Smaghulova13@mail.ru
ӘДЕБИЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ С.ЖӘМБЕКТІҢ ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ
ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Аннотация: мақалада бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар
зерттеуші ғалым С.Н.Жәмбектің әдеби-теориялық зерттеу еңбектері қарастырылған.
Көркем шығарма табиғаты, образ және образдылық, көркемдік ағымдар мен бағыттар,
көркем әдебиеттегі уақыт пен кеңістік (хронотоп), әдебиеттегі мифологиялық ойлау,
мифопоэтика мәселелелеріне қатысты ғылыми тұжырымдары нысанаға алынған.
Зерттеушінің әдеби-теориялық еңбектерінің ғылыми құндылығы, өзіндік бағыты
танылған.
Тірек сөздер: көркем әдебиет, образ, әдеби бағыт,ағым, хронотоп, мифопоэтика.
Әр халықтың ұлттық әдебиеті, сол халықтың болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-
ғұрпын, салт-санасын, тілі мен дінін, мәдениетін танытады. Ұлтымыздың рухани ұстазы
А.Байтұрсынов әдебиетті көркем өнердің бір саласы деп танып, «Әдебиет –сөз өнері» деп
өзінің бағасын берді. Ұлттық әдебиетіміздің тарихы, сыны мен теориясы қаншама зерттеу
еңбектердің өзегіне айналды. Әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелері зерттеу
еңбектердің нысанына алынып, талай ғылыми еңбектер дүниеге келді. Ұлттық әдебиеттану
ғылымының зерттелуіне өзіндік үлесін қосқан ғалымдардың бірі ол ұстаз, зерттеуші-ғалым
Сәбит Жәмбек болып табылады.
48
Әдебиеттану ғылымына қатысты өзінідік ғылыми топшылаулары мен ғылыми
көзқарастары оның «Теориялық әдебиеттану» және «Әдебиет теориясы» еңбектерінде
жинақталған.
Зерттеуші әдебиеттану ғылымындағы образ және образдылық мәселесіне көркем
әдебиет табиғаты тұрғысынан келеді. Оның пайымдауынша әдебиеттің басты өлшемі
көркемдік екенін ескерсек, «өмір шындығын, оқиғалар мен құбылыстарды, баршаға ортақ
ой-сезімдерді жекелеген адамдар мен оқиғалар арқылы жинақтап, бейнелі түрде көрсету -
өнерге тән қасиет. Демек, әдебиеттегі өмір қаламгердің ой сүзгісінен екшеліп шыққан
көркемдік әлемі болады да, соған орай әдебиеттегі адам көркем бейне болып шығады»
деген тұжырым жасайды [1,3]. Бұл ғалымның көркем образға берілетін анықтаманы көркем
әдебиет табиғатынан яғни «көркем образды» өмір – көркемдік әлем – көркем бейне деген
триада негізінде көрсеткен. Бұл көркем шығарма өмір шындығы екені, ол басқа әлем емес,
өзіміз өмір сүріп, отырған қоғам шындығы екенін ұқтырады.
«Образдылық – бейнелік сипат иелеген сөзбен салынған, жаңа сурет(«Күлімсіреп аспан
тұр, // жерге ойлантып әрнені», Абай). Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ-өмірлік
шындықты игерумен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тек ерекше
тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем жасалған, «образ» деп
атаймыз. Мысалы, «Абай жолындағы» заман бейнесі, дала бейнесі, халық бейнесі, Абай
бейнесі» [1, 4], - деп С.Жәмбек көркем образға жалпылық мән береді. Зерттеуші көркем
образ ұғымын эстетикалық категория ретінде танытады. Себебі көркем образ – өте күрделі
ұғым. Сондықтанда ғалым образ ұғымына жан-жақты келген. Алдымен образ ұғымында
объективті-танымдық және субъективті-шығармашылық сипаттардың бірдей ұштасып келуін
атап өтіп, образ көркемдік шындыққа тән болғанымен, өмірлік шындық негізінде
жасалатындықтан, ақиқат өмірдегі кеңістік, уақыт, қоғам,заттар мен құбылыстардан алшақ
кете алмайды. Сондай-ақ образ ақиқат болмыспен біте қайнасып кетуге де тиіс еместігін,
себебі, образ ақиқат өмірден бастау алғанымен, көптеген шарттылықтар арқылы одан
ажырап, көркем туындыдағы «қиялдан туған» әлемге көшетіндігіне тоқталған. Сондай-ақ
образ – шығармашылық ой жемісі. Сондықтан ойлау үрдісіне тән сипаттарға (елестету,
қиялдау, болжау т.б.) болатындығын, яғни образ тек қана ақиқатты суреттеп берумен
шектелмей, өмір шындығын жинақтай отырып, жекелеген оқиғаларды, құбылыстарды
бейнелей отырып, адам баласын толғандырып келе жатқан мәңгілік сауалдардың мәнін
ашатынын атап өткен. Бұл жерден көркем образдың тура өмір шындығының көшірмесі емес,
көркемдік шындықтың жемісі екенін ұғынамыз. Зерттеуші образдың танымдық мәнге ие
болуына да тоқталып кеткен.
Сондай-ақ образдың субъективті-шығармашылық сипаты деген мәселеге ғылыми өз
көзқарасын танытқан. Зерттеушінің пайымдауынша, образдың көркемдік қасиеті өмір
шындығын өзінше танып, ойда қорытып, бейнелеп берумен шектелмейді. Сонымен бірге
образ көркемдігі ойдан шығарылған жаңа дүние болуымен де айқындалады. Образға
жүктелетін жаңалық, сонылық қасиеті оның шығармашылық табиғатынан туындайды.
Образдың танымдық сипаты сияқты, бұл мәселені де екі түрлі жағдаймен сабақтастыра
қарастыруға болады. Біріншіден, көркем образ – адам баласының шексіз рухани сұранысы
мен тілек-талабына орай дүниені жаңғартуға, жасампаз жаңа идеалға құштарлығынан
туындайтын ой-қиял жемісі. Сондықтан да образ бойында ақиқат өмірдегі объективті
бейнелермен қоса, қаламгердің субъективті сезімінен өрбитін құбылыстар да қамтылуы
ықтимал. Соған сәйкес көркем образда өмір шындығынан алынған нәрселермен қатар, аңсау-
тілекпен, қиялдан туған нәрселер де кездесе беруі – заңдылық. Екіншіден, таза қиялдан туған
психикалық бейнелерден көркем образдың айырмашылығы бар. Бұл айырмашылық оның
түпкі негізінде жатыр. Ал образдың түп негізі – өмірлік шындық. Яғни көркем образда
өмірдегі нақты зат (бояу, дыбыс, сөз, т.б.) шығармашылықпен өңделіп, нәтижесінде әрі жаңа,
әрі дара «дүние» (ән-күй, картина, роман-әңгіме, т.б.) жасалады да, келесі кезекте ақиқат
өмірдегі өзге де заттар арасынан өз орнын алады. Демек, образды жасайтын материалдар
өмірден алынады да, басқа пішін иеленіп, сол өмірге қайта оралады. Осыдан келіп образға
49
тән ішкі қозғалыс үлгісін бейнелеуге болатындығын саралай келіп, өмірлік шындық→
сезімдік қабылдау → саналы түрде жинақтап, қорыту → ойдан шығарылған көркемдік
шындық → көркемдік шындықты өзгелердің қабылдауы. Бұдан шығатын қорытынды
образдың ішкі қозғалысы 2 жақты айналым арқылы көрінеді. 1)Танымдық үрдісте шындық
өмірден қиялдағы өмірге көшеді де, 2)шығармашылық үрдісте қиялдағы өмірден шындық
өмірге оралады. Зерттеуші көркем образды жазушы сомдайды дегеннен тереңірек көркем
образ көркемдік әлеммен біртұтастықта деген ойды басым ұстайды.
Сондай-ақ зерттеуші әдеби ағым, әдеби бағыт ұғымдарының аражігін ажыратып
көрсету мақсатында бірнеше өзіндік ғылыми пікірлерін келтіреді. Себебі әдеби теориялық
еңбектерде аражігі айқындалмайды. Көбіне әдеби ағым мен бағытты ажыратпайды, оларды
біртұтас ұғым ретінде қарастырады. Синонимдік мәнде қарастырады.
Ғалым академик З.Қабдоловтың «Сөз өнері» зерттеуіндегі анықтаманы тілге тиек етеді:
«Байқап қарасақ, стиль – бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса; ағым – бірнеше
жазушыға тән творчестволық бірлік; стиль – әр жазушының дара қасиеті болса, ағым – әр
алуан жазушының ортақ сипаты, стиль – жалқыға тән ұғым болса, ағым – жалпыға тән
таным; стиль – бір жазушының әдеби беті болса, ағым – бір топ жазушының әдеби бағыты»
[2, 343-344].
З.Қабдолов ағым мен бағытты бір нәрсе деп қарастырады. Мұндай тұжырымды орыс
теоретиктері Л.И.Тимофеев пен Л.В.Щепиловадан да келтіреді. Аталған ғалымдардың ағым
мен бағытқа қатысты пікірлерін жіктей келіп, зерттеуші қазақ әдебиетіндегі ағым мен бағыт
мәселесін тоқталған.
«ХХ ғасыр басында дамып, өрлей бастаған, Абай негізін қалаған қазақтың реалистік
жазба әдебиетінде де ұлттық сипат, ерекшеліктері бар ағым, бағыттар болды. Қазақ
әдебиетіндегі ағым, бағыттарды айқындаған профессор Б.Кенжебаев болды, «ХХ ғасыр
басындағы қазақ әдебиеті – ұлы дәуірдің: ілгерілеулер, күрес, көтерілістер, сұрапыл
соғыстар, қиян-кескі төңкерістер дәуірінің әдебиеті. Күрделі көп қырлы әдебиет», - деп
тұжырымды баға берген профессор Бейсенбай Кенжебаев ол тұстағы қазақ ақын-
жазушыларын саяси, әдеби бағыттарына қарай: 1)ағартушылық; 2)ағартушы-демократтық;
3)демократтық-төңкерісшіл топтарға жіктейді[3, 29].
«Реалистік, романтикалық сарын жарыса өрілген ұлттық тарихи сананың оянуына
бастаған, жаңашылдық рухындағы әдебиет бірте-бірте көш түзеп, қазақ қоғамының рухани
тіршілігінде басымдыққа жетті. Әдебиет белгілі деңгейде ұлтты дамытудың әмбебап
құрамына айналғандай еді. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіндегі Алаш ұранды әдебиеттің рухы
үстем шығып, әріден жалғасқан әдеби үдерістің сан соқпақты даму жолдарын түйістіре
бастауы да ілгерішіл ұлттық бағыт ретінде маңызды еді. Қоғамдағы, сол тұстағы Ресейдей
дүркін-дүркін төңкерістердің саяси дүмпуі қазақ қауымы мен әдеби ортада жаңғырықты.
Ұлттық автономияны көздеген, түрікшілдікті ұстанған, түрікшіл-исламшылдықты қолдаған
сарындар күшейе келе белгілі бір қоғамдық көзқарасқа, ағымға айналды. Осының бәрі де ірі
қаламгерлердің шығармаларында, публицистикаларында жедел көрініс берді. Оқыған, зиялы
ақын-жазушылар, газетшілер сол ағымдардың ағынында белгілі бір әдеби бағыттарға
ойысты.
«Айқап» (1911) – «Қазақ» (1913) сынды ұлттық басылымдардың арасындағы тірестің
негізінде осындай қоғамдық-саяси көзқарастар жарысы да байқалды. ХІХ ғасырдың екінші
жартысынан жалғасқан ұлт-азаттық, ағартушылық-демократтық сиапттағы ағымдар аясында
жаңадан туындаған саяси – әлеуметтік ахуалға байланысты елдік, мемлекетшілдік бағытты
басым ұстанған (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев), ағартушы-демократтық бағытқа
көбірек ден қойған (М.Сералин, С.Дөнентаев, С.Торайғыров), діни-ағартушылыққа жақын
тұрған (М.Ж.Көпеев, М.Қалтаев, Ш.Жәңгіров) әдебиетшілер әрқайсысы өз көзқарасы
тұрғысынан шығармаларын жариялатты» - деген пікірді негізге ала отырып, өз тұжырымын
жасаған [4, 62-63].
Қазақ әдебиетіндегі әдеби бағыттарды әрі бағыт деп те, әрі ағым деп те санауға болады
деп атап өтеді. Сондай-ақ, оларды саяси, идеологиялық, дүниетанымдық тұрғысынан ағым
50
деп, көркемдік, эстетикалық тұғырнамасы, бағдарламасы тұрғысынан бағыт деп қарауға жөн
деген пікір білдіреді. «ХІХ ғасырдағы орыстың реалистік әдебиеті өз ішінде әр түрлі
әлеуметтік-идеологиялық тұрғы ұстанғанымен, ХІХ ғ. орыс халқының рухани дамуында
олардың негізгі көркемдік қабаты, жүйесі, ықпалы белгілі бір кезеңде тиімді, жағымды рөл
атқарды. Олардың тарихи еңбегі де осында. Жалпы көркемдік жүйеге, оның ішінде реалистік
әдебиетке қосқан үлесі арқылы жазушының өз кезеңі мен басқа кезеңдердегі орны мен
маңызы анықталады. Қазақ әдебиеті туралы да осыны айтуға болады»,
–
деген пікірі
ойымызға дәлел.
Бір әлеуметтік-идеологиялық көзқарастағы суреткерлердің, немесе бір ағымдағы
жазушылардың әр түрлі көркемдік бағыттарға қосылатындығын, атап айтсақ қазақ
әдебиетінде бір ағымдағы А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты қаламгерлердің, екінші бір
ағымдағы С.Сейфуллин, С.Мұқанов сияқты қаламгерлермен көркемдік бағыттағы ішкі
үндестігін байқасақ, өзге ағымдағы Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтерді екінші бір
ағымдағы көркем прозаның асқан шебері Ж.Аймауытовпен көркемдік тұрғыда бағыттас
болып, оның талантты ізбасарлары ретінде көрсетті. Түрлі ағым ұстанған поэзия тарландары
М.Жұмабаев пен І.Жансүгіровты көркемдік көзқарастары сай, бағыттас ақындар болып
табылады. Зерттеуші осы ойын нақты деректермен берген. Ең бастысы әр түрлі ағымдар мен
бағыттарды ұстанатын жазушылардың бір көркемдік жүйені, жүйені құрайтынын ескеруіміз
қажет деген пікір білдірген.
Ғалымның «Әдебиет теориясы» еңбегінде әдебиеттегі уақыт пен кеңістік (хронотоп)
мәселесі қарастырылған. Әдеби шығармада биографиялық уақыттың, тарихи уақыттың,
күнтізбелік уақыттың, тәуліктік уақыттың образдары және сонымен бірге қозғалыс пен
тыныштықтың, өткені мен бүгіні, болашақтың үйлесімділігі туралы түсініктер орын алады.
Зерттеуші «Әдебиеттегі кеңістік картинасы да уақыт сияқты көп сипатты болып келеді.
Әдебиетте тұйық және ашық кеңістіктің, жер мен ғарыш, нақты көрініс пен елестету
образдары және жақын мен алыстың болмысы туралы түсініктер кездеседі. Әдеби шығарма
кеңістікті жақындату, әртүрлі кеңістікті бір жерге тоғыстыру мүмкіндігіне ие» деп атап
өтеді. Әдебиеттегі хронотоп мәселесіне қатысты бірнеше зерттеушінің пікірлеріне тоқталған.
Нақты тоқталсақ, «Ю.М.Лотманның айтуынша, әдеби шығармашылықтағы «кеңістік тілі»
«ең маңызды және негізгі» болып келеді. Н.В.Гоголь шығармашылығына тоқталған ғалым
бағытталған кеңістік, тұрмыстық және фантастикалық кеңістік, тұйық және ашық кеңістік
сияқты кеңістік шекараларының көркемдік мәнін сипаттайды. Латман Дантенің «Құдіретті
комедиясының» көркемдік негізін әлемдік құрылымның универсалды (әмбебаптық)
бастаулары ретіндегі жоғары мен төмен туралы түсініктер құрайтынын, осы аяда басты
қаһарманның қозғалысы іске асатынын, үй мотиві маңызды М.А.Булгаковтың «Шебер мен
Маргарита» романнында «кеңістік тілі» «кеңістік емес түсініктерді» білдіру үшін
қолданғанын айтады. Әдебиетте көрініс табатын уақыт және кеңістік ұғымдарын өзіндік
бірлік құрып, М.М.Бахтиннен кейін хронотоп (ежелгі грек, chorones – уақыт және tonоs –
орын, кеңістік) деп атала бастады. Бахтин хронотоптарды идиллиялық, материялық,
карнавалдық және сонымен бірге жол, босаға (дағдарыс пен күрт бұрылыс) қамал, қонақ үй,
салон, провинциалды қалашық (оның бірсарынды тұрмысы) хронотоптары деп,
қарастырады»[5, 37].
Сондай-ақ
М.М.Бахтиннің
хронотоптық
құндылықтарды
айтқанда,
оның
сюжетқұрушылық қасиетін айта келіп, оны пішіндік-мазмұндық категориялар қатарында
атайтындығына да тоқталған.
Зерттеушінің пікірінше әдеби-көркем хронотопта синтезіне түскен және нақты бүтіннің
кеңістіктік және уақыттық белгілерінің араласуы орын алады. Кеңістік уақыт, сюжет, тарих
қозғалысына тез, белсенді түрде тартылады. Уақыт белгілері кеңістікте ашылады және
кеңістік уақыт арқылы безбенделіп, өлшенеді. Көркемдік хронотоп осы категориялардан
өтіп, белгілердің араласуымен сипатталады.
Хронотоптың әдебиетте жанрлық мән ие болып, жанр және жанрлық әралуандық
хронотоп арқылы анықталады, оның үстіне әдебиеттегі хронотопта басты негіз уақыт болып
51
табылатындығы нақтыланған. Хронотоп пішіндік-мазмұндық категория ретінде әдебиеттегі
адам образы анықтайтындығы, бұл образ әрқашанда міндетті түрде хронотопты болады деп
атап өтеді.
Зерттеуші әдебиет пен өнердегі мәңгілік тақырыптарға тоқталып, «Көркем шығармада
автордың еркімен, кейде еріксіз түрде тұрмыстық константалар (тұрақтылық) оның іргелі
қасиеттері бой көрсетеді. Бұл ең алдымен әлемдік және табиғи бастаулар (универсалий)
тақырыбы. Оның өзі екі тұрғыда (аспект) онтологиялық және антропологиялық тақырыпқа
бөлінеді: Онтологиялық тақырыптар (әлемдік және табиғи бастаулар) – хаос пен космос
(тәртіпсіздік пен тәртіп), қозғалыс және тыныштық, өмір және өлім, жарық пен түнек, от пен
су. Антропологиялық тақырыптар біріншіден, адам өмірінің рухани негіздерін қарастырады.
(Тәкәппарлық пен кішіпейілділік, қирату мен жасампаздық, күнәһарлық пен тақуалық),
екіншіден, инстинктік аядағы тақырыптар (жан, тән құмарлық): либидо (жыныстық аяда),
мансапқұмарлық, материалдық байлыққа ұмтылу (гедонизм), жақсы затқа құмарлық,
комфорт. Үшінші жынысқа байланысты тақырыптар (ерге тән ірілік, кесектік, әйелге тән
нәзіктік) және адам жасына байланысты тақырыптар (балалық, жастық, кәмелеттілік,
кәрілік); және, төртіншіден, адам өмірінің дәуірге, заманға байланыссыз құбылыстары,
жағдайлары, адам өмірінің тарихи тұрақты сипаттары (еңбек пен демалыс, жұмыс пен
мейрам, шындық өмірдің тартыс пен жарасымдылық (гармония) бастаулары, соғыс және
бейбітшілік, төңкеріс, саяхат, қайраткерлік пен жеке өмір» деп ғылыми байлам жасаған [5,
29].
Адам ғұмырының осындай мәңгілік тақырыптары ежелгі дәуірлерден жырланып келе
жатқандықтан олар қазіргі кезде ерекше бір мифопоэтикалық астарлар арқылы түсіндірілетін
архаикалық сипаттарға толы архатиптік (прообраз) қабаттарын құрайтындығына тоқталып,
мәтіннің мифопоэтикалық астары мен құпия қабаттарын түсіндіретін мифопоэтикалық
мектептердің негізгі өкілдерін көрсеткен. Олар: ағайынды Гримм, Ф.И.Буслаев, Н.Фрай,
З.Фрейд және Н.П.Юнг болып саналады. Сондай-ақ кейінгі кездері әдеби
шығармашылықтағы мифопоэтикалық архаиканы зерттеп жүрген зерттеушілердің қатарында
Е.М.Мелетинский, В.Н.Топоров және Д.Е.Максимовтарды атап өткен.
Қорыта айтқанда, зерттеуші-ғалым, ұстаз С.Жәмбектің аталмыш еңбектерінің
теориялық құндылығы жоғары, практикалық маңызы зор. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы
кейбір теориялық мәселелерге ғылыми тұрғыдан көзқарастарын білдіріп, тұжырымдарын
айтқан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Жамбек С.Н. Теориялық әдебиеттану. – Көкшетау. 2016.
2 Қабдолов Зейнолла, Таңдамалы шығармалар. Екінші том. Сөз өнері. Оқулық-монография. – Алматы,
2003.
3 Б.Кенжебаев. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – А., 1993.
4 Қазақ әдебиетінің тарихы. 6-том. – Алматы, 2008. -812 б.
5 Жамбек С.Н. Әдебиет теориясы. – Көкшетау. 2018.
ӘОЖ 821-0
КАЖИБАЕВА ГУЛЬДЕН КЕНЕСОВНА
ЖУКЕНОВА СҰЛУШАШ КӘКЕНОВНА
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |