Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет13/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

СҰРМЕРГЕН ТАРТҚАН ЖЕБЕДЕЙ
(Қадыр Мырза-Әлидің «Ақырзаманы» туралы)
Поэзия – көркемдік көрігінде шыңдалған, сыңғыры сұлу, 
сыры тылсым сөз өнері. Ол – өмір құбылыстарын танып-
білудегі қуатты құрал, ой мен сезімнің тамырын тереңге салған 
бағаналы бәйтерек. Поэзия – көңілдің толқыны, жүректің 
лүпілі. Ол тек өлең, жыр емес, әсемдік, сұлулық деген де ма-
ғынаны білдіруі тегін емес.
Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекет тік 
сыйлығының иегері Қадыр Мырза-Әлидің «Қазығұрт» бас-
пасынан оқырманға жол тарта бастаған 12 томдық еңбегінің 
9-кітабы «Ақырзаман» деп аталыпты. Қасиетті қазақ жы-
рының қадірлі парақтарына айналған Қадыр ақын музасы 
қайталанбас қалпымен айшығы мен өрнегін, машығы мен 
мәнерін қалың ел, қара орманның таразы талғамына салғалы 
қашан! Сонау «Ақ отау», «Ой орманы», «Бұлбұл бағынан» бас-
тап, әр өлең, әр жинақ сайын оқырманына олжа салып келе 
жатқан ойшыл ақынның поэзия парасаты, өлең өресі жолын-
да төккен маңдай теріне, ұлан-ғайыр еңбегіне ұлтының ұлы 
мен қызы қырық жылдың бедерінде куә болып келеді. Сонау 
Сарыарқаның сағым ойнаған даласында жүріп: 
Бабамыздың шоқ басқан табанымен, 
Бірдей екен жақсысы жаманымен: 
Бір жаманы – тынымсыз көше берген, 
Бір жақсысы – қимаған даланы кең... – 
деп таңдайы тақылдаған қарадомалақтың бірі өзіміз едік. 
Меніңше, Қадыр – өлең-жырдың азабын арқалаудай-ақ ар-
қалап, өлең-жырдың бақытын көрудей-ақ көрген ақын. Енді 
ойласам, сонау бір жылдары қазақтың байтақ даласы Қадыр 

208
жырымен тыныстап, Қадыр болып жырлап тұрғандай екен-ау. 
«Ақырзаман» жинағына ақынның соңғы он жыл бедерін-
де жазылған дастандары топтастырылыпты. Қоғамдық фор-
ма 
цияның ауысуы кезіндегі келеңсіздіктер, дағдарыстар, 
әлеу 
меттік қайшылықтар, жан дүниедегі өзгерістер, ғасыр 
айры 
ғындағы ғадауаттар – бәрі-бәрі философиялық пайым 
мен ақындық шырқау шабыттың қосындысы болып кестелі 
жыр тілінде өрнектелген. «Еңіреп туған ер едім» деп Махам-
бет айтпақшы, елімнің бүгінгі мұңы мен зарын Қадыр ақын 
айтпағанда, кім айтады?! 
Осы жинақта «Ел сәлемі» деп аталатын, Елбасына хат 
іспетті өлең бар. 
Тіршілік-тірлік өкінішпенен өтпесін!
Төзімді деген туыстың шығып кетті есі.
Сізге айтпағанда, айтады Ел кімге арызын?
Сізге айтпағанда, айтады кімге өкпесін?! – 
деп тұйғынша түйіліп, абызша толғанған ақын салиқалы ой, 
салмақты сырдың жібек жіптерін сәтімен суыртпақтайды. 
Сабырының сабасын сарқымай-ақ, қазақи болмыспен жұр-
тының көңіл пернесін тап басып, өлеңін елші етеді. Осы жер-
де Жүсіпбек Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» 
пікіріндегі: «...Күшті ақын – әлеуметінің тіл қамшысы, сайла-
маса да табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын, за-
рын айтқызатын елшісі. Өз әлеуетін, өз табын ілгері сүйреуге, 
көтермелеуге, демеуге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де 
тимекші», – деген орамды ойлары еріксіз ойға оралады.
Содан да өрісі байтақ, ажары айқын, құлашы қарымды 
ақын әлеміне бойлай еніп, тылсымы мен тереңіне үңіліп, 
пікір айтуға мақала көлемі аздық етер еді. Ақын өзі өмір сүріп 
отырған алағай да бұлағай күндердің соқтықпалы, соқпақты, 
тар жол, тайғақ кешулі кезеңдерінің жақпарлы да қыртыс-
ты құпияларының сырына үңіледі. Оның лирикалық менін 
қазақтың қаласы мен даласындағы қандастары қалтқысыз 
қабылдайды. Қадыр әлемі – сонысымен де әсем, Қадыр жы-

209
рының көші сонысымен де көрікті, көлікті. «Өткелдер» даста-
нында зардың запыранын төгіп, ақын тұтас бір дәуір картина-
сын көз алдыңа әкеледі. Заманның шер-толғауы секілді бұл 
еңбек:
Кетті жанып бір кезде жанғандары, 
Сталиндік құжаттар – жалған бәрі! 
Елу жылдың ар жағы еңіс-еңіс, 
Үзік-үзік немесе қалғандары... –
деп басталады екен де, өзі ес білген жарты ғасырдың жүрек 
лүпілін тамыршыдай тап басып, кардиограммасын шабыттың 
шалқарында тербеп, шағаладай шарқ ұрған сезім әуенін 
аспандатып, асқақтатып, қайсарлықтан жырлар легі түзіледі 
екен. Оларды оқи отырып, шындық шыңырауынан зәмзәм 
сіміргендей әсер аласың. Кешегі қан кешкен зұлмат соғыстың 
ащы зардаптары, көздің кермек жасы, жалған ұран жетегіндегі 
жылдар, ақыретке оранған Арал, сырқат Семей, алапес Абы-
ралы... бәрі-бәрі көз алдыңда қапысыз қалпында елес береді. 
Ақиқаттың ақ кебінін киген елес.
 
Перзенттерін жанына жинап дала,
Шыбын жанын біз үшін қинапты ана.
Өте шықты зымырап жетпіс бес жыл –
Қоғам үшін жетпіс бес минут қана! – 
дейді Қадыр аға. «Қоғам үшін жетпіс бес минут қана...» Сол 
уақыттың қияметі мен қиянаты, тауқыметі мен қасіреті қазақ 
ұлты үшін жетпіс бес ғасырға татыр-ау!
«Ақырзаман» жинағына енген шығармалардың бәрі сю-
жетсіз поэмаларға жатады. Әдебиет теориясына жүгінсек, сю-
жетті, сюжетсіз дегеніміздің өзі ауызша ғана тұжырым, олай 
айтуға ғылыми тиянақ, негіз жоқ. Айырмашылығына келсек
сюжетті деген поэмада ақынның айтар идеясы, ойы нақты пер-
сонаждар арқылы беріледі де, ал сюжетсіз деген поэмаларға сол 
оқиға, сол идея ақынның өз сезімі мен лирикалық геройдың 
14-267

210
ой-сезімі арқылы беріледі. Олай болса, Қадыр Мырза-Әлидің 
бұл кітабы публицистикалық поэмалардан құралған. Бұл 
жанрдың бір ерекшелігі, табиғатына тән сипаты, ақын қоғам 
өмірімен аттас бір дәуірді сөз етеді.
Орыс ақындары В. Маяковский көптеген шығармаларын-
да, А. Твардовский «Бір қиырдан бір қиыр», В. Луговский 
«Ғасыр ортасы» поэмаларында сюжетсіз поэмаларымен-ақ 
тұтас бір дәуір бейнесін көз алдыңа әкелетіні рас. Лирико-
публицистикалық поэмалардың алғашқы нұсқалары өткен 
ғасыр басында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір», 
«Кедей» поэмалары арқылы қазақ әдебиетінде алғаш көрініс 
бергенін әдебиет зерттеушілері айтып жүр.
«Ақырзаман» жинағында Қадыр ақын осы үрдісті оралым-
ды образ, тың екпінмен жаңаша жалғайды. Осы кітаптағы 
«Махаббат» дастаны да шоқтығы бөлек дүние. Адамзат баласы-
на тән асыл сезімді аяламаған, оны жыр етпеген ақын ілгерілі-
кейінде жоқ шығар. Қадыр аға мұнда да тың өріс тапқан.
 
...Болмақ емес ешқашан соңы кештің,
Мұң теңізі – Махаббат,
Соны кештім...
Неге сүйдім?
Білмеймін!
Не үшін сүйдім?!
Айта алмаймын... 
Неліктен өліп-өштім?
Иә, махаббат – жұмбақ та ұлы сезім. Ол тылсым қалпымен 
қасиетті, қадірлі. Оның қадіріне жеткендер ғана бақыттың 
бесігінде тербеледі. Қадыр ақын өз сезімін селдетіп, оқырманға 
ақтарыла сыр айту арқылы тіл кестесіне тән эпитет метафора, 
басқа да суреттеу, бейнелеу құралдарын орынды пайдалана 
отырып, жаныңды жақсылыққа бастайды, сезіміңді сергітер 
эстетикалық ләззатқа бөлейді.
Ақынның «Пайғамбар жасы», «Дерт» поэмалары – оның 
ішкі толғаныстарынан туған дүниелер. «Пайғамбардың жасы-

211
на келгендердің бәрі бірдей пайғамбар бола алмайды», – дейді 
Қадыр ақын. Абыз ойдың астарынан әсемдік, жақсылық, ізгі-
лік атаулыға құштар көңілдің күйін естігендей боласың. Ақын, 
қоғам, өмір, әлеумет жайлы осы жырлар бір-бірімен ерек ше 
гармония тауып, парасат биігінен сөз алады. 
...Тірлік тыныш болмайды дау барында:
От басында, 
Бақшада,
Бауларында.
Өте қиын ауруға, 
Ауру жанға,
Жүрген жоқ-ау жетісіп сауларың да.
«Дерт» дастанындағы осы сияқты шумақтардың әлеумет-
тік жүгі ауыр. Бірде күйінішті, бірде сүйінішті құйқылжы ған 
көңіл ауаны оқырманды да ой орманының нуына бастай ды. 
Қайраудағы ұстараның жүзіндей мың құбылған сезімді бастан 
кешесің.
Жаңа дәуір де жыл мезгілі сияқты. Ол өз үнін естірте, өз 
демін сездіре, соны леп, тың нышандарын тарата келеді.
«Ақырзаман» жинағындағы «Заман-ай», «Бес жыл өткен 
соң», «Парламент», «Күдік», «Көкейтесті» поэмалары – бір-
бірінің ажарын аша түсетін, үндес, қанаттас, қапталдас дү-
ниелер. В. Белинскийдің сөзімен айтсақ: «Поэзия – әлемдік 
өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, 
жарығы мен күні». Қадыр Мырза-Әлидің жоғарыда атал-
ған поэмаларының қай-қайсында да жұртымыздың жүрек 
лүпілі, қан тамырының солқылы бар. Турасын айтсам, осы 
дастандардың тақырыбы бөлек-бөлек болғанымен, зерделі 
оқырманның көңіліне, санасына ажырамайтын тұтас қал-
пында сіңіп жататын қасиеті, сиқыры бар. Бұл дастандарда 
Тәуелсіздік алған елдің талайлы тағдыры, өтпелі кезеңнің 
өксіктері, халқымыздың көрген азабы мен тозағы, қасіреті мен 
қайғысы, қуанышы мен көз жасы бар. 

212
Қадыр ақынның: 
Бағзы біреу болмаса жасық қанды,
Бостандыққа барлық ел асыққан-ды.
Сол бостандық көп күткен ойда-жоқта
Түскен кезде аспаннан...
Сасып қалдық! – 
деп жырлауынан шындықтың шырайын көргендейміз. Енді 
бірде ақын: 
Есімізді шығарды енді біздің
Қоғам менен қоғамның өліарасы... – 
деп қапысыз ой толғайды. Сұрмерген тартқан жебедей шешен 
түйіндеулер кім-кімнің де көңіл ондығына дөп тиіп жатады.
Расында, бүгінгілердің маңдайына тағдыр қоғам мен қо-
ғамның, ғасыр мен ғасырдың өліара мезгілінде ғұмыр кешуді 
жазған. Тарихтың тас кітабы үшін таяқ тастам уақыт көрінетін 
осы он жыл үміт пен күдіктің, ақ пен қараның, қараңғы мен 
жарықтың, жұмақ пен тамұқтың сәт сайын итжығыс түсер 
шағы сияқты болып көңіл көмбесінде қалды. Сол сезімдердің 
шарпысуы Қадыр жырының айдынына ақ желкенін көтерген.
Ендеше, «Ақырзаман» – Қадыр ақынның бүгінгі күнмен бо-
лашаққа жазып кеткен хаты деуге татырлық еңбек.
Мен халықтың мұңымын,
Жай сырымын,
Жай сырымын,
Шынында бай сырымын.
Қолдан шығып барады келер ұрпақ,
Қайсыбірін айтайын,
Қайсыбірін?!
Ақын жұртының ертеңіне, ұрпағының болашағына алаң-
даулы. Қандай жолмен болсын, тек нан табудың жолына 
түскен «жаңа қазақ» ұлтына ұлағат болып, келешектің кө-

213
сегесін көгерте ме? Сұрақ пен сауалға толы өліара мезгілдің бар 
көрінісі осы жырларда.
«Ғадауат ғасыры» поэмасы да құлашын кеңге салған, кең 
тынысты шығарма. Ұлт тағдыры, ұрпақ ертеңіне адамзат 
баласының арман-тілегін жұптастыра жырлаған ақынның тар-
лан ашқан тұсындағы бұл да бір табысы екенін айтқан абзал. 
Зұлмат заман, ғадауат ғасырдың сайқал болмысын жыр еткен 
ақын бұл ірі шығармасын:
Той болып кел,
Келешек, ұлан-асыр!
Қалдырайын жазып мен далама сыр.
Зәлім ғасыр,
Бәріне мәлім ғасыр,
Саған тартып тумасын жаңа ғасыр! 
 
деп заңғар ойдың түйінін түйеді. Адамзатқа ортақ ақ тілектен 
туған, ақжарма сырға ақжолтай тілек қостық.
Қадыр Мырза-Әлидің бұл жинағы – ар мен намыстан туған 
шығарма. Абайша айтсақ, «сәулесі бар жігіттер бір ойланар» 
дейтіндей салмақты сыр, салиқалы сезімнің парасат биігінен 
жыр болып мөлдіреген мезеті. 
«Қазақ әдебиеті» газеті.
 2001 жыл

214
МАРФУҒА
Ақындық – өнер ме, дерт пе, серт пе? Осы сауал тіршіліктің 
түйінсіз сәттері секілді талай-талай мазалаған. Шалқыған, 
шамырқанған шақта, дүбірлі дүниенің дүниауи ойларының 
бәрінен ада болған кезінде ақындық өнердің тылсым құдірет 
екенін жан-жүрегімен сезінеді адам. «Ынталы жүрек сезген 
сөз бар тамырды қуалар», – дейді дана Абай. Қай кезде де шын 
ақын – уақыттың перзенті, шындықтың шырақшысы, ардың 
айнасы. Сондай сиректердің қатарына қазақ өлеңінің көш-
керуеніне аққудай аяулы, бұлақтай таза, дүлдүлдей дүбірлі 
жырларымен келіп қосылғанына жарты ғасырдың жүзі болған 
Марфуға Айтхожаны елі, жұрты әлдеқашан-ақ қосқан. 
Оның сағынышы мен мұңы, жүрегінің дүрсілі мен сезімінің 
сыңғыры халқын көзайым етіп, көңіліндегі көрікті ойына ай-
налды. Ақындықтың аламанына атын қосқалы бері мәреден 
тосқан оқырманына олжа салып, уақыттың бұрқасындарында 
да өзінен де, өлеңінен де көз жаздырмай келе жатқан шабытты 
шайыр – қазақтың Марфуғасы. 
Осы мезгіл аралығында дараланып, сараланып, өлеңнің 
өз перзентіне, ақындықтың айдынына айналды. «Марфуға – 
жыр айдынының аққуы» деген қанатты ұғым қалыптастырды 
қабырғалы қазақ жұртына. Аққудан да, айдыннан да, меніңше, 
ақын Марфуға Айтхожа деген есім еліне елеулі, халқына 
қалаулы. Осы есімді өз басым Жаңаарқаның жазық жонын-
да жүріп балдәуреннің бүгінде сағынышқа айналған бір әдемі 
күндерінде естігенмін. Содан бері отыз жылдан астам уақыт 
өтсе де:
...Бұлдырай ма, 
Сағым қуып қаша ма, 
Төбе-төбе оқшырайған тас оба.

215
Жаугершілік келіп қалды мұндалап, 
Сонда ерге сүйеу болған Босаға.
Кездерінде малы түгел,
Бас аман.
Бұл маңайда той-думандар жасаған. 
Келін түсіп, 
Қыз ұзатып, 
Күйеу кеп –
Сан қызыққа куә болған Босағам, –
деп басталатын асқақ ноталы, ашық дауысты тамаша өлеңді 
әлі күнге дейін жатқа айтамын. Сәби сезім, бала көңілдің 
қабылдауы періште жебеген бір тамаша қасиет пе деп қаламын 
кейде. Содан бері де ақынның тұнық жырларының тұнбасынан 
үрлеп ішіп, үр сезімге талай кенелгенімді несіне жасырайын.
Марфуға – тағдырлы да тамырлы өнердің, өзегіңе түсер 
өзекті ой иесі. Кей-кейде ақындық тағдырға қатысты әңгімені 
Батыс пен Шығыстан таратып айтуға әуеспіз. Шығармашылық 
адамының жан сарайына, ғұмырбаянына, өмірінің өткендері 
мен көктемдеріне, өткелдеріне бір үңіліп алмай, ол жайлы, 
шығармашылығы жайлы жарытып пікір айта қоям деу де бос 
әурешілік. Себебі ақын не жазса да өзі туралы жазады. Құлжа-
да туып, шекара асып, ұстараның жүзіндей мың құбылған та-
лайлы да талайсыз тіршіліктің кермегін де аз татпаған Марфу-
ғаны асқақтатқан да, аспандатқан да қасиетіңнен айналайын 
қазақтың қара өлеңі. Алғаусыз сөйлеп, ақтарыла сыр айтып, 
Алаш жұртын өлеңдетіп, елеңдетіп қойған ақындық құдірет 
иесі өткеніне де, көктеміне де риза пейілмен қарайды.
«...Аға буынның сәт сапарымен бір жылдың ішінде менің 
өлеңдерім республикалық басылымдарда жарық көріп шық-
ты. «Жас қанат», «Жырға сапар» сияқты ұжымдық топ та-
маларға да жырларым еніп, халыққа солай танылдық. Сол 
кездегі «Жұлдыз» журналының редакторы Қайнекей Жар-
мағамбетовтің де көп шарапаты тиді. Жұмағали Саин мені 
университетте оқып жүргенімде «Қазақ әдебиеті» газетіне 

216
жұмысқа алды. Мұхамеджан Қаратаев шығармашылығым 
жөнінде мақалалар жазды. Дмитрий Снегин орысша шыққан 
жинақтарым жөнінде айтты. Сырбай Мәуленов «Өлең еңбек», 
Ғафу Қайырбеков «Жапырақтар жауғанда» деген керемет 
мақалалар жазды. Бәрі де керемет ақындар еді, шеттерінен 
ақкөңіл, пейілдері таза болатын. Жұмекен, Тұманбай, Шәміл, 
Қайраттардың арасына жұмысқа барғанымда, олар әдемі қыз 
келді деп емес, ақын келді деп қарсы алып, қуанды...» – деп 
еске алады сол бір күндерін, алыста қалған арманшыл шағын 
Марфуға ақын бүгінде.
Ақынның тұңғыш жинағы «Балқұрақ» 1962 жылы жарық 
көріпті. Алғашқы жырларының санатындағы «Самырсын» – 
өлеңсүйер қауыммен қауыштырған қанатты дүниелерінің бірі.
О, тәкаппар, тәңір шыңдар,
Сал қарағай, самырсындар. 
Ұшып келген Алатаудың 
Қарлығашын танырсыңдар!
О, сиқыр тау, ертек емен, 
Жастық – жалын, өртенем мен. 
Мен бір титтей жыршы кұсың, 
Жүрек күйін шерте келген.
Сылаң қаққан сырлы өзендер,
Сағым құшқан нұр белеңдер. 
Сырнай самал, қырмызы гүл, 
Саған қалай құр келем мен?
Аққу бұлттар үлпілдеген, 
Үрке көшіп жүрсің неден? 
Тау да, тас та, самырсын да 
Сөйлеп жатыр бір тілменен.
О, тәкаппар, тәңір шыңдар, 
Сал қарағай, самырсындар. 

217
Ұшып келген Алатаудың 
Қарлығашын танырсыңдар!
Өлең бе? Өлең! Өлең болғанда – ақынның арман-мақсаты
жүрегінің лүпілі, көңілінің күмбірі тоғысып, ақтарыла салған 
«сыңғырлап өңкей келісім...» (Абай), жұлдызды жыр. 
Жырдың да тағдыры болады. Поэзиясы алуан сырымен, 
мөлдір мінезімен өзіне ғана ұқсайтын ақындықтың ақжарма 
ауылынан ақ орда тіге алған ақын – бақытты ақын. Тапталған 
таныс шиырдың шаңын шығаруға асықпай, соныдан соқпақ 
іздеп, оқырманын өзімен сырлас, мұңдас ете алған ақынның, 
«жүрек күйін шерте келген титтей жыршы құстың» сезім әлдиі 
құштарлық, ғашықтық сияқты ғаламат қасиеттерге жол тар-
тып, киелі сөз өнерінің қадіріне жеткізеді. Мазасыз дүниенің 
мазасын қашырып, талай түнді әлдилеген ақын-ананың 
қаламынан туған «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым 
менің», «Қаракөз-Айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», 
«Қыран жеткен», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аққу жүрек», 
«Алатаудың ақ батасы» сияқты жыр жинақтары өлең деп ата-
латын ғажайыптың көркіне көрік қосып, «Алатаудың ұшып 
келген қарлығашын тәңір шыңдардың» басына шығарды. 
Қазақтың бүгінгі таңдағы көрнекті ақындарының бірі, Қа-
зақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
Марфуға Айтхожа ақындықтың азабын ғана емес, еңбегінің 
жемісін, мәуесін теріп отырған шағында. 
Сырлы да нұрлы, назды да сазды поэзия жанкүйерін тау-
ып, оқырманның мойнын бұрғызбай қоймайды екен. Көрікті 
жыр көргені бардан туады. Әсіресе қазақ ақыны үшін бұл – 
бұлжымауға тиіс қағида. Мейір мен пейілге шөліркеп тұрған 
мына заманда жаның жаситын, жанарың жәудірейтін шақтар 
аз ба?
Марфуға ақын – жусанның жұпарын жұтып, бұлбұлдың 
даусын естіп, арғымақтың дүбіріне қосылып, сонау бала кү-
нінен-ақ уызына жарып өскен суреткер. Сол кездің көңі-
лінің күнделігінде жазылып, жүрегінің түкпірінде тербел-
ген толқындары жыр болып, өлең болып өрнек тауып жатса, 

218
қаракөз жұртын қуанышқа кенелтер тұс та сол. Ақынның 
жан-жүрек, қиял-ой, сезім иірімдерінің шырқау биік, шабыт-
ты кезеңіндегі сағынышы, аптыққан ақ бұлақтай армандары, 
күйініші мен сүйініші – бәрі-бәрі өлең болып мөлдірей қалады. 
Сағыныш атты ұлы сезімнің бағасын бір ақын Марфуғадай-ақ 
білсін! Ел айырылған кезде де, аруана жұрттың арманын тек 
ақындар айтатын болған.
Тереңді тербеп шығар текті өлең қашанда құдіретті. Марфуға 
ақын жырларын оқи отырып, тағдырдың тарам жолдарының 
үстінде келе жатып сағыныштың самалына желпінгендей 
әсерде боласың.
...Қайран, Талқы таулары-ай! 
Биік неткен!
Халқымның құтысың ба үйіп-төккен. 
Шуақты шыңдарыңа шығар мені, 
Арман жоқ алауыңа күйіп кетсем!
Қайран, Талқы таулары-ай!
Биік неткен!
Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен. 
Шертші бір күй-кеудеңді күмбірлетіп, 
Ғажап емес нөсердей құйып кетсем.
Қайран, Талқы таулары-ай!
Биік неткен!
Самалың сипап жатыр, сүйіп беттен.
Білмейтін қадіріңді балаң кезде,
Кешір, сендей сұлуды қиып кетсем...
Ағынан ақтарылған ақынның сағынышы бөлек, мұңы 
ерек. Екі жүйе, екі ел, екі ғасырдың өліарасында өлең өрген 
ақынның өрекпіген көңіл күйінің бір сәті сияқты жоғарыдағы 
жолдардың жаныңды, сезіміңді бір дір еткізбей кетуі мүмкін 
емес. 
Талқы тауларына сағынышын үкілеп, сырын ақтарған 
ақын өлеңінің астарында талапайға түскен жұрттың тағдыры 

219
бар. Ал мұндай жырды сол тағдырдың кермегін ел-жұрты-
мен бірге тартқан адам ғана жаза алады. Ақын да сол қасиетті 
халқының бір бөлшегі екенін сезінесің. Сағынышты сезімге 
елжірейсің, егілесің. Жалған пафос, жалаң дидактикадан ада 
өлеңінің шынайылығы ақ қайнардан зәмзәм сімірткендей күй 
кештіреді. Марфуға ақын поэзиясы жарыққа ұмтылған, жар-
қын сәулеге құштар өлеңдерден түзіледі. Оның жұртына аса 
қадірлі, аса жақын болуы да содан.
Расул Ғамзатов: «Тақырып – қазына толы сандық. Сөз – осы 
сандықтың кілті. Базбір әдебиетшілер бір тақырыпты толық 
меңгермей жатып, екінші бір тақырыпқа ұмтылады. Яғни, 
олар сандықтың қақпағын ашып, бет жағындағы шүберектерді 
қопсытады да, келесіге қарай асығады. Сандық иесі, егер зат-
тарды бірінен соң бірін ұқыптылықпен ала бастаса, оның 
түбіндегі нағыз асылдар салынған қобдиша шығады», – дейді. 
Тақырыптық жағынан саралағанда Марфуға Айтхожа 
жырлары әр алуан. Олардың түйісетін, тоғысатын нүктесі 
бар. Ол – адамдарды, ел мен жерді сүюден туған аңсарлы 
жырдың жайлауы. Махаббат пен шапағат, сұлулық пен ұлы-
лық, күйініш пен сүйініш, пейіл мен мейір – бәрі осында.
Марфуға ақын – әсершіл де көреген. Шабыттың шалқарын-
дағы шаңқай түсіне енді жеткендей. Өмірінің әр беті, әр парағы 
өлеңнен тұрады. Қай жинағында да сөз моншағын тізіп, мөлдір 
сезімнің інжу-маржанын сүзеді. Әсіресе Тәңіртау, Талқы, Сай-
рамтау сияқты ел мен жер тақырыптарына келгенде өрімдей 
өріліп, сылаң сыр, сұлу сезімге кұрылған жырлары таңғы там-
шыдай қалпымен төгіліп түседі.
Ұмтылумен өтетін асуларға, 
Ешбір кінә қоймаңдар ақындарға. 
Сыр алдырмай тағдырмен күреседі, 
Өлең дейтін бойында асыл барда.
Түн асырып басынан,
Күн асырып,
Тереңдерге бойлайды құлаш ұрып...

220
Арыстанның аузында жүреді ақын 
Өлең үшін алысып, сірә, тұнық.
Көрік берген көктемдей атырапқа, 
Данышпан да өтеді, 
Ақымақ та... 
Сәл нәрсеге жүдейтін, сарғаятын 
Ақын жаны ұқсайды жапыраққа...
Кейінгі жырларының бірінде осылайша тебіреніпті ақын. 
Ғажабы мен азабы бірдей сөз өнерінің шын иесі өз тағдырын 
ешқашан ешбір баққа да, таққа да айырбастамайды. Жаны 
жапырақтай діріл қағып тұрса да, шын ақын – ерлік пен 
өрліктің, парасат пен тектіліктің иесі. Марфуға ақын да – өмір 
бойы күресумен, шарқ ұрумен, ұмтылумен, самғаумен биіктеп 
бара жатқан қайсар шабыт иесі. Оның болмысынан сұлулықпен 
қоса тәкаппарлық та, даналық та, балалық та табылады.
Қазақтың ғажайып ақыны Ғафу аға Қайырбеков Марфуға 
ақынның «Жапырақтар сілкінген кеш» өлеңдер жинағына 
жазған пікірінде: «Өмірде ақынның көп болғаны жақсы. Әрине, 
шын шабытты ақын болса және өрнек кестесі, үн-дауысы әр 
алуан болса. Өйткені ақындық – әулиелер туысы, періштелер 
жолдасы. Ол – киелі, иелі құдірет перзенті. Олардың жараты-
лысы жай адамдардан мүлде басқаша. Бұл бір аспандағы құс 
пен жердегі адам арасындағы жалғасқан көпір. Ақындықты 
әулие тұтпау – бейшаралықтың белгісі», – депті. 
Сондай періштемен жолдас, әулиемен туыс ақын – Марфуға. 
Оның есімімен де, өнерімен де халқы қанаттанып қалады. Ел 
десе елеңдеп тұратын ақын қазақтың ауыл-ауылына өзінің 
Марфуғасы болып кеткелі қашан. Кішісін «бауырымдап», 
жасы үлкенді «жеңешелеп», әнін шырқап, жырын төгілтіп, 
әзілін айтып мерейленіп, шабыттанған шақтарын сапарлас 
болған сәттерде талай көрдім.
Ұлы ақын Қасым Аманжоловтың Қарқаралыдағы тоқсан 
жылдық тойында ғарышкер Тоқтар батыр: «Ағаларым айып 
етпесін, мынау шеке мен жамбасты мені ғарыштан жырмен 

221
шашу шашып тосып алған Марфуға әпкеме ұсынамын», – 
дегені. «Еркек тұрғанда...» деп күбірді күшейткендер де бол-
май қалған жоқ. Тоқтар батыр неге шатыссын, Ғафу ағам 
айтқандай, «әулиелер туысын, періштелер жолдасын» таныған 
да. Ақынның бақыт бесігінде тербелген бір сәтін сонда көрген 
едім. 
Ақын Марфуға Айтхожа – жиырмадан аса жыр жинақта-
рының авторы. Оның өлеңдері 40-тан астам алыс-жақын шетел 
тілдеріне аударылып, өлеңдеріне көптеген сырт жұрт компо-
зиторлары ән шығарған. Мәселен: Болгария, Украина, Ресей, 
Қарақалпақ, Қытай, Моңғолия және басқалары. Ақынның 
«Бір уыс топырақ» деген өлеңіне жазылған романсы Ресей 
еліне мәлім. Тағы да Моңғолия композиторы жазған «Туған 
жерін аңсамайтын жан бар ма?» қатарлы әндер Моңғолияда 
тұратын қазақ бауырларымыздың сүйікті әніне айналды.
Марфуға Айтхожа кезінде еліміздің атынан талай-талай 
әдебиет пен өнердің үлкен кеңес, құрылтайларына қатысқан. 
Ақынның жеті жинағы орысша шықты. Соның төртеуі Мәс-
кеуде: «Утверждение» (1974), «Струна степей» (1978) – «Моло-
дая гвардия», «Летние росы» (1981) – «Советский писатель», 
«Украшение коня» (1985) – «Художественная литература» бас-
паларынан шықты. Бұдан басқа да көптеген шетел антология-
ларында топ-топ өлең-жырлары жарық көрді. Мұның сыртын-
да 1985 жылы «Огонек» журналының лауреаты атанса, 1986 
жылы «Молодая гвардия» журналының жүлдегері болды. 1988 
жылы Қытай Халық Республикасының «Халық» баспасынан 
«Сағыныш сазы» атты көлемді жинағы жарық көрді.
Ақынның шығармалары жайлы Қазақстанның халық жа-
зушысы Әбділда Тәжібаев, академик Мұхамеджан Қаратаев, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиев, 
Сырбай Мәуленов, Тұрсынбек Кәкішев, Ғафу Қайырбеков, 
Дмитрий Снегин, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов
Әбіраш Жәмішов және басқа да ақын-жазушылардың құнды 
пікірлері жарияланды.
Бұдан сырт, орыс қаламгерлері Ю. Суровцев, Т. Кузовлева, 
Т. Белова (Т. Бек), В. Турбина, С. Михалков, А. Межиров ақын 

222
шығармаларын жоғары бағалады. Болгарияның «Литерату-
рен фронт» газетіндегі Яйко Димовтың және осы елдің «Друж-
ба» журналындағы С. Хинкованың аса жылы сезімге толы 
мақаласы қазақтың ақын қызының есімін алыстарға жайды.
Тәуелсіздік жылдары еліміз еңсесін тіктеп, ес жия бастаған 
кезең ақынның арманына астасып, тағы да қайың-жырдың 
жапырақтарын дүр сілкінтті. Ақынның арманы ел бақытына 
ұласса – ұлы арман болғаны. 
Қазақ қоғамының өркендеген, өрістеген қадамдарын ке-
йінгі уақытта көрікті ой, көркем тілмен өрнектеп жүрген ақын 
«Алатаудың ақ батасы» атты жыр жинағын шығарған. Кең 
тынысты эпикалық жанрда да нәзік лирикалық иірімдерді 
жібектей үлбірететін қасиетін осы жинаққа енген «Алатаудың 
ақ батасы», «Абылай хан даңғылы», «Сағыныш» поэмалары-
нан аңғардық. Елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдамаса ақын 
бола ма? Марфуға ақынға тән қасиет – ол мына жаратылыстың 
көлеңкесінен гөрі күнгейін, қарасынан гөрі ағын, жасығынан 
гөрі жасылын көбірек көретін сыңайлы.
Ауылым көшіп келеді таудан асып,
Таудың қызы, тауда өскен, тауға ғашық.
Қатар өскен кешегі қайран құрбы
Көшкен жұртта көз жазып,
Қалды адасып...
Ауылым көшіп келеді,
Ауылым көшіп.
Алақұйын тағдырдың дауылын кешіп. 
Туған елін армандап,
Өткендерді,
Сағынышын тербеген –
Жаным бесік!
Айдыннан аққу ұшырған қазақтың Марфуғасы туралы сөз 
айту – сұлулық әлемімен сырласу деген ұғым. Жылдардың 
жетегі, күндердің керуені, ел-жұрты ақын қызын жетпіске 
қимаса да, сол биікке көтеріліп қалыпты Мәкең бүгін. 

223
Шын ақын – мәңгі әдемі, мәңгі жас. «Қарындасымның 
тоқыған кестесіндей, анамыздың сырған сырмағының оюын-
дай өрнекті өлеңнің құдіреті орныңызды төрден сайласын, 
Марфуға ақын!» дегіміз келген еді бүгін. Бұл – мерейлі жыр 
иесінің мерейтойындағы әріптес бауырының өзекжарды ниеті 
ғана. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет