болатын болды. Қар кетсе жақын маңда тұра алмаймыз. Ертістен арғы орманды тауға өтіп кетеміз
ғой, _ ол оң қолына ұстай кірген тақыр тұлыбын қазан жаққа қойды. Гүлсім жүгіріп келіп тұлыпты
ашты. Терісі сылынбаған тайыншаның бір саны және тұлыптың түбінде азыр-ақ ұн бар екен.
_ Балаға жақсы болды ғой,_ деп Гүлсім ұнды көргенде қуанып кетті.
_ Бар-жоғы осы болды.Көлік тауып орала алсам, Ертістің мұзы ерімей тұрғанда сендерді Қытай
жеріне алып өтем. Осыны талшықтап күнелте тұрыңдар,_ деп Берікбол сөзін айтып, қайнаған қара
суға қарамай, бұрынғы дағдысынша тағы лып етіп шыға жөнелді. Артынан әйелі Гүлсім де, інісі
Бекбай да ілесе шықты. Екеуі тас қараңғыдан дүбірлеген Берікболдың атаның аяқ дыбысын ғана
естіді.
Арық тайыншаның жалғыз саны мен екі қос уыс ұн талшықтағанда он бес күнге әрең жетті.
Он кұнге де жетпейтін еді, мұның жөнін Берікқазы келтірді. Қазандағы қара суға тайыншаның етінен
үшеуіне үш шайнам салдырып, үстіне аздап ұн сеуіп суды қайнатып-қайнатып ішетін жосынды
тапты. Он бес күннен соң талшықтайтын тамақ тақа таусылды. Бір сәби бала, үш үлкен адам қара
суға мөлиіп отыруға тура келді. «Өлмегенге өлі балық жолығады » дейтін сөз бар. Гүлсім бір жылдан
бері ара-тұра Берікбол әкелген еттің мұжылған сүйектерін жинап, ағаш кебежеге сала берген
болатын, енді сол сүйектің нілін талшық етіу басталды. Берікқазы орнынан тұра алмайды. Гүлсім
маңайдағыларды кезіп, сенделіп жүріп, кейде бір жапырақ қара нан, кейде бір уыс бидаи тауып
келеді. Бәрінен де бесіктегі балаға қиын болған еді. Екі жасқа таясада әлі құйрығын басып отыра
алмайды. Оған қарайтын адам да жоқ. Күні бойы бесікте таңулы жатады. Бекбай алғашында жыласа
тербетіп, аузынан жырып тамақ беріп жүрді. Өйткені ол ұлкен ағасы Берікқазының баласы еді.
Бұлардың кейде жарым күн бойы бір-біріне тіл қатпай үнсіз отырып қалатын шақтары да болатын.
Аш адамға сөйлеудің өзі де ауыр келетінін үшеуі де іштей сезінетін.
Гүлсім сырттан тілеп тауып келгенін алдымен балаға, асқанын қайнағасы Берікқазыға беріп,
одан қалса Бекбай екеуі ауыз тиетін. Кейде екеуіне ерніне сыздық боларлық ешнәрсе қалмайтын.
Барған сайын Гүлсімнің де дәрмені азайғаны білінді. Есіктен сенделіп кірген Гүлсім қолындағы
болымсыз кір-кір жалғыз жапырақ қара нанды сүйектің ніліне жібітіп, бесікте жатқан балаға қарай
алып жүріп еді. _ Болы, _ деді Берікқазы зірік етіп, _ осы баланы деп, қарғам-ау Гүлсім, өзің
таусылатын болдың ғой, ересегіміз жанымызды сақтай алсақ сол да болар еді, мені қойшы, Берікбол
үшеуің жан бағып қалсаңдар да болды ғой.
Гүлсім жылап отыра кетті:
_ Жеңешем көз жұмарында «осы шикі өкпемді өзіңе тапсырдым» деп екі рет айтып еді,_ деп
Гүлсім орнынан сөйлей түрегеліп бала жатқан бесікке қарай жүді.
_ Тоқта!_ Берікқазының дауысы шаңқ ете түсті.
_ Жоқ, аға, балаға обал!_ Гүлсім екі қолы қалтырап есікке жете аламай еріксіз тоқтады.
_Әуелі Бекбай екеуің азықтан, асса маған беріңдер. Бірақ менің керегім жоқ, бүйтіп өлі мен
тірінің арасында жатқанымнан жанымды қинамай үлкен ұйқыға ертерек кеткенім жақсы. Сендерді
бойында жаны болса Берікбол әйтеуір шетелге әкетеді,_ деді Берікқазы. Ол екі тізесіне жапқан ескі
елтірі ішігінің жағасын етсіз арық саусақтарымен шеңбектеп ұстап отыр еді.
_Осы бір жолға. Мына аз нанды бере салайыншы,_ деп Гүлсім жалынышты кескінмен бесікке қарай
жақындап еді.
_ Қайт!_ деді Берікқазы. Оның дауысы өте қатқыл шықты. Үңірейген аруақ сияқты сұрлы кескіні
ерек қорқынышты болып кетті. _ Мына заман қай заман, екеуің тірі қалмасаң ұрқымыз бір-ақ құриды
ғой. Ұрқымыз мына дүниеден құриды. Атымыз өшеді. Сәби бала бәрібір адам болмайды.
Берікқазының дауысы күңіреніп шығып еді, соңында көп айғайлап қарлығып қалған адам сияқты
қырылдап барып тоқтады.
Бір жапырақ қара нанды Берікқазы баласына бергізбеді, өзі де жемеді. Ағасы жемеген соң, бала
шиқылдап тірі жатқан соң Гүлсім мен Бекбайдың кеңірдегінен бір тамшы су өтпеді. Сол күні Бекбай
таңды шиқылдап жүріп зорға атырды. Бесіктегі бала Берікқазының арт жағында жылауға да шамасы
келмей ыңырсып жатыр екен. Бекбай басын көтеріп қарап еді, ағасы Берікқазы әлде қашан басын
көтеріп алыпты. Өзіне тіке қарап отырғанын көрді. Ағасына бірнеңе айтқысы келгендей болып еді,
көңілі айнығаны, иә бұзылғаны белгісіз, қарадай жылағысы келіп не айтарын білмеді. Аяғына
бәтінкесін киіп, тысқа шықпақшы болып орнынан тұрды, онсыз да баланың ыңырсыған аянышты
дауысы Бекбайдың жүрегін езіп бара жатқан болатын. Берікқазы Бекбайға қарап:
_ Ана баланы бесігімен көтеріп ішкі үйге кіргізіп таста_деді бұйырып. Ортанғы бөлменің батыс
жағында бір кішкене бөлме қаңырап иен тұрған. Бекбай ағасының бетіне жалтақтай қарап қойып, екі
қолы қалтырап аз тұрды. «Обал-ай, обал» деп өзіне өзі іштей күбірледі. Қолы бесікке бармайтын
сияқты. Мына баланы өз қолымен өлтіргелі жатқандай қиналып кетті. Інісінің тайсақтағанын
Берікқазы білсе керек.
_ Неғып тұрсың, кіргіз ішкі үйге, шиқылдап мазаны алады екен.
Бекбай үнсіз келіп, дірілдеген қолымен бесіктің арқалығынан көтерді. Бесік қозғалғанда бала тамақ
дәметсе керек, бұрынғыдан бетер шиқылдап ыңырси бастады. Бекбайдың буын-буыны тіпті босап
кетті, бесікті ішкі үйге үш демалып әрең кіргізді. Өзегін бір нәрсе өртеп кеткен сияқты, бір жалын
көкірегінің ішінде тұрғандай болды. Қол-аяғы салдырап ауыз үйге шықты.
_ Жап ана үйдің есігін!_ Берікқаның даусы тағы саңқ ете түсті.Бекбай ішкі үйдің есігін жауып
еді, сәбидің сақау кептердің уылы сияқты өшкін даусы естілмей қалды.Қаңғырап бос тұрған ішкі
үйге онсыз да ешкім кірмейтін , бәрі ортаңғы үйде отырып, ортаңғы үйде жататын.Ағасы
Берікқазыға қарап еді, ол арт жағына сүйеу қылған жастыққа шалқалап, қабағын қарс түйіп
алыпты.Бірдеңе ойлап отыр ма, әйтеуір ерні жыбыр-жыбыр етеді мүмкін, ол ішінен сәбиді еріксіз аш
қинаған күнасы үшін Алладан тілек тілеп, күнасына тауба қылып отырған болуы мүмкін. Берікқазы
артындағы жастыққа қарай иегін көтеріп, шалқалаған соң, екі қолын екі жағына керіп тағы
шалқалады. Соның бәрінде Берікқазының екі көзінің тас жұмулы жүргенін Бекбай әбден байқады.
_ Аға, бір жеріңіз ауырып қалды ма?_ деді Бекбай.
_ Еш жерім ауырған жоқ,_ Берікқазы көзін жұмған беті сөйледі,_ ана Гүлсімге көмектес,
бірдеңе тапсаңдар екеуің бөліп же, бойында жаны болса Берікбол сендерді құтқарып кетер.
Берікқазының мына сөзі Бекбайға қуат бітіргендей болды. Тысқа шығып елден азықтық бірдеңе
іздегісі келді. Бірақ жанынан бір нәрсесін жоғалтқан адам сияқты сипалақтап аз тұрған соң,
Берікқазыға жапақтай қарап, аяңдап есік алдына барды. Берікқазы екі көзін тарс жұмып мүлгіп отыр.
Мүмкін, аштықтан қиналған жанына азда болса алғау болатындай бір тәтті ойдың жетегінде өзін өзі
алдап отырса керек. Әрине, «Өмір деген не?» деп біреу сұрай қалса оған адамдардың қилы-қилы
жауап беретіні анық. Бұған біздің де толық жауап беруіміз қиын. Дегенмен бір адамның тағдыры
туралы толғанғанда, өмір деген арман қуып өткізген уақыт екені анық.Сондықтан арман деген мәңгі
жеткізбейтін елес сияқты ғана сезіле береді.
Берікқазы екі көзін жұмып енді шалқасынан жатты. Бекбай бір нәрсесін жоғалтқан адам сияқты,
сипалақтап есік көзінде тағы біраз тұрды.Үрейлі ойды ойлағысы келмеді. Ілбіп далаға шықты.
Қыстақ ішінен қыбыр еткен жан пендесін көруге болатын емес. Шығыстан күн жылтиып шығып
келе жатыр. Бұрынғыдай емес қыстың ызғары қайтып, қар беті бусанып, жылымық тарта бастапты.
Бекбай үйдің алдыңғы жағындағы тақыр дөңге шықты. Дөң үстінде шала көмілген
адамдардың бейіті төмпек- төмпек болып қарауытып жатыр. Даладан көктемнің болымсыз дымқыл
лебі келіп мұрнына ұрылды. «Ә, құдай, аман-есен жазға іліндіре көр» деп Бекбай сонау мұнарта
созылып жатқан тау алқымына қарап жаратушыдан тілек тіледі. Сөйтті де тағы мынау ұсақ төмпек
болып жатқан өңшең аштан өлген адамдардың бейітіне қарады. Тіпті кейбір жақында
көмілгендерінің үстіне мандып топырақ үйілмепті. Әлде кімнің «Аштан өлген адамда бейіт
болмайды » деген сөзін есіне алды. «Бейіті жоқ болғаны осы ғой, кейін кімнің бейіті екенін кім
біледі, Байғазыны қайтті екен, жатаққа ешкім кірмесе иістеніп сасып кететін шығар, содан соң
адамдар оны жыраға апарып тастай салар» деп ойлады. Бекбай өз ойынан өзі қорқып кетті. «Құдай
өлімнен сақтасын, жаз шықса шөптің тамырын қазып жесекте өлмеспіз» деп ойлады. Аяңдап қыстақ
шетіне келді.
2
Бекбайдың көз алдына бесікте шалқасынан жатқан баланың ернінің дірілдегені келді. «Сәби байқұс
аштан өледі-ау» деп Бекбай өзіне өзі күбірледі. Құлағына бесіктегі әлсіз дауыс тағы естілгендей
болды. Беті қараған жаққа қарай еш мақсатсыз жүрді. Қыстақтың аядай бір топ тамның арасынан
анда-санда қылт етіп бір адам көрініп қалады да жоқ болады. Төңірек құлаққа ұрған танадай жым-
жырт. Күн едәуір көтерілгенде Бекбай ырғалып үйге кірді. Гүлсім от жағып, әлгі көне сүйектердің
суын қайта жылтқалы жатыр екен. Берікқазы басын тамға сүйеп теріс қарап алыпты. Тәңертең үй іші
жел соғып ғажайып сүркей болып тұрғандай сезілген еді Бекбайға. Енді от жанғандыкі ме, ештеңе
жоқ қазандағы сүйек нілінің исінен бе, әйтеуір үй ішіне болымсыз болсада жылылық орнай
бастапты. Бекбай ұрлық істейтін адамша аяғын еппен басып ішкі үйге кірді. Аяақ дыбырын білсе
керек, баланың ыңырсыған дауысы естілді. Бекбайдың балаға жаны ашып кетті. Ағасынан қорықсада
өзін батылдыққа зорлап, сүйек нілінен Гүлсімге орта ожау құйдырып алып, түпкі үйдегі балаға қарай
жүріп еді.
_ Тоқта!_ Берікқазы қасында жатқан таяғын жұлып алды, _ қайтып орныңа отыр. Өзің іш.
_ Обал болды ғой, аға, әлі ыңырсып жатыр. Ол да жан иесі емес пе?!_ Бекбай сөзінің соңын айта
алмады. Көзінен жас саулап кетті. Бекбай балаға қарай жылжыса таяқ басына сарт ете түскелі тұр.
_ Обалы бізде емес, обалы мынау жауыз үкіметте, _ деп кіжіне сөйлеген Берікқазы сілейіп тұрған
Бекбайды таяғының ұшымен түртіп еріксіз орнына отырғызды,_ Сен обал дегеннің не екенін білесің
бе? Халықтың өзінің тапқан дәнін өзіне жеткізбей аштан қырған үкімет жер жер болғалы, адамзат
адамзат болғалы болмаған шығар-ау, соғысып, қан төгісіп жүріп өлсек не арман, аштан өлгеннің аты
қандай жаман еді... Берікқазының даусының соңы күңіреніп шықты. Бекбай ағасының мынау
қыршаңқы сөздерін естігісі келмеді. Гүлсімге қарай бұрылып, қолындағы шыныға тағы біраз
сүйектің нілін құйдырып өзі ішті.
Берікқазының мінезі Бекбайға әбден белгілі, ызаланса көзіне ештеңе көрінбейді. Бала кезінде
Бекбай осы ағасынан талай рет таяқ жеген. Сан жерде сан адаммен ренжісіп, кейде таяқ жеп, кейде
әлде кімді сабап, жүрген жері ду болып жүретін Берікқазы Оның мынау екі аяғы салданып қор болып
жатқаны болмаса талай харекет жасайтыны хақ еді. Егер Бекбай тіл алмай жылжитын болса, ырғай
таяқтың басына келіп сарт ете түсіуінде дау жоқ болатын. Осы сал ауруды да сол өр кеуделігінен
тауып алған-ды.
Гүлсім ескі күрең дорбаны алып қайыр тілегелі кетті. Берікқазы сүйектің нілінен бір ғана ұрттап
қалғанын қайта қазанға құйғызып қойды. Оның қырыстанып жатқанын Бекбай да, Гүлсін де білді.
Зорлап су болса да ішкізуге шамалары келмеді. Бекбай үй ішін сыпырып , бір шелек су әкелді. Күн
түске таяғанда бүйірдегі үйге кіріп келді, балада дыбыс жоқ екен. Бекбай « Бала өлді» деп ойлады.
Келіп бетін ашып еді тірі екен. Еріндері жыбырлап ыңырси жөнелді. Дегенмен үні ұзақтан
шыққандай әлсіреп қалыпты. Бекбай баланың бетіне қайта қарай алмады. Күнә өткізген адамдай
қйналып, баланың бетін жаба салып артына бұрылды.
_ Бала өлді ме?_ деді Берікқазы.
_ Жоқ.
Осыдан соң Бекбай да, Берікқазы да үндеген жоқ. Әсіресе, Бекбайдың жанын жеп бара жатқаны екі
бірдей азаматтың масыл болып, жалғыз Гүлсімнің қолына қарап, оның тапқанын жегені болды.
Бекбай түс ауа сенделіп тағы далаға шықты. Аш адамға күннің батуының өзі де қиын болған еді,
бүгін күн жылы екен. Қара қырдаңдардың көбесі сөгіліп, қасат қарлар астынан босай бастағаны
байқалды. Күн де тамылжып маужырап тұрды. Қыстақтың солтүстік жақ шетіндегі аласа белегірге
қарай екі-үш адам бір қайықбас шананы бүкірейе зорға сүйреп барады. Олардың өлік шығарып бара
жатқанын Бекбай көрген жерден білді. Мектептен алғаш қайтып келгенде, өлім шығарғандарды
көрген сайын бойын ғажайып бір түрлі өлім үрейі баса қалушы еді. Бұл күнде ол үрей де қалмаған
сияқты. Ол анау бір басып, екі басып, өлік жатқызған шананы әрең сүйреп бара жатқан топқа қарап
ұзақ тұрды. Бұрын мұндай жиырма шақты семиясы бар қыстақты қойып, оншақты үйлі ауылда бір
үлкен адам емес сәби бала шетінесе сол өңір ұлар-шу болып күңіреніп, аза білдіріп жоқтаушы еді.
Сол маңнан неше күнге дейін, ең берісі марқұмның жетісі мен қырқы өткенше алыс-жақыннан көңіл
айта келгендердің аяғы үзілмеуші еді. Неше күннен бері он шақты адам жерленді. Бәр-бәрі де
көктемде арықтан өлген қойдың жемтігін көме салғаннан еш парқы болған жоқ. Жоқтау айтып
зарлаған әйел дауысы, күңірене созылып адамдардың алпыс екі тамырын ұйытып құран оқыған
молланың дауысын есту мүмкін емес. Адамзат үшін жер шары, әсіресе мынау тірлік тірегі болған
көркем табиғат қаншалықты қажетті болса, жер шары үшін де жер шарының қүдіретін түсініп,
көркемдігін сезетін адамзат сынды ақылды махұлұқ тіпті де қажетті ғой. Жер бетінде адам қалмаса,
жер шарының кереметі неге керек. Бекбай өлік ұзатқандарға тағы бір рет қарады. Олар дөңнің
үстінен жерді болымсыз ғана шұңқырайтып, өліктің үстіне бес күрек топырақты зорға үйіп
қайтқанын анық көріп тұрды. Әне біреу қара тысты түлкі тымақ киген бүкір денелі адамның әлгі
белсенді Қатай екенін де таныды. Оның былтыр жазда елдің малын хаттап-шоттап өрлі-қырлы
шапқылағаны, кейбіреулердің жоғалып кеткен, ұмтылып қалған, туыс-туғанына берген малдарын
үкіметке тығып қойды деп мәлімдеп, түрмеге жаптырғаны, бәр-бәрі үлкен адамдардың қарғап
сілегенінен Бекбайдың құлағына сіңген. Дәл қазір Қатай да иген садақтай бүкірейіп сүлдері қалғаны
білініп тұр. Бекбай аяңдап Қатайдың үйінің қасындағы астық қамбасына қарай жүрді. Өлік
жерлеушілер де ілбіп келіп Қатайдың үйінің алдына келіп тоқтады. Қатай жылап жүр екен, ұзын
ақсұры пылашының жеңімен көзінің жасын қайта-қайта сүртіп қояды. Бекбай білді. Өлген Қатайдың
әйелі екен. Ол оңға бұрылып астық қамалған тас кірпіш қамбаның алдыңғы жағына қарай өтті.
Қамбаның қара құлып салынған темір есігіне арқасын сүйеп, біреу ырсиып күліп отыр екен. Неше
күннің алдында астық қамбасының есігінің табалдырығына төгілген бірен-саран дәнді теріп шулап
жүрген балаларды көрген болатын. Жақындап еді, мынау бала емес ересек адам екен. Екі тізесін
құшақтай құшынып алыпты. Жақындап келген Бекбайдың жүрегі зырқ ете түсті. Мынау адам күліп
отырған жоқ, баяғыда өліп қалған екен. Бекбай бар дауысымен:
_ Кісі өліпті!_ деп айғай салды.Өліктің өңі қарайып, тістері әппақ болып ырсиып, көзі алдыңғы
жағындағы жерге қадалған беті ашық қалыпты.Бекбайдың даусымен әлгіндегі өлік жерлегендер
аяқтарын сүйрете басып сонда келді.Қатай өлікті құшақтап отыра кетті:
_ Cорлым-ау,сорлым,болмаса үйде өлмедің ғой! Қатайдың шиқылдаған аянышты даусынан
өліктің Қатайдың інісі екенін Бекбай білді.Қатайдың сыртынан арбаған жыланша сұқты көзін қадап
өшіге қарады.Қатайдың жоны дөңкиіп, аштықтан бұрауы кеткен өгіздей ілмиіп, қармақ сияқты
бүгіліп кеткен еді.
Қайтып өз үйіне қарай артына бұрылып келе жатқан Бекбай:
_ Кәрі ит, _ деп тістеніп,_ халықтың мал- мүлкін тақырлап, қабы мен қалтасын қағып, ақыретіңді
жалмайтындай жалмаңдап кетіп ең, енді жалма ақыретіңді. Ол дүниеге барғаныңда да халықтың сол
малы сені шаян болып шағар!
Бекбай дауысының қатты шығып кеткенін сезбей қалды. Ол сол жүргенінен сенделіп қыстақ ішінде
күн батып жерге қараңғылық түскенше жүрді. Астық қамбасына астық толып тұрғанын осы өңірдегі
адамдар түгел біледі. Біле тұра бірде- бірінің қамбаға қол жұмсауға дәті бармайды. Бәрі де үкіметтің
бұйрығы, Бекбайдың миының іші тұманданып кеткендей сезілді. Құлағына мұғалімнің сабақ
сөйлегендегі дауысы естілгендей болды: «Төңкерістің мақсаты қанаушы таптарды тып-типыл
жойып, еңбекші халықты азат ету, бүкіл дүниедегі езілген еңбекші халыққа бақыт жарату...» Бекбай
аяғын сүйрете басып өз үйіне қарай жүрді. Ағасы Берікболдың өзін қалашықтан әкеле жатқанда
айтқан сөзі есіне түсті. «Қарағым Бекбай, өте қиын болып кетті. Темір жолдың бойында қардан аяғы,
басы шығып жатқан қазақтардың өлігі сан- санақсыз көп, қайда барсаң шулап жүрген қайыршы.
Құдай сақтасын, есі дұрыс қазақтың қайыр тілегенін көрмеген едік. Заман мына түрімен тұрса құрып
кетеміз ғой...»
Бекбай сенделген беті үйге қайтып келді. Гүлсім келіп алыпты. Әлгі сүйектің нілін жылытып жатыр
екен. Есіктен кірген Бекбайға қадала қараған Берікқазы:
_ Бала өлді ме?_ деді зілді дауыспен.
Бекбай үнсіз, біреу желкесінен итергендей ішкі үйге әрең кірді. Бесікте үн жоқ еді, Қолы бесікке
жайулы тұрған жұқа көрпеге әрең барды. Баланың бетін ашып еді, бала әлі өлмеген екен. Ернін
жыбырлатып ыңырси жөнелді. Бекбайдың жүрегі дірілдеп, буыны босап кетті.
_ Өлді ме?_ Берікқазының зілді дауысы тағы шықты.
_ Жоқ.
Бекбай ауыз үйге шыққанда, Берікқазы теріс қарап алған екен. Гүлсімнің де өңі күндегіден солғын,
бүгін қаңғып құр қол келгені білініп тұр.
Бекбай ағасы Берікқазыға жақындау келіп отырып:
_ Әлгі белсенді Қатайдың бүгін әйелі де, інісі де өліпті, _ деді.
Берікқазы артына шұғыл бұрылып, Бекбайға қадала қарады.
_ Өз көзіңмен көріп келдің бе?_ деді сенбегендей раймен.
Әйелі кеше өлген сияқты, бағана дөңде жерленді. Інісі астық қамбасының есігіне арқасын сүйеп
отырған беті өліпті.
_ Е,_ деді Берікқазы тісін тістеніп,_ бұл кәрі ит өте жауыз, нақ көкшолақ қасқырдың өзі. Осы үкімет
келердің алдында, жаңа үкімет келсе малдарыңды алады, Сібірге жер аударады деп елді дүрліктіріп
жіберіп, содан қорқып қашқан талай сорлы үкімет қолына түсіп жанынан айырлып еді. Ал, үкімет
келгеннен кейін, малын жасырды, қашқалы жүр деп үкіметке шағыстырып, талай есілдерді жанынан
жұда қылған болатын, ақыры өз басына келген болды. Ол иттің әлі тартатын жазасы бар.
Берікқазы Қатайға шегіне жете кектенгенде тек ит деп тілдегеннен ары бара алмады. Ұйғыр халқы
«ит опа, қатын жапа» дейді екен. Біздің қазақ «ит _ ырыс» дейді. Мүмкін, қазақтар қорасындағы
қойын көбінде ит күзететін болған соң ырыс деп айтқан шығар. Жоқ әлде басқа мағынасы бар ма
екен. Көбінде адамдар өзінің жақтырмаған адамын ит деп тілдейді. Бірақ сол адам иттің адамға
қарағанда әлде қайда ұлы хайуан екенін, адамның иттей болуы ұшын әлі талай тамаша қасиетінің
кем екенін біле бермесе керек. Ит басына қандай өлім хаупі төніп тұрсада өзін баққан иесіне
опасыздық жасамайды екен. Тіпті өзін тамақ беріп асыраған иесінің өмірін қорғау жолында талай
иттердің жазықсыз өлген хикаясы адамды қайран қалдырады. Ит белгілі себептермен есінен
жаңылғанда немесе миы ауысып құтырып кеткенде ғана иесін тани алмағандықтан қабады. Ал адам
шы? Адам олай емес, адам жылт еткен аз ғана мүддесі үшін ең жақын адамдарын, тіпті өзіне ерекше
қамқорлық жасаған аяулы адамдарына дейін қастандық жасайды. Ғалымдар адамды жер бетіндегі ең
озық саналы хайуан дейді, бірақ адам иттің құлағы ести алатын жиіліктегі дыбысты ести алмайды.
Бұл да адамдардың иттен әлде қайда төмен тұратындығын әйгілейтін шығар. Қалай болса солай
болсын, жер бетіндегі омыртқалы хайуандар жөнінен алғанда, ең опасызы _ адам. Ең опалысы _ ит
болып шығатын көрінеді. Мүмкін, ұйғыр халқы « ит _ опа» дегенде оның осы ұлы қасиетін
ардақтаған шығар. Біз опасыз, екібеткей, жаман адамдарды итке теңесек, оның атақ – абыройы
тұскенін былай қойып, мәртебесі неше он есе көтеріліп кететіні даусыз. Иттің адам бола алмағаны
сияқты, адамның ит бола алуы екіталай. Өйткені иттің қолынан келген іс адамның қолынан келмейді.
Былайша айтқанда, дәл ит сияқты нақ жүрегімен опалы болу өте аз адамдардың ғана қолынан келеді.
Берікқазының Қатайды ит деп тілдеуі расында Қатайдың мәртебесін асырғандық болып шығары хақ.
Қатай ең кемінде адамдар жыртқыш санайтын қасқырдан да жауыз адам. Қазақтар «қасқыр да қас
қылмайды жолдасына» деп ән салады. Адамдар жолдасына қастандық жасауға құштар, өйткені олар
атақ- абырой, байлыққа таласады. Ал қасқыр шы, оның қамы жалғыз кеңірдегі ғана. Ол өз қамы,
кеңірдегі үшін аздап мал жесе, жер- жебіріне жете жауыз деп тілдейміз. Ал адамдар шы? Адамдар
малды қоралап қырып жеп жатса жауыз болмайды. Адамдар бір- бірін топ- тобымен түрмеге кіргізіп,
топ- тобымен қырып жатса да барлық істеген ісі заңды, яғни солай істеуге тиісті сияқты білінеді.
Оның керісінше, қасқыр бір лақты немесе қозыны тамақтап кетсе, яғни алып кетсе, адамдар оның
соңынан неше түрлі тілдеп ұлар- шу болады. Әрине, қасқырдың өзі табиғат қой, ол мынау жарық
дүниеге келген екен, кеңірдегін бағуға, тірі жасап ұрпақ өсіруге қақылы емес пе? Қасқыр ет хоректі
хайуан ғой, ол аң мен малды жемесе басқа не жейді? Әсілі қасқыр жауыз емес, жер бетіндегі ең
жауыз нәрсе тек адам екендігін адамдардың өзі толық біле бермейді. Берікқазы Қатайды ең жауыз
көкшолақтың өзі деп қасқырмен тең қойып отыр. Егер сіз қасқыр мен адамның харектіріне ішкерілей
үңілсеңіз, адамның қасқырдан әлде неше есе мықты жауыз екенін біле аласыз.
Берікқазы өңі сұрланып, Бекбайға қарап едәуір уақыт отырды. Берікқазының осылай салдалып
қалуына да осы Қатай себепші болған еді. Сол қүрсініс Берікқазының көз алдына тағы елестеді.
Қолдарындағы малы түгелдей кәмпескеленгеннен кейін, Берікқазы ауылнайдың бекімі бойынша
қыстақ пен аудан арасына прашкі арба айдаған болатын. Өткен жылы күзде,прашкіге ат жегіп жатқан
Достарыңызбен бөлісу: |