Шәкәрім және Мұхтар
Қазақ мәдениетінің аса ірі өкілдері: ойшыл философ, классик ақын
Шәкәрім Құдайбердіұлы және келешек ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы
Әуезовтің арасында жібек жіптей есілген жалғастықтың болуы заңды
құбылыс. Өйткені, екі қаламгердің де бір ауамен тыныстап, ортақ ортаның
тәрбиесін бойларына сіңіргені мәлім. Осыған қоса, 1917-1927 жылдары, өзге
де алаш зиялылары сияқты, қос алыптың заманы, көрген-білгені мен арман-
тілектері бір болды. Ал бәрінен де маңыздысы, екеуінің де құбыласы – Абай
дәстүрі болғанын ерекше атағанымыз жөн.
Өкінішке қарай, екі әлемдік тұлғамыздың арақатынасы ұзақ жылдар
бойы зерттеушілер назарынан сырт қалды. Оның себептері белгілі, әр
қырынан зерттелді, болды, бітті деуге қазіргі күні де ерте. Шығармашылық
жағынан да, өмірі мен қызметі бойынша да осыны айтамыз.
Білісудің әуелгі кездері. 1916-17 жылдары, Шәкәрім баласы Ахаттың
айтуынша, елге демалысқа келгенде Ырғызбайдың үлкені әкесіне амандасу
қалада оқитын жастардың салты сияқтанған. Жалпысында Ақшоқы
178
қонысындағы Абай, Ысқақ ауылдарының жастары мен іргелес Бөрлі-Тышқан
аумағында бірі-біріне қозыкөш жерде ғана орналасқан Әуез, Ақылбай,
Әйгерім ауылдарының жастары ежелден аралас-құралас, тай-құлындай
тебісіп өскен ғой. Олардың ішінде Кәкітайдың баласы Даниял Ысқақов пен
Абайдың немересі (Турағұлдың баласы) Жәбірайл Ибрагимов Мұхтардың ең
сүйікті достары болғаны мәлім.
Осы ретте Құлатай Ақбердиннің естелігін келтіре кетейік. Ол өзінің туыс
ағасы Өміртай орысша, қазақша оқыған адам еді дей келе, былай жазады:
«1917 жылдың жазында демалысқа келер жолында Мұхтар жайлауда
(Бақанаста) отырған Өміртай Ақбердиннің ауылына соғып, екі күндей сонда
жатты. Онымен бірге Семейдің қалалық училищесінде оқитын Даниял
Ысқақов, бастауыш училищеде оқитын Ғарифолла Мұсабайұлы Ысқақов,
реальный училищеде оқитын Абайдың немересі Жебірайл Ибрагимов, кеңсе
қызметкері Сәлімғазы Ғабидуллин, Абайдың немересі (Мағауияның кіші
баласы) Жағыпар Ибрагимовтар болды» (Біздің Мұхтар. – Алматы, 1976. –
359 б.). Аталған жастардың қай қайсы да Шәкәрімге бөтен емес, айталық,
Ғарифолла Ысқақов балдызы (әйелі Айғаншаның бауыры).
Енді Ахат Шәкәрімұлының (1900-1984) естелік-эссесіне үңілсек, ол
былай деп жазады: «Әкей жалпы жастарды, оның ішінде оқыған жастарды
жақсы көретін. Семинарияда оқыған – Біләл Құнанбаев, Нұғыман Құнанбаев,
Құтайба Ибрагимов сияқты жастар келгенде, олар үйде екі-үш күндеп
жататын. Ол кезде мен жас болатынмын. Ал, өзім толық білетін кезде
Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн
жатып, әкеймен әңгімелесетін».
Бірнеше күн жатып, өзімен әңгімелестін жастарға Шәкәрім, әдетте,
баспадан шыққан кітаптарын силап отырған. Жаңа айтылған 1916 жылы
оқыған екі жас - Мұхтар мен Даниял үйіне келгенде қажының жас Мұхтарға
«Еңлік-Кебек» атты кітабын силауы жоққа шығарылмаса керек. Өйткені,
Бөрлінің тұрғыны Мұхаңның ағасы Разақ (1885-1956) былай деп мәлімдейді:
«Мұхтар «Еңлік-Кебекті» жазуға 1916 жылы тамызда біздің үйде кірісті».
«Келер жылдың жазында Мұхтарды алып қайтуға Семейге бардым, - дейді
ол. – Ақыштың тойына қатысатын тағы екі-үш жолдасы бар екен. Көңіл
жайласып ара қонып, Семейден Ойқұдықтағы жайлауға да жеттік. Бірер
күннен соң, 16-ға жаңа толған, мөлдіреген Ақыштың ұлан-асыр тойына
қатыстық. Мұхтардың «Еңлік-Кебегі» де осы тойда тұңғыш рет көпшілікке
көрсетілді».
Мұхтардың тырнақалды пьесасы, яғни әуелгі нұсқа Шәкәрімнің
«Жолсыз жаза» атты поэмасының ізімен жазылғанын ілкіде айтқанбыз.
1918 жылы Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтың редакторлығымен «Абай»
журналына жарық көргені белгілі. «Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен
ең алдымен «Абай» журналы еді, - деп көрсетеді Әлкей Марғұланұлы. – Бұл
журналды Мұхаңның ең алғашқы беташары деуге болады» (Біздің Мұхтар. –
Алматы, 1976. – 131 б.). Міне осы басылымға арнап Шәкәрім әлденеше
материалдарын жазады. Бұл факті қарт ақын мен жас жазушы араласа
бастады деуге тіректі тұғырдың бірі. Осы жылдың көктемі мен жазында
179
Семей облыстық сотының төрағасы Шәкәрім мен студент Мұхтардың Алаш
қаласында, қазіргі Жаңасемейде өткен көп жиындарда бірін бірі көріп
жүргені де сөзсіз. Мәселен, 1918 жылдың наурыз айында большевиктер
қолынан қайғылы қазаға ұшыраған қазақ милициясының бастығы Қазы
Нұрмағамбетовті жерлеу рәсіміне орай ұйымдастырылған қаралы митингіде
Шәкәрім қажы жалынды сөз сөйлеген болатын. Екі мыңдай адам қатысқан
бұл митингінің басы-қасында саясатпен қызу айналысқан Мұхтардың да
жүргені естеліктерде бар.
Шәкәрім Мұхтардан 39 жас үлкен. Мұны ескермей, алаш зиялылары
тегіс «Шәкәрім ақсақал» деген қарт ақын мен балғын жігіт Мұхтардың
арасында әуелден тығыз байланыс орныққан, сірә десек, шындықтан
шығандап кетерміз. Бірақ Мұхтардың тума талантын исі қазақ мойындап,
беделі шырқайтын уақыт та алты қырдың астында емес-ті.
«23-
24 жылдардан бастап-ақ саясатпен айналыспауға бел будым. …Бұдан
былайғы өмірімді әдебиетке, педагогтік, ғылымдық жолға арнағанды ақыл
көрдім. Бұл жол қызықтырып әкеткені сондай, өзгедей ғажайып, өзгедей
қызық бар деп ойламадым». Өміріндегі шұғыл бетбұрысты М.Әуезовтің өзі
міне осылай мәлімдейді.
Осымен, 1922 жылдың соңында М.Әуезов Орынбордағы лауазымды
қызметіне қолды бір-ақ сілтеп әрі партия қатарынан шығып, шығармашылық
пен ғылымдық жолды таңдағаны хақ. Осы тілекпен Ташкентке кетіп қалған
ол, келген бойда Орта Азия университетіне еркін тыңдаушы болып
қабылданып, әрі сол кезде енді құрылған «Шолпан» журналын шығарысуға
қызу кірісіп кеткені белгілі фактілер.
«1923-
24 жылдары, - дейді Мұхаңның ағасы Разақ Самарханұлы, -
Мұхаңның жазғандары елге тарап, беделі мейлінше шырқаған шақ.
Кездескенде үлкен де, кіші де сөзін тыңдайтын, құрметтеп, сыйлайтын
дәрежеге жеткен».
Үлкен-кіші «құрметтеп, сыйлайтын дәрежеге жетті» деген Разақтың сөзі
мынадай оқиғаны да еске салады. Ташкенге сапары алдында Мұхтар туған
еліне келгенінде жерлестері қошаметпен қарсы алып, жолыңа «байғазы» деп
қаражат жағын да жинасады. Үлкендер арасынан Шәкәрім ақ батасын берген
екен. Ол өзінің ең көлемді дастаны - «Ләйлі-Мәжнүнді» Мұхтардың қолына
ұстатып тұрып, «дастанды жарыққа шығар, қарағым, ал қаламақысын өзің
пайдалан, менің жолыңа көмегім осы» деп табыстапты деседі. Бұл шығарма
Ташкентте шығып тұрған жаңағы «Шолпан» журналында жарық көрді.
Тегінде Мұхаң Ташкент университетінде жарты жылдай ғана болған.
1923 жыл май айының 9-шы жұлдызында оқуын алдағы күзде Ленинград
университетінде жалғастыру үшін аталған оқу орнынан шығып кетеді.
Ендеше ол жаз айларын қайда өткізген? Осыдан бір жыл бұрын ғана Қазақ
білім комиссиясы «Абайдың барлық сөздерін теріп жинап басу» туралы
шешім қабылдаған еді. Зерттеушілер Мұхаң осы комиссияның
тапсырмасымен Шыңғыстау өңіріне аттанып, абайтануға қатысты
материалдарды жинастырған дейді. Мәселен, ұлы суреткердің ғұмырнамасын
жазған Н.Анастасьев бұл сапарда Мұхаңның серіктері Мағжан Жұмабаев пен
180
Халел Досмұхамедов болған деп пікір білдіреді. Олай болса, үш зиялының
Шәкәріммен кездесіп, сұхбат құрғандығы жоққа шығарылмаса керек. Қос
қаламгердің бірін-бірі жақын білісуінің алғашқы кезеңі жайлы айтар сөз
әзірге осы.
«Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма...»
Бұл өлең жолы Шәкәрімнің 1924 жылы жазылған «Жасыңда араластың
малтымаға» деген туындысынан алынып отыр. Осы жылы елсіздегі қарт
ақын идеологиялық қысымды, ол әкелген шын жалғыздықты алғаш рет
сезініп, өзін-өзі «мұңды шал» атайды. «Мұтылған» деген лақап атты алуы да
осы кездері болса керек.
Мұхаңа келсек, ол осы жылдың басынан 1925 жылдың күзіне дейін
Семейге қайтып келіп, Қазпедтехникумда ұстаздық қылады. Осылай Семей
облыстық оқу бөлімінің тілек-талабымен бір жарым жылға студенттік өмірін
үзуге тура келген-ді. Мәселе сонда, сөз болып отырған 1924 жылдың
жазында Мұхаңның қасына Семейдегі педтехникумды енді ғана тәмамдаған
досы Әлкей Марғұланды ертіп, Бақанасқа, Шәкәрімнің жайлауына аттанады.
Міне екі ұлы адамның тығыз байланысы нақ осы кездерден дейміз.
Өйткені, Мұхаңның Абай тақырыбына қатты қызығушылық танытып, ұлы
ақынға қатысты материалдарды мақсатты түрде жинастыра бастағаны осы
тұс, бір. Екіншіден, жалғыздық мұңын ерекше сезініп жүрген Шәкәрім, өзіне
екі бірдей оқыған, құймақұлақ жас қонаққа келгенде, оларды құшақ жая
қарсы алып, білген-түйгенімен риясыз бөліскеніне күмән келтіру қиын.
Жарты ғасырдан астам уақыт өткенде сәтті сапарды Әлкей Хақанұлы
былай деп есіне алады: «Мен алғаш Шыңғыстауға барғанда (1924 ж.) ол
жердің адамдарының жай-күйі маған өзге өңірлерден бүтіндей басқаша
көрінді. Олардың үлкені де, кішісі де ойға батқан тұңғиық, аса кішіпейіл,
лепіріп лағуды білмейді. Сөзді әдеппен тосып сөйлейді. Тыңдайтын
адамдары кездескенде, данышпан қариялар шалқыған ойларын тебіренте,
салмақпен құйылтып, ой қозғайтын толғаулармен, түйінді термелермен
адамды еріксіз өзіне тартып, кейде сөз арасында атақты ойшылдардан мысал
келтіріп отыратын».
Жаңағы сөзінен өздеріңіз де байқадыңыздар, сырт Шыңғысқа сапары
Әлекең санасында өшпестей із қалдырған. Кең қоныс - Бақанас жайлауында
жас Әлкейді тебіренте алатындай, яғни Абайша сөйлей білетін, данышпан
деген теңеуге лайық ақсақалдар аз емес-ті. Бірақ естелік иесі «данышпан
қариялар» деп көпше түрмен шектеліп, белгілі себептерден есімін нақты атай
алмай қиналған бір ғұлама адам болды деген ойдамыз. Ол – ұлт данасы
Шәкәрім.
Келешек атақты ғалымдар Мұхаң мен Әлекең бұл сапарда көбіне көп
«шалқыған ойдың» иесі, аты аңызға айналған ғұламамен үйірлескен.
Екі талапты жасты Абайдың бас шәкірті әрі қазақ тарихы тұңғыш рет
ғылыми негізде жазылған «Шежіренің» авторы Шәкәрімнің қызықтырмауы
мүмкін емес. Сондай-ақ, Әлкейдің «атақты ойшылдардан мысал келтіріп
отыратын» дегені жайдан емес, бұл Шәкәрімнің атақты Шығыс шайырлары
181
поэзиясына көбірек үңіліп, Қожа Хафиз сөздерінен қазақша аудармалар
жасап жүрген кезі болатын. Яғни сұхбаттасу кезіндегі арналы тақырыптың
бірі - Шығыстың ақын-жазушылары болды дейміз. Ахат та осыған сілтейді.
«Кейінде, - деп жазады ол, - Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс
әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне
берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!» дейтін».
Сонымен, елсіздегі Саятқорада ғұмырын кешкен шежіре ақынға Мұхаң
мен Әлекеңді магнитше тартқан тақырыптар баршылық болды.
М.Әуезовтың осы жылдың жазында Бақанасқа сапарын қарт жазушы К.Оразалин
былайша суреттейді: «…Бағанадан аңғарылмаған тау арасындағы өзеннің жағасы қалың
ағашпен көмкерілген, сағаның терең шатқалдары үңірейіп, саңырайып Мұхтарларға
ұмсына қарап қалғанға ұқсайды. Шығыстан батысқа қарай көлденең түсіп жатқан
Шыңғыстың Ақбайтал асуынан бергі жыра-жылға, сай-салалармен аққан бұлақтар мен
Байқошқардай арналы өзеннің барлық ағысы осы Бақанасқа құятын».
Жер мәйегі – Бақанаста Шыңғыс өңіріндегі тұңғыш артель әрі тұңғыш отырықшы
мекеннің бой көтеруіне келешек ұлы жазушының үлкен көмегі тиген болатын. Осы
себепті 1924 жылы Мұхаң Бақанасқа бір емес, бірнеше рет ат басын тіреген сияқты.
Бақанас поселкесіне 1923 жылы көшіп келген Айтмырза Түңлікбаевтың естелігіне
сүйенелік. «Бірде, 1924 жылы, - дейді ол, - Мұхаң бір ғалым адамды ертіп келіп, бірнеше
күн ағаш ішінде демалды. Жанындағы адам француз екен десіп жүрді. Ол Семейден
кетерінде 15 бие сатып әкетіпті. Мұхтардың Бақанас ішінде өзінің дем алатын ағашы
болды…».
1925 жылға дейін Шәкәрім ескі Саятқорасында, яғни қызу түрде, жаңа
үлгіде салынып жатқан Бақанас құрылысынан қол созым ғана жерде тұрып
жатты. Сондықтан Мұхтардай қадірлі қонақпен кездеспеуі, сұхбаттаспауы
мүмкін емес нәрсе болса керек. Көп кейінде, 1950 жылдардың соңында
болған бір кездесуде, Мұхаң Шәкәрім баласы Ахатқа «Шығыс поэзиясы
бойынша ұстазым Шәкәрім!» деп бір үзік сырын ашқан-тұғын.
Қазақ мәдениетінің ренессанстық күндері
Жазушы Алексей Брагин өз естелігінде Мұхаңның мынадай сөздерін
келтіреді: «Кейін, студент болып жүрген кезімде қазақ ақынының өмір
тарихымен арнайы айналыса бастағанымда, менің келешек романдарымның
кейіпкерлерін жақсы білген адамдармен жолығыстым».
«Материал жинай жүріп, - дейді Мұхаңның өзі бұл мәселе жайында, -
мен Абайдың достарымен, сыйластарымен …әңгімелесіп көрдім. Олардың
ішінде Абайдың тұрғыластары да, солардың ұрпақтары да бар еді. Соншама
ізденудің арқасында болашақ қаһарманым жайында аса көп материал
жинағаным соншалық, …тіпті қазір Абайдың балалық және жастық шағы
жайындағы роман тәмам болған соң да сол кітапқа кірмей қалған
материалым мейлінше көп екенін көрдім».
Студент болып жүрген кезімде деп Мұхаңның 1924-25-26 жылдарға
меңзегені күмән туғызбаса керек. Ұлы суреткердің қасына Әлкейді ертіп
Шыңғысқа алғаш «Абайдың өмір тарихымен арнайы айналыса бастаған»
уағында жасаған бір сапарын үстіде айттық.
«Құнанбай» атты зерттеу еңбегінде жазушы ғалым Тұрсын Жұртбай
Мұхаң мен Шәкәрімнің қарымқатынасына да тоқталады. Мәселен, автор
182
кітабының 159-шы бетінде екі ұлы адамның арасы жайлы былай деп жазады:
«... Абай өлеңдерін тұтастай жинастырған кезінде сан рет сұхбаттасқан.
Саятқа шыққанда Шәкәрімнің ауылына аң қаға жүріп қонаға келетін болған».
Студент Мұхаңның екі жыл (1925 және 26 жылы) қатарынан жазда
Бақанас бойында болып, Саятқорада Шәкәріммен көп сұхбат құрғанына біз
де назар аудармақпыз. Неге десеңіз, ол Абай шығармаларының толық
жинағын негізінен осы жылдары әзірлеп үлгереді.
Дәлел ретінде Мұхтар Омарханұлының 1927 жылдың 22 ноябрь айында
сенімді досы Смағұл Садуақасұлына Ленинградтан жолдаған хатын алайық.
Онда Қазақстанға екі мәрте (былтырғы және биылғы деп) қолжазба
материалдарын жібергенін айтқан. Мына жолдарға үңілейік: «…Сөзіне
қарағанда, менің былтырғы «Сұғанақ сұрым» да соған берілген шығар
деймін. Оларға соңғы «Қараш-Қараш» деген әңгіме одан соң «Госиздатқа»
жіберген әңгімелер, тағы басқа материалдар қосылған шығар. Кәрімнің
жазды күні маған айтқан бір сөзінде: «Сенің жазғандарыңды Ғаббас пен
Жандосов екеуінің бірінің қарамағына берем!», - деп еді. Сонда «Абай»,
«Сұғанақ сұрды» еске ала айтқан еді. Осының анығы қалай екен? Ғаббасқа
тапсырғанның ішінде соңғы биыл жібергендерім бар ма екен? Жоқ,
бұрынғылар ғана ма? Осыны анықтап біліп, айыртып жазсаң жақсы болар
еді».
Хатта аты аталған адамдар: Ғаббас Тоғжанов пен Жандосов әдебиет
сыншылары, былайша айтқанда «идеология сақшылары». Ал, «Кәрім» деген -
Кәрім Тоқтыбаев республиканың оқу-ағарту комиссиясының төрағасы.
Аталмыш хатты баспаға әзірлеген ғалым Т.Жұртбай Мұхаңның «Абай» деген
сөзіне – Мұхтар дайындаған Абайдың екі томдық шығармалар жинағы деп
түсінік береді.
Міне, хатта таңбаланған мағлұматтар 1933 жылы жарық көрген Абайдың
тұңғыш толық жинағының әзірленген уақыты – 1925-26 жылдар деп жоруға
мықты негіз. Яғни хат иесінің «Абайды» биыл емес, былтыр (1926) жібердім
(«Сұғанақ сұрмен» бірге) дегенінің куәсі боламыз.
Қосымша дәлел ретінде мына бір фактіге де жүгінелік. Өлкетанушы Болатбек
Насенов өзінің «Абыралы – қанды жылдары» атты кітабының (Үшінші кітап. –
Новосибирск, 2002) 291-292-ші беттерінде Шәкәрімнің қазасына қатысты архивтік іс-
құжаттар ішінде Шыңғыстау көтерілісінің белсендісі Солтабаев Қасымбектің 1958 жылы
қартайған шағында елге оралғанда тергеушілерге айтқан жауабын береді. Онда
Қасымбектің мынадай сөзі бар: «Мен Шәкәрімнің қыстауына екі рет бардым. Бірінші рет
1924 жылы өзім болдым. Екінші рет 1926 жылы жазушы Мұхтар Әуезовпен екеуміз
кездестік. Екі болғанда да қыстауында бөтен ешкім болған жоқ».
1926 жыл Шәкәрімнің Бақанастан жиырма шақырым қашық елсізде, жайлау
шетіндегі Шақпақ тауының бөктеріне салынған жаңа тамында қыстаған кезі. Қасымбек
осы жылы Шәкәрім қыстауында Мұхтар Әуезовті кездестірдім, бөтен ешкім болған жоқ
дейді. Бірақ Мұхаңның қасына Семейден Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Ахметбек
Шикібаев ерткен және қонақтарға жергілікті Өтегелді, Тоққара т.б. азаматтар қосылып
отырған сапарлары да болған. Әңгіме-дүкен арасында осы топ, Шәкәрім бас болып,
саятшылық та құрады.
1933 жылғы Абайдың толық жинағының негізі ертеректе қаланды деген
пікірді ұзақ жылдар Мұхаңның дос-інісі болған Қайым Мұхаметхановтың
183
«Мұхтар кешкен қилы заман» атты мақаласынан да кездестіреміз. «Мұхтар
түрмеден шығып, - деп жазады белгілі абайтанушы ғалым, - ...сыңаржақ сын
шабуылынан құтыла алған жоқ. Тұтқыннан босай сала, ертеден жинап,
әзірлеп жүрген Абайдың толық жинағын 1933 жылы баспаға беріп, сол
жинақта «Абайдың туысы мен өмірі» атты еңбегін жариялады» (Абай. –
1992. № 3. – 78 б.).
Сөз болып отырған 1925-26 жылдары Абай, Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан,
Әбіш, Мағауия немесе Құнанбай, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Майбасар,
т.б. туралы Шәкәрімнен артық та дәлді білетін адам Шыңғыстау өңірінде
қалған жоқ десек өсіріп айтқандық емес.
Шәкерімнің Мұхаңның талантына бас иіп, оған мол да құнды мағлұмат
жеткізген деген пайымды растайтын аса маңызды деректі мен жазушының
биографы Николай Анастасьевтің Мұхаңның өмірі жайлы ЖЗЛ сериясынан
шыққан «Трагедия триумфатора» атты кітабының (Москва, 2006) 278 бетінен
кездестірдім. «До сих пор считается, - деп жазады биограф, - что первое
полное собрание сочинений Абая появилось в 1933 году, что формально
соответствует действительности, об этом четко свидетельствует выходные
данные. Но на самом деле книга была подготовлена к изданию уже в 1924
году, то есть могла выйти в свет как раз к юбилейной дате. В большей
степени Ауэзов опирался на издание 1909 года, сильно ему помог Кокпай,
сам Шакарим, не чинясь и не давая почувствовать разницы в возрасте,
часами просиживал с молодым ученым, строка за строкой продвигаясь по
тексту».
Мұхтар мен Шәкәрім тізе қосып, абайтануға біріге жұмыс істеп отырған
осы суретті көзге елестетіңізші, қазақ мәдениетінің алтын сағаттары емес пе!
Ренессанстық күндер демей көріңіз!
Қазіргі күні біреу біледі, біреу білмейді, 1909 жылғы жинаққа Абайдың
көп өлеңдері енбей қалды да, осы себепті 1933 жылғы толық жинаққа Мұхаң
Мүрсейіт қолжазбасында жоқ 1086 жол өлеңді жаңадан қосқан болатын.
Олай болса, бұл қыруар қазынаның денін жатқа айтқан кім? Ол Шәкәрім
деген ойдамыз.
Шәкәрім бе, жоқ әлде Көкбай ма?
Абайдың бас шәкірті әрі өзгелерден жасы үлкенірегі Шәкәрім болғанын
әдетте баршамыз мойындаймыз. Ол, айталық, Көкбайдан үш жас үлкен.
Әрине, мәселе жаста ғана емес, кімнің көбірек білетіндігінде. Ендеше
Абайдың бар өлеңін жатқа білген кім? Бұл ретте Мұхаңның өзі көмекке
келіп, мұндай адам Абай шәкірттері ішінде Шұбар-Шәкәрім болғанын «Абай
жолы» эпопеясында екі мәрте атап өтеді. Мәселен, «Қастықта» тарауында
Әзімхан-Әлихан төренің Шыңғыстауға ат басын тіреп, құрметті қонақ
ретінде күтілгені суреттелген тұста Шұбар туралы былайша жазады: «Бұл
Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде
ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине,
«Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар
184
болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді
бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам».
Көрдіңіз бе, Мұхаң Абай шығармашылығын ең жақын білетін кісі
Шәкәрім екенін бүркемелеп болса да, бүгінгі біздерге жеткізіп отыр, бір.
Екіншіден, билік тізгінін ұстаған адамдардың ойлау жүйесі мен мінезі,
жүрістұрысы мен шешімі деген тереңгі иірімі, қатқабат бүкпесі көп
мәселелер бар. Міне бұл жағынан келгенде де, жастар мен от басы, ошақ
қасындағылар түгілі, жалпы қариялардың да болған оқиғалардың астарын
Мұхаңа қажетті дәрежеде ашып, жарытып жеткізе алмағаны хақ.
Сөйтіп, Мұхаң жүздескендер ішінде жасы жағынан үлкені, ақындық
қуаты мен таланты жағынан Абайдың бас шәкірті, ең бастысы, «Абайдың бар
қоймасын білетін адам» Шәкерім болғаны талассыз.
Бұл ретте оқырман көкейінде «ұлы ақынға 25 жылдай серік болған
Көкбай ше, бел баласы – Турағұл ше» деген сұрақтың тууы заңды.
Көкбай Жанатайұлы, әрине, көп білген. Бірақ, өз білгендерінің бәрін
артқыға қалдырып үлгерді ме екен? Дәл осы сұрақтың жауабын Мұхаңның
өзінен табамыз. Ғұламаның тиянақты жауабы төмендегідей: «Көкең Абаймен
1880 жылдан бастап 25 жылдай жолдас болған. Сондықтан бұл кісінің әрі аға,
әрі жолдас-дос болған жақыны Абай туралы білген мағлұматтары көп болса
керек еді. Бірақ, сол 1924 жылы Көкеңнің саулығы азайып, үлкен ауыр
науқасты болды. Ауруынан «емделсем жазылар ма екем» деген үмітпен Том,
Мәскеу, Ленинград сияқты қалалардың бірінен қайтып, біріне барып, қыс
бойғы уақытын жүріспен алып, орнығып отыра алмады.
Сондықтан Абай кешінде «Естегісін айт» деп, өзі білген жайларын көп
алдына сөйлеп беруді айтқанымызда да, өзімен жеке әңгімелескенде де
көңілінде алаң көп болғандықтан Көкең өзі білген жайларының барлығын
толық қылып түгендеп шыға алмады. Сонан соң, 1925 жылдың жазғы
салымында, науқасы ауырлап (Семейден) елге қайтты. Кетерінде: «Үйге
барған соң, шамам келсе, Абайдың жайын толық қылып жазамын» деп еді.
Елге барған соң, ол уәдесіне жете алмапты. Өйткені науқасы жеңіп әкетіп,
мұршасын келтірмепті.
Сол жылдың күзінде Көкең дүние салды да, мен қысты күні есіткен аз
мағлұматтардан басқаны жыя алмаған қалпымда қалдым» (Абай. Толық
жинақ. – Қызылорда, 1933 жыл. –385-386 бб.).
Мінеки, Көкбайға қатысты шындықты Мұхаңның өз аузынан естіп
отырмыз. Десек те, саяси ахуал кей-кейде Шәкәрімнің орнына Көкбайды
атап, «Көкбай айтты» деп сілтей салуға мәжбүрлеп отырған.
Сөзіміз дәлелсіз болмауы үшін Мұхаңның қылышынан қан тамған сол
заманның идеологы Нұрышевтің жөнсіз сынсымағына жауап ретінде жазған
«Абай мұрасы жайында» атты еңбегін алсақ, онда былай делінген: «1933
жылдың баспасын мен әзірлеген кезде сүйенгенім – жалпы кәрия емес.
Абайдың бар өлеңін жатқа білген, бұрын өздері үшін көшіріп, жаттап алып
жүрген жақын шәкірттері болатын. Солардың сенімділерінің ішіндегі жасы
үлкені – Көкбай болғандықтан, ол Абай өлеңдерін сол баспаға әзірлеген
шәкірт-ақын жинаушының ең үлкені болды. Қысқа өлең, аударма өлең, ұсақ
185
өлең деп қосылған Мүрсейітте жоқ 1086 жол өлеңнің көбін жинап берген сол,
Абаймен өле-өлгенше бірге жасасқан Көкбай болатын. Көкбайдың үлкен
еңбегі осында еді» (Абай Құнанбайұлы. Монографиялық зерттеу. – Алматы,
1995. –
290 б.).
Үзіндіден Шәкәрімнің көлеңкеде қалып, оның орнына Көкбайдың есімі
аталғанын аңдау қиынға соқпайды. Өйткені, 1925 және 1926 жылдары
Көкбай дүниеде жоқ. Ең бастысы, қаламгер 1933 жылғы тұңғыш толық
жинақта Көкбай туралы: «1924 жылы Көкең дүние салды да, мен қысты күні
есіткен аз мағлұматтардан басқаны жыя алмаған қалпымда қалдым», - деп
мәлімдеген өз сөзін өзі жоққа шығарып отыр.
Бұл қайшылықтың сыры неде? Ол мынада: ұлт данасы Шәкәрімге
«халық жауы» деген жалған жала жабылып, есімін атауға тыйым салынды.
Бұл жағдайда «Шәкәрімнің атын бүркемелеп, мегзеуден басқа Мұхтардың
өзге амалы да жоқ еді» (Т.Жұртбай).
Сондай-ақ, абайтанушының «сүйенгенім – жалпы кәрия емес» деп
ескерткенін де көріп отырмыз. Олай болса, Мүрсейіттің қолжазбасында жоқ
1086 жол өлеңнің денін Мұхаң кімнен жазып алған? Әрине, Шәкәрімнен деп
жорысақ шындық ауылынан шығандап кетпейтін сияқтымыз.
Көкбайдан кейін көп білген кісі, сөз жоқ, Абай баласы Турағұл.
Мұхаңның ол туралы: «…Өзге жұрттың бәрінен артық, бәрінен толық
мағлұмат берді» деп аса риза көңілін айтқаны белгілі. Бірақ Турағұл әкесінің
өлеңдерін жатқа айтқан ба? Ол туралы хабар жоқ. Әрі Шәкәрімнен аттай 17
жас кіші Тұраш баяғыда өткен Қодар-Қамқаның өлімі тәрізді оқиға тұра
тұрсын, бертінгі Оспан мен Оразбайдың ұстасуы, «Тәкежан-Базаралы дауы»
сияқты естігені болмаса, көзі көрмеген уақиғалардың мән-жайын түгел біле
алды ма...
Тұжыра келгенде, Шәкәрім жас зерттеуші Мұхтардың ең көп үміт
артқан және соны ақтаған адамы болды. Бірақ бұл тұжырым Көкбайдың,
әсіресе, Турағұлдың абайтану ғылымына қосқан сүбелі үлесін төмендету
болып табылмайды дегенді баса ескерткіміз келеді.
Дәстүр жалғастығының дәнекері
Ар ілімін жасаған, ақ жүрек ғұламамыз Шәкәрімнің ағасы Абайдың
өлеңдерін түгендеу ісіне сіңірген ерек еңбегі де, жас талант Мұхтарға әйгілі
«Абай жолы» эпопеясын жазуға бағыт бергендігі де елеусіз, елеусіз деймін-
ау, мүлде ұмыт қалып келгені шындық, осы себепті мәселеге байыппен
тоқталуға мәжбүр болдық.
Әрине, екі ұлы шығармашылық иесінің арақатынасын тереңдеп зерттеп
өз алдына бөлек жұмыс. Бізге анығы, шынайы өмірде ойшыл ақын Шәкәрім
жас Мұхтардың талантын танып, шын көңілден силаған, өз кезегінде жас
жазушы оның шығармашылығынан нәр алған әрі Абайдың бас шәкірті
ретінде өзгеше құрметпен қараған. Қос алыптың қарымқатынасын қазбалап,
тереңіне бойлаған сайын осыған қаныға түсесің.
186
Достарыңызбен бөлісу: |