қатын ғой. Дүниеде байының тауып әкелгенін ұқсата алмай, ас-
суында бір береке болмай, байын борышқа ұрындырып, бірін-біріне
қоспай, қатынының салдыбалақтанып, ызыңдап отырар ма, кәпір!
Одан қырсық не бар дейсің?'
Сүтін жайлап, ілегенін төгіп, күлін шығарып, ыдыс-аяғын жуып
болған соң, Алтынай пештің түбіндегі шекпен қаптан қара аяққа
үн салып алып, жүресінен отырып, тоқыраңдап бауырсақ иледі.
Қолдары машинеше жыпылдап, дереу есіп, кесті де, шошалаға
барып от жақты. Молданың үйінің үлкен бақырын әкеп, алқымына
көсеу тіреп, қоңырсытып бауырсақ пісіріп отырғанда,
талталаңдап, қалталаңдап, көзін ашып, жұмып, манаурап, жалаң
бұт Медеужаны да келді.
— Тұрдың ба, сәулем?— деп, Алтынай оң қолымен қолтығына
қысып, маңдайынан сүйді. Медеужан бақыраштағы қызара бөртіп
келе жатқан, ортасы тесік жалпақай бауырсағына қарап:
— Апа, жалпағым... деп, ұрты салбырап, маңқиып аузын ашты.
— Иә, күнім, сенің жалпағың,— деп, апасы ши өткізіп, жалпағын
қолына ұстатты.
Томпиған, маубас Медеу отқа борбайын қақтай, шүмегейі
салбырап, жүресінен отырып, шидің екі басынан ұстап, аузын
ыржитып, бетін тыржитып, ыстық бауырсақтың шетінен
тістей бастады.
От маздап жанып, май шыжылдап, бауырсақ быжылдап жатыр.
Медеужаны жанында. Енді Алтынайдың ойы: шайын қайнатып,
күйеуін оятып, Медеужанын ортаға ала, ағасының тізесіне
шынтақтап үшеуден үшеуі ыңсыз-шыңсыз отырып, оразасын ашу.
Шайын баптап қайнатып, әбден ұйқысы қанды-ау дегенде «Әлгіні»
оятып, Алтынай бұл арманына да жетті.
Медеужанға ұсаған бет-аузы қожалақ, кішкене самауырынның сол
жағында, қызыл жиек шыны аяқты төрт саусағымен шошайтып
ұстап, Алтынай тершіп, ащы шайын ышқына ұрттап отыр.
Күйеуі де бауырсақты жүдемелете аттандырып, аузына тас
салғандай, аяғын босатып жатыр. Ағасының тізесіне сүйеніп,
бауырсаққа ұртын бұлтитып малжаңдап, көзін ашып-жұмып,
Медеужан да қалысатын емес. Е, байғұстар шайларын ішіп
болсын. Сұқым шалдарша, сұғанақ балаларша, көзімізді сатып,
қылқиып отырмайықшы, өз үйімізде де шай бар ғой. Қазақтың
сондай телмірген әдеті құрысын! Түндегі оқиғадан кейін ел не
жайлы болды екен? Мамырбай отағасы не күйде екен? Бекболат
не болып қалды екен? Одан да соларды барып көрейік. Оқушылар,
бері жүріңдер!
Әлден уақытта жатып-жатып есін жиған еркектер ептеп басын
көтеріп, бірте-бірте қыбырлап, індерінен шығып өзгелерін
дыбыстап шақырып, қатын-қалаш ышқынып, шуласып, балалар
енесіне табысқан қозыдай жамырасып, әкелерін, ерлерін, ағаларын
іздеуге тырысты. Самбырлап, дүрлігіп, ентелеп, жүгіріп: «Балта,
балта!» деп, бірін-бірі шошытып, Мамырбайдың еттігін бұзып:
«Не болды? Не болды? Не боп қалды? Ойпырмай! Амансыңдар ма?
Тірісіңдер ме?» деп анталаған, үрейленген еркектерді еттіктен
шығарып алысты.
– Бәйбіше қайда? Ақбілек қайда? – деп көзі шарасынан шығып,
Мамырбай отағасы күрс-күрс етті.
– Ойбай-ау! Олар қайда? Көргеміз жоқ...— десіп, таңданып, олай
да, бұлай да жүгірісті.
Бір мезгілде өкірген сиырдай қараңғы түнді күңірентіп,
қатындардың дауысы баж ете түсті. Жан шошырлық бажылға
дір етпеген жүрек қалмады. Сөйтсе – апанда теңкиіп, серейіп
Достарыңызбен бөлісу: |