Ұстаз бен шәкірт байланысынан екі дерек
“Тәржіман” газеті 1895 жылдарға қарай үлкен беделге ие болды. Өйткені,
газеттің иесі И. Гаспринский оны Ресей империясы құрамындағы барша
түркітектес халықтарға ортақ басылымға айналдыруға талпынды. Қысқасы,
осы кезден қазақ сахарасына да кең тарады және, газетті Шәкәрім де
жаздыртып алып, тұрақты оқырманы болған дей аламыз. Неге десеңіз, ақын
“Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі” атты кітабының 46-бетінде былай
деп жазады: “Абайдан соңғы ұстазым - ”Тәржіман” газетінің иесі Исмағұл
Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп
пайдаландым”.
Исмағұл Гаспринский (сүйегі – қырым татары) Османлы (қазіргі Түркия)
мемлекетінде 1839-1878 жылдары өткен жаңару кезеңі - “Танзимат”
реформасымен жақсы таныс болған. Ол бойынша Түркия Европа мәдениетіне
мықтап бет бұрып, оқу-білім жүйесі түбегейлі реформаға түсті. Қысқасы,
“Танзимат” реформасының іске асуы жас демократ Гаспринскийге үлкен ой
салады. Ол Ресей мұсылмандарының оқу-ағарту жүйесін түбегейлі жаңарту
қажет деп табады. Міне, осы мақсатпен 1883 жылы Бақшасарайда жаңа
үлгідегі мектеп ашып, сондай-ақ “Тәржіман” газетін шығаруды қолға алған
болатын. Осы жылы ол, татар ғалымы А.Ю. Хабутдиновтың дерегі
бойынша, Қазан қаласындағы Еділ татарларынан шыққан оқымысты Ш.
Маржаниге жолығып, оқу жүйесін қалай реформалау жайлы кеңеседі
(“Философия и теология”. Сборник статей. – Казань, 2004. – С. 21) .
Енді оқырман назарын мынадай фактіге аударайық. Исмағұл-бей мырза
1893 жылы Орта Азиядағы ислам орталығының бірі – 200 жүзге тарта оқу
орны бар Бұқараға арнайы ат басын тіреп, қаладағы медреселер мен
бастауыш мектептерде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осылайша ескі
жүйеде қалған оқу-ағарту ісінің нашар хәлін (әдебиеттер арабша, ал, сабақ
жүргізу парсы тілінде екен. Тұрғылықты жұрттың тілі - түркі тілінде дәріс
46
жүргізілмеген, ең жаманы - жаратылыстану пәндері оқу бағдарламасында
мүлде болмаған) өз көзімен көреді. Ол ондаған жыл оқыған кейбір
шәкірттердің надан сорлы қалпында қалғанына таңдана күйзелген екен.
Айтайын дегенім, “Тәржіман” газеті бетінде ескі мектеп ғұрпынан бас
тартып, жаңа жүйеге көшуге шақырған материалдар, әсіресе, 1894-95 жылдан
үзбей жарияланып, мектеп ісі - проблеманың зоры ретінде алдыға қойылады.
Енді Абайдың 38-ші қарасөзіне көз салайық. Оның соңына таман ғұлама
ақын былай деп жазады: “Бұл күндегі тәхсилғұлұм (ғылым үйрену) ескі
медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай
Ғұсманияда (Түркияның ескіше атауы – А.О.) мектеп харбия (соғыс мектебі),
мектеп рүшдиялар (орта мектеп) салынып, жаңа низамға айналған.
Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымға пайдасыз ұзақ
бахастарменен күнін өткізіп, бұл дүниеде надан бір ессіз адам болып
шығады…”.
Осы фактіден “Тәржіман” газеті арқылы Абайдың, Шәкәрімнің Ресей
мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдидизмнің туу тарихына, көздеген
мақсатына қанық болғаны аңдалса керек. Көкбай ақын:
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша тәуір көрмеуші еді, -
дегеніндей, Абай жаңаны жақтаған. Бірақ ұлы ақын жәдидшіл зиялылардың
саяси көзқарастарына оң қабақ білдірмеген. Бұл жағдайда Шәкәрім, мәдени
қозғалысқа іш тартқан басқа да шәкірттер ұстаз ықпалынан аса алмаса керек.
Міне, жеткізбек дерегіміздің бірі осы.
Енді ұстаз бен шәкірттің арақатынасына тұрмыстық тұрғыдан бір мысал
алайық.
Абай, Шәкәрім заманында қыр қазақтары үшін ақша-қаражат табудың
көзі мен тұрмыс-тіршілік қажеттерін өтеудің амалы - мал тойынып, қоң
алған кезден, оларды Семей жәрмеңкесіне төгуге саятын. Абай мұражайы
қорында сақталған, ғалым А. Исин тауып алып, ғылыми айналымға түсірген
Абайдың Мағауияға жазған хаты да осының бір куәсі (Абай. – 1997. -№4. – 1-
4 бб.). Хат-хабар ақынның өз қолымен 1896 жылы жазылған. Онда ұлы ақын
Семейден елдегі Мағауияға сәлем жолдап, сататын малды қалаға “айдатып
жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр” деп
қысқа хабар айтады. Бұл сөз, біріншіден, Абайдың қалаға қандай шаруамен
кеткенін Мағауияның жақсы білгенін аңдатады. Екіншіден, соңғы сөйлем
сауда-саттыққа қатысты айтылған. Өйткені, келесі сөйлемінде: “Шаһкәрімге
(сатарлық) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін” дейді Абай. Хатында
“сатарлық” сөзін Абай жазуын жазған да, онан соң ортан белінен сызып
тастаған екен. Гәп осы сөзде. Өйткені, осы жалғыз сөзден-ақ Абайдың жазбақ
болғаны “сатарлық малын Шәкәрім де айдасын, дәл қазір мал пұлды боп
тұр” дегенге саятын хабар екені білініп тұр. Алайда Абай бұл хабарды артық
санап, “сатарлық” сөзін сызып тастаған. Неге? Оның себебін хаттың
соңындағы: “Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым” деуі
біраз аңдатуға тиіс. Мұндағы “зейін қойып оқы” деген сөз жайдан жай емес:
хат жазушының Шәкәрімге істің мән-жайын Мағаштың өзі-ақ жеткізер, ал,
47
ол малын қашан айдатуды өзі шешсін деп түйгені сезіледі. Қысқасы, әке
баласына көп айтып тәптештемеген, оның ақылына сенген. Әрине, Абайдың,
Ақылбайдың, Мағауияның саудаға салар малдары ортақ, ал, Шәкәрімдікі
олардан бөлек болуы түсінікті жәйт.
“Сегіз аяқ” өлеңінде 1889 жылы Абай “ағайын бек көп” десе, 1896 жылы
Абайға қараған ағайын қарамы көбея түспесе, азаймаған еді, әсіресе,
Жидебайға орныққан кезден осылай болған. Сондықтан ақынның жаңағы
хатқа түскен “Шаһкәрімге… сәлем айтыңдар, ол да келсін” деген бір ауыз
сөзі ұстаздың маңдайалды шәкіртіне деген бөлек ықыласының белгісі, алтын
әріппен жазылған құжат есепті десек артық айтқандық емес.
Сонымен, көріп отырғанымыздай, күзгі хан базарға мал төгу сияқты
маңызды және, дабыра қылмай жекелей істелетін, былайша айтқанда
отбасылық істе де Абай Шәкәрімді сырт қалдырмаған. Осылайша бір
ғасырдан соң табылған Абай хаты ұстаз бен шәкірт араластығына куә болды.
Хат осы тұрғыдан да - құнды жәдігеріміз.
Қос ғұламаның шынайы арақатынасына белгілі дәрежеде сәулесін
түсіретін екі дерек, міне, осы. Ал, ұлағатты ұстаз бен тәлімді шәкірттің ішкі
байланысы мен рухани сабақтастығы жайлы сөз алда.
Ақынның бес дастаны
Шәкәрімнің бізге белгілі бес дастаны бар (Ахат ақсақал бұлардан басқа
бүгінге жетпеген 1904 жылдар шамасында жазылған “Дума” деген поэмасы
болған, ол Қазанға жіберіліп, цензурадан өтпеді деп хабарланған еді дейді).
“Оятқан мені ерте – Шығыс жыры” деп өзі айтқандай, ақын бал дәурен
балалық кезінен Шығыстың ұлы шайырларын сүйіп оқып, олар салған
дәстүрлерді жақсы білген. Соның бірі – кемінде бес дастан (әдетте, оларға
махаббат тақырыбы арқау болған) жазу үрдісі. Осылайша бір-бірімен күш
сынасу, творчестволық бәсекеге түсу шығыстың бұрын-соңды өткен ұлы
ақындары үшін жазылмаған қағида есепті еді. Шәкәрімнің жиыны бес дастан
жазуы кездейсоқтық емес, сірә да әдемі үрдістің жалғасы...
Бес дастанның үшеуі (“Нартайлақ-Айсұлу”, “Қалқаман-Мамыр” және
“Еңлік-Кебек”) - қазақ өмірінен алынған, қалған екеуі (“Ләйлі-Мәжнүн”,
“Дубровский”) - аударма туындылар. Бірақ кейінгі зерттеушілер “Ләйлі-
Мәжнүн” нәзира үлгісінде жазылған төл туынды деуге бейіл. Әділ пікір.
Шәкәрімнің дастан жазушылық кезеңі қай жылдарға келеді және
реттілігі қандай деген әлі күнге беті күңгірт мәселенің бірі. Мәселен,
көрнекті әдебиетші ғалым Әнуар Дербісалин (1929-1986) өзінің соңғы
ізденісі - «Шәкәрімнің поэмалары» атты көлемді зерттеуінде былайша
көрсетеді: «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасы «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-
Кебектен» біраз кейінірек жазылған» (Ә.Дербісалин. Шәкәрімнің поэмалары
// Әдебиет туралы толғаныстар. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1990. – 260 б.).
Бүгінгі зерттеушілер де «Қалқаман-Мамыр» алғашқы, ал «Нартайлақ-
Айсұлу» соңғы поэма дегеннен аса алмай келеді. Неге? Өйткені, Ахат
ақсақал «Нартайлақ-Айсұлу» 1929 жылы жазылған деген болатын.
48
Сонымен төменде Шәкәрімнің бес дастаны қай жылдары жазылған
деген мәселені арнайы көтеруге тура келіп отыр. Ондағы мақсат әр
дастанның жазылу мерзімін тексеру ғана емес, әсіресе, Шәкәрімнің «дастан
жазушылық» кезеңі қай аралықта екеніне назар аудару, осы мәселені
діттеуге саяды.
Тексеруімізді “Нартайлақ-Айсұлу” дастанынан бастайық. Бұл поэма
жайында елсіздегі Саятқорадан Сәбеңе жолдаған хатында “25 жаста
жазғаным” деп Шәкәрімнің өзі атап көрсеткен. Яғни оның 1883 жылғы
тырнақалды поэма екені күмәнсіз болуға тиісті еді.
Бірақ Ахат қария басқаша айтқан. Сөйтіп, ақиқаты қайсы - 1883 жыл ма,
әлде 1929 жыл ма? Жұмбақтың сыры, сірә да, дастанның соңғы жылдары
толықтырылып, қайта өңделгенінде.
Зер сала қараған адамға дастан кіріспесіндегі 24 жол және соңындағы
120 жол тыңнан қосылғанын аңдау қиынға соқпайды. Өйткені, онда жаңа
заман жаңғырықтарының ізі менмұндалап тұр. Мәселен, беташар өлеңінде
Шәкәрім қызды «малға сатуды» сөгеді және «Аямай жетімдерді ұрғандығын,
Азаматты күң мен құл қылғандығын» деген саяси астары айқын сөздерді
кірістірген. 18 ғасырда қазақта «қос қатын алу жаман салт» саналмаған ғой,
күң мен құл ұстау да ата салт емес-ті. Және поэмада құл деген сөз жоқ.
Сондықтан кіріспеде автордың «құл» деп кімді айтқаны белгісіз қала береді.
Бұрыннан жатқан қолжазбаның өңделген іздерін дастанның соңғы
бөлігінен де көреміз. Онда махаббат сюжеті кілт кесіліп, әлеуметтік сюжет
орын тепкен. Неге? Ахат әкесінің мынадай сөзін келтіреді: «Нартайлақ-
Айсұлу» поэзиялық жағынан «Дубровский» поэмасы мен «Ләйлі-Мәжнүн»
поэмасынан төмен. Бірақ оның уақиғасы егер пьесаға аударылса, қызықты
болар еді». Демек, әлеуметтік қайшылықтарды баса көрсетуге автор арнайы
барған. Поэма желісіне зорлықшыл, барымташыл дәуірді сынағандай саяси
реңк беру де сол заманның белгісімін деп тұр.
Поэманың соңына таман кездесетін:
Қорамнан Шақпақтағы көрініп тұр,
Екі оба дәл екі емшек сияқтанып, -
деген жолдардан «Нартайлақ әңгімесінің» 1929 жылы қайта өңделгеніне еш
күмән-күдік қалмаса керек. Бірақ Сәбеңә жазған хаттағы фактінің дәлелдігі,
сенімділігі соншалықты дастан осы жылы тыңнан жазылған деген пікір
кімнен шықса да келісе алмаймыз.
Бұра тарту болып көрінбеуі үшін «Нартайлақ-Айсұлу» Шәкәрімнің
әуелгі поэмасы ма әлде соңғысы ма деген мәселеге басқа қырынан да келейік.
1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жолсыз жаза» (Шәкәрім.
Өлеңдер мен поэмалар) атты кітапты құрастырған, алғы сөзін, түсініктерін
жазған жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин: «Нартайлақ-Айсұлу» - Шәкәрім
атын ақтай алмайтын, өте әлсіз шығарма» деген сыни пікірін білдіреді. Ал, Ә.
Дербісалин поэманың осал жағын былайша таратады: «Поэманың алғашқы
жолдарынан бастап ақын оқиғаның тарихын баяндайды. Әмір Темір
заманында болған жайды сөз етпегін мәлімдейді. Сөйтіп, оқиғаның қалың
ортасына түсіп кетеді де, ешқайда бұрыла, бұлтара алмай, шытырман талас-
49
тартысты шығарманың аяғына дейін жүйе-жүйесімен баяндап шығады»
(Аталған кітап, 261 бет).
Міне, бұл поэманың ескі қазақ тарихын зерттеуге құлай беріліп жүрген
жас ақын қаламынан 1883-85 жылдары туғанын бекіте түсуге тиісті
ерекшелік емес пе.
Әдебиеттанушы ғалымның пікіріне әрі қарай құлақ түрейік: «Оқиғаның,
оған қатысушы адамдардың шектен тыс көптігі автордың көркем көріністер,
ірі суреттеулер сом тұлғалар жасауына ешқандай мүмкіндік бермеген.
...Ақын егер жоғарыдағы қат-қабат оқиғаның бір ғана көрінісін алып, соны
поэзия құралдарымен бейнелесе, тартымды шығарма жасаған болар еді.
Алайда ол поэзиялық туындыға шектен тыс жүк арту арқылы оның көркемдік
мәнін азайтып, әлсіретіп алған. Мұны Аристотель сөзімен айтқанда, «метрге
түсірілген тарих» деуге ғана болады».
Бұл пікірден ұғылатыны дастан Шәкәрімнің тарихқа қызығушылығы
бәрінен басым болған жасырақ кезінде жазылған.
70 жастағы кемеңгер философ Шәкәрім ғашықтық тақырыбына тыңнан
барды ма? Солай деп кім айтса да, сене алмайтын шығармын. «Нартайлақ
әңгімесі» ғұламаның талғам-таразысы мен ойлау жүйесіне сәйкес емесі өз
алдына, көркемдік қырынан да ол соңғы дастан деген салмақты көтере
алмайтынын қайда қоямыз.
Сонымен, дұрысы қайсы – 1883 жыл ма, әлде 1929 жыл ма деген
оқырман сұрағына «Нартайлақ-Айсұлу» немесе «Нартайлақ әңгімесі»
ақынның өз сөзінше 25 жаста 1883 жылы жазған тұңғыш дастаны, ал, 1929
жылы Шақпақта автор оны толықтырған, жаңалаған деп нық айтамыз
(өкінішке қарай, бір кеткен қатені қайта түзету қиынның қиыны).
Енді “Қалқаман-Мамыр” және “Еңлік-Кебек” дастандарына ауысалық.
Екеуі де 1912 жылы Семей қаласындағы “Жәрдем” баспасында басылып
шыққан, қалың қазаққа танымал, жұртшылық сүйіп оқыған дастандар. Екі
кітап та автордың кішкене кіріспе сөзімен ашылады, бірақ екі дастанның да
жазылған уақыты белгіленбеген. Ахат Шәкәрімұлы 1992 жылы “Жұлдыз”
журналында жарияланған естелігінде “Қалқаман-Мамыр” 1888 жылғы, ал
“Еңлік-Кебек” 1891 жылғы деп дерек береді.
Осы деректер растала ма? Тексерелік.
1889-
90 жылы айналасына талапты жастар жиналған соң, Абай оларға
әртүрлі тақырыптар беріп, ақындық өнерге баулыған дей келіп, Мұхаң
мынадай пікір айтады: “Абай әңгiмелi (сюжеттi) өлеңге қызықса да, өзiн-өзi
әдейi тежеп, тыйып отырған” (Абай Құнанбайұлы: Монография. –Алматы:
Санат, 1995, 253-254 бб). Осылайша төрт ақын (Шәкәрiм, Ақылбай, Мағауия
және Көкбай) Мұхаңның сөзінше, “сол соныны басады”.
Сөйтіп, Абай шәкірттері “соны” өріске, дастан жазушылыққа бой ұрады.
Абайдың берген тақырыбы бойынша Ақылбай “Дағыстан” мен “Зұлыс”,
Мағауия “Медғат-Қасым” және “Еңлiк-Кебек” поэмаларын жазған. Ал,
Көкбай ақын өз естелігінде алдымен Абай маған “Абылай хан мен
Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып берді”, -
дейді. Онан соң “осыны өлең қыл” деді дейді. Ал, Шәкәрiм ескі қазақтың
50
тұрмыс-салтына жүйрік болуы себепті “Қалқаман-Мамыр” және “Еңлiк-
Кебек” тақырыптарын еншiлеген екен.
Соңғы тақырыптың бірден екi авторға тиесiлi болуының өзіндік себебi
мынадай. Абай Мағауияның Кеңгiрбай биге, жалпы өткенге “қатты тиiскенiн
жақтырмай, бұл өлеңнiң жарыққа шықпауын дұрыстайды” (М. Әуезов).
Шешiм осы болып, қайта жазбақ ниетімен “Еңлiк-Кебек” тақырыбын
Шәкәрiм алады. Мағауия дастанымен шатастырмау үшін Шәкәрім өз
дастанының атын “Жолсыз жаза” деп ауыстырған сыңайлы.
Жоғарыда Абай мектебі өрлеуінің екі биік белесі болған (1889-90 және
1894-9
5 жылдары) дегенбіз. Онда қазақ тұрмысынан алынған екi дастанын
Шәкәрiм қай тұста қолға алған екен?
Жаңа Көкбайдың Абылайхан жайлы “Сабалақ” атты дастанын 1889
жылдың соңында бір жұма ішінде жаздым дегенін және М. Әуезовтың
пайымын ескергенде Шәкәрімнің “Қалқаман-Мамыр” дастанын тап осы
тұста, яғни 1889 жылдың соңында я 1890 жылдың бірінші жарымында
жазғаны көңілге қонады. Сөйтіп, Ахаттың көрсетуі дұрыс. Әрі десе бір
жылдай ғана алшақтық болуы мүмкін.
Енді Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек” (яки “Жолсыз жаза”) дастанына келсек,
мұның уақытын анықтауда біраз қиындық кезігеді. Аталмыш шығармада:
Қалмақ жеңiп, қазақтан алған кегiн
Қалқаман қиссасында жазып едiм, -
деген жолдар бізге “Қалқаман-Мамыр”-дың “Еңлік-Кебек”-тен бұрын
жазылғанын паш етеді. Бірақ, “Еңлік-Кебек” дәл 1891 жылғы деп кесіп айту
үшін әуелі Мағауияның осы аттас дастанын қай жылы аяқтағанын
нақтылайық. Өйткені, Шәкәрім бұл тақырыпты Мағауиядан кейін алған ғой.
Ал Мағауия “Еңлiк-Кебек” тақырыбына Көкбай, Шәкәрімдермен
қатарлас 1889-90 жылы кіріскен. Демек, оның да өз поэмасын 1891 жылы
аяқтағаны межеленбек. Онда Шәкәрiм бұл тақырыпты, Ахат ақсақал
көрсеткендей 1891-92 жылы алып, осы жылы тәмамдаған болар.
Шәкәрiм “Қалқаман-Мамыр” мен “Еңлiк-Кебектi” ұзақ уақыт жазды
деуге негіз жоқ. Біріншіден, дастанның екеуi де ұзақ емес (Еңлік-Кебек
небары 652 жол, ал Қалқаман-Мамыр бұдан екі еседей кем – 372 жол).
Екiншiден, олардың тақырыбы, айталық, Ақылбайдың “Дағыстан”,
Мағауияның “Медғат-Қасым” дастандары сияқты беймәлiм тұрмыс-тiрлiктен
емес, өзiмiздiң көшпелi тұрмыстан алынған. Ең басты уәж, 90-шы жылдары
Шәкәрiмнің өлең сөздiң ойқастап озған жүйрiгi болып қалыптанғандығы.
Қайталап айтқанда, Шәкәрімнің екінші дастаны “Қалқаман-Мамыр”
1889-
90 жылы, ал үшіншісі - “Жолсыз жаза” шамасы 1891-1892 жылы
жазылған десе қате бола қоймас.
Осы аталған қос дастан мен алда сөз етілетін екі аударма дастан арасын
біраз жылдар бөліп жатыр. Алдыға оза айтайық, дедуктивтік (жалпыдан
жалқыға) тәсілімен тексергенде дастанның төртіншісі – “Ләйлі-Мәжнүн”-нің
жазылу шағы 1896-97 жылдарға келеді.
Онда 1892 жыл мен 1896 жылдар аралығы шығармашылық тұрғыдан
жалаңаш, бос өткені ме? Жалпысында 1893, 94, 95 жылдары ақынның
51
жазушылық еңбегі мардымсыз. Демек, осы жылдарда Шәкәрім өмірі қалай
өткеніне үңілмей болмайды. Бұл кезгі өлеңдері, бәлкім, Абай қойған биік
талапқа сай келмей, жинақтардан сырт қалып, қолжазба түрінде жоғалды ма
екен. Бұл да мүмкін. Әлде осы жылдары ақын шежіре жинаумен көп
айналысты ма, өзге де бөгет жайлар болды ма? Неде болса, ақынның өз
сөзіне құлақ түрелік.
“…Болыстар әмір жүргізіп, билер билік құрып, шешендер тілін безеп
жатқанын дегендей, әлденеше түрлі “адамшылық” атты бір “бақ” кез болды, -
дейді ойшыл қырық жасқа дейінгі өмірі жайлы “Шын бақыттың айнасы”
атты еңбегінде. – Мұндай нәрсе адамды қызықтырмай тұра ма? Енді
қамшылап, қалың жауға кіргендей-ақ, өзімді-өзім қайраттандырып кірдім де
кеттім”.
Қырық жасқа дейінгі енді бір ісі - дәулет жию болғанын да жасырмайды:
“Оның да неше түрлі ақыл-әдісін біліп алсам да, мына жақтағы “дәулет”
деген бір “бақ” шыға келді. Ол болмаса ешқайсының өңі де кірмейтұғын
болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, Тәңірі-ай! Адам қылғанды адам
қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым”.
Көріп отырмыз, ғұламаның қырық жасқа дейінгі өмірінің едеуір бөлігі
жазушылық, ізденгіштік тұрғыдан бос өткен. Өйткені, бұл үлкен отбасының
иесі болған шағы, ең бастысы, көкірегі ыстық дүниенің қызық-шыжықтары
ақынды өз иіріміне еліктіре тартқан. Мұны “Мұтылғанның өмірі” жырында
өзі бүкпесіз айтып, оның себептерін де өзі ашып береді.
Шәкәрім “Қалқаман-Мамыр” дастанында Мәмбетей деген тобықты
табының ел бастаушылары данагөй Әнет бабаның ырқына көнбегені жайлы:
Мәмбетей жатып алды ырық бермей,
“Қалыңмал ал, біт” – деген сөзге көнбей, -
дей келе, бітім болмай, ұзаққа созылған даудың аяғында “өңкей надан көптiк
күшке салғанын” баяндай келе:
Бабаңның нұр жүрегі болды мұздай,
… Мысалы көз алдыңда тұрған жоқ па,
Қойдыңдар Абайға да не қылғызбай? -
деп түйіндейді. Соңғы жолда ақынның 1884-86 жылғы оқиғаларға меңзегені
байқалады. Осы баяғыда, яғни 1884-89 жылдар аралығында да Шәкәрімнің
уақыты зая кетіп, шығармашылықтан шет қалған еді.
Ал, 1891-92-ші жылдары Абайға қарсы жаулық жаңадан күш алады. Осы
кезде Оразбай бастатқан топ Абайды көп әуре-сарсаңға салған. “Оспан өліп,
бар бейнет басына мезгілсіз түсіп, ықыласы қайтып қажыған кезінде досы да,
туысқаны да бұлданған, құбылған еді”, - дейді Тұраш. Ел тартысының
толқын-толқыны мен құйындары да Шәкәрімді өз иіріміне тартып алып
отырған деуге керек. Ол “Мұтылған” жырында өзін елді - Тобықтының
мұқымын топаннан құтқарғандай сезінгенін айта келе: “Қырыққа жасым
жеткенше, Осының жақтым көмірін”, - дейді.
Қорыта айтқанда, 1892-95 жылдары да би сапасында ел ішіндегі билікке,
дау-дамайға белсене ат қосу, сондай-ақ, өзі айтқандай, мал құрап, дәулет
52
жию сияқты Шәкәрім шығармашылығын тоқыратқан обьективті себептер
баршылық болғанын аңдаймыз.
Төртінші - “Ләйлі-Мәжнүн” дастаны алғаш “Шолпан” журналының 1922-
23 жылдардағы №2-3 сандарында жарық көрген. “Ләйлі-Мәжнүн” –
Шәкәрімнің ең жақсы, ең көлемді (көлемі – 1820 жол) дастаны.
Белгілі, түпнұсқа “Ләйлі-Мәжнүн” - парсының атақты ақыны Мұхаммед
Физули Бағдадидікі (910-975). Сондай-ақ, көне ақынның бұл туындысы
“бүкіл дүниежүзі әдебиетінен өзінің мәнерлі сұлулығымен, терең мағына,
ғажайып фантазиясымен үлкен орын алатыны” (Ш. Сәтбаева) мәлім. Сөйтіп,
шығыс әдебиетінің ең озық үлгісімен қазақ әдебиетін байытқан, қазақ тіліне
өлеңмен еркін аударма жасаған Шәкәрім ақын болатын.
Хош, “Ләйлі-Мәжнүн” дастаны қай жылғы? 1988 жылы “Жазушы”
баспасынан жарық көрген “Шәкәрім шығармалары” жинағында 1907 жылы
жазылған деп көрсетілген. Осы датаны тексермей болмайды. Өйткені,
қажылық сапардан оралған Шәкәрімнің «Фзулидің кітабын іздеуі» көңілге
күдік ұялатады. Бәлкім, ақынның дастанды алғаш қолына алуы бұдан он
жылдай бұрын болған шығар. Дәлел кәне.
Алдымен сырт Шыңғыста, Жондағы жайлау төсiнде өткен бір мәжіліске
назар салайық. Өзіне өзгеше әсері болған осы мәжіліс жайында ақын былай
айтқан: “Мен жайлауда Абай ауылына бардым. Үйде Абай тұрғылас
ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем берiп кiргенде Абай: “Кiмдi айтса,
сол келедi дегендей, Шәкәрiм, келгенiң жақсы болды. Мен мына
ақсақалдарға айтып отыр едiм. Мен етек басты болып, бiлiм қуа алмай
қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрiм арқылы орындаймын деп, саған
бiлiм қуғызатын болдым! …Ендi үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс
тiлiне жетiк болдың. Ендi үш жылға дейiн орыс тiлiн үйрене бер. Бар
қаражатың менiң мойнымда, сен осыған дайындал” дедi”.
Абайдың сөзі бірнеше жәйтке сәуле түсіреді. Жиынның 1895 жылдың
жазында өткенін аңдаймыз, бір. Абайдың өз балаларын атамай “көксеген
арманымды Шәкәрiм арқылы орындаймын” деуi, Шәкәрімді үздік шәкірті
деп мойындауы, екі. Өйткені, оның өлеңдері һәм дастандары ел аузына
iлiгiп, атағы аспандай бастаған-ды. Сондай-ақ, байқаймыз, шығыс әдебиетіне
жүйрік Шәкәрімнің осал жағы – батыс және орыс мәдениетін меңгеру екен.
Абай мұны да жақсы білген. Бірақ ақынның батысқа беттеуі әлі алда,
келешектің ісі болатын.
Ал, сөз болып отырған 1896-98 жылдар Шәкәрімнің Шығыс жағалауынан
әлі ұзай қоймаған кезі. Мұның үстіне жаңағы әңгіме Шәкәрiмнiң қаламына
қанат байлағандай әсер еткен. Осы жылдар турасында “Басқа жылдарымнан
гөрi, осы жылдарым пайдалы жылдарым болды. Өзiм бiлетiн шығыс тiлдерiн
тереңдей зерттеп, кемшiлiгiн толықтырдым” дейдi ақынның өзі (Абай. –
1994. -
№9. –36-37 б.).
Дәл осы сөздерге зейін салсақ, ақын “Ләйлі-Мәжнүнге” меңзеген, тегі.
Тілді тереңдей зерттеудің мәнісі аударма жасау емес пе. Ендеше Шәкәрімнің
әйгілі дастанды іздеуіне Абайдың ақсақалдар алдында өзіне зор сенім артып,
қоштап-қолдауы түрткі болған деп жоримыз.
53
Өйткені, классикалық шығарманы аударуға екінің бірінің тісі батпайды.
Араб-парсы тілдерін жетік білу де жеткіліксіз, оған мықты ақын болып пісіп
жетілуің шарт. Аударма ісіне биік талғаммен қарайтын Шәкәрімнің “Ләйлі-
Мәжнүн”-ге тек 1896 жылдан бет қоюы, өзі айтқандай, іздестіруі осыдан,
сірә.
Ақын “Ләйлi-Мәжнүн” дастанына жазған кiрiспе сөзiнде былай дейді:
Ондай ғып еш бәйiтшi жаза алмаған,
Нақысын шын келтiрiп қаза алмаған.
Кiтабын Физулидiң iздеп тауып,
Кез болды былтырғы жыл азар маған.
“Ондай ғып еш бәйiтшi жаза алмаған” деуімен ақын атақты шайырды
аударудың қиындығын, әлгі айтқан шартты жақсы бiлгенін аңдатады.
Көрдіңіз бе, ең озық поэманың таңдалуы жоғарыдағы “өзiм бiлетiн
шығыс тiлдерiн тереңдей зерттеп, кемшiлiгiн толықтырдым” деген сөзбен
іліктесе түседі. Физулидің кітабын ақын қайдан, қалай іздеді? Абайға інісі
Халиолла, баласы Әбіш (Әбдірахман) әр жылдары көп кітаптар жіберіп
тұрған. Демек, Шәкәрім Физулидің кітабын, ағасы Абайдың кітапханасынан
тапқан болар.
Келтірілген мысалдар мен фактілерге сүйеніп, “Ләйлі-Мәжнүн”
поэмасымен Шәкәрім алғаш қырық жасқа дейін-ақ, дәлірегінде 1896-97
жылы танысқан деп есептейміз. Сөз жоқ, тұңғыш таныстықтың нәтижесі –
қарапайым аударма ғана болған. Ақын осы аудармасына 1907-12 жылдары
қайта оралып, оны түбегейлі қайта жазған, яғни аударма деңгейінен төл
шығармасы деңгейіне дейін көркейтіп, кемеліне келтіре аяқтаған деуге
бейілміз.
Неге десеңіз, ойшыл ақын қажылық сапардан соң-ақ “Фзулидің кітабын
іздеп” махаббат тақырыбына бой ұрған ба? Сене алмайтын шығармын.
Иландырмайды. Егерде қажы бұрыннан бар аударма нұсқасын жетілдіріп, иін
қандыра көркейтуге кіріскен десек, әңгіме басқа. Қалай болғанда да жеті
жастағы Ахаттың көргені Шәкәрімнің бұрыннан бар қолжазбаны өңдеген
шағы десек шындық ауылынан шығандап кетпейтін сияқтымыз.
Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов өзінің «Еңлік-Кебек» пьесасын үш рет
қайта өңдеп жазса, Абайдың ғұмырнамасын өңдеуі төрт ретке жеткені мәлім.
Сол сияқты Шәкәрім де еңбектерін қайта өңдеп отырған. Мұны: «Шәкәрім
өмірінің ақырына дейін, өзі жазған еңбектерін қайта қарап, толықтырып
түзеумен болған» деп белгілі ғалым Қайым Мұхаметханов құптайды.
Әсіресе, 1908-1911 жылдар аралығында Шәкәрімнің бұрынғы жазбаларын
қайта қарап, баспаға әзірлеуді қолға алғанын ескермей болмайды.
Сонымен, тағы бір ашықтап өтелік: жігіт Шәкәрімнің Фзулидің “Ләйлі-
Мәжнүн” дастанын “іздеп тауып” алғаш игерген уағы шамамен 1896-98
жылдар деуге керек. Ал, 1907-12 жылдары дастанның аударма нұсқасын
қайта қолға алған, көп өңдеп, жетілдірген. Яғни аударма хәлінен төл
шығарма деңгейіне көтергені осы кездері деп түйеміз.
Шәкәрім қалам тербеген бесінші дастан – “Дубровский әңгімесі”. Бұл
шығарма жайында 1988 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан жинақта:
54
“Дубровский әңгімесі” – орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің “Дубровский”
атты повесінің аудармасы. Қазақша өлеңмен аударылған бұл хикая Ахат
Құдайбердиевтің айтуына қарағанда, 1903-1909 жылдары аударылса керек.
Осы пікірдің дұрыстығын 1924 жылы Семей қаласында жеке кітап болып
басылған “Дубровский әңгімесі” атты кітаптың алғы сөзі де растайды.
Мұнда: “Дубровский” ерте жазылған екен. Жазушының қолайы келмей,
қолжазбамен ел арасына тарап жүрген. Сондай бір қолжазба комиссияның
қолына түсіп, кімдікі екенін білген соң, жазушының өзінен нағыз жазбасын
алдырып, жаңа жазумен (төте жазу – А.О.) көшіріп қана баспаға бердік”, -
делінген”, - деген тиянақты мағлұматтар бар.
Бөле жара айтар бір ғана нәрсе – “қапы өткізбе өмірдің бір сағатын”
дейтін Шәкәрім үшін 1903-1909 жылдар тым ұзақ уақыт. Ең бастысы, бұлай
ұйғаруға еш негіз жоқ. “Дубровский әңгімесі”, сірә да, 1903-04 жылғы.
Өйткені, ұзын арқау, кең тұсауға салып, қолға алған дүниені сағыздай созу
Шәкәрім стиліне жат. Өңдеу, толықтыру десек, әңгіме басқа.
“Ләйлі-Мәжнүн” дастанының «Жігіттер, ендігі сөз – менің сөзім» деп
басталатын 96 жол соңғы бөлігі жер ортасынан асқандағы, 1910-11
жылдардағы көңіл-күйін, мұң-шерін жеткізіп тұрғаны ешқандай да күмән
тудырмайды. Сол сияқты «Дубровский әңгімесінің» де баспаға әзірленіп,
осы себепті қайта өңделіп, толықтырылудан өтуі заңды. Мәселен, «Сөз
алдынан» деген 124 жол арнау жыр осы кездері жазылған деп үлкен сеніммен
айтамыз.
Өзі туралы қарасөзінде: «Елу жасқа тақаған соң, оңашада жатып, басқа
келген ойлардың барлығын қағазға түсіріп кеттім» деген. Тарихта «столыпин
репрессиясы» делінетін осы жылдары Шәкәрімнің бұрынғы жазбаларын
қайта өңдеу, толықтыру, көркейту жұмыстарын қолға алады.
Шәкәрім дастандарының қазақ әдебиеті тарихында алатын орны қандай?
«Әр жылдар ойлары» атты кітабында М.О. Әуезов былай деп жазады:
«Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойынша, Абай поэма жанрына анықтап
зер салған жоқ. Тек кейін, тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана
әралуан тақырыптар беріп, поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларын
жазғызады» (Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы. - 1959. - 144-145 б. ).
Сөйтіп, дастандар – Шәкәрімнің ізашар жаңашылдығының да куәсі.
Өйткені, Абай шәкірттеріне дейінгі ақын-жыраулардың шығармашылығы
негізінен діни қиссалар шеңберімен шектеліп қалғаны өтірік емес.
Сондықтан білгір әдебиеттанушы Ә.Дербісалин жоғарыда аталған еңбегінде:
«Шәкәрім Құдайбердиев поэмалары асса қазақ әдебиеті тарихында, қала
берді халқымыздың поэзиялық шежіресінде әрі тың, әрі кесек құбылыс» деп
биік бағасын береді.
Олай болса, Шәкәрім шығармашылығының бұл саласы ақынның
ақындық қуаты мен шеберлігінің әбден толысып, кемеліне келгенін паш етеді
деу аздық қылады. Жаңашыл ақынның бес дастаны қазақтың поэма
жанрының классикалық немесе европалық деңгейде қалыптасуына жолды
кеңінен ашты. Шәкәрім поэмаларының төрдегі орнын осылай бағамдау
әділеттілік деген ойдамыз.
55
Осымен, бес дастан жайлы тақырыбымызды қорытындылайық. Оның
тобықтай түйіні Шәкәрім шығармашылығында «дастан жазушылық» кезең
бар, ол 1890 жылдардан 1911-12 жылдарға дейін созылды деген пайымға
саяды. Аталмыш кезең ақынның «ағарту дәуірімен» бірге тұйықталған десе
де болады. Өз білуімізше, бұл кезеңді бөліп көрсетпеу, мәселен, 1929 жылға
дейін ұзарту жаңсақтыққа ұрындыруы мүмкін. Неге десеңіз, бұлай
нақтыламаған жағдайда кемеңгер санасының кемелденуі мен оның саты-
сатыларын анықтап білу қиынға соғады. Яғни ойшыл дастан жазумен
өмірінің соңына дейін шұғылданды деу керексіз ғана емес кедергі де жағдай
сияқты. «Бес дастан» тақырыбын арнайы сөз еткеніміз сондықтан.
Бұл тарауда ақынның қырық жасқа дейінгі өмір жолын, өсу, даму
эволюциясын екшеп, сондай-ақ он бес жылдық шығармашылық жолына
(1883-
1898 жылдар арасы) да көз қиығын салып, аз да болса саралап өттік.
Ғұламаның ғылымдағы жолы, ақындық және ойшылдық әлемдерінің
жаңа өлке, зор саты-сатылары алда екені айтпасақ та белгілі.
|