Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет2/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ЖЫЛҚЫ ЖӨТЕЛГЕН ЖЫЛ...
Ауылға барған сайын жаным жасып, жүрегім жылап қай-
тады.
   –   Кісісі қайтқан үйлерге барып, көңіл айтып келейік, ба -
лам, – дейді жасы сексеннен асқан байғұс анам. Жылына 
бірер рет айдын көлін аңсаған аққулар сияқты кіндігіміз ке-
сілген мекенге аңсап жететініміз бар. Қарт анамды, ауыл 
имамы Қожантай ағаны ертіп, бірінші кезекте қайтқандарды 
түгендейміз. Әр үйге бата оқыр жасап, құран бағыштап, тізе 
бүгіп, көңіл білдіріп шығудың өзі бір-екі күнге жалғасады. 
Елге әр барған сайын солай. 
Сарыарқаның сағымды даласындағы Қарағанды, Жезқаз-
ған өңірінің жұрты қан түкіріп, у жұтып отыр. Демікпе, қан 
қысымы, жүрек ауруы дейсіз бе, сырқаттың небір түрі көбей-
ген. Психикалық ауытқуларға ұшырағандар да аз кездес-
пейді. Біздің ауыл шөлейтті аймаққа жататын Жаңаарқаның 
Бетпаққа қараған пұшпағында. Осы өлкеде қыршынынан қиы-
лып, ажал құшып жатқандардың саны жыл өткен сайын кө-
бейіп тұр.
Бұл өңірде құдықтардың суы тартылып, аң-құстар қашып, 
өсімдіктердің түрлері жоғала бастады. Оның астарына үңіліп, 
сарапқа салып, таразылап жатқан пенде жоқтың қасы. Әйтеуір 
Арқаның алтын алқасындай өңір шарасыз бір күй кешіп 
тұр. Заманымыздың заңғар ақыны Олжас Сүлейменов «Не-
вада – Семей» қозғалысын құрып, ажал аранының аузын әрі 
қаратқандай, әлем назарын аударған іс тындырды. Ұлы ақын 

24
ұлы жұмыс жасады. Бірақ қатерлі аймақ Курчатов, Байқоңыр, 
Абыралы, Дегелең ғана емес еді...
Бетпақтың даласында Талдыеспе, Қызылеспе, Мұңлы-Қу-
лы аталатын өңірлерде орыстың 73, 55 сияқты нөмірленген 
жа сырын геологиялық партиялары ұзақ жыл жұмыс істеді. 
Олар елсізге қалашық тұрғызып, өздерінің жоспарлары іске 
асқан соң, әлгі құрама үйлерінің бір бұрауына да тиіспей, кел-
ген жағына тайып отыратын. «Бұл жерден уран алады екен...» – 
деген сыбысты бала күнімізде талай естігеніміз бар. «Біреудің 
қаңсығы біреуге таңсық» дегендей, әлгі радиация жайлаған 
«мәскеулік қалашықтардың» үйлерін бұзып, қора-қопсы са-
лып, қыр қазағы мәз болып қалатын.
«Ғарыш қырандарының» бәрі біздің маңайға келіп қонып 
жататынына мақтанып жүруші едік. Құла дүзге құлаған ракета 
сынықтарын трактормен сүйреп әкеліп, отын сақтайтын орын 
жасайтын қолы жеткендер. «Өзі бір отын сақтауға таптырмай-
тын дүние екен», – деп әкем марқұм да ракета сынығының 
үлкен бір бөлігін алты қанат ақбоз үйдің қасына орнықтырған. 
Сол бөлшектің тетіктерін бұрап талай ойнағанбыз. Малшы 
ауыл қоныс аударған сайын, атадан қалған мұрадай етіп, 
әлгі «сынықты» сүйрей көшетін еді біздің үй. Ат құлағында 
ойнаған ауыл баласы ол кезде радиация деген пәлені қайдан 
білсін? Радиация мөлшерін өздері білгенімен, Сарыарқаны 
сынақ алаңына айналдырғандар жарияға жар салмайтын.
Бетпақдаланың бір шеті Балқашқа, екінші бір пұшпағы 
Тұран ойпаты арқылы Арал теңізіне шектесетін кеңістікті 
алып жатыр. Байқоңыр ғарыш айлағы да таяқ тастам жер-
де. Осы маңайда бірнеше кеніштер жұмыс істеген. Сол кездің 
өзінде олардағы радиация мөлшердегіден әлдеқайда көп екен. 
Оған бір ғана мысал, Балқаш қаласының іргесіндегі Ақшатау 
кентінде 1990 жылы болған зерттеулер ауа мен топырақтағы ра-
диация нормадағыдан 10 есеге дейін артық екенін дәлелдеген. 
Бұл аймақтағы радиация мөлшері нормадағы 16-30 мкр. сағат 
орнына 17-160 мкр. сағатқа жеткен.

25
Одан бергі 17-18 жыл уақытта радиация мөлшерін анық тап, 
зерттеуді қолға алған үкімет жоқ. «Алла жар болсын» айтып, 
жанары жәудіреп дәрменсіз жұрт отыр.
Соңғы он шақты жылдың ішінде «Протон» зымыран тасы-
ғышы қазақ жеріне алты мәрте құлады. Есеңгіреген ел тіпті 
мәселенің мәнісіне бойлап, байыбына да бара алмай қалғандай. 
Ажал аждаһасын қолдануға тыйым салу мүмкін болмай тұр. 
1999 жылы Ресейдің «Протон» зымырантасығышы Арқа же-
ріне екі мәрте құлады. Алғашқысында қасиетті Қарқаралыға 
улы темір тажал боп жауды. Ол 130 километр аумаққа шашы-
лып, жерге 43 тонна гептил сұйығы сіңіп кеткен, 600 гектар 
жерді өрт шарпыған, радиация деңгейі сағатына 22 микро-
рентгенге дейін көтерілген. Сол кезде Алаштың ардақтысы, 
ғарышкер, батыр Тоқтар Әубәкіров 6 мың шаршы шақырым 
жер уланғанын, ал оның қалпына келуі үшін 3 мың жыл қажет 
екенін айтып, дабыл қағып еді...
Сол жылдың қазан айында Жаңаарқа ауданының 150 ша-
қырым аумағына шашырай құлаған зымырантасығыш бөл-
шектері елдің құтын тағы да қашырды. Арнайы құрылған 
комиссия: «60 тонна гептил жерге жетпей, ауаға жайылған, 
зиянсыз...» – деп жұртты жұбатып, адам сенгісіз қорытынды 
шығарған.
Содан бергі уақытта ауа мен судың бұрынғыдан бетер ла-
станып, адам өміріне зиян жасап жатқанын өз деңгейінде не 
билік, не үкімет айтпай келеді.
...Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретің сынар:
«Гептилді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар.
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымырантасығыштары».

26
Арқам-ай,
Арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
– Уды у қайтарады, – деп...
Бұл – сол жылдары жазған «Сарыарқа. «Протон» құлаған 
жыл» атты өлеңімнің үзіндісі. Біздің елдің кешегі, бүгінгі 
суреті. Өмірде шарасыздықтан, дәрменсіздіктен өткен сордың 
жоқтығын қайран қазақ ауылдары енді ұға бастағандай.
Өкімет айтқандай, гептил залалсыз емес. Гептил – 1-класты 
улы зат, тіршілікке аса қауіпті. Оның токсиндік, мутагендік 
және ісік ауруларын шақыратын зиянкестігі бар. Гептил-
ден триозол, метилтриозол, тетрозин, нитрозолдиметиламин, 
метилгидрозин, формальдегид, сингиль қышқылы сияқты 
токсиндік заттар түзіледі. Бұлар жер қыртыстарында ұзақ 
сақталады және өсімдіктердің өсу процесін тежейді.
Ал азот тетроксиді – амил туралы Қазақ ұлттық универ-
ситетінің физикалық-химиялық зерттеу және сараптау орта-
лығы зертханасының меңгерушісі Светлана Батыр бекованың 
айтуынша, амилдің буы ауаға таралған болса, қышқылды жа-
уын болып жерге қайта жауады. Егер гептил адам организміне 
енсе, 30 секундтың ішінде өкпе, бауыр, миға дейін әсер етеді. 
Адам организміндегі барлық тканьдар өзгеріске ұшырайды. 
Орталық зертханасының зерттеуі бойынша, жер қыртысына 
сіңген гептилдің көлемі тым үлкен болса, жер асты суына 
қосылып, бағытын горизонт бойынша өзгертуі мүмкін. Бұл 
жер асты суы арқылы гептил ұзақ қашықтыққа тарап, рес-
публиканың мүлде күтпеген аймақтарынан шығуы мүмкін де-
ген сөз.
Өткен жылдың қыркүйек айының 6-жұлдызында Байқо-
ңыр ғарыш айлағынан ұшырылған Ресейдің «Протон-М» зы-
мырантасығышының Жезқазған қаласынан 80 шақырым жер-
ге құлауы елді аз дүрліктірген жоқ. Және бұл жолғы апат 
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сол өңірге са-
парымен тұспа-тұс келді. Яғни, көктен күл-паршасы шығып 
жерге құлаған ресейлік зымыран Елбасының жеке өміріне қа-
уіп төндірген.

27
– Егер Президенттің сапары барысында ол бағытқа зымы-
ран ұшатын болса, оған дереу тыйым сала алатын құқымыз 
болуға тиіс, – деді жедел жиын ашқан Премьер Кәрім Мәсі-
мов. – Айтудың өзі қорқынышты, «Протон» дәп Мемлекет бас-
шысы іссапарда болған Жезқазғанның іргесіне құлаған. Бұған 
біз неге жол бердік? 80 шақырым деген ғарыштық биіктікте 
үш-ақ сантиметр ғана ғой.
Премьер Мәсімов дегбірі қашып, таусыла сөйлеп еді сонда.
Шынында соңғы апаттың салмағы бұрынғыларынан әлде-
қайда ауыр сияқты елестеген. Жоғарғы жақ алашапқын бол-
ды. Апаттың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстар бастал-
ғандай еді. Үкіметтік комиссияны сол кездегі Төтенше жағ-
дайлар жөніндегі министр Виктор Храпунов басқарып, іле-
шала құзырлы комиссия Жезқазғанға ұшып келген. Оның 
құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агент-
тігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, оның орынбасары Еркін 
Шаймағанбетов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті экономикалық 
қауіпсіздік департаменті бастығының бірінші орынбасары 
Марат Әділханов бастаған, тағы басқа бірнеше беделді ведом-
стволардың басшылары болған.
Ресейдің «Протон-М» зымырантасығышы Байқоңыр ға рыш 
айлағынан қыркүйектің 6-сы күні 04 сағат 43 минутта «Джей 
Си Сат-11» ғарыштық аппараты арқылы ұшырылғаннан ке-
йін іле-шала, яғни 135 секундта апатқа ұшыраған. Сол мез-
гілде зымырантасығыштың багында 649 тонна гептилдің 
218 тоннасы қалуы керек екен. Осы удың қоршаған ортаға, 
адамға зиянын сараптау мақсатында дереккөздері Ресей мен 
Қазақстан жағынан бірігіп, 300-ге тарта маманның жұмысқа 
кіріскенінен ел-жұртты хабардар еткен. Әр жерден 96 сына-
ма алынып, Мәскеу, Алматы зертханаларына жөнелтілген. 
Зымырантасығыштың негізгі үлкен бөлігінің құлаған жерінде 
аумағы 44 метр, тереңдігі 18-20 метрдей үлкен қазаншұңқыр 
пайда болған. Көргендердің айтуынша, бұл жер Қаракеңгір, 
Сарыкеңгір өзендері, Есқұла су көзі, Кеңгір су қоймасынан 
қашық емес...
Әйтеуір содан бері де бірнеше айдың жүзі ауды. Бәрі бая-
ғыша. Жоғары жаққа қараған алаң да алаң, алаң жұрт... 

28
Үкі мет аралық  комиссияның  жұмысы  сиырқұйымшақта  нып 
барып біткендей. «Протон» құлап, көктен у жауғанда елі-
міз  дің эколог мамандары Қазақстан жағына кемі 36 милли-
ард теңге шығын келді деп бағалаған. Кейін екі ел арасында 
құрыл ған үкіметаралық комиссия 7 миллиард 404 миллион 
теңгені алақан жайғызып, «аһ» ұрғызып әрең бергелі отыр. 
Үкіметаралық комиссияның бірлескен хаттамасына қаң тар-
дың 8-жұлдызында қол қойылып кеткен. Еңірегенде етегің 
толса да енді бәрі кеш. Құжаттың аты құжат, мөрдің аты мөр.
Комиссия қорытындысымен Мәжіліс депутаттарын хабар-
дар еткен Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров: 
«Зымыранның құлауынан қатты бүлініп, ауылшаруашы лық 
мақсатта пайдаланылатын жерлер қатарынан шығып  қал ған 
342 гектар жер үшін Ресей 7 миллион теңге төлеуге ұйғар-
ды», – деді. Осы мәселедегі бағыттардың бәрінде еліміздің  ес е-
сі кетіп отырғаны анық. Үкіметаралық комиссия мүшелері де, 
мәмілегерлер де қалың елдің көңілінен шыға алмады. Ресей 
тарапы қазақ даласына келген экологиялық зардаптарды 
178 млн. 435 мың теңгеге, ауыл шаруашылығы өндірісі тарт-
қан шығынды 20 млн. 230 мың теңгеге бағалаған. 
Қайыршыға қара бақыр ұстатқандай күй кештірерін біл-
генде, Үкіметаралық комиссияның не қажеті бар еді? Қалың 
қазақтың қабырғасын сөккен қайғылы апаттың орыс тарапы 
үшін жай ғана оқиға саналғаны ма?
Әрине, Парламентте бас көтеріп, қарсылық білдіргендер 
болмай қалған жоқ. Қатты ашынған қалаулылар Ресейдің 
гептилмен ұшатын барлық зымырандарының қазақ жерінен 
ұшуына тыйым салу керектігі жөнінде ұсыныс айтты.
Бізде кейбір апатты жағдайларды жылы жауып қою фак-
тілері де кездеседі. Депутат Ержан Рахметов 2007 жылдың 
көктемінде Шығыс Қазақстанның Күршім, Марқакөл аудан-
дарында тұрғындардың басына зымыран бөлшектері құлаға-
нын айтты. Ел апат жағдайын бағамдай алмағандықтан жабу-
лы қазан жабулы күйінде қалған. Бұл оқиға жайында Төтенше 
жағдайлар вице-министрі хабарсызбыз дегендей рай танытты.
– Сексенінші жылдардың соңынан бастап Сарыарқаның 
сауырынан киіктер жоғалып кетті. Қызылшақа болып табы-

29
нымен қырылып жатқанын көзімізбен көргеніміз бар, – дейді 
Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы 
Алдан Смайылов. 
Меніңше, киік қырғынының басы ағамыз айтқан уақыттан 
ертерек басталған. 1981 жылдың шілдесінде Торғай облысы-
ның Жанкелдин ауданында іссапарда болған жазушылар 
Ақсе леу Сейдімбек, Амантай Сатаев, Сейіт Кенжеахметов аға-
ларымыз «Сарыторғай» совхозының жерін аралап келе жатып, 
бір сұмдық оқиғаның үстінен түсіпті.
– Құм беткейде сұлап, мың-мыңдап қырылып жатыр екен 
жарықтықтар. Дала қан сасиды. Шынжыртабан тракторлар 
ақбөкеннің өлексесін құм астына жасырып әлек, – деп еске 
алып еді марқұм Амантай аға. Қаламгерлер қанды қырғынның 
се бебін іздеп, сұрау салмаған жері жоқ, бірақ бәрі нәтижесіз 
болған. Сол кездегі Торғай облыстық атқару комитетінің тө-
рағасы Е. Зарицкийдің өзі олардың бұл мәселе төңірегіндегі 
сауалдарына жақ ашпаған. Ал бұл сұмдықты көрген ағалар 
көңілінде «Әй, тегін емес, радиацияның пәлесі шығар...» деген 
қазақы жорамал қалған. Одан әрі сөз шықса Мәскеудің көтере 
алмай қалуы мүмкін кез еді ол.
