Алматы “Жазушы” 2013



Pdf көрінісі
бет4/19
Дата11.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#1641
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

42
Сырбаз сойып, май берген,
Басытқысына қызыл күрең шай берген.
Арасында сабадан
Ақ шұбат, қымыз жай берген.
Шұрқыратып жылқы айдап,
Өбістіріп құлын, тай байлап,
Жақсының түсіп жолына,
Ізгіліктің еріп соңына,
Ғарапа барып қажы еткен,
Бас парызын ада еткен
Ғаниларым бар еді [2, 58].
«Жұттан  кейін»  деп  аталатын  осы  өлеңде  қазақ  тұр-
мысының аталған сән-салтанатының «Бай – бір жұттық» 
деп аталатын апатты жағдайға айналғаны, соның салдары 
дәулеттілердің мүшкіл хал-ахуалы («Кешегі байдың бірі 
жоқ, толқыған дәулет малы жоқ, бай баласы тіленші, аш 
кісінің ары жоқ»), дәстүрлі байлығынан айрылған халық тың 
кәсібінің («Көбісі жұрттың кәсібі – пітнеден болған нәсібі») 
де, адамгершілік-қасиеттердің әлсіреуі («Бүгінгі адам на-
мысы лек-лек құсқа ұқсайды, байланбағай еді, жарандар, 
тәубе  мен  ынсап  есігі»)  де  зар  замандық  мұңды-шерлі 
күйзеліспен жырланған.
Қашаған  –  қазақ  тағдырын  ұлттық-азаматтық  берік 
ұстанымды көңіл-күймен жырлаған ақын.
«Замана  халі»  өлеңіндегі  идеялық-композициялық 
желіде оның сыншыл ойлары қазақ сөз өнері тарихындағы 
әртүрлі ауызша авторлы поэзиядағы Асан Қайғы, Бұқар, 
Махамбет, жазба реалистік әдебиеттегі хакім Абай, Ыбы-
рай, Шәкәрім, Тұрмағамбет, т.б. көрнекті ақындар сарын-
дарымен  үндес.  Өлеңде  дәстүрлі  қоғамдық-әлеуметтік 
ықпалдардың әсерінен қазақтың ұлттық асыл қасиеттерінің 
әлсіреген,  ұрпақтардың  азып-тоза  бастаған  жағдайына 
алаңдаған қайраткер-қамқор тұлғаның жан ділі, күйзелісі 
жырланған. Ағасын сыйламаған іні, қонақжайлылықтан-
меймандостықтан айрыла бастаған («Сусын, тағам сұраса, 
бар  болса  да  «жоқ»  десе»)  қазақ  отбасылары,  қайырсыз 
байлар  пиғылдары,  алдаушылық,  екіжүзділік  етек  алған 
қарым-қатынас,  т.б.  –  бәрі  де  зар  заман  поэзиясындағы 

43
сыншыл, эллегиялық-психологиялық сарындар үндестігін 
байқатады:
...Тілінде бар жақсының
Діні кеткенге ұқсайды.
Өтірік сөздер көбейіп,
Шыны кеткен секілді.
Әкімнен кетіп әділдік,
Бай қайырсыз секілді.
Бай бермеске бекінді.
Қатындардың ұятын
Қыз, жігіттің ибасын
Шайтан алған секілді
Байлар жұтқа жолықса
Пақырды қуып қорлаған,
Зілден тапқан секілді.
Батыр оққа жолықса,
Әруағы кеткен секілді.
...Ай менен Күн қауысып,
Күн орнынан ауысып,
Қаңбақтай қара жер зыңырап,
Болмағай-дағы еді бір қауіп [2, 61-62].
Ақын – халық тағдырының қамқоры, тұрмыстық қарым-
қатынастар мәдениеті дәстүрлерін сақтауды қадағалаушы. 
Ақынның  сыншыл  ойлы,  азаматтық  сарынды  сатиралық 
сипатты  арнау  өлеңдерінде  сараң  байларды  («Оразалы 
байға  айтқаны»,  «Байларға»,  «Томпы  байды  тілдеуі», 
«Көбентайдың Мұрынқұл», «Бекес байға», «Көптілеу байға 
айтқаны»,  «Қара  шұбар  ала  ешкі»,  «Сақыпқа  айтқаны», 
т.б.),  жалған  діндар,  сараң,  қайырымсыз  сұпыларды 
(«Есқали  сұпыға  айтқаны»,  «Сараң  сұпыға»,  т.б.)  өмір 
шындығы аясында бейнелеген. Қазақ халқының ғасырлар 
бойы сақталған ұлттық жан ділі болмысын бұза бастаған 
зар замандық зардаптар сипаты ақынның шыншыл, сын-
шыл тілімен жырланған. 
Ақынның  философиялық  өлеңдерінде  («Бұл  өмірдің 
мысалы»,  «Бұл  дүниеде  не  жетім?»,  т.б.)  тіршілік  қоз-
ғалысындағы кезеңдер ауысымы, құбылыстар, өзгерістер 
заңдылығы,  қоршаған  тұрмыстық-әлеуметтік  ортаның 

44
қайшылықты, қақтығысты сипаты, т.б. кең қамтыла жыр-
ланған. Философиялық-дидактикалық өлеңдер – қазақтың 
дәстүрлі  ақын-жыраулары  поэзиясында  негізі  қаланған, 
одан  кейінгі  жаңа  жазба  әдебиет  үдерісіне  жалғасқан 
шығармашылық үлгілер. Бұл – қазақ өлеңінің ойшылдық 
дүниетаным тереңдіктерінің көрсеткіші. Ха лықтың қанатты 
сөздеріндегі,  мақал-мәтелдеріндегі,  би-шешендердің 
толғаныс  сөздеріндегі  философиялық-пси хологиялық 
мағыналы  ойлармен  үндес  көркем  кестелі  тір кестер  мен 
сөздер тұтасқан ақын-жыраулардың нақыл өлеңдері, терме-
толғаулары  ұлттық  сөз  өнерінің  халықтық-эстетикалық 
көркемдік ойлау болмысын танытады.
Қашағанның  «Бұл  өмірдің  мысалы»  нақыл  өлеңінде 
адамдардың  қарым-қатынастарындағы,  тұрмыс,  тіршілік 
қозғалысындағы шындық пен жалғандық, уақыт өзгерісте-
рін  мойындау  тағылымы,  философиялық  тұжырымды 
тіркестермен («Өпірем болу не керек, бақ-базарың ауған 
соң, бәсеке ету не керек, бастан билік кеткен соң», т.б.) 
бейнелейді, уақыт шындығын дәлелдей жырлайды:
Әділдіктің белгісі –
Расын айтып сардиған.
Пітне көңіл белгісі –
Құпия сөйлеп ыржиған.
...Бұл өмірдің мысалы:
Кешегі көрген бүгін жоқ,
Ұшып кеткен көбелек [2, 72].
«Бұл дүниеде не жетім?» философиялық өлеңінде тір-
шіліктегі жетім ұғымының сан алуан мағыналық сипаттары 
сараланған. Тіршілікке қажетсіз болып қалудың, ащы суын 
ешкім ішпейтін көлдің, қартайғанда балалары, келіндері, 
халқы құрметтемеген ердің, тақтан түскен ханның, басшы-
сыз қалған шаһардың, отбасылық басшылығынан айрылған 
шал мен кемпірдің – бәрінің жетім тағдырдың қатал шын-
дығы  екендігі  жүйеленеді.  Ақын  тіршілік  ағысындағы 
ұр пақтардың  бұрынғы-соңғы  назарына  халықтың,  ата-
мекендердің,  байтақ  туған  Отанның,  ел  абыздары  би-
шешендердің,  қазақ  отбасыларының,  құлдыққа  түскен 
адамның, отарлық бұғауға түскен елдің, т.б. әлеуметтік-

45
азаматтық  өзекті  мәселелердің  жетім  ұғымын  туындата-
тын  шындығын  түсіндіреді.  Сол  арқылы  Отанын,  туған 
жерін, отбасыларды, жеке адамдарды жетімдік қасіретіне 
ұшыратпау ұлағатын түсінуге үндейді:
...Хакім әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Қаптап елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көкорай шыққан балқашы
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
...Қартайса бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
...Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім.
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта жүрген ел жетім.
Азамат ерлер қайғы етер.
От басында жыласа
Жас төгіп сәби бір жетім.
Ақырында тәрік етуге жарамас,
Ерлердің еткен құрметін [2, 74].
Ақынның  бірқатар  өлеңдері  («Аралбайды  жұбатуы», 
«Тойбастар», «Қонақкәде жыры», «Ұзатылып бара жатқан 
қызға берген батасы», т.б.) қазақтың ұлттық салт-дәстүр лері 
негізіндегі этнопедагогикалық-этнопсихологиялық сипатты 
болып жырланған. Қазақтың ата-бабалық салт-дәстүрлерін, 
әдет-ғұрыптарын ардақтауды, шығармалардың нысанына 
алып  жырлау  арқылы  сөз  өнері  мұраларының  халықтық 
көркемдік ойлау ұлағаты айқындалады. Ақын өлеңдеріндегі 
лирикалық  қаһарманның  қайғылы  адамдарды  жұбату, 
жігерлендіру,  өмір  сүруге  құштарландыру  мұратындағы 
оптимистік-романтикалық өршіл рухты көңіл-күй әуендері 
адамдардың  өмір  сүруге  құштарлығын  күшейтетіндей 
әсерлі поэтикалық мағыналылықпен жырланған. Жалғыз 
ұлы «өліп қамығып отырған ақынға арналған «Аралбайды 
жұбатуы»  да  екі  көрнекті  шығармашылық  тұлғалардың 

46
көркем ойлы дүниетаным әлемін байқатады. Аралбайдың 
Қашағанға ағытқан мұңы да қайғылы, қасіретті адамдарға 
ортақ шерлі ой сипатын айқын елестетеді:
...Қатепті қара нар едім,
Артуын таппай мертіліп,
Мен базардан қалғанмын.
Тіккен туым жығылған,
Көкірегім қайғы, арман, мұң.
Тұяғы сынған тұлпармын,
Қанаты сынған сұңқармын.
...Мен қанаты сынған қаршыға.
Қанатынан айрылса,
Қаршыға түсер шаршыға.
...Мен ботасы өлген боз мая,
Тұлыбына келіп аңыраған.
Мен бір жүрген ақ киік,
Лағын түзде алдырып,
Орнына келіп маңыраған.
Мен қартайған арыстан,
Елсізде қалып ыңыранған.
Мен – жапанға біткен бәйтерек.
Жапырағы жерге төгілген.
Мен бір тұрған ақ сауыт
Адыра қалып сөгілген.
Қияға біткен терегім
Уақыты жетпей бүгілген [2, 43-44].
Қашағанның көңіл айту – жұбату жырында тектес көңіл-
күйдегі тілеулес дос, ақын адамға арналған жігерлендіру, 
жұбату әуенді жыр өрнектері бейнелі, баламалы мағыналы 
сөздер  мен  сөз  тіркестер  қолданыстарымен  жырланған. 
Бейнелі мағыналы сөздер мен сөз тіркестері «Қуатты ойдан 
бас құрап, еркеленіп, шығар сөз» (хакім Абай) құдіретін 
дәлелдеген ықпалдылығымен байқалады:
...Замандасым Аралбай,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.
Қанаты бүтін сұңқар жоқ.
...Ашу деген – көк бөрі,
Ақылың – қорған тал болар.

47
Тәуекел – қайық, сал болар,
Ойлап кетсең, жеткізбес,
Түсіп кетсең, бойлатпас.
Уәйім деген жар болар.
...Ақыл деген – қой болса,
Ашу деген көк бөрі.
Бөрі қойға жолықса,
Дүние қиғаш шаң болар.
Сабыр етші, Аралбай,
Айы біткен айда өлер.
Күні біткен күнде өлер.
Жанына ажал келген күн
Таңға жетпей түнде өлер.
...Орынды жерде сөйлесем
Қызыл тілім дөңгелер... [2, 44-45].
Ақынның «Қонақкәде жыры» да қазақ ауылдарындағы 
арулар  («Алтыннан  құйған  асықтай»,  «Күмістен  құйған 
қасықтай»,  «Құбылған  беті  мақпалдай»,  «Солқылдаған 
жас талдай», «Қастары қама құндыздай», «Көздері шолпан 
жұлдыздай»), еланалары-отаналары («Ер де туды қатын-
нан, пір де туды қатыннан, әулие мен әнбие, небір тақтақ, 
бай, мырза, батыр да туған қатыннан, жадыратып қабақты, 
жарқылдат сырға, сабақты»), тұлғаларын даралай мадақтап, 
қонақкәде жырын айтушының – қонақтың, халыққа арнаған 
дәстүрлі қызметін де бағалайды:
...Жиналып отыр бұл жерге.
Бәйгеден келген керлерім.
Аямадым сендерден
Маңдайдан аққан терлерін.
Ұйқы – жанның тынышы,
Сөз – құлақтың құрышы
Қанша айтқанмен таусылмас.
Терме жырдың бұрышы [3, 54].
«Тойбастар» өлеңі де қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі 
әртүрлі  мазмұнды  тойларды  мадақтайтын  мағыналы  ар-
нау-құттықтау  сарындылығымен  ерекшеленеді.  Өлеңнің 
құрылысында  қазақ  тойының  сипаты  («Халыққа  хабар 
таратқан, ат жүйрігін жаратқан, әшекейлеп жасантып, отау 

48
тігіп от жаққан, байрақты тігіп ат шапқан, жыршысы болса 
жырлатып, аламан басын құрлатып, жақсыларға тыңдатқан, 
тартысы  болса  тартысып,  өлеңі  болса  айтысып...») 
көшпелілер  мәдениетінің  көркем  қазынасы  тұрғысында 
баяндалған. Өлеңде ұзатылып келген қыздың ата-анасын 
(«Ата-ананың хақы бар дейді сүт ақы мен ілуде», «Риза 
бол анаңа, мехнат етіп сақтаған, тоғыз ай, он күн ішінде 
дүниеге  сені  шығарды»,  «Аман  қосып  жұбыңа  жеткізді 
сені мұратқа»), еркек пен әйел жұптасуының адамзаттың 
алғашқы тұлғаларын («Адам Ата жұптанып, Хауа ананы 
алғанда Исраил, Михаил некесін қиған екен екі періште»), 
Ислам дінін жер бетіне таратушы Мұхаммед пайғамбарды 
(с.ғ.с.) («Расулы пайғамбар Хадишаны алғанда ақ некесін 
қисын деп Жәбірейілге Алла бұйырған»), той өткізу дәс-
түрінің қалыптасу жолын («Жұрт жинап, қызық той еткен, 
Атымтай  Жомарт  салған  жол,  бақыт  пен  дәулет  қонған 
жол»), келін боп тұрған арудың тұлғасын, жаңа қадамын 
(«Арғымақ аттай әнденген, сөйлесе сөзің пәмденген, тоты 
құстай  таранып  бойыңды  түзеп  сәнденген,  өтейін  деп 
отырсың балдырлы Балқаш көлдерден») – бәрін де бейнелі 
көркем кестелі өрілімдермен өрнектеген. Жұптасу-үйлену 
тойында халыққа, келінге ата-бабалық дәстүр жолындағы 
ұлағатты мадақтаушы ақынның өзіндік шығармашылық-
әлеуметтік тұлғасы да дараланған:
...Шын шабытым келгенде
Ағыным тасты аударған
Мен бір қайнарлы өзен, бұлағың.
...Бұл жерлерде сөйлейтін
Біз секілді кемел бар.
...Риза бол, жарқыным,
Жырым еді сақтаған,
Арқасы құрғыр қозғанда 
Жауар бұлттай қаптаған.
Ойқастап барып тоқтайын,
Қатты кетсем қайырылмас
Мен – басы қатты ақтабан [2, 49-50].
«Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» да қазақ 
сөз  өнеріндегі  этнопедагогикалық  мұралар  қатарындағы 

49
шығарма. Өлеңнің тақырып арқауындағы оң жақтан кетіп 
бара  жатқан  ару  қыздың  кескін-келбетін  («Қырмызыдай 
кейпің құбылған, көрікті, көркем бала едің, базарың баста 
құрылған»)  мадақтай  отырып,  мәңгілікке  бара  жатқан 
еліндегі  мінез-құлық  мәдениетінің  де  қандай  болуы  ке-
ректігіне насихат-нұсқау сөзін арнайды:
...Қайын жұртқа барғанда,
Ұзартып жүрме тіліңді,
Ұстатып жүрме мініңді.
Жақсы адамдар онда бар,
Ақылы алуан білімді.
«Жақсының алды көше» деп,
Қайнағаң мен атаңның
Алдынан жүрме кеселеп.
Үйіңе келген қонаққа
Шытылмасын қабағың
Толы келсін табағың.
Ауыл үй түгіл, ел мақтар,
Сыртыңнан естіп қазағың [2, 78].
Бата-тілек өлеңінің құрылысында ұзатылып бара жатқан 
қыздың сол елдегі әуелде келіндік өмір жолындағы қырық, 
елу,  алпыс,  жетпіс,  сексен  жас  кезеңдерінің  бәрінде  де 
адамгершілік-имандылық  жолын  ұстанып  өтуі  насихат-
талады.  Әулетінің  ақылшы  анасы  болып,  келіні  мен  ба-
ласымен, ауыл үй адамдарының ауызбіршілігіне ұйытқы, 
мырза көңілді ел анасы бәйбіше («Бәйбіше болсаң балқы-
ған, қас-қабағың шалқыған, қолыңда болса, шырағым, қос 
бауырдақты қос жүзік») болуына, кәріліктің келгенін бай-
ыпты, байсалды қарсы алуды өмір шындығының бейнелі 
суретімен елестетеді:
Жасың барса сексенге,
Сексеннен артық жасама.
Айып етіп сөксең де,
Сол сексеннің өзі де
Төс сүйегіңді тыржитып,
Кеңірдегіңді қыржиып,
Жауырыныңды күржитіп,
Семдіріп кетер бөксеңді [2, 79].

50
Қашаған ақынның айтыстары («Нұрым мен Қашаған», 
«Қашаған мен Ізбас») – дәстүрлі өнердің өзіндік мәнерлі 
үлгілері.  Ауызша  авторлық  поэзиядағы  шығармашылық 
психологиясының  кесек  бітімді  болмысын  танытатын 
ақындар айтыстарында халықтың көркемдік ойлау кеңістігі, 
материалдық және рухани мәдениет тарихын жан-жақты 
қамтитын білімділік деңгейлері айқындалған.
Нұрым мен Қашаған айтысында екі ақынның да қазақ-
тың  халық  даналығын,  ойшылдығын,  тапқырлығын  та-
нытатын көркемдік-эстетикалық дүниетаным тағылымын 
байқаймыз.  Айтыстың  тақырыптық  арқауы  –  адамзат 
тарихының  пайда  болуы,  қалыптасуы,  дамуы  туралы 
білімділік пікір сайысы. Аға ақын Нұрым өзінен бата алғалы 
арнайы келіп отырған Қашағанды осындай өнер сынағына 
ұсынады.  Жас  ақын  Қашаған  да  «Мүйіз  шықса  басыңа 
сен  талай  түстің  алқаға,  тілің  шешен,  ернің  еп»,  «Көл 
едің айдын жаппалы, сен қазақтың тақтағы» атты бейнелі 
бағалауларымен көтермелей жырлап, тарихнамалық білім 
сынағының сұрағын қояды:
...Бала, білсең хабар бер,
Үдерегелі Хауа Анадан,
Қанша заман өтті арадан?
Дүниенің басы неден жаралған?
Жер мен аспан – бұ не зат?
Мақұлық қалай тараған?
Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы
Неден жаралған?
Өлгенге мансұқ, неше аят
Анау отыз парадан? [2, 82-83].
Екі  ақын  да  жер-жаһанның,  ғарыш  әлемінің,  адамзат 
ұрпақтарының  пайда  болуындағы,  өсіп-өркендеуіндегі 
жетекші  ықпалды  орын  алатын  Ислам  тарихын,  Жара-
тушы  Алланың  құдіретін,  Құран  Кәрімнің  шындығын, 
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) елшілік-тәрбиешілік 
қызметін  –  бәрін  де  білім  сынағы  –  жұмбақ  айтысында 
тақырып  арқауында  жырлаған.  Қашаған  жырлауында  да 
сыншылдықпен («Құс қарайтын еді қырымға, ит қарайтын 
еді жырымға»), Ислам дінін ұлықтаумен («Иманнан жарық 

51
болмайды, таспихқа айтып санаған, жұмаққа барад дейді 
тергеусіз  Алласы  анық  қалаған»)  назарға  ала  жырлап, 
аталған сұрақтарға тарихи-мәдени білім тұрғысынан жауап 
берілген:
Дүниенің басы әуелі,
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт тас еріп су болған,
Судан түтін бу болған.
Аспан, Жер содан жаралған.
«Адам, Лаухы, Ғалам, абзал – баршасы
Сол заттан – дейді – жаралған».
Он сегіз мың ғалам болғанда
Үш бөлім болып тараған.
Алтауы болар жәмәдат,
Алтауы болар нәбәдәт
Алтауы болар хайуанат
Үш алтыны қоса ғой
Он сегіз мың жан болад.
Білмеген адам таң болад.
Шариғат жолы бойынша
Өлгенге – намаз, ысхат шарт [2, 83-84].
Қарсылас  ақынның  пікір  сайысқа  ықыласын  күшейту 
үшін тілеулес ұстаз ақындар қолданатын психологиялық 
тәсіл  әріптесін  көтермелей,  мадақтай  отырып,  сыншыл 
тілмен  қамшылау  –  дәстүрлі  ерекшелік.  Нұрым  да  осы 
әдіспен Қашағанды көтермелей («Шамданба, шайыр дана-
мыз», «Сен бір – қойма, дүкенсің, ұрулы тұрған құлыбың, 
ашарман келіп ашпасақ, ішіндегі тауарды бүгін қалай ала-
мыз?») отырып, тағы да жұмбақ сипатты сұрағын ұсынады:
Екеуі жансыз, екі арам,
Бейішке кім ед баратын?
Дүлдүлді мініп парлатқан
Кәпірдің шәрін қандатқан
Шәһимәрден Ғалиға
Жебірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Неше қылыш келген екен жәннаттан?

52
Ніл дарияның көпірі
Болған екен не заттан?
Көлде жүрген күмпілдек,
Судан даусы шыққан әупілдек,
Бұл болған екен қай жақтан?
Суда жүрген итбалық,
Неден азған екен бұл халық? [2, 84-85].
Қашаған ақынның Ислам діні тарихы аясындағы адамзат 
жолын білетін білімділігі қайтарған жауаптарынан көрінеді.
«Екі арамы дегенің: қытымыр деген қызыл ит, ... астына 
мінген есегі; екі жансыз дегенің: біреуі Айсаның аса таяғы, 
біреуі – Ідірістің киген кебісі».
«Хамхам менен Самсамдай, Зұлпұқар мен Зұлқажжа – 
жәннеттен келген төрт қылыш»; «Перғауын мен Мұсаның 
көп  соғысы  болғанда,  Ніл  дарияға  ұрғанда  көпір  болған 
деседі  Мұсаның  аса  таяғы»  жауаптарын  айта  келе  жақ-
сы лықпен  жағаласқандардың  жазалану  тарихын  да  тү-
сіндірген:
...«Көлде жүрген күмпілдек,
Суда жүрген әупілдек.
Қарсы болған бұйрыққа
Перғауынның – дейді – өзі».
Асасын тартып алғанда,
Перғауынның әскері
Суға болды бұ қарық.
«Мұса қолын сілтепті,
Кетсін – деп – көрмей ол жарық!»
Суда жүрген итбалық,
Перғауынның әскері
Қарғаған соң Құдайым,
«Осылай азған – дейді – бұ халық» [2, 87].
Ақындар  –  адамзат  ұрпақтарының  асыл  сапалы  қа си-
еттермен өмір сүруіне тілеулес тәрбиеші-ұстаз тұғырын -
дағы тұлғалар. Сондықтан, олар шығармаларында жақсы-
лық  пен  жамандық  егізделген  тіршілік  қозғалысындағы 
адамгершілік қасиеттерді саралап бағалауды үнемі басты 
назарда ұстайды.

53
Нұрым  мен  Қашағанның  тарихнамалық  білім  мен 
адамгершілік қасиеттер туралы сұхбат, жұмбақ тұтас ты-
ғындағы пікір сайысынан олардың ұстаздық-тәлімгерлік-
тәрбиешілік  тұлғалары  айқындалады.  Нұрым  ақынның 
кезекті  сұрағына  («Пайғамбардың  кезінде  қанша  қауым 
өтіпті өз пиғылынан өзі ауып?») да Қашағанның қайтарған 
жауабы  адамзат  ұрпақтарын  адалдық,  жақсылық,  ізгілік 
жолына үгіттеумен өткен пайғамбарлар (Хазіреті Нұх, Лұд, 
Аухад) ұлағатын және олардың айтқанын істемегендердің 
топан суға кеткенін, жер жұтқанын айта келе, адамдардың 
іс-әрекеттеріне,  мінез-құлық  психологиясына  баламалап 
бірнеше  мысалдамалар  да  келтірген.  Табиғаттағы  жа-
нуарлардың, хайуанаттардың (нар түйенің аунауынан аяғы 
тиген  інінің  бота,  тайлақты  бақыртатынын,  қарақұстың 
тырнағының әлсіздігі, бүркіттің жемін ұшқыр қырғи құстың 
қағып кететіні, шағала мен шақшақайдың судағы шабақ пен 
шаянды бергісі келмейтіні, байғыздың торғайды жейтіні, 
жапалақтың тәкаппарлығы, қара қарға қалбағайдың жемін 
ала  алмай  босқа  ұшатыны,  менменсіген,  күші  мығым 
шымшықтың қыран жемсауына түсіп мыш болатыны, т.б.) 
іс-әрекеттерін  пернелей  бейнелеп,  адамдар  ортасының 
тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар сырларын сара-
лай бағалайды. Қашаған адамгершілік-имандылық жолын 
берік  ұстанған  өздеріндей  қайраткер-қамқор  тұлғалар 
тағылымын  дәріптей,  ұрпаққа  ұсынылар  үздік  өнеге 
екендігін атап көрсетеді, сөз өнері жүйріктерінің шынайы 
бағасын айтады:
...Қапталдағы көп жаман
Сені мен маған ұрысса,
Түсіп кете жаздайды
Түбі жоқ терең айлаққа.
Қанатты тұлпар сен едің,
Қосылып жүрген байраққа.
Дүбірлі дүлдүл шайырсың,
Кіші жүз бенен Орта жүз
Атағың кеткен аймаққа.
...Сені мен менен озғанша
Жыл айналып қыс болар [2, 88-89].

54
«Қашан мен Ізбас» айтысы – ақындық шығармашылық 
өнер  иесі  тұлғасын  халықтың  қайраткер  перзенті,  та-
рихи  дара  тұлға  тұғырындағы  тұтастықпен  бейнелеуге 
арналған  туынды.  Ақындардың  әдеби  көркем  бейнесі 
әуелде  олардың  өздерінің  туындыларында  сомдалатыны 
мәлім.  Әсіресе,  лирикалық  шығармалардағы  лирикалық 
қаһарман, лирикалық кейіпкер сымбатымен сомдалғандар 
авторлардың  өзіндік  тұлғалық  бейнеленуін  байқатады. 
Ақындар айтыстарының лирикалық толғаныстар тұтастығы 
басым  туындылар  екендігі  мәлім.  Әрине,  кейбір  сүре 
айтысында  эпикалық  көлемді  сюжеттік-композициялық 
желілер де болады. Ал, «Қашаған мен Ізбас» айтысында 
ұстаз  ақындарды  (Сәттіғұл,  Қашаған,  т.б.)  менсінбеген, 
шатты-бұтты өлеңсымақтарын құрап-сұрап, өзін көрнекті 
ақындар қатарында танытқысы келіп жүрген ұсақ пиғылды, 
қабілетсіз, дарынсыз Ізбастың «... қарт ақын Қашағанның 
мұрагерсіз,  кедейлігін  айтып  мұқатуды...»  [2,  91]  ойлап, 
«Оңтайлы жігіт, жүйрік ат қашқанмен сені қоя ма?»– деп 
өзін  зорсындырғанына  сыншыл  ойларымен  тойтарыс 
береді.  Сексен  жастағы  ұзақ  ғұмырында  ардақты  атасы 
Ер  Қосайдың,  Жанғабылұлы  Сәттіғұлдың  («Жүйрік  еді 
қашаннан, келе жатқан баға алып, үстіне халық қамалған») 
және т.б. ел асылдарының дәстүрін жалғастырған ізгілік 
жолын  дәріптейді.  Айтыстағы  ақындық  сыншылдық  ой 
ағынында  Ізбас  тектес  өзін-өзі  зорсынған  ұсақ  пиғыл-
дылардың  сықпытын  да  салыстырмалы  бейнелі  өрілімді 
тіркестермен дәйектейді:
...Сен бір жүрген зияндас,
Айналдырған жындысың.
... Озған өрен жүйрікпін,
Қосылдым талай дүбірге.
...Мен мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбінде.
Сен бір – жабы, мен – тұлпар,
Сен – қарға да, мен – сұңқар.
...Түкірігім сөндірер
Сенің жаққан отыңды.
Жүйрік едім қашаннан,
Ақ бөкендей орытқан,

55
Талай келдім бәйгіден.
Жоқ еді жерім зорыққан [2, 92-93].
Ізбастың  елдегі  дәулеттілердің  (Жалмұрза,  Жантен, 
т.б.) сойылын соққан қолшоқпар – жағымпаз, ауылдарға 
кесірі  тиіп  тозғындатқан  («Сүйінді  Көктен  айырып  Ба-
зар  деген  ауылдың»)  бүлдіргіш,  ақындыққа  үш  қайнаса 
сорпасы қосылмайтын далбаса екендігін («Сен – бір қара 
маңдайсың»,  «Сен  өзекті  жыртық  қайықсың»,  «Аузың 
қартаң байталдай, сен шайтаннан туған малғұн, малғұннан 
туған  албасты»)  бейнелейді.  Халыққа  танымал  болған 
қасиетті  өнер  иелерін  сыйламаған  надандардың  бәріне 
ортақ қасиеттер сипатын ақын аллегориялық (пернелеулік)– 
мысалдамалық  баламалаулармен  анықтап  дәлелдейді, 
ұрпақтардың адамтану арнасындағы көркемдік-эстетика-
лық көзқарастарына бағыт береді:
...Күйкентай деген құс болар,
Далада жүріп мақтанса,
Қайраты бұтпен бұт болар.
Қарға деген азғын құс,
Қасиеті оның жоқ болар.
Құс жаманы жапалақ,
«Кесіртке, тышқан жедім!» – деп,
Қырғидың күшін көрмесе,
О да жүрер есіріп.
Шөже деген бір торғай,
Ұясында жатқанда
«Көкті тіреп жатсын!» деп,
Аяғын жатар көсіліп.
Қырғи құсқа жолықса,
Төрт бөлініп төс еті,
Қанаты қалар кесіліп.
Ойлап тұрсам, көпшілік,
Ізбас сондай есірік.
Өзінен зорға жолығып,
Тілегі қалар кесіліп [2, 95].
Қашағанның  айтыстары  –  қазақтың  дәстүрлі  ақындар 
поэзиясының ұлттық сөз өнері үдерісіндегі ықпалды көр-
кемдік ықпалының үлгілері. Ауызша авторлық поэзияның 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет