ДӘРІС 4. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢІ
(1917-1925 жж.)
Қазан төңкерісінен кейін қазақтың кеңестік интеллигенциясының
пайда болып, өсуінің басты алғышарты – саяси биліктің Ленин бастаған
коммунистік партияның қолына көшуі болды. Бүкіл Ресейде – метрополия
мен отарларда біркелкі әкімшілдік-әміршілдік басқару жүйесі, әскери
күшке сүйенген казармалық тәртіп орнатыла бастады. Билік басына
келгеннен соң большевиктер бастапқыда қазақтың ұлттық шығармашылық
интеллигенциясын қажет етпеді, тіпті оның өкілдеріне тиісті көңіл де
бөлмеді. Азамат соғысы жылдары ақтардан босатылған жерлерде
қазақтарды өз жағына тарту үшін олардың сауаттыларын, беделді
адамдарын кеңестік-партиялық қызметке шақырды. 1919 жылы Алашорда
қайраткерлеріне кешірім жасалып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт
зиялылары Коммунистік партия мүшелігіне кіріп, оқу-ағарту, мәдениет,
баспасөз істерімен қызу айналыса бастады.
Лениннің декреті бойынша құрылып 1919 жылдары Қазақстанды
басқарған Революциялық Комитет (Казревком) өзінің қызметін Солтүстік
Қазақстанда Қызыл әскерлердің үстемдігін орнату шараларынан бастаған
еді. Казревкомды Мәскеу жіберген С.С.Пестковский, В.А.Радус –
Зенькович сияқты қазақтардан хабары жоқ лениншіл-коммунистер
басқарды. Ахмет Байтұрсынов, Әліби Жанкелдин, Сейітқали Мендешев,
Бақытжан Қаратаев сынды қазақ қайраткерлері Казревком құрамына
алынғанымен, билік тізгіні еуропалықтарда болды. Казревком ескі
интеллигенцияны коммунистерге қызмет еткізуге бағытталған бірталай
шараларды қабылдады.
1920 жылдың 22 қаңтарында қазақ ревкомы өлкедегі бүкіл
интеллигенттік күштерді кеңес жұмысына жұмылдыру (мобилизациялау)
туралы қаулы шығарды [47]. Оқыған азаматтарды уақытша болса да өз
жағына тартпайынша көздеген мақсаттарына жетудің мүмкін еместігіне
көздері жеткен жаңа билеушілер ауыл мектептерін, бастауыш қазақ-орыс
мектептерін бітірген сауатты адамдарға іздеу салды. Кеңес жұмысынан бас
тартқан оқыған адамдар революция жауы ретінде соғыс жағдайындағы
заңдар негізінде жауапқа тартылды. 1920 жылдың 24 маусымында
Казревком Орал облысындағы қазақ интеллигенциясын жаппай
мобилизациялау туралы шешім қабылдады. Бұл жұмысты іске асыру
П.И.Струппе төрағалық еткен (комиссия құрамында белгілі зиялылар
Мұхаметжан Қаратаев, Есенғали Қасаболатов болды) арнаулы комиссияға
жүктелді [48]. Азамат соғысы біткенімен, соғыс жағдайына тән төтенше
қимыл жасап, облыстағы барлық қазақ оқығандары есепке алынып, еріксіз
кеңес жұмысына жегілді.
45
Өлкедегі сауатсыздықты жою желеуімен Қазревком 1920 жылдың 28
қыркүйегінде тағы да ұлттық интеллигенцияға жаппай мобилизация
жариялады. Бұл жолы интеллигенциямен қатар “мектепте сабақ беруге
жарамды” барлық адамдар, атап айтқанда он (10) дәрежелі білімі
барлардың бәрі есепке алынды: 1) жоғары білімділер; 2) орта білімділер; 3)
арнаулы педагогикалық оқу орындарын бітіргендер; 4) жоғарғы бастауыш
училищелерді бітіргендер; 5) медресе тамамдағандар; 6) екі сыныпты
училище бітіргендер; 7) бір сыныпты бастауыш училище түлектері; 8)
“земское одноклассное училище” аталған оқу орнын бітіргендер; 9)
мектептер (бұл жерде жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап пайда бола
бастаған болыстық, ауыларалық жәдид мектептері айтылған болу керек)
және 10) өз бетімен хат таныған (самоучки и лица с домашним
образованием” делінеді ), бастауыш арифметика амалдарын жақсы білетін
және сауатты жаза алатын адамдар [49]. Көріп отырғанымыздай, өкіметтің
пәрменімен қандай болмасын оқып-тоқығаны бар барлық азаматтар есепке
алынып, қызметке тартылуға тиіс болды. Алайда бұл жолы да Кеңес
өкіметі қазақтың барлық оқығандарын өзіне қызмет еткізе алмады.
Қазақ автономиялық республикасы құрылған соң көп ұзамай, 1920
жылғы 30 қарашада ҚазОАК “Қазақ АКСР-дегі оқыған қазақтардың
тізімін алу” жөнінде қаулы қабылдады. Қазақ интеллигенциясын жинау
бүкіл республикалық ауқымда жүргізілді.
Қазақ қайраткерлерінің ұлттық тәуелсіздікке деген ұмтылысы Алаш
қозғалысынан айқын көрінді. 1917-1920 жылдардың аралығында қазақ
оқығандары мемлекеттік тәуелсіздік алу үшін күресті. Империя құрамында
Алашорда аталған автономия құруға көп күш салды. Деректерге қарағанда,
Алаш қозғалысында ұлттық шығармашылық интеллигенциясының
өкілдері жетекші рөл атқарды.
Қазан төңкерісі қарсаңында және революцияның алғашқы кезеңінде
ұлттық
шығармашылық
интеллигенция
қазақтың
өзге
интеллигенциясынан, яғни оқытушылар қауымынан, дәрігерлер,
заңгерлер, әкімшілік қызметкерлерінен рухани жағынан жетілген, оқыған
атаулыларға шам-шырақ болған үлкен топ болды.
Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейхан, Батыс Алашорданың
жетекшісі Халел Досмұхамедов, Алаш идеологтері Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар
Әуезов, және т.б. қайраткерлер ұлттық шығармашылық интеллигенцияның
аса көрнекті өкілдері болып сол кездің өзінде-ақ танылған еді. Есімдері
аталған азаматтардың іс-әрекеттері Алаш қозғалысының тағдырында да,
бүкіл қазақтың ендігі уақыттағы тағдырында ерекше рөл атқарды.
Халқының болашағын ойлаған Ахмет Байтұрсынов бірінші болып
қызылдармен сөз табысып, коммунистермен одақтасты. Алайда оның
Казревкомдағы қызметі бұрынғы алаш мұраттарына берілгендігін ұлттық
идеяларды берік ұстағандығы айқын көрсетті.
46
Большевиктер Алаш қайраткерлерін саяси билікке жолатпау
саясатын ұстанды. Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялылар еріксіз
Қазақстаннан қуылды. Бұрынғы алашордашылар Ахмет Байтұрсынов,
Аспандияр Кенжин, Ғ.Әлібеков халық комиссарлары болып тағайындалып,
өкімет мүшелері болғанымен, оларға саяси сенімсіздікпен қарау жалғаса
берді. Олар әртүрлі деңгейдегі кеңес жұмысына тартылғанымен, барлық
билік шоғырланған партия комитеттеріне жолатылмады. Коммунист
басшылар оларға жоғарыдан төмен қарап, техникалық қызметшілер
ретінде қолданды. Өздерінің басыбайлы құлдар етпекші ауыл қазақтарын
басқаруға көмектесетін оқу-білімі аз, мәдениеті таяздар өздерінен
әлдеқайда білімді әрі саналы интеллигенция өкілдеріне билігін жүргізген
ахуал орнады. Қазақтың саналы азаматтарына жергілікті жерлерде,
облыстық, уездік мекемелерде көп қысымшылдық көрсетілді. 1920
жылдың жазында Ақмола мен Семей облыстарын тексерген А.Д. Авдеев
Казревкомның 1920 жылы 13 тамызындағы отырысында “Работники –
киргизы, даже не алашординские, подвергаются преследованию, что
является тормозом в работе” [50] деп сол тұстағы ауыр жағдайды сипаттап
берді.
Жаңа интеллигенцияның пайда болуына қажетті алғышарттар бүкіл
халық ағарту ісіндегі өзгерістерге тікелей байланысты болды. 1917-1925
жылдары қазақ қоғамындағы бұрынғы оқу жүйесі қиратылып, білім беру
ісі кеңестік негізде қайта құрылды. Ежелден бергі ауылдық және
ауыларалық мектептер жабылды. Молдалар ескіліктің сарқыншақтары
ретінде қуғынға салынды. Төңкеріске дейінгі жылдары мұғалімдік еткен
молдалардың ішінде терең білімді, білікті әрі тәжірибелі ұстаздар аз емес
еді. Молдаларды жаппай көзсіз қуғындау ұлттық білім беру жүйесіне орны
толмас үлкен зақым келтірді.
Қазан төңкерісіне дейін, жиырмасыншы ғасыр басында қазақ
ағартушыларының рухани жетекшісі болған Ахмет Байтұрсынов
революциядан кейін де осы игілікті істің басы-қасында болды. Ахмет
Байтұрсыновтың үлгісі, іс-әрекеті мен жалынды сөздері ескі ағартушы-
ұстаздарды оқыту жұмысын жаңа жағдайда жалғастыруларына үлкен
ықпал етті. Қазақ интеллигенциясының алдына елдегі жаппай
сауатсыздықты жою міндеті қойылды. Сауатсыздық дегенде мұсылманша
оқығандар сауаттылар қатарында саналмады. Еуропалық үлгідегі оқу
орындарын, мектептер мен училищелерде оқығандар, орысша білетіндер
ғана сауатты адамдар саналды. Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен
жер-жерлерде облыстық, уездік халық ағарту мекемелері құрылып, бұл
істің мамандары жұмысқа келді. 1921 жылы 18-25 қаңтарда Орынборда
болып өткен халық ағарту қызметкерлерінің бүкіл Қазақстандық бірінші
конференциясы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасы бойынша Азамат
соғысында тоз-тозы шығып қираған оқу орындарын қалпына келтіру,
мүмкіндігінше көбірек мектептер мен курстар ұйымдастырып, балалар мен
47
ересектердің сауатын ашу, жан-жаққа тентіреп кеткен мұғалімдерді оқу-
ағарту жұмысына қайтадан жұмылдыру сияқты бірінші кезекте
атқарылатын шараларды белгіледі [51].
Сол жылғы 21 ақпанда Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің
төралқасы Ахмет Байтұрсыновтың баяндамасын тыңдап, Халық ағарту
халық комиссариатын екпінді комиссариат деп жариялап, республикадағы
барлық мекемелер оқу орындарына жан-жақты көмек көрсетуге
міндеттелді [52]. Қазақ мәдениетіне қатысты барлық мәселелерді шешу
Қазақ АКСР-нің Халық ағарту халық комиссариатына (кейде Оқу
халкоматы деп аталды) тапсырылды. 1921 жылғы 9 тамызда республика
Халық Комиссарлар Кеңесі Халық ағарту халкоматының қызметі
жөніндегі Ережені бекітті. Осы Ережеде Оқу халкоматына “Өнеркәсіп,
ауыл шаруашылығы, басқару, халық ағарту және денсаулық қорғау
салалары бойынша Қырғыз (Қазақ) республикасына қажетті мамандарды
даярлау ісіне жалпы басшылық жасау” тапсырылды [53]. Бұл дегеніңіз
қазақтың ұлттық шығармашылық интеллигенциясын даярлау ісін
республиканың Халық ағарту халкоматының құзырына берілуін
заңдастыру болып табылады. Шын мәнінде, 1920-1930 жылдары Қазақтың
шығармашылық интеллигенциясын қалыптастыру мәселесінің барлық
ұйымдастырушылық, қаржылық жұмыстарымен айналысқан бірден-бір
халкомат (бүгінгі сөзбен айтқанда – министрлік) болды.
Республиканың халық ағарту халкоматының ұсынуымен 1921 жылы
26 шілдеде Қазақ АКСР-і ОАК қазақтардың сауатын ашу жұмысына он
алты мен елу жас аралығындағы барлық сауатты қазақтарды
мобилизациялау туралы қаулы шығарды [54]. Осы қаулы бойынша
төңкеріске дейін және төңкеріс жылдары медресе, бірінші-екінші
сыныптың бастауыш мектеп, тіпті өз бетімен сауатын ашқан адамдардан
бастап жоғарғы оқу орындарын бітіргендердің бәрі міндетті түрде оқу
жұмысына жұмылдырылатын болды.
Қазақ зиялылары халқының көзін ашу, сауатсыздықты жою ісіне бар
күштерін жұмылдырды. Олар Оқу халық комиссариатының төңірегінде
топтасып, күш біріктіре қимылдады. Халық ағарту саласында
жиырмасыншы жылдардың басында әрекет еткен оқу комиссариаты мен
БК(б)П Киробкомы тарапынан атқарылған жұмысты салыстырғанда,
соңғылар ұраншылдық пен науқаншылыққа ұрынып, көбінесе
көзбояушылықпен айналысқандығы байқалады. Партия орындарының
нұсқауымен жер-жерде құрылған ГрамЧК деген ұйымның (Сауатсыздықты
жою жөніндегі төтенше комиссия) жұмысы сауатты адамдарды күштеп
мобилизациялап сауатсыздықты жою (ликбез) жөніндегі қысқа мерзімді
курстарды ашумен шектелді [55].
Алаш оқығандарының ауыл еңбекшілерінің көзін ашып, оқу-білімге
тартып, ел ішіндегі дарын иелерін қолдап-көмектесу ісінде атқарған
еңбектері елеулі болды. Қазақтың оқығандары, алғашқы жоғары білімді
48
мамандары, тұңғыш ғалымдары бір-біріне көмектесіп, қолдау жасауды
парыз санағандығы жөнінде деректер жеткілікті. Осындай өзара
ынтымақтың арқасында көптеген жастар өздерінің табиғи дарындарын
ұштап шығармашылық интеллигенция қатарынан орын алды. Өлеңге ебі
бар талапты жас Сапарғали Бегалин Семейге келіп Нұрғали, Нәзипа
Құлжановтарға атшы бала болып сауатын ашты.
1922 жылғы 1 маусымда Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық
Атқару Комитетінің қазақ тіліндегі баспа ісін жақсарту туралы қаулысына
қол қойды. Бұл қаулыда республиканың Халық Комиссарлары Кеңесіне
барлық халкоматтары өз салалары бойынша қазақ тілінде кітаптар,
плакаттар, оқулықтар шығаруын қадағалау тапсырылды. Бұл міндетті
орындау үшін қажетті қаржы көздерін тауып, қазақ интеллигенттерін осы
игілікті іске жұмылдыруды тапсырды [56]. Өзге халкоматтарға қарағанда
жұмыстың көп бөлігі Оқу Халық комиссариатына жүктелді. Оған әртүрлі
дәрежедегі оқу құралдарын шығарумен бірге, әдеби, ғылыми, саяси-үгіт
мазмұнды кітаптарды даярлаумен қатар орыс тілінен көп санды
басылымдарды қазақшаға аудару ісін ұйымдастыру тапсырылды. Бұл кең
ауқымды мәдени іс-шараларды жүзеге асыруға тиісті жоғары білікті
мамандар жетіспеді. Сондықтан болар, кітапханалардың сирек кездесетін
кітаптар қорларында сақталған жиырмасыншы жылдар басылымдарының
сауаттылығы төмен болып келеді. Бұл олқылықты қазақ зиялыларының
өздері де терең түсініп, өз еңбектерінің нәтижесіне деген талапкершілікті
күшейтумен болды. Мәдениет саласында жетістіктерге жету үшін оқу-
білім беру жүйесінің жұмысын орнықтыру қажет болды.
1917 жылдан бастап ескі оқығандар жер-жерде мәдени - ағарту
ұйымдарын құрды, қазақтың бүкіл әдеби интеллигенциясын
ұйымдастыруға талпынды (1922 жылғы желтоқсанда Ташкентте құрылған
“Талап” қауымы). Ал революцияны жақтағандар әлі әлсіз болғандықтан
күш біріктіруге деген талпынысы да әлсіз болды. Шынында олар әлі
әдебиетші ретінде қалыптасып үлгермеді, пролетариат ақын-жазушылары
атану үшін бірталай уақыт керек еді.
Аға ұрпақ өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Сейітқали Меңдешев, жас
қызметкерлер Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов бастаған қазақ
зиялылары ана тілін жанын сала қорғады. Аса өзекті мәселе ретінде
баспасөз бетінде көтерді. Ең маңызды істер қатарында республика
өкіметінің күн тәртібіне қойды. Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті
жанындағы іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру жөніндегі Орталық
Комиссиясы 1923 жылы 6 желтоқсанда құрылып, оны ОАК-нің хатшысы
Жанайдар Сәдуақасов басқарды. 1924 жылдың сәуірінен бастап
Комиссияның төрағасы қызметін Аспандияр Кенжин, 1925 жылы – Ораз
Исаев атқарды. “Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып
келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген
қазақ тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір,
49
әдемі тіл екенін Мағжан Жұмабаев өлеңдері көрсете алады” [57] деп
жазды. Сұлтанбек Қожанов Мағжан Жұмабайұлының 1923 жылы
Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағына жазған алғы сөзінде.
Қазақтың ғылыми интеллигенциясының алғашқы өкілдері ұлт
тағдырына байланысты барлық мәселелерді шешуге белсене қатысты.
Заман тудырған ең өзекті міндеттердің іске асуы, мәдени өркендеудің
барлық күрделі мәселелерін оңтайлы шешілуі қазақ ғалымдарының аз ғана
шоғырының мойнында болды. Мысалы, қазақ тіліндегі мектеп
оқулықтарын баспадан көптеп шығару, олардың сапалық деңгейін арттыру
жөніндегі жанашырлық ғылыми-әдістемелік Кеңестің төрағасы Молдағали
Жолдыбаев пен осы Кеңестің мүшесі Телжан Шонановтың Халық ағарту
халкомы Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатында (1925 ж. 13 ақпан) айқын
көрініс тапқан [58]. 14 ақпан күні Молдағали Жолдыбаев пен Біләл Сүлеев
Халық ағарту халкоматы алқасының құрамына енгізілді [59]. Бұл
қайраткерлердің әрқайсысы бір мезгілде қоғамдық-басшылық,
оқытушылық, ғылыми-зерттеу, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге
мәжбүр болды.
Мұрағаттық құжаттарда кеңестік немесе партиялық басшы қызмет
атқарған қазақ қайраткерлерінің өз білімдерінің жеткіліксіз екендігін
сезініп, оқуға жіберуді сұраған өтініштері көп кездеседі. Алайда БК(б)П
Қазақ өлкекомы оларды бір орыннан екінші орынға ауыстырып,
қызметінің үстіне жаңа қызмет тапсырып, бірнеше жылдар бойы еш
демалыссыз жұмысқа жегумен болды.
Қоғамдық-саяси басшылық қызметтерден гөрі шығармашылық
жұмыспен айналысуға ұмтылған Сәкен Сейфуллиннің өтінішін қарап,
БК(б)П Қазөлкеком бюросы 1925 жылы 7 сәуірде: “Идя навстречу
необходимости предоставления широкой возможности заняться
литературно-творческой работой, направить тов. Сакен Сейфуллина в
распоряжение Наркомпроса, рекомендовав для работы в качестве
председателя научной комиссии НКПроса” [60] деп қаулы шығарып,
Сәкенді әдеби шығармашылық жұмысын ғылыми-ұйымдастырушылық
қызметпен қоса атқаруды міндеттеді.
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның қалыптасу жолында
үлкен белес болып табылатын “Талап” және “Алқа” ұйымдарының
тарихын зерттеудің маңызы зор. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚазАПП-
тан бұрын құрылған қауымдар қазақ зиялыларының алғашқы
шығармашылық ұйымдары болды.
Әдебиеттанушылар мен тарихшылар бірігіп күш салса, қазірдің
өзінде “Талап” сынды ұйымға мүше болған зиялыларды түгендеуге
жақындап қалдық. “Талапқа” қатысты Ташкент мұрағаттарында бірталай
құжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Қазақстан Рсепубликасы Орталық
мемлекеттік мұрағатының Халық ағарту халкоматының (81-қор), мәдени
қайраткерлердің жеке қорлары мен өзге де дерек көздері “Талап” құрамын
50
анықтауға негіз болып табылады. Біздің есебіміз бойынша, бүгінгі күнде
“Талапқа” мүшелігі құжаттармен дәлелденген жиырма төрт адамның тізімі
төмендегідей: Жүсіпбек Аймауытов, Ишеналы Арабаев (қырғыз
ағартушысы), Мұхтар Әуезов, Абдолла Байтасов, Ахмет Байтұрсынов,
Қажым Басымов, Жұбаныш Бәрібаев, Әбубәкір Диваев, Халел
Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов кейбір құжаттарда
Испулов делінеді – З.Д. ), Кәрім Жәленов, Мағжан Жұмабаев, Қошке
Кемеңгеров, Шамғали Сарыбаев, Қабылбек Сарымолдаев, Біләл Сүлеев,
Иса Тоқтыбаев, Мұқаметжан Тынышбаев, Қасым Тыныстанов (қырғыз
қайраткері), Даниял Ысқақов, еуропалықтар Н.Архангельский мен
А.Э.Шмидт, ұйғыр қайраткері Абдолла Розыбакиев.
Бұл тізім
“Талапқа”
әртүрлі мамандық иелері; басшы
қайраткерлердің мүше болғандығын айғақтайды. “Талаптың” алдына
қойған мақсаттары да өте ауқымды, жалпы ұлт мәдениетіне қатысты үлкен
мәселелер болды. Сондықтан да қалам иелері қазақ әдебиетінің мезгілі
жеткен өзекті мәселелерін қауым болып шешу үшін өзінің шығармашылық
ұйымын құруға ұмтылды.
“Алқа” атты әдеби ұйым туралы алғашқы деректер 1924 жылдың
аяғында пайда болды. Егер “Талаптың” бастамашысы қоғам қайраткері,
дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедов болса, “Алқа” ұйымын құруды алғаш
қолға алған – сарабдал ақын Мағжан Жұмабаев болды. “Алқаны” құру
жолындағы барлық ұйымдастырушылық қызметті де ақын-жазушылар
өздері атқарды. “Талап” қауымының біршама белсенді жұмыс атқарып,
аяғынан қаз тұрып кетуінің бір себебі – оны Түркістан автономиясының
үкіметі, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Аспандияров сынды
ірі басшылардың қолдап, көмек көрсетуі еді, ал “Алқада” мұндай қолдау
болмады.
“Алқаның”
“Талаптан”
айырмашылығы
–
бұл ұйым
әдебиетшілердің,
“таза”
ақын-жазушылардың, газет-журнал
қызметшілерінің қоғамы болмақшы еді. Сонымен бірге “Алқа” қаламгер-
әріптестердің сынаулы тобын біріктіретін жабық клуб емес (бүгінгі
Әбдіжамал Нұрпейісов жетекшілік ететін жазушылардың Пенклубына
ұқсамайды), атақты, тәжірибелі ақын-жазушылармен бірге әдебиет
жанашырлары, жаңа қалам тербеткен жастардың басын қосатын ашық
ұйым болуға тиісті еді. Тура және жанама деректерді саралай келіп,
“Алқаны” ұйымдастыруға ат салысқан азаматтардың есімдерін атайтын
болсақ, олар: Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Еркеғали
Алдоңғаров, Сұлтанбек Сәдуақасұлы, Е. Омаров, Жәкен Сәрсембин,
Абдолла Байтасов, Жұмағали Тілеулин, Сәбит Дөнентайұлы. Талантты
зерттеуші Дүйсембек Қамзабекұлы “Алқаның” бағдарламасын жазған
Мағжан Жұмабайұлы деген бұрыннан келе жатқан пікірді терістемейді,
сонымен бірге бұл тарихи құжаттың бір адамның жазғаны емес, ұжымдық
51
еңбектің нәтижесі деген көңілге қонымды пайымдау жасайды [61].
Жоғарыда аталған қаламгерлердің қайсы (өзге адамдар да болуы мүмкін)
бағдарлама мәтінімен жұмыс істеді – бұл жаңа деректер табылғанда
айқындалады.
Жүсіпбек Аймауытовтың “1929 жылы 21 және 24 мамырда
тергеушіге берген жауабында “Алқаның” платформасымен Орынборда
1925 жылы Еркеғали Алдоңғаров пен Жәкен Сәрсембин арқылы
танысқандығын, “Алқаның” бағдарламасы жөнінде Мағжан Жұмабаевпен
хат жазысқандығы, бағдарламаны “Мағжан Жұмабаев платформасы” деп,
“Алқаны” әдеби үйірме (“кружок”) деп атап, бұл ұйымды құру мәселесі
әрі тарт, бері тартпен іске аспай қалды” дейді.
Қазақ интеллигенциясының “Талап” пен “Алқа” ұйымдары отандық
тарихнамада зерттелуі жаңа қолға алынған тың тақырыптар. Олар ұлттық
мәдениетке, ғылым мен танымымызға берері көп тарихи мәселе. Бүгінгі
таңда деректердің, әсіресе мұрағаттық құжат-дәйектемелердің жетіспеуі
олардың тарихын толымды ашып, жүйелі жазуға қолбайлау болуда.
Сондықтан да, біздіңше, “Алқа” қауымы құрылмай жатып талқандалды
дегенге саятын қорытынды жасау әлі ерте. 1929-1930 жылдары аяқ-қолы
кісенделген азаматтардың ОГПУ-дің жаналғыштарына берілген жауаптар
бір басқа екендігі бұл жолы да расталуға тиіс.
Ақын-жазушылар қатары жаңа есімдермен үнемі өсіп, толығып
отырды. Олардың өсіп-жетілуіне орталық (бүкілқазақстандық) және
жергілікті баспасөз айтарлықтай қолдау көрсетті, ықпал етті. Сонымен
бірге баспасөз шығармашыл интеллигенцияның тарихы жөніндегі аса
құнды деректер көзі болып табылады. Жиырмасыншы-отызыншы
жылдардағы газет-журналдар беттері қаламгерлер-авторлардың көптігімен
(көбінің есімдері мен шығармалары бүгінде белгісіз) ерекшеленеді. Бұл
ерекшелік бір жағынан қазақ халқының сөз өнеріне бейімділігін айқындай
түсетін дерек болып табылады. Екіншіден, қазақ ақындары газет-журнал
пайда болғанға дейінгі кезеңде көп болды ма, әлде баспасөз кеңінен
тараған соңғы уақытта көбейді ме деген сауал тумай қоймайды. Жоғарыда
біз шығармашылық интеллигенцияны сан жағынан есептеудің
қиындығына тоқталып өткен болатынбыз. Дегенмен, егер әңгіме жазушы-
прозаиктер, әдебиеттің жазба түрімен дамитын жанрларында еңбек ететін
өзге де қаламгерлер жөнінде болып, олардың сан жағынан дамуының
шартты түрде диаграммасын бейнелейтін болсақ, онда олардың пайда
болғанынан бастап, яғни жиырмасыншы ғасырдың басынан 1941 жылға
дейінгі кезеңде үнемі сатылап жоғарылап, сан жағынан жыл өткен сайын
ұлғая түскен динамикасын көретін боламыз.
Ал поэзия саласында мәселе күрделірек, ақынжанды қазақ халқының
сөз таланттары әр кезде де – заман тыныштықта да, аласапыран
қиыншылықта да туып отырды, жетіліп, сан-сапасы өсіп отырды. Газет-
журналдарға қол жетпеген кезде, поэзиялық шығармалар ауызша және
52
қолжазбалар түрінде тараған уақытта өмір сүрген ақындарда есеп жоқ. Ана
тіліміздегі тұңғыш мерзімді басылым “Түркістан уалаятының газетіне”
(1870) дейінгі ақын-жырауларымыздың оннан бірінің есімі мен
шығармашылығының жұрнақтары зерттеуші-ғалымдардың өздеріне ғана
белгілі деуге келеді. Ал 1917-1925 жылдардағы мерзімді және мерзімсіз
(кітап бастыру) баспасөз ақындарымызды түгендеуге үлкен мүмкіндік
туғызды. Алайда, мұрағаттық, қолжазбалар қорлары мен басқа да дерек
көздерімен бірге газет-журналдарда есімдері аталып, шығармалары
жарияланған авторлар қауымы байсалды зерттеу объектісіне айналған жоқ.
Бұл – өз байлығымыздың қадірін білмейтініміз, өткен заманның рухани
мұрасын толымды түрде пайдалана алмай жүргенімізді көрсетеді.
Қазақстанның Түркістан АКСР-ндегі өкілетті өкілі Темірбек
Жүргеновтің 1925 жылғы 12 ақпанда ҚазОАК-не жіберген есеп хатында
Түркістан республикасында тұратын қазақтардың мүддесін қорғау
жөніндегі істерінің ішінде 1924 жылы өкілдік Қазақстаннан жіберілген
жастарды Ташкенттің жоғары оқу орындарына орналастыру, қалада
оқитын қазақ студенттерінің тұрмысын жақсартуға бағытталған
әрекеттерін атап өтеді [62]. Темірбек Жүргенов сынды зиялылардың
ізгілікті қызметінің арқасында Ташкент қаласында көптеген қазақ жастары
жоғары білім алып, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның қатарын
толықтырды.
Коммунистік партия тарихшылары Кеңес дәуірін қазақ мәдениетінің
Ренессансы ретінде бағалауға бейім болды. Шығармашылық
интеллигенцияның барлық топтарының сан және сапа жағынан күрт
өскендігі дәріптелді. Қазан төңкерісінен кейін ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның жаңа топтарының пайда болғандығы ескіден келе
жатқан ақын-жыраулар сынды шығармашыл интеллигенцияның құрамы
мен қызметі де үлкен өзгерістерге ұшырады – тарихи шындық
болғанымен, тарихи деректерді саяси-идеологиялық тұрғыдан сараптап-
түсіндіру шығармашылық интеллигенцияның өткен жолын объективті
сипаттаудан аулақ болды. Алдымен, сан-алуан деректер 1917 жылды
уақыт кеңістігінде айрықша белес ретінде қаралып, Қазан төңкерісіне
дейінгі кезеңге де қарағанда, Кеңес дәуірінде қазақтың ақын-жыраулары
сан жағынан күрт өсті деген түсініктің негізсіз екендігін көрсетеді.
Коммунистік партия тарихшылары сол кездегі ғылыми зерттеулердің
төмен дәрежесін өз мүддесіне пайдаланды. Осы және басқа да қасаң
түсініктерді орнықтыруға 1) шығармашылық интеллигенция туралы
тарихи деректердің белгісіз болып келуі және жиналмауы; 2) билеуші
Коммунистік партия тарапынан төңкеріске дейінгі қазақ мәдениетін, оның
ішінде шығармашылық интеллигенция тарихынан объективті зерттелуіне
қарсы болды, тосқауыл жасады; 3) Мақсатты түрде жүргізілген қасаң
саясаттың нәтижесінде қоғамда төңкеріске дейінгі қазақ мәдениеті артта
қалған мешеу болды, яғни “ол дәуірде зерттейтін ештеңе жоқ” - деген
53
идеология үстем орын алды. Бір жағынан сұраныс болмаған соң, екінші
жағынан билеушілердің саяси қысымы қоғамтанушы ғалымдарды Кеңес
дәуірінің тарихын жазуды мәжбүр етті. Ал төңкеріске дейінгі ақын-
жыраулардың санын анықтауға, шығармашылығының мазмұнын
айқындауға қажетті деректер қозғаусыз қалғандығын пайдаланған
Компартия тарихшылары төңкеріске дейінгілерді жамандап, төңкерістен
кейінгілерді мадақтауға кірісті. Оның ішінде революцияға дейінгі ақын-
жыраулар сан жағынан аз, шығармашылықтары – негізінен байшыл-
феодалшыл, ұлтшыл, ескішіл, діншіл делініп, ресми көзқарасқа
айналдырылып, оны қайта қарап, бұзуға қатаң тыйм салынды. Сонымен
бұл мәселеде де ғылыми емес, саяси мүдде үстем болып келді.
Жаңа интеллигенцияның пайда болуына әсер еткен алғашқы
шаралар туралы айтқанда, ескі және жас интеллигенция әрдайым айырып
көрсетілмеуін атауға тиіспіз. Мысалы “Қазақ” газеті төңкерістен кейін
1918 жылға дейін шығып тұрса-дағы оны төңкеріске дейінгі баспасөзге
жатқызу орын алған. Зиялылар төңкеріс кезеңін қазақтың ұлттық санасын
оятуға қолайлы уақыт деп танып, осы бағытта белсенді әрекетке көшті.
“Екеу” деген псевдониммен жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар
Әуезов қазақ халқының санасын оятқан, алдымен оята бастаған Абай деп,
ұлы ағартушының ісін жалғастыруға тырысты. Ұлттық оянуға екінші
себепкер – “Қазақ” газеті, жұртымыздың “бетін түзеп” жолға салып,
ілгерілеуіне қамшы болған – “Қазақ” газеті. Бұл газет халықтың саяси көзі
ашылуына, “Жұрттық” деген ойдың кіруіне қандай себеп болса, әдебиеттің
гүлденіп өркендеуіне де сондай себеп болды. Егер келешекте қазақ
әдебиеті буынын бекітіп қатарға кіретін болса, “Қазақ” газетіне борышы
үлкен” [63] деп жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығы
ғылыми әдебиетте негізінен жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақтың
демократияшыл-ағартушылар қатарында зерттеліп келді. Дегенмен,
ақынның 1937 жылы жарық көрген екі томдық академиялық шығармалары
жинағын саралап қарағанда, Сұлтанмахмұт туындыларының үштен бірі
өмірінің соңғы екі-үш жылында жазылғандығы көрінеді. Бұл, әрине,
Сұлтанмахмұт Торайғыровты кеңестік ақын-жазушы болды деуге негіз
бермесе де, оның 1918-1920 жылдардағы еңбектері 1917 жылғы Қазан
төңкерісінің тигізген әсерін жаңа тұрғыдан зерттеу қажеттілігі айқын
байқалады.
Сәбит Мұқанов Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде
“Драматургия және проза төңкеріспен бірге туды” деген еді [64]. Бұл 1917
жылға дейін қазақта драматургтер мен жазушы-прозаиктер болмады
дегенмен бірдей. Көпке дейін үстем болып келген бұл көзқарас Көлбай
Төгісов, Ишанғали Меңдіханов, Міржақып Дулатовтардың ұлттық
драматургиядағы бастамашылық қызметін жоққа шығарып келді. Сол
сияқты прозада Міржақып Дулатов, Спандияр Көбеев, Тұрғанбай
Жомартбаевтардың еңбегін дұрыс бағаламау болып табылады. Олардың
54
атқарған еңбегін әдебиетке төңкерістен кейін келгендерге әкеп телу
тарихи әділетсіздік еді. Бұл – қазақ мәдениетін таптық мүдде тұрғысынан
ұлтсыздандырып-интернационалдандыруының бір көрінісі еді.
Бүкіл қазақтың мүддесін ту етіп көтерген зиялылар коммунистердің
мұндай саясатына қарсы шықты. Бұрынғы алашшыл шығармашылық
интеллигенция ұлт мәдениетінің қорғаушысы болды. Алайда қазақ
интеллигенциясы арасында ауызбірліктің болмауы салдарынан әсіре
қызылдардың шабуылына тиісті тойтарыс берілмеді. Мәдениет пен
идеология қазақтың ескі интеллигенциясы мен большевиктердің
шиеленіскен күрес майданына айналдырылды. 1917-1925 жылдар
аралығында күштердің ара салмағы бірталай өзгергенімен,
коммунистердің ықпалы біртіндеп күшейе түскенімен, басымдылық Ахмет
Байтұрсынов бастаған ескі зиялылар жағында болды.
Қазан төңкерісінен кейін Коммунистік партия қазақтың бұрынғы
ұлттық интеллигенциясын жоққа шығарып, жаңа социалистік сипаттағы
ұлттық интеллигенция құруды міндет етіп қойып, осы мақсат жолындағы
іс-әрекетке көшті.
Қазақтың ақын-жазушыларынан бірен-сараны ғана Қазан
революциясын құп көрді. Революция қарсаңында қазақ шығармашылық
интеллигенциясынан басым көпшілігі ұлттық-демократиялық көзқарасты
ұстанған еді. Олар бірден өз көзқарастарын өзгерте алмады. Сондықтан да
1917, 1918 жылдар ғана емес, 1925 жылы да “кеңестік” деп атауға толық
лайық қазақтың қаламгерлері әлі қалыптасып үлгермеген еді. Бұл кезеңде
қазақтың кеңестік шығармашылық интеллигенциясының құрылуына
қоғамдық негіз жасалды.
55
|