Қалай дегенде де болжам көп, сөз көп. Жанары сол ақбө-
кеннің жанарындай жәудіреп, өкіметтен қайран күтіп қазақ-
тың қалың елі, қайран жұрты отыр. Жалғыз киік емес, көп-
теген аң-құстардың, өсімдіктердің түрлері жоғалып кеткенін 
көнекөздер жырдай ғып айтады.
Ендігі жерде Ресейдің зар қақсатып берген азғантай тиын-
тебені жыртығымызға жамау болмасы белгілі. Орыстың зы-
мырантасығыштары құлаған аймақтардағы радиация көлемі 
шұғыл анықталуы керек. Ел экологиясы жөніндегі кешенді 
заң қабылдап, оны жұмыс істеткізетін механизмдерді ойласты-
ру – кезек күттірмейтін міндет. Түрлі болжам мен долбар дан 
гөрі ғылыми негізі бар зерттеулер жасап, іске шұғыл кіріс песе 
болмайды.
Қайталап айтарымыз – қазақтың даласы Ресейдің сынақ 
алаңы емес. Алла жар болсын!
«Қазақ әдебиеті» газеті.
2008 жыл

30
АҢДАРДЫҢ АРУЫ ЕДІ АҚБӨКЕНДЕР
Ақбөкенді қазақ «киік» деп те атайды. Сахараға сән бе ріп, 
жанары жаудырап, мың-мыңдап өретін еді жануар. Көшпелі 
елдің терісін киім, етін азық, мүйізін пұл еткен ырысы бола-
тын. Сұлу аңды «киелі жануар» деп бабаларымыз тегін қас-
терледі дейсіз бе? Алаштың ардақты ақыны Сәкен аға:
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, 
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері жәудіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім, –
деп жырлауынан да көп нәрсе аңғаруға болады. Сұлулыққа ің-
кәр сырбаз ақынның назарын «сары даланың ботакөзі» өзіне 
аударып, өлең болып құйылуында да заңдылық бар.
Бұдан жүздеген жыл бұрын-ақ киіктер қазақтың шалқар 
даласын, Еділ өзенінің төменгі бойын мекендеп келді. Өткен 
ғасырда да бөкендер еті мен мүйізі үшін көп ауланған.
1858 жылы ресейлік аңшылар біздің жерімізден Қытайға 
41720 пар киік мүйізін жинап өткізген. Бұл мүйіздерді қы-
тайлықтар дәрі-дәрмекке айналдырып, әлемдік саудада айы 
оңынан туды. Киікті киелі де қасиетті аң санаған қазақтар 
мүйізден жасалған дәріні өкпе қабыну, жүрек ауруы, құяң 
сияқты дерттерге шипа есебінде қолданған. Мал еті ауырлау 
тиетін науқастар қорытылуы жеңіл деп киік етін жеген. Киіктің 
тұяғын күйдіріп, оның күлін түрлі жараға жағып, халықтық 
ем-дом жасаған. Ал ақбөкеннің қанын жылы күйінде сусамыр 
ауруына шалдыққандар ішсе, пайдалы боларын да халқымыз 
білген. 
Бір кездері бөкендер Орталық және Батыс Еуропаның 
көптеген елдерінде болды. Қазір киік табындары аз да бол-
са Моңғолия мен Қытай жерінде кездеседі. Соңғы екі-үш ға-

31
сырда Қазақстанның шөлді және шөлейтті аймақтарында 
аң 
дардың айнамкөзі мың-мыңдап өргені өтірік емес. Олар 
Қа рағанды, Қызылорда, Шымкент пен Жамбыл облыстары-
на ортақ Бетпақтың бедерсіз беткейінде, Торғайдың жазық 
жазирасында, Орал өңірінде көбірек кездесетін. Қазақтың са-
ғыныштай сарғайған сары даласында жалтармай жол кесетін 
жайсаңымның өзі еді ғой киіктер!
Ақбөкен шөлге төзімді жануар. Бөкен текелерінің сал мағы 
45-55 келіге жетеді, олардың 20-25 сантиметрлік мүйізі бар, 
ал ешкілерінің салмағы 35-40 келіге дейін тартады. Тұмсығы 
дөңестеу, сирағы қамшы сабындай жіңішке, қысқа қызғылт 
жүнді бұл жануарлардың ерекшелігі – құрамында улы затта-
ры мен тұздары бар шөптерді азық ете береді. Ғалымдар оның 
азығының құрамында 13 процент улы өсімдіктер болатынын 
анықтаған. Мұндай өсімдіктерге шөлейт аймақтарда жиі кез-
десетін жыланқияқ, шытыр, қызылқұйрық, тағы басқалары 
жатады. Ал бұл аңның сүйсініп қоректенетін азықтары – жу-
сан, киікоты, қына, бидайық, изен. Қуаңшылық жылдары 
жа йылымдық іздеп, алыс жерлерді кезіп кетеді. Киік – шөл 
далаға қалыптасқан аң. Олар сағатына 70-80 шақырымдық 
жылдамдықпен қозғалады.
Ақбөкен, қарақұйрық сияқты жабайы аңдардың төлдейтін 
уақыты мамыр айы болғандықтан, бұл мерзімді біздің халық 
«құралай айы» дейді. Осы кезде өмірге келген киіктің төлін 
«құралай» деп атайды. 
Халқымыз ертеде киелі аңдардың төлдеуіне ерекше мән 
берген. Ақсақалдар осы кезеңде аңшы жастардың қақпан 
құрып, садақ асынып аңға шығуына тыйым салған. Жаңа туған 
киік баласының әсемдігі мен нәзіктігін қазақ сұлулықтың сим-
волы деп танып, қыз балаға Құралай есімін берген.
Әрісі Сарыарқа, берісі Шу өңіріне кеңінен тараған «Құралай 
сұлу» аңызын осы жерде айтпай кетуге болмас. 
Құралай қыз өзі айттырылған бай баласына шығудан бас 
тартып, сүйген жігітімен Сарыарқадан қашып, Шу бойына 
келеді. Су жағасына барып, жуынбақ болған сұлуды қамыс ара-
сынан шыға келген жолбарыс жарып өлтіреді. Қапыда қалған 

32
жас батыр жолбарысты атып өлтіріп, қызды Шу өзенінің оң 
жағындағы қыратқа арулап жерлейді. Өзегіне қайғы түскен 
жігіт өзін де мерт етеді. Құралай сұлудың бейіті қазіргі 
Мойынқұм ауданындағы «Қамқалы» совхозының тұсында, Шу 
өзенінің оң жағалауындағы қыраттау жерде орналасқан. Осы 
елдің үлкендері киік баласы кез болған жерде Құралай сұлу 
аңызын қоса айтып отыратын.
Ақбөкендер – табиғатты болжағыш, сезімтал да өсімтал аң. 
1974 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 1 миллион 200 мың 
шамасында ақбөкен болған. Киіктер лақтаған кезде олардың 
саны екі есеге дейін көбейеді. Киік табындары 150-200 мыңға 
дейін жетеді. Ақбөкеннің құралайы 6 сағаттан соң енесінің 
сүтімен қоректенеді де, үш-төрт күнде отығып кетеді. Ғалым-
дар 1970 жылдардың басында Қарақұм мен Арысқұм сияқты 
өңірлерде жылына 350-400 мың ақбөкендердің қыстайтынын 
анықтаған.
Киіктердің көктемде бір орыннан екінші орынға ауысуын 
көрген адам бұл суретті есте мәңгі сақтайды. Даланы дүбір кер-
неп, сағымды сахарада қызарған өрт қаулап келе жатқандай 
әсер аласың.
...Табиғаттың еркесі, құла дүздің көркі, қазақ халқының 
«киелі аң» атаған қастерлісі – ақбөкендердің тұқымы құрып 
барады. Әсіресе соңғы 10-15 жыл төңірегіндегі олардың баста-
рына түскен зауалды айтып тауыса алмайсың. Жерде де, көкте 
де, ауада да, суда да киіктердің тағдырына тажал боп тиген 
жағдайлар аз болған жоқ.
Меніңше, шешуі қиын зобалаңдардың басы бұдан да ерте-
рек басталған сияқты. Киіктерге «тәжірибе жасағыштар» жа-
нары құралайдың жанарындай жаутаңдаған ел-жұрттың да 
тағдырымен ойнағаны анық.
Кеңес өкіметі тұсында еті үшін ақбөкендерді арнайы ау-
лайтын шаруашылықтар ұйымдастырылған. 1955-1980 жыл-
дардың арасында орта есеппен жылына екі мың тонна ақбөкен 
еті дайындалып келген. Оның терісі де, мүйізі де әлемдік 
нарықта үлкен сұранымға ие болып отырған. Ресми деректерге 

33
қарағанда, 1970-1980 жылдар аралығында республика бойын-
ша жылына 200-250 мың ақбөкен ауланған. Қазақ ССР Минис-
трлер Советі 1971 жылы 23 қарашада (№657) «Ақбөкенді етіне 
бола аулауды күшейту шаралары» туралы арнаулы қаулы 
қабылдаған. Онда жылына 300 мың ақбөкен аулап, одан алты 
мың тонна ет алуға болатыны айтылған. Осы қаулыдан кейін-
ақ жер-жерде кешенді аң шаруашылығы ұйымдастырыла бас-
тады. Мұндай ұйымдар сол жылдары Ырғыз бен Тосынның 
құмында, Бетпақтың шөлінде де жұмыс істеген болатын. 
Әйгілі неміс ғалымы, биолог Б. Гржимек бұл сирек кездесетін 
аңды «Қазақ жеріндегі ғажайып» деп таңдай қаққан.
Өткен жаздың маусымында Бетпақдаладағы Сарысу елді 
мекенінен бастап Кенжебай-Самай, Мұңлы-Қулы, Бестау, Тал-
дыеспе мен Қызылеспе деп аталатын елсіз жапанды арала-
ғаным бар. Сағымды сары дала сарғайып қарсы алды. Өңі 
жүдеу тарта бастағандай, ата-бабаларымның базарына айна-
лып, айдынынан аққу ұшып, қаз қонған Бозкөл, Шөптікөл 
мен Жыңғылдыкөлдің табанында су қалмай, шаңы шыққан 
сорға айналып кетіпті. Сол маңайдың ауасы да кермек тати 
ма, қалай? Бетпақтың жонын әрлі-берлі кескен күндерде бай-
қағаным, ана бір жылдары үйірімен мың-мыңдап өретін киік-
терді жер жұтқандай. Көңіл төріндегі көркем аң көзден ғайып 
болған.
– Үш-төрт жылдың жүзі болды, киіктер көзге түспейді. 
Аңдардың періштесі ғой, байғұстардың көрмегені жоқ, – 
деп ауыр күрсінді Жаңаарқа ауданы «Жеңіс» акционерлік 
қоғамының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қыз-
меткері Нұрғали Кенжетаев. – Сен оны айтасың, өсімдік пен 
шөптің де бірнеше түрі жоғалып кетті. Қасқырлар үйір-үйірі-
мен малға тиіп құтырып тұр. Осы қорқаулардың өзі қорқу-
үркуді білмей бара жатыр ма деп қаламын.
Республика бойынша мал шаруашылығының атақты көш-
бас шыларының бірі Нұрғали ағамен туған даланың тағдыры 
туралы біраз пікірлесіп, шер тарқатысқан едік. Сол кезде-
суден соң, араға көп уақыт салмай, Нұрағаң да бақилыққа ат-
3-267

34
танып кетті. Бірер күн жүрегі шаншыған да, арыстай азамат о 
дүниелік болып жүре берген.
Жалпы, бұл өңірде қан қысымы, жүрек дертінен аяқасты 
ажал құшу фактілері өте көп. Ондаған жылдар бойы небір 
сынақтардың көкесін көрген бұл дала. Бетпақтың даласы ның 
кез келген жерінен ракеталар сынығын кездестіру қиын емес.
Бетпақдала – бір шеті Балқашқа, екінші бір пұшпағы Тұ-
ран ойпаты арқылы Арал теңізіне шектесетін кеңістікті алып 
жатыр. Байқоңыр ғарыш айлағы да таяқ тастам жерде. Әрі осы 
маңайда бірнеше кеніштер жұмыс істеген. Олардағы радиа ция 
мөлшерден әлдеқайда көп. Осы мәселе төңірегінде «Ленин шіл 
жас» газетінің 1990 жылғы 5 қыркүйектегі санында журна-
лист Мақұлбек Рысдәулетов екеуміз «Кіші Чернобыль ме?» 
деп аталатын көлемді мақала жариялап, дабыл көтергенбіз. 
Мұны айтып жатқаным – ақбөкендер басына төнген зауалдың 
шыққан төркінін аңғарту. Орталықтың ұзақ жылғы өктемдік 
саясаты табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуына әкеп соқты. 
Киіктер де, жоғалып бара жатқан басқа аңдар мен өсімдіктер 
де негізінен сол бір өктемдіктің құрбаны.
Көршілес Қытай елімен алыс-беріс, барыс-келіс басталған 
сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы 
ақбөкендерге ажал ала келді. Киік мүйізіне саудаласушылар 
ауыл-ауылды кезіп, бір қорап шай, бір шиша арақ дегендей, 
арзымайтын бағаға қап-қап мүйізді алып, көлеңкелі жолдар-
мен Қытай асырып жатты. Киік мүйізінің пұл бола бастағанын 
сезген аңшысымақтар жаппай мотоциклге қонып, табын 
ішінен теке көрсе, жын көрген бақсыдай қуалап, кең далада 
қырғын салды. Өздері де қыршынынан қиылып, мойындары 
үзіліп жатты. Киік мүйізі көздің құртына айналды. Сөйтіп, 
айналасы екі-үш жылдың ішінде табындар текесіз қалды. 
Бастаушысынан айырылып қалған ешкі-лақ суы тартылып, 
шөбі уланған өлкеде өкпесі өшті. Сол бір жылдары киіктердің 
қаны төгілген дала тұтастай қасапханаға айналып кетті десе 
болғандай. Киіктердің құрып кету қаупін осы сала ғалымдары 
білсе де білмегендей, қай дүние орнында тұрар дейсің дейтін 
сыңайлы.

35
Еті мен терісін айтпағанда, ақбөкеннің қос мүйізінің өзі 
әлемдік саудада 250 доллар шамасында екен. Киелі де қастерлі 
аңды қорғаудың кешенді шараларын шұғыл түрде жасамаса 
болмайды.
Ғасырдың басында да киіктердің құрып кету қаупі туған. 
1919 жылы «Ақбөкен атуды доғару туралы» арнайы Заң 
қабылданған. Ақбөкендерді қорғау жөніндегі қамқорлық 15-
20 жылдан соң-ақ өз нәтижесін берді. Қырқыншы жылдары 
аңның бұл түрі көптеген аймақтарда көрік беріп, бұрынғы ме-
кендеген даласына орала бастады. Осылай елуінші жылдар-
да оның саны бұдан жүз жыл бұрынғы мөлшерге, яғни бір 
миллионға жетті.
Ғасыр басында ақбөкендерге төнген қатер тағы да қайта ай-
налып соғып отыр. Киіктерді құтқару шараларын бүгін баста-
маса, ертең кеш болуы мүмкін. Өзіміздің жерімізде тіршілік 
еткен аң мен құстың жүздеген түрлері мүлде жойылып кетті. 
Бұрын Қазақстан жерінде тіршілік еткен жабайы сиыр, жол-
барыс, терістік бұғысы, құлан мен тарпаңды кездестіру өте 
қиын. Сондай-ақ, қарақұйрық, барыс, қарақал, гепард, қызыл 
қасқыр, құндыз, қоқиқаз, ұлар, бірқазан, аққу сияқты аң-
құстардың да табиғаттың «Қызыл кітабының» қызыл парағына 
жазылғаны қашан.
Енді киіктер де «Қызыл кітапқа» ене ме?..

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет