Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет16/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

ҚАЗЫНАЛЫ ЕДІ ҚАЖЕКЕҢ...
Орқашар баурайындағы бұлақтардан басталып, Тарбаға-
тайдың сілем-сілемінен құлап ағып, Алакөлге құйып жатушы 
еді Еміл. Қазір жылап ағады. Атамекенге орала алмаған ұл 
секілді. Қайран Еміл, ескі жұрт...
Сол Емілдің жағасындағы шалғынды даладан шұрқыраған 
қалың жылқы жер қайыстырып суатқа құлап бара жатқандай 
елестей береді...
Қазақтың қабырғалы перзенті, үлкен ақыны, этнограф 
Қажытай Ілиясұлын соңғы сапарға аттандырғанымызға да, 
міне, біршама уақыт өтіпті. 
Жалыным барып-барып сөнер мейлі,
Сонда да өзегімді өнер жейді.
Әттең-ай, өкінішім шашымнан көп,
Ер жігіт тіршілікте не көрмейді?!
Уа, дариға, жалған-ай!
Дүние сенен де өтер, менен де өтер,
Әуенім аққуды да елеңдетер.
Тақ пен бақ, жиған-терген жолда қалып,
Ән мен күй, кейінгіге өлең жетер, – 
деп Қажекеңнің өзі өксігі мен өкінішін есіне алғандай кейіп-
те, көз алдымызда мұнарланып барып, таудан асып кеткендей 
көрінеді.
Ақынның Кеңсайдағы қабіртасына қашалып жазылған 
осы әннің соңғы шумақтары біраз уақыт ойымыздан кетпеді. 
Кейін ойлап қарасам, Қажекеңнің көрмеген қорлығы, кешпе-
ген азабы жоқ екен-ау! Неге екені белгісіз, Қажекеңді ойласам, 
Емілге ентелеп құлаған қалың жылқы көз алдыма келеді. Сол 

257
жылқының артында, тоқымын жерге төсеп, ерін басына жа-
станып, Қажекең шынтақтап жатып алып, ыңылдап мына бір 
әнге салатын секілді:
Тағдыр құсы жазған мекен маңдайға,
Тарбағатай шырқап салар ән қайда?
Самалыңнан жұпар исі аңқиды,
Таңқурайдың дәмі келіп таңдайға.
Туған жерім,
Құзырыңа,
Қызығыңа
Табындым.
Төсіңде өскен
Бала күнді,
Самалыңды сағындым.
Ойға батып аракідік көз жұмсам,
Елестейді қызыл изен, боз жусан. 
Түсірем бе бәз қалпыңды, қаз-қалпыңды қағазға,
Өмір бақи өлең ойлап, сөз қусам...
Ән жаңғырып, Емілдің ерке толқындарымен ілесе ағып, 
біресе қиқулап көтерілген құстардың қанатынан мамырлап 
қазақ даласына төгіліп, біресе ұялшақ қыздың жанарындай 
жеткен тұсынан үркіп ұшып, қайыра әуелеп, қайыра құлдилап, 
жылқы соңындағы жетім құлынның бауырына тығылып, енді 
бірде жер бауырлап барып жусан мен изеннің жел қозғаған ба-
сына қонып, дір-дір етіп тұратындай. Сол әуенге елтіген мына 
тіршілік бір сәтке сілтідей тынып, қайыра даурығып, азан да 
қазан болардай.
Иә, менің көңілімдегі Қажытай Ілиясұлы өлген жоқ. Ол 
өзінің өмір бойы жырлаған Еміліне оралды. Күн құланиектеніп 
Тарбағатайдан көтерілген сәтте, күн салып тұрып, шетсіз-
шексіз, ұлан-ғайыр далаға қарап тұратындай. Алдындағы мың 
жылқының әрбірінің түрі мен түсін нақ айырып, «қазақтың 
17-267

258
тарихы – жылқының тарихы, жылқының тарихы – қазақтың 
тарихы» деп күбірлейтіндей көрінеді. Қажекең Тарбағатай 
бауырында әлі күнге жылқы бағып жүргендей елестейді. Бір 
шоқының үстіне шығып алып:
Сәріден қолда құс қырындап,
Сақалын тарайды мұнар бұлт.
Қарт жанын тартады құрулап,
Бойдағы аңшылық, құмарлық.
Астында жарау ат, тоқ бүйір,
Бөктерге тартты тік қыстақтан.
Болса да бет алды көп шиыр,
Таниды-ау тың ізді тісқаққан!..
Жөнелді бір сәтте құйғытып,
Көз жазып шыжымды бүркіттен.
Қараймын жаныма күй бітіп,
Қылпына нүктедей бір түрткен!.. – 
деп жырлап тұрғандай.
Осы жылқы жайы, атбегілік, саятшылық турасындағы әң-
гімелер бізді етене жақындастырды. Кез бола қалса, жылқы 
жайын айтушы еді. Менің де жастығым жылқы айдап өтті. 
Кісі сөйлесем десе әр нәрсенің басын шалар әңгіме көп қой, 
алайда Қажекеңнің қозғар тақырыбы ерекше еді. Бір сәт бұл 
тымырсық қаладан табиғатқа кетіп, түпкі тамырымызға ора-
лып, көңіл жасартып алушы едік. «Шұбырған түйелі көш 
сағым ойнап, Түсімнен шықпай қойды-ау ауыл-аймақ», – 
деп өзі жырлайтындай, ел жайлы, жер жайлы айтушы еді. 
Көшпенді қазақтың қараша үйінде дүниеге келіп, тумысынан 
түз көріп өскен, тау көріп өскен Қажекең ұсақ-түйек әңгімеден 
сөз ауылын аулақ қондырып отыратын. Кісіге ұнамды серілігі 
де бар-тын.
Жалпы, Қажытай Ілиясұлы жылқы мінезді жан еді. Бол-
мыс-бітімі, таң асырылған тұлпардай кербез ұстайтын түр-

