_ Амансыз ба?_ деп ат үстінен амандасты .
_ Иә, қатты жүріп келесің ғой , қарағым , қайсы ауылдыкісің?_ деді әйел .
Әйелдің дауысы ерлердің дауысы сияқты кұрілдеген бір түрлі жуан екен .
_ Қанағат деген кісінің ауылы қайда екенін білесіз бе?
_ Әлгі Бейсенбай деген ұлы бар Қанағат па?
_ Иә, иә,_ деді Бекбай қуанып .
_ Олар қыстай бізбен қанаттас қыстаған болатын, малдары едәуір жұтады . Осы екі күннің
алдында ғана өз жерімізге кетеміз деп көшіп кетті .
Бекбай қайтерін білмей тұрып қалды. Бекбайдың қиналғанын мына әйел біле қойды .
_ Қиналма , бала , жаяу-жалпылы көш екі күнде қанша жерге барды ғой дейсің, атың семіз
екен , ертең қуып жетесің,_ деді .
Мына сөз Бекбайға едәуір алғау болды. Сиыр айдаған әйелмен ілесіп сол ауылға келді.Үш
үйлі шағын ауыл екен. Бекбай атын белдеуге байлап кемпірдің соңынан үйіне кірді. Төрде өңшең
қара шолақ тон киген екі жітіт сұлап жатыр екен. Сырттан кірген бөтен адамды көріп бастарын
көтерді. Осы сиыр айдаған әйелден басқа мұнда әйел адам жоқ сияқты. Әйел от жағып мосыға
шәугім асты. Бекбай кіріп отырмай жатып-ақ мына үйдің ыңыршағы шыққан кедей уй екенін білді.
Төрінде түнде жамылғы боларлықтай бір нәрсе көрінбейді. «Әйтеуір, үйдің іші ғой, киімшең қисая
кетсем де үсіп өлмеспін» деп ойлады. Екі жігіт тысқа шығып кетіп Бекбайға шәй құйылған соң қайта
кірді .Кемпір әуелі бармақтың үлкендігіндей ақ ірімшіктің сынығын шеті кетік қадыра шыныға
салып , Бекбайға шәй құйып берді. Бекбай үш шыны шәй ішкенде ірімшік әрең жібіді.
Әлгі екі жігітке шәй құйылмады .
_ Қораның ауызын бекіттіңдер ме?_ деп кемпір екі жігітке бір түрлі сұрлы кескінмен қарады .
_ Бекіттік, _ деп екеуі бірдей жауап қайтарды .
_ Е, қарағым, алыстан келеді екенсің, мұндағы ел үкіметке қарсы бұзылып, қызыл-қырғын
соғыс болғалы төрт-бес жыл болды,_кемпір бүйірі қабысқан ескі мыс шәугімді отқа қарай итеріп
қойды,_ құдайдың карі ме, патшаның карі ме, әйтеуір биыл ақ сүйек жұт болды. Бәрімізде күнді
талшықтап, шиқылдап әрең өткізіп отырмыз .
_ Елдің жағдайын көріп келемін ғой, шеше, _ деді Бекбай .
Кемпір таудан-баудан мұндағы ата-бабаларының жағдайын сөйлеп іңірді өткізгендей болды.
Бір кезде Бекбайдың аты сілкініп оқыранды .
_ Жануар жем жейтін жылқы екен ғой,_ деді кемпір күңгірлей сөйлеп ,_ жемді атқа бергенді
қойып , адамға таба алмай отырмыз .
_ Мына жігіттің атын мен анеу түбекке арқандап келейін,_ деп аяқ жағында отырған тонды
жігіт орнынан тұрды .
_ Атымның мінезі өте шаркез, кісі жатырқайтын мінезі тағы бар, шөптесін жерді меңзесең
өзім арқандай салайын,_ деп Бекбай ішігінің белін буынып тонды жігітке ілесіп тысқа шықты. Шәй
мезгілінде екі жігіттің бір-біріне қарап ымдасқаны Бекбайдың көңіліне аз күдік түсірген болатын.
«Не болса да бұларды алдап тастап қашып кетейін, ашығып әрең отыр екен , атымды сойып
тастамасын» деп ойлады . Сөйтті де қасындағы жігітке бұрылып :
_ Үйлеріңде атқа жабулайтындай бірдеңе бар ма екен?_ деді .
_ Шеше, әлгі қара биенің жабуы қайда?_ деп жігіт үй сыртынан дауыстады .
_ Ар жағыңдағы сиыр қораның додегесіне жаба салғам,_ үйден кемпірдің дауысы естілді .
Жігіт тастан жиған аласа қораға таман барып , бір нәрсені көтеріп келді. Бекбай алып жазып
еді , кәдімгі аттың жабуы екен.
_ Мынау жақсы болды ғой,_ деп Бекбай жабуды ерінің үстінен атына жауып, лып етіп қарғып
мініп қасындағы тонды жігітке бұрылды,_ әнеу төменгі түкпірдің ішінде қияқ бар сияқты ғой, сол
жерге өзім арқандай салайын .
Бекбай атына мініп құлдай жөнелді. Тонды жігіт сұқты көзін қадап, оның соңынан
қараңғылыққа сүңгіп көрінбей кеткенше қарап тұрып үйге кірді .
Ол :
_ Төменгі түкпірге арқандағалы кетті,_ деді шешесіне .
_ Мынау сақ бала екен, түнімен сендерді аңдиды ғой,ол ұйықтағанда біреуің барып атты
жарып тастаңдар да, лып етіп келіп жата қалыңдар .
_ Мен барып жарайын,_ деді аяққы отырған тонды жігіт .
3
Бекбай атына мініп құлдап бара жатып артына қарап еді, әлгі тонды жігіт қаққан қазықтай
қаздиып соңынан қарап тұр екен. «Ойпыр-ай, мыналардың ниеті қатты бұзылған екен, атымды сойып
тастамасын, бір түнге үсіп өле қалмаспын, кетіп адыр ішіне барып жатайын» деп ойлады. Аяңдап ат
арқандаймын деген түкпірге келді. Қыстай мал шиырлаған жерде аттың тісіне сыздық боларлық
ештеңе жоқ сияқты. Атынан түсіп, әлгі жабуды әдемілеп бүктеп ерінің артына бөктеріп алды да,
бағана өзі өткен мұз үстіндегі шұбырынды ізбен Шіңгіл өзенінен өтіп, солтүстік жақтағы сұлбасы
ғана мұнартқан қара тауға қарай тарта жөнелді. Бекбайдың жүрегі адыр шетіне ілінгеннен кейін ғана
орнына түсті. Төңірегін шолған жоқ, қарсы алдындағы тар жылғаның ауызын өрлей жөнелді.
Жылғаның ауыз жағы қысаң, тар болғанымен, жоғарғы жағы кең екен. Күнгей беттерде аздап қума-
қума жусан бар сияқты. Қары жұқалау жусанның басы көбірек көрінген жерге келіп атынан түсті.
Торы ат та ашығып бұралып кеткен еді, Бекбайдың ауыздығын алғанына қарамай жусанға бас қойды.
Бөктеріп алған жабуды қосып ерін алған ол, арқаны мен шылбырын жалғап ұзартып , ноқтасынан бір
түп тобылғыдан мықтап арқандады. Онан соң ері мен жабуды көтеріп, күнгей беттегі қары жоқ
қырдаңға келді. Ерін жастық етіп, жабудың жартысын астына салып, жартысын үстіне жамылып
қисая кетті.
Бекбайдың түн ортасы ауғанға дейін көңілі қобалжып ұйқысы келмеді. Көз алдына қайта-
қайта Жайнаның мұңлы кескіні елестеді . «Жайна! Жайна! Өзіңді қатты сағындым, сен қайдасың?
Алла жол берсе, саған жетпей тоқтамаймын. Қанша жапа шексем де саған кезікпей тоқтамаймын»
деп күңгірлей сөйледі. Дауысының қатты шыққанын өзі сезген жоқ . Тымағының төбесінен азырақ
суық жел соққандай болды. «Тымақтың киізтөбесінен жел өте шығады екен-ау» деп ойлады. Сөйтті
де ішкі шапанының қалтасына қолын жүгіртіп бет орамалын тауып алды . Оны илектеп тымағының
төбесіне нығап басына қайта киіп жантайды.Әлгіндегідей емес, тымағының төбесінен гуілдеген жел
азайып қалды .
«Ауылдағылар мені өлді деп ұмытып кеткен шығар, бәрі ұмытса да Жайна мені мәңгі ұмытпайды»
деді күңгірлей сөйлеп. Бекбай өзінің жападан жалғыз дауыстап сөйлеп жатқанын енді сезді .
«Жынды адам сияқты иен далада жападан жалғыз сөйлеп жатырмын ғой . Енді сөйлемей ұйықтап
алайын» деп ойлады. Көзін жұмып едәуір жатты. Жүрегі қобалжығандай болып , көңілі бір нәрсеге
алаңдаған сияқты алақызып, басын көтеріп отырғысы келді. Басын қайта көтергенге ерінді .
«Әлгіндегі ашығып отырған үйдің адамдары ептеп менің атымды сойып алмақшы болды . Содан
қорқып кеткендікі шығар» деп ойлады . Расында, Бекбай семия адамдарының жаман ыңғылын сезген
соң, олардан қалай тез құтылудың амалын қарастырып, мыналар атымды жарып тастай ма деп қатты
қорыққан еді. Өзеннен өтіп адыр ішіне кірген соң ғана көңілі орнына түсіп, қорқыныштан
сейілгендей болған. Енді ерін жастанып жантайған соң көңілі тағы қобалжыды. Үстіне жабылған
жабу едәуір қамсау екен. Қазірше тоңған жоқ. Қарны ашқан еді, қалтасындағы екі кішкене құрттың
бірін ауызына салып малтай бастады. Тісімен сындырып жегенге қимады. Көз алдына осы екі тал
құртты беріп жатқандағы бүйрек бет қара кемпірдің нығызсыған кескіні көз алдына елестеді.
Кемпірдің былтиған домалақ қолы құрт емес, екі кесек алтын ұстағандай дірілдеңкі көрінген
болатын. «Рас, мына екі тал құрт қазір мен үшін екі кесек алтыннан әлде қайда қымбат қой» деп
ойлады. Бекбай малтаған сайын құрт кішірейіп , Бекбайдың бойына қуат кіріп , екі аяғының жылына
бастағанын сезді . «Жарты малта ас болған» мұндай қиын кешуді кешемін деп Бекбай сәби шағында
ойлағанды қойып, естімеген де шығар.
«Мен көктен түскендей ауылға жетіп барсам, бәрі қайран қалады ғой, шіркін! Жайна сонда
қандай қуанар еді» деп ойлады . Осылайша Бекбай түрлі тәтті ойлардың жетегінде жатып көзі ілініп
ұйқыға кеткенін білмей қалды.
Бекбай ұйықтай салып, көп ұзамай түс көрді. Күн бұлыңғыр екен. Қалың шиді жағалап, бүгін
кеште өзі кезіккен үйге келіпті. Ақсиған қара кемпір гүжілдей сөйлеп, екі тонды жігітке бірдеңелерді
айтып жатқан сияқты. Үлкен тонды жігіт Бекбайдың етегінен ұстап :
_ Әй, біз аштан өлгелі отырсақ, сен семіз атпен шауып жүрсің. Бізге жан керек. Атыңды
сойып алайық , _ дейді дауыстап .
_ Жоқ,_ деп Бекбай быжалақтайды, _ жаяу қалсам азық-түлігім жоқ. Ауылымды таба алмай
қаламын ғой.
_ Атыңды соямыз , _ деп екі тонды Бекбайдың екі етегінен ұстап жібермейді .
_ Жоқ , атымды соймаңдар!_ деп Бекбай атына қарай ұмтылады. Жуан қара тонды Бекбайды
құшақтап астына басып алады. Анадайда тағы бір тонды торы аттың ерін алып тастап екі аяғын
тұсап , кәдімгі соғымға соятын малша топ еткізіп жығып , кеңірдегінен бауыздағалы жаталы . Дәл
осы кезде : «Әй, жауыздар, атымды соймаңдар!» деп айғайламақшы болып бұлқынады. Бірақ
Бекбайдың дауысы шықпайды. Қара терге түсіп жан дәрмен жұлқынып айғайлайды. Көзі сығырайған
қара тонды жуан қара жігіт торы атты тамағынан орып жіберді. Торы аттың тамағынан қып-қызыл
қан атқақтайды. Бекбай :
_ Атымды сойма ! _ деп айғайлап шошып оянды . Басын көтеріп сай тағанындағы атына
қарады, аты көрінбейді. Бекбай қорыққанынан орнынан үшып тұрды. Таң сызып келеді екен. Жан
дәрмен сайға қарай жүгірді. Ат арқандаған текшенің аяқ жағы болымсыз жыра екен. Жырадан екі
қасқыр қарғып шығып , анадайға барып қайрылып қарап тұрды.
_ Ойбай-ай, атымды жеп қойған екен ғой,_ деп дауыстап жыраға қарай жылай жүгірді.
Жыраның ішінде торы ат мойны астына қайрылып бүктетіліп жатыр. Ес ақылы шыққан Бекбай
қолына жуан тас алып, анадайдан қарап тұрған екі қасқырға қарай тұра ұмтылды. Қолындағы тасты
қатты кектеніп лақтырды. Екі қасқыр Қобыны өрлеп барып, торы аттың жемтігін қимағандай тағы
қайта қайрылып тұрды. Бекбайдан қорқар түрі жоқ. Әуелі Бекбайдан торы аттың жемтігін тартып
жегісі келетін сияқты. Бекбай аяғын бір басып, екі басып жемтіктің қасына келді. Таң лезде ағарып ,
жер-жүзі жап-жарық болып кетті. Арқан тобылғыда байлаулы беті жатыр, ат қатты үріксе керек,
арқанды тартып қалғанда мойыны астына қайрылып жығылыпты. Сол заманда жан үзгенін Бекбай
іштей межеледі. Сілейіп біраз тұрған соң, орнынан тұрды. Кездігімен арқан мен шылбырды жалғаған
жерінен қиды. Қасқырлар аттың ішін жарып , ішек-қарнын жыраға шығарып тастаған екен. Аттың
астында қалған шылбырды тартып , аттың қайрылып астына басылған басын түзеді . Торы аттың
кекілін қолымен сылап едәуір отырды. Бекбайдың кеңірсігі ашып , көзінен аққан жас торы аттың
кекіліне сорғалады . « Қайран , жануар-ай ! Адамнан да ақылды мал едің , мені қаңғытып жалғыз
тастадың ғой ...» деп жылай отырып сөйледі. «Ей, Алла, бірінен қашсам, бірінен құтылмадым ғой,
мен неге осынша сорлы жаралып қалдым. Енді жаяу қаңғып ауылымды қайтіп табамын...» Бекбай
жылауын тоқтатып айналасына жынданған адамдай алақтай қарады . Тау басына жарқырап күн түсе
бастапты . Анау батыс жақтағы аш кезеңде екі қасқыр қатар Бекбайға қарап әлі жатыр. Олар
Бекбайдың торы аттың жемтігін тастап кетуін тосып жатқаны Бекбайға анық еді. Ол «жоқ, мен
өлмеуім керек, сөзсіз Жайнаға жетуім керек» деп орнынан сөйлей түрегелді. Көз алдына ағасы
Берікболдың сұрлы кескінмен:«Сен тірі қалмасаң ұрқымыз бір-ақ құриды! деген ашщы дауысы тағы
естілгендей болды. Тісін тісіне басып айналасына тағы бір рет кектене қарады . Ол аты үшін
қайғырып, мұқалу емес, енді тірлік жолын іздеуге бекіне бастады. Қонышындағы кездікті алып ,
әуелі торы атты кәдімгі тірі атты бауыздағандай кеңірдегінен бауыздады. Онан соң алдыңғы бір
қолының терісін сойып, кәрі жілігінің етінен кесіп алып қардың үстіне қойды. Енді болары болды, не
болса да ет асып қойып, азырақ қақтап оразамды ашқан соң сояйын» деп ойлады. Күнгей беттегі
аршаның қуын теріп, өзі жатқан текшенің қасындағы аласа жартастың түбіне үйді. Аздап жылқының
қу тезегін әкелді. Екі көзінің алдында жолдан тауып алған мөлдір ақтасты жемқалтадан алып, ішкі
шапаның астарын жыртып , азырақ бұл алды. Оны ердің үзеңгі темірінің қырына қойып, ақ таспен
ұрды . Шүперектің дода-додасы шығып қыршылды. Ақ тас үзеңгіге ұрылған сайын жарқылдап от
шығады. Бірақ қу шүперек от алмады. Едәуір жағаласты. Әлгі аз ғана шүперек ұра-ұра қыршылып
түгеді. Бекбай естігені болмаса, мұндай жолмен от тамызып көрмеген еді. Шапанның астарынан тағы
біраз бұл жыртып алды. Енді бұлды үш қабаттап үзеңгінің иығына келтіріп қойып ақ таспен бар
күшін салып ұрып қалды. Шүперектен түтін бұрқ ете түсті. Бекбай қуанып кетті. Аз желемікпен от
тұтанып , шүперек кеміктеніп күйе бастады. Жылқының қу тезегіне қоя қойды . Тезек дереу от алды.
Лезде лап етіп қызыл жалын көтерілді.Жартастың түбіне аршаны өртеп жағып тастады. Шәугімге
қар ерітіп , кәрі жіліктің етін жұқалап салып қайнатып қойды да , төстен жұқалап шоққа тастап
пысыра бастады. Манадан кезеңде Бекбайдың кетуін күтіп торуылдап жатқан екі қасқыр да көзден
ғайып болды. Мүмкін, от жанып түтін шыққан соң Бекбайдың қазірге кетпейтінін білсе керек.
Осылайша, Бекбай асықпай әуелі ет қақтап жеп қарнын тойғызды . Шәугімге қайта-қайта ет
пысырып , пысқан етті алып тобылғыға жайып дегдіте берді. Ендігі жолды жаяу басатындықтан
Бекбайға азықтан басқа аяғына тартатын шақай керек еді. Ол торы аттың терісінен төрт-бес
шақайлық тері алды . Сорпа мен етке әбден тойды . Күн батарға таяғанда көзіне торы аттың басы
түсті. Бастың қасына келіп кекілінен сипап біраз тұрды . «Аз күн болса да жаныма сая жан серігім
болған едің , сұңғылалығыңмен өлімнен алып қалып ең . Басыңды қасқыр кемірмесін» деп ойлады .
Сөйтті де торы аттың басын көтеріп, өзі түбіне от жаққан жартастың кісі бойынан биік жеріндегі
кішкене үңгірге шығарып қойды .
Оттың кереметін Бекбай бүгін білгендей болды . Күнгей беттен сиырдың тезегін теріп әкелді.
Таң атқанша отты өшірмей осында қонуға бекіді. Биік жалға дейін шығып, жуан-жуан қу аршаларды
жұлып әкелді. Шәугімге ет қайнатып қойып , көпке дейін ермек қылды. От жанғалы Бекбайға өзі
ғана жылынғандай емес, мынау жылғаның іші бір-ақ жылып кеткен сияқты сезілді. Етке тойғандыкі
ме, жоқ от жағып қол-аяғы жылынғандыкі ме, әйтеуір Бекбайдың қайта-қайта ұйқысы келіп
маужырай бастады. Күндізгі ызыңдап кешке дейін соғып тұрған аңызғақ жел де қараңғы түскен соң
тынып қалды. Ерін жастанып , жабудың жартысын астына салып, жартысын үстіне жамылып
қисайды. Бекбайдың ұйқысы қаншалықты қысқанымен қайта-қайта шошып оянып ұйықтай алмады.
Қайта-қайта орнынан тұрып от жақты . Осылайша бір ұйықтап, бір оянып жүріп Бекбай бұл таңды да
атырды. Таң ата отты маздатып жағып, шәугімдегі сорпаны жылытып , етке тойып алды. Пысқан етті
ұсақтап жемқалтаға толтырып салды. Шикі еттен біразын шақайлық теріге орап буып қоржынға
салып , жемқалтамен қосып көтеріп алды. Ердің айыл-тұрман, жүген ноқтасын буып-түйіп беліне
буынды.
Аяңдап жылғаның басындағы биік шоқыға шықты . Әлгі қара сеңгір болса керек, батыс жақта
мұнартып биік қара шоқы көрінеді. Күн шайдай ашық, шоқының төбесіндегі тасқа отырып төңірегіне
ұзақ көз салды. Сәлден соң батыс жақтағы кең аңғардың арғы бетіндегі қара шоқы жақтан бір
жылғаның ішінен көтерілген болымсыз көкшулан түтінді көрді. «Кім болса да, соған барайын» деп
ойлады. Дем алмай тоқтаусыз жүріп , түтін шыққан жылғаның ауызына түс ауа жетіп келді.
Жылғаның ауызын өрлеген көп малдың ізі бар екен. «Қалайда, мұнда ел бар ғой» деп межеледі. Аз
дем алған соң жылғаны өрледі. Бір шәй қайнатымдай жүрген соң, жартастың түбінде отырған бір
үйге жетіп келді. Иттен қорқып, үйдің маңайына жасқана көз тастап еді, ит көрінбеді. Басқа мал да
көрінбейді. Көтеріншегін қолына алып үйге кіріп келді .
_ Ассалаумағалайкұм !
Үйден сәлем алған ешкім болмады. Қазан жақтағы жер төсектен иегі үшкірейген арық сары
кемпір басын көтеріп Бекбайға үдірейе қарады. Бекбай қолындағы көтеріншегін үйдің оң жағындағы
керегеге сүйеп қойды да, төсекте отырған кемпірге :
_ Амансыз ба? _ деп амандаса келіп төрдегі киізге шығып отырды. Қар еріп сылбыраң тартып
кеткендіктен Бекбайдың кең көн етігі шылқылдап су болған еді. Кемпір төсекте отырып сөйледі :
_ Қайдан жүрген баласың?
_ Шеше, жолаушымын. Қанағат деген байдың ауылын білдіңіздер ме?
_ Ой , әлгі өзіміздің Қанағат па ?
_ Бейсенбай, Сейсенбай деген ұлдары бар .
_ Ол гүжілдеп таңертең келіп кеткен . Көшіп бара жатырмын, Қара сеңгірге таман жағалап
қонамын деген. Малы арық, жаяу-жалпылы қанша ұзап көшеді дейсің, солай жағалап қонған шығар.
Жол берсе біз де ертең жылжығалы отырмыз. Малды бір-ақ жұтқа бердік .
Кемпірдің кейісті кескінінен бұл семияның да жырғап отырмағанын білді. Қанағаттың
ауылына жақындағанын сезді.
_ Шеше, мен онда жүрейін, _ деп Бекбай орнынан қозғалды .
_ Е, қарағым, арып-шаршап жаяу жүр екенсің, құр ауыз кететін болдың ғой, келін мен
немерем мал соңында жүр. Ұл Сартоғай бойында нағашы бар еді , қоштасып келемін деп солай
кеткен .
Бекбай кемпірдің хикаясын тыңдап тұрғысы келмеді. Оның сөзі аяқтамай-ақ көтеріншегін
алып үйден шықты.Өзі артындағы мал жатқан көңіріктің көлеміне қарап, бұл үйдің жүзден артық
малы бар екенін межеледі .
Көтеріншегін арқасына салып, тағы жолға түсті . Сайды аз құлдаған соң Қара сеңгірге
баратын кенереге шықты .
Таңертеңгідей емес, күнгейлеу жерлердің қары еріп, кейбір жерлер былжырап батпақ болып
кеткен екен. Түстен бұрынғыдай емес, жүгі иығын кесіп, еріген қар мен батпақ дала ілгері басқан
аяғын кейін кетіріп, жүрісін онша мандытпады. Күн бесінге таяғанда, кенеренің еңіс жағындағы
миқы адырдан шуап тау етегіне қарай батыс солтүстікті бетке алып кеткен көштің ізіне келіп
қосылды. Бекбай қуанып кетті. «Дәл осы Қанекеңнің көші ғой» деп ізге қадала қарады. Түйенің де,
аттың да, аздап сиырдың да ізі бар екен. Бекбай ізбен тарта жөнелді. Екі-үш жаяу адамның да ізі бар
екенін байқады .
Бекбай көштің ізімен дем алмастан сылбыраң даладағы еріген қарды былшылдата басып күн
батарға таяғанша жүрді. Тамақ жеуге де аялдағысы келмеді. Жемқалтадағы пысқан етті жүріп келе
жатып жеді. Күн батып қас қарая бергенде, шұбырынды із тау жақтан түскен тар жылғаны өрлей
жөнелді. Бекбай аласа тас тұмсықтағы домалақ тасқа отырып азырақ дем алды. Кенет біреулердің
мал айдап ысқырған дауыстары естілді. Бекбай асығыс орнынан ұшып түрегелді. Алдыңғы жағына
қарай жүре дыбысқа құлағын тікті. Алдыңғы жағындағы тұмсықшаның ар жағында ғана бір-екі адам
мал айдап жүрген сияқты. Бекбайдың аяғы жеңілдеп , көңілі лепіріп кетті. Аяғын жіти басып лезде
алдындағы тұмсықтан айналды. Расында үш жаяу адам бір топ ұсақ малды ілбітіп айдап барады екен.
Ақшам жарығында қарлы даладағы адам мен мал ап-анық көрінді . Бекбай мал айдағандарға
бірдемде жетіп келді. Мал айдағандар Бекбайды әбден қастарына келгенде бір-ақ көрді. Бекбай әуелі
кесек денелі адамның соңынан келіп сәлем берді :
_ Ассалаумағалайкұм!
_ Уағалайкұм уассалам!_ деп Бекбайға үдірейе қарады .
Бекбай Қанағат байды дауысынан-ақ таныды .
_ Амансыздар ма, Қанеке, _ деп Бекбай таныстық берді, _ мен Бекбаймын .
_ Не дейді, қайсы Бекбай ?
_ Өзіңіздің жоғалып кеткен Бекбайыңыз .
Бекбай деген сөзді естіп қой айдаған екі жігіт те Бекбайдың қасына жүгіріп келді. Екеуі екі
жағынан келіп Бекбайдың бетіне үңілді .
_ Амансыңлар ма?_ деп Бекбай Бейсенбай мен Сейсенбайға қол беріп амандасты .
_ Ойбай-ау, Бекбай мұғалім , жоғалып кетіп едіңіз ғой, көктен түстіңіз бе, жерден шықтыңыз
ба? _ деді Сейсенбай таң қалып .
_ Оны ауылға барған соң айтайын, болдырып кеттім, _ деді Бекбай. Бейсенбай қасына келді :
_ Жүгіңіздің жарымын мен көтерейін , _ деді .
Бекбай қоржынды Бейсенбайға көтертіп, жемқалта мен ат көрпені өзі көтерді. Ауыл аласа
белегірдің астында ғана екен. Төртеуі аз ғана ұсақты жылжытып айдап жетіп келді . Бекбай Қанағат
үйінің айналасына қанша көз салса да басқа қалқиған үй немесе күрке көрінбейді .
Бекбайдың көңілі құлази қалды. Қанағаттың әйеліне амандасқан соң алдына қарай аз жылжып
:
_ Мәрия кемпірдікі сіздерден бөлініп кеткен бе?_ деді.
_ Е, Бекей балам,_ деді Қанағаттың кемпірі күрсініп,_ мынау «байтал тұр ғой бас қайғы»
заманда кімге кім қарасады дейсің. Қыстай екі үйіміз бір болатынбыз. Ұсақ малдың көбін жұтқа
бердік. Ірі қараның көбін ұры әкетті. Көшпесек құртуға айналды. Сосын есіміз барда жерге жетіп
алайық деп жылжыдык қой .
Қанағаттың кемпірінің сөзі ұзарған сайын Бекбайдың тағаты таусылып, Жайнаның үйінің
хабарын білуге асығып ширығып кетті .
_ Сонда Мәрия шешейдікі басқа жаққа кетті ме? _ деп Бекбай асығыс тағы сұрады .
_ Е, қарағым, соны айтқалы отырмын ғой,_ Қанағаттың кемпірі оттағы бықсып жатқан
аршаның жас шаласын сырып қойып сөйледі,_ тегінде Мәрияның шалының бір інісі қарындасымен
мал айдап жүріп жоғалып кетті дейтін . Қыста аяқ астынан сол қайнысы сұрастыра жүріп тауып
келіпті .
Кезінде ауған елмен ілесіп Мори, Шонжы жеріне кеткен екен. Қарындасын ұзатып, өзі үйлі-
баранды болған көрінеді. Қыстай бір-екі рет келіп еді, осы айдың басында Мәрияны көлік әкеліп
көшіріп әкеткен.
_ Сонда ол кісілер қай жерде екен?
Сөзге енді Қанағат араласты :
_ Кемпір-ау, езбекілемей жөнін айтсаңшы, _ деп Қанағат Бекбайға бұрылды , _ олар Боғданың
Достарыңызбен бөлісу: |