ДӘРІС
3. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАУЫМ ТАРИХЫН
КЕЗЕҢДЕРГЕ БӨЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Дәстүрлі қазақ қоғамында ақын-жыраулар ерекше құрметке ие
болды. Сөз өнері сеңгірлерінің қазақ еліне тигізетін әсер-ықпалы да үлкен
болатын. Көптеген жүзжылдықтар бойы сақталған рухани қатынастар
жиырмасыншы ғасырға өсіп-жетілген күйінде жетті. Ақын-жазушылар
шығармашылық интеллигенцияның жетекші бөлігіне айналды. Кезінде хан
кеңесшісі болған кемеңгер Бұқар жырау, рухани көсем болған данышпан
Абай сияқты, Қазан төңкерісі қарсаңындағы кезеңде Ахмет Байтұрсынов,
Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров,
Шәкәрім Құдайбердиевтер ұлт идеологтері биігіне көтерілген еді.
Кеңестік дәуірде тарих сахнасына шыққан әдебиетшілердің
төңкеріске дейін өмір сүрген халық ақын-жырауларынан айырмашылығы
көп болды. Біріншіден, 1917 жылға дейін ақын-жыраулардың бас
бостандығы мен шығармашылық еркіндігін патша отаршылары шектесе,
кеңестік дәуірде пролетариат диктатурасын бетке ұстаған коммунистер
қадағалады. Екіншіден, кеңестік ақын-жазушылыр атанғандардың шыққан
тегі міндетті түрде кедей жалшылар болды. Үшіншіден, ескі ақындардың
шығармашылық жолының қалыптасуына табиғилық тән болса, кеңестік
халық ақындары “қолдан жасалды”. Төртіншіден, алғашқылардың өсіп-
жетілуінің негізгі қайнар көзі қазақтың ауыз әдебиеті болса, кейінгілер
Мәскеудің жетегінде, орыс әдебиетін бетке ұстап (М.Горький, Д.Бедный,
В.Маяковский т.б.) өсті. Бесіншіден, соңғылардың сөз бостандығы
шектеліп, тақырып аясы тарылды. Алтыншыдан, шығармашылығының
мазмұны жағынан алғашқылардікі – бүкілхалықтық, ұлттық сипатта болса,
кейінгілердікі – таптық, біршама орыстанған сипатта болды. Жетіншіден,
бұрын қаламгер туындысының құндылығын бағалауда басты өлшем оның
көркемдік дәрежесі болып табылса, ендігі заманда, әдеби шығармалар ең
алдымен саяси мазмұны жағынан бағаланатын болды. Сегізіншіден,
төңкеріске дейінгі ақын-жыраулардың атақ-даңқы сөз шеберлігіне,
ақындық қасиетіне қарай және ақындар айтысында айқындалса, ендігі
уақытта ақынның тағдыры да, атақ-даңқы да коммунистік идеологтардың
қолдап-қошеметтеуіне тікелей байланысты болды. Бұрын өнер иесі халық
ақыны атағын жеңіп алатын болса, ендігі уақытта бұл атақты өкімет пен
партия берді.
Қазақ халқының санасын большевизимге қолайлы арнаға бұру ісі, ең
алдымен, оның оқыған азаматтарын өз жағына тартып, ұлттық
интеллигенцияның дүниетанымын таптық идеологиямен уландырудан
басталды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін таптық мүдде бәрінен
жоғары қойылып, барлық құндылықтардың өлшеміне айналдырылды.
Шығармашылық интеллигенцияның өзі де, оның еңбектерінің жемісі де
пролетариат пен оның жетекшісі – коммунистік партияның басшылығына
35
берілді, бақылауына алынды, қызметшісіне айналдырылды. Қазақтың
қалам қайраткерлері өз еркімен бе, әлде еркінен тыс па, әйтеуір бірі
қалмай коммунистік партияның айтқанын түгел мақұл көріп, ол нұсқаған
бағыттан тайқымауға тиіс болды.
Өзінің өмірге келген алғашқы күндерінен бастап қазақ совет
поэзиясы мен прозасының басты өзегі, негізгі арқауы – коммунистік
партияның және оның “кемеңгер” көсемдерін, Ұлы Октябрь, Кеңес
үкіметі, Кеңес халықтарының интернационалдық достығын, социалистік
құрылысты жырлаумен болды. Әдеби шығармашылықта жаңа мазмұн,
жаңа түр талабы қазақтың ақын-жазушыларын партиялық әдебиетке, саяси
лирика, әлеуметтік поэзияға ден ұруына әкеліп соқты.
Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов,
Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтар пролетариаттың саяси билігі
мен үстемдігін мойындағандай болғанымен, қазақтың “кеңестік” деп
аталатын жаңа әдебиетін жасаудан бас тартты. Олар адамзаттың тарихи
жолы мен тәжірибесіне сүйене отырып, өз халқын әлемдік өркениетке
ілесуін қалады. Лениншілердің пролетариат диктатурасы қазақ елін
әлемдік дамудың даңғыл жолынан бұрып әкететіндігін білді. Бір ғана
әлеуметтік тапқа қызмет етудің дұрыс болмайтындығын түсініп, таптық
әдебиеттің жасандылығын, ерте ме, кеш пе пролетарлық мәдениет
ғұмырының сарқылатындығын алдын ала болжап білді, әріптестерін үлкен
қателіктерден сақтандырды. Әдебиет таптық емес, ұлттық сипатта дамуы
керек деп, өз жолдарының дұрыстығына кәміл сенді.
Бүкіл кеңес дәуірінде тарихи әдебиетте қазақ интеллигенциясы
большевизмді жақтағандар және оған қарсы болғандар делініп, оларды екі
саяси лагерьге бөлу әдеті кеңінен қолданылып келді. Шын мәнінде бұл
мәселені мұқият зерттеген тарихшы өмірдің анағұрлым күрделілігін,
зиялылардың дүниетанымындағы қайшылықтардың аз еместігін, Кеңес
өкіметіне көзқарастары да әртүрлі болғандығын көреді. Шыққан тегінен
бастап, өскен ортасы, алған білімі мен тәрбиесі, шығармашылық жолы,
тағдыр-талайы сан алуан шығармашылық интеллигенция өкілдерін қандай
болмасын аясы тар шеңбер өлшемге енгізіп қарастыру түбірінен қате еді.
Олардың әрқайсысы өзіндік келбеті бар тұлға, қайталанбас қадір-
қасиеттер иесі, біріне-бірінің ұқсастығынан гөрі ерекшеліктері басым
бейнелер болды.
Большевизмнің үстемдігі қазақтың ішкі ұлттық ынтымағын бұзу
арқылы орнады. Таптық күрес идеологиясы байларға ғана қарсы емес,
елдің оқығандарына да қарсы бағытталды. Ұлттық интеллигенция тек қана
байлардың мүддесін қорғаушысы делініп, Қазан төңкерісінің алғашқы
айларынан бастап-ақ коммунистердің қырына алынды. Бұл туралы Әбіш
Кекілбаев: “Езгі көріп қалған шет аймақтың қалың бұқарасын өз
дәулеттілеріне, солардың арасынан шыққан оқығандарға, солардан
тұратын ұлттық саяси элитаға, сол арқылы олар күресіп жатқан ұлттық
36
мүдделерге қарсы айдап салды. Бұрынғы бұратана халықтың онсыз да аз
зиялылары екіге жарылып кетті. Біреулері байлардың сойылын соғатындар
саналып, ұлтшылдар атанды. Екіншілері кедейлердің сойылын соғушылар
деп табылып, интернационалистер ретінде марапатталды. Соңғылардың
ауызымен алдынғыларды оңды-солды айыптап, халық алдындағы
ықпалдан айыруға күш салынды” [38].
Қазақстанның саяси басшылығы ақын-жазушыларды есепке алып
олардың әр қадамын жіті бақылауына алуға тырысты. Шамамен 1926-1927
жылдары БК(б)П Қазақ өлкекомы Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ғаббас
Тоғжановқа Халық ағарту халық комиссариатынан жіберілген құжатта
(авторы М.Жолдыбаев немесе Сәбит Мұқанов болуға тиісті) 24 қазақ
қаламгерлерінің есімдері аталып, саяси көзқарастарымен әдеби
шығармашылығының сипатына қарай екі топқа бөлініп көрсетілген [39].
Халықшыл, ұлтшыл бағыттағы ақын-жазушылар делініп 14 қаламгер
аталады: 1. Ахмет Байтұрсынов; 2. Елдос Омаров; 3. Жүсіпбек Аймауытов;
4. Халел Досмұхамедов; 5. Мұқтар Әуезов; 6. Міржақып Дулатов; 7.
Мұхамеджан Тынышбаев; 8. Телжан Шонанов; 9. Әлихан Бөкейханов; 10.
Жұмағали Тілеулин; 11. Мағжан Жұмабаев; 12. Қошке Кемеңгеров; 13.
Ғаббас Нұрымов; 14. Ахметсапа Юсупов (Жүсіпов). Ал революциялық
бағыттағы қазақ жазушылары делініп 10 қаламгер аталған: 1. Нәзір
Төреқұлов; 2. Ғаббас Тоғжанов; 3. Молдағали Жолдыбаев; 4. Бейімбет
Майлин; 5. Смағұл Сәдуақасов; 6. Сәкен Сейфуллин; 7. Ілияс Жансүгіров;
8. Әбдірахман Байділдин; 9. Ерғали Алдонғаров; 10. Қажым Басымов.
Ақын-жазушыларды былайша жіктеу бүкіл кеңес дәуіріне тән болды.
Қаламгерлерді біріне-бірі қарсы топтарға бөлу саясаты коммунистердің
идеологиялық үстемдігін нығайту мақсатында жүргізілді.
Сәбит Мұқанов БК(б)П Қазөлкекомы баспасөз бөліміне жазған
“Қазақтың көркем әдебиетінің қазіргі халі туралы менің пікірім” деген
құжатта ақын-жазушыларды өзінше жіктеді. “Мен қазіргі жазушыларды
төрт түрге бөлем: 1. Сәкен Сейфуллин бастаған Октябрь ұлдары; 2. Бұрын
ұлтшыл болған, төңкерістен соң өзгеріп, кеңес тілегіне қосылған Бейімбет
Майлин бастаған топ; 3. Нағыз оңшыл ұлтшылдар Мағжан Жұмабайұлы,
Мұхтар Әуезұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлдары; 4.
Жолбикелер Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Иса
Байзақұлы, Сәбит Дөнентайұлдары және т.б.” [40] деп жазды.
Қазақ ақын-жазушыларының Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжандардан
үйренем дегендеріне күдікпен қараған Коммунистік партия идеологтері,
олардың М.Горький, В.Маяковский, Д.Бедныйларға еліктеуіне мейлінше
қолдау көрсетті. Орыс поэзиясынан үлгі алудың өнегесін Сәкен
Сейфуллин көрсетті. Қазақтар арасынан шыққан тұңғыш төңкерісшіл-
ақын Сәкен В.Маяковскийге еліктеп “Бұл менің революциям!” дегісі
келгенімен, оның бұл бағыттағы іс-әрекеті мен шығармаларында қазақ
болмысына жат жасандылықтар сол кездің өзінде көзге ұрып тұрды. Сәкен
37
Сейфуллин В.Маяковскийге көп еліктеп, үйренгенін қазақтың өлең
құрылысына, ырғағына, ұйқасына жаңа түр ретінде енгізді. Сәкеннің
замандас-сыншылары мен кеңестік әдебиеттанушылар мұны Сәкен
Сейфуллиннің жаңашылдығы, шығармашылық табысы, қазақ
әдебиетіндегі тамаша құбылыс деп бағалады.
Қазақстанда жүргізілген большевиктік ұлт саясаты жан-жақты
қолпашталып, орыстың тілі, әдебиеті мен өнерінің жетістіктері, өзгелерге
үлгі-өнегесі мен прогрессивті ықпалы тым әсіреленіп көрсетілді. Ақын-
жазушылардың жеке шығармаларының орыс әдебиетімен үндестігі
мадақталды, орыс тіліне аударылып жариялануы шексіз мақтауға ие
болды. Бұл жылдары тез қарқынмен ілгерілеп дами бастаған ұлтаралық
әдеби байланыстар ішінде орыс-қазақ қарым-қатынастары ғана көзге
түсіп, өзге ұлттар әдебиетімен жасалған байланыс алдыңғының көлеңкесі
іспетті күй кешті.
Қазақстанда мейлінше марапатталып, қауырт түрде жүргізіле
бастаған лениндік ұлт саясаты қазақты орыстандыруға бағытталды.
Ұлттық құндылықтар кешегі феодализм заманының сарқыншағы деп
жарияланды. Қазақстанды басқаруға Мәскеуден жіберілген саясаткерлер
қазақты ұлт ретінде кемсітті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық салт-
дәстүрлерімізді қиратуға кірісті, сөйтіп елді социалистік тұрғыда қайта
өзгерте бастады. Оларға жергілікті ұлттан шыққан санасыз мансапқорлар
көмектесті. Партиялық комитеттер ұлттық сезімнен ада жалған
белсенділерді жинап, шала-шарпы оқытып, елді ұлтсыздандыруда
өздерінің қолшоқпары етті.
Ресейде оқып-білім алу әдеті қазақтың ұлттық сана-сезіміне соққы
болып тиді. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының
еуропоцентристік дүниетанымдарын қалыптастырды. Мәскеу, Ленинград
оқу орындары дипломдарының беделі жоғары болғандықтан, қазақтың
талантты жастары Ресейде оқып, орыстанып оралатын болды. Мектепте,
жоғары оқу орындарда орысша оқып, орысша ойлайтын шығармашылық
интеллигенцияның бір бөлігі “ұлттық интеллигенция” аталғанымен,
шығармашылық қызметі, туындыларының мазмұны бейұлттық, яғни
интернационалдық сипатта болды. Өз шығармашылығында орыстың
мәдени жетістіктеріне бет бұрып, қазақи негізден арыла бастаған
интеллигенттер саны көбейе түсті. Кеңес дәуіріндегі аккультурация
саясатының, яғни “Мәдениет пен білімге кең жол ашу деген желеумен өз
мәдениетін өзіне өгейсітіп, өзге мәдениетке баурайтын” [109] (Әбіш
Кекілбаев) саясаттың жүргізілуінен қазақтардың шеккен азабы өлшеусіз
болды. Шығармашылық интеллигенцияның этномәдениеттен аластай
бастауы ұлттық болмысқа өте қауіпті еді.
Смағұл Садуақасов пікірталас үстінде үлкен парасаттылық танытты.
Ол қаламгерлерді жөн-жосықсыз жіктерге бөлуге өзінің қарсылығын
білдірді. “Жолбике”, “шөре-шөре” деген атау дұрыс емес, оның орнына
38
олардың партияда жоқ жазушылар деп қана атаған жөн, партияда жоқ екен
деп Мағжанды мінеуге, Жүсіпбек пен Мұхтарды кеудеден итеруге
болмайды “Жүсіпбек те, Мұхтар да сөзсіз ішімізде болуы керек. Бұлар
коммунист партиясы басқарып отырған жаңа жұртшылықтың дұшпаны
емес, досы. Жүсіпбек пен Мұхтарды жоқ қылу осы күнгі қазақ әдебиетінің
бір қолы мен бір аяғын кесіп тастаумен бір” [41], қаламгерлердің бәрі бір
ұйымға бірігуге тиіс деп жазды.
Қошке Кемеңгеров ескі ақын-жазушыларды қолдаса да екі жақты
байсалдылыққа шақырып, өзара түсіністікке келуді ұсынды: “әзірге қазақ
әдебиетінде екі ағым бар: біреуі – кедейшілік, екіншісі – бұқарашылдық"
[42] дей келіп, бір әдебиетті бөле жарған дұрыстыққа жатпайды,
қаламгерлердің бәрі бірігіп, бір ұйымға жиналуы керек, ортақ журнал
сияқты басылымдарын шығарса еңбектері жемісті болар еді деген сенімін
білдірді. Ол “пролетариат” сөзінің орнына қазақи “кедейшілік” деп,
“ұлтшылдың” орнына “бұқарашылық” терминін қолданды. Қошке
Кемеңгеров әдебиетке саяси құрал ретінде қарау дұрыс емес, әдебиеттің
көркемдік жағын жақсартуды ойластыруға шақырды. Өздерін пролетариат
жазушыларымыз деп атайтын жас қаламгерлер шала сауатты, емлені жөнді
білмейді, Сәбиттің өзі Плеханов, Воровский, Луначарскийдің еңбектерін
оқымаған, диалектиканың мағынасын түсінгенімен, іс жүзінде қолдана
алмайды, “Кедей әдебиеті көрнекті орын алу үшін әлі көп жылдар керек...
Біздің қазақтың жазушылары жұмаққа еңбексіз кіргісі келеді” деп жазды.
Қошке Кемеңгеровтың пікірімен сыншы Ыдырыс Мұстамбаевтың
көзқарасы үндес келді. Ыдырыс Мұстамбаев қазіргі қазақта үш әдеби ағым
бар: ұлтшылдық, бұқарашылдық және кедейшілдік деп сынады [43]. Бірақ
оның бұл жіктеуі бұрынғы қарама-қарсы екі лагерь бар, олардың
ортасында жолбикелер жүр деп әдебиетшілерді үш топқа бөлушілікке
ұқсады. Оның бұқарашыл деген қаламгерлерінде жолбикелерге тән
белгілер болды.
Сәкен Сейфуллин өзіне тән турашылдықпен қазақтың ақын-
жазушыларын екі саяси ағымға бөледі. ҚазАПП-тың басқармасының
атынан жазылған “Октябрьдің он жылдығына” атты “Жыл құсы”
альманахындағы мақаласында (1927): “Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси
айқын бет бар. Бірі – байшыл, ұлтшыл, бірі – еңбекшіл, тапшыл. Байшыл-
ұлтшыл әдебиетшілер – Ақаң, Жақаң, Мағжан, Әлихан, Әуезұлы және
басқалар. Еңбекшіл, тапшыл бетті әдебиетшілер – Рахметжан, Сәбит,
Бейімбет, Сабыр, Самат, сыншы ретінде Әбдірахман, Хамза, Ғаббас және
басқалар” [44] деп бөлді.
Сәкен Сейфуллиннің бұл пікірі алуан түрлі жіктеудің ішіндегі ресми
көзқарасқа ең жақыны еді. Қазіргі көзқараспен қарағанда мұндай
жіктеудің тек қана саяси тұғырға негізделгендіктен дұрыстығы шамалы.
Бұл жерде әр қаламгерлердің дүниетанымы мен шығармашылығындағы
өзіндік ерекшеліктері есепке алынбады. Теңгермешілікке жол берілді.
39
Оның үстіне, мұндай жіктеулерде есімдері аталмаған қаламгерлер
өздерінің саяси тұрпаты анықталып - көрсетілмегендіктен жеке, үшінші
топқа жатқызылу мүмкіндігі еске алынбаған.
1917-1941 жылдары қызмет еткен ақын-жазушыларды аға буын, орта
буын және жас буын деп жіктеуге әбден болады. Соңғы уақытқа дейін осы
уақыт кезеңінде өмір сүрген қаламгерлерден Сәкен Сейфуллин, Бейімбет
Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов – бесеуінің
есімі аталып, қазақтың кеңестік әдебиетіне әуел бастан араласқан және сол
әдебиеттің іргетасын қаласып, негізін салысқандар ғана аға буынға
жатқызылып келді. “Алыптар тобы” аталған осы бес қаламгер қазақтың
кеңестік әдебиетінің классиктері ретінде марапатталып келді.
Шын мәнінде, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ақын-
жазушылардың ақсақалдары бұлар емес еді. 1929 жылға дейін Жаяу Мұса
(1835 ж.т.), Иманжүсіп Құтпанұлы (1863 ж.т.), сияқты алыптар өмір сүрді.
Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім Құдайбердіұлы (екеуі де 1858 ж.т.) 1931
жылы көз жұмды. Олардан басқа көптеген кітаптардың авторы Жүсіпбек
Шайхисламұлы (1854-1936), аса ірі ақындар Шәді Жәңгіров (1855-1936),
Ахмет Байтұрсынов (1876-1937), Ығылман Шөреков (1876-1932),
Спандияр Көбеев (1878-1956), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939), Бекет
Өтетілеуов (1883-1949), Міржақып Дулатов (1885-1935), Жүсіпбек
Аймауытов (1889-1931), Мағжан Жұмабаев (1893-1938), Сәбит Дөнентаев
(1894-1933) аға буын қаламгерлер ретінде есімдері аталуға тиісті еді.
Есімдері аталғандарға Жамбыл Жабаев (1846-1945), Нұрпейіс Байғанин
(1860-1945), Кенен Әзірбаев (1884-1976) бастаған халық ақындары да
қосылуға тиіс.
Бұл қатарға Қошке Кемеңгеров (1896-1937) сынды шығармашылық
қызметі төңкеріске дейін басталған қаламгерлер де қосылуға тиіс еді.
Ал қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдары келген орта буын
ақын-жазушылар – Ғабит Мүсірепов, Ғаббас Тоғжанов, Асқар
Тоқмағамбетов, Елжас Бекенов, Мәжит Дәулетбаев, Ғабиден Мұстафин,
Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Шолпан Иманбаева,
Қасым Аманжолов “Алыптар тобының” ізін ала шығып, әдебиетімізді одан
әрі дамытып, көркейтуге үздік қызмет етті. Алғашқы екі топтағыларға
қарағанда, қазақ әдебиетіне кейін, яғни отызыншы жылдары қосылған
Өтебай Тұрманжанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Жақан Сыздықов,
Сапарғали Бегалин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов,
Мұқаметжан Қаратаев, Саттар Ерубаев, Әбу Сәрсенбаев, Жұмағали Саин,
Шахмет Құсайынов, Әлібек Қоңыратбаев, Дихан Әбілев, Әлжаппар
Әбішев, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Қалижан Бекхожин, Хамит
Ерғалиев, Ғабдол Сланов сияқты т.б. жас толқын келді. Жыл өткен сайын
әдебиетке жаңадан қосылғандардың есімдері көбейе түсті.
Кеңестік ғалымдар, оның ішінде “Қазақ совет әдебиеті тарихының”
академиялық басылымының авторлары, қазақтың кеңестік әдебиетінің
40
іргетасын қалаған үш түрлі шығармашылық күш болды деп жазып келді.
Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үшін қолдарына қару алып та, қалам
алып та күрескен Сәкен Сейфуллин, Сабыр Шәріпов, Баймағамбет Ізтөлин
сияқты ақын-жазушылар негізгі күш саналды. Аталған үш қаламгерге көп
іздеп тағы екі-үш есім қоса алса да тым азшылықтағы осы ақын-
жазушылар негізгі күш делініп, тым көп мадақталды. Екінші күш –
революцияға дейін реалистік әдебиет туын берік ұстаған бұқарашыл
қаламгерлер Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Сералин, Сәбит
Дөнентаев, Бейімбет Майлин және революция жылдары қолына жаңа
қалам алған Сәбит Мұқанов сынды жас жазушылар делінді. Алайда,
алғашқыларға қарағанда біршама көбейгені болмаса, бұлардың да санаулы
ғана шағын топ екендігін жасыру қиын еді. Үшінші күш – еңбекші бұқара
арасынан шығып, ел ақыны атанған талант иелері Жамбыл Жабаев,
Нұрпейіс Байғанин, Омар Шипин, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов,
Қайып Айнабеков сынды тарландар делінді. Дегенмен, халық ақындары
деп мойындалғандар да көп болмады. Мысалы, теңдессіз дарынды Мұрын
жыраудың (1859-1954) шын қадірін Кеңес өкіметі 1942 жылы Алматыға
алдырылып, “Қырымның қырық батыры” жырын жырлап берген соң
таныған болды.
Қазақ совет әдебиетінің іргесін қалаған шығармашыл үш күш деп
жіктеуде таптық идеологияға негізделген жасандылық айқын байқалады.
Кеңестік қазақ әдебиеті жоқтан бар жасалғандай дүниеге келген жоқ.
Кеңестік әдебиетті және сол әдебиетті жасаушыларды тудырған ескі
интеллигенция еді. Кеңестік әдебиетшілерді шығармашылық
интеллигенцияның өзге өкілдерімен бірге өнер мен білімге баулыған
төңкеріске дейін қалыптасқан зиялылар болатын. Жаңа интеллигенцияны
өсірудің бар салмағы өздерін 1917 жылға дейін халық ағартушылары
ретінде танытқан зиялыларға түсті. Сондықтан негізгі шығармашылық
күштердің бірі ретінде құрамында Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім
Құдайбердиев, Мағжан мен Жүсіпбек, Міржақып пен Қошке сынды
азаматтар аталуға тиіс.
1917-1941 жылдар қазақтың шығармашылық интеллигенциясының
өткен жолындағы өте күрделі, көп қырлы дәуір болды. Шығармашылық
интеллигенцияның тағдыры туған халқымен ажырамас бірлікте
болғанымен, оның әлеуметтік топ болып қалыптасу – даму жолы көпке
белгілі тарихи кезеңдерге сай жүйелеуге келе бермейді. Оның тарихи даму
динамикасы, қарқыны сандық-сапалық тұрғыдан өзгеруі жеке ғылыми
сараптауды, терең зерттеуді талап етеді. Оның тарихындағы 1917-1941
жылдардағы қысқа кезеңінің өзі – ескі мен жаңаның күресі, өшу мен туу
үрдістерінің қатар жүрген оқиғалар мен құбылыстары мол болғандықтан
сан-салалы қоғамтанушы ғылымдар өкілдерінің байыпты зерттеулерін
қажет етеді.
41
Біздің ойымызша, қазақтың ұлттық шығармашылық
интеллигенциясының соғысқа дейінгі жылдардағы тарихы, тақырыптың
өзіндік ерекшеліктеріне орай үлкен үш кезеңге бөлінеді:
1) өтпелі кезең (1917-1925 жж.);
2) ҚазАПП пен Пролеткульт кезеңі (немесе “Голощекиндік кезең”)
(1926-1932);
3) кеңестік шығармашылық интеллигенциясының алғашқы
ұрпағының жойылуы (1933-1941).
1917-1925 жылдар аралығындағы алғашқы кезең ұлттық
шығармашылық интеллигенция тарихында да төңкерістер заманы болды.
Билік басына келген зорлықшыл коммунистер Ресей империясының
отаршылдық саясатын жалғастырды. Коммунистер қазақ халқының көп
ғасырлық мәдени мұраларына теріс пікірді орнықтыруға тырысты. Ұлттық
құндылықтарға әсіреқызыл шабуыл жасалды. Қазақ өлеңінің сипатына
мүлде жат В.Маяковский, Д.Бедныйлардың ұрандатқан түрлі науқандарға
арналған жалаң үгіт-насихатына еліктеген дүниелер поэзия делінді.
Сауатты күштердің жетіспеуі себепті қазақтың ескі интеллигенциясы
кеңестік мекемелерге тартылды. Олардың көбі халық ағарту саласында
қызмет етті. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясы негізінен 4
қалаға – Семей, Орынбор, Ташкент, Мәскеуде шоғырланды. Қазақ
зиялыларының шығармалары Орынбор, Ташкент, Қазан, Мәскеуде кітап
болып көптеп шыға бастады. 1925 жылға таман қазақ әдебиетінде
күйректік (сентиментализм), санашылдық (идеализм), сарындамалық
(романтизм), нағыздық (реализм), футуризм (реализмнің антиподы) сынды
ағымдардың бәрі болды.
1920-сыншы жылдардың ортасы ұлттық шығармашылық
интеллигенциясының шежіресінде үлкен өзгерістердің бел-белесі
болғандығын оқиғаларға қатысушы тұлғалардың өздері де атап көрсетті.
1927 жылы жарық көрген “Жыл құсы” альманахының бірінші санында
жарияланған “Қазақтың көркем әдебиеті туралы” көлемді мақаласында
Сәкен Сейфуллин: “ескі оқығандар, алашордашыл әдебиетшілер көп
оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарғандар және олардың саны да көп. Міне,
сол себепті, соңғы бір-екі жылға дейін қазақ әдебиетінде ұлтшылдық,
байшылдық бет зор болып, үстем болып келді” [45] деп ескі
интеллигенцияны қазақ әдебиетіндегі үстемдігі 1925-1926 жылдарға дейін
созылғандығын атап көрсетті. Кейінгі әдебиет тарихын зерттеушілер,
әдебиеттанушы ғалымдардың (Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан
Қаратаев) да 1925 жылға жол айрық ретінде ерекше тоқталып өткендері
болды. Осы тұстағы әдебиеттің үлкен білгір маманы Тұрсынбек Кәкішев:
“1925 жыл қазақ әдебиеті үшін ең бір өтпелі де жемісті жыл болды” [46]
деп жазды.
1925 жылдың он бесінші-он тоғызыншы сәуірінде республиканың
жаңа астанасы Қызылордада болып өткен Қазақстан Кеңестерінің бесінші
42
съезі ұлттық интеллигенцияны рухтандырып, дем берген үлкен оқиға
болды. Қазақ автономиясының басшылығына Сұлтанбек Қожанов, Жалау
Мыңбаев, Смағұл Сәдуақасов сынды ұлтжанды азаматтар келді. Алайда
сол жылдың жаз айларынан бастап ескі интеллигенцияны қуғынға салуға
жол ашқан бірталай оқиғалар болып өтті. 1925 жылдың 29 мамырында
БК(б)П-ның Бас хатшысы И.Сталин БК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне
“Қазақ баспасөзі туралы” хат жолдады. Бұл хатта “Ақжолдың”
журналистері кеңестік құрылысқа қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізген
ұлтшылдар эмиграциядағы Мұстафа Шоқаймен рухани байланыстары бар
деп айыпталды. Сталиннің жолдамасы “Ақжолдың” талқандалуына, ескі
интеллигенцияның қуғынға ұшарытылуына себеп болды. Сол жылғы 18
маусымда қабылданған БК(б)П ОК-нің “Партияның көркем әдебиет
саласындағы саясаты туралы” атты қаулысынан күш алған коммунист-
жазушылар ескі интеллигенцияға ашық шабуылға көшті. Ал қыркүйекте
Қазақстанға бірінші хатшы болып келген аты шулы Ф.Голощекин қазақ
интеллигенциясының ішіне от салып, алауыздықты өршітуге кірісті.
1926-1932 жылдары шығармашылық интеллигенцияның тарихында
ерекше кезең болуының себебі – бұл жылдары ескі және жаңа
интеллигенция арасында бұрын-соңды болып көрмеген, мейлінше
шиеленіскен талас, саяси-идеологиялық күрес болды. Бұл күрес өз
нәтижесінде ұлттық шығармашылық интеллигенциясының сипатына
үлкен сапалық өзгерістер әкелді. Бұл кезеңнің басында, яғни 1925-1926
жылдары ескі интеллигенция өкілдері жетекші орын алып келсе, кезеңнің
соңында, яғни 1931-1932 жылдары, күштердің ара салмағы өзгеріп, ресми
идеологияны жақтаушылар басымдылық танытты.
Бұл кезеңде қазақтың мемлекеттік театры ашылып, ұлттық
драматургия жедел дамып, өсіп шықты. Ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның құрамы жаңа мамандармен толықты (суретшілер,
әдебиет пен өнердің түрлі жанрларын игергендер, сыншылар, прозашылар,
т.б.). Көркем әдебиетте, өнерде бірталай жетістіктерге қол жеткенімен, екі
жақты айтыс-тартыстан кейін республиканың мәдени құрылысында
коммунистердің Пролеткульт, ҚазАПП-тарының үстемдігі орнады. Қазақ
оқығандары латын әліпбиінің енгізілуіне табанды қарсылық көрсетті. Осы
тұста қазақтар ғылым мен техниканы жаңа салаларын белсенді түрде игере
бастады. Жоғарғы оқу орындары ашылып, шығармашылық интеллигенция
ендігі уақытта Қазақстанның өзінде даярлана бастады. Ахмет Байтұрсынов
бастаған шығармашылық интеллигенцияның жетекші тобы 1928 жылдан
бастап тұтқындалып, сотқа тартылды. Сұлтанбек Қожанов, Сәкен
Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Әлібек
Ермеков т.б. көптеген зиялылар өз “қателерін” мойындауға мәжбүр етілді.
Осы жылдардағы республикадағы ауыр экономикалық-әлеуметтік жағдай,
Голощекин жүргізген “Кіші Октябрь” саясаты, ауылды кеңестендіру, бай-
кулактарды тап ретінде жою науқандары, байларды тәркілеу,
43
ұжымдастыруға қарсы шыққан халық көтерілістері, елдің жаппай
ашаршылыққа ұшыратылуы ұлттық шығармашылық интеллигенцияға
соққы болып тиді, оның тез өсіп-жетілуіне мүмкіндік бермеді.
Соңғы, үшінші кезең (1933-1941) ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның сан және сапа жағынан үлкен өзгерістерге ұшыраған
жылдары болды. Бұл кезеңнің бастапқы жылдарында республика
басшылығының өзгеруіне байланысты байқалған оң өзгерістер баянды
болмады. Қазақтың жоғарғы білімді азаматтарының саны қаулап өсіп,
шығармашылық интеллигенцияның орнығуына қажетті алғышарттар
жасала бастады. Алғашқы қазақ кино артистері, опера әншілері, маман
бишілері, сәулетшілері, доцент профессорлары, ғылым кандидаттары мен
докторлары пайда болды. Шығармашылық жұмыспен қазақ әйелдері
белсене айналыса бастады. Жамбыл бастаған халық ақындарының бір
бөлігі өкімет назарына ілікті. Шығармашылық одақтар құрыла бастады.
Халықтың сауаты ашылып, білім дәрежесінің біртіндеп өсуімен бірге оның
орыстануы да қатар жүрді. Мәскеудің Қазақстанда саяси, идеологиялық
үстемдігінің толық орнауына қазақтың шығармашылық интеллигенциясы
да қызмет етті. Шығармашылық жұмыста таптық көзқарас, әдебиеттің
партиялылығы, социалистік реализм талабы орнығып, әдебиет, өнер,
ғылымға идеология құралы деп қарау орын алды. 1937-1938 жылдары
ұлттық шығармашылық интеллигенцияның байырғы, жетекші, ең
талантты, үздік өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандары болды. Түптеп
келгенде осы тұста қазақтың кеңестік шығармашылық
интеллигенциясының алғашқы ұрпағы жойылды. Репрессиядан аман
қалғандардың бір бөлігі Ұлы Отан соғысында қаза тапты.
44
|