көрген емес. Тезекбай ел қыдырып, зекет, садақа жинаған, ет, қымыз іздеп түтін аңдыған кісі емес, ондай сұқым, сімтік шалдарды қайта шенеп жаратпай; «Не бар екен? Жатсайшы!» — деп отыратын. Тезекбай тысқа шықса, ақтаяғын беліне қыстырып сиырып, бұзауын көздеп, үйге келсе, кемпірінің киім жамағанын, кеже қылғанын жаратпай: «Ісінің бәрі балшы, ісінің бәрі балшы», – деп, дабдырлаудан басқа, ауыл үйге зияны жоқ адам. Онысы да кәртайғанда ерлі-байлы адамның бірінен-бірі жиреніш тартатын әдетінен ғой, әйтпесе кемпірінен асып, өнер табатын Тезекбайда не қауқар бар дейсіз... Әйтсе де осы молданы өз ауылы сыйлайтын, қыстауға қонса, бата оқыр болса, мал өлсе, құрмалдық берсе, бас пен жамбас молданың алдына тартылатын. Сүттің уызын, қымыздың тұнығын молдаға татыратын. Молда жоқ болса, намазы қаза болғандай, келіндер де: «Молданы шақыр» деп отыратын. Мұқаш қандай елден шыққан құдайдан безген, содырлы болса да молданы сыйлайтын. Молда жолығып қалса, сәлем беретін, бірақ байыздап тұра алмайтын. Мұқанның онысын сезіп молда да сөз қатпай тоң айбатпен жүретін. Сөйлесіп тілін шығарып бетінен алғызғаннан да анадайдан ығысып жүргенді тәуір көретіні үлкен кісілердің бір әдеті ғой. Ауылға таяна бергенде Мұқаштың бір қысылғаны: осы молданың көзіне түсіп қалам ба еді. Төмпейден шыға берістегі, күн шытыс жақтағы қора Мұқаштікі еді. Төмпейден оралып шыға бергендегі жапырайылған тас қоралардың күнгей беттері таңның қызыл сәулесіне шомылып, күлімсіреп тұр екен. Молданың қорасы ергенегі шалжиып, аузы ашылып жатыр екен. Босағада жатқан қызыл ит тастақтағы
аттың тықырын естіп, үре бастады. Мұқаш қаттырақ аяңдап, қораның далдасына түсуге асықса да, шекпенін жамылып, аяғының басына кебіс іліп, дәретке шыққан молданың бір көзін жұмып, сығырая қарауынан құтыла алмады. Молда ойындағысын біліп қоятындай, Мұқаш тура қарай алмай, қызарып, қырындап кетті. Тезірек тебініп қорасының тасасына түскенде, қорадағы ақ күшігі де шәуілдеп қоя берді. Күпісін жамылып, қара домалақ келіншегі Алтынай да тырпылдап келіп есік ашты. Жаратпаған кісіше, бетінің бір жағын тыржитып, «сенбісің» деді де, тысқа жөнелді. Мұқаш ақырын: «Мен» деді де, атын қораға кіргізіп, қадаға байлап, үйіне кірді. Бір кезі соқыр, жалғыз әйнекті, тапалтақ, кішкене үйінің дымыққан, күлімсілеу, терсымақ иісі мұрнына жып- жылы тиді. Жаман текемет үстіндегі қызыл шыт көрпеден монтиған қолдары шығып, домаланып, томпиған үш жасар Медеудің көкшіл танауы делдиіп, аузы ашылып, езуі қожалақтанып, шот маңдайы тоқырайып, жылтырап жатқаны да жарастықты көрінді. Баласын иіскейін деп оқтанды да, ойына бірдеме түсіп кеткендей, тоқтай қалды. Күнәға батпаған періштедей сәбиге жаман, қолын, арам демін, арам ернін тигізуге батылы бармады. Молдадан да, ұйықтап жатқан нәрестеден, нәресте емес өзінен ұялғаны күштірек тәрізденді. Аңдусызда аяқ астынан әлде бір ит арс еткендей-ақ, Мұқаштың тұла бойы шымыр ете түсті. Итті тұмсыққа бір теуіп, бетін қайыруға асығып, белін шешіп, келіншегінің басындағы қызылсаң жастықты жұлып алып, әйнек түбіндегі бұрышқа тастай берді де, қолын ішіне алып, бүркеніп,