Хордалылар типі –Chordata
Жалпы сипаттама. Хордалылар типіне жануарлар дүниесінің
эволюциялық қатарының ең жоғарғы сатысында тұрған организмдер
жатады. Тип өкілдерінің сыртқы көрінісі мен құрылысы, тіршілік ету
тәсілдері барлығында бірдей емес. Өйткені, бұл типке өзімізге таныс
ланцетниктер, балықтар, бақалар, кесіртке мен жыландар және әртүрлі
құстар мен аңдар жатады. Тіпті, адам да осы типтің өкілі. Тип өкілдері
ішінде сырт көрінісі құртқа ұқсаған түрлер де бар. Бірақ, тип өкілдері
осындай әр алуан өзгешеліктеріне қарамастан, олардың құрылысында
бұларды бір-бірімен жақындастыратын, бәріне ортақ бірнеше белгілері бар.
Бәрінің де денесінің ұзына бойына созылып жатқан ішкі тірек қаңқа
хордасы болады. Хордасы иілімді серпімді созылып жатқан тұтас зат.
Төменгі сатыдағы хордалыларда хорда өмір бойы сақталады, ал жоғары
сатыда дамыған хордалыларда дамудың барысында хорда омыртқа
жотасына айналады. Хорда эмбрионалдық даму кезінде мезодерма
қабатынан дамиды.
Хорданың үстіңгі бөліміне жүйке жүйесінің орталығы жүйке түтігі
орналасқан. Бұл түтіктің ішкі қуысын – невроцель деп атайды. Жүйке
түтігінің құрылысы барлық хордалылар үшін тән сипат. Дамудың
барысында барлық хордалыларда жүйке түтігінің алдыңғы бөлігі өсіп,
үлкейіп бас миына, ал қалған бөлігі жұлынға айналады. Орталық жүйке
жүйесінен барлық мүшелерге жүйке талшықтар тарайды.
Ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлігі, сыртқы ортамен екі қатар
саңылаулар арқылы қатысады, оларды – желбезек саңылаулары деп атайды.
Желбезек саңылаулары суда тіршілік ететін төменгі сатыдағы хордалыларда
да (личинка хордалылар – асцидия; бас сүйексіздер – ланцетник, бас
сүйектілердің ішінде – дөңгелек ауыздылар, балықтар, ұрықтық даму
кезінде қосмекенділерде) өмір бойы сақталады, басқа хордалыларда
ұрықтың даму кезінде болады да, содан кейін жойылып кетеді.
Жоғарыда айтылған үш негізгі ерекшелігімен бірге тағы да басқа
хордалыларды сипаттайтын ерекшеліктері бар. Ол хордалылардың
денесінде екінші реттегі қуыстың (целом) пайда болуы. Хордалылар екінші
ауызды жануарлар. Бірінші ауыздың орнына аналь тесігі пайда болады.
Суда және құрлықта тіршілік ететін бұл жануарлардың 50 000 жақын
түрлері белгілі. Кейбіреулері ұшуға бейім, көпшілігі еркін қозғалады.
Хордалыларға бас сүйексіздер, личинка хордалылар, дөңгелек ауыздылар
(миногалар мен личинкалары) балықтар, қосмекенділер, бауырымен
жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады.
Достарыңызбен бөлісу: