Абайдың тұңғыш жинағын әзірлеу
Жақын туыстары Абай қазасынан кейін ұлы ақынның асыл мұрасын
жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскені мәлім. Сөйтіп, Кәкітай мен Турағұл
1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін
жинап, түгендейді. Ал, жаз айының басынан Абай мұрасын көрші әрі
туысқан есебінде болған Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп,
әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас
шебері Мүрсейіт молда, Әрхамның куәлігінше, арнайы тігілген қоста
отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан.
90
Қиыр шетте жатқан қыр қазағына үлкен қалаларға барып, кітап шығарсам
деген ойдың келе қалмасы белгілі. Бұл тым таңсық құбылыс. Олай болса, ұлы
ақын мұрасын баспаға әзірлеуге мұрындық болған кісі кім? Ол Әлихан
Бөкейханов екені, қолжазба кітап даяр болғанда Кәкітайдың Омбы қаласына
Әлекеңе аттанғаны белгілі факт. Әлекең 1915 жылы “Қазақ” газетінде
жарияланған Кәкітай туралы мақаласында: “1904 жылы Абай марқұмның
өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым” деп құнды дерек
береді (айтқандайын, Абай дүниеден өткенде алғаш рет орыс тілінде
қазанаманы жазған адам да Әлекең). Сірә, бұл хат Кәкітай мен Турағұлдың
қолына Жоннан қысқы қыстауға қайтқан уақытта тиген болар. Сөйтіп,
олардың Абай мұрасын жинауға кірісуіне бірден бір себепкер осы хат деуге
керек. Әйтпегенде баспа жайынан бейхабар адамдар өз бетінше қарманды
деген күннің өзінде, бұл істің жаңағыдай шұғыл қолға алуы неғайбіл.
Келтірілген мағлұматтар жаңалық емес, ұзын-ырғасы бұрыннан мәлім, аға
буын зерттеушілер көп айтып-жазған жайлар.
Біз Абайдың алғашқы жинағы баспаға әзірленген жайына оған шәкірті
Шәкерімнің қосқан үлесі қандай болған деген тың қырынан келмекпіз.
Мұның үстіне кейбір даталарды нақтылаудың сәті түсіп тұр.
Бірден ашығын айтайық, Абай өлеңдері мен қарасөздерін жинастыру ісіне
Шәкерімнің араласқаны жайлы дерек-дәйектер қолымызда жоқ.
Осының себебі неде? Шығармашылық иесі әрі жасы үлкен ағаның жүгі
қандайлығын жақсы білетін інілері (Кәкітай Шәкерімнен 11, ал Турағұл 17
жас кіші) бұл парыздан Шәкерімді өздері босатқан сияқты. Неге десеңіз,
Кәкітай мен Турағұл Абай ауылының өз кісілері, Абайдың мұрасын түгендеу
де негізінен осы азаматтарға қарасты ауыл тұрғындары арасында (себебі,
бастапқыда Абайдың ең таңдамалы шығармалары ғана жинақталды)
жүргізілген болатын. Сондықтан “Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы” атты
мақаласында (Абай. 1992. №3) жазушы Р.Мұсаұлының: “Мұндай үлкен игі
іске бүкіл ауыл-аймақ түгел тілеулес боп, шама-шарықтары жеткенше қол
ұшын беріп, ат салысуына сөз бар ма?” деген пікіріне біз де қосыламыз.
Екінші ескерер жәйт, Шәкерімнің қыстауы мен Абай ауылдары арасы
күнделікті аралас-құраласқа келмейтіндей қашықтұғын. Міне, Шәкерімнің
1905 жылдың қысы мен көктемінде Абай мұрасын жинастыруға қатыса
алмағандығы осы айтылған тұрмыс-тіршіліктің қарапайым түйткілдерімен өз
түсінігін табады деген ойдамыз.
Ал, енді Абай мұрасын ретке келтіруге, жік-жүйеге салуға ше? Шәкерім,
міне осыған араласқан! Оған дәлел бір құнды естелік бүгінгі күнге жетіп
отыр.
Ғылыми айналымға әлі тартыла қоймаған маңызды деректерді Әрхамқызы
Мінәш апайдың «Кәкітай» атты мақаласынан (Абай. – 1995. -№1-2. – 168 б.),
дәлірегінде осы мақалада келтірілген Кәкітайдың әйелі Бибі әжейдің
естелігінен кездестірдік. Жоғарыда Мүрсейіт Бікеұлы Абай өлеңдерін бір
айдың ішінде көшіріп жазып, қағаз бетіне түсірген дедік. Ал, одан кейінгі
бірер айда Абай жинағын әзірлеу қалай дамыған екен? Бұл әлі күнге дейін
91
беті күңгірт мәселе. Міне, Бибінің деректері осының орнын толтырар үлкен
олжа десек асырып айтқандық бола қоймас.
Бірінші - Бибі әжейдің төрт кісі болып (өзі және Турағұл, Шәкерім,
Кәкітай) «Әкемнің (Абай атам) жылын береміз деп дайындалып жүргенде
керек-жарақ аламыз деп Семейге барып жаттық» дегені. Осы бір ауыз сөз
шәкәрімтану үшін аса қымбат дерек! Абай 1904 жылдың 23 –ші июньде
қайтыс болған. Сондықтан Шәкерім бас болып, туыстардың Абайдың жылын
өткізуге қажетті керек-жарақты алуға Семей шаһарына келіп жатқан уақыты
1905 жылдың июнь айының ортасы екенін шамалау қиынға соқпайды.
Екінші – Бибі естелігінен үш туыстың (Шәкерім, Кәкітай, Турағұл)
Абайдың жинағын өздерімен бірге Семейге алғанын естиміз.
Хош, олар қолжазбаны қалаға қандай мақсатпен апарған? Қызығы осы
арада: Омбының тұрғыны Ә. Бөкейханов үш туысты Семейде қарсы алған.
Неге? Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын біріге қарап, бірлесе ойластыру
үшін. Бибі әжейдің сөзінше, Шыңғыстаудан Семейге жеткен топ
Ә.Бөкейхановпен кездесіп, келелі мәслихат құрады. «Бұл кісі кім?» деп
сұрағанымда, оқыған ақылды кісі, Абай ағамның өлеңдерін қараттық деген»,
-
дейді Бибі әжей. Және, сол күні: «Достар таң атқанша әкемнің (Абай атам)
өлеңдерін оқып, ән салып отырды. Таң қылаң бергенде ғана қонақты үшеуі
шығарып салды». Аса құнды факті дегенім міне осы!
Сонымен, Абайдың өлеңдерін бөлік-бөлікке бөліп, жүйеге салу, сондай-
ақ, алғашқы жинақтың жалпы құрылымын анықтап, оның соңына Абайдың
өмірбаянын беру сияқты мәнді мәселелердің шешуге кім кімнің қатысқанын
тұңғыш рет естіп, біліп отырмыз. Турағұл мен Әлиханның үлесі бұрыннан-
ақ-ақ мәлім болғанымен де, мәслихаттың уақыты мен орны (Семей ме, әлде
Омбыда ма) белгісіз-ді. Ал, Шәкерімнің есімі еш жерде аталып көрген емес.
Иә, Әлекеңнің Кәкітайды Омбыға шақыртып алып, бірер жұмадай екеуі
бірге болғаны белгілі. «Оқылып тексерілген соң қайта көшіртіп, бір ай
шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге алып жүрді, - деп жазады
Әрхам ақсақал. – Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті.
Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды». Ал
Әлекеңнің өзі былай деген: «1905 жылғы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың
қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді. Кәкітай біздің үйде бірер
жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мәйрам
болдық». Көріп отырмыз, Абайдың қолжазбасын әзірлеу, оны жүйелеу мен
бөлім-бөлімге салу жөнінде әңгіме болмаған. Оның себебі, Омбыға Кәкітай
соңғы нүктесі қойылған даяр қолжазбамен келген. Соңғы рет көшіруден
бұрынғы нұсқаны қай кезде, қай жерде және кімдердің талқыға салғанын
ілкіде айттық.
Осы ретте біреу біледі, біреу білмейді, 1909 жылы Петерборда жарық
көрген тұңғыш жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір
бөлікке жекелей тақырып («Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы»,
«Ғашықтық туралы», «Ой туралы» деген сияқты) қойылған еді. «Ақын
шығармаларын осылайша жіктеп, шартты түрде болса да, тақырыбына қарай
топтап бастыру, - деп жазады абайтанушы ғалым Қ.Мұхаметханов, - сол
92
замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету
мақсатынан туған болады» (Абайдың ақын шәкірттері. –Алматы, 1994. – 11-
12 б.).
Тағы бір пысықтайық, айтылмыш жіктеулер бұған дейін абайтану
ғылымында Әлекеңнің көмегімен «Кәкітай жасаған жіктеулер» (Әуезов)
делініп келген. Енді міне, Абай өлеңдерін топтап-жіктеу жалғыз Кәкітайдікі
емес, маусым айында Семейге жиналып, кеңес құрған төртеудің ортақ
жұмысы һәм шешімі екенін ашудың сәті түсіп отыр. Сондықтан бұл абай-
шәкәрімтану ғылымы үшін айта қаларлық тың жаңалық деген ойдамыз.
Қарапайым сияқты оқиғаға байыппен тоқталғанымыз да содан.
Айтпақшы, Семейде кездесіп, бірер күн көңіл көтеріп, шат болған
достар бірге суретке түседі. Бұл суретті көзі көрген Кәкітай немересі Мінәш
апай былай деп жазады: «Сол суретте әжемнің бір жағында беті боялған кісі,
бір жағында Кәкітай атам, сыртында Тұраш ағам, екінші жағында
Кәкітайдың иығына қолын салып, Шәкерім атам тұр еді». Ә.Бөкейхановты
«халық жауы» деп жарияланғандықтан сақтық жасап, бетін бояп тастаған
көрінеді. Бір әттеген-айы, бұл сурет сақталмаған, аласапыран заманда
жоғалған.
Әрхам Кәкітайұлы Абайдың жинағын әзірлеуге Шәкәрімнің ат қосқанын
білмейді емес, әрине, білген. Ол қолжазба “оқылып тексерілген соң қайта
көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып” дей отырып, “тексергендер” кім-
кімдер екенін атамай, аттап өтеді. Себеп сол баяғы: тексергендердің үшеуіне
(Әлихан, Шәкерім, Турағұл) бірдей “халық жауы” деген пәле жабылған
жағдайда өзге амалың қайсы.
Маусымның соңында Жидебайда Абайдың жылдық асы берілген, ал
Кәкітай Абайдың жинағын алып, Омбыдағы Әлекеңе шілде айының соңында
ғана аттанады. Осы ретте “Кәкітай жылдық астан соң неге бірден аттанбаған,
бір айдан астам уақыт не үшін қажет болған?” деген сұрақтың тууы заңды.
Мұның себебі, төртеудің Семейдегі (Ә.Молдабаевтың үйінде) шешіміне
сәйкес бір ай уақыт қолжазба кітапты қайта көшіріп шығу үшін Мүрсейітке
де, сондай-ақ, алғашқы жинақтың соңында басылған Абайдың тұңғыш
өмірбаянын жазып шығу үшін Кәкітайдың өзіне де қажет болған дейміз.
Әрхамның: “бір шамасында дайындатып” – дейтіні де сол.
Абай жинағын кітап қылып бастыру мақсатымен Омбыдан Қазан
қаласына келген Кәкітай, онда істің реті келмеген соң, Мәскеу асып,
қияндағы Санкт-Петербор қаласына дейін барған. Ал, жол шығынын, әрине,
ағайын-туғандар көтеріскен. Петерборға “200 сом жібердік” дейді Әрхам.
Ұзақ төрт жылға созылған шырғалаңнан соң ақырында Абайдың
алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың басқы
бетінде: “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған:
Кәкітай, Турағұл Құнанбайұғландары. СПБ., Восточная электропечатня
И.Бораганскога, 1909” деп жазылған. Сондықтан кітаптың Кәкітай мен
Турағұлдың еңбегі арқасында жарық көргеніне ешкімнің таласы жоқ. Алайда
бұл екеуіне Әлихан сияқты ақыл-кеңесін беріп, көмек қолын созған төртінші
адамның да болғанын, ол Шәкерім екенін біліп-танып жүрсек, ғылыми
93
айналымға енгізсек ұлы рух алдындағы борышымыз сәл де болса өтелер еді
пікірдеміз.
х х х
Кәкітай Петербордан елге оралғанда Мекке сапары күндіз-түні ойынан
шықпай жүрген Шәкерім одан алыс сапар жайын көп сұрап қанығады. “Жол
шығыны менен, бару сенен” деп уағда еткен қамқоршы аға да, қаржы
жағынан қол созар басқа туыс та енді жоқ. Сондықтан өзіне ғана сенуге тура
келгені, сөйтіп, мал тойынған күзгі сауда-саттық науқанда малды ақшалап
алу мәселесіне кірісуі ақылға сиымды қисын.
Қызығы, 1902 жылдың 16 қаңтарында орыс данасы Лев Толстой патша
Николай ІІ- ге хат жолдаған екен. Онда тарлан жазушы орыс үкіметі неліктен
тұйыққа тіреліп отыр деген жайды тарата келе, патша ағзамға мынадай ашық
кеңестерін айтады:
«Самодержавие бүкіл әлемнен тыс жатқан орталық Африканы
мекендейтін әлдебір ұлт-ұлыстың талабына сәйкес те шығар, бірақ ол барған
сайын күллі әлемге ортақ мәдениетке тартыла түскен орыс халқының
мүддесіне сай биліктің формасы емесі анық. Сондықтан да бұл билікті:
сақшыларды күшейту, әкімшілік жер аудару, өлім жазасына кесу, діни
қудалау, кітап, газеттерді бақылау сияқты зорлық-зомбылықтың түр түрін
қолдану арқылы ғана өмірін ұзарту, ұстап тұру мүмкін.
...Зорлық шараларымен халықты езгіге салуға болар-ау, бірақ онымен елді
меңгеру, әділ билеу мүмкін емес. Дәл қазіргі уақытта халықты шын
меңгерудің жалғыз құралы – зұлымдықтан рақымшылыққа, қараңғыдан
жарыққа ұмтылған бұқаралық қозғалыстың алдыңғы шебіне шығу, сөйтіп,
оған бас бола отырып, көздеген мақсаттардың ең жақынына жету»
(Л.Толстой. – Собр.соч. в 22-томах. –Т. 20. – М., 1984. – С. 505).
Осы хат ақ патшаның қолына тиюін тиген. Егерде ол данышпан
адамның жанашырлық ақылына дер кезінде құлақ асса бәрі де басқаша болар
ма еді, кім білсін... Бірақ 300 жыл толып отырған самодержавиелік билікке
өзінің таяу болашақта келмеске кетерін болжау қайда?
Сонымен, ХХ ғасырдың басында патшалық Ресей әлемдік ұлы
державаға айналғанымен де, жер аумағы тым далиып кеткен, армиясы үлкен,
халқы кедей, әрі алуан ұлттан бас құраған империяның ішкі қайшылықтары
шырқау шегіне жетті. 1904 жылы Ресейдің ішкі губернияларында өте көп
ереуілдер өтіп, осыдан сескенген патша үкіметі крестьяндарды қалың-қалың
топ етіп: “Сібірде, Жетісуда жер көп, байлық мол, барасың да қарық
боласың” деп переселендер тасқынын үдете түскен.
Енді бір есебі - “жау шықты, сыртпен соғысу керек” деген желеумен
“тымақпен ұрып алатын” жеңіл-желпі соғысты бастау болды. Сондағы
тапқаны – Жапония. Бірақ бұл есеп ақталмай, есесін жіберетін нашарды
тапқан екенсің дегендей, Жапония орыстың бар соғыс кемесі жиналған Порт-
Артур қаласын тартып алды. Қысқасы, Ресей соғыстан масқара боп, жеңіліп
шықты.
94
Билік әлсіреп, мемлекет титықтап тұрған осы кезде “бізге керегі сол” деп
бүлікшіл топтар бас көтеріп, революция көрігін қыздырып бақты.
Бір сөзбен айтқанда, соғыс пен бүліктерден экономика төрт аяқтап
тұралап, бұқара халықтың тұрмыс-тiршiлiк деңгейі төмендеп кеттi.
Жығылған үстiне жұдырық дегендей, 1905 жылы қазақ даласында қыста жұт,
жазда құрғақшылық. Айнала жүдеушілікке ұрынған ел...
Мезі еткен күнделікті тірлік, қоршаған қараңғы орта, еңсені басқан ел
ахуалы, ішкі беймазалық – осылардың ішінде көңіл сергітер жалғыз жаңалық
болып, 1904 жылы Транссібір теміржолы іске қосылды.
Абай дүниеден озған уақыттың келбетін М. Әуезов эпопеяда
“айықпаған сұр тұман, суық заман” және «сорлы заман» деген эпитеттермен
кескіндеген еді.
Әрине, сыртқы жағдаяттар бір бөлек те, адамның жан дүниесі өсу, даму,
кемелдену талабы бір бөлек. Шәкерімнің Мекке барсам деген ойға бекем бел
бууы алдымен осы ішкі рух әлемінің тілек-талабы деген дұрыс. Оған
мынадай дәлел алайық: “Абай түсiмнен шықпайтын болды, - дейді ақын. -
Абайдың қаралы үш жылын күту қиын болды. Ақыры ойланып, ел Бауырға
түскен соң, барлық туғандарды жинап, Абайға еткен уағдамды орындауға
сапар жүретiнiмдi айттым”.
Семей қаласына келiп керектi қаражат-қағаздарын жинақтап, тиянақтаған
Шәкәрiм ел-жұртымен қоштасып 1905 жылдың күзiнде екі мақсатпенен: бірі
–
мұсылмандық парыз, бірі – ғылым іздеп беймәлім алыс сапарға аттанады.
Мекке сапары
Абайдың ақырғы кеңесі – Шәкерімді алыс жерлерге, білім іздеуге
жіберу болғанын жоғарыда айттық. Әрине, қажылық сапарға аттану Шәкәрім
үшін оңай шешім болмаған. Едеуір қаржыны қажет қылады. Бұдан да қиыны,
ол бұл кезде үлкен отбасының қамқор әкесі еді. Өз алдына шаңырақ көтерген
Әбусуфиян мен Ғафурдан өзге балалары (Қабыш, Ахат, Зият, Жәкім) әлі
шиеттей жас-тұғын.
«Ұстазы мықтының ұстыны мықты» дейді қазақ мәтелі. Соқтықпалы
жердің бітпейтін жанталасының бәрін кейін серпіп, Шәкерiм алғаш рет ұзақ
сапар шегеді. “Жылым - қой, жұлдызым – июль” (1919) деп басталатын өзi
туралы өлеңiнде ол қажылық сапарын былайша баяндайды:
Пароходта жүрiп жолда,
Әр елде кез келiп молда.
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кiтап табылғаны-ай!
Осы шумақ бізге ақынның Стамболға пароходпен жеткенiн, бұл қалада он
үш күн болып керек кiтаптарды тапқан қуанышын жеткізсе, біз бұл сапарды
басынан, отаны Семей шаһарынан басталық.
Үш жарым мың шақырымға созылған ұлы құрылыс - Транссiбiр темiржол
торабы 1904 жылы іске қосылған соң Семей өңiрiнен қажылыққа аттанған
мұсылмандар бағыты өзгерді. Жаңа бағыт бойынша Семейден Омбы
қаласына пароходпен, Омбыдан жолаушылар пойызымен Қызылжар –
95
Қорған – Челябi - Қазан қалаларын басып Мескеуге жетуге мүмкіндік туды.
Қажыға беттеген мұсылман баласы Мәскеу вокзалында арнайы жүрдек
поезға ауысып, үш сөткеде Ресейдiң Қаратеңiз порты - Севастопольге
түсетін.
Бұл порттан теңiз кемесi (ғасырдың басында бұл портта «Одесса»,
“Царица”, т.б. арнаулы кемелер болған) жолаушыларды Түркия астанасы -
Стамболға төте жеткізетін. Стамболдан соң да сапар су бетiмен жалғасқан.
Яғни жолаушы мұсылман жамағат сумен жүзiп отырып, Египеттiң Суэц
каналы басындағы Ескендрия (Александрия) - Саид портына жетеді. Одан
соң, Жерорта және Қызыл теңiздерiн жалғаған 160 шақырымдық каналмен
жүзiп өтiп кеме Қызыл теңiз айдынына шығады да Сауд Арабияның Жидда
портына тұмсық тiрейдi. Ал, бұл порттан Мекке қаласы небары 100
шақырым. Міне, Шекерiм “Пароходпен жүрiп жолда” деуiмен осы
бағыттарды айтқан сияқты.
Сөз орайы келген соң айтқан жөн, бұрынғы замандарда қазақтар
Меккеге Арабстан шөлін басып өткен ескі маршрут та болған. Онда он үш
күн бойы түйемен кезу керек екен. Ал Құнанбай заманында қазақтар көбіне
Стамболға жетіп, онан әрі кемемен жүзген.
Соның бірі – солтүстік Кавказ арқылы Қаратеңіз жағалауына жету (бұл
қысқа, бірақ Кіші жүз қазақтарына ғана қолайлы бағыт). Бірі – Орта Азия
арқылы өтетін күрделі бағыт (Арқа қазақтары көнеде осы бағытпен жүрген).
Қажылық сапарға шыққан жолаушы ат-арба жалдап өзбектің Ташкент-
Самарқант-Бұқара-Чаржу қалалары арқылы, онан соң, қызылбас (қазіргі –
Иран) елінің ішімен өтіп, қызылбастың жағалауындағы бір портқа жетуге
тиіс еді. Бұл порттың кемесі жолаушыны Каспий теңізі бетінде бір күн, бір
түн шайқап Баку шаһарына апаратын. Осы қаладан поезбен төрт күнде Қара
теңіз жағалауы - Батуми қаласына жетіп, бұл портта тағы кемеге ауысып, үш
күннен соң Стамбол жағалауына табаны тиетін. Мұның айналыс әрі әр елдің
шекарасын қиып өтетін, қиыншылығы да, шығыны да молырақ бағыт
болғандығы анық. Сондықтан қажылыққа тәуекел ету оп-оңай емес-ті.
1874 жылы Құнанбай Өскенбайұлы бастаған қазақтың 120 белді
ақсақалы Мекке, Мәдинеде бас қосады. Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі»
кітабының кіріспе бөлімінде айтылғандай, олар Мекке, Мәдиненің шәріп,
шайқыларына өздерінің кім, қандай ұлттың өкілдері екенін түсіндіре алмай
қиналыпты. Ақсақалдар «бас қосып, тарих ақтарып», ақыры бір мәмлеге келе
алмай, Бағдат шаһарындағы Имам Ағзам кітапханасына желмаяға мінгізіп екі
кісі жібереді, соның бірі – Кіші жүзден барған білгір Досжан халфе екен. Сол
екеуі бұл сапардан қазақ халқының Әнес сахабадан өсіп-өнген жұрт екенін
араб шежіресінен іздеп тауып, нұсқасын көшіріп әкелген-міс…
Құнанбай Меккенің әкіміне қазақтың қай ұлт екенін ұғындыра алмай
қиналған тұста сарт пен ноғай екі жақтан «бұлар біздің жұрт» дескен-міс.
Сонда Құнекең қасқайып тұрып: «Жоқ, олай болмайды. Біздің қазақ сарт та
емес, ноғай да емес, өз алдына бөлек жұрт» деген екен. Сондай-ақ, осы жолы
Құнанбай бас болып, Керекуден барған жансары уақ Нұрекен сияқты
96
қалталы байлар қостап, қажыға келген қазақтар үшін Меккеде қонақ үй -
тәкие салынғаны мәлім.
Қасиетті Мекке қаласында Шәкерім атасы Құнанбай басшылығымен
салынған осы тәкиені іздеп, тауып барады. Бiрақ “менен бұрын қажылар
кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып түстiм” – дейді қажы.
Енді ақынның өзі туралы жырына тағы бір үңілейік. Автор келесi
шумағында түрiктiң бас қаласы Стамболда ел-елден (түрiк, кавказ-серкеш,
үндi, араб, башқұрт, қызылбас елдерiнен) жиылған тамам оқымысты
ғалымдармен сұхбаттасып, “сөзге кiрiскенін” паш етеді. Оқымысты ғалымдар
болатыны, баршасы ғылым жолын қуған, ақиқатты іздеген жандар,
Шәкерiмнің өз сөзiнше, олардың кейбірі “Парижде де оқыған”.
Осы ретте әр ұлттың зиялылары бiр-бiрiмен қалайша түсінісіп, сөзге
кіріскен? Бұл сұрақтың жауабын да өзі беріп, “Переводчик түрiк, ноғай”
және “әр тiлден словарь алмақпен” дейді қажы. Сөйтсе-дағы, терең ойларды
“сынап нағызына нанбақ, Наданға болмады-ау оңай!” деп ағынан жарылады.
Енді бетi күңгiрт бiрер жайға тоқталайық. Бiрiншi, Шәкерiм Париж
қаласына барған ба деген меселе. Бұл жайлы ақын өз жазбаларында дерек,
тым құрығанда бір ілік бар ма? Өз білуімізше, жоқ. Жаңағы “Парижде де
оқыған” деген бір ғана сөзінен өзге. Бірақ, неге екені түсініксіз, осы сөзді
«қажы Парижде де болған» деп бұрмалауға әуестік көп.
Әрине, мәселе қажының қай қалада болғандығында емес, басты сәттілік
өзі секілді ойлайтын және өзінен де биік рухани адамдарды
кездестіргендігінде. «Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзімнің
ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді» деген сөзінің
сыры осында десек дұрыс болар.
Екiншi, Шәкерiм қажылыққа бір емес, екi рет барған-мыс деген сөздің де
аракідік естіліп қалатыны бар. Пәлі! Мұндай мағлұматсыз, дерексіз, жалаң
сөзді көлеңкеге қарап тон пішумен парапар де де қой.
1902 жылдың күзiнде Түркiстан шаһарында бiр үлкен салтанат өтiп, оған
Шәкерiм де қатынасқан деп дәйектейді “Абай” журналының 2005 жылғы №1
санында жарияланған “Түркiстан төрiндегi бас қосу” атты мақаласында
әдебиетші ғалым Фадли Әли. Осы тойға шақырылған қонақтардың тiзiмi
табылды, оның iшiнде “Құдайбердiұлы Шаһкарим (Шәкерiм) есiмi де бар”
деп жазады. Әрине, алты алаштың игі жақсылары бас қосқан алқалы жиынға
Абайдай қазаққа аса абыройлы адамның iнiсi Шәкерiмнің шақырылуы таң
қалдыра алмайды. Алайда 1902 жылы Түркiстанға «кіші қажылыққа» сапар
шеккенi жайлы Шәкерiмнің өзі ештеңе демеген. Демек, күдіксіз емес.
Ахат ақсақал әкесінен естігендерін былайша баяндайды: “Меккенiң
тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым, - деп әңгімелеген екен
Шәкерiм. – Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескi замандағы Абу
Суфиян сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым.
…Қайта қайтқанда бiзден ауру шығып, бiр айдай Стамболда жатып қалдық.
Мен доктормен келiсiп, Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым.
Үндi, парсы ғалымдарымен пiкiр алыстым” (Ахат Шәкерiмұлы. Қажылық
сапары // Абай. – 1994. - № 9. – 37 б.).
97
Аталған қалалардан алған кiтаптарын ақын посылка етiп, Семейдегi
Абайдың қолдау-көмегiмен оқуын бітіріп, кейіннен банк қызметкерi болған
Әнияр Молдабайұлы үйiне (бұл екiқабатты еңселі ағаш үй қазiр де бар -
“Алаш арыстары” музейi орналасқан) жiберiп отырады.
Бұл жайында: «Мекке жақтан әкей Семейдегі Әнияр деген кісінің адресіне
тең-тең посылка жіберіп жатады екен, - дейді Ахат ақсақал. – Оларды Әнияр
біздің қалашыдан ауылға жіберіп, оларды үйге жинатып қоятын. «Бұл не?»
деп сұрасақ, «Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді», деп бізді
қуантып қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-ақ көрдік, бәрі кітаптар болып
шыққанын. Әкей Меккеден жазғытұрым көк шығып, жер кебер кезде келді.
Біз арбамен он бес шақырымдай жердегі Шәке ауылынан алдынан шықтық».
Бұл арада әдебиеттің дені Шәкерімнің ойшылдық кітапханасын байытқан
кітаптар екенін айтқан жөн. Яғни ертедегi шығыс ақын-жазушы,
ойшылдарының, көне грек кемеңгерлерi мен Батыс философтарының,
сондай-ақ, ертедегi Түрiк ғалымдарының жазған шығармалары болған.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында Мекке
сапарына аттанғанда және елге қайтқанда қажылар тіркелген құжаттар
сақтаулы. Бұл уақытта қажыға бару қазақта салтқа айналғанын байқататын
үлкен тізімде № 221 болып Шәкерім тіркеліп, «Семей облысы, Шыңғыс
болысының қырғызы Шакарим Худайбердин» деп көрсетілген.
Далалық генерал-губернаторының Канцеляриясы тіркеген келесі құжатта
ақынға № 6424 шетелдік паспорт (бұл паспорттың мерзімі үш ай ғана болған)
берілгені көрсетілген. Шәкерім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша
айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған.
Канцелярияның №2637 іс-қағазында 1906 жылдың 28 наурызында «Шәкәрім
Құдайбердиннен шетелдік паспорт қайтып алынды» делінген.
Қорыта айтқанда, бұрын Шыңғыстау, Семей өңірінен ұзап шықпаған
Шәкерiм үшін Мекке сапары беймәлім алыстағы ел-елді, жер-жерді көріп,
танысуға мүмкіндік берген әрі рухани соны серпіліс силаған сәт сапар
болғаны даусыз. Және, үш айдай қажылық сапардан зердесiн байытып қана
қоймай, мол ғылыми-танымдық әдебиеттер жинап оралғанын көремiз.
Достарыңызбен бөлісу: |