162
УІІІ. КЕҢЕС ӨКІМЕТІ ДӘУІРІНДЕ
Жабық қоғам және оның салдары
Әлқисса. “Россия болса анасы, Қазақ – жап-жас баласы” (Шәкерім)
болғанымен, кіндік Ресей саясаткерлері аналық қамқорлықтан аман болды.
Қайта шамасы келгенше жас бала қазақты үлестен қағып, ақ болсын, қызыл
болсын “Сақа айғырдай арқырап” (Шәкерім) қуып тастауға даяр тұрды.
Мәселен,1918 жылдың екінші жарымында болған оқиғалар Алашорда
мен Кеңес өкіметі арасындағы келіссөзге есікті тарс жапқан болатын. Осыған
қарамастан 1919 жылы атаман Анненковтың атты әскері Семей қаласын
басып алғанында, қызылдарды ғана емес, Алашорданың қайраткерлерін де
жазаға тартуға бұйрық бергені мәлім.
Осы жылдың 1 желтоқсанында Семей облысында Кеңес үкіметі
түпкілікті орнады. «Сарыарқа», «Алаш», «Жас азамат» газеттері мен
М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың редакторлығымен айына бір рет жарық
көріп тұрған “Абай” журналы «ұлтшыл» деген айыппен жабылды. Бір жарым
жыл жасаған Алаштың жолы жіңішкеріп барып, осымен біржола үзілді:
Қазревкомның қаулысына сәйкес Алашорда таратылды.
Қазақ даласында билік Кеңес өкіметі уысына түскен соң, ұлт
зиялыларының алдында екі түрлі жол тұрды: бірі – саясаттан мүлдем іргені
аулақ салу, бірі – жаңа өкіметпен тіл табыса жүріп, ел болашағына қызмет
қылу. 1919 жылдың 4 сәуірінде Бүкілресейлік ОК-нің Алаш қозғалысы
басшыларына кешірім жасау туралы шешіміне орай, алаш арыстарының дені
екінші жолды таңдаған еді. Әсіресе, алаштың екінші толқын өкілдері
(С.Смағұлов, Н.Нұрмақов, М.Әуезов, А.Ермеков т.б.) үлкен лауазымды
қызметтерге келген болатын.
Жә, ұлт зиялыларының ары қарайғы қилы тағдыры баршаға аян, оған
тоқталу біздің міндетке кірмейді.
Шәкәрім өмірінің кеңестік бөлігі қалай өтті? Бізге осыны жеткізу міндет.
Бірақ кейіпкеріміз бүкіл адамзат санасы биігіне шыққан Шәкәрімдей ұлы
тұлға болғандықтан және оның тағдыры бүкіл халықтың тағдырымен
астасып жатқандықтан болған нақтылы оқиғалар мен құбылыстарды
баяндаудан бұрын
7
3 жыл жасаған кеңестік дәуірдің философиялық
тұжырымдамасы деген тақырыпты қозғауды жөн көрдік. Өйткені, әуелі
жалпы панорамаға шырқау биіктен көз тастамай тұрып, бірден тақырыпқа
кіріссек, көп жайлар бүгінгі ұрпаққа түсініксіз, бұлдырлау қалатын сияқты.
Бүгінгі уақыт тұғырынан кешегі кеңестік дәуірдің қиялдан туған
қоғамдық құрылымды орнату тәжірибесі болғанын алақанға салғандай көріп,
біліп отырмыз. Бір кішкене ғана елдің көлемінде өте ме, жоқ әлде жер
шарының алтыдан бір бөлігінде өте ме, тәжірибенің аты тәжірибе емес пе.
Социалистік дәуірдің парадокске толы болуы да сондықтан.
Мәселен, әкешешесі репрессияның жазықсыз құрбаны болған бір
бүлдіршінді «барлық халықтардың әкесі» Иосиф Сталин жолдастың қолына
алып, аялап, аймалап тұрған фотосурет аға ұрпаққа жақсы таныс. Барша
163
совет халқының тағдыры да сол бүлдіршіннің тағдырындай. Өйткені, совет
халқының дені ата көрмей, әкеден ерте айырылып, жетімжесір болып өсті.
Шаңырағы шайқалмаған отбасы некенсаяқ. Ащы шындық осы. Себебі, адам
өмірі құндылық деп саналған жоқ. Аштықтан және сталиндік лагерден қанша
адам қырылғаны әлі күнге дәлді мәлім емес. Ал, Ұлы Отан соғысында
кеңестік статистика 30 миллиондай адамнан айырылдық десе, шетелдік
сарапшылар бұл сан 50 млн. жетіп құлайды дегенді айтады. Батыс Европаны
тізе бүктіру жоспарын алғаш жасаған адам жаңағы «халықтар әкесі» еді, яғни
соңғы соғысқа Гитлер жартылай ғана себепкер екені айдан анық.
Өстіп, кеңестік өкімет оң қолымен өз халқын тұншықтырып қынадай
қырса, сол қолымен әйелдер мен балаларға әлеуметтік жағымды жағдайды
жасап, демографиялық тасқынды тудырды. Ескі мәдениет өлкесінде, әдет-
ғұрыпта күйретілмеген дүние қалған жоқ, мысалы, араб ирегімен жазылған
жазбаның ұшы көрінсе болды, бітті «ескінің сарқыты» деп отқа салды.
Екінші жағынан, ұлттық мәдениетіміздің керегесі кеңіп, гүлденгенін қайда
қоямыз.
Иә, жасанды қоғамның күнгей тұстары да баршылық болды. Бірақ...
«Платон менің досым, алайда ақиқат одан қымбатырақ» дегендей,
социалистік тәжірибенің тым қымбат бағаға түскенін баршамыз мойындауға
тиіспіз. Таза деспоттық, тирандық мемлекет дүниеге келгеніне бұлтартпас
нақты дәлелдер кеңестік империяда тым көп, оған Батыс әлемі «зұлымдық
империясы», ал мұсылмандық Шығыс «кәпіри қағанат» деген айдарды
неліктен тақты дейсіз...
Міне осы тұста кеңестік дәуірдің философиялық тұжырымдамасы деген
мәселеге бұрайық. Біз ғой, адамзат тарихы формация формацияларға
(алғашқы қауым, феодализм, капитализм және социализм деп) бөлінеді деп
жаттап өстік, өзгені білмей, естімей келдік. Енді қатып қалған бұл догмалық
ілім де ескірейін деді. Осы заманғы шетелдік ғалымдар «ашық қоғам» және
«жабық қоғам» деген айқын ұғымдарды ғылыми айналымға енгізіп отыр. Бұл
тың түсінік, жаңа терминдердің авторының бірі - ағылшын ойшылы Поппер
Карл (1902-1994). Ол өзінің «Ашық қоғам және оның жаулары» атты әйгілі
еңбегінде былайша жазады: «Бұдан былай магиялық, тайпалық немесе
ұжымдық қоғамдарды, біз, «жабық қоғам» деп, ал жеке адамдар өз бетінше
шешімдер қабылдауға мәжбүр болған қоғамды «ашық қоғам» деп атаймыз»
(Поппер К. Ашық қоғам және оның жаулары. -Алматы, 2004. - 269 б.).
Қарапайым түрде айтқанда, ашық қоғам – демократиялық, ал жабық
қоғам – деспоттық мемлекет яки қауымдастақ деген мағынаны білдіреді.
Қысқасы, тоталитарлық режим, яки жүйе атаулының қай қайсы да
(монархиялық, диктаторлық, әсіресе тирандық пен фашистік) жабық қоғам.
Неге? Себеп: бұл жағдайда адам өмірінің құны соқыр тиын. Ал, реформа,
өзгерістер тек қорқытуменен я зорлық-зомбылықпен ғана іске аса бастайды.
Яғни жабық қоғамның «жабық» болатыны, ол азаттықтың, еркін ойдың қас
жауы. Мәдениетке, адам болмысына қарсы дүние алдына қандай әдемі
мақсатты қойып, сыртын қалай жарқыратсаң да ішкі жағы сол сүйкімсіз
қалпында қала бермек. Өзгертуге ешкім де дәрменсіз.
164
Рас, адамзат тарихында демократиялық және тоталитарлық биліктердің
күн мен түн сияқты алмасып отырғаны жаңалық емес. Бірақ сарапшы
ғалымдар демократиялық бағытқа көшін түзеген елдің ғана ұпайы түгел:
бүгіні берекелі, ертеңі жарқын деседі. Мәселен жаңа аты аталған К. Поппер
өзінің қоғамның даму жолдарын саралаған еңбегін былайша қорытады: «...Біз
жануар қалпымызға оралуымыз мүмкін. Дегенмен, егер біз адам күйімізде
қалғымыз келсе, біздің алдымызда тек бір ғана жол - ашық қоғамға апарар
жол бар. Біз өзімізде бар ақыл есті қолдану арқылы қауіпсіздігіміз, сонымен
бірге еркіндігіміз іске асуы үшін алдыға - белгісіздікке, беймәлімге қарай
қозғала беруге тиіспіз» (сонда, 269 б.).
Сонымен, ашық азаматтық қоғамның жаулары: ақыл - парасатты жоққа
шығаратындар, яғни демократиялық институттарға сенбей, күшке ғана
сенетіндер. Және бір анығы, ашық қоғам ұғымының мәні, мазмұны екі ғана
нәрсеменен: жеке адамның азаттығы мен жеке басының құқын бәрінен
жоғары тұруға тиісті. Бұл екеуі жоқ жерде әлеуметтік әділет, саясат тілінде,
демократия бар деу өтірік сөз.
Рас, демократияның машақаты орасан, бірақ адамзат одан тәуір «ештеңе
де ойлап таба алған жоқ» (Черчиль). Әлемдік тәжірибе, әйтеуір,
конститутциялық-демократиялық заң талаптарына сәйкес өмір сүретін қоғам
ғана өміршең екендігін дәлелдеп-ақ келеді. Отанымыз Қазақстан да бүгінгі
таңда өз таңдауын осы бағыттан тапқанын әлемге паш етіп отыр. Демек, бұл
келешекке нық сеніммен қарауымыздың бірден бір кепілі.
Сорымызға қарай, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда,
жалпы кеңестік кеңістікте социализмге емес, іс жүзінде «жабық қоғамға»,
үйреншікті тілмен, тоталитарлық жүйеге өту процессі басталып кеткен еді.
Жабық қоғамның таза бір көрінісі, туындысы – шолақбелсенділік.
Сондықтан 1925-28 жылдары билік тізгіні жүрегінде Құдайы жоқ «шолақ
белсенді» адамдардың уысына түсуі заңдылық болатын. Тарихи тұрғыдан
оған демократияға қарсы құбылыс деп баға берсек бек дұрыс. Өйткені,
шаласауатты адамдар мен арыны басылмаған албырт жастардың қанды
қақпаны шолақбелсенділік - жабық қоғамға өтудің механизмі, құралы болды.
Бұл шындық. Ол жай құбылыс емес, жаңа сенім, жаңа идеология әкелген ой-
сана өзгерісі. Сызы әлі күнге дейін сезілетін, жаны сірі, қатерлі құбылыс
болуы сондықтан. Аталмыш құбылыстың әзіз Шәкәрімнің өміріне де,
мұрасына да тікелей қатысы бар деп жұмсақтамай, сөздің турасына көшсек,
ұлт данасы Шәкәрім жабық қоғамнан туған шолақбелсенділіктің тұңғыш
құрбанының бірі.
Өз халқын өзі қырып салумен және үнемі мылтықтың үңірейген
үңгісімен үркітумен іргесін бекіткен мемлекеттің ғұмыры қайбір ұзақ
болсын... Қайта осынша жасағанына таң қаласың: алысты болжағыш даналар
мен аузы дуалы саясаткерлер (орыста Бердяев, қазақта Әлихан, Ахмет т.б.)
түбірлі идеологиясы жоқ, тек күшке сүйенген бұл режим ұзаса 25-30 жылда
құрдымға кетер деп болжау айтқан еді.
Тағы бір айтарым бар. Басқа халықты қайдам, біздің қазақ халқы
социалистік шындықпен өте-мөте біте қайнасып, қимай қоштасты. Көпшілік
165
1986 жылғы саяси көтеріліс кезінде бұғып қалды, тіпті 1991-92 жылдары да,
сөздің шыны керек, «еркіндік тойы келді» деп бөркін аспанға лақтырудан
алдыңғы толқын аман болды. Неге, неліктен?
Қазақтар үшін «социализмге өту» көшпенділіктен отырықшылық
мәдениетке өтумен дәлме дәл келді, бұл бір. Екіншіден, бұдан да маңыздысы,
социализм бізге «ғайыптан түскен құтқарушы» болып жетті. Өйткені,
көшпенді жұрттың алдында халық ретінде сақталу я сақталмау дилеммасы
тұрғаны өтірік емес. Халқымыздың советтік құрылысқа деген керемет
адалдығы мен сүйіспеншілігін, осынау қиялдан туған әрі жабық болған
әлеуметтік құрылымның неліктен ерекше ыстық болған себебін түсіндірер
екі басты жәйт, өз білуімше, осылар.
Енді үстіде айтылған ой-пайымның бәрін бір сағаға тоғыстырып
қорытынды жасайық.
73 жылға созылған советтік кезеңді біртұтас деп қарау үлкен жаңсақтық.
Шын мәнінде ол арасы жер мен көктей екі бөліктен тұрады. Ең ауыр
трагедиялық парақтар алғашқы бөлігіне, яғни 1918-1954 жылдарға келеді.
Дәлел ретінде соғыстардың ішіндегі ең мағынасызы әрі қатігезі
азаматтық соғысты, оның 1921 жылмен тәмам болмай, ашық майданнан
жабық түрге көшіп жалғаса бергенін, осымен, ГУЛАГ деп аталған азап
лагерінде еңбекке жарамды, тепсе темір үзетін 5 млн. адам жабулы болғаны
айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, осыншама адам ресми тілде «сексот»
(«секретный сотрудник» деген тіркестің қысқарған түрі), ал бұқара халық
«стукач» деп атаған қосымша қызметте тұрды. Шәкәрімше адам аулаудың
жұмысына «үлесін» қосты. Бұл ішкі соғыс емей не. Осыған алапат аштықты
қосыңыз.
Сөйтіп, кеңестік дәуірдің әуелгі бөлігін қызыл қанға белшеден батқан
сталиндік социализм десек дұрыстық. Бұл уақыт ешқандай заң-закөн
болмауымен, яғни адам өмірінің құны көк тиын болуымен ерекшеленді.
Енді кеңестік дәуірдің екінші бөлігіне келсек, бұл кездері жақсы-жаман
болсын өзіндік заңдары бар, едеуір биік дәрежеде әділетке негізделген қоғам
орнықты, яғни «дамыған социализмнің» шұғылалы жақтары айқын басым
болды. Мәселен, әлеуметтік қорғау, медицина мен оқу-ағарту қарқын алған,
ұлттық мәдениет көңілдегідей жақсы гүлденген, ең тәуірі, керемет
демографиялық тасқын өткен қоғамды неге аңсамасқа. Қысқасы, әлі күнге
қия алмай жүретініміз, ыстық көрінетін кеңестік дәуірдің екінші бөлігі.
Шыны керек, осынау жағымды өзгерістердің түгелі дерлік тек кеңестік
керемет, яки бізде ғана болған жақсылықтар емес, бірінші кезекте әлемдік
өркениет пен техникалық прогресстің оң салдары, яғни біз адам сенгісіз
құрбандық қылған дүниелерге өзге халықтар бейбіт жолмен-ақ жеткен еді.
Француз ойшылы Шарль Монтескье (1689-1755) айтқан: «Адамдар
қараңғылық заманында орасан зор зұлымдық жасап жатып та көңіліне еш
күдік алмайды, ал ағартушылық дәуірінде олар ғажайып ізгіліктің өзіне діріл
қағып зорға барады» деген лебізде жан бар. Өзін кеңес өкіметіне қарыздар
сезінетін, соның арқасында «көзімді аштым» деп есептейтін адамдар
арамызда баршылық. Соның бірі өзім болғандықтан кешегі зұлымдық
166
заманы жайында неғұрлым жұмсартып айтуға тырыстым. Яғни жабық қоғам
туралы үстідегі пікірлер кешегі кеңестік қоғамға қалайда қара күйе жағу
тілегінен емес. Тек жабық қоғамның, кешегі көзіміз көрген авторитарлық
кеңестік дәуірдің философиялық тұжырымдамасын берудің уақыты жетіп
отыр. Жалған нанымнан ерте ме, кеш пе айығу керек емес пе. Екіншіден,
пәлсапалық шегіністі алдағы баяндалатын оқиғалар мен құбылыстардың
егжей-тегжейін, фрагменттерін тұтастырудың шарты деп білдім.
Сонымен, кеңестік қоғамды екі сатыға бөліп қарау тәсілі оны дұрыс
ұғыну, бүгінгі ұрпаққа таныту үшін қажет деген пікірдемін.
х х х
Ой алыбы Шәкәрім кеңес өкіметі дәуірінде 12 жылдай өмір сүрді. Яғни
қалыптасып жатқан жаңа қоғамды өз көзімен көрді. Бірақ қиянатқа қаны қас,
әділетшіл ақын кеңестік дәуірдің сәулелі жағына, «алғашқы жетістектерге»
қол соқпайды, көлеңкелі жағы жайлы да «ләм-мим» демейді. Себебі:
Кел, кедей, басың қос жалшымен,
Байларды қойдай қу қамшымен, -
деген солақай саясаттың ызылы мен әуені осы он екі жылда тым болмаса бір
рет үзілсе ше... Мылтық, мылтық және мылтық! Бұл жағдайда ешкімге,
ештеңеге иілмейтін түбірлі кәрі емендей дананың Күн көсемге де, жаңа
саясатқа да бүйрегі бұра алмаған. Есесіне жабық қоғам да ақылшы
абызымыздан өшін алып, тәнін құрқұдықта көмусіз қалдырды. Ол аздай,
ақталуы және асыл мұрасының халқымен қауышуы тым ұзаққа созылды
(сүйекке салған таңбадай бұл сорақы оқиғаны келешекке пайдалы сабақ
болуы үшін әрі тағдырдың, тарихтың бүгінгі біздерге берген ащы сабағы
ретінде ұмытпағанымыз жөн-ау).
Жаңа қоғам өзінің әлеуметшілдігі, арманшылдығы, жұртты еңбекке
жұмылдыруы жағынан ақын көңіліне әлдебір жылы сезімді ұялатса ұялатқан
да болар, бірақ аң емес, адамды аулаған, жеке адамның ой ойлауына, шешім
қабылдауына, азаттығына титтей де орын қалдырмаған сиқы, азуын ақситқан
жыртқыштық кейпі сезімтал жанды қатты түршіктіргені шүбәсіз.
Ақылың таң қалатыны - данышпан мінсіз Жаратушы бар, адамның рухы
мәңгі, сондықтан жан тәнді, ар-әділет заңы қоғамды басқарып, меңгеруге тиіс
деген ақ сеніміне адал болып өтті. Мұның бірден бір себебі, алпыстан
асқанда Шәкәрім бұл неғылған мемлекеттік құрылым екенін аңғарып тани
білген дейміз. Өйткені, данышпандық қасиет иесіне айналып, әр нәрсенің
сырына, тереңіне бойлай алатын кемеңгер хакім, әулие адам сатысына
көтерілген кезі еді.
Осылайша сананы тұрмыс билейді деген қағидаға сәйкес түзіліп жатқан
жаңа қоғамдық құрылымға, жаңа тәртіпке жападан жалғыз қарсы тұруға
мәжбүр болды. «Жан тәнді, сана тұрмысты билемек» деген басты
парадигмасынан сынық сүйем де ауытқыған емес. Бұл турасында:
«Еріксізбін», - дейді хакім ойшылдың өзі. Сондықтан қазақтың маңдайына
біткен әулие адам заман ағымына қарсы жүзуден болатын аяусыз соққының
бәрін де көріп, мұтылғандық пен жалғыздық трагедиясын белшеден кешті.
167
Бірақ, бұл қажының адасуы я қатесі ме, жоқ әлде мұқым кеңестік қоғамның
адасуы һәм трагедиясы ма? Кімдікі дұрыс? Бүгінгі күн биігінен мұның
жауабын әркімнің өзі берсін деген ойдамыз.
Ғұламаның Семейдегі ортасы
«Кеңес дәуірінде де Шәкәрімнің қаламы қолынан түскен емес, - дейді Қ.
Мұхамедханұлы. – Ол көп жазды. Оның шығармаларының тақырыбының
өзін атап, тізіп шығу бұл мақалада мүмкін емес». Шәкәрімнің 1920-31
жылдар арасына келетін шығармалары, бір қарағанда расында да сан алуан
тақырыпты қамтитындай болып көрінеді. Бірақ олардың бәрі де бір сағаға
құйып, бір арнада тоқайласады. Ол адамды түзетудің арнасы, өз сөзінше, ар
ілімі. Соңғы он жылдай уақытта данышпан өзінің ар ілімін аяғына жеткізу
үшін толассыз тер төгеді. «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де…» (1931)
деген өлеңінде осы кездегі шығармашылығының жалпы сипаты жайында:
Бұзық адамдарды ақ жолға салуға,
Қиянатты көрге жабуға,
Мен ақыл мен ойды жұмсаушы ем,
Талай қиын істі табуға,
дейді кемел ақын.
Сөйтіп, соңғы он жыл ғұмырында Шәкәрім ақыл мен ойды «қиын істі
табуға» - ар ілімін қалыптастыруға, Тәңірінің хикметін сезуге жұмсайды.
Яғни жырларының басты тақырыбы осылар.
Бірақ ғазиз ақын туған халқының өмірінен ажыраған да, алыстаған да
емес. Уақытпен үндесіп, заманымен үйлесіп өмір сүрген. Мәселен, қыс
айларын жапанда жалғыз кешкен кемеңгер, өзге айларда елмен қоян-қолтық
араласқан, олардың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын жақсы біліп отырған.
Осыны 72 жастағы қарт ақынның көтерілістің идеологиялық басшысы деп
айыпталуы да айғақтайды. Егерде ол бәрінен бейтарап, харакетсіз - сопы
монтаны болып қана отырған болса, әлгі сөзге кім сенер еді.
Әр адам өз заманының төл перзенті. Ешкімге де көкірегі ыстық
дүниеден, тағдыр силаған айнала мен қоршаған ортадан қашып құтылу жоқ.
Әсіресе, көкірегі ояу, түйсігі нәзік табиғи талант иесінің өз заманының
өзгерістеріне бейтарап қалуы, ондағы оқиғаларға толғанбай, тебіренбей
қарауы мүмкін емес.
Олай болса, төменде мағлұматтар мен көзі көрген адамдардың
естеліктеріне иек арта отырып, Шәкерімнің қала мен даладағы ортасына кез-
кезімен көз жіберелік.
Сол заманда қала мен қыр сахарасында ардақты ақынды білмеген,
естімеген саяси қайраткер, зиялы я өнерпаз аз, яки тіпті жоқ. Әсіресе, 1918
жылдың басынан Алашорда үкіметінің соты ретінде Семейде тұрып, барша
оты бұрқыраған әлеуметтік істердің ортасында жүрген кездердегі ақынның
ескі достары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастатқан алаш
азаматтарының тізімін келтірсек, ол тым үлкен. Ал алаш ақсақалы Шәкәрімге
арнайы амандаса келіп, онымен таныс-біліс болған жастар жағы қаншама!
168
Сондықтан қазір есімдері көп кездесе бермейтін кейбір замандастарын ғана
атап өтелік.
Әуелі Шәкәрімнің қаладағы ортасы жайында.
Сол 1918 жылы Алаш қаласы (қазіргі Жаңасемей) тұрғындары ішінен
Шәкәрім семейлік ұстаз Хайролла Ибрагимовпен (1881-1966) тығыз аралас-
құралас болған еді деген естелік бар. Ол Уфадағы «Ғалия» медресесінде
Бейімбет Майлин, Мәннан Тұрғанбаев, Тайыр Жомартбаев т.б. қазақ
зиялыларымен бірге оқып, «имам хатиб уә мүдәррис» атағын алған адам.
Құранды жатқа оқитын қарилығы да болған. 1918-19 жылдары Семейде
ашылған тұңғыш бастауыш қазақ мектептері директорының бірі (Абай. –
2003. -
№4. – 17 б.).
Тінібай мешітіне таяу орналасқан Хайролла ұстаздың еңселі үйі
аумағында Семейдің Сәлмен Байтілеков (Тінібайдың туысы), Қаражан
Үкібаев сияқты ірі байлары тұрған екен. Мұхамедхан Сейітқұлов (белгілі
абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың әкесі), Ахмади Оңалбаевтар да
Хайролламен көршілес болған. Жарық дүниеден өткен 1929 жылға дейін
Тінібай мешітінің молласы болған Ғабдылшүкір Жасыбеков те Шәкәрімнің
ежелден ескі танысы болғаны анықталып отыр. Үдері, Жақия, Белгібай
сияқты қала қажылары өз алдына бір төбе.
Өз тұрғыластары ішінде Шәкәріммен силас, достық қарым-қатынастағы
адамның бірі көтібақ руының көсемі Жиренше бидің баласы Құлсүлеймен
(1865-
1927) еді. Құлсүлеймен (Құлке) Шыңғыс өңірінде 1911-1921 жылдар
би, болыс болған. Семейге қоныс теуіп, өзінің балалары Біләл, Нұғыман,
Қақабай, Шәкендерді қаладағы мектеп, гимназияларда оқытып, зиялы
азаматтар қатарына қосады. Ол 1917 жылы қараша айында Семей уездік
Земство жиынына депутат (Шәкәріммен бірге У-ші округ бойынша) болып
сайланады. «1921 жылы Мұхтар Әуезов пен Құлсүлеймен арасындағы
әңгіменің сан рет куәсі болғаным бар, - деп жазады Шәкәрімнің туысы
Құлатай Ақбердин өзінің естелігінде. – Ол ертегі, жыр, аңыз, әңгімелерді өте
көп білетін, парсыша біраз сауаты бар, аздап арабша да сөйлейтін, түркі
тілдерінің бәріне жетік, көп оқыған адам еді» (Біздің Мұхтар. – Алматы,
1976. –
358 б.).
Осы Құлке дүние салғанда, оның мәйітін немере інісі Тоққара Семейден
Шыңғыс ішіне жеткізіп, Жиренше шешеннің бейітіне жерлейді. М.Әуезов
«Абай» романына естелік жинап, Шыңғыс тауы ішін аралағанында қасына
ерткен шежіре кісінің бірі - Тоққара Жомартұлының (1893-1986) айтуынша,
Құлкенің жаназасын Шәкәрім қажының өзі шығарған. Жаназа оқырдың
алдында: «Марқұм Құлсүлеймен мұсылманшылығы берік, озбырлыққа жол
бермейтін әділ, шыншылдықтың адамы еді, - дей келіп, - бұлайша арулап
пәниден бақиға жөнелтудің ақ өлімі біздерге бұйырмайтын да шығар-ау», -
деп қатты толғаныста болып, замандасы әрі аталас туысы аруағымен кешу
сұрасып, хош айтысқан екен. Қажының осы толғанысы жұртты аң-таң
қалдырған. Өйткені, заман әзірге тыныш. Қоғамды ойпыл-тойпыл қылған
кәмпеске науқаны мен аштықтың тақап қалғанын кім білген?! Әрине,
169
артынша әулиенің сәуегейлік сөзі «е, болжаған екен-ау, жарықтық» деп азаға
жиналған көптің жадында мәңгі жатталып қалады.
Қорыта келгенде, сөз етілген Семей шаһарында Шәкәріммен пікірлес,
дәмдес болған тұлғалар өзіндік бір ортаны құраған еді.
1924-
27 жылдары Ахатпен бір курста оқыған Т. Мусиннің 1988 жылы
Семей облыстық газеттері беттерінде жарияланған естелігі бар. Онда: «Ақын
Шәкерім әдейі арнап біз оқып жүрген техникумге үш мәрте ат басын
тірегенін бүгінгідей білемін», - дей келе, бақсақ, ол біз ойлағандай, Ахаттың
сабақты қалай үлгеріп жүргендігін білуге емес, білікті ұстаздармен кездесіп,
сұхбаттасып, пікір алысуға келеді екен деп жазады Төлеужан ақсақал..
Абай жарықтық:
Алысжақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғызжарым болмаса андасанда,
демей ме. Сол сияқты Шәкәрім де өз заманының озық тұлғаларын, қазақтың
оқығандары мен қалам ұстаған азаматтарының бәрін дерлік көріп білгенін
жоғарыда айттық. Соның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931).
Шәкәрім мен Жүсіп бір жылдың төлі, дүниеден де бір уақытта озады.
Жалпы қазақтың екі дарабоз тұлғасының тағдыры мен өнерінде ақылың таң
қаларлық керемет ұқсастықтар мол.
Мәшһүр Жүсіптің өмір дерегінде: «1896 жылы Жидебайға барып,
Абаймен кездеседі» деген мәлімет бар (Пазылов Е. Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
–
Екібастұз, 2007. – 179 б.). Демек, Шәкәріммен таныстығы да осы кезден
болуы мүмкін.
Ал баянауылдық өлкетанушылар А. Төлепберген және А.Смайылов
өздері жинаған естелік әңгімелерге сүйене отырып, құрдас ақындар Мұсаның
асында тағы басқа жағдайларда төрт рет кездескен дегенді айтады.
Соңғы кездесу былайша баяндалған: «Бір жылы Мәшһүр Жүсіп
Көпейұлы мен Шәкәрім қажы бір дастархан басында кездеседі. Қысқа да
болса біраз әңгімелеседі. Кетерінде әулие:
Аумалытөкпелі заман келе жатыр, біреуміздің ажалымыз Алладан,
біреуміздің ажалымыз адамнан болар, депті. Сонда Шәкәрім:
Пешенемізге жазылғанды көрерміз, десе керек». Осы кездесу Семейде
өткен, сірә. Мәшһүр Жүсіп:
Бұхар, Ташкен, Самарқан, Түркістанды,
Бір түгіл, үштөрт барып тамаша еттім.
Нұра жайлап, Есілді қыстау еттім,
Әрліберлі Шу менен Сырдан өттім,
деп өзі айтқандай көп саяхаттаған адам. Демек, мына тұрған Семейге
әлденеше келгендігі, сол кездері Шәкәріммен сұхбаттасқаны бүгінгі біздерді
таң қалдырмаса керек. Кездесу орны Семей болар дейтінім, Мәшһүр Жүсіп
1920-
шы жылдары Шыңғыстау жеріне келді, болды дегенді естелік сөздерден
кездестіре алмадық.
Жә деп, енді абыз ақынның қырдағы ортасына келейік.
170
Достарыңызбен бөлісу: |