259
тұлғасы, дегдарлығы, кісі баласын алаламайтын ақеділ, 
ақжарма көңілі, қағілездігі мен қырағылығы, шамына тисе 
шырт ететін тік мінезділігі, ойын ірікпей айтатын оттылығы – 
бәрі-бәрі дала падишасы – жылқыға келетін.
Кейде Жазушылар одағының бір бұрышында бір топ жасты 
жиып алып, жастарды қыран-топан күлкіге батырып, өзі де 
соған мәз болып, қазақша, татарша, ұйғырша, енді бірде қытай 
тілінде өлең оқып немесе әндетіп тұрғанын көретінмін.
Шіркін, ол кісінің көңілі ғана емес, жүрегі де қартаймай 
кеткендей. Кеңестік және қытайлық саяси режимдерді ба-
сынан өткеріп, оның кісіні жанынан түңілтер небір қитұрқы 
қулық-сұмдығын көріп, жүрегін шер, табанын шөңге тіліп, ел 
айырылғанда еңіреп, етегі жасқа толған осы ақынның бүгінгі 
азат заманның албырт жастарымен бірге өз Отанында, өз үйінде 
әзілдесіп тұрғаны көңілді неге толқытпасын?! Толқытқан. 
Әзілді айтса, Қажекең айтсын дейтіндей жағдайы бар еді. Ел 
аузына ерте іліккен пародияларының жадында қалған тұсына 
шейін жатқа оқып беретін. Соның Абайшалап жазған бірі 
жинағында жүр екен.
Өлең – соның нан-шайы, сөз – самасы,
Ұрттап-шайқап төгетін өз баласы.
Тілге шөгір, жүрекке кірі тиіп,
Теп-тегіс ығыр болды айналасы.
Бөтен оймен былғанса сөз арасы,
Түсінбей тойтыңдайды бейшарасы.
Қоқымнан қолақпандай том жасады
Жымпиған, жылпыңдаған бір парасы...
...«Таңдама», топтамасы, баттамасы
Өтпегенмен, өтеді тапқан асы.
Тартсаңыз таразыға, танысаңыз,
Шіркіннің ап-айқын ғой ақ-қарасы...
Мұнан бөлек, хатқа түспеген қанша қазақы қалжыңы бар 
еді. Ел естімеген бір әңгімелерді айтып, «Солай ма еді?» деп 

260
таңырқасақ, соған кәдімгідей қоқиланып қалатын. Қалжыңнан 
қаны қызып алған сәтте тілінің тікені гүлдей, сөзінің зәрі бал-
дай көрініп кететін.
Атыңды естігенде Еміл деген,
Елең ете қайғыдан жеңілденем.
Кетпесем желдей есіп жер түбіне,
Отыз өлең арнар ем кемінде мен!
Соларды жазамын да көңілденем,
Алыста әзілдесіп өлімменен.
Жөңкіл бері, жөргекті жуған өзен,
Алатының көп әлі сенің менен! – 
деп жырлапты бір өлеңінде. «Алыста әзілдесіп өлімменен» 
деген Қажекең онсыз да ауыр тағдырын ауырлатпауға ұм-
тылатын, жүздессең – жылы жымиып, кездессең – көркем 
сөйлеуге тырысып жүретін. Емілге «алатының көп» деген 
ақыннан елдің алары көп еді. Біздің аларымыз көп еді. Кеудесі 
қазынаға тұнған жан еді ғой. Ер кеткен соң елдің өкінері қиын. 
Еміл...
...Сол Емілдің жағасындағы шалғынды даладан шұрқыра-
ған қалың жылқы жер қайыстырып суатқа құлап бара жатқан-
дай елестей береді... Құлағыма алыстан талықсып Қажекеңнің 
даусы жететіндей...

261
АҚЫН ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕКОВПЕН 
ҚОШТАСУ СӨЗ
Ақын өлді!..
Шын ақын өлді!..
Жетісудың аспанында жап-жарық жұлдыз ағып өтті!..
Ол – Есенқұл Жақыпбеков өмірінің жұлдызы еді, алайда 
өлеңінің емес! Жамбыл мен Сүйінбайдың елі, еңсеңді көтер, 
Есенқұл Жақыпбековтің өзі кеткенмен, көзайым көзі қалды, 
көгершін сөзі қалды.
Есенқұлды момын көрдік, ол – момындығы емес, қоңырлығы 
еді. Бойын жасырған тұлпардай, өзін-өзі іштей сақтағаны екен.
Елде қалды дедік, ол – елде қалғандығы емес, елге жақын 
болғандығы еді. Өз үмітінен бұрын ел үмітін ақтағаны екен.
Ештеңеге ұмтылмайды дедік, ол – ұмытылмайтындығының 
белгісі екен ғой...
Жанының мұңын шерте жүргенін білсек те,
Жай басып жүріп, ерте кетерін кім білген?!
Жақсы күндерді көркем еткенін білсек те,
Жан-өзгемізді өртеп өтерін кім білген?!
Теректей басы теңселген, терең бір ойлар еңсерген Есаға, 
тамырың – тереңде қалды, тағдырың – биікте қалды! Сен сүйген 
қазақ – сені де сүйеді! Сен жырлаған Алаш – сені жырлайды!
Өткен жұмада ғана, Сейдағаңның – Сейдахмет Бердіқұлов-
тың еске алу кешінде жүздесіп, алда келе жатқан 60 жылдығын 
атап өту жайлы сөйлескен едік. Сонда тағы сол қоңырлығына 
салып, «уақыты келгенде көрерміз» деп еді. Уақыты біз күт-
кеннен бұрын келерін білдік пе сонда?..
Есенқұл Жақыпбековтің қаламынан туған «Бастау», «Ағым-
нан жарыламын», «Біз екеуміз», «Біздің елдің жігіттері», 

262
«Есіл дүние-ай!», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», 
«Сарғайған сары терезе» сынды жыр кітаптары – талай жас 
ұрпақтың жастығының астында жатары анық. Оның лирика-
сы – жапыраққа тұнған тамшыдай мөлдір, жанарға тұнған жа-
стай аяулы. Ебіден ескен желдей елең еткізер, жүрек түкпіріне 
терең өткізер, сұлудың жүзіндей, сайғақтың ізіндей тұп-
тұнық дүние. Оның эпикасы – осы далада туған баһадүрлердің 
екпініндей ерен қуатты, сермелген семсердей, серпілген 
тұяқтай, зау биіктен құлдилаған қыран қанатындай отты еді.
Басың – төрде,
Бағың – елде, Есаға!
Бақұл болыңыз! Рухыңыз пейіш төрінде шалқысын!

263
ТАЛАНТ – ТАҒДЫРЫҢНЫҢ ТАМЫРЫ
(Қаламгер Несіпбек Дәутайұлымен сұхбат)
– Сіз бен біздің тағдырымызда көп ұқсастық бар. Тұлым 
шашты алдырмай жатып тай үйреттік, бозбала кезден боз-
датып көкпар тарттық... Е, сосын да ауылдан шыққандарды 
жылқы мінезді демей ме...
– Былай ғой, Ғалым. Қай мінезді айтсын, қай қылығымызды 
сөз етсін, қай қасиетімізді түгендесін, қай кемшілігімізді 
жіпке тізсін, мен әйтеуір өзімнен ауылды көремін. Біз әуелі 
ауыл мінездіміз ғой. Мен Дулат Исабековтің «Ақырамаштан 
наурызға дейін», Тынымбай Нұрмағанбетовтің кез келген 
әң 
гімесін, сосын марқұм Қалдарбек Найманбаевтың «Бәй-
геторысын» қайтадан оқығым келеді де тұрады. Оқысам, ау-
лыма барып келгендей, ауылдағы баяғы аталар мен апаларды, 
ағалар-жеңгелерді көргендей жүрек елжіреп, бауыр езілгендей 
күй кешемін.
Ауыл – қазақ қаламгерлерінің тағдыры. Әдебиетте клас-
сика деген ұғым бар ғой. Құдайға шүкір, қазір бізде «клас-
сик» көп. Ақын-жазушы ретінде танылғандар, танылуға таяп 
қалғандарды былай қойғанда, газеттерді жағалап, мақалалар 
сүйкеп, оқта-текте төрт-бес шумақ өлеңдерін жариялап 
жүргендер де, «Мен осы, байқасам, классик екенмін ғой» деп 
көкіп отырады. Не сонда классика деген? Білмейді.
Классика – меніңше, адам, ұлт тағдырынан туатын ақиқат. 
Соның көркем көрінісі, терең танымы. Егер Э. Хемингуэй 
«Шал мен теңізді» жазса, теңіз – оның және ұлтының тағдыры. 
Шығармада сол тағдыр, адамның сол тағдырындағы өмір үшін 
жан алып, жан беретін, тілмен айтып жеткізуі қиын ұлы 
күресі жатыр. Ауыл да біз үшін сол сияқты. Мұны қаперге ал-
май, түрлі іздермен эксперимент жасап қоямыз. Бірақ табиғи 
жүректі қолдан жасаған жүрекпен алмастыру қиын. Бұған 

264
қарап жаңа түр, тың мазмұн, бөлек ой айтпа деуге де болмай-
ды. Экспериментке Оралхан Бөкеев, Марат Қабанбаев барма-
ды дей аламыз ба? Алайда осы бір талантты қаламгерлер 
өздері нің сол саналы әрекетінде оның шегіне жете алды ма? 
Бұл – үлкен сұрақ.
– Сөйтіп, Сіз қазақ ауыл мінезді дейсіз...
– Солай ойлаймын. Қайсыбір жылы Шерағаң – Шерхан 
Мұртазаның менің туған ауылым Иірсуға барғаны бар. Кенен 
атама күйеу бала болған жылы ғой. Қордай ауданының әкімі 
Құрманғали Уәлі екеуміз Шерағаңды Кененнің Иірсудағы 
үйінің орнына апарайық дедік. Кезінде Кененді іздеп келіп, 
Жамбыл тәтем де түстенген Иірсу бұл. Кейін, Хрущевтің 
кезінде шағын шаруашылықтар іріленіп, жұрт бір орталыққа 
көшірілген соң, Иірсу иесіз қалған. Бары – үйлердің тегістеліп 
кеткен орындары. Бірді-екілі қыстау...
– Сіздің «Ақкөгершін» повесіңізде бұл өзі кеңінен әңгіме бол-
май ма, жұрт ата-бабасынан бермен қарай мұра болып келе 
жатқан мекенді тастап кете алмай, әбден қиналады ғой. Сіз 
сол шығармаңызда тоталитарлық жүйенің қазақы ментали-
тетке түкірмейтін өктемдігін астарлап айттыңыз.
– Сол Иірсуға Шерағаңды бастап келдік. Иірсу – тау 
бөктеріне жақын, басы кең, аяғы тарлауыт жыраны бойлап, 
ирелеңдеп ағатын жіңішке өзен. Соның жағасында 60-70 түтін 
от жаққан. Кенекеңнің үйі ауыл ортасындағы оймақтай ұлпа 
саздың жиегіндегі қызыл төбешіктің үстінде болатын. Соның 
орнына Мұртазаны отырғызбаймыз ба, «Әй, қайын атамның 
орнына шығып кеткен жоқпын ба?» дейді Шерағаңның көзі 
алайып.
Ол өзенді біраз бойлап жүріп, айнала төңірекке көз салып, 
көбіне өзімен-өзі болды. Батысқа қарай әйгілі Ойжайлауға 
шығар қасқа жол жатты қасқайып. Оңтүстікке қарай – Қордай 
асуының сілемдері, сонау, сонау төменде – кезінде қырғыздың 
«Манас» жырында «Қордайыңа жол салдым, Көлқопаңа қол 
салдым» дейтін ойпаң, солтүстігі – Аңырақай даласына асатын 
Құлжабасы, Қушоқы таулары, шығысы – Алматыға жетелеп 
әкететін ұшы-қиыры жоқ ми жазық. «Бұл ми жазық қайсыбір 

265
дәуірде Қобы аталатын» дейтін Кенекең. Неге қобы? Қобы де-
ген не сөз? Соны сұрамаппыз.
Шерағаң бәрін сұрап тұр. Түс ауа жазушының туған ауылы 
Жуалыға жүріп кеттік. Екеуміздің езу жидырмай, алма-кезек 
айтатын әңгімеміз көп болушы еді, бұ жолы шалың үнсіз. Жол 
ортадан ауғанда «Шераға, үндемейсіз ғой...» дедім. «Ойлап ке-
лем...» деді ол. «Нені?..». «Иірсуды». «Қай тұрғыда?». «Тәңірі 
оны бекер иір-иір етіп жаратпаған. Сендер соған ұқсайсыңдар. 
Сендерде әрі жайлы, әрі сұрапыл бір иірімдер бар».
Ары қарай індеткені: «Жойқын асығыс өзендерді көп 
көрдім. Біздің Жуалыда, мысалы, Теріс дейтін өзен бар. Ағысы 
басқа өзендерге қарсы, тауға қарай. Ал Иірсу өзені сондай бір 
нәзік. Иірім-иірім. Дәл бір бұралып басып бара жатқан қырғи 
мүше келіншек іспеттес... Маңдайы – көз ұшынан тау асатын 
қасқа жол, етегі кең жазира... Кенекең әндері... Кененнің 
әндері асқақ та шексіз кең, сан иірім... Ырғақтық тыныстың, 
саздың тіл жеткізіп айтуы қиын кейбір әспет әуезінің бөлектігі 
арғы-бергі жампоздардың ешқайсысында кездеспейді. Әйтеуір 
бір ғажап кінәздік бар. Кеше орталықтарың – Кенен ауылын-
да көшелерге көз салсам, екі үйдің бірінен осы бір сымбаттың 
сипатын аңғардым. Жаңа салып жатқан немесе жаңартылып 
жатқан тұрғын үйлер, боялған қора-қопсылар, аулалардың 
оқтай түзу қақпалары мен қоршаулары... Қазақстанның қанша 
жерін араладық, қаншама ауылдың ана тұс, мына тұсынан 
қаңырап жатқанын көрдік қой. Ал мұнда... Сірә, бүгінгі Кенен 
ауылының кешегі атамекені – Иірсуда тұрмыстың мәдениеті 
о баста болған. Ол оның барлық өмір салаларын қамтыған. 
Күнкөрісін де, өнерін де... Кенен әндерінің алабөтендігі – осы 
мәдениетте... Кез келгеннің тынысы жете бермейтін самғау 
әуез, жұғарақпанда кілт тыйылмай, иірім-иірім болып кете 
беретін сұлу саз, кінәз ырғақ. Асқақ оқшау. Дара. Дәл Иірсу 
өңірі өзен бойлап өрілген көш сияқты, ауыл іспеттес ана...»
– Білгенге мәдениет деген табиғаттың өзі ғой. Одан кім 
нені қалай үйреніп, кім оны қалай бойына сіңіре алады? Бір 
ауылға барсаң – гүлжазира, дәл соған іргелес тұрған ауылға 
бас сұқсаң – дауыл ұрып кеткендей.

266
– Аузы жеңіл ағайындардың «дауыл ұрудың» әлеуметтік 
себебін білмей, ауылды қараң қалдырып жататыны көп. 
Соның ішінде біздің біраз әріптестеріміз де бар. Ауылдың 
ақиқатын айтамыз деп отырып, сол өзі жіпке тізіп әкелген кем-
кетіктің ішінде адасып кетеді. Ең жаманы, оның «ақиқаты» 
барлық ауылға тән болып шығады. Ал бұл – соның жалғыз 
жоқтаушысы. Үкімет тасбауыр, әкім-қаралар безбүйрек... 
Ал осылай деп жүрген ақын-жазушылар қашан, қай кезде өз 
ауылының барып жыртығын бүтіндеді? Кімін іздеп, кімін 
қойды? Таудан құбыр тартып, жерден су шығарып берді ме? 
Егінін себісіп, жерін жыртысты ма? Ауылын сел қаптап, қар 
басып қалса, халің қалай деді ме? Қай жесірін жебеп, қай 
жетімін жетеледі? Күздеу бармағаны қанша, қыстау көрмегені 
қанша?
Ауыл – әзірше ұлт тұрмысының, оның менталитетінің, 
ха 
лықтық ойлау, пайымдау, армандау, қиялдау, сондай-ақ 
азап-шерінің тағдыри энциклопедиясы. Пейіл-ниеті, мақсат-
мүддесінің бәрі осыдан өріп шығады. Психологиялық өзгерісі 
де. Қалаға он жеті жасында кеткен, содан ауылына оқта-текте 
соғатын қаламгер қанша талантты болса да, өзінің бастапқы 
табиғи тағдырынан айырылып қалғандықтан ауыл, оның адам-
дары жайлы ақиқат шығарма немесе мақала жаза алмайды.
– Нәке, анау Жюль Верн өмірі теңізді көрмесе де, теңіз 
асты әлемін керемет суреттеп өлмес шығармалар жазған ғой.
– Дұрыс айтасың. Онікі – ұлы түйсік, таланты тудырған 
ғажайып қиял. Ауыл теңіздің асты емес, қазақ қаламгерлері 
Жюль Верн емес қой.
– Сіз осы көп жазушыда тағдыр жоқ дегенді меңзеп отыр-
сыз. Менің де сезетінім – көптеген әріптестерімізде, соның 
ішінде дарындыларында керемет идея бар, ақиқаты жоқ. Қай 
жағынан келіп қараса да, өзі өскен баяғы ауыл мен қазіргі 
ауылдың нақты шындығын көре алмайтын сияқты. Егер біз 
нысанамызды не тек қара, не тек ақ күйінде ғана көретін 
болсақ, сол өзіміз жанымыз ашып отырған атамекенге за-
лал келтіреміз. Мәселен, ауылда «Жоқ деген түбі жоқ болып 
қалады» деген кредо бар... Ынсапқа, қанағатқа арқа сүйейді. 

267
Шыдам, төзім онікі. Қара су ішсе де күліп отырып ішуіне 
мүмкіндік бер. Тынышын алма. Құлағын елеңдетпе. Көңілін 
бұзба.
– Әлгі Аңырақайдың даласында қой бағып жүрген бозба-
ла кезіміз ғой. 1968-1969 жылдары алапат қыс болмады ма. 
Қой қырылып жатыр. Ақ қар, көк мұз белуардан. Қарға адым 
аттап баса алмайсың. Сондай күннің бірінде әскери тягач-
пен бір топ адам сау етті. Орталарында қара тұлып киген нән 
қара. Аудандық атқару комитетінің председателі екен. «Қане, 
халдарың қалай?» деді жағалай тұрған қойшыларға. «Халдің 
несін сұрайсың?.. – деп Мешітқұл қария шырт түкірді. – 
Білмеймісің, одан да өзің бізге не әкелдің, соны айт. Шөбің, 
жемің бар ма қалтаңда? Болмаса керегің не бізге?..»
Мұны есіме алып отырғаным, бүгінгі саяси ойында ауылдың 
көңіл күйімен ойнап, оны бетке ұстап, оның күл-қоқысын 
біресе Президенттің іргесіне, біресе Үкіметтің есігінің алды-
на, қалған-құтқанын әкімдердің, басқа да мемлекет қызмет-
шілерінің біресе алдына, біресе артына сүйреп апарушы-
лар біраз бар. Саяси айтыс – саясаттың сарбаздарына керек 
те шығар. Ал олар өз амбицияларына не себепті ауылды 
қыстырады? Ауыл саясаттың қол добы емес қой. Ауылшыл 
екенсің, өзің оған не бердің? Беретінің бар ма? Көрсет. Әкел. 
Қазір ауызға сенетін жұрт қой. Ал Президент өзінің соңғы 
Жолдауында бергенін айтты, беретінін көрсетті.
– Біз, осы қаламгерлер халық пен биліктің арасындағы қай 
ақиқатты айта алмай жүрміз?..
– Бәрін түгел тізіп айтудың қажеті бар ма және ол мүмкін 
бе? Дулат ағамыз таяуда теледидардан өте дұрыс айтты: 
Прези дент – Айсберг. Ол мұхитқа шөгіп тұр. Ол өзін түгел 
көрсетпейді, өзін түгел көре алмайсың.
Халық барын көрсетеді, барын айтады, бірақ соларын 
мән-маңызымен жеткізіп айта алмайды. Қаламгер осы, мі-
не, шындықты өркениетті ой, жан тазалығы, рухтың мық-
ты лығымен айта алмай әуре. Құр даңғазалық. Таяуда Мұ хаң – 
Мұхтар Мағауин маған «Байқайсың ба, осы бізде ентікпелер 
мен едіреңбайлар көп, бір қызығы, халық соларды тыңдауға 

268
құмар, әрі әлгі әртіскештерге иланып қалады» деген сұмдық 
ақиқатты айтты. Шынында да, жаман таңғаласың. Біреу екі 
иығын жұлып шыға келсе, «Міне, азамат!» десіп, аузымыз 
аңқайып қалады. Шын мәнінде, оның бос бөшке, құр кеуек, әр 
жерде әулекіленіп шыға келетін әңгібай екенін пайымдай ал-
маймыз. Бұларға әр аймақтағы қаламгерлігі көркемөнерпаздар 
үйірмесінің көшеден келіп қосылып жататын мүшелерінің 
деңгейіндегі әңгіртаяқтарды қос...
– Нәке, сіз билікті қолдайсыз ба?
– Мен мемлекеттік жүйенің ғасырлар бойы қалыптасқан 
клас сикалық үлгісін қолдаймын. Халық өздігінен жол таба ал-
майды. Оған жол көрсетуші, бағыт беруші, оны қорғап сақтау-
дың жолын білетін, басқа елдермен жақсы арақатынастың ди-
пломатиясын терең меңгерген, сезімі ұлттық, көзқарасы жал-
пы  адамзаттық адамдардың билік деп аталатын саяси жүйесі 
керек. Ол бізде қазір бар ма? Бар. Ондай барды неге қолдамау 
керек?
– Сіздің қатарларыңыз немесе үш-төрт жас айырмашы-
лығы бар замандастарыңыз БАҚ, түрлі әдеби мекеме немесе 
әдеби басылымдарда қазір бірінші басшы. Өзіңіз «Жамбыл» 
журналын басқарып отырсыз. Екі сұрағым бар, біріншісі – 
жаңағы сіздің көзқарасыңыз сіздің қатарларыңызға да тие-
сілі ме, әлде?..
– Оны олардың әрқайсысының өзінен сұрау керек шығар. Өз 
басым кешегі бас редакторлар Шерхан Мұртаза, Камал Смай-
ылов ағаларды өнеге тұтам. Әдебиет пен өнер қайраткерлері 
өкілдерінің Президентпен соңғы кездесуін көзіңе елестетші. 
Ұлттық мүдде, сұраныстарын Елбасы ешкімнен артық білмесе, 
кем білмейтінін, Елбасының бұл бағытта осы отырғандардың 
барлығынан да он-жүз есе артық жұмыс істеп жатқанын пай-
ымдай алдық па? Тың пікір, соны ой айтуға болатын ба еді? 
Әрине, болатын еді. Бірақ Н. Назарбаевтың арқасындағы он-
сыз да ауыр жүкке толы қанарға тағы да зілбатпан жүкті сал-
дырлатып сала беру қажет пе?! Кезегін күтпеген шаруа кезекте 
тұрған шаруаны басып-жаншып тастамай ма?

269
Сосын, меніңше, Президент әдебиет пен өнер қайраткер-
лері өкілдерін қабылдағанда, рухани интеллектуалдан Құ-
дай 
дың құтты күні айтылып жатқан проблемаларды қай-
талауын емес, интеллектуалды саясаттың бағасын білгісі 
келеді. Өркениет әне. Жаһанданудың төбесі көрінді. Ұлы көш 
соған дайын ба? Ұлт соған лайықты ма? Міне, әңгіме.
Жалпы, редактор ма, жоқ, қатардағы қызметкер ме, шын 
қаламгерге бәрінен азаттығы қымбат. Қаламгердің жөнсіз 
иіліп-бүгілгені – қасиетінің кеткені. Түптеп келгенде, кімнен 
неге үрку керек? Көп болса қызметіңді бересің. Қаламыңды 
тартып алар Құдайдан басқа құдірет жоқ қой. Мәселе кез кел-
ген қаламгердің қоғамына дейтін азаматтық асқан белсенді-
лігі мен қайраткерлік қасиетінде. Осы тұрғыда мен Смағұл 
Елубаевқа әрдайым разы болып жүремін. Ол Прагада 10 жыл 
тұрып қалды да, біраз уақыт бас қоса алмай жүрдік. Таяуда те-
лефонмен едәуір әңгімелесіп, сол әңгімеде, сосын «Жас Алаш» 
газетіндегі сұхбатынан байқағаным, Смағұл сол баяғы ұлттық 
мүдденің азаматтық әуенінен еш айнымаған. Өзгеріс – ол бүгін 
әлемдік мәдени өркениеттің интеллектуалы. Ал интеллект 
қалам ұстап жүргендердің бәрінде бірдей бар ма? Жазушыны 
қоғамдық мүддемен қосақтап жіберетін – осы ақыл-ес. Марха-
бат Байғұттың ауыл адамдары жайлы әңгімелерінен мен соны 
байқаймын. Ол – тағдыры бар жазушы. Сол тағдырының та-
мырын басып сөйлей алады. Тапыраңдамайды, тасымайды, ау-
ылдарды жылы жауын аралап өткен соң жайлап есіп тұратын 
жұмсақ самал іспетті. Мархабаттың жан дүниесінен осы еседі. 
Оның шығармалары – оның өзі.
Анна Каренина, мәселен, Толстойдың өзі еді ғой. Анна Ка-
ренинамен орыс қоғамының, өзінің тағдырын ұлы жазушы 
еңіреп жазды. Интеллектуал жазушы басқаша бола алмай-
ды. Интеллектуал жазушы халықты интеллектіге жетелейді. 
Амал не, қазір кімнің шын ақын-жазушы екенін ажыратып алу 
қиын. Оған жазгерлер дейтін бір өзіне-өзі сөзсіз жазушы мерез 
құбылыстар қосылды. Не жазып, не қойып жүргендерін өздері 
де білмейді. Өйтіп-бүйтіп өлең-сөлең құрастыра алады, бір та-
рауы мақала іспеттес, бір тарауы мемуар тақылеттес, келесісі 

270
суреттемеге ұқсас, ар жағы очеркке келіңкірейтін бірдеңелерді 
шимайлайды. Жә, бұларды қойшы. Таяуда «Қазақстан жазу-
шылары – ХХІ ғасыр» деген анықтамалық шықты ғой. Қане, 
шыныңды айтшы, осы қалың кітапты қатты сығып жіберсе, 
шын мәнінде қанша ақын-жазушы қалады?
– Кемінде 400-і ағып кетеді ғой.
– Сонда замандық есі дұрыс көркем шығарма бермесе, өмір 
бойы жалғыз рет те қоғамдық белсенділік танытпаса, жаңағы 
ағып кететіндер «Анықтаманың» ішінде қалқайып неғып 
жүр? Оқырманды қайдам, ақын-жазушылардың өздері «Осы 
кім еді?» деп оларды бір-бірінен сұрап жүр ғой.
Қызық жері, енді ондайлар мерейтойшыл. Ол үшін, әрине, 
ауылға шапқылайды. Әрине, әуелі облыс, аудан басшыла-
рына сөзі өтетін дуалы ауыз іздейді. Табады. Дуалы ауыз, 
анау жылап-еңіреп босағасына жатып алған соң, амалсыз 
телефонның трубкасын көтереді. Ар жақтағы зарлайды: «Пә-
лен ше-екем-ау, о кім еді біз естімеген?». «Ойбай, сұмдық ақын! 
Одақтың мүшесі!». Енді ауылда біреуге көл-көсір, біреуге 
«жетім қыздың» тойы жасалып жатады. Қасиетті қайран ауыл 
соның бәрін көтереді үнсіз. Әлгі «керемет ақын», «тамаша жа-
зушы» өзі іспеттестерден тұратын «бір ротамен» келіп ішеді-
жейді, шапанын киеді, атын мінеді. Дәмелері одан зор еді. «Бір 
мәшине әперуге жарамады, әй, бұл біздің ауыл (аудан, облысты 
қосып айтады) ел емес» дегенді де талай естідік. Ел емес... Сон-
да оның өзі кім? Өз ауылын өзі бір темір-терсек үшін ел емес 
деуі – о кісәпірдің тағдырын жоғалтқаны емей не?!
– Сіз осы үш жүз ұғымына үнемі қарсысыз. Қазақ деген 
жалғыз атауға ғана ден қоюды айтып жүресіз. Ал былайғы 
жұрттың, соның ішінде қаламгерлердің де кейбір ақсақал-
көксақалы, бала-шағасы рулық белгі бойынша ой оздырып жа-
татыны өтірік емес.
– Қасиетті қайран ауылда дәл осы пәле жоқ. Руын әркім-ақ 
біледі. Өлі-тіріде ағайын туыстығын жасайды. Бірақ ешкімді 
аяқтан шалып, шетке қақпайды. Менің елу жылдан астам 
өмірім Қордайда өтті. Ал сонда, Қызылсай деген ауылда 40 үй 
қаңлылар тұратынын мұнда білдім.
Алғаш жаза бастағанда «Ойбай, ол анау, ар жағыңдағы мы-
нау, бер жағыңдағы өзің...» деген пыш-пышты мен де естідім. 

271
Бер жағындағы «өзім» – мысалы, Шерағаңа оның қолында 
әрқилы билік тұрғанда алдына бір рет те барып көрмеппін. 
Алғашқы кітабымның жарық көруіне ықпал еткен – марқұм 
Қалдарбек Найманбаев. Одан Әбіш Кекілбаевтың, Фариза 
Оңғарсынованың жылы қабағын, түзу пейілін көрдім. Ма-
рал Ысқақбаев алғашқы кітабыма «Қазақ әдебиеті» газетінде 
көлдей мақала (ол кезде жаңа жазып жүргендерді бұлай жарыл-
қамайтын) жазды. Қабдеш Жұмаділов пен Сәкен Има на сов 
кезінде «Жалын» аталатын журналдан романымнан үзінділер 
оқып, арқамнан қақты. Мұхтар Мағауин әңгімелеріңді қоя тұр 
деп, «Жұлдыз» журналында романымды басты. Әбдіжәміл 
Нұрпейісов осы жылдың басында мені Тараздағы қызмет ор-
нымнан әдейі таптырып алып, «Көк көйлекті келіншек» дей-
тін әңгімемді әр жолы бойынша талдап берді. «Слова – опре-
деляют мысли» дейтін И. Эренбургтің сөзін есіме салды. 
Ұлықбек Есдәулетпен мына өзің кездескен жерде «Нәке, 
жазғандарыңды алып кел» деп тұрасыңдар. Қатарларымнан 
Нұрлан Оразалин барымды санап, жоғымды түгендеп жүреді. 
Мереке Құлкеновтің де қашанда құшағы ашық. Есенғали Рау-
шанов, Мейірхан Ақдәулетов, Жұмабай Шаштайұлы, Көсемәлі 
Сәттібайұлы деген азаматтардың пейілі тіптен ыстық. Ра-
хымжан Отарбаев шығармашылығым туралы кезінде арнайы 
үлкен мақала жазды. Құрдасым Бақыт Сарбалаев бір кездегі 
«Лениншіл жас» газетінде бәйге алған «Ақкөгершін» повесімді 
алғаш рет талдаған. Елен Әлімжан деген Таразда тұратын жа-
зушы-драматург ағамыздың бағасын өздерің жарияладыңдар.
Рулық белгі бойынша осының барлығы әр атаның бала-
сы емес пе? Әр атаның осы бір алды классик, соңы талантты 
азаматтары маған не себепті соншалық ыстық ықыластарын 
білдіреді? Сонша асып кеткен таланттымын ба? Мәселе менің 
өзімнің ешқашан ешкімді бөліп-жармайтындығымда. Менің 
Кенен ауылым мені солай тәрбиелеген. 
Мен кешегі Кененге арнайы сәлем беру үшін Мұхтар Әуезов, 
Шыңғыс Айтматов сияқты талай-талай алыптар келген ау-
ылда өстім. Сол ауылға қазақ халқындағы саяси ірі тарихи 
тұлға Д. Қонаевтан бастап келген мемлекет қайраткерлерін 
көзбен көріп, сөздерін құлағым шалып ержеттім. Мен ең соңғы 
шайқасы Қордайда болған қазақтың соңғы қаһарман ханы 

272
Кенесарының ұлт азаттығы үшін жан пида еткен ұлы ерлігіне 
тәнті болып, оған мақтанып, әрі намысына өртеніп ес жиып, 
етек жаптым. Жамбыл тәтеңді исі қазақ әлпештеп жүзге, Ке-
нен атаңды тоқсанға жеткізді. Ұлы жүз емес, исі қазақ! Исі 
қазақсыз біздің кез келгеніміздің, түгелдей алғанда, ұлттың 
ұшпаққа жетуі неғайбыл. Исі қазақ билігін де, ел-жұртын да 
бірдей алып қарап, бірдей құрметтеп, бірдей қолдап, сүйейтін 
сәт туды. Исі қазақтың ХХ ғасырының рухани әлемі берген екі 
ерен тұлға – ұлы Абай мен заңғар Олжасының жасампаздығын 
жаһанға жайып отыратын кезеңі мынау. Біздегі бүгінгі кейбір 
«ғұламалардың» тұлғатануда «атамның сақалын тарап едім, 
мұртын басып едім, қолына су құйып едіммен» шаруасы бітетін 
бәлдір-батпақтарын ысырып тастап, жаңа көзқарастарды алға 
шығаратын мезгіл келді. Сонымен бірге әкелеріміздің, ата-
бабаларымыздың, өзіміздің ауылтаным дейтін тағдырымызға 
абай, ақылды қарайтын шақ бүгін. Ауылды қараң қалдыруды 
қою керек. Ауыл қараң қалмайды, жекелеген адамдардың 
қалуы басқа әңгіме. Ауылдың проблемасы – сол жалпы, сөзсіз 
кезегімен туып отыратын сұраным. Өмір барда сұраным туа 
береді. Бірінен кейін екіншісі, екіншісінен кейін үшіншісі... 
Олай етпесе даму жоқ.
– Осы жерде тек бір нәрсені ескеру қажет сияқты. Қазір 
ғой, Құдайға шүкір, ауыл-ауылда төрт түліктің қарасы мо-
лайды. Біраз адамға ата-бабасына бітпеген мал біте бастады. 
Енді осыны қандай жағдайда да аман сақтау мәселесіне біздің 
бауырлар соншалық ден қоя бермейтін сияқты. Биыл, мыса-
лы, Жамбыл облысына қар өте қалың түсті ғой. Біз білетін 
ақпарат бойынша талайдың малы қырылған...
– Ата-бабаның «Бай – бір жұттық» дейтіні рас. Мәселен, Са-
рысу ауданында бір азаматтың мың қойы қырылып қалыпты. 
Жем-шөбінің жоқтығынан. Ішің аши ма? Ашиды. Неге қам-
данбаған дейсің бе? Дейсің. 
Осы күзде мені университетте бірге оқыған, қазір сол ау-
дандағы әкімияттың ішкі саясат департаментінде қызмет 
істейтін Жамалбек деген азамат іздеп келіп еді. Сонда ол 
қазір ауданның жеке секторындағы қой басы кеңес заманы 
кезіндегіге жетті деген. Енді қарашы. Өлім-жітім жалғыз 
әл 
гі азаматта ма? Ендеше, жем-шөп дайында дейтін сөзсіз 

273
қажеттілікті айналып өте беруге болмайды ғой. Еңбегің зая – 
ең жаман нәрсе.
– Қазір ауыл мен қала тұрғындарының психологиясы бітісіп 
кетті дейтін әңгіме көп. Өз басым соған сене бермеймін. Сірә, 
сыртқы форма – киім киіс, жүріс-тұрысқа қарап айтатын бо-
луымыз керек осы.
– Ұлы психолог Зигмунд Фрейд адам психологиясына 
күн 
делікті тіршілік ету дағдысы үлкен әсер ететінін айта-
ды. Ауылдың тірлігі мен қаланың тірлігі қандай жағдайда, 
қа 
лай бір ырғаққа, бір сипатқа түседі? Әрқайсысының өз 
ерекшелігі бар. Біз сыртқы форманы емес, ауыл мен қала 
тұрғындарының саналық жаңару бірдейлігін іздеуіміз керек. 
Әрине, саналық жаңару процесіне қала әлдеқайда оңтайлы. 
Прогрестің қолда бар материалдық базасы осында ғой. Ал 
ауыл үшін рухани-материалдық база – білгенге, жазушының 
шығармасы. Ауылым, ауылым десең, сен оның жерін жыр-
тып, егінін сеуіп бермейсің, құбырын тартпайсың, айлығын, 
зейнетақысын көбейте алмайсың, малын қайырыспайсың, 
жетім-жесірін, кембағалын материалдық тұрғыдан желеп-же-
бер ниетің баяғыдан жоқ. Ендеше, қалатыны – оның саналық 
жаңаруына, өркениетке ұмтылысына, дүниетанымның кеңеюі-
не, эстетикалық талғамының тереңдеуіне қызмет ететін сөзі 
көркем, ойы құдіретті шығармаңды жеткіз.
Жалпы, ауылдың психологиялық өзгерісін тек алдан іздей 
беруге болмайды. Психологиялық өзгеріске өткен шақтың 
тағылымы да қызмет етеді. Мұхтар Мағауин айтады: «Біздің 
бала кезімізде ауылда «Жұлдыз» журналын 5-ақ адам ала-
тын. Соны бір-бірінен сұрап алып, кезекпен барлық түтін оқып 
шығатын» деп. Сол дағды ауылымызға дәл бүгін ауадай қажет. 
– Әңгімеңізге рахмет.
«Қазақ әдебиеті» газеті.
2005 жыл
18-267

274

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет