Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)


Ақынның үш құмары (ой, өлең, мал)



Pdf көрінісі
бет13/29
Дата10.01.2017
өлшемі1,63 Mb.
#1586
түріӨмірбаяны
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

Ақынның үш құмары (ой, өлең, мал) 
      
Үш құмары (ой, өлең, мал)  жайлы ақын «Махаббат пен құмарлық» атты 
(1911)  өлең  сөзінде  айтқан.  Сөз  басында  келтірген  едік.  Үш  құмардың 
тасасында тұрған өмір деректері қандай?  Осыны аршып көрелік.  
       
Әуелі  өлең  құмары  жайында.  Тарих  кітабынан  мәлім,  1908-12  жылдар 
аралығында  алғашқы  орыс  төңкерісіне  қатысқандар  қуғын-сүргінге 
ұшырады.  Николай  патша  чиновниктері  жазалау  шараларын  қолға  алып, 
оларды  қазақ  сахарасында  қалай  жүзеге  асырғаны  мысалына  Ә.Бөкейханов 
пен  М.Дулатовтың  абақтыға  жабылғанын  айтсақ  та  жеткілікті  (Саяси 
оқиғалар  қазанында  қайнаған  Әлекеңнің  не  үшін  қамауға  алынғаны  жайлы 
сұрақ  тумайды.  Ал,  Міржақыпқа  келсек,  жағдай  өзгеше.  Ол  1909  жылы 
жарық көрген «Оян, қазақ!» атты поэмасы үшін абақтыға жабылды. Өлең сөзі 
үшін қамауға алыну бұрын-соңды қазақ құлағы естімеген оқшау оқиға.  Бір 
жағынан, осы жай М.Дулатов есімін исі қазаққа әйгілеп өтті).    
      
Репрессия  басталған  1908  жылдан  саяси-қоғамдық  істерден  Шәкерім  де 
тыйылып, ежелгі серігі қағаз бен қаламды қайта табады. Үстіде аталған «Жас 
өтті тынымсыз» жырында қажы:  
                                   
Қағазым – жолдасым, 
                                   
Қаламым – сырласым, 
                                   
Өлген соң белгілі, 
                                   
Қайта кеп тұрмасым, -  
деуімен өз өмірінің мәні - өлең құмары екенін аңдатса,   
                                   
Тіл сорлы жырласын, 
                                    
Бекерге тұрмасын, - 
деп  кәрі  жолдасы  өлең  екенін  тағы  бір  діттейді.  Абайдың  «Өзгеге  көңілім 
тоярсың,  өлеңді  қайтіп  қоярсың»  немесе  «өлең  деген  дертпен  тең»  деуімен 
мәндес. Демек, құмарлықтың ғашықтыққа ұласқанын аңдатқан. 
       
Ақын «өлең құмарының», яғни жыр жазудағы мақсатын былай айтады: 
                                   
Мен жетелеп өлемін, 
                                   
Өрге қарай қазақты. 
                                   
Өлсем де ойын бөлемін, 
                                   
Сөзбен салып азапты.   

 
113 
      
Сөз болып отырған 1905-1912 жылдар арасында Шәкерім қазақтың мінін 
қазған, сойылды алауыздық пен партияға бөлінген жікшілдікке сілтеп, надан 
елін өнер-ғылымға үндеген, өз сөзінше, «қазақты өрге жетелеген»  жиырмаға 
тарта  жаңа  өлең-жырларын  жазады.  Яғни  алдыңғы  «Қазақ  айнасы» 
жинағының жалғасы есепті. Атап айтқанда мынадай жырлары.  
      
Орынбор  қаласында  1911  жылы  жарық  көрген  «Шежіре»  кітабының 
соңында  басылған  жеті  өлеңі  бар.  Олар:  «Мақсұд»,  «Қазақ»,  «Насихат», 
«Тағы да сорлы қазақ», «Хош», «Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа», «Жас 
өтті  тынымсыз».  Ал,  1912  жылы  Семей  қаласында  басылған  «Қалқаман-
Мамыр» дастаны соңында сегіз өлеңі жарияланған екен. «Ашу мен ынсап», 
«Шаруа  мен  ысырап»,  «Анық  пен  танық»,  «Ер  қоспақ  пен  сөз  сөйлемек», 
«Махаббат пен құмарлық», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу 
мен күндеу».  
      
Міне,  осы  аталған  он  бес  жырдың  1905-12  жылдар  аралығында 
жазылғандығы  талассыз.  Бұл  жырлар  да,  қайталап  айтайық,  ағартушы 
ақынның азаматтық лирикасы.    
       
Қазір ақынның «өлең құмары»-нан «малқұмары»-на өтелік.  
       
Шәкәрімнің әншісі Әбдіғалидің баласы Ниязбек Алдажаров (1904-1988) 
Құдайбердіні  Құнанбай  өте  жақсы  көрген  дей  келе,  мынадай  дәйек  береді: 
«Құдайберді  дәулетті  адам  болған.  Жылқылары  ылғи  қаражал,  қарақұйрық, 
жылансырт болған екен» (Совхоз туы. – 28 июль, 1988). 
       
Әкесінің  мол  дәулеті  Шәкәрімге  жұғысты  болды  ма?  Шәкәрімде  үйір-
үйір  жылқы,  табын-табын  мал  болған  жоқ  демейміз.  Жалшы-малшылары 
баршылық  болғаны  да  өтірік  емес.  Әйтсе  де  ол  асып-тасыған  байлықтың 
емес,  орта  дәулеттің  иесі  ғана  болған.  «Абай  Құнанбайұлы»  атты 
монографиясында М.Әуезов Жиренше мен Оразбай Абайдың «ығында жүріп, 
елеусіз хәлден белгілі адам қалпына жеткенде,  …мейлінше байып алды» деп 
жазады. «Әрқайсында мың-мыңнан жылқы болған, - дейді ғұлама зерттеуші. 
– 
Оразбай  бертінде  жылқы  санын  үш  мыңға  да  жеткізген.  Ал  Абайдың  өз 
басында ешбір уақытта ондай байлық болған емес. Қайта өмірінде талай рет 
«шағын  дәулет»,  «шолақ  дәулет»  дейтін  күйлерге  жақын  қалып  жүрген» 
(Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 63 б.). 
       
Міне, Шәкәрім де, осы айтылғандай, «шолақ дәулет» дейтін күйге жақын 
жүрген  адам.  Бұған  айғақ  іздеп  алысқа  ат  айдаудың  қажеті  жоқ:  ағасы 
Абайдың «Бар қаражатың менің мойнымда, сен Мекке сапарына дайындал!» 
дегені  белгілі.  Егерде  40  жасқа  тақағанда  Шәкерім  дөңгеленген  дәулетті 
құраса,  айталық,  Тәкежан  сияқты  бір  қос  жылқысы  болған  болса,  Абай 
жаңағы  сөзді  айтар  ма  еді?  Әрине,  жоқ.  Інісінің  жұқалау  дәулетін,  күйін 
жақсы біліп айтқан. Ал, іні ақынның 40 жастан соңғы өміріне келсек, оның 
мал-дәулет табуға емес, өнер-ғылым жолына сарп етілгені тағы талассыз.   
      
Әрине, дөңгеленген орта дәулет те өз-өзінен құралмайды. Төрт түлік  мал 
өргізіп,  оларды  көздің  қарашығындай  бағып-қағуың  һәм  саудаға  салып 
ұқсатуың  керек.  Шаруашылықтың  осындай  алуан  қамы  үлкен  отбасының 
иесі ақынның көп уақытын алғаны болжамданады. 

 
114 
        
Би болып, билік құру қашанда мал табудың бір көзі десек қате болмас.  
Әсіресе,  абыройлы  әрі  қызыл  тілдің  шебері  шешен  адам  үшін.  Мысалды 
алыстан іздемей Шәкәрімнің бабасы Өскенбай, атасы Құнанбайды атасақ та 
жеткілікті. Шәкерім де солар сияқты. Оның үстіне Шәкерім өмір сүрген дәуір 
жер  дауы,  жесір  дауы,  ұрлық-өтіріктің  азаймаған,  қайта  ел  ішін  індете 
кеулеген кез-тұғын. 
      
Әдет-ғұрып  заңына  жетік  әрі  шешен,  әрі  әділ  сөзді  бидің  қадірі  қазақ 
сахарасында  қай  заманда  да  жоғары  болған.  Шоқан  Уәлиханов  былай  деп 
жазады:  «Қазақ  қоғамында  би  атағын  алу  үшін  екі  шарт  :  бірінші  -  әдет-
ғұрып заңын жетік білу, екінші – шешендік қабілеті болу керек» (Мақалалар 
мен  хаттар.  –  Алматы,  1949.  –  56  б.).    Бектік  заманғы  басқару  тәртібіне  С. 
Торайғыров та іш тартып былай дейді: 
                             
Тапқыштық, шешендікпен кім алса атақ, 
                             
Халық соны кетіпті «би» деп атап. 
                             
Шарменен, не үлкенен бұйрық алып, 
                             
Би болатын жоқ онда біздің шатақ. 
     
Тобықты  елі  о  баста  көшін  Шаған  бойына  тірегенде  Би  атаң  – 
Кеңгірбайдың көршілес елдердің тапқыш, шешен билерін кеңеске шақыртып, 
келелі  мәселені  осы  билердің  талқы-кесігіне  тіреп,  күрмеуі  қиын  түйінді 
шатақсыз шешуге қол жеткізгені осының бір мысалы дейміз.  
     
ХІХ ғасырдың соңында патша үкіметінің заңы біртіндеп үстемдік алса да, 
көпшілік әлі де қазақы жолмен биге жүгінуге ынталы болды. Қала сотының 
машақаты  көп  деп  қазақ  тұрмақ,  орыс  мұжықтары  да  билерге  жүгініп 
отырған екен. 
                             
Қаланың соты құрсын шүлдірлеген, 
                            
Түсіне алмай құлағым дүңгірлеген. 
                             
Ақ, қарамды тексеріп білмек тұрсын, 
                             
Қазақша жалғыз ауыз тіл білмеген, - 
деп Сұлтанмахмұт ақын дөп басқан ғой. 
        
Міне, осы айтылған себептерден ақылды, әділетті сөзімен «тағыны жетіп 
қайырған»,  халықтың  өзі  «би»  деп  атаған  ескі  билер  дәстүрін  ұстанған 
Шәкәрімнің «жұмыссыз» қалмағаны ұғынықты. Ол заманда би кесігінен соң 
талас-жанжалды  қайта  қоздыру  топастық  һәм  дәстүрсіздік  деп  есептелгені 
белгілі. Сондықтан да замандастарының білуінше, Шәкерім дау-дамайларды 
апталап-айлап созбай-ақ, ескі билерше бір-ақ ауыз сөзбен тарқатып баққан.   
       
Ә.Бөкейханов  «Қош,  қарағым!»  деген  мақаласында  «Шын  сөзге  жан 
пида»  деген  мәтел  Шәкерімнің  кредосы  еді  дейді.  Ал,  Ахат  әкесі  теңдес 
адамдардан  сұрағанымда  «олардың  көпшілігі  –  Шәкерімдей  адал  ешкім 
болған  жоқ  десетін»  деп  жазады.  Тегінде  мұндай  тәрбиенің  бір  ұшы 
Құнанбай  қажыға  тірелмек.  Ол  жақсы  көретін  немересі  Шәкерімге  былай 
деген: «Мен абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала 
көрмей, адалына болысу, нашарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма 
бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, 
дәулет бер! …Ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай 

 
115 
алмасам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» дедім». Осыны құлағыма 
құя беретін дейді Шәкерім. 
      
«Өлімнен құтылудың жолдары көп, бірақ оның бәрі бірдей адам затына 
жарай  бермейді.  Өлімнен  құтылу,  афиналықтар,  оңай,  бірақ  арамдықтан 
құтылу қиын. Өлімнен гөрі адамды арамдық тез қармайды». Бұл ұлы ойшыл 
Сократтың сөзі. 
       
Енді  1931  жылы  істі  болған  баласы  Ахатпен  соңғы  қоштасу  сәтінде 
Шәкәрім  айтқан  сөзге  назар  салайық:  «Біреуді  құрбан  етіп,  тірі  қалғанша, 
ақпен,  адал  ісіңмен  өл!  Егер  өткелге  кісі  салып  өтсең  –  тіріде  өзім,  өлсем 
аруағым  ырза  болмайды!  Мұны  саған  айтып  отырғаным  адам  атың 
жойылмасын дегендіктен. Менің ақтық тілегім осы!».        
       
Қараңыз, Шәкәрім мен Сократтың сөздері өзара үндес, үйлес емес пе.      
       
Сөзіміз  түгел  болуы  үшін  Шәкәрімнің  дауға,  билікке  көп  түсуіне 
алдымен  адалдығы,  онан  соң  тілінен  бал  тамған  шешендігі  һәм 
оқымыстылығы себепкер болғанына төмендегі мысалды да алайық. 
        
«1911 жылы, - деп әңгімелейді Шәкерім, - Сыбанның Салпы (азан аты  
Ергөбек)  табында  қырғын  талас  болып,  кісі  өліп,  сайлау  болмай  қояды. 
Сондықтан  жоғарғы  орын  мені  назначениямен  сол  елге  сыртымнан  болыс 
сайлады.  Мен:  «Сырқатпын,  болыс  болмаймын!»,  -  деп  оязға  бардым.  Ояз: 
«Сен  ол  елді  жайғайды  деп  жіберіп  отырмыз.  Егер  бітірсең  босайсың!»,  - 
деді. Мен жазғытұры Сыбан еліне барып, таласқан екі жақты бітістіруге бар 
күшімді  салдым.  Ақыры  сәті  келіп,  татуластырып,  бітістік  деп  ел  атынан 
оязға  рапорт  түсіртіп,  екі  жақтың  қалаған  бір  кісісін  болыс  сайлатып,  сол 
күзде босап қайттым». 
      
Бұл  әңгімеден  жер  ортасы  жастағы  Шәкерімнің  арамдықтан  таза, 
адамдықтан  аттамайтын,  адалына  тоқтайтын  адам  болғанына  әрі  «әділ  би» 
атағы Тобықты асып, бір ояз елге жайылғанына да куә боламыз. 
       
Сонымен, жасынан дауға жүйрік шешен атанған Шәкерім үшін би болу 
атадан  қалған  кәсіп  әрі  мал  құраудың  көзі  болғаны  бізді  таң  қалдырмайды. 
Өйткені, ұлдарға «Шәкәрімнің нәсілі» деген атына лайық қыз айттыру, енші 
беріп,  бөлек  отау  қылу  сияқты  малды  төгуді  қажет  қылатын  істер  аз 
болмағаны белгілі. Қажылық сапары өз алдына бір төбе. 
      
Бірақ,  қажының  өзіне  қатысты  айтып  отырған  «малқұмары»  кәдуілгі 
дүниеқоңыздық  емес.  Одан  бөлек.  Өйткені,  ол  басы  артық  дәулетті  ізгі  де 
биік мақсаттарға (Мекке бару, кітапхана жинау, кітап бастыру т.б.) жұмсап, 
ал  алтын  уақытын  шығармашылыққа  сарп  еткен  адам.  Мысалы,  Сәбеңе 
(С.Мұқанов)  жазған  хатында  «Бұрын  басылған  «Қазақ  айнасы»,  «Еңлік-
Кебек»,  «Қалқаман-Мамыр»  деген  өлеңдерімді  әрбірінен  өз  қаражатыммен 
(астын  сызған  –  біз)  мың  данадан  бастырып,  елге  таратып  бердім»  деп 
көрсетеді.  Сондай-ақ,  бұлардан  бір  жыл  бұрын  «Шежіре»  кітабын  да  өз 
қаражатына бастырғаны белгілі. 
       
Сөз соңында, Шәкәрім өз балаларын қалай оқытқан дегенге көз қиығын 
салайық.  Өйткені,  мұның  да  мал-дәулетке  қатысы  бар.  Құнанбай,  Абай 
үлгісімен  Шәкерім  де  «Қолына  оқытушылар  ұстаған,  -  деп  жазады  Ахат.  - 
Алғашқы  кезде  ескі  оқу  жолымен  балаларды  оқытқандар  -  Өтебай, 

 
116 
Әлімбайлар  болған.    ...Одан  кейін,  медреседен  оқып  шыққан  Кимади  деген 
оқытушы  ұстаған.  Кимадиден  біз  жаңа  оқу  жолымен  оқыдық.  Орысша 
оқытқандар  –  Қашаф  және  Антонина  Григорьевна.  Шәкерімнің  қолына 
оқытушылар  ұстағаны  –  балаларының  ғана  хат  тануларына  себеп  болмай, 
ауыл-аймақтың балаларының да көзін ашуға мол әсер-ықпалы тиді».  
      
Шәкерім балаларының қай қайсы да бастауыш білім алып, мұсылманша, 
орысша сауатын ашқанын көріп отырмыз.  Бірақ балалары ішінен Ахат қана 
қала оқуын тәмамдаған. Жаңағы «Жас өтті тынымсыз» жырында: 
                                       
Оқытпай баламды, 
                                       
О да өсті тиюсыз, - 
дейді  ақынның  өзі  де.  Соңғы  жолдан  өлең  мен  ойға  махаббаты  артық 
ақынның  туған  балаларына  әкелік  тәлім-тәрбиені  молынан  беруге  уақыты 
қалмаған  хәлі  сезілетіндей.    Ал,  «Оқытпай  баламды»  деген  жолдың  сыры 
неде?  Ұл-қызының  қалаға  барып,  әрі  қарай  өндіре  оқуына  қол  қысқалығы, 
яғни «шолақ дәулет» кедергі болды ма, әлде басқадай себептер де бар ма? 
       
Шамасы 1922 жылы жазылған «Мұңды шал» өлеңінде: 
                                     
Әкеңді алып, өзіңді көксау қылып, 
                                    
Қаны аздық қалып тұр ғой артыңа да! 
                                     
Балалар нашарлықтан оқи алмай, 
                                     
Келмей тұр зор үміттің шартына да!, - 
дейді мұңлы ақын. Осы төрт жолда тұнған біраз сыр бар.  
      
Ол  мынадай:  ақынның  әкесі  Құдайберді  өкпе  ауруынан  дүние  салған. 
Сарғайып ұзақ ауырған тұңғыш ұлы Суфиянды да 1925 жылы осы дерт алып 
тынды.  Кәмила  Ғафурқызы  Шәкәрімнің  Ғафурдан  кейінгі  баласы  Қабыш 
туралы  «Қабыш  аға  науқас,  талма  ауруы  бар  еді»  деп  жазады.  Ал,  мына 
жерде «өзіңді көксау қылып» деуімен Шәкәрім бұл жұқпалы дерттен өзінің 
де  аман  болмаған  хәлін  жеткізіп  отыр.  Қатерлі  ауру  асқынбай  тұрып,  жас 
Шәкәрімді дәрігерге көрсетіп, ем-дом жасатқан Абайдың өзі болған еді. 
       
Адамның  өкпесі  мен  тыныс  органдарының  дертін  халық  көксау, 
көкжөтел,  тесікөкпе  десе,  медицина  тілінде  бронхы,  туберкулез  дейді.   
Айтқандайын,  өкпе  сырқатымен  Ахат  та  ауырған.  Ол  1924  жылы  Семей 
педагогикалық  техникумына  түскенінде,  қаланың  жағдайы    ауруын  қозғаса 
керек,  туберкулездің  ашық  формасы  деген  диагнозбен  оқуын  жалғастыра 
алмай  елге  қайтіп  келеді.  Қан  түкіріп  келген  оны  әкесі  жаз  бойы  мықтап 
емдейді.  Ахат  күзгісалым  техникумға  қайта  барып  тексерілген  ғой,  сонда 
дәрігерлер «міне ғажап, бұл мүмкін емес!», - деп таң-тамаша қалысыпты. 
        
Табиғи  тамақ,  тыныштық,  бұлақтың  тастай  суымен  жуыну,  саф  ауа, 
жаңағы  жас  малдың  қаны  мен  шөп  тұнбалары  өз  дегенін  істеген,  яғни 
қоздырғыш  микроб  атаулыны  қырып  салса  керек.  Ахат  ақсақал  осылай 
құлан-таза  жазылған  екен.  Демек,  хакім  ақынның  медицина  саласынан  да 
білімі зор болған. Әйтпегенде әлем бойынша емі жоқ деп есептелетін дертті 
түп-тамырымен жұлып тастау ешкімнің қолынан келмеген ерекше жәйт. 
       
Сөйтіп,  «Балалар  нашарлықтан  оқи  алмай»  деген  өлең  сөзінде  ақын 
шолақ дәулетке де, сөз етілген көксау ауруына да меңзеген сияқты.     

 
117 
      
Ақынның «Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей?» деп жеңіл әзілмен айтқан 
астарлы  өлең  жолдарын  талдауымыз  осымен  тәмам.  Онда  шынайы  өмір 
жайлары бүгулі тұрғанына күмәніміз жоқ. 
 
 
«Қодардың өлімі» өлеңі қашан жазылған? 
 
     
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» деген сюжетті ұзақ өлең-
жырын әдебиетші мамандар баллада жанрында жазылған дейді, оны шағын 
дастан  деп  санайтын  зерттеушілер  де  бар.  Не  десек  те,  ақын  поэзиясы 
шалқарында шоқтығы биік туындысының бірі екені хақ. 
      
Бұл өлең туралы қазіргі таңда «қай жылы жазылғаны мәлімсіз» делінеді. 
Расында қай жылы жазылған екен? Төменде осы мәселені тексеріп көрмекпіз. 
       
«Қодардың  өлімін»  қай  жылы  жазылған  деген  сұрақтың  жауабын  іздеп 
оқығаныңда  елең  еткізетін  бір  мәлімет  бар.  Ол  «Николайдың  иісі  осы  елде 
тұр» деген сөзі. Осыдан жырдың  1917 жылдан бұрынғы екені айдан анық. 
Бәлкім, 1913-1917 жылдар арасында жазылған шығар. Бірақ, бұл бес жылды 
пәлсапалық  ізденіске,  дәлдісінде  «Үш  анық»  шығармасын  жазуға  арнағаны 
жайлы ақынның өзі «Жылым-қой, жұлдызым-июль» деген өлеңінде былайша 
ақтарады: 
                                
Сол ойды бес жыл жаздым, 
                                
Арыдым, шаршадым, аздым. 
        
Көрдіңіз  бе,  соңғы  жолдан  ақын  бұл  кезде  көлемді  тарихи-лирикалық 
туындысын  жазды  деуге  мүмкіндік  қалмайды.  Уақыты  мен  күш-жігерін 
философиялық өріске сарқа жұмсағанын өзі аңдатып отыр.  
        
Сөйтіп,  біз  тексеріп  отырған  өлеңнің  жоғарыда  аталған  он  бес  жыр 
сияқты  1905-12  жылдар  аралығында  жазылғандығы,  яғни  ақынның  «ағарту 
дәуірінің»  бір  куәсі  екені  қай  жағынан  да  дәйектеледі.  Былайша  айтқанда 
кемеңгерлік кезеңіне жету табалдырығында жазылған шығармасының бірі.  
       
Бірақ нақты қай жылы жазылғаны анықталса нұр үстіне нұр.  
       
Шежіреші Б. Исабаевтың «Ұлылар мекені» атты кітабында айтылғандай, 
Тобықты руы  тарихында  ұрпақтан  ұрпаққа  ұмытылмай  жеткен  оқиға  үшеу: 
Қалқаманның  оққа  байлануы  мен  Кебектің  ат  құйрығына  таңылуы  және 
Қодардың  түйенің  қомында  дарға  тартылуы.  Осы  үш  оқиғаны  бұрынғылар 
жұмбақтап  айтып,  «Садақтың  оғы»,  «Аттың  жалы»,  «Түйенің  қомы»  деп 
ымбалдаған деседі.    
       
Шәкерім  аталмыш  үш  оқиғаның  алдыңғы  екеуіне    өлең  түгілі  дастан 
арнаған адам. Яғни Қалқаман мен Мамырдың, Кебек пен Еңліктің есімдерін 
мәңгі қалдырды. Сондықтан Тобықты жұрты ұмыта алмаған үшінші оқиға – 
Қодар  мен  Қамқаның  трагедиясына  дастан  демесек  те,  көлемді  толғауын 
арнауы таң қалдыратын нәрсе емес, қайта заңды құбылыс.     
       
Әрине, бұл жолғы кейіпкері Қодар Қалқаман және Кебектей тұлғалармен 
иық теңестіре алмайды. Әйтсе де, ол да елеусіз кісі емес, барымташы, батыр 
болған адам екен. Оны: 
                                
Ол  Қодар, барымташы ердің басы, 
                                 
Жыртылмасын деп жүрген ел жағасы,  

 
118 
деп таныстырады ақын.    
       
Қолға  қалам  алғызған  оқиғаның  тарихилығы  ғана  емес,  бұдан  да 
салмақты  жәйт  бар,  ол  жан  түршігерлік  тәсілмен  өлтірілген  Қодар  мен 
Қамқаның  қонысы,  Хан  өзені  бойындағы  Жылқыайдар  шаты  Құнанбайдың 
ұлы  Құдайбердінің  қолына  көшкендігі  деп  топшыласақ  қате  бола  қоймас. 
Өйткені,  әмірші  Құнанбай  Қодарды  қыстаулық  жеріне  қызығып  өлтіртті 
дегенге саятын дақпырт, алыпқашпа сөздер, ел аузына қақпақ қоя алмайсың, 
көп тараған болатын. 
       
Өздеріңіз  де  байқап  отырсыздар,  Шәкәрімнің  Тобықты  ішінде  қашанда 
екі  ұдай  пікірлер  туғызып  келген  нәзік  тақырыпқа  баруын  кездейсоқтық 
деуге келмейді. Аты-шулы трагедияның шынын, мән-жайын артқы  ұрпаққа 
ашып айтып, атасы Құнанбайды жаманатты болудан қорғап қалудың өзі неге 
тұрады.  Жә,  жырды  жазудағы  мәнді  міндет,  сірә  да,  осы  шығар  деп  бір 
қоялық.  Бірақ,  жырды  зер  сала  оқыған  кез  келген  адам  дастан  авторы  тағы 
бір, бәлкім, бәрінен де маңыздырақ мақсатты алға қойғанын аңдай алады. 
     
Ол туған ел мен жердің тағдыры. Мәселен, ақын: 
                                        
Не күндестік немесе кек қуған жоқ, 
                                        
Ел бұзбауға ойлаған бұл – айласы, -   
деуімен қатігез үкімді орындаған Олжайдың игі жақсыларын ақтап алып, өз 
замандастарына қарата былай дейді: 
                                         
Осы күнгі жақсының бірталайы – 
                                         
Ұры-қары, қу-сұмның жан жолдасы. 
                                         
Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау? 
                                         
Бұл ел ұзамай құриды, сөздің расы.  
        
Міне  өлең  қай  кезде  жазылған  деген  мәселеге  ел  тағдырына  қатысты 
ақын  көңілінде  ұялаған  осынау  алаң  өз  сәулесін  түсіріп  отыр.  Олай 
болатыны,  ауыз-екі  жырлардың  үлгісімен  жазылған  өлеңді  желдірте  оқып 
келе  жатып,  «Николайдың  иісі  осы  елде  тұр»  деген  жолға  жеткенде  лоқып 
тұрып  қаласыз.  Туынды  қай  кезден  деген  сұрақтың  жауабына  септігі  тиер 
жалғыз ілік осы. Бірақ бұлтартпайтын мықты ілік. Өйткені, «Николайдың иісі 
тұр» деп қажы патшалық отаршылдық үкіметтің жалпы әлімжеттілігіне емес, 
Қодардың  өлімі  сияқты  мұқым  Тобықтыны  алаң  қылған  салмақты  уақиғаға 
сілтегені  сезіледі.  Бүгінгі  оқырманға  беймәлім,  бірақ  бір  үлкен  қолайсыз 
жағдай туындағаны шүбәсіз.  
       
Олай болса, 1909 жылы келген қолайсыз жағдай, дүрмек оқиға қайсы?   
       
Мұның  жауабы  Әлихан  Бөкейхановтың  Кәкітайдың  қайтыс  болуына 
байланысты 1915 жылы 18 қаңтарда «Қазақ» газетінде басылған мақаласынан 
елес береді.  
      
Онда: «1909 жылы, - деп жазады Әлекең, -  Шәкәрім, Кәкітай маған хат 
жазып,  ақыл  сұрады:  «Не  айтасың,  ата  қоныс,  кір  жуып,  кіндік  кескен 
Қарауыл  өзені  мұжыққа  кетіп  барады,  15-тен  жер  ал  дейді,  аламыз  ба?»,  - 
деп. «Не болса жұртпен көр», - дедім». Бұл сөзден Тобықты елін алаң қылған 
жағдаят – Қарауыл өзенінің тағдыры екені мәлім болады.  
         
Бұл  оқиғаның  саяси  мәнісі  мынадай.  Патшалық  Ресейдің  Дала 
ережесінің 120-шы бабына және Түркістан өлкесін басқару туралы Ереженің 

 
119 
270  бабына  сүйеніп,  уез  -  уездердегі  қоныстандыру  басқармасы  мұжыққа 
тиесілі  ер  басына  15  десятинадан  үлес  белгілеуді  1909  жылдан  енді 
тұрғылықты қазақтарға да қолдана бастаған еді.  
       
Қазақты  отырықшы  тұрмысқа  көшірудің  қамы  делінгенімен  де,  бұл 
шарадан  отаршыл  пиғыл-саясаттың,  Шәкәрімше  «Николайдың  исі»  аңқып 
тұрды.  Өйткені,  15  десятинадан  кесікті  жер  алу  егіншілікпен  айналысатын 
жұртқа тиімді, ал мал тұяғына ерген жұртқа күмәнді нәрсе еді. Сондықтан да        
Шәкәрім  мен  Кәкітай  Столыпин  реформасын  жақсы  білетін,  саясат  ісіне 
жетік Ә. Бөкейхановқа хат жазып: «…Қарауыл өзені мұжыққа кетіп барады, 
15-
тен жер ал дейді, аламыз ба?» деп ақыл сұрағанда,  Әлекең оларға былай 
деп жауабын айтады: «Құнанбай баласы Тобықтыға мұрындық болды деген 
атқа  қаларсың,  не  болса  да  жұртпен  бірге  көр.    Жұрт  қағазбен  15-ті 
алғанымен,  ол  егінге  айналмас.  Тәмам  қазақ  Құнанбай  баласынан  көріп, 
артынан еріп 15-ке құл болса, мал баққан шаруаға зиян болар».   
        
Міне осы ақылға бағып, Құнанбай ұрпағы «кір жуып, кіндік кескен ата 
қоныс» Қарауыл бойынан кесікті жер алудан бас тартқан болатын. 
       
Достарының бұл қадамын Әлекең әділ бағалап әрі өзге жұртқа үлгі қыла, 
«Қазақтың»  бетінде  былай  дейді:  «Құнанбай  баласы  жұрт  қамы  деп  және 
шыға  жайылып,  көгермейік  деп  15-ті  алмай  Қарауылдан  айрылды.  Саясат 
жолында  мұндай  ерлік  қылған  қазақ  басшысынан  көргенім  жоқ»  («Қазақ» 
газеті. Жинақ. – Алматы, 1998).  
        
Келтірілген  дәлді  дәйектерге  иек  арта  отырып,  «Қодардың  өлімі» 
Шәкәрімнің 1908-09 жылдары жазған туындысы деп тұжырамыз. 
        
Бірақ бұл пайыммен келісе алмайтын зерттеушілер болуы мүмкін.  
        
Себебі,  жазушы  ғалым  Тұрсын  Жұртбай  өзінің  «Құнанбай»  атты 
кітабының    154  бетінде  мынадай  нақты  датаны  айтады:  «Шәкәрім  бұл 
дастанды 1926 жылы алпыс тоғыз жасында жазды» (Жұртбай Т. Құнанбай. -
Алматы, 2004). Неге? Себебі, Мұхтар Әуезовтің қолында сақталған қолжазба 
көшірмеде туынды осы жылғы деп көрсетілген екен.  
        
Бізше 69 жастағы қарт ақынның Қодар өлімі тақырыбына тыңнан қалам 
тербеуі  күмәнді.  Өйткені,  1926  жылы  самодержавиелік  биліктің,  оның 
символы Николай патшаның келмеске кеткеніне, яғни кеңестік өкіметтің ту 
көтергеніне    тоғыз  жыл  толды.  Ендеше  Шәкәрімнің  «Николайдың  иісі  осы 
елде тұр» деген сөзді жырға қосуының  қисыны қайсы?   
        
Мәселе  мынада  болуы  мүмкін.  1925-26  жылдары  абайтануға  қатысты 
материалдарды  жинастыруға  кіріскен  Мұхтардың  елсіздегі  Шәкәрімге  жиі 
қатынап,  тығыз  қарым-қатынас  орнатқаны  жақсы  мәлім.  Осы  жылдары 
Мұхаңның Шәкәрімнің «Қодардың өлімі» өлеңімен таныс болмауы неғайбіл. 
Айтайын  дегенім  -  жас  жазушы  қарт  ақынның  бұрыннан  бар  өлеңін  иін 
қандыра және көлемін «кіші дастан» дерліктей едеуір дәрежеде толықтырып, 
қайта  өңдеуіне  ықпал  еткен  сияқты.  Бәлкім,  «Таң»  журналына  жарияламақ 
тілегінде  болған  шығар.  Міне  Мұхаң  қолында  сақталған  қолжазбада 
таңбаланған дата туралы пікіріміз осы.  
        
Үстідегі туынды 1909 жылғы деген болжамды бекіте түсу үшін өмірде 
болған мынадай жанды фактіге келейік. Қарауыл – Шыңғыстың асуларынан 

 
120 
бастауын  алып,  Бауырдағы  Көлқайнар  мен  Жидебай  қыстаулары  төңірегіне 
келгенде кең жазыққа жайылып кететін өзен. Жайылма суды тоғанмен бөгеп 
егін салуды ойланған Ресейдің ішкі жағынан ауған бір топ орыс шаруалары 
(оларды  қазақтар  «қарашекпенділер»  деп  атаған)  1908  жылы  осы  жазыққа 
ірге тепкен екен. Олар егін салып, отырықшы ғұмыр кешкен. 
        
Сөйтіп,  Жидебай  қорығы  маңындағы  Өртеңде  20  үй  жатақ  орыс 
шаруаларының поселкесі пайда болғаны шындық. Оның орны қазірге дейін 
сақталған, сондықтан өз атауы «Қызылтөбе» деген ол жерді жергілікті жұрт 
«Орысқора» деп те атайды.    
        
Мұны  Шәкерім  мен  Кәкітайдың    Ә.Бөкейхановқа  хат  жазуы  жайдан 
емес, бөтен жұрт ата қонысқа нақты табан тіреген соң Көлқайнар,  Жидебай, 
Мұсақұл,  Ақшоқыны  жайлаған  қалың  ел  атынан  «Не  айтасың?»  деп  ақыл 
сұрауға мәжбүр болғанын білдіруге айтып отырмыз.  
        
«Қодардың өлімі» жырында Қарауыл өзені бойында өткен екі ел жарасы: 
бірі  –  кешегі,  бірі  –  бүгінгі  қоса  өрілген.  Әрине,  біріншісі  -  «өз  бауырын 
өлтіру»  сай-сүйекті  сырқыратар  қатал  жаза.  Бірақ  Құнекең  бастатқан  «ел 
данасы, есті жақсылары» оған елдікті сақтау - «ел бұзатын ерсі істі өршітпеу» 
үшін  амалсыз  барған  еді  дейді  ақын.  Ал,  соңғысы  ше?  Оның  мақсаты  мен 
салдары  мүлде  басқа.  Отаршыл  үкімет  еңістегі  мол  сулы  өзен  жағаларын 
жайлап  болды,  «ал,  не  қыласың»  дегендей,  енді  қыр  шалғайы,  көшпелі  ел 
ортасындағы өзен-суға көз алартып отыр. Жердің құрығаны, елдің құрығаны.  
       
«Өлең  шіркін  -  өсекші,  жұртқа  жаяр»  (Абай)  болғандықтан,  саяси 
репрессия  күш  алған  тар  уақытта  Шәкәрім,  әрине,  әлгі  переселендер 
уақиғасын  жырға  шындап  қосып,  тәптештей  алмаған.  Жеткізбек  саяси 
астарлы сөзін екінің бірі ұға бермейтін емеуірінмен, бірақ балғамен ұрғандай, 
санаға шөгетіндей нық айтқан. Қазақтың бірде ана, бірде мына жері біртіндеп 
мұжықтың  иелігіне  өтуі  -  тап  сол  күннің  қаны  сорғалаған  ащы  шындығы 
болатын: статистика мәліметі   жиырма бес жыл ішінде (1893-1917) байырғы 
тұрғындардан 56 миллион десятин жер тартып алынған дейді. 
       
Яғни қажы: «Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау? Бұл ел ұзамай құриды, 
сөздің расы», - деп салып өтуге дәл сол жылдары хақылы еді. 
        
Ал, кеңес өкіметі күннен күнге өрлеген 1926 жылы бұл сөздердің қағаз 
бетіне түсуі, қала қалама, иландыра алмайды.  
        
Қорыта  айтқанда,    «Қодардың  өлімі»  шығармасында  ділмар  гуманист 
ақын  ескіде  болған  трагедияны  ой  елегінен  өткізе  отырып,  замандастары 
назарын бүгінгі ел мен жердің тағдырына бұруды һәм артқыға ғибрат беруді 
көздеген.  Ал,  өлеңдегі  түсініксіздеу  көрінетін  «Николайдың  исі  осы  елде 
тұр» деген дара жол оның жазылу уақытынан белгі береді, өлеңнің шығуына  
переселендер оқиғасы да ойтүрткі болған деген пікірдеміз.  
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет