қанжығасының құр қайтқанына көңілі толмады ма, әйел шіркіннің
қай бұлтақ-сұлтағы екенін кім біледі, қалайда күйеуіне бір тарс
ете түсуді өзінше дұрыс көрді.
Дәрет алғаны болмаса, Алтынай намаз оқыған жоқ, байына
еліктейді дейсіздер ме? Жоға... оқымайтын бір реті келген де.
Намаз оқығанда да, Алтынайлардың аузын жыбырлатып,
жығылып, тұрып жатқанда, не айтып не қоятынын бір құдай
білмесе, пенденің көзі не жетсін? Алтынай төсегінің аяқ жағына
отырып, мәсісін киіп жатып, күндегі әдетінше шұлығындағы
тесікке сұқ қолын тағы бір батырды. Осы түскірден қашан
құтылар екен? Ұлықтың қатыны басымен бақайы жылтылдап
жүрген несі жақсы дейсің? Бірақ «әлгі» тірі болса, бүтінделер
деген ой келді де, тезірек орнынан тұрды, өйткені сиырын саууға
асықты.
Тарғыл шолақ сиырдың бұзауы еміп жатқанға жүгіріп барып,
басын жұлып алып қараса, арам қатқыр, қақтап тұрып еміп
қойыпты. Бүйірге бір нұқып, ашаға таман жетектеп еді, бас жібі
шолтаң ете түсті, басын шайқап, таңдайын бір қақты да,
жалғaп, байлап, қасқа сиыр мен өкіректі саууға кірісті,
Алтынайдың жарылған күс қолдары жып-жып етеді, емшекті
суыра тартқанда, сиырдың көтеншегін солқылдатады, сауған
сайын сүт молайып, шелегі күр-күр етіп, ән салады, шелектің өнін
тыңдап отырып, Алтынай қызыл бұзауына мықты бас жіп қайдан
табылар екен деген ойға батады. Қойы жоқ үйге жіп-шу деген,
нардың бұлы емес пе? Одан-бұдан шымқынып сұрап алған уысты
құлақ жүн қайбір жарытады? Кіші ауылдағы Жамалдың апасынан
сұрамаса, бұл ауылда атымен қой жоқ. Жап-жаңа, аттай бір бас
жіпті таққаны сол еді, сыртқы ауылдың балалары ала қойып,
кезін ағартып кеткені. Қолына құлғана шыққыр! Қайсысы ғана ала
қойды екен?
Бір қолын шошайтып, шүу-шүулеп сиырларын қорадан аулағырақ
айдап салған соң, Алтынай үйге келіп, шелектегі екі сиырдың сүтін
қарақ табақ пен ескі сары тегенеге бөліп құйды. Жұқалап жайпақ
ыдысқа құйса, қаймақ көп тұратынын, Алтынай алдақашан білген
ғой. Не дегенмен Алтынайдың қолы берекелі қатын. Жылына
тістей қатып, тырнақтап жүріп, үш сиырдан үш-төрт қарын
май алады. Өліп бара жатсын аузына бір салмайды, қаймақ
былғап отырғанда, Медеужанның алақанына да, бояу сатқан
бақалшыға ұқсап, шымшып ғана салады, онда да зорын тапса.
Аққа қалай аузы тиді, солай ірімшік, құрт қайнатам деп
арпалысады. Оның есесіне қысты күні сорпаға, көжеге сарқасқа
қылып құрт езіп, тойып алса, қора ішіне кемзелшең, көйлекшең
шыққанда, бойы қыз-қыз қайнап жүреді. Майының артығын
сатып, киім-кешек, ұн-шайға жұмсайды. Ауылдағы кексе
қатындар шаруаға қырбай келіндеріне ұрысқанда, «Жидіген, шірік
күң! Ана Алтынайды көрмеймісің, бит терісін биялай қып
отырғанын!.. Қазақтың қатыны сондай келеді» деп ұрысатын...
Мұқаштың да көбінесе түзде жүріп, шалықтап, оған-бұған ұрына
беретіні Алтынайдың арқасы ғой. Қатыны үйін тапжылтпай,
бар-жоғын білдірмей отырғандікі де. Бірақ Мұқаш оның кәдірін
біледі деймісің? Алтынай ырысы бар кедейдің маңдайына бітетін
Достарыңызбен бөлісу: |