теріс қарап кеттім. Отырып, маған көп сөз айтты. Сөзін
тыңдағым келмейді. Ит етінен жек көріп отырмын. Аяғында
өзінің мені тәуір көретінін сөйлеп келіп:
— Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек.
Өткенге сен жазалы емессің. Сен тисең, мен сені аламын,— деді.
Көзімнен жасым қалай шығып кеткенін білмеймін, жылап,
Балташты мойнынан құшақтай алыппын.
Сүйтсем — Балташым шын ақылды жігіт екен.
Ертеңіне барып ЗАГС-ке жазылдық.
— Апырмай! Жақсы болған екен!
— Несін айтасың!.. Айтпақшы «ЗАГС» дегеннен шығады-ау.
Жазылуға барсақ, баяғы менің бетімді ашатын қара мұрт орыс
сонда қызмет қылады екен.
— Ой, жасаған-ай!
— Менің атымды естігенде, бетіме қарай қалды. Балташ көріп
қоя ма деп, қырындай бердім. Көзі ішіп-жеп барады.
Шыққан соң, артыма қарасам — қара мұртым аузы аңқиып,
мойны қисайып, артымнан қарап тұр.
— Не ғып мұндай боп қалды деп ойлады ма екен?
— Кім білсін... Көзіме жылы ұшырап кетті. Мен «Кештім»
дегендей, әнтек басымды изедім. Ол шашын уыстай алды. Өкінді
ме, кім білсін...
— Адам көре береді екен-ау!— деп Камила тамсанды.
— Тірі кісі не көрмейді дейсің?— деп Ақбілек те күрсінді.
— Күйеуің қайда?— дегенде:
— Күйеуім осында. Бірге келдік. Демалысқа елге бара жатырмыз,
— деді.
Содан кейін екеуі тамсанысып, қайыққа қарай тартты.
«Нұр Зайсан» екі өкірді. Сәнді киімді әйелдер барақоттан
жүгірісіп шыға бастады.
Басында жіңішке жиек ақ пике панамы, аяғында еркек өкшелеу ақ
брезент башмақ, үстінде ақ кенеп пәлте, бойына киімі құйып
қойғандай, ақ құба, қара көз әйел палубаның шарбағына сүйеніп,
пірістандағы жыбырлаған жұртқа көз салып тұр еді.
Барақот өкіргенде, бірінші кластың әйнегіне барып, бірдеңе деді.
Кідірмей үш жігіт тысқа шықты. Үшеудің ортадағысы Балташ
еді. Қасындағы екеуі: бұрын бірге оқып, бірге қызмет етіскен, бұл
күнде әр жерде қызметте жүрген Сәулебек, Қанаш деген
жігіттер еді. Анау ақ киімді әйел Ақбілек еді. Жолдастары үш-
төрт күннен бері Балташты қонақ қылып, бауға, аралға бірге
қыдырып жүрсе де, әлі де қамтамасы қалғандай, барақот үстінде
әңгімелерін аяқтатып жүр еді. Балташ жолаушылық кәдесін
қылып, оларға сыра ішкізіп шыққан соң, үшеуі тағы да сөйлесіп,
бараходтың тұмсық жағына қарай айналды.
Олардың Балташты құрметтейтін де жөні бар: Балташ
астанада бір тәуір кемесер. Астанадан келген адамнан
губернедегілердің көп нәрсе күтіп, әкесі базардан келгендей, қолына
қарап тұратын әдеті ғой. Олардың қандай сұрауына болсын
жауап берердей. Балташтың да білім тәжірибесі молайып,
қызметке ысылып, ісіне табанды, біртоға көменес болып еді.
Балташ мына жолдастарының қасында көпті көрген көне болып
қалып еді. Өйткені ол Ақмола, Семей, Орал, Бөкей губернелерінің
бәрінде қызмет етіп, жалпы қазақ жайымен, әр алуан
жағдайымен, оқығандарымен әбден танысып, ақыл ауданы, дүние
тануы кеңейген еді. Ол өзінше әркімге сын беруге жарайтын,
біреудің атағына, беделіне, сөзіне сатылмайтын, өзінше жол
тұтынған жігіт еді.
Достарыңызбен бөлісу: |