Қазақта көшеге беруге лайық әдемі атаулар көп емес пе? Ауданнан келген өкілдер келесі
жолы ескеріңіздер»; соңғы кезде белең алып кеткен «Нұр» сыңарлы атаулардың да
қойылуына өзіндік пікірін ашық айтқан: «Сандықтау ауданы Лесной ауылындағы Шоссейная
көшесін Нұр көшесі деп қайта атамақшы екен. Атау дұрыс емес» (Ақмола облыстық
ономастика комиссиясы отырысының №2 хаттамасы, 2018 жыл, 5 қазан); Ғалым Атбасар
ауданындағы Амангелді көшесінің атауын түсіндіруде ойын нақты тұжырымдайды:
«Амангелді қазақта жалғыз. Ол – Амангелді Иманов. Сондай-ақ Бостандық, Бастау деген
атаулар қазіргі кезде өзектілігі жойылған атаулар» (Ақмола облыстық ономастика
комиссиясы отырысының №1 хаттамасы, 2016 жыл, 21 қазан). Жоғарыда келтірілген
деректер Ақмола облыстық ономастика комиссиясы мүшесі ретінде Сәбит
Нұрмұхаметұлының кез келген мәселеге бей-жай қарамайтындығын, табандылығын,
ғылыми ақпаратқа сүйенудің маңыздылығына жауапкершілік танытатын тұлға екендігін
танытады.
Доцент С.Н.Жәмбек Ақмола облысының топонимикалық жүйесін тарихи аспектіде,
нақты тарихи кезеңмен байланысты зерттейді. Ғалым «Ақмола» топонимінің
этимологиясын зерттеуде тарихқа жүгінеді: «Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мың
жылдықтарда бұл жерлерде сақ тайпалары, соның ішінде исседондар мекендеген. Өлке
тарихында ғұндар да өзінің терең ізін қалдырды. Олар Сарыарқаның нағыз кіндік ортасында
Нұра мен Есіл өзендерінің аралығында қамал тұрғызды. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі –
«батыс» ұғымын білдірсе, ал «мола» сөзі – «қамал», «бекініс» деген ұғымды білдірген.
Осыдан кейін «батыс қамал» деген ұғымды білдіретін – «Ақмола» сөзі шыққан» деген пікір
айтса, Қостанай облысының аумағынан табылған көне «Ақскент» қалашығының атауын
зерделеуде С.Жәмбек географиялық және лингвомәдениеттану аспектілерін қолдана
отырып, «Батыс қала» ұғымымен байланыстырады. Демек, «ақ» сөзінің этимологиясы
«батыс» ұғымын білдірген деген тұжырымға келеді [2].
Зерттеуші Көкше өңірінің топонимдік жүйесін зерделеуде географиялық фактордың
өзектілігін анықтап, аймақтың таулы, қыратты ерекшелігімен түсіндіреді де онимдер
жасауда қолданатын денотаттардың лексикалық аппелятив тобын зерттеп, ономастиканың
метатілін зерттеу және оның құрамдық бөлігі болып келетін терминдер жүйесін, олардың
бір-бірімен байланысын анықтауда «тау», «төбе», «бел», «тас», «үңгір» сыңарлары бар
оронимдерді қарастырған: «Жер бедерінің сипаты және ерекшеліктері Көкше өңірі
45
орономиясында өзіндік белгілері бар. Мәселен, биік орографиялық нысанды атайтын «тау»
термині арқылы Көкшетау аймақтық топонимиясында Айыртау, Жалғызтау, Жамантау,
Имантау, Мақпалтау, Сандықтау, Оқжетпес тауы, Жекбатыр тауы, Ерейментау оронимдері
құралған. Көкше өңірі топонимиясында «төбе» термині арқылы жасалған орографиялық
нысандар: Бестөбе, Алтынбайтөбе, Жуантөбе, Ақбеттөбе, Шоқыбастөбе, Шаңтөбе. «Төбе»
сыңары арқылы жасалған кейбір орографиялық нысандар «кең асу» деген мағынаны
білдірсе, кей жағдайда «аса биік емес» мағынасында жұмсалатын «бел» сөзіне тоқталады:
Көкшөлібел, Түлкібасбелі, Бөрлібелі. Көкшетау аймақтық топонимиясында ұшырасатын,
жер бедерінің ерекшеліктерін айқындайтын оронимдер құрамында «тас» орографиялық
термині де қолданылады: Қойтас, Ақтас, Қызылтас, Көктас, Керегетас, Қотыртас. Ғалым
құрамында «тас» сыңары бар орономиялық атауларды жеке тастарға немесе қатты
жыныстардан тұратын қалдық тауларға, төбелерге қатысты қойылатынын атап өтеді.
Таулы аймақтардың (ландшафтардың) тағы бір көрінісі – үңгірлер. Үңгірлер әдетте тау
баурайларында, биіктерінде, шатқалдарында орналасады. Үңгір термині арқылы құралған
спелеонимдер дара бір лексика-семантикалық топ құрайды: Кенесары үңгірі, Қара үңгір» [2].
С.Н.Жәмбек онимдерінің аталуындағы себеп, уәжді түрлі ғылыми аспектіде
зерделеп қарастырады. Қазақ тіл білімінде уәждеме мәселесін зерттеп жүрген ғалым
А.Салқынбай: «Сөздің уәжі заттың қасиеті арқылы айқындалды. Таңбаның мағынасын түрлі
сөздердің мағыналары арқылы шамалауға болса, уәжі – шындық болмыстағы зат пен
құбылыстың қасиеттері мен белгісі арқылы белгіленеді», – деп көрсетсе [3, 200], тілші
Б.Қасым: «Уәждеме – аталымның жасалуындағы алдын-ала жасалатын міндетті баспалдақ.
Сөзжасамдық уәждеме – құрастырушы сыңарлардың арасындағы қатынастарды көрсетеді»,
- деген тұжырым жасайды [4, 250].
Атаулардың жасалу табиғатын зерделеуде олардың уәждемесі, ішкі мағыналық
құрылымы және жасалу тәсілі бір-бірімен байланысты ұғымдар екені анықталады. Бұл ретте
А.Салқынбай: «Сөзжасам атаудың жасалу сипаты мен мотивациясын (негізделуін), жасалу
тәсілі мен ішкі құрылымын анықтайды», – деген пікірді ұстанады [5, 11]. Мәселен,
онимдердің сөзжасамдық ерекшеліктері мен оның лингвомәдени мазмұнынын саралауда
С.Жәмбек «Ақтүйесай» топониміне тоқталады: «Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар
ауданының территориясында Үлкен Қараой және Кіші Қараой деген жерлерде Ақтүйесай
деген жер аты бар. Осы аттас ауыл бар (бұрынғы К.Маркс кеңшары). Осы атауды жергілікті
тұрғындар сол өңірдегі бір байдың жақсы көретін түйесі сайға құлап өлгеннен кейін
қойылған деседі». Зерттеуші тарапынан бұл атаулар метафоралы аталымдар ретінде
танылып, оның семантикасындағы бейнеліліктің себебін ел ішінде сақталған аңыз негізінде
түсіндіреді. С.Жәмбектің онимдердің пайда болу себебін анықтауы тілші А.Салқынбайдың
пікірімен үндеседі: «Сөзжасамдық уәждеме (автор негіздеме деп алады) дегеніміз екі
түбірлес сөздің бірінің мағынасы екіншісінің мағынасының тууына негіз болатын,
мағыналық себептілікке негізделетін сөзжасамдық қатынас» [5, 67].
С.Н.Жәмбек «Айыртау» оронимінің аталу себебін когнитивтік аспектіде қарастырып,
оның уәждік белгісін халықтың табиғи нысанды тану тұрғысында саралайды: «Айыртаудың
түбі бар, бас жағы екіге бөлінген. Сондықтан халық бұл тауды өскен сайын ажырап,
айырылып барады деп түсінген. Таудың Айыртау деп аталу уәжі – бір түптен айырылып,
ажыраған екі тау деп көрсетеді. Одан әрі зерттеуші атауды халықтың мифологиялық
көзқарасына негізделген ұлттық-мәдени семантикасын, яғни нақты тарихи тілдік
қоғамдастықтың мәдени құндылықтарына негізделген лингвомәдениеттану аспектісінде
саралайды: «Сол таудың біреуінің үстінде «батырлар қазаны» деп аталатын екі тас бар. Тау
төбесінің екі жағында екі тас тұтаса келіп қазанға ұқсайды, батырлар асын осы қазанға
даярлап, тамақтанатын деген халық ауызында сөз қалған» [6,71].
Зерттеуші Көкше өңірінің онимдеріне байланысты зерттеулерін лингвомәдениеттану
аспектісінде, яғни халықтың мифологиялық көзқарасына негізделген ұлттық-мәдени
семантикасы тілдік қоғамдастықтың мәдени құндылықтарына негізделген ақпарат мазмұнын
мифологиямен сабақтастырады: «Көкше өңірі атауларының мифологиялық таным жүйесіне
46
сәйкес ерте заманнан қазақ халқының, жалпы қазақ әлемінің рухани құндылықтар
(аксиологиялық) жүйесінен мықтап орын алғандығы. Ал әріден алатын болсақ, жер бетін
топан су басатын әлемдік аңызбен ұштасып, қазақ жеріндегі адамзат тарихымен ерте кезден
сабақтастырып тұрған бірден-бір мәдени дерек. Оның дәлелі – Айыртау. Айыртау сопылар
мен әулиелер культі және өңір батырлары мен тарихи тұлғаларға қатысты ұғымдар мен
түсініктер, аймақтық топонимияның этноменталды ерекшеліктері мен сипатына арқау мен
негіз болған тарихи-топонимиялық, жалпы топонимиялық, діни-мифологиялық аңыздар мен
әпсаналар құрайды» [2].
С.Жәмбек біршама онимдердің негізін этностың материалы және рухани дүниесін,
оның ұлттық болмысы арқылы этнолингвистикалық аспектіде қарастырғанын байқаймыз:
«Зеренді көлі атауының пайда болуы мен зерен сөзінің шығу түбірі хас сұлудың зересіне
байланысты аңызбен сабақталады. Келесі бір деректерде бұл көлдің төңірегінде ерте кезде
зерен деген аң жортып жүргендігі шындық. Ғылыми деректерге сүйенсек, дзерен мен
джайран (қарақұйрық) газель тұқымдасына жатады» [2].
Бүгінгі таңда Көкшетау феномені қазақ мәдени кеңістігінде рухани эталон,
әулиеліліктің (киеліктің) метафорасы мен символы ретінде танылады; бұл феноменнің және
оған қатысты Көкшетау прецеденттік топонимнің мәдени-философиялық, тарихи-танымдық,
діни, идеологиялық және аксиологиялық сипаты өте жоғары. Бурабай төңірегіндегі
Жекебатыр, Оқжетпес оронимдері туралы да халықтың өз аңыздары бар.
Ғалым бірқатар онимдерді лингводеректану аспектісінде, яғни басылып шыққан
мәдени және ғылыми әдебиеттердің негізінде зерттейді: «Көкше өңіріндегі жер-су
атауларының кез келгеніне арналған аңыз-әңгімелердің тамаша үлгілері жетерлік. Оның
айғағы – Бурабай өңіріндегі «Ақылбай асуы», «Ақбура тауы», «Жекебатыр», «Оқжетпес»,
«Абылай алаңы», «Шайтан ұршық» тасы. Қазақтың ақиық ақыны С.Сейфуллин өзінің
«Көкшетау» поэмасында Оқжетпес шыңын шабыттана жырға қосып, сырлы сезіммен
көркем суреттеп, оның өлмес поэтикалық суретін жасап кетті. Оқжетпес пен Бурабайдың
сұлу табиғаты мен әсем келбеті қазақтың аяулы ақыны М.Жұмабаев «Батыр Баян» мен
«Оқжетпес» поэмаларында да әсерлі суреттелген. Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов он
бестен астам Оқжетпес шыңы туралы аңыз-әңгімелер жинақтаған. Бурабай ауданында Үш
діңгек, Бөлектау, Теміртау, Жұмбақтас, Күміскөл (Бурабай) мен Айнакөл (Үлкен Шабақты),
Сандықтас, Тас кебіс, Сиыртас, Аютас, Қойтас, Көкарал, Сарыбұлақ, Кенесары үңгірі,
Қотыркөл сияқты жер-су атауларына байланысты аңыз-әңгімелер кең тараған» [2].
Ғалым С.Жәмбек «Жыланды» онимін лингводеректану аспектісінде зерделейді, яғни
әр жанрдағы, әр дәуірдегі жазба және басылып шыққан ескерткіштерді зерттеу арқылы
талдау нысанының қолдану арқылы онимнің хронологиялық мазмұнын ашады: «Зеренді
төңірегінде де табиғаттың сымбатты, көрікті қойнаулары көп-ақ. Зерендіні зермен ораған
қалың Жыланды, Қара өткел, Қарсақ, Қаратомар, Жыра, Мұздыбұлақ, Айбұлақ, Қарағашты
көмкере, тынысын үзбестен сонау үлкен түкті тауларын басып, одан Сандықтаулатып,
Маралдылатып барып, Балқаштың маңын жұмаққа айналдырады екен. «Кекілін кербестінің
сылағаным, басынан Жыландының құлағаным...» деген өлең осыдан қалған» [2].
Лингводеректану зерттеу аспектісін зерттеуші Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылту ауданының «Айсары» топониміне қатысты қолданады да лингводеректі талдап,
тарихи тұрғыдан бағалайды: «Тың көтеру жылдарында туған Ленинград ауданының бір елді-
мекені Айсары есімімен аталады. Бұл атауға байланысты халық аузында қыз бен жігіттің,
Айсары мен Шорманның махаббаты туралы аңыз «Айсары-Шорман» дастанында
жырланады. Бұл елді мекен халық аңызына тамаша дастанға өзек болып халық жадында
сақталып отыр. Аңыздағы Үкілі, Моншақты, Домбыралы, Бөрілі. Бұланды, Көксеңгір,
Құлнияз, Құлайғыр, Торпақөлген, Шабдаразбен – жер аттары. Бұлардың бәрі де халық
аузындағы «Айсары-Шорман» дастанының тараулары. Бұлар өз кезінде Қызылту өңірінен
енші бөліскен қазіргі Уәлиханов ауданы, Ақжар аудандарының жұрт жадындағы ауызша
тарихи мұралар ретінде құнды» [2],[7].
47
С.Н.Жәмбек тіліміздегі онимдерді тарихи мұра, халқымыздың ұлттық таным
ерекшелігінің айғағы, мәдени дәстүр немесе қауымдастықтың бірлігін нығайтатын жалпы
рухани көңіл-күй, наным-сенім жиынтығы ретінде ұлттық ойлау ерекшелігін танытатын
ментальді бірліктер ретінде саралайды. Ғалымның бұл ұстанымы Ақмола облыстық
ономастикалық комиссия құрамындағы жұмысының мазмұнымен де астасып жатады.
Аймақтық топонимдердің тарихи атауларын қайтару, жаңа онимдерді қалыптастыру ісіндегі
жауапкершілігі онимдерді ұрпақтан-ұрпаққа маңызды ақпаратты жеткізетін, ұлттық
құндылықтар жүйесіндегі аса маңызды құрылымдар, қоғам үшін қасиетті бірліктер ретінде
бағалауымен анықталады.
Сәбит Жәмбек – аймақтық топонимдерді тарихи-танымдық, мифологиялық,
этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық тұрғыда жан-жақты зерттеп жүрген тіл
жанашыры, республика және облыс көлеміндегі барлық ғылыми, мәдени іс-шараға белсене
қатысып жүрген абзал жан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Астана, 2005. –240 б.
2 Жәмбек С.Н. Қазақ ономастикасы: ұлт мүддесі және болашағы//«Азат елдің ономастикасы –
мемлекетіміздің рухани қазынасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. –
Қостанай. 2017, 27 қазан.
3 Салқынбай А. Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы: Ғылым, 2007. – 517 б.
4 Қасым Б.Қ. Күрделі зат атауларының мағыналық құрылымы және сөзжасамдық үлгілері. – Алматы:
Абай ат. Алматы мемлекеттік университеті баспасы, 2000. – 153 б.
5 Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект: Фил ғыл док дисс. –Алматы,1999. –284 б.
6 Көкше өңірінің фольклорлық мұралары. Ұжымдық монография. – Көкшетау: Ш.Уәлиханов атындағы
КМУ баспасы, 2014. – 93б.
7 Көкше өңірінің халық жауҺарлары. Хрестоматия. – Көкшетау: Мир печати, 2014. –124 б.
ӘОЖ 811 (5Қ)
СМАГУЛОВА НУРГУЛ КАИРБЕКОВНА
ЖАЙЛАУОВА ГҮЛНАР УМИРБЕКОВНА
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |