З. О. Дүкенбаева ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағЫ Ұлт зиялылары


ДӘРІС 5. ЕСКІ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫ



Pdf көрінісі
бет5/16
Дата11.01.2017
өлшемі1,08 Mb.
#1692
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

ДӘРІС 5. ЕСКІ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Қазан   революциясының   (1917)   нәтижесінде   билік   басына   келген 
большевиктер   коммунистік   тұрғыдағы   жаңа   интеллигенцияны   бірден 
тәрбиелеп,   өсіре   алмайтындығына,   бұған   бірталай   уақыт   керектігіне 
көздері жеткен соң, амалсыздан ескі интеллигенцияны кеңестік қызметке 
тартуға мәжбүр болды.
Бірден   айта   кету   керек,   “ескі   интеллигенция”   терминін 
пайдаланғанда   біз   ғасыр   басында,   Қазан   төңкерісіне   дейін   білім   алған, 
шығармашылық қызметі революцияға дейін басталған қазақ оқығандарын 
айтамыз.   Жиырмасыншы   жылдары   бұл   ұғым   коммунистер   тарапынан 
саяси   астар   беріліп   айтылды.   Ал   біз   зерттеуімізде   жиырмасыншы-
отызыншы жылдары қолданыста болған өзге де терминдермен қатар оны 
шартты   әрі   қысқа   сөз   тіркесі,   "бұрынғы   интеллигенция”,   “Алаш 
зиялылары” ұғымдарының баламасы ретінде қолдандық.
Туған   халқына   қандай   жағдайда   болмасын   қызмет   етуді 
адамгершілік   парызы   санаған   қазақ   зиялылары   кеңестік   заманда   да   ел-
жұртына   пайдалы   істермен   айналысуды   дұрыс   деп   санады.   Өздерін 
шығармашыл   интеллигенция   өкілдері   болып   қалыптасқандығын 
төңкеріске дейінгі жылдары танытқан қалам қайраткерлері, өнер иелері, 
халық-ағарту   қызметкерлері   кеңестік   жұмыстарға   жегілді,   кейбірі 
коммунистік партияға мүше болып та кірді.
Ескі   интеллигенцияның   тәжірибелі   өкілдері   қазақ   мәдениетінің 
барлық   саласында   қызмет   етті.   Шығармашылық   интеллигенцияның   жас 
ұрпағын тәрбиелеуге көп күш салды. Олардың көпшілігі ұлтшыл атанып, 
саяси   қуғынға   ұшыратылды.   Қазақстан   республикасынан   сырт   кетуге 
мәжбүр   етілген   ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның   үлкен   бөлігі 
Ташкент   қаласында   шоғырлана   бастады.   Дегенмен,   Ахмет 
Байтұрсыновтың шақыруымен зиялылардың басым көпшілігі халық ағарту 
саласында қызмет етті.
1917 жылдың Қазан төңкерісі қарсаңында қазақ зиялыларының үлкен 
шоғыры Семей қаласында жиналды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, 
Сұлтанмахмұт   Торайғыров,   Көлбай   Төгісов,   Халел   Ғаббасов,   Райымжан 
Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Мәннан Тұрғанбаев, Нұрғали Құлжанов т.б. 
зиялылар Семейді ірі мәдени орталыққа айналдырды. 1916 жылдың қараша 
айынан бастап 1917 жылдың мамырына дейін Семейде Көлбай Төгісовтың 
“Алаш” газеті шығып тұрды. 1917 жылдың маусымында Санкт-Петербург 
университетінің   заң   факультетін   бітірген   Райымжан   Мәрсеков   (1879   - 
ө.ж.б.) пен Мәскеу университетінің физика-математика факультетінің түлегі 
(1915)   Халел   Ғаббасовтың   (1988-1931)   редакторлығымен   Шығыс 
Алашорданың   ресми   үні   болған   “Сарыарқа”   газеті   шықты.   1918   жылы 
Семейде   Жүсіпбек   Аймауытовтың   редакторлық   етуімен   “Абай”   әдеби 
журналы   жарық   көрді.   1919-1928   жылдары   Семей   қаласында   Сәбит 
56

Дөнентаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ілияс Молдажанов, Сәду Машақов т.б. 
қаламгерлер редактор болған “Қазақ тілі” газеті шығып тұрды. Бұл газет 
көптеген   қазақ   журналистері   мен   әдебиетшілерін   тәрбиелеп   шығарды. 
Осының бәрі Семейді қазақ баспасөзінің астанасы етті.
Ұлттық   шығармашылық  интеллигенция   қазақ   мектептеріне   ауадай 
қажет болған оқулықтарға деген сұранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс 
тіліндегі оқулықтарды қазақ ұғымына лайықтап “Арифметиканы” – “Есеп-
қисап”, “Геометрияны” – “Кескіндеме” деп аударумен айналысқан Елдос 
Омаров (1892-1938) кейін төл оқулықтар жазуға кірісті. Ғалым-лингвист 
ретінде   ол   ана   тілінің   тазалығы   үшін   аянбай   күресті.   Бұл   іске   Ахмет 
Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, 
Мағжан   Жұмабаев,   Т.Шонанов,   М.Жолдыбаев,   Мұхтар   Әуезов,   Сәкен 
Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты.
Алаш   қозғалысының   ірі   қайраткері,   Ташкенттегі   Қазақтың   халық 
ағарту   институтының   оқытушысы   Мырзағазы   Есболов   (1896-1936) 
“Талап”  қоғамын құрушылардың  бірі,  “Түркістанда келімсектер орнаған 
аудандардағы   жер   мәселесі”  (Ташкент,   1923)   атты   өте   құнды   зерттеу 
кітабының   авторы   болды.   Аталған   кітапты   жазуда   ол   өзін   білікті 
экономист   әрі   тарихшы   ретінде   танытты.   Осы   кітапты   жазу   үстінде   ол 
патша   өкіметінің   ресми   құжаттарын,   статистикалық   материалдарын, 
Гаврилов, Кауфман, Васильевтердің зерттеулерін пайдаланып, қорытты. 
Бастапқы кезеңде Қазақстандағы ғылым істеріне басшылық жасап, 
үйлестірумен   Халық   ағарту   халық   комиссариаты   және   оның   Ғылыми-
әдістемелік  кеңесі,   Академиялық   орталық,   КСРО   ҒА-ның   Қазақ   базасы, 
кейіннен   филиалы   (КазФАН)   тікелей   айналысты.   Академиялық 
орталықтың   1922-1923   жылдары   атқарған   жұмысы   туралы   есепті 
жазбасында   баспадан   шығарылған   және   шығаруға   дайындалып   жатқан 
әдебиеттердің   ішінде   Ахмет   Байтұрсыновтың   “Тіл   құралы”,   “Мәдениет 
тарихы”,   М.Дулатовтың   “Қазақ   тарихы”,   Мағжан   Жұмабаевтың 
“Педагогика”,   Жүсіпбек   Аймауытовтың   “Дидактика”,   Т.Шонановтың 
“Әдебиет   хрестоматиясы”,   “Саяси   экономия”,   “Қазақстандағы   жер 
мәселесі   тарихының   очерктері”,   Е.Омаровтың   “Физика”,   Қаныш 
Сәтбаевтың   “Алгебра”,   Б.Айбасовтың   “Табиғаттану”,   Н.Құлжанованың 
“Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі”, Ж.Тілеулиннің “Мектеп гигиенасы” 
[65]  кітаптары мен оқулықтары аталады. Көріп отырғанымыздай, кейбір 
кітаптар   (немесе   кітапқа   айналмаған   қолжазбалар)   біздің   заманымызға 
жетпеді (мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың “Мәдениет тарихы”, Міржақып 
Дулатовтың “Қазақ тарихы” т.б.). 1923 жылы 29 қарашада Халық ағарту 
халкоматы   еуропалықтарға   арналған   қазақ   тілінің   курстарына   әліппе 
ретінде   Ахмет   Байтұрсыновтың   “Оқу   құралын”,   грамматика   оқулығы 
ретінде   “Тіл   құралы”   кітабын   және   Т.Шонановтың   “Қазақ   әдебиетінің 
хрестоматиясын” ұсынған [66].
57

Қазақстан   Республикасының   Орталық   мемлекеттік   мұрағатында 
Халық   ағарту   халкоматы   жанындағы   Академиялық   Орталықтың   “Қазақ 
тарихы”   және   “Түркілер   тарихы”   атты   орта   мектепке   арналған 
оқулықтарды   жазуға   Міржақып   Дулатовпен,   қазақ   әдебиетінің 
хрестоматиясын құрастыруды мойнына алған Т.Шонановпен, қазақ тілінде 
“Физика”   оқулығын   жазуға   Елдос   Омаровпен   екі   жақты   жасалған 
келісімдердің мәтіндері сақталған [67]. Міржақып Дулатовпен 1923 жылы 
12 ақпанда жасалған келісімнен автор құқынан мемлекеттік мүдде басым 
тұрғандығы айқын аңғарылады. Міржақып Дулатов автор ретінде өзінің 
қолжазбасын   алдымен   Ғылыми-әдеби   кеңестің   талқылауынан   өткізіп, 
Академиялық   Орталықтың   алқасының   саралауына   салады.   Аталған   екі 
орындарда   айтылған   сын   пікірлерді   автор   басшылыққа   алып,   олардың 
бәрін   міндетті   түрде   орындауға   тиісті   болды.   Тарихи   және   саяси 
терминдер Академиялық Орталық бекіткен күйінде ғана қолданылды.
Қазақтың   ірі   ғалымдарының   ғылымға   келген   жолдарын   арнайы 
зерттесе, жас ұрпаққа тағлым боларлық өте қызықты кітаптар болып шығар 
еді.   Қаныш   Сәтбаев   Принстон   университетінің   (АҚШ)   анкетасындағы 
сұрақтарға жауап бере отырып: “Білім жолына жүйелі түрде түскенім үшін 
туысым,   ескі   зиялы   Әбікей   Зейінұлы   Сәтбаевқа   қарыздармын”  [68]  деп 
жазған еді. Әбікей Сәтбаевты кім болған дегенде бұл кісіні ғалымдардың, 
әдебиетшілердің,   ұлттық   интеллигенцияның   ұлағатты   ұстазы   деп   атауға 
болады. 1920 жылдан бастап Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, 
мұғалімдер   семинариясының   оқытушысы,   Семей   педтехникумының 
директоры,   Омбы   рабфагының,   Бішкек   (Қырғызстан)   пединститутының 
оқытушысы болған, сталиндік зұлматта қаза тапқан зиялы адам. 1937 жылы 
Қаныштың   туған   ағалары   Ғазиз   Сәтбаев   (1894-1937)   пен   Кәрім   Сәтбаев 
(1897-1937) та қуғын-сүргінде қаза тапты. Академик Ш.Шокиннің дерегіне 
қарағанда, Қаныш Ғазиз ағасының ақыл-зердесін өзінікінен жоғары санаған 
[69]. Жазушы Медеу Сәрсекеев Қаныштың әкесі Имантай би туралы:  “өз 
заманының   озық   ойлы,   алды-артына   толғана   қарайтын   зерек   те   зиялы 
адамы болған” [70] деп жазған еді. 
Қазан   университетінің   түлегі,   аса   дарынды   дәрігер   Мәжит 
Шомбалов   өзінің   жерлесі   Қазан   университетін   бітірген   дәрігер   Махмұт 
Шолтыровпен   (1884-1965)   бірге   ол   төңкеріске   дейін-ақ   Бөкей 
губерниясында   чума   сияқты   мыңдаған   адамдардың   өмірін   қиып   кететін 
індетке   қарсы   шаралар   ұйымдастырып,   аурудың   алдын   алуға   белсене 
әрекет   жүргізді.   1923-1929   жылдары   Мәжит   Шомбалов   Қазақ   АКСР 
Денсаулық сақтау халкомының орынбасары қызметін атқарып, талай ізгі 
істердің басы-қасында болды. 1924 жылы 24 сәуірде болып өткен РК(б)П 
Киробкомы   алқасының   хаттамасына   қарағанда,   ол   республикадағы 
медицинаны   ғылыми   жолға   қоюға   әрекеттеніп,   басшы   органдардан   бұл 
жұмысқа айрықша назар аударуды табанды түрде талап еткен қайсар әрі 
білгір қайраткер болған. Ол Киробкомнан ел ішіне көшпелі медициналық 
58

отрядтар   жасақталып   жіберілуіне   қолдау   көрсетілуін   сұрап,   бұл 
отрядтардың   міндеті,   бір   жағынан   бұқараға   медициналық   көмек   беру 
болса,   екінші   жағынан   республика   халқының   денсаулығы   жайында   аса 
құнды деректер жинау болып табылатындығын атап көрсетті [71].
Лирик-ақын   Бернияз   Күлеев   қазақ   әдебиеті   тарихында   Қазан 
төңкерісі   тудырған   ақын   ретінде   жазылып   келді.   1990   жылдарға   дейін 
Бернияздың   мұрасы   туралы   жазғандар   оның   өлеңдерінен   таптық   негіз 
іздеп,   байларды   сынаған   тұстарын   дабырайтып,   Б.Күлеевтің   өзін   де, 
шығармашылығын да “большевиктендіруге” тырысып бақты. Бұл мәселе 
туралы   алғаш   рет   ғылыми   анықтама   берген   басқа   емес,   ақын   Мағжан 
Жұмабаев болды. “Бернияз төңкеріс заманында туған ақын, - деп жазды 
Мағжан Жұмабаев, - бірақ төңкеріспен дүниеге шыққан шағы бір келгені 
болмаса,   төңкеріс   туғызған   ақын   емес   еді”  [72].   Ол   Берниязды 
“әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуға тиісті” деп есептеді. Мағжанның 
пікірінше, Бернияздың екпіні “тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-
ақ оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді”. 
Мағжан   Берниязды   “Жас   ұлан”,   “асау   жан”   деп   атаса,   Сәбит 
Мұқанов   Бернияз   –   “саяси   адам”,   оның   қазасына   махаббат   емес,   саяси 
себептер   болған,   ол   “пролетариаттың   темір   тегеурініне   шыдай   алмады” 
дейді. Сәбит Мұқановқа Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтің рухани 
туыстығы ұнамайды, ол Мағжанға  деген теріс көзқарасын Берниязға  да 
қаратып:   “Шынында   Бернияз   бай   табының   ақыны...”,   “Бернияз   ... 
Мағжанның   копиясы”,   “Мағжанның   әйелжандылығы   ...   Берниязда   да 
болды”  [73]  деп   жазды.   Бұл   жолдар   Бернияз   Күлеевтің   замандастары 
арасында   оның   шығармашылығына   қайшылықты   көзқарастардың   орын 
алғандығын   айғақтайды.   Бернияз   Күлеевтің   ақындық   тұлғасы   мен   мол 
мұрасы   жөніндегі   идеологиялық   сарында,   таптық   тұрғыдан   жазғандарға 
қарағанда   (Сәбит   Мұқанов   т.б.)   Мағжан   Жұмабаевтың   тұжырымдары 
шындыққа жақын, сондықтан да оның ғылыми мәні құндырақ көрінеді.
Төңкеріске дейін 3-4 өлеңдер жинағы мен 2 оқулық шығарып, өзін 
кітаби ақын, ағартушы ретінде көрсеткен Кенжеғали Ғабдуллин Кеңестер 
дәуірінде   республика   жұртшылығына   танымал   журналистке   айналды. 
Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтында (КИНО-да) сабақ бере 
жүріп ол “Еңбекші қазақ” газетінің  редакция алқасының мүшесі болды. 
Көсемсөзші   ретінде   белсенді   әрекет   етті.   Ел-жұртының   санасын   оятуға 
бағытталған   көп   мақала   жазды.   Кенжеғали   Ғабдуллиннің   өз   өмірбаяны 
туралы   дерек   сирек   кездеседі.   Жазушы   Ғалым   Ахмедов   Кенжеғали 
Ғабдуллинді саяси репрессия құрбаны деп атап, бірталай мәлімет келтірді 
[74]. 1928 жылы К.енжеғали Ғабдуллин Ақтөбе округтік “Кедей” газетінде, 
кейінірек   “Оңтүстік   Қазақстан”   (Шымкент)   газетінде   еңбек   етті.   Сол 
сияқты   1917   жылы   “Алаш”   газетінің   жаңа   редакторы   Түзел   Жанабаев, 
1918   жылы   “Қазақ”   газетінің   соңғы   сандарын   шығарған   Жанұзақ 
59

Жәнібеков, 1919 жылы “Сарыарқа” газетінің редакторы болған Шынжы 
Керейбаев туралы білетініміз шамалы.
Кеңес   дәуірінде   ана   тілімізде   тұңғыш   шыққан   журнал   “Қызыл 
Қазақстан”   (Орынбор,   1922   ж.   қазан)   –   “Қазақ   баспасөзі 
майталмандарының   ғажайып   мектебі”   (М.Қ.Қозыбаев)   болды.   Академик 
М.Қ.Қозыбаев “Қызыл Қазақстан” журналы кейін “Ауыл коммунисі” мен 
“Қазақстан   коммунисіне”   айналғанына   дейін   тарихи   принципті   жоғары 
ұстаған,   аты   “қызыл”   болғанымен   әсіре   қызыл   тапшылдыққа   ілеспеген 
басылым   болғандығын   ерекше   атап   көрсетті  [75].   Бұл   журналдың 
бастауында   А.Асылбеков,   Сәкен   Сейфуллин,   Мұхтар   Әуезов,   Еркеғали 
Алдоңғаров,   Смағұл   Сәдуақасов,   Бейімбет   Майлин,   Сәбит   Мұқанов, 
Әбдірахман   Байділдин,   Нәзипа   Құлжанова,   Ғаббас   Тоғжанов   сынды 
шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері тұрды.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзінің тарихында “Ақжол” 
газеті   аса   көрнекті   рөл   атқарды.   Бұл   –   осы   басылым   төңірегіне   Алаш 
қозғалысының жетекші қайраткерлерінің шоғырлануының заңды нәтижесі 
еді.   Қазақ   мәдениетінің   жұлдыздары   болып   танылған   зиялылары   және 
олардың   ізбасарлары   –   болашақта   үздік   шығармашылығымен   әлі 
танылатын   жас   дарындар   (Жүсіпбек   Аймауытов,   Ілияс   Жансүгіров, 
Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров т.б.) газеттің бағыт-бағдарын түзулеп, 
ұлтжандылық   сипат   беріп,   халыққа   етене   жақын   етті.   “Ақжолдың” 
редакторлары   мен   белсенді   авторлары   Ахмет   Байтұрсынов   (1873-1938), 
Халел   Досмұхамедов   (1883-1939),   Міржақып   Дулатов   (1885-1935), 
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931), Нәзір Төреқұлов (1892-1937), Бақытжан 
Сүлеев   (1892-1937),   Мағжан   Жұмабаев   (1893-1938),   Шамғали   Сарыбаев 
(1893-1958), Есім Байғаскин (1893-1937), Иса Тоқтыбаев (1894-1967), Ілияс 
Жансүгіров   (1894-1938),   Сұлтанбек   Қожанов   (1894-1938),   Телжан 
Шонанов (1894-1938), Әлжан Байғұрин (1896-1938), Ғазымбет Бірімжанов 
(1896-1938),   Қажым   Басымов   (1896-1938),   Мұхтар   Әуезов   (1897-1961), 
Абдолла   Байтасов   (1901   –   ө.ж.б.),   С.   Оспанов   (т.ө.ж.б.),   Сәдуақас 
Баймаханов   (1938   ж.   қаза   тапты),   Жүсіпбек   Арыстанов   (1904-1993), 
Мұстафа   Қайыпназаров   (1904-1938),   Әуелбек   Қоңыратбаев   (1905-1986) 
және т.б. зиялылар газетті Қазақстанның оңтүстігіндегі елдің “көзі, құлағы 
һәм тілі” (Ахмет Байтұрсынов) етуге көп күш салды.
“Ақжолдың” ұлттық мазмұн – сипаттағы бұқаралық басылым болуы 
коммунистік   басшылықтың   ызасын   тудырды.   Оның   үстіне   домалақ 
арыздар   Мәскеуге   жетіп,   БК(б)П   Орталық   Комитетінің   Бас   хатшысы 
И.В.Сталиннің   өзі   “Ақжолдың”   жұмысына   араласып,   партияда   жоқ 
интеллигенттерді   тез   арада   газет   редакциясынан   шығаруды   талап   етті. 
Бұрынғы   редакция   мүшелері   газет   жұмысынан   аласталды.   “Ақжол” 
БК(б)П   Сырдария   губкомының   үніне   айналдырылды.   1926   жылы   21 
сәуірде   БК(б)П   Қазақ   өлкекомының   секретариаты   “Ақжол”   газетін 
“Еңбекші қазақ” газетіне қосу туралы шешім қабылдап, бұл шешімді іске 
60

асыру   үшін   Қазақөлкекомының   баспасөз   бөлімінің   меңгерушісі 
Ә.Байділдинді Шымкентке жолсапарға жіберді [76]. 
Ескі   оқығандар   қазақтың   публицистикасын   (көсемсөзін)   кеңестік 
дәуірде орнығып, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мұхаметжан Сералин, 
Сұлтанмахмұт   Торайғыров,   Ахмет   Байтұрсынов,   Әлихан   Бөкейханов, 
Міржақып Дулатов, Көлбай Төгісов, Сәбит Дөнентаев, А. Құлжанова сынды 
баспасөз   майталмандары   көсемсөз   жанрында   төңкеріске   дейінгі   кезеңде 
өнімді   еңбек   етіп,   осы   жанрдың   негізін   қалаған   еді.   Жаңа   заманда 
көсемсөздің қоғамдық мәні күрт өзгеріп, ұлттық құндылықтарға жайсыз тиді.
Шын қадірін кейінгі кезде ғана түсіне бастаған қаламгеріміз – Қошке 
Кемеңгеров   (1896-1937).   Жаңа   дәуірде   ғана   жарық   көрген   оның 
шығармашылық мұрасы Қошкеннің зиялы болғандығына, шығармашылық 
интеллигенцияның жетекші өкілдерінң бірі екендігіне көзімізді жеткізеді. 
Ол – Қазан төңкерісіне дейін қалыптасқан дүниетанымын, ой тәуелсіздігін 
коммунистік   идеология   постулаттарына   айырбастамай   дүниеден   өткен 
қаламгер.
“Ел   оқуға   ынталы”   атты   публицистік   мақаласында   Қошке 
Кемеңгеров   мектеп   салған   Медеу   деген   адам   туралы:   “Артық   дәулеті 
болмаса да, талабы зор. Қазақтан Медеудей азамат көп шықса игі еді!” [77] 
деп жазды. Қошке Кемеңгеров қазақ балаларын жазда оқыту ыңғайлы, ал 
қыста   мұғалімдердің   білімін   толықтыру   керек   деп   санады.   “Жол   әсері” 
очеркінде   қазақ   оқығандары   ауыл   бұқарасын   тазалыққа   үйретсе, 
ұғындырып, үлгі көрсетсе “дүниеде қазақтан (дені) сау халық болмас еді” 
дейді.   Жағдайын   оңалту   үшін   біреулерге   көзсіз   еліктеу   емес,   ұлттық 
ерекшеліктеріміздің   мейлінше   ескерілуі   шарт:   “Қашанда   ұлылы-кішілі 
жұмысты жат елдің үлгісімен қойып қарамай, қазақтың бойына шақтап, 
өміріне   үйлестіру   керек”;   “Күй   тартатын   кәрі   шалдар.   Бұлардың   көзі 
жоғалса,   ескі  күйден   айырыламыз.   Ескілікті   тезінен   жинақтап   алу   үшін 
губерниялық оқу бөлімі қам қылса жарар еді”; “Балық басынан шіриді” 
деген   дұрыс.   Елдің   оңалуы   басшыларға   байланысты,   олар   түзелмей   ел 
түзелмейді. “Ру таласын кеңсе қызметкерлері қолданса, ру, сайлау таласы 
қанына   сіңген   қазақ   мүлде,   әуейіленіп   кетеді”  [78]  деген   сынды   оқшау 
ойлар көп айтылады.
Қаралып отырған уақытта оқу орындарында, мекемелерде қолжазба 
журнал мен қабырға газеттерін шығару дәстүрі кең өріс алды. Бұл газет-
журналдың   тапшы   кезінде   жастарды   қаламгерлік   шығармашылыққа 
баулудың бір жолы еді. “Ғалия” медресесі оқушыларының “Садақ” атты 
қолжазба   журналының   (редакторлары   –   Бейімбет   Майлин,   Жиенғали 
Тілепбергенов)   алғашқы   саны   1915   жылдың   қараша   айында   шықты,   ал 
соңғы   саны   1918   жылдың   ақпанында   жарық   көрген   еді.   1917-1918 
жылдары   Омбыдағы   “Бірлік”   ұйымы   “Балапан”   атты   әдеби   қолжазба 
журналын шығарды. Журналдың редакторы Қошке Кемеңгеров басылым 
бетіне әдебиетке құмар студенттермен оқушы жастарды кеңінен тартты. 
61

Біздің   ойымызша,   “Балапан”   журналында   Мағжан   Жұмабаев,   Сәкен 
Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеровтердің бізге жетпеген 
шығармалары болуға тиісті. 1924 жылы Алматыдағы Қазақ-қырғыз халық 
ағарту институтының (директоры – Ілияс Жансүгіров) шәкірттері “Қызыл 
суаат”   (“суаат”   –   қырғыз   сөзі   болса   керек)   атты   қолжазба   журналын 
шығарып   тұрды.   1928   жылы   Алматы   рабфагының   оқушылары   “Екпін” 
атты қолжазба журналын шығарды.
Жиырмасыншы-отызыншы жылдары қызмет еткен шығармашылық 
интеллигенция   қатарында   1916   жылғы   ұлт-азаттық   қозғалыстың 
батырлары   болғандығын   айрықша   атап   өтуге   тиіспіз.   Бұл   орайда   ең 
алдымен Аманкелді Имановтың сарбаздары  болған, әрі ақын, әрі батыр 
Күдері Жолдыбайұлы (1861-1931), Омар Шипин (1879-1963), Сәт Есенбаев 
(1895-1963)   есімдерін   атауға   тиістіміз.   Есімі   елеусіздеу   қалған   Күдері 
Жолдыбайұлының   жарық   көрмеген   шығармалары   ҚР   ҰҒА-ның   Мұхтар 
Әуезов   атындағы   әдебиет   және   өнер   институтының   сирек   кездесетін 
қолжазбалар   қорында   (№349   папка)   сақтаулы   тұр.   Күдері 
Жолдыбайұлының   туындыларының   Кеңес   дәуірінде   жарық   көрмеуінің 
себебі – шынайы халық ақынының шығармаларында таптық идеологияның 
нышанының да болмауы. Оның орнына ол бүкіл қазақтың ұлттық бірлігі 
мен   ынтымағын   жырлайды   (“Аманкелдінің   Торғайды   алғаны”,   “Әліби 
Жанкелдіұлына” атты толғаулары). Омар Шипин көптеген шығармалары 
кітап   болып   шығып,   өз   заманының   ең   атақты   халық   ақындарының   бірі 
болып   көтерілсе,   Сәт   Есенбаевтың   (Бейсенбай   Кенжебаев   “Есембетов” 
дейді. Қараңыз: Кенжебаев Б. Жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет. 
А.:   Білім,   1993.   206,   210б.;   Ә.Қоңыратбаев   “Қазақ   әдебиетінің   тарихы” 
оқулығында   (А.:   Санат,   1994.   301   б.)   “Еспенбетов”   дейді) 
шығармашылығы   жөнінде   жеке   зерттеулерде   ғана   айтылып,   қалың 
жұртшылыққа   белгісіз   болып   келді.   Күдері   Жолдыбайұлы,   Сәт 
Есенбаевтың   үлгілері   халыққа   жақын   ақындардың   Коммунистік   партия 
басшылығы тарапынан бәрінің бірдей қолдауына ие бола алмағандығын 
айқын көрсетеді.
Қызылдардың қолынан қаза тапқан (1860-1930) теңдессіз дарын иесі 
Үкілі Ыбырай Сандыбаев салылық құрып, туған жұртына өлеңі мен әнін 
бірдей жайған, алғашында “Гәкку” әнімен әнші атағы шыққан өнерпаз еді. 
Ол әннің мәтінін де, әуенін де өз жанынан шығарып айтудың майталман 
шебері   болды.   40-қа   жуық   тамаша   әндерін   мұра   етіп   қалдырған   халық 
композиторы   Үкілі   Ыбырайдың   шығармашылығы   А.Затаевич,   Сәбит 
Мұқанов,   Сәкен   Сейфуллин,   Ахмет  Жұбанов,   Есмағамбет   Ысмайылов, 
Борис  Ерзакович, Шахмат Хұсайыновтардан бастап, бүгінгі өнертанушы 
замандастарымызға   дейін   зерттеліп   келгенімен   әлі   де   анық-қанығына 
жетпеген мәселелер баршылық көркем сөз бен саздың асқан шебері Үкілі 
Ыбырай жас өнершілердің үлкен тобына ұстаз болды. Оның туған жиені 
әрі   шәкірті   Тайжан   Қалмағамбетов   (1878-1938)   те   сал-серілер   дәстүрін 
62

берік ұстаған ақын әрі әнші-сазгер болды. Тайжан Қалмағамбетовтың ерен 
өнерін   мойындаған   Қазақстан   өкіметі   1934   жылдың   маусымында   оған 
Жамбыл   Жабаев   пен   Шығыс   Қазақстан   облысының   өкілі,   әнші-
композиторы Балабек Ержановпен бірге дербес зейнетақы белгіледі [79].
Естай   Беркімбайұлын  (1868-1946)  үлкен   ақын   ретінде   әдебиет 
қайраткері деп те, зор әнші-композитор ретінде музыка өнерінің аса ірі 
өкілі деп те санауға болады. Естай “Қорланнан” басқа ештеңе шығармаған 
жағдайда да осы жалғыз өлең оның қазақ мәдениеті тарихында мәңгілік 
сақтаған   болар   еді.   Біздіңше,   Естайдың   есімін   аңызға   айналдырған 
“Қорлан”  әнінің орны бір бөлек те, оның қалған шығармалары бір төбе 
болып табылады. Бүкіл ән әлемінде  “Қорландай”  сұлу әрі әсерлі туынды 
сирек   кездеседі.   30-шы   жылдардың   өзінде  “Қорлан”  әні   алғашқы   қазақ 
операларында   (“Біржан-Сара”,  “Ер   Тарғын”)   пайдаланылды.   Ақындар 
Қасым   Аманжолов  1939 жылы  “Қорлығайын”  атты  драмалық  поэмасын 
жазса,   кейінірек   Мұзафар   Әлімбаев   осы   ғажайып   тақырыпқа   арналған 
“Естай-Қорлан” атты поэма жазып шығарды.
1921   жылы   1   ақпанда   серілердің   соңғы   өкілдерінің   бірі   Мәди 
Бапиұлы Қарқаралыда қызыл милиционердің қолынан қаза тапты. Өліміне 
қызылдар себеп болғандықтан ол туралы жазылмай келді. Мәди өмір бойы 
өз қандастарының да, отаршылдардың да қуғынына көп ұшырап, сот пен 
абақты   қиянатын   мол   тартқан   шығармашыл   интеллигенцияның   өкілі. 
Бостандық   үшін   алысу,   ел   мүддесін   қорғау  –  Мәди   ғұмырының   басты 
мазмұны болды. Ақын Сапарғали Ләмбекұлы Мәдидің жастайынан өзінің 
жездесі   Абайдың   шығармаларын   жаттап   өскендігін,   ұлы   ойшылдың 
өсиеттерін орындауға, әділет жолын ұстауға ұмтылып өткендігін жазды 
[80].   Бұл   туралы   Әлжаппар   Әбішев  “Найзағай”,  “Атыңнан   айналайын” 
романдарында, Әшімбек Бектасов  “Мәди”  атты деректі кітабында (1973) 
бірталай жазды. Түрмеде жазылғанымен ерекше күш-қуатты  “Қаракесек” 
әні   туралы   Ахмет   Жұбанов:  “қазақ   әндерінің   шедеврлерінің   бірі   болып 
тарихта қалады. Дұрысында Мәдидің атын қалдыратын да осы ән” [81] деп 
жазды.   Мәдидің  “Қаракесегі”  алғаш   рет   1937   ж.   15   қаңтарда   сахнада 
қойылған
 “Ер   Тарғын” 
операсындағы   Тарғынның   (Құрманбек 
Жандарбеков)   ариясы   болып   орындалады.   Ал  “Шіркін-ай”  әні  “Қыз 
Жібектегі” Бекежан (Құрманбек Жандарбеков) ариясы ретінде одан бұрын, 
1934   жылдың   қарашасынан   бастап   Қазақтың   мемлекеттік   музыкалық 
театрында   айтылып   келді.   Мәдидің  “Қарқаралы”,  “Мәди”,  “Үшқара” 
сынды   әндері    халқымыздың   күні   бүгінге   дейін   сүйіп   тыңдайтын 
музыкалық шығармалары болып табылады. 
Кеңес заманының алғашқы жылдарында төңкеріске дейін білім алып 
үлгерген   бірталай   қазақ   әйелдері   қоғамдық   және   шығармашылық 
қызметімен   танылды.   Нәзипа   Құлжанованың   (1888-1934)   есімі   қазақ 
әйелдерінен   шыққан   алғашқы   қалам   қайраткері,   көсемсөзші   ретінде 
құрметтелуге тиіс. Ол жаңа қалыптағы шығармашылық интеллигенцияның 
63

тұңғыш әйел өкілі болды. “Қазақ” газетінің белсенді авторы Нәзипаның 
тұлғасы   қазаққа   төңкерістен   көп   бұрын   жақсы   танымал   болды.   Біздің 
аңғарғанымыз,   дәл   Нәзипадай   замандастарының   ілтипат-құрметіне   ие 
болған   өзге   әйел-қайраткерді   табу   қиын.   Сондықтан   да   Нәзипа 
Құлжанованың есімі қазақтың “Әйелдер қозғалысы” деп жазылып келген 
тарихи құбылыстың бастаушысы ретінде бірінші болып аталуы керек.
Нәзипа   Құлжанованың   шығармашылық   туындылары   оның   ерекше 
дарын   иесі,   көркем   сөз   зергері,   қазақ   әйелінің   жағдайын   жетік   білетін 
зерделі публицист болғандығын айқын көрсетеді. Орынбор гимназиясын 
ғана бітірген (1904) ол өзінің табанды ізденімпаздығымен саясат, тұрмыс, 
халық   педагогикасы,   тіпті   медицина   ғылымымен   шектесетін   денсаулық 
қорғау   салаларын   бір   адамдай   меңгергенін   оның   көпшілікке   арналған 
ағартушылық   сипаттағы   мақалалары   айғақ   бола   алады.   Әр   түрлі 
тақырыпта   жазылған   туындылары   жүйеленіп-жиналатын   болса,   Нәзипа 
Құлжанованың   ғылыми-танымдық   маңызы   зор   бірнеше   томдық 
шығармалар   жинағы   болып   шығар   еді.   Нәзипа   Құлжанова   коммунистік 
партияға   мүше   болып   кірмесе   де   өзінің   білім-қабілетінің   арқасында 
РК(б)П   Қазақ   обкомының   органы   “Қызыл   Қазақстан”   журналының 
жауапты   хатшысы   болды   (1922-1925)  [82].   Зерттеушілер   Темірбек 
Қожакеев,   Ләйлә   Ахметова   Абай   шығармашылығынан   нәр   алып   өскен 
Нәзипаның ұлы ақын өсиеттерін мұрат тұтып, Абайды байшыл, феодалдық 
заман ақыны деп қаралау жүргізілген кезде де, Абай мұрасына адалдығын 
сақтап, өмір бойы насихаттап өткенін жазды [83].
Темірбек   Қожекеевтің   “Сара   сөздің   сардарлары”   атты   жинағында 
шығармашылығы зерттелген 12 қаламгер-журналистердің ішінде жалғыз 
әйел Нәзипа Құлжанованың баспасөз саласындағы еңбегі жазылған. Автор 
Нәзипа   Құлжанованың   Ж.   Иманбаева,   Мәриям   Хәкімжанова,   Ахмет 
Елшібеков,   Сапарғали   Бегалин,   Дәриға   Ермековаларға   жасаған   қолдау-
көмегін ашып көрсеткен. Нәзипа Құлжанованың қазақ әйелдері арасынан 
шыққан   тау-кен   ісі   саласындағы   тұңғыш   ғылым   докторы,   Қазақ   КСР-і 
Ғылым   академиясының   корреспондент-мүшесі   Жамал   Қаңлыбаеваның 
(1923-1974) әкесі Мұсағалиді оқытқандығы жөнінде деректер бар. Нәзипа 
Құлжанованы   “Әйел   теңдігінің   ең   алғашқы   жаршысы”   деп   атай   келіп, 
академик Манаш Қозыбаев оның мұрасын өз зерттеушісін күтуде екендігін 
жазды [84]. 
Ескі оқығандардың  арасында жоғарғы оқу орнын бітірген тұңғыш 
қазақ   қызы,   қазақ   әйелдері   арасынан   шыққан   алғашқы   дәрігер   Гүлсім 
Аспандиярованың   (Санжар   Аспандияровтың   анасы)   есімі   аталуға   тиіс. 
Гүлсім   Аспандиярова   (1880-1941)   1908   жылы   Санкт-Петербург   әйелдер 
медицина   институтын   бітіріп,   өмір   бойы   дәрігер   мамандарын   оқытып, 
ұстаздық етті.
Алғашқы   дәрігер   әйелдердің   бірі   Аққағаз   Досжанова   (1893-1932) 
Ташкенттегі   Орта   Азия   мемлекеттік   университетінің   (САГУ)   медицина 
64

факультетін   үздік   бітіріп   (1921),   халқына   адал   қызмет   етудің   үлгісін 
көрсетті.   ТүркАКСР   Халком   Кеңесі   университетті   бітірген   алғашқы 
Шығыс   қызы   ретінде   Аққағаз   Досжанова   атындағы   стипендия 
тағайындады. Аққағаз Досжанова елінің жанашыр қайраткер қызы ретінде 
ерте   танылды.   Аққағаз   Досжанова   туралы   алғашқы   дерек   “Айқап” 
журналында   (1913)   кездеседі  [85].   Онда   Орынбор   гимназиясын   бітірген 
жас   талапкер   Аққағаз   Досжанқызының   Мәскеуге   жоғарғы   оқу   орнына 
түсуге   шыққандығы   хабарланады.   1917   жылғы   сәуірде   болып   өткен 
Торғай   облыстық   қазақ   съезі   Аққағаз   Досжанованы   Бүкілресейлік 
мұсылмандар съезіне (Мәскеу, 1-11 мамыр) делегат етіп сайлады [86]. 1917 
жылы қазақ әйелінің облыстық өкілетті өкілі болуы өте сирек кездесетін 
құбылыс   еді.   Сондықтан   Аққағаз   Досжанованың   қазақ   әйелдерінен 
шыққан  тұңғыш   қоғам   қайраткерлерінің   бірі   болғандықтан   атап   өтуіміз 
керек. 1918 жылы Аққағаз Досжанова өте ауыр күйге түскен Жетісу қазақ, 
қырғыздарына көмек жинауды ұйымдастырып, жинаған қаржысын жылу 
комитетінің төрағасы Мұхаметжан Тынышбаевқа табыс етті [87].
Башқұрт халқының азаттық күресінің жетекшісі Ахмет Заки Уәлиди 
Аққағаз   Досжанованы   жазушы   деп   атап,   “шығыс   түркілері   арасынан 
шыққан   тамаша   әйелдер   қатарында   болды”,   1917   жылдың   мамырында 
Мәскеуде белгілі 12 адам кірген Орталық Мұсылман Шуросына (Кеңесіне) 
қазақтардың   өкілі   болып   Жаһанша   Досмұхамедұлы,   Уәлитхан   Танашев 
және Аққағаз Досжанованың сайланғанын атап көрсетті  [88]. Айта кету 
керек, осы А.З.Уәлидидің кітабында есімі аталмай, жай ғана “қазақтың, 
білімді оқыған ақын қызы”  делінген өнерлі, қайсар қыз туралы сүйсіне 
жазылады. Автор бұл қыздың өте қызықты, шытырман оқиғаларға толы 
барлаушылық қызметі туралы роман жазуға болар еді дейді. Барлаушы қыз 
Әліби   Жангелдиннің   сеніміне   кіріп,   Мәскеудегі   жағдай   жөнінде   құнды 
ақпарат   жинайды,   екінші   жағынан   Бөкей   ордасы,   Теке   (Орал),   Үйшік 
(Гурьев,   Атырау),   Хиуа   мен   Бұхарадағы   жағдайды   қадағалап,   біліп 
отырған  [89]. Кейбір жанама деректер кездескенімен, нақты деректердің 
болмағандығынан бұл тұлғаның кім екендігін біз де әзірше айқындап атай 
алмадық. 
1915   жылы   Сәбит   Дөнентаевтің   “Уақ-түйек”   кітабын   Уфада   өз 
қаржысына бастырған Сәния Қасымқызы нағыз меценаттық рөл атқарды. 
Бұл   туралы   “Айқап”   та,   “Қазақ”   газеті   де   жазды  [90].   “Уақ-түйек” 
шығысымен Сәбит Дөнентаев бүкіл қазаққа белгілі ақынға айналды. Ақын 
Сәду Машақовтың естелігі бойынша, Сәния Сәбит Дөнентаевтің Керекудегі 
Қасым   қожаның   медресесіне   оқуға   түсуіне  себепкер   де   болған   кісі  [91]. 
Сәнияның   азаматтық   ісі   жөнінде   1931   жылы   Сәбит   Мұқанов   та   жазып 
қалдырды  [92].   Қазақтың   баспа   кітабының   тарихын   зерттеген   Әбіш 
Жиреншин:   “Керекулік   Сәния   Қасымқожақызы   Ертісбаева   –   қазақтан 
тұңғыш   баспа   ісімен   шұғылданған   қыз”  [93]  деп   жазған   еді.   Омбыдағы 
“Бірліктің”   белсендісі,   “Жас   азамат”   ұйымының   Кіндік   (Орталық) 
65

Комитетінің мүшесі (1918 ж. мамыр) болып сайланған Гүлшаһра (Гулия) 
Досымбекқызы да (Ахметсапа Жүсіповтың әйелі) құрметтеуге лайық тұлға. 
Ақын   Дихан   Әбілев   қазақтың   абзал   қызы   Мәлике   (Сұлтанмахмұт 
Торайғыровтың күтушісі) туралы: “күндіз мектепте бала оқытып, кешке 
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  өлеңдерін кітап  етіп шығартуға әзірлеп”, 
ақынның “арманы жолында қызмет етіп жүрген” асыл жары болғандығы 
туралы   естелік   қалдырды  [94].   Кейін   осы   Мәлике   жайында   Н.Тәукин 
көпшілік   қауым   біле   бермейтін   өмір   дерегін   жариялағанда  [95],   белгілі 
сыншы   Зейнолла   Серікқалиев   оны   Сұлтанмахмұт   Торайғыров   сынды 
“Үлкен  тағдырдың   көмескі  жақтарына  сәуле  түсіретін  естелік”  [96]  деп 
бағалады. 
Ұлттық журналистика тарихында есімі ардақталуға лайықты тұлға – 
Мәриям   Тоғысова.   Ол   –   газет   редакторы   болған   тұңғыш   қазақ   әйелі. 
“Алаш”   газетінің   (1916-1917)   өз   қаражатына   шығарушы   әрі   редакторы 
Мәриям   Тоғысова   туралы   үзік-үзік   деректер   кездескенімен,   оның 
өмірбаяны   мен   шығармашылық   қызметі   жөнінде   тиянақты   зерттеу 
жүргізілген   жоқ.   Оның   қандай   оқу   орындарында   оқығаны   да   белгісіз. 
Алайда, Мәриям Төгісованың өзінің ері Көлбай Төгісовпен бірге білгені 
мен   тоқығаны   көп   ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның   алдыңғы 
қатарынан орын алатындығы анық. “Қазақ” газетімен тайсалмай бәсекеге 
түскен жаңа басылым жұрт көңілінен шыққандығы белгілі. Бұған Мәриям 
Төгісованың   ұйымдастырушылық   қызметімен   қатар,   қарымды 
қаламгерлігін танытатын қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеретін 
мақалалары   да   себепші   болды.   Ол   “Алаш”   газетінде   қазақ   әйелдерінің 
көкейкесті мүдделірін білдіретін шығармалардың көптеп басылуына түрткі 
жасады. Осыған орай айтатынымыз: әр жерде сақталған “Алаш” газетінің 
тігінділері   мен   жеке   сандарын   (мәселен,   осы   жолдардың   авторы   1993 
жылы   “Алаштың”   бірнеше   сандарының   көшірмелерін   қазіргі   Қазақстан 
Республикасы Президенті мұрағатының 811-қорынан кездестірген едік – 
З.Д.)   ғылыми-жүйелі   сарапқа   салу   –   қазақтың   шығармашылық 
интеллигенция тарихын тың дүниелермен толықтыратыны анық. Сонымен 
қатар,   бұл   зерттеулердің   нәтижесінде   Мәриям   Төгісованың   ұлттық 
баспасөз   тарихындағы   алғашқы   әйел-редактор   ретіндегі   біздің 
пайымдауымыздың расталатынына үміт бар.
Қазақ   әйелдерін   өз   үлгісімен   өнер-білім   биігіне   шақырған   үлкен 
тұлға – Алма Оразбаева (1898-қайтыс болған жылы анықталмаған). Алма 
Оразбаева   Кеңестер   дәуірінде   қоғамдық   өмірге,   және   шығармашылық 
қызметке араласқан қазақтың қайраткер қыздарының шоғыры қатарында 
бірінші   болып   жазылады.   Оның   ардақты   есімі   әйелдер   қозғалысы 
шежіресінде   жиырмасыншы-отызыншы   жылдары   өмір   сүрген   әйелдер 
ұрпағының   жалынды   жетекшісі   ретінде   мәңгі   қалды.   Алма   Оразбаева 
Шығыс әйелдерінен шыққан тұңғыш коммунист ғана емес, сонымен бірге 
66

әйелдер   арасынан   суырылып   шыққан   алғашқы   мемлекет   қайраткері   де 
болып еді.
Алма   Оразбаеваны   өз   биігіне   алып   шыққан   табиғи   ақылы   мен 
қайсарлығы.   Ол   қазақ   қызының   тар   қапас   заманда   азаттыққа   оқу-білім 
арқылы   жететіндігінің   өнегесі   болды.   Алма   Оразбаеваның   білім   алу 
жолында   қандай   қиыншылықтарды   жеңуіне   тура   келгендігін   тарихшы 
Хасиба Сейітқазиева мұрағаттық деректер негізінде жазған еді [97]. Алма 
Оразбаева бостандыққа ұмтылған, өнер-білімге құштар қазақ қыздарының 
алдынан  кездесетін  көптеген  бөгет-кедергілерден   аман  өтіп,  1916  жылы 
Ордадағы үш жылдық оқытушылар курсын бітіріп, бастауыш мектебінің 
мұғалімі мамандығына ие болды. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі 
алғашқы онжылдықтарда да мұғалімдік дәрежеге жеткен қазақ қыздары 
санаулы   ғана   еді.   1919   жылы   Алма   Оразбаева   Мәскеудегі   Я.Свердлов 
атындағы   Коммунистік   университеттің   жанындағы   үгітшілер   курсын, 
1925-1926   жылдары   БК(б)П   ОК   жанындағы   марксизм-ленинизм   курсын 
оқып бітірді. 
Кеңестер   дәуірінде   оның   есімі   қазақтың   алғашқы   революционер 
қызы ретінде асыра дәріптелді. Сөйткен Кеңес өкіметі Алма Оразбаеваның 
өмірінің  соңғы  жылдарының  елеусіз  әрі қасіретті  өтуіне жайбарақаттық 
танытып,   қашан   қайтыс   болып,   зиратының   қай   түпкірде   қалғандығын 
ешкім білмейтін күйге жеткізді. Өз қайраткерлерін өзі “жейтін” әділетсіз 
тоталитарлық жүйе тұсында бұл трагедия туралы ешкім жұмған аузын аша 
алмады. 
Алма Оразбаева РК(б)П Қазобкомының әйелдер бөлімінің құрылған 
кезінен   (1921)   бастап,   1925   жылға   дейін   басқарды.   Ол   осы   бөлімнің 
жергілікті   ұйымдарынан   –   бастапқыда   губкомдардың   жұмысшы   және 
шаруа   әйелдермен   жұмыс   істеу   бөлімдері   (работниц   и   крестьянок, 
женотдел)   деп   аталған   құрылымдарды   ұйымдастыруда   көп   еңбектенді. 
Мұндай арнаулы бөлім 1923 жылы 13 желтоқсанда Қазақ АКСР-і Орталық 
атқару Комитеті  жанынан  да құрылды. Ол “Қырғыз  (қазақ) әйелдерінің 
тұрмысын   жақсарту   жөніндегі   комиссия”   деп   аталды   (төрағасы   – 
Сейітқали Меңдешев). Бұл комиссияға Денсаулық қорғау, Халық ағарту 
халық   комиссариаттары   сынды   республикалық   9   мекемелердің   басшы 
өкілдері кіргізілді [98]. 
Алма Оразбаеваның 1925 жылы 21 сәуірде РК(б)П Қазақ обкомының 
әйелдер   бөлімінің  жұмысы   туралы   жазған   қатынас   қағазға   қазақтың 
оқыған   қыздары   туралы   бірталай   қызықты   түсінік   береді.   Республика 
басшылығының  қазақ  әйелдері  арасындағы нақты жұмысы 1925 жылдан 
жүргізіле бастады,  оған дейін, 1922-1925 жылдары бұл жұмыс негізінен 
әйел  өкілдерінің  өз   бастамасымен,  үлкен   қиыншылықтармен,   баяу 
жүргізілді. 1925 жылдың  сәуірінде республикадағы  әйелдер арасындағы 
жұмыс   бөлімдерінде   (женотделдерде)   қазақтың   жиырма   жеті  қыз-
келіншектері жұмыс істеді. Осы тұста өлкелік әйелдер курсында елу жеті 
67

қазақ   қыздары   қоғамдық   қызметке   даярланды.   Ал   түрлі  дәрежедегі 
мектептерде, курстар, рабфак, медтехникумда 700-ге жуық қазақ қыздары 
оқыды [99].
Қазақ аруларының ортасынан шыққан алғашқы профессионал артисі 
– әнші Майра  Уәлиқызы (1896-1929) болғандығын  айтуға тиіспіз. Әйел 
заты   рұқсатсыз   ер   адамдардың   үстіне   кірмейтін   тұста,   ауылдан   аттап 
баспайтын кезде ол құстай ұшып, қалалар мен ауылдарды еркін аралады, 
тамаша   өнерін   көрсетуімен   қатар   қазақ   әйелінің   азаттығын   өнеге   етті, 
белсене   насихаттады.   Халық   әндерімен   бірге   өзі   шығарған   өлеңдерін 
айтып   ел   сүйіспеншілігіне   бөленді.   Сонымен   бірге   қазақ   әйелінің   емін-
еркін   жүріп-тұруына   әлі   тосын   қарайтын   ауыл   қазағының 
кінәлаушылығына да ұрынғандығын айтуға тиіспіз.
Майра   Уәлиқызымен   кездесіп,   оның   әндерін   жазып   алған 
А.В.Затаевич   Майранікіндей   шабытты,   батылдық   пен   екпіндікті   бұрын 
кездестірмегендігін   айрықша   атап   көрсетті  [100].   Музыка   өнері   мен 
музыкатану   саласындағы   әзірше   жалғыз   академигіміз   Ахмет   Жұбанов 
өзінің   теңдессіз   мұрасы   –   “Замана   бұлбұлдарында”   шығармашылығы 
баяндалған   24   әнші,   сазгерлердің   ішінде   әйелдер   қауымынан   Майра 
Уәлиқызын  ғана  келтіреді.   Ахмет  Жұбанов   Майраның  әншілік  өнерінің 
шыңы “Майра” – қазақ әйелінің “еркіндік әні.., әншінің өз қолымен қалап 
кеткен ескерткіші болуға тұрады”  [101]  деп жазды. Майра Уәлиқызының 
қайтыс   болған   жылы   ҚСЭ-да   (7-т.,   388   б.)   1926   жыл   деп   көрсетілген. 
Біздіңше  Майра   Уәлиқызын  жақсы  білген   Ахмет  Жұбанов   пен  жазушы 
Сапарғали Бегалиннің [102] 1929 жыл деп көрсеткені шындыққа жарасады. 
Шығармашылық   интеллигенцияның   қазақ   әйелдерінен   шыққан 
алғашқы өкілдерінің ең көрнектілерінің бірі – ақын Шолпан Иманбайқызы 
(1904-1926).   “Арманым   жалғандағы   өнер,   ғылым”   деп   мәдениет   биігіне 
талпынған, небәрі 22 жас ғұмыр кешкен Шолпан Отан тарихында ақындық 
ізін қалдырып үлгерді. 15 жасында тоқалдыққа берілген Шолпан тағдыр 
тауқіметін ерте тартып, поэзиялық шығармашылықпен үш-төрт жыл ғана 
айналысып, өзінің ерен талантымен елді тамсандырып, жарқ етіп жанып-
сөнген   таңғы   шолпан   жұлдызындай   әсер   қалдырды.   Феномен   десе 
дегендей   еді.   Қазақтың   ақын   қыздары   бұрын   да   көп   болғанымен, 
жиырмасыншы   жылдары   Шолпан   Иманбайқызының   поэзиясы   жеке-
дараланып   шықты.   Сарыарқа   қыздарын   өнер-білімге   баулуда   Шолпан 
Иманбайқызы   шығармашылығының   атқарған   қызметі   өте   үлкен   болды. 
Оның өз басының үлгісі, жүректен шыққан жалынды сөздері ауылдың қыз-
келіншектеріне   большевиктердің   жалаң   үгіт-насихатынан   әлде-қайда 
күшті ықпал етті.
Аяулы ақын қыз туралы жаңа деректер іздей жүріп, бұрын белгісіз 
болып келген мұрағаттық құжатқа тап болдық. Шолпан Иманбайқызының 
1924-1925   жылдары   Орынбордағы   Нағима   Арықова   басқарған   Өлкелік 
әйелдер курсында оқығаны белгілі. Осы курс оқушыларының әр пәннен 
68

жазған   жазба   жұмыстарының   ішінен   Шолпан   Иманбайқызының   өз 
қолымен жазған (араб қарпімен) “Жаратылыс пен табиғат туралы” деген 
жұмысы кездесті [103]. Қағаз беті ақынның өте сезімтал жаны, балаға тән 
тазалығы,   ой   алғырлығы,   нағыз   шығармашылық   адамның   қабілеттерін 
аңғартады.   1931   жылы   Мұстафа   Шоқайдың   Шолпан   Иманбайқызының 
есімін   Ахмет   Байтұрсыновпен   қатар   атап,   бұл   екеуін   “ұлттық” 
әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары” [104] деп атағаны жуырда ғана белгілі 
болды.   Айта   кету   керек,   жоғарыда   аталған   курста   оқыған   қыздардың 
тағдыры арнайы зерттеуді қажет етеді.
69


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет