Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



Pdf көрінісі
бет29/29
Дата10.01.2017
өлшемі1,63 Mb.
#1586
түріӨмірбаяны
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ЭПИЛОГ 
 
Көне Семей мен кәрі Шыңғыс арасын жалғаған күре тамыр - тақтайдай 
қара  жол  бір  сағатқа  жеткізбей-ақ  Ертіс  ойпатынан  Күшікбай  асуына,  қыр 
төсіне  алып  шығады.  Міне,  ұлы  жазушы  М.Әуезовтың  кіндік  қаны  тамған 
Бөріліден де өте шықтыңыз, әне-міне дегенше ұлы Абай дүниеге келген сырт 
Қасқабұлақ  та  қол  бұлғап  артта  қалмақ.  Енді  көп  ұзамай-ақ  жүйткіген 
автокөлік  әйнегінен  кең  жазық  сахараға  жанарын  қадаған  қырағы  көз 
жолаушы  алыста    сағымға  орана  ағараңдаған  қос  биікті  байқап  қалар,  сірә. 
Ол,  әрине,  дәл  евразия  кіндігіне  орналасқан  Абай-Шәкәрім  кесенесі.  Қазақ 
поэзиясының Қағбасы – қасиетті Жидебайдың самалын көкірек кере жұтып, 
Сіз  кесенеге  бет  түзейсіз,  жүрегіңіз  әлденеден  лүпілдеген  хәлде  кесене 
баспалдығымен  жоғары  көтеріліп,  қос  ғұламаның  мрамор  тасын  сипалап 
тәуіп етерсіз. Іштей күбірлеп білген дұғаңызды жасарыңыз кәміл. 
Осымен,  сапар  тәмам,  мақсат  орындалған  сияқтанар,  достым,  бірақ 
біліңіз, Сіз жарым жолдан қайттыңыз. 
Қазір  күні  екінің  бірі  білмейді,  көшпелі  заманда  Шыңғыс  тауының 
Жидебай жағы «Бауыр», ал, таудың арғы беті сырт Шыңғыс немесе «Жон» 
деп аталған-ды. Міне, қазақ поэзиясының алтын бесігі - «үлкен Жидебай» сол 
Сарыарқаның жонында, достым. 
 
Олай  болатыны,  Абайдың  алғашқы  лирикасы  «Жазды  күн  шілде 
болғанда…»  (1886)  –  дан  бастап,  қазақ  поэзиясының  асылы,  ондаған 
шедеврлер  сырт  Шыңғыстың  Бақанас,  Байқошқар  өзендері  алабында  қағаз 

 
263 
бетіне түскені шындық. Иә, иә, дәл болжадыңыз, Шәкәрімнің Саятқорасы да 
сонда.  
Небары  50  шақырымдай  Жонға  жету  қиын.  Өйткені,  өңкей  асуды 
қиялаған тар жолмен өтесіз. Көлігіңіздің табаны бүдірлі, мықты болуы шарт.    
Әйтсе де, екінің бірі алыс шетелге де шығып жатқан заман емес пе, жайдары 
жаздың  айында  нартәуекел  деңіз  де,  Абай,  Шәкәрім  жайлауына  тартыңыз. 
Ой-хой,  керегедей  кең  Шыңғыс!  Ежелгі  ғұндардан  бермен  саған  жеті  жұрт 
келіп,  жеті  жұрт  кеткен  деседі.  Көшпенділерді  қаһарлы  көсемі  Шыңғыс 
ханды көрген жота-асуларды тамашалаудың өзі неге тұрады! Абай, Шәкәрім 
көшінің ізімен өту қандай ғанибет!  
Міне,  сырт  Шыңғыс  табалдырығы  –  Ақбайтал  асуына  да  табан  тіредік. 
Алда Бақанас, Байқошқар алабы! Енді бір сәт қиялымызбен құс боп аспанға 
самғайық та, Саятқораны кіндік нүкте қылып, айнала түгел көрінер биіктен 
төмен қарайық.  
О,  бұл  «Кең  қоныс»  деп  бекерден  аталмаған  бір  ғажайып  жасыл  әлем! 
Бауырдағы  Жидебайымыз  да,  Шәкәрімнің  екінші  ұстазы  орыс  данасы 
Толстойдың  «Ясная  полянасы»  да  алдағы  шалқармен  салыстырғанда 
құйтақандай  арал  секілді.  Иә,  иә  күллі  төскейге  -  берісі  «Барлыбай»  әрісі 
«Кең  қоныс»  жайлауына  көз  жіберген  адамның  ләззат  күйге  бөленбеуі,  яки  
тынысы ашылып, жаны жадырамауы,  сірә да,  мүмкін емес.  
Саф ауа мен шұрайлы топырақ Абай мен Шәкәрімнің шабытына шабыт, 
ойына  ой  қосқаны  хақ.  Олардың  өз  өмірінің  күнгейі,  сәулесі,  шұғыласы 
молдау бөлігін дәл осы аумақта өткергеніне күмән жоқ.  
Бақанас  жеріне  ынтық,  ғашық  болған  Мұхаңның  (Әуезов)  қаламы 
былайша  толғайды: «Кеңөзек жайлаудағы шалқар қоныстың бірі еді, бұның 
жері  биік,  кең  төскей  болатын.  Терісаққанның  елі  жиылып  көшкенде,  кей 
кездерде Кеңөзекте он бес-жиырма ауылдай ел сиып кететін қоныс бар еді. 
Қойнын ашып, төсін керген жалпақ шалғынды өзектің ортасында Кеңөзектің 
жіңішке суы ағатын. Бұл қоныстың өзге жайлаулардағы қоныстардың ішінде 
ең ерекше жері – жаздың қандай ыстық күні болса да, өзге жерден ерекше бір 
салқыны  болатын.  Солтүстіктегі  биік  таулардан  асып  келіп,  үзіліп-үзіліп 
майысып  соғып  тұратын  қоңыр  салқын  желі  болушы  еді.  Өзектің 
айналасындағы  төбелер  ылғи  жасыл  шөпке  оранып,  мәңгі  жастық  түсінен 
айрылмайтын  сяқтанушы  еді».  Міне,  әйгілі  жазушы  «Барымта»  атты 
әңгімесінде  өзі  өле-өлгенше  сүйіп,  жадында  мәңгі  сақтаған  жер  мәйегін 
осылай  суреттеген.  Бұл  арада    көркем  шығармадағы  Кеңөзек  –  өмірдегі 
Кеңқоныс алабы деп дәлел алудың өзі артық та шығар.   Әйтсе де  айталық, 
аталған әңгімесін жазушы 1924 жылдың жазында «Бақанас» артеліне келіп, 
өңірді  асықпай  аралап,  аунап-қунап  қайтқан  соң  жазған.  Осы  сапарында 
Бақанас  тұрғындарымен  талай  әңгіме-дүкен  құрған,  әсіресе,  Саятқорадағы 
данышпан  қария  Шәкәріммен  көп  әңгімелесіп,  Абай  және  оның  заманы  
жайында  құнды  мағлұматтарға  қанықан-ды.  Қыс  бойы  аңсап,  Бақанасқа 
келер  жазда  да  сағына  жеткен-ді.  Айтпақшы,  «Бүркіт  аңшылығының 
суреттері» деген әңгімесі де осы сапарларының жаңғырығы.   

 
264 
Ылғи  жасыл  шөпке  оранып,  мәңгі  жастық  түсінен  айырылмайтын  деп 
Мұхаң  айтып  отырған  кең  өзек  айналасындағы  төбелер  мен  жоталарға 
келсек,  олар:  оңтүстікте  –  Қаранай,  Тазқызыл,  Балға,  Тектұрмас,  Құр 
жоталары,  шығыста  –  Буратиген,  Егізқызыл,  Жәнібек,  Тезек  шоқысы, 
Ақшатау  жоталары,  батыста  –  Көксеңгір,  Жорға,  Жауыртағы,  Шорқашқан, 
Шымылдық,  Жосалы  биіктері,  ал  солтүстікте  –  Керегетас,  Қаражал, 
Қызылжал,  Айдарлы  қойтас,  Бұшантай,  Ділдә  жоталары.  Сүйкімді,  әдемі 
атаулар.  Міне,  ыстықта  қоңыр  салқын  желі  осы  биіктерден  саумалап, 
майысып соғып тұрады. Кеңқоныстың «өзге жайлау ішінде ең ерекше» болуы 
содан.  
Иә, қоныстың кең әрі жанға жайлы болуының жөні бар: сайып келгенде, 
бұл  төскейде  Арқаның    үш  тауы  (Ақшатау,  Шыңғыстау,  Шұбартау)  өз 
етектерімен  ұштасады.  Енді  мынаған  қараңыз:  Абай,  Шәкәрім,  Мұхтардың 
жолы (шығармашылығы ғана емес, жұтқан ауа, басқан топырағы жағынан да) 
осы  географиялық  нүктеде  қиылысуында  символикалық  әдемі  мәнмағына 
бүгулі  сияқтанады.  Бәлкім,  үш  алып  тұлғамыздың  әлемді  таң  қалдырған 
эпикалық қарымының сиқыры осы арада шығар. 
Жаңа үш алыпты да баурап, сезімтал жүректерін тербеткен алтын бесік   
қырат-жондар ішінде бір таудың аты аталмай қалды. Ол Шақпақ тауы.   
73  жыл  бұрын  (1858  жылы,  шілдеде)  осы  таудың  Бала  Шақпақ  деген 
етегінде  отыз  жастағы  Құдайбердінің  ақ  отауында  жаңа  туған  сәбидің  шыр 
еткен  ащы    дауысы  таңғы  тыныштықты  бұзғантұғын.  Осы  жайлауда  ол 
құлындай құлдырап өсіп ержетті, ұзақ өмірінде би, болыс, ел ағасы да болды, 
алаш  ақсақалы  да  атанды.  Өмірінің  соңында,  иә,  иә  әлгі  сәби  қия-шыңға, 
қазақтың ұлы ойшыл шайыры биігіне жеткен кезеңінде … мұтылды.  
Жетінші  мүшелге  аяқ  басқан  жасында  кіндік  қаны  тамған  топырақта 
қапияда  мәңгі  көзін  жұмды.  Тартылған  бұлақ,  сөнген  шырақтай  өнегелі 
ғұмыр қиылды. Қазақ ой-сана көгінің самаладай жарық жұлдызы ағып түсті. 
Қайран  тағдыр-ай,  жұмбағың  неткен  түпсіз,  шешімің  қандай  қатал  сенің. 
Абайдан  кейінгі  кемеңгер  тұлғаның  сүйегін    арулап,  аза  тұтып  қолдан  қою 
мүмкіндігі болмайды деп кім ойлаған.  
Данышпанның  «Көңіл»  деген  өлеңінде:  «Қалам  ба  мола  боп  сайда?» 
дегені келді.  Сүйегі сайға, құр құдыққа тасталды. Соңғы өлеңдерінде айтқан 
«Апармай елге, көміп мұнда» дегені, сондай-ақ: 
                             
Егер өлсем бұл жерде, 
                              
Бір күні тауып аларсың. 
                          
…Келмеске бір бүгін кетермін, 
                              
Жалғанға, сірә, сенім жоқ,- 
деген сөздері де шынға айналды.   
Жендеттердің мылтығы тарс-тарс атылғанда, көпті көрген кәрі Шыңғыс, 
сенің маңқиған тау-тасың да селт ете: «Әй, адам-заты-ай, озбырлығыңда шек 
болсашы!»  деп,  ауыр  күрсінген  шығар-ау.  Өйткені,  елім,  жұртым,  барша 
адамзатым  деп  бүкіл  саналы  ғұмырын  сарп  еткен  гуманист  ақынның,  асыл 
адамның дәл осындай қайғылы қазасы, әй әлем тарихында да сирек... 

 
265 
 
Иә,  иә,  тәубә  делік,  Тәуелсіздіктен  соң  данышпанның  мұрасы  туған 
халқына оралды, рухы жеңіп шықты. Әулиенің 30, 30 емес-ау, 55 жылғы  ізі 
сайрап жатқан Шақпаққа бара қалсаңыз, абай болыңыз, ағайын. Оның әрбір 
тасы  киелі  экспонат…  Тасы  деймін…  әйгілі  жалғыз  тамның  орны  әлі  де 
жермен-жексен  болып  жоғала  қойған  жоқ.  Оның  құлаған  қабырғаларын 
айыра  аласыз.  Ат  қорасы  қай  жағында…  Қоңыр  атты  суарған  тас  бұлақ 
қайсы? Анау бір жер сол бұлақтың табаныау, сірә.   
50 де, 100 жыл да әлі-ақ өте шығар. Құдай қаласа, қазақ қабырғалы қалың 
елге  айналып,  киелі  мекен  -  Шақпақты  іздейтін  ұрпақ  та  өсіп  жетілер. 
Шәкәрімнің  су  алған  бұлағының  көзі  аршылып,  құрқұдыққа,  там,  қорасы 
тұрған жерлерге мәрмәр  тастар да қойылар. Абай туралы пікірлесіп отырған 
Шәкәрім мен Мұхтарды кескіндеген еңселі ескерткіш те тұрар осы төскейде. 
Семей-Жидебай-Шақпақ  арнайы  маршрутымен  алыс  елдерден  ат  арылтып 
жеткен  құрметті  қонақтар  оның  етегіне  гүл  шоғын  қойып  жатар  (евразия 
кеңістігінде Абай, Шәкәрім, Мұхтардан асқан әулиең кәне?!). Әрине, мұның 
бәрі әзірге «бәлкім» деген сөзбен айтылуға тиіс тұспалдар. Көк тұманданған 
келешек қана. 
Анық ақиқат бір нәрсе бар, ол әлем ойы алыптарының ұлы күмбез-мәңгі 
ескерткішті  өздеріне  өздері  қалап  кететіндігі.    Мейірімді  Тәңірінің  сүйген 
құлына силаған әділ сыбағасы, жоғары ғарыштың бұйрығы болған соң, мұны 
ешкім өзгерте алмақ емес, жоқ қыла алмақ емес… Шәкәрім мұрасы мәңгілік!  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
266 
 
          
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  НЕГІЗГІ  ДЕРЕК  КӨЗДЕРІ 
 
       
Шәкәрім  шығармалары  //  Өлеңдер,  дастандар,  қарасөздер.  Құраст. 
М.Жармұхамедов, С. Дәуітов, [ А. Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988. 
– 
560 б. 
       
Шәкәрім  //  Өлеңдер  мен  поэмалар.  Құраст.,  алғы  сөзін,  түсініктерін 
жазған М. Мағауин. – Алматы: Жалын, 1988. – 254 б.   
       
Әуезов  М.О.  Абай  Құнанбайұлы  //  Монографиялық  зерттеу.  –  Алматы: 
Санат, 1995. – 320 б. 
       
Әуезов М.О. Абай жолы. Роман-эпопея. Бірінші, екінші кітап. – Алматы: 
Жазушы, 1990. 
       
Шәкерімұлы  Ахат.  Менің  әкем,  халық  ұлы  –  Шәкерім  //  Шәкәрімтану 
мәселелері. – 1 том. – Семей-Новосибирск, 2006. – 145-239 бб. 
       
Мұхаметханов Қайым. Шаһкәрім  // Шәкәрімтану мәселелері. – 1 том. – 
Семей-Новосибирск, 2006. – 48-100 бб. 
       
Мұхаметханов Қайым. Абайдың ақын шәкірттері. Төрт кітап. – Алматы, 
1994. 
       
Ысқақов Әрхам. Абайдың өмір жолы  //  Ұлы Абайға адалдық. – Семей, 
2005. – 56-
245 бб. 
       
Архив айғақтары: ҚР ОМА қорынан, энциклопедиялық көрсеткіштерден, 
«Абай»,  «Жұлдыз»,  «Шәкәрім»,  «Шәкәрім  әлемі»  журналдары,  «Семей 
таңы», «Совхоз туы» газеттері т.б. мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған 
деректерден,  Шәкәрім  өмірі  мен  шығармашылығына  арналған  ғылыми-
тәжірибелік конференция материалдарынан алынды. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
267 
ШӘКӘРІМНЕН  ТАРАҒАН ҰРПАҚТАР 
     
     
Құдайбердіұлы Шәкәрімнен 7 ұл, 6 қыз тараған (2 ұл, 2 қыз жастай өлген) 
– 
жиыны 13 ұрпақ. 
     
Бірінші  әйелі  Мәуеннен  ұлдары:  Әбусуфиян  (Суфиян),  Ахметтауфиқ 
(Тауфиқ жастай өлген)  және қыздары – Меймана, Ғалия.  
      
Суфиянның келіндей алған әйелі Сафурадан туған ұлы Талғатбек (1911-
1971).  Талғатбектен  Берік,  1950  жылы  туған,  Талдықорған  жақта  тұрады.  
Суфиянның  жеңгедей  алған  әйелінен  -  Шәмел,  одан  Бану  Абай  ауданының 
тұрғыны. 
       
Ал Шәкәрімнің Мәуеннен туған қыздарына келсек, Мейманадан – қызы 
Мәмпаси  Алматыда  тұрады.    Ғалиядан  –  Қабыкен.  Қабыкеннен  –  ұлы 
Нұрбек, 1964 жылғы,  Семейде тұрады. Мектеп директоры. 
      
Шәкәрімнің екінші әйелі Айғаншадан: ұлдары - Ғафур, Жебрәйіл (жастай 
өлген), Қабыш, Ахат, Зият, қыздары – Күлзия (жастай шетінеген), Жәкібала 
(Жәкім), Гүлләр.  
       
Ғафурдың  әйелі  Мәкейден  –  ұлы  Баязит,  қыздары  Ләбиба,  Нағима, 
Кәмилә.  Ғафур  1883  жылы  туған,  1930  жылы  Семей  түрмесінде  қорлыққа 
шыдай  алмай,  өзіне  өзі  қол  салған.    Ғафурдан  көрген  немерелері  жайында 
ақынның: «Ғафурдан қалған көп жетім» дейтіні сол.  
      
Ғафурұлы Баязиттен (1905-30) ұрпақ жоқ. Баязит те әкесі сияқты өмірін 
өзі қияды.  
       
Ғафурдың қыздарынан тараған ұрпақтар. Үлкен қызы Ләбиба 1907 жылы 
туып,  1980  жылы  қайтыс  болған.    Екіншісі  Нағима  1912  жылы  туып,  1982 
жылы  дүниеден  өтті.  Екеуі  де  Семейде  тұрды.  Ләбибадан  Қадиша,  Клара, 
Рысқайша.  Қадишадан  Нұржан,  Ержан,  Сәуле.  Нұржан  мен  Ержан 
Қантаевтар  ұлы  атасының  атына  лайық  азаматтар.  Нағимадан  Төлеубек, 
Забира. 
      
Ғафурдың  кенжесі  Кәмилә  (1918-2000)  Талдықорғанда  тұрған. 
Шәкәрімнің  Кәмиләден  тараған  жиендері:  Раушан  (1947),  Бақытжан  (1949), 
Мейрамхан  (1951),  Разида  (1954),  Мақсатжан  (1959).  Бақытжан  мен 
Мейрамхан  Ғабдуллиндер  техника  ғылымдарының  кандидаты,  Алматыда 
тұрады. Раушан Талдықорғанда, соңғы екеуі Павлодарда тұрады. 
      
Шәкәрімұлы Қабыш 1898 жылы туған, 1931 жылы аштықтан өлген. Әйелі 
Мәшімнен Қапият атты бір қызы болған, ол детдомға өткізілген екен.   Ахат 
ақсақал  ағасы  туралы:  «Қабыштың  қабілеті  бәрімізден  артық  еді,  Ол  ағай 
өлеңді  қолма-қол  айтып,  ойын  дөп  түсіретін,  33  жасында  қайтыс  болды». 
Қабыштың әкесі туралы өлеңінде төмендегі шумақтар бар: 
                              
Хажы, ғалым, мұхтасыр, 
                              
Туыс қадір сый болған. 
                              
Болыс, ақын, писатель, 
                              
Облыстық би болған. 
                                      
Ақыл таппай қалмаған, 
                                      
Сауығы жоқ салмаған. 
                                      
Білім, талап, жүлдесі, 

 
268 
                                      
Мансабы жоқ алмаған.       
       
Ахат  Шәкәрімұлы  Құдайбердиев  (1900-1984)  үлкен  ақындық  қуат  иесі. 
Көп өлеңдері бар. Бірақ ол өз шығармашылығын ысыра тұрып, күш-жігерін 
әкесінің  мұрасын  халқына  жеткізуге  сарқа  жұмсады.  Осыған  қоса,  әкесі 
туралы естелік жазып, бәрінен артық, бәрінен толық мағлұмат берді. Алматы 
облысының  Тастақ,  Байсерке  деген  жерлерінде  ұзақ  жылдар  (1939-1960) 
ұстаздық  қылып,  құрметті  демалысқа  шыққан  Ахат  аға  1968  жылы  еліне 
көшіп келді. Абай музейінде ғылыми қызметкер болып істеді.  
      
Шәкәрімұлы Ахат бірінші әйелі Сағиладан Рух атты бір ұл және бір қыз 
көрген,  есейіп  қалған  олар  аштық  жылдары  Семейде  Шәкенің  қызы 
Райханның үйінде көз жұмады. Өзі 1931 жылы бес жылға сотталып, одан соң 
да  елге  жолай  алмай,  Алматы  жаққа  орныққанда  екінші  әйелі  Хадишаға 
(Қаден) үйленген. Хадишадан – Сара (1928 ж., әкесі бөлек), ұлы Фзули (1942-
1983). Сарадан – Ләззат, 1950 жылғы. Фзулиден – Дәулет, 1982 жылғы. Бәрі 
де  Алматыда тұрады. 1967 жылы Ахат Батима шешейге үйленіп, осы кісінің 
қолында дүниеден өтті. 
      
Шәкәрімнің  кенже  ұлы  Зият  1903  жылы  туған,  1931  жылдың  күзінде 
Қытайға өтіп, әкесінің қолжазбаларын өзімен бірге сонда апарған. Ол 30-шы 
жылдардың  соңында  қытайдың  абақтысында  азапталып  қайтыс  болған. 
Шәкәрімнің  төл  қолжазбаларының  тағдыры  белгісіз…  Зият  та,  ағасы  Ахат 
сияқты зерделі, үлкен парасатты иесі. Қытай қазақтары арасында ол әкесінің 
мұрасын  насихаттаған,  өзі  де  өлең  жазып,  ән  шығарған,  қысқасы,  зор 
ағартушылық қызметтер атқарған зиялы ретінде атақты болған. 
       
Зияттың  бірінші  әйелі  Күлжікеннен  –  бір  ұл  болған  (аты  –  Мырзақазы 
болса  керек).  Аласапыранда  Қытайға  өткен  Зият  екінші  рет  үйленген.  Сол 
жақта Сейтқазы Нұртаев деген оқу бөлімі бастығының қызын алған. Зияттың 
екінші  әйелінен  бір  ұл  -  Мереке  деген,  1937  жылғы.  Мерекеден  –  Нұрлан 
(1966), Гәуһар, Меруерт, Сәуле – Алматыда тұрады.  
       
Зияттың «Әкеме» деген өлеңінен бір үзінді: 
                                       
Жиырма сегіз жасымда, 
                                       
Жалғанның көрдім тарлығын. 
                                       
Қайғыны салдың басыма, 
                                       
Ең ауырын, барлығын. 
                                              
Әкекем, Сізді сағындым, 
                                              
Ойласам, естен жаңылдым. 
                                              
Жас өмірді сөндіріп, 
                                            
Тағдыр-ау, саған не қылдым?! 
        
Құнанбай ұрпақтары барып тұрған геноцидке ұшыраған. Шәкәрімнің 72 
жасында жазған «Есіз қорада» деген қоштасу жырында мынадай жолдар бар: 
                                        
Сыр білдірмей, сыйлаған, 
                                        
Сүйенішім деп ойлаған, 
                                        
Өлім түгіл бейнетке 
                                        
Біреуі мені қимаған, 
                                        
Мәкей, Мәшім, Сағила, 
                                        
Күлжікенге сәлем айт! 

 
269 
       
Мұнда  есімі  аталған  төртеуі  де  өзінің  келіндері:    Мәкей  –  Ғафурдың, 
Мәшім –  Қабыштың, Сағила – Ахаттың, Күлжікен – Зияттың әйелі. Замана 
тарлығын  осыдан  біліңіз:  төрт  келіншек  те  жарынан  екеуі  -  өлідей,  екеуі  – 
тірідей айырылған!    
      
Енді  Шәкәрімнің  Айғаншадан  туған  үш  қызына  келсек,  үлкені  Күлзия 
(Кәмпит)  анасы және ағасы Қабышпен бірге Қарасартовтың «азап лагерінде» 
он ай қамалып, аштықтан көз жұмған.  Бұл қайғылы оқиғаны Ахат «Аштық 
азабы» деген өлеңінде былайша жазады: 
                               
Жөнелген Күлзия мен анамды айдап, 
                               
Осы емес пе әкетті деген байлап. 
                         
...   Оныншы айда босатып жібергенде, 
                               
Бір Гүлләрдан басқасы өлді аштан.     
       
Шәкәрімнің  ортаншы  қызы  Жәкім  1920  жылы  Сүлейменұлы  Қабышқа 
тұрмысқа шыққан. 1932 жылы Шыңғыстауда «бандиттің қызын алдың» деп 
Қабышқа маза бермеген соң, ол үш баласы мен әйелін алып, Қытайға кетуге 
мәжбүр  болады.  Екі  баласы  Қожахафиз  (1924  жылы  туған)  бен  Қожанияз 
(1928 ж)  Аякөзден Үржарға келе жатқан жолда қайтыс болады. 
      
Жәкімнің тұңғышы Қожақапан 1921 жылғы (одан кейінгі екі ұл аштықтан 
өлгенін  жаңа  айттық),  Тауфиқ,  қызы  -  Нәзипа.  Қожақапан  мен  Зиятұлы 
Мерекені Қытайдан Әзімбайұлы Бердеш алып өткен көрінеді. Қожақапан 75 
жасында  Алматыда  қайтыс  болды,  ұрпағы  туралы  біле  алмадық.  Тауфиқ 
Досаев  (1933-2004)  Семей  педагогикалық  институтында  доцент  болып 
қызмет  етті.  Қыздары:  Сәуле  (1963),  Шолпан  (1966).  Жәкімнің  кенжесі 
Нәзипа (1940 жылы туған) Алматының тұрғыны болған. 
       
Шәкәрімнің  өзі  өлеңінде  «сарқыншақ  кенжем,  шын  жаным»  деген  кіші 
қызы  Гүлләрдан  (1914-1970)  –  ұлы  Фатих  (1942),  қызы    Бәтен,  шын  аты  - 
Батиха (1945). Бұлар Алматыда тұрады. Әкесі өлгенде 1931 жылы Гүлләрдің 
айтқан:  
                            
Сарыарқаның Жонында 
                           
Хақиқат-ардың соңында, 
                           
Отырған әкем тамында, 
                           
Серігі – қалам қолында, - 
деп  басталатын  ұзақ  жоқтауы  бар.  Жоқтаудың  соңында  өзі  туралы  былай 
айтады: 
                           
Торға түстім тұтылып 
                           
Әлім жоқ кетер құтылып, 
                           
Басымнан кешкен көп – қайғы, 
                           
Кетпейді ойдан мұтылып. 
                                  
Он жеті толар жасымда, 
                                  
Айықпай көзден жасым да, 
                                  
Дос түгіл, дұшпан көрмесін, 
                                  
Қазаны тартқан басымда. 
       
Гүлләр – Қарасартовтың азап лагеріндегі адам айтқысыз қинауға, күндіз-
түні  тергеуге  шыдай  алмай,  у  ішіп  өлмек  болады.  Бірақ  жанындағылар  сүт 

 
270 
ішкізіп,  әр  түрлі  шаралар  қолданып,  аман-есен  алып  қалады.  Елден  кетіп, 
Алматы жақта тұрмыс құрады. Балалары Алматыда. 
 
          
Ескерту: келтірілген шежіре-тізбе Ахат  Шәкәрімұлы, Тауфиқ Досаев, 
Мәкен  Турағұлқызы,  Кәмила  Ғафурқызы,  Ниязбек  Алдажаров  түзген 
шежірелер мен жазып қалдырған деректер бойынша жасалды.
  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
271 
 
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН 
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ 
ДАТАЛАРЫ 
 
1858, 11 шілде – сырт Шыңғыстың жайлауында, Бала Шақпақта туылған. 
 1863 – 
67 жж. -  ауыл молдасынан сабақ.  
1866, май – Әкесі Құдайберді Құнанбай баласы қайтыс болады. 
1866, май – Сегіз жасар болашақ ақынның алғашқы өлеңі. 
1875 – 
17 жасар бозбала ақынның өлең жазумен әуестенуінің басы.   
1878, көктем -  екінші анасы Ботантайдан туған әнші ағасы Әмір дүниеден 
өтті.  
1878-
80 жж. – Шыңғыс (бұрынғы Күшік-тобықты) болысының болысы. 
1880  – 
«Жаз  келер»,  «Арман»,  «Жайлаудың  баласымен  айтысы»    деген  үш 
туындысы. 
1881  – 
Ғашығы  Айғанша  Махмұтқызына  арнаған  «Шын  сырым»  атты 
махаббат лирикасы. 
1882 – 
Сүйген аруы Айғаншаны (лақап аты - Майапаң) кіші әйелдікке алады. 
1883  – 
Ғафур  атты  ұлы  дүниеге  келеді.  Осы  жылы  «Бәйшешек  бақшасы», 
«Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы» туындылары. 
1890 – 
«Бозбала мен кәрілік», «Жастарға» өлеңі. 
1891 – 
«Қалқаман-Мамыр» поэмасы. 
1892 – 
«Еңлік-Кебек» поэмасы. 
1896 – 
«Ләйлі – Мәжнүн» дастанының алғашқы аударма нұсқасы. 
1898 – 
40 жастағы ақын ғылым жолына біржола бет түзейді. 
1899-
1905 жж. – «Қазақ айнасы» жинағына енген азаматтық лирикасы. 
1899 – 
Орыстың тілі мен әдебиетін терең меңгеруді қолға алады. 
1903 – 07 
жж. Географиялық орыс қоғамы Семейдегі бөлімшесінің мүшесі. 
1903 – 
Пушкиннің «Дубровский» романын өлеңмен аударады. 
1904, маусым – ұстазы Абайдың қазасы. 
1905, қазан – 1906, наурыз - қажылық сапары.  
1905  – 
06 жж. - Ә.Бөкейханов бастатқан азаматтармен бірге қоғамдық-саяси 
істерге араласады.   
1907-
1911 жж. –  ең табысты кезеңнің бірі: «Шежіре» кітабын бітіру,  «Ләйлі-
Мәжнүн» дастанын төл шығармасы етіп қайтадан жазу, «Дубровский» 
поэмасын  толықтырып,  өңдеу.  Азаматтық  лирика  тақырыбында  20 
тарта жаңа жыр. Аудармалар. Тамам мұрасын баспаға әзірлейді. 
1911  – 
Орынборда «Шежіре» және «Мұсылмандық шарты» деген екі кітабы 
баспа бетін көреді. 
1912  – 
Семейде  «Қалқаман  –  Мамыр»,  «Еңлік  –  Кебек»  поэмалары,  «Қазақ 
айнасы» жинағы жарыққа шығады. 
1913 – 
55 жастағы ақын алғаш елден оңашаланып, жайлауда қыстап шығады. 
Осымен, «ағарту дәуірі» аяқталып, «ойшылдық дәуірі» басталады. 
1913-
17  жж.  –  философиялық  маңдай  шығармасы  –  «Үш  анық»  трактаты,     
кейбір жаңа жырлары. Журналистика саласындағы қызметі.  

 
272 
1917, ақпан – Ақпан төңкерісіне арнаған өлеңі.  
1917 – 
Семей уездік земствосының Шыңғыстау болысынан депутаты. 
1918, қаңтардан қарашаға дейін – Алашорда үкіметінің соты, төбе биі. 
1919  – 
Екінші  рет  жапанда  оңашалану.  Қожа  Хафизден  аудармалар,  
философиялық жолмен жазылған лирикасы. 
1919-
22  жж.  Философиялық  толғаулары,  «Тау  басындағы  ой»  атты  он 
өлеңнен тұратын циклі.  
1923  жылдың  басы.  Ташкентте  «Шолпан»  журналында  «Ләйлі-Мәжнүн» 
дастаны.  Осы  жылдың  жазында  Мұхтар  Әуезовтің  сахара  ойшылын 
Шыңғыстауға  барған  саяхатшы  неміс  ғалымы  Макс  Кушинскиймен 
таныстыруы.  Ол  Шәкәрімнің  берген  мәліметтерін  «Степь  и  его 
обитатели» атты кітабына енгізеді.   
1924 – 
Семейде «Дубровский» дастаны жеке кітап болып басылады. «Мұңды 
шал», «Тура жолда қайғы тұрмас» т.б. өлеңдері. 
1924-
25  жж.  –  М.Әуезовпен  пікірлесу.  Абайдың  толық  жинағына  құнды 
мағлұматтарды беруі. «Таң» журналына арнап «Әділ-Мария» романын 
жазуы. 
1925 – 
Бақанастан Шақпаққа жаңа «Саятқораға» қоныс аудару. 
1926-
1929  жж.  –  «Иманым»,  «Жаралыс  сыры»,  «Жан  сыры»  атты 
топтамаларға енген ғақлия поэзиясы. 
1929-
31 жж. -  «Мұтылғанның өмірі», тағы басқа өмірбаяндық жырлары.  
1931, 2 қазан, таңсәріде – 73 мүшел жасында жендеттер оғынан қаза тауып, 
мәйіті құрқұдыққа тасталды. 
1961, 8 август – құрқұдықтағы сүйегі қазылып алынып, Жидебайдағы Абай 
зиратының қасына жерленді.  
1958, 29 қазан – СССР Бас прокуроры канцеляриясы Шәкәрімнің ақталғаны 
жайында құжатқа қол қояды.  
1988,  14  сәуір  –  Қазақстан  Республикасы  Орталық  комитеті  Шәкәрім 
Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдайды.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
273 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Автор туралы мағлұмат: 
 
         
Омаров  Асан  Қайырбекұлы    техника  (1985)  және  философия  (2006) 
ғылымдарының  кандидаты,  1951  жылы  бұрынғы  Семей  облысы  Бесқарағай 
ауданы  Бөденелі  ауылында  туған.    1994  жылдан  беріде  Семей  қаласында 
шығатын  республикалық  «Абай»  журналында  қызмет  істеп,  Абайдың 
философиялық мұрасын насихаттаумен айналысады. 
      
Соңғы жылдары Шәкәрімнің өмірі мен мұрасына ден қойып, еселі еңбек 
етті.  Тарихитанымдық  және  ғылыми  публицистика  жанрында  жазылған 
жүзге тарта ғылыми еңбектердің авторы.   
 
 

Document Outline

  • Шыққан тегі мен өскен ортасы
  • Бала, бозбала шағы
    • ІІ.  ЖИЫРМА  МЕН   ҚЫРЫҚ  АРАСЫ
    • Ақынның тырнақалды туындылары
  • Күнім жоқ жиынсыз…
  • Дүние қу – бір ағын су
  • Алғашқы  оңашалану және оның себептері
  • Бастапқы журналистік қызметінен
    • Шәкәрім және Мұхтар
    • Қос алыптың  шығармашылық қатынасы
  • Ақын мен арамза
  • Соңғы күзде


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет