Жазушы Шәміс Құмарұлы 15. 04. 1952 жылы Қытай халық республикасының Мори қазақ автономиялы



Pdf көрінісі
бет13/28
Дата08.01.2017
өлшемі1,22 Mb.
#1414
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   28
үлкен  күре  жолдан  тым  көп  бұрылмаған  екен.  Шилі  жыраның  ауызынан  қырқып  ,  шығысқа  қарай 
жосылып жатқан көне жолға жетіп келді . 
  
 
                       ӨР АЛТАЙҒА ЖОЛ 
 
                                      1 
 

 
Бекбай күре жолға түсіп шығысқа қарай жол алды. Ұйқысы қанып едәуір сергіп қалыпты. Бұл 
жолмен  түйенің  де,  аттың  да,  сиырдың  да,  ұсақ  малдың  да  жүрген  ізі  анық  көрініп  жатыр.  «Өр 
Алтайға баратын жол осы ғой» деп ойлады Бекбай. Сөйтті де тәуекелге басып, жүрісін тездете түсті. 
Кешегідей  емес  торы  аттың  арыны  басылып,    аяғы  сәл  ауырлаңқырап  қалған  екен.  Еңістен  желсе, 
өрден аяңдап , күн түс ауғанша тоқтаусыз жүріп, кіші бесін шағында кішкене бастауға жетіп келді. 
Жақын маңда ел жоқ сияқты. Жақында қонып аттанған елдің от жаққан жұрты жатыр. Жұрттан күре 
жолға  қарай  жүрген  көштің  ізін  шалып  еді,  Алтайға  қарай  кеткен  көш  екен.  «Алдымнан  осылар 
сияқты  Алтайға  көшкен  ел  кезіксе  жақсы  болар  еді»  деп  ойлады.  Атынан  түсіп,  бастаудың  басына 
келді. Көшкен ел ұмытса керек, бастаудың көзінде қаңылтыр шөміш жатыр. Шөмішпен су алып беті-
қолын  жуды.  От  жағуға  сіріңке  не  тас  шақпақ  жоқ,  суық  суға  азырақ  талқан  араластырып  жеді. 
Қанша дегенмен дән ғой, қарны ашып, бойы қалтырап тұр еді, азырақ бойына қуат біткендей болып, 
денесі  жеңілдеп  қалды.  «Бұл  да  болса  маған  кезіккен  олжа  ғой»  деп  өзіне-өзі  күңгірлей  сөйлеп, 
қаңылтыр шөмішті қанжығасына мықтап байлап алды. Бастау басы тап-тақыр екен . Шөбі бар жерге 
барып, жайылтып атының белін көтертіп алғысы келді. 
 
 
Құлазып  жатқан  жұртқа  қарап  сәл  тұрған  соң,  Бекбай  тағы  жолына  түсті.  Атының 
кешегі  терін  құрғата  алмай  жүні  бұйраланып  тұрғанын  көріп,  атының  әбден  болдырғанын  білді  . 
 
Мұнан  кейінгі  жолда  атын  қинамай  жай  аяңмен  ғана  жылжып  отырды.  Сиырдың  бүйрегі 
сияқты  бұйраланған  жалпақ  сары  адыр  таусылар  емес.  Күн  бесінге  таяғанда  төңіректі  түгел  мұнар 
басып, алысты тұмшалап көрсетпей тастады. Солтүстік жағынан көгілдірленіп көсіліп жатқан Алтай 
тауы да көрінбей қалды . 
      Күн райы бұлыңғыр тартып, батыс жақтан ызыңдаған суық 
 жел  пайда  болды.  Жел  арт 
жағынан  соққандықтан  Бекбай  алғашында  онша  сәп  салмаған  еді,  күн  кешкіре  үдей  түсті.Оның 
үстіне ыңғай балық жон быдырмақ жатаған адырда ат пен адамға пана боларлық жартас немесе жыра 
да  кезігер  түрі  жоқ.  Күн  батуға  айналған  сайын  Бекбайдың  көңіліне  бір  түрлі  қорқыныш  ұялай 
бастады.  Бұрынғыдан  бетер  жан-жағына  қайта-қайта  қарағыштап,  аты  мен  өзіне  пана  боларлық 
ықтасын іздеп жапақтап келеді. 
       Шалқая  көсіліп  жатқан  жәйбір  белден  асып  алдындағы  ойға  еңкейген  Бекбай,  солтүстік 
жағындағы аласа төбеден біреудің сайға қарай жүгіріп кеткен қылпын байқап қалды. Атының басын 
тартып солай көз салып біраз тұрды. Аты да елең етіп сол жаққа құлағын тікті . Қайта бұрылып арт 
жағындағы биіктеу жерге шықты. Ештеңе көрінбейді. Манадан бергі селдір тұман қоюлап, терісінен 
соққан  суық  боран  үдей  түсті.  Адамның,  малдың  қарасы  көріне  ме  деп  Бекбай  сол  дөңде  әлгіндегі 
адам бараны көрінген ағарға көз тастап едәуір уақыт тұрды.Суықтан аты ширығып, өзі де қалтырай 
бастаған соң, аяңдап ағарға қарай құлдады. Екі көзі алдыңғы жағында. «Жау болса да, дос болса да 
барайын»  деген  ойға  келді  .  Күн  батып  барады.  Боран  соғып,  күн  бұзылып  келеді.  Бір  панасын 
таппаса үсініп өлері хақ. Басына қатер төнгенін сезіп қорқа бастады, айналасына көз тастап ағарда аз 
тұрып  еді,  атының  төрт  аяғы  жерге  келіп  бүрісіп  қалшылдап  кетті.  Нар  тәуекел  деп  әлгінде  адам 
қылпы  көрініп  қалған  төбешіктің  етегін  жағалап  ағарды  құлдады.  Тұман  одан  ары  қоюлап  күн 
жаууға айналды. Ағардың аяғы құлдап келе тар шилі қысаңға айналады екен. Қысаңға таяған шилі 
дөңкілдің  ар  жағынан  Бекбайдың  көзіне  тұман  арасынан  болымсыз  көкшулан  түтін  көтерілгендей 
болды . Атын тебініп шилі дөңге шыға келді. Шидің етегінде басын буған екі үй тұр . Бекбай қуанып 
кетті.  Екі  үйдің  ортасында  жатқан  жүз  шамалы  аз  ғана  қойдың  шығыс  жағымен  айналып,  шығыс 
жағындағы үйге таман келіп атынан түсті. Бекбай атын байлағанша үйден екі жас жігіт шықты, атын 
шылбырынан шиге бұрап байлап басын көтерген Бекбайға екі жігіт қатар сәлем берді. 
      _ Ассалаумағалайкұм!  
      _ Уағалайкұм уассалам!  
      _ Уағалайкұм уассалам!_ деп Бекбай жігіттерге қарай жүрді. 

      _Ұйбайу, мына кісі Бекбай мұғалім ғой,_ деп екі жігіттің бірі Бекбайдың бетіне таң қала қарады . 
Бірақ Бекбай екі жігіттің кім екенін тани алмады . Олардың бастауында үйге кірді . Міне ғажап , үш 
жылдың алдында өзін Қанағат байға мұғалімдікке сұрап келген Әшім кәрия үлкен сеңсең ішігін баса 
киіп төр алдында отыр . Бекбай  : 
       _Ассалаумағалайкұм!_  деп  сәлем  беріп,  кәрияның  оң  жақ  қатарына  келіп  отырды.  Бекбай 
танығанымен,  Әшім  кәрия  Бекбайды  тани  алмады  .  Қорыққан  адам  сияқты  қайта-қайта  жапақтап 
қарағыштай берді. Бекбай танитын ауылға кез болғанына қатты қуанды. Әлгіндегі түнге қалсам үсіп 
өлемін  бе  деп  қайтерін  білмей  дағарған  үрей  лезде  көңілінен  ғайып  болды.  Өз  үйіне  келгендей 
тынысы  кеңіп  ,  бойы  жадырап  сала  берді.  Бекбай  қатты  тоңған  еді,  алдына  қарай  жылжып,  екі 
алақанын отқа қақтады. Аттан түскенде Бекбайды таныған он бес жастардағы бала жігіт :  
 
_Әке, мына кісіні таныдыңыз ба?_ деді күлімсіреп.  
 
Баласының жүзіне таңдана қараған Әшім: 
 
_ Жоқ,_ деген Бекбай . 
 
_ Жер ерімей тұрғанда жолымды мандытып алайын,_ деп Бекбай шәйға қарамай тысқа шықты 
. Ақ тонды жігіт есік алдында тұр екен. 
 
_  Неге  танымайсыз,  әлгі  Қанағат  байдың  балаларын  оқытып  жүрген  Бекбай  деген  мұғалім 
емес пе?! 
 
Әшім Бекбайдың жүзіне қадала қарады:  
 
_Ойбай-ау,  сені  ауылың  жоғалып  кетті  дегендері  қайда,_  Әшім  ауызын  сылып  еткізіп  алып, 
Бекбайға бүтін денесімен бұрылды,_ сонда сен қайда кетіп, қайдан келесің? 
 
_Расында мен жоғалып кеткелі үш жыл болды. Жоғалғанымды айтсам ол өзі бір хикая,_ деді 
Бекбай күліп. 
 
_  Мына  бала  өңіне  қарағанда  қатты  қалжырап,  арып-ашып  келген  екен,  алдымен  ауызын 
жылытып шәй ішіп алсын,_ деп Әшімнің әйелі дастарқан жайып шәй құйды . 
 
Дастарқан  тым  толы  болмаса  да,  ірімшік,  құрт  бар  екен.  Әшім  Бекбайдың  шынысына  ұсақ 
ірімшіктен бір 
Шеңгел салып: 
 
_ Тартынбай іш, өңің өте жүдең екен, қиналып қалған сияқтысың ғой,_ деді. 
  
Қызыл  ірімшіктің  нілі  сіңген  ыстық  қара  шәй  Бекбайды  сорпа  ішіп,  ет  жегендей-ақ 
жадыратып жіберді. Бір жарым күнде әрең кеңірдегінен бір уыс талқан ғана өткен Бекбайды аштық 
пен суық  әбден меңдеткен еді. Бір шәугім қара шәйды сарқып барып бір-ақ тоқтады. Соңғы шыны 
шәйді  сарқып  ішіп,  шынының  бетін  қолымен  жауып  артына  шегінген  Бекбайға  Әшім  тағы  қадала 
қарады : 
 
_ Сені Қанағат пен балалары екі жыл іздеді . Әуел десең, анау Қыран өзенін бит қарағандай-ақ 
тінтті  .  Сені  іздеп  Қанекең  біздің  ауылға  да  бірнеше  дүркін  келді,_  деп  Бекбайға  сұраулы  көзбен 
қарады . 
 
«Қанағат   байдың ауылын қайтсе де осы кісі біледі ғой» деп ойлаған Бекбай : 
 
_ Сонда біздің      ауылдың қайда кеткенін   білесіздер ме?_ деп Әшімге қарады. 
 
_ Ауылың өткен күзде Бұлғынның ауызында     отырған , сол маңды қыстаған шығар,_ деді 
Әшім .  
 
Бекбай қуанып кетті. «Қайтсем де жетемін ғой» деп ойлады. Көз алдына Жайнаның әдемі сұлу 
кескіні елестеді. 
  _ Біздің ауыл түгел аман ба екен?_ деді Бекбай. 
 
_ Аман, қарағым, аман, күзде Қанекең үйінен бір шәй ішіп аттанып кеткем . 
 
_ Олар отырған жерге қанша күнде жетемін. 

 
_Онша  ұзақ  емес,  _Әшім  Бекбайға  жақындаңқырап  отырып  сөйледі,_  десе  де  мынау  
«жуанның  жіңішкеріп,  жіңішкенің  үзілетін»  шағы  ғой,  атыңды  қинамай  жүрсең  екі  жарым  күнде 
барып қоярсың , тез жүрсең бүрсікүні ілінесің . 
      Екі жарым күн деген сөз Бекбайдың жүрегін зырқ еткізді. 
       _Ойпыр-ай, әлі алыс екен ғой,_ деді Бекбай мұңайыңқы кескінмен . 
 
_ Е, Бекбай балам,_ деді Әшім көзін бір ашып , бір жұмып,_ біз де жырғап келе жатқамыз жоқ. 
Ондағы  елдің  малы  бір-ақ  жұтап  қалды.  Мен  әйтеу  бір  адыр  ішін  қыстап  ем,  ұсақ  малымыздың 
жұрнағы қалды . Жылқыны түгел ұрыға бердік. 
 
_ Өр Алтайға неге көштіңіздер? 
 
_Ойбой, қарағым, мен қайдан білейін, төменгі   жақтан жаудың әскері келе жатыр екен, бекер 
қырылғанша  Өр  Алтайға  көшеміз  деп  елбасы  адамдар  көшкен  соң,  жұртта  қалатын  емес,  соңынан 
кеттік  емес  пе,  «есің  барда  елің  тап»  деп  жыла  қонақтап  жаяу-жалпылы  жылжып  келеміз.  Соза 
көшкенге мал арық. Әйтеуір ұсақ малдың жайыла-жайыла жеткен жеріне түнеп, шөптесіндеу жерге 
бірер күндей ерулейміз. Ертістің мұзы ерімей өтіп кетсек жеткен деген сол ғой, осы аз ғана малдың 
жұрнағы қалғанына да шүкіршілік. Қарлы боран болмаса, аман-есен жетерміз .                
Әшімнің  әйелі  қазанға  ірі  қараның  жалғыз  тал  жуан  жілігін  салып  қойды.  Қазан  астындағы  от 
күшейіп, үй іші сәл жылынын көңілділік орнай бастады.  «Біздің ауылдың малы да жұтаған шығар, 
адамдары аман болса болды ғой » деп ойлады Бекбай. Тағы көз алдына Жайна елестеді. Дәл осы шақ 
ауылын,  Жайнаны  аңсаған  сағыныш  жүрегіне  ағып  кірген  ғажайып  бір  жылы  ағыс  сияқты 
көкірегінің ішін қыздырып жібергендей болды. Қазан астындағы оттың кер қызыл жалынына қадала 
қарап үнсіз отырып қалды. 
Тыныштықты тағы Әшім бұзды: 
 
_ Иә, Бекбай бала, сені рулы ел болып екі жыл іздеп таба алмаған еді , сонда сен қайда кеттің? 
 
Бекбай артына қарай жамбасымен сырғып отырған соң, кең тыныс алып сөзін бастады: 
 
 _ Мен жоғалатын күні Қанекең астыма ат беріп, Сарсүмбедегі Қасым деген ұйғыр тамырына 
барып  ,  тапсырған  нәрселерін  әкелуге  аттандырған.  Мен  қалаға  барып  Қасымдыкіне  қонып  ертеңі 
қайта қайтқанда, төрт әскер қаладан шыға бергенде қоршап ұстап алды да, апарып абақтыға қамап 
тастады.  Қанағат  деген  байдың  баласымын  ,  мені  қоя  беріңдер  деп  зарладым.  Ешкім  сөзімді 
тыңдамалы,  үш  жылды  өткіздім.  Жақынла  бір  ораты  болып  шығып  кеттім.  Олар  қоя  берген  жоқ, 
әйтеу ебі келді. Тартып отырып ауылдың қыстауына келсем қаңырап бос тұр . Өзенді өрлесем , сіздің 
тошаладан түтін шығып жатыр екен . Келсем арық көксау қара шал мен қара кемпір бар екен. Сол 
үйден лән татып жанымды шақырдым,_ деп Бекбай түрмеге түскенін, жақында түрмеден шыққанын 
қысқаша баяндады . 
 
_ Сені ұстап кетті деп кім ойлайды. Ыңғай даладан іздеді,_ деді Әшім,_ біздің қыстаудағы ол 
әлгі молла ғой , демікпе ауру адам болатын , ел көшкенде , көше алмаймын, көше алмайтыным атқа 
жүре алмаймын деп қалып қалған. Алдымызда үй бар бслғаны тағы жақсы болды . 
 
Қазандағы жалғыз сүйек қайнап пысқанша Бекбай Әшіммен кеңесіп, едәуір нәрселерді білді. 
 
Алыстан  арып-ашып,  көшіп  келе  жатқанымен  Әшімнің  үйінде  киім-кешек  мол  екен.  Әшім 
Бекбайдың атын жемін жеген соң жабулатып төменгі жылы түкпірге арқандатып тастады. 
 
Ұзақ  жол  жүріп  шаршағандыкі  ме,  жоқ  тоңып  келіп  жылына  қалғандыкі  ме,  әйтеуір  Бекбай 
басы жастыққа тиісімен ұйқыға кетті. 
 
Бекбай таңертең жай оянды. Сырттағы адамдардың дабырынан басын көтерді. Әшімнің әйелі 
мосыға шәугім асып, шәй қайнатып жатыр екен. Бекбай өзінен басқалардың бәрінің тұрып кеткенін 
байқап  орнынан  тұрды.  Іңірдегі  аңыраған  желдің  дауысы  басылып  қалыпты  .  Киімін  киіп  тысқа 
шықты. Кешегі тұман айығып, аспан ала бұлттап ғана қалған екен. «Мыналарға да, маған да күннің 
ашық болғаны жақсы болды ғой» деп ойлады . 

 
Бекбай атын әкеліп ерттеп үйге кіргенде, шәй да дайын болған еді, Бекбай бетін жуып төрге 
шыққанша Әшімнің көзінің өзіне бөлекше қадалғанын сезді. Ал Әшім үш жыл жоғалып аяқ астынан, 
әсіресе,  мынау  Өр  Алтайдың  жолынан  шайтандай  пайда  болған  Бекбайға  түнімен  күдікті  көзбен 
қарады.  «Осы  пәлекет  ел  ішінде  жүрген  тәйни  болмасын»  деп  ойлады.  Оның  үстіне  Бекбайдың 
астындағы жұлынып тұрған семіз торы ат та Әшімнің күдігін асқындырып жіберді . 
 
_ Қарағым Бекбай,_ деді Әшім алдына сырғып,_ мен саған сенбей отырғам жоқ, десе де, сен 
маған өліп қалған адамның тіріліп жетіп келгені сияқты сырлы болып отырсың. 
 
Әшімнің  өзіне    күманды  көзбен  қарағанын  Бекбай  енді  анық  білді  .  «Әлгі  Қанағаттың 
қыстауына  келген  адамдардың  ауру  шалдың  үйіне  келетіні  анық  ,  менің  түрмеден  шыққанымды, 
қалай шыққанымды  сол шалдың үйінен білер» деп ойлады . 
 
_  Расында,  менің  түрмеге  түсуім,  одан  шығуым  үлкен  хикая,  оны  өз  қыстауларыңызға 
жеткенде  ұғасыздар.  Тіпті  менің  ізіме  түскедер  сіздерден  сұрауы  да  мүмкін  ,  көрмедік  десеңіздер 
болды ғой , _ деді Бекбай . 
 
_  О,  Бекбай,  сен  құйрығыңды  шұалтып  келе  жатқан  қу  екенсің  ғой,  білдім,  білдім,  енді 
шәйіңді  тез  іш  те  жолыңа  түс,  әлі  үкімет  қармағындағы  өңірден  шыққан  жоқсың,  қуғыншы  қосар 
атпен  қуса  қазір-ақ  жетіп  келеді,_  Әшім  шынысын  қолына  ала  отырып  сөйледі,  алдыңдағы  қара 
Тұңкеде үкімет әскері бар деуші еді, қазір бар-жоғын білмедік, біз бері қарай түнделетіп өттік. Сен 
сияқты жалғыз жүргіншіні көрсе ұстап алады. Сен қара Тұңкеге соқпай Ақ даламен кет. Шәйдан соң 
жол көрсетіп жіберейін, айтпақшы, жарым-жалғыз жүрсің, ыдыс, шәугім бірдеңең бар ма?  
 
Бекбай үнсіз басын шайқады. «Ыдыс есіме келмепті ғой» деп ойлады. 
 
_  Кемпір,  әлгі  кішкене  шәугімді  Бекбайға  бер,  ауылына  жеткенше  әлі  бірнеше  күн  жүреді,_ 
деді Әшім.  
 
Бекбайдың жүрегіне қорқыныш ұялай бастады. Шәйді  Бекбай да, Әшім де тез ішті. Шәйдан 
соң  Әшім  балаларына  малды  өргізіп  ,  үйлерді  жыға  беріңдер  деп  тапсырып  ,  өзі  Бекбайды  жолға 
салғалы тысқа шықты. Әшімнің әйелі киіз қалтаға салынған шәугімді әкеліп Бекбайға беріп : 
 
_ Басқа ыңғайлы ыдыс жоқ, сәл кішілеу болды,_ деді. 
 
_ Рақымет сізге,_ деп Бекбай шәугімді алып қанжығасына байлап алды.   
 
Әшім  Бекбайды  ертіп,  күре  жолдың  оңтүстігіндегі  биік  сары  доңғылыға  шықты.  Бұл  шақта 
кешеден  жалғасқан  қара  бұлт  ыдырап,  ұзыннан-ұзақ  көсіліп  жатқан  Алтай  тауы  анық  көріне 
бастаған. Бекбай атынан түсіп Әшім көтсеткен жаққа көз сала қарап біраз тұрды. Әшім тобылғыға 
саптаған қамшысымен нұсқап : 
 
_ Әнеу қара шоқыны көрдің бе?_ деп шығыс жақты көрсетті,_ сол көрінген қара шоқы Беген 
шабылған    Қарасеңгір  деп  аталады.  Дәл  соның  бергі  жақ  түбі  Қаратұңке,  өткен  жылы  сол  жерде 
Гоминдаңның  әскері  бар  деп  әрең  өткеміз  .  Қазір  бар-жоғын  білмеймін,  сонда  да  сен  оңтүстік 
шығысты  бетке  алып  жүр.  Күн  батпай  Ақдалаға  ілініп  кетесің  ,  күн  батқанша  жүріп  отырсаң 
Сартоғайдың аңғары да байқалар, ертең өзенге түсіп ап өрлесең, ел ішімен жүресің . Ұқтың ба? 
 
_ Ұқтым , _ деді Бекбай басын изеп. 
 
_  Ұқсаң  бүгін  күн  батқанша  жүріп,  атыңды  қинамай  жеткен  жеріңе  жат.  Ертең  түске  дейін 
Сартоғайдың  өзен  бойына  ілінесің.  Ел  жұтап  ашығып  отыр  деп  естимін.  Елге  қонба,  біреу-міреу 
атыңды  сойып  тастамасын.  Біреуден  шәй-шалаң  ішкен  соң  қайта  бергі  қырға  шығып  өзенді  өрлей 
берсең болды. Жете алмасаң далаға қон. 
 
Бекбай Әшімге қол беріп қоштасты. 
 
_  Рақымет  Әшеке,  маған  істеген  жақсылығыңыз  менен  қайтпаса  құдайдай  қайтар!_  деді 
әсерленіп.  
 
_ Қанағат байға  сәлем  айт,_ деп Әшім ауылына қарай жөнелді. Бекбай Әшім ұзап кеткенше 
соңынан  қарап  тұрды.  «Өзі  момын  адам  болғанда  сергек  екен  ғой»  деп  ойлады.  Сөйтті  де  Әшім 

көрсеткен  бағытты  бойлап  тартып  берді.  Аты  да,  өзі  де  дем  алып,  азықтанып  едәуір  ширап  қалған 
екен . Адырдың қары алабажақ болғанымен , жазық жерлердің қары әлі әппақ жұмыртқадай болып 
жылмиып  жатыр  .  Анда-санда  ғана  көлденең  өткен  аттың  немесе  түйенің  ізі  кезігіп    қалады  .  Қар 
қымтаған жатаған сары адырда қыбыр еткен тіршілік байқалмайды .  Бекбайдың    екі көзі алыста . 
Жау  әскерлерінің  шолғыншылары  кезігіп  қала  ма  деп  көңілі  қатты  алаңдаулы.  Күн  түске  таяғанда 
солтүстіктен оңтүстікке қарай көсіліп жатқан үлкен жайбір белге шықты. Ат басын тартып алдыңғы 
жағындағы миқы сары адырға дейінгі көсіліп жатқан қарлы жазыққа көз салды . Қыбыр еткен жан 
жоқ . Күннің нұрына жіпсіген қар беті күмістей жарқырап , көзін шақты. Жел үрдеп қарайып қалған 
қырдаңдардан тарбиған аласа  жусандардың исі бұрқырап аз да болса көктем лебін байқатады . Сары 
жазықтың қары едәуір қалың екен, торы ат алғашында астынан босай бастаған сүрі қарды күртілдете 
басып  ,  тебінмен  көсіле  аяңдап  еді,  жазықтың  арғы  шығыс  жиегіне  таяғанда  қолтықтары  мен  екі 
құлағының түбі терлеп, аяғы ауырлап, жүрісі сәл босаңсығандай болды . 
 
Бекбай баяу аяңдап адырдың жиегіне келді . Бұл арада тау жақтан анау ойда мұнартып жатқан 
Үліңгір өзеніне қарай шұбырған жол бар екен. Тіпті күні кеше ғана жүрген жүргіншілердің аты мен 
түйелерінің ізі ап-анық көрініп жатыр. Бекбай жол бойына аялдаудан қорықты. Жолдан өте шығып 
адыр  арасына  кірді.  Аласа  екікезеңнен  асқан  соң  ,  шилі  қобыға  келіп  түсті.  Қобының  шығыс 
жағындағы  төбешікке  шығып  төңірегіне  әбден  көз  салған  соң  ,  шидің  шетіндегі  тақыр  төмпекке 
келіп атынан түсті  . Ши жиегінің дөңкілдеу  жерлеріндегі  ақ  шөбі  мен жусаны едәуір  жақсы екен . 
Атының  ауыздығын  алып  қойды  да  ,  беттегі  төмпекке  бірдем  жамбастап  жатты  .  «Кешке  осындай 
жер  кезіксе  атымды  арқандап  қойып  ,  ішігіме  оранып  жата  кетермін»  деп  ойлады  .  Торы  аттың  ақ 
шөпті  қармен  қосып  обырлана  жеген  қимылына  сүйсіне  қарап  басын  қайта  көтерді.  Айнала  тым-
тырыс. Анда-санда қар астынан жылтың етіп шыға келген сары шұнақ тышқандар қар үстіне шоқшия 
қалып , айналасына сақсына қарайды да, лып етіп індеріне кіріп кетеді. Қыс бойы қыбырсыз меңіреу 
жатқан  мынау  шилі  жыраға  торы  аттың  аяқ  дыбыры  мен  ноқтасының  шылдырмағының  сылдыры 
тірлік  хабарын  әкелген  сияқты  .  Мынау  бірінен  соң  бірі  қар  астындағы  індерінен  шығып 
жылтыңдаған  сары  шұнақ  тышқандардың  қимылы  бейне  өзін  мазақтаған  сияқты  сезілді  Бекбайға  . 
Олар бірінен соң бірі жер бетіне шығып ,  «біздің шұрайлы  тыныш мекенімізге сен қайдан қаңғып 
келдің?  «Мынау  тәңір  бізге  ұсынған,  біздің  тіршілігімізге  тірек  болған  жан  ұямыз.  Өсіп,  өркендеп 
жатқан  құт  мекеніміз»  деп  тұрған  сияқты  .  Мұнда  пайда  болған  сылдырлаған  жат  дауыс  олардың 
үрейін ұшырып, сақтығын арттыра түссе керек .  
 
Бекбай екі жеңін құшынып, өзінен алыстай жайылған атының қимылына қарай отырып ойға 
батты. «Ей, Алла, мынау жер шары сынды жұмыр ғаламда тірлік атаулының бәрінің тағдыры, бәрінің 
тірлік қимылы ұқсас қой , жан барлық тірлік иесі үшін қымбат, барлығы жан үшін күреседі . Мынау 
тышқан  екеш  тышқандар  да  жан  үшін,  ұрпағы  үшін  шиқылдап    жүріп,  жарық  дүниенің  жапасын 
шегеді . Кейбірі әлде қандай жыртқыштардың жеміне айналады» деді күбірлеп . Дәл осы кезде көз 
алдына  Жайнаның  сұлу  кескіні  елестеді.  Жасыл  тысты  пұшпақ  тымағының  астынан  сарғыш  кекілі 
көрініп  ,  жымиып  күліп  тұрған  сияқты,  Бекбай  Жайнаның  кескінін  көз  алдынан  кетіргісі  келмеді. 
Көзін  жұмып  едәуір  отырды  .  Жайна  мойнын  сәл  оң  жағына  қисайтып  қиыла  қарайтын  әдетімен 
алыстан қарап тұрғандай көрінеді . Қанша ынтықса да Жайнаның сұлу жүзі айқын көрінбеді . Біресе 
әлде бір жаққа қарап қырындап тұрғандай көрінсе , енді бірде кекілі желбіреп жүгіріп келе жатқан 
сияқты елестеді. «Жайна, сүйікті Жайна, өзіңді сағындым, білдің бе, мен сені іздеп келе жатырмын » 
деп  дауыстай  сөйледі.  Осы  сөзді  айтты,  Бекбайдың  көзінен  жас  төгілді.  «Жоқ,  бүйтіп  егілмеуім 
керек,  мен  мұндай  бордай  үгілетін  ынжық  емеспін»  дегенде,  Бекбайдың  дауысы  саңқ  етіп  қатты 
шықты. Анадайда жайылып тұрған торы ат басын көтеріп Бекбайға қарады . Торы аттың алыстамай 
өзін айнала жайылғанын Бекбай енді байқады . Торы атқа сүйіне қарады. Дәл осы шақ бетегелі дөң 
Бекбайдың жамбасына мамық  көрпе сияқты әрі  жұмсақ әрі  жылы болып сезілді,  ақ шөп  пен бұйра 

жусанның жұпар исін иіскеп жата бергісі келді . Өзінің үш жылдан бері абақтыда жатып мынау кең 
даланың жұпар исін сағынып қалғанын енді сезді . Бекбай иен даланың өзіне бір түрлі тәтті ләззат 
бағыштап  ,  жанын  желпіндіріп  бара  жатқанына  қайран  қалды  .  Ол  осылайша  әр  түрлі  ойлардың 
жетегімен  түс  ауғанша атын дем алдырып , оттатып алды. Қалтасындағы аз ғана талқаннан қармен 
дымдап азырақ жеді . Қарны қанша ашса да шыдауға бекіді. Орнынан тұрып атының қасына келді. 
Бағанадан байқамапты . Атының тұсауы шешіліп бос жүр екен . Қаша жөнелмесін деген сақтықпен 
ақырын  еңкейіп  ,  шолақ  шылбырдың  ұшынан  еппен  ұстады  .  Бекбайдыкі  тым  артық  сақтық  екен  , 
торы ат тұрған орнынан қозғалған жоқ. Ауыздығын салып атына мінген соң , шығыс оңтүстікті бетке 
алып  тағы  жөнелді.  Бағанағыдай  емес,  торы  ат  едәуір  тыңайып,  аяғы  жеңілдеп  қалыпты.  Сар 
желдіріп отырып сары жазыққа шықты . Жүрген сайын жер еңіс тартып , қары бағанағыдай емес , 
жұқара бастағанын , жүрген сайын жел үрдеген қара қыраңдардың қары еріп , жазықтың қары босай 
бастағанын Бекбай анық білді . 
 
Бекбай торы аттың басын еркін қоя беріп, сары даланың ортасында соза аяңдап тартып келеді 
.  Жүрген  сайын  қарлы  дала  разинкеше  созылып  көсіле  түсті  .  Дәл  осы  кезде  Бекбайдың  көңілінде 
Жайнаны көруден басқа ешқандай арман жоқ . Көзін жұмса да , ашса да Жайнаның сұлу  елесі  көз 
алдынан бір кетпеді. Ол абақтыда жатқан үш жылды көз алдына елестеген Жайнаның елесін жанына 
алғау қылып өткізді . Енді міне сол Жайнаның елесін қуып , күнді түнге жалғап келеді . 
 
Адам  баласы  ең  әуелі  көңілге  сүйеніп  жасайды  .  Ғылыми  тілмен  айтқанда  ,  рухқа  сүйеніп 
жасайды . Күлкі мен жылау адам өмірінің екі түрлі гүлі сияқты . Тамаша пәк махаббат адам рухының 
құдіретті  әрі  мызғымас  тірегі  .  Сондықтан  кіршіксіз  пәк  махаббат  шынайы  өмірде  сирек  кезігеді  . 
Махаббат дегеніміз көңіл , көңіл дегеніміз рух .  
 
Қазір Бекбай өзінің қандай жетекке еріп келе жатқанын мүмкін сезбеген де шығар .  Ол осы 
арманның  жетегінде  қилы-қилы  қияндарды  кешіп  ,  ажал  жиегін  жағалар,  бірақ  мұның  бәрі  Бекбай 
ұшін бақыт болып сезілетіні хақ .  
                                          2 
 
 
 
Бекбай  күн  бесігіне  таяғанда  ,  селдір-селдір  сары  адырдан  шығып  ,  құс  қанаты  талатын 
бұдырсыз  қарлы  жазыққа  шықты.  Жазықтың  қары  жұқалау  болғанымен  біркелкі  екен  .  Жүрген 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет