Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет8/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик ақынымыз 
Қасым Аманжоловтың дүниеге келгеніне биыл ғасыр толып 
отыр. Бұл ғасыр – Қасымның ғасыры, қазақ жырының жи-
ырмасыншы жүзжылдықта жаңа реңк алған бір дәуірін өз 
қолымен сомдаған атақты ақынымыздың ғасыры. Қасым-
ның жыры мен сыры, ғұмыры, өнері, майдан кешкен талай-
лы тағдыры, жетімдік қамытын мойнына ілген балалығы мен 
аза маттық асқақтығының бәрі-бәрі тұтасып, ғасыр өріне келіп 
тұр. Қасымның дүниеден озғанына да жарты ғасырдан асып 
кетті. 
Қазақ жырының ақ нөсер жауыны, ақ түтек дауылы, «най-
зағайлы қара бұлттан от алған» дауылдай өртке тиген өлеңімен 
өмірінен өлең жасап берген Қасым рухы, Қасым жыры бүгін 
бізбен Қарқаралының қария тауларын, қазақтың Қара орман 
жұртын тербетіп тұр.
Қасымның ақындық болмысын, жүрегінің лүпілін, сезімінің 
сыңғырын тану үшін оның өлеңбаянына айналған өмірбая ны-
на үңілмесе болмайды.
Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым, аңсап өкінбе.
Найзағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр боп жауып өтті де.
Қазақ жырындағы санаулы саңлақтар санатында дара 
дау сы, өршіл үні, қайталанбас қолтаңбасы бар Қасым Аман-

124
жоловтың соңында қастерлі мұрасы қалды. Оның өлеңдері 
мен поэмалары, сонеттері мен романстары, аудармалары мен 
мақалалары Уақыт атты құдіреттің көзімен қарағанда өзінің 
таланты мен дарын қуатын алдаспандай жарқыратып, тарих-
тың аласапырандарында идеологиялық тізгін шығармашыл-
дық нарықтауға тосқауыл болғанын да аңғару қиын емес. 
Ақын ғұмыры буырқанған бұлқыныстардан, қарама-қайшы-
лық тан, бақ пен сордан, ақ пен қарадан тұрады. Оның ғұмы ры – 
қасірет пен қасиетке толы ғұмыр.
Ұлттық поэзиямыздың Абайдан кейінгі алқынған ақ бұ-
лақтары Ілияс, Мағжан, Сәкендерді жүйесіз жүйе жүндей 
түтіп, тулақтай қадірін қалдырмай тарих сахнасынан көздерін 
«жойған» тұста Қасым-жырдың жасындай жарқ етуі қасиетті 
қара өлең рухының жан дауасы еді.
Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын жаба түксиген.
Өмірден үміт жоқ өзге,
Даланың тердім тезегін.
Әкем боп таптың сол кезде,
Советтік менің өз елім!
Галстук қызыл мойнымда,
Мектепке қарай жүгірдім.
Қолымды тұңғыш қойдым да,
Бетін бір аштым білімнің.
Сапқа да тұрдым, ту алдым,
Келді деп менің кезегім.
Әкемдей сонда қуандың,
Советтік менің өз елім!
...Бұлбұлым сайра кеудемде,
 Бұлбұлым – менің жүрегім.

125
 Көңілдің күйі келгенде,
 Ағыл да тегіл жыр едім.
 Ағыттым ойдан ел үшін
 Өлеңнің ерке өзенін.
 Ақының болдым сен үшін,
 Советтік менің өз елім!
Меніңше, Қасым-өлең – Ана-жұрттың құрсағынан ғасыр-
да бір туатын ғаламат. Ақын жырында Шығыс пен Батыс 
шайырларының қаламынан туған інжу-маржандардың жар-
қылы, жыраулық поэзияның рухы бар. Отанды да, ортаны да 
ақын таңдамайды.
Ендеше, «Советтік менің өз елім!» деп ақынның асқақ па-
фоспен үн қатуын ХХI ғасыр ұрпақтары да алаңсыз қабылдар. 
Хал-қадерінше ішкі иірімдеріне сүңгір. 
Туған даласын тап Қасымдай егіліп, төгіліп, еміреніп жыр-
лаған ақындар кемде-кем.
 ...Қазақстан дейтін менің бар елім,
 Жатыр алып жарты дүние әлемін!
 Бұл даланы анам жаспен суарған,
 Бұл далада атам қолға ту алған.
 Бұл далаға жылап келіп уанғам,
 Бұл даланы көріп алғаш қуанғам.
 Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Осы жолдарды Қасым жайлы толғанысында мысалға ал-
ған академик Серік Қирабаев: «Бұл – бүгінгі айтылатын Еге-
мендіктің сөзі екен; Қасымның оны уақытынан бұрын айта 
білгені де дау тудырмайды», – деп шешімді де кесімді бағасын 
айтады.
Жер бетінде шарлаған ізі қалған ақынның қазақтың ор-
маны мен даласын, тауы мен көлін, жазиралы байтағын жыр 
ет кенде аруақтанып, рухтанып кететінін, оның болашағына 
сеніп, барына балаша қуанатынын байқайсың.

126
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс;
немесе:
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям – Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың!
Сенімді өлең жолдары – туған елге деген махаббат сезімдері, 
алғаусыз ақын көңілдің арай-нұры.
Біздіңше, ХХ ғасырдағы қазақ жырын Қасымға дейінгі 
және Қасымнан кейінгі кезең деп бөліп айтуға әбден болады. 
Қараңғы түннің қойнауын найзағай жарқылымен тілгілеген 
құдіретті жырлар арқылы ол өз дәрісханасының жұлдызды 
шәкірттерін молайтты. Ол мектептің аты – Қасым мектебі 
еді. Бұл жөнінде қазақтың абыз ақындарының бірі Әбділда 
Тәжібаев былай дейді:
Жүрегің мен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, сана.
Әрбір өнердің өзіндік мәдениеті бар. Сол мәдениет поэзияға 
да тән. Қасымның осы шеберлігін оның қазақ поэзиясына бер-
ген мәдениеті деп тануымыз керек. Қасыммен осынша шұ-
ғылдануымыздың бір себебі: ол өзінің жаңа серпінімен кең 
тынысты жырлар туғызып ғана қоймай, өзгелерге де ерекше 
ықпал жасады.
Осы күнгі сүйікті ақындарымызға айналған Ғафу Қайыр-
беков, Ізтай Мәмбетов, Аманжол Шамкенов, Тұманбай Мол-
дағалиев, Еркеш Ибраһим, Тілеген Шонашов, тағы басқалар 
ең әуелі Қасымға шәкірт болып бастағандарын жасырмаса 
керек. Көпке дейін Сырбай Мәуленов те шабыт туралы ойлар-

127
ды Қасымша қайталап жүрді. Өз стилі бар, өзіндік орныққан 
жолы бар кекселеріміздің өзінде де Қасым интонациялары, 
тіпті оның даяр теңеу сөздіктері де кездесіп қалып отырады. 
Әбділда ақынның өзінің замандасы, тіпті өзінен бірер жас 
кішілігі бар Қасымға қарата айтқан осы бір жүрекжарды 
лебізін Қасым мектебінің қалыптасуына берілген баға, мойын-
дау деп қабылдауыңыз керек.
Замананың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаев Қасым ағасын 
сонша қастерлейді:
...Жеді... тынды... керемет дерттер төніп, 
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.
Қасым деген қалғыған Жанартау ғой,
Жанартау ғой... жанды да кетті өртеніп.
«Бір күй бар домбырамда» – иесі Қасым.
Қасым солай болмаса, несі Қасым?!
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын. 
Ұлы ақынның аруағын аялай отырып, жүрек сөзін айтады. 
Қазақтың тағы бір тұғырлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов:
...Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
Ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді, менің үшін
Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам... – 
деп асқақтатады.
Бұл ақындардың қай-қайсы да ұлтымыздың жұлдызды ша-
йырлары, Қасым мектебінің дәріскерлері. 
Бүгінгі ұрпақтың негізгі ұстанар бағыты ақынның кісілік 
келбеті мен асқақ жырларынан қалыптасқан ақындық тұлғасы 
болуы керек. Өкінішке қарай, қай ортада болмасын, Қасым 
жайлы айтылар сөздің бір ұшы ақынның баспанасыздығы жай-
лы әңгімеге барып тіреледі. Ақын жайлы «мифке» айналып 

128
кеткен осынау беделсіз әңгімеге жұрттың өнер адамдарының 
талайлы тағдыры жайлы алыпқашпа жел сөздерден құралған 
түсінігін қоссақ, қазақтың көптеген тарлан тұлғаларын 
кемсітуге апарып соғатын бір бықсық пиғылды аңғарамыз. 
«Ақын деген – сәл қиялилау, өзге жұрттан пенделік несібесі 
кемшін, тірлік соқпағының соқтықпалы қияметті тұстары 
молдау адам» деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Мұндай 
идеологиялық нәрі жоқ әңгімелерден ұлттық тұлға, қазіргі 
кезеңде жетісіңкіремей тұрған ұлттық азамат, мемлекетшіл 
һәм мемлекеттік тұлға қалыптастыра алмасымыз анық. Ал 
Қасым жырларынан осы іздеген жоғымызды таба аламыз.
...Бір еді тағдырымыз екеуміздің, 
Қанғырған қаңбағындай құба түздің. 
Жалбырап жұртқа шыққан жауқазын ек, 
Көзіне ерте ұрынған долы күздің.
Ол он бір, мен алтыда қалдық жетім, 
Айта алмай әке кетті өсиетін. 
Дариға-ай, ең соңғы рет не ойлады екен, 
Біздер жоқ қабіріне бас иетін.
Пәле қу, із аңдыған қызыл тұмсық, 
Басында жетімдердің барлық қырсық.
Жаулығын теріс байлай ана кетті,
Сыртта жел, үйде біздер қалдық сыңсып...
«Үш шошақ», «Қызыл көшен», «Қара кемер», 
Тас болып көкірегіме байланған шер.
Баяғы Қасым, Тайжан хикаясын
Заманға өткен-кеткен айтып берер.
Аққан су Ақтайлақтан ақтарыла, 
Жағада екі жетім жатпады ма? 
Қосылып біздің жарлы үнімізге
Сырлы өзен сырнайлы күй тартпады ма?

129
Қарадоқ, Күйген бекет, Талдың бойы, 
Кең жайлау ата-баба өткен тойы.
Тудай боп желбіреген аспанында
Аманжол ұрпағының абыройы.
Орманы, сол аймақтың бетегесі, 
Аң мен құс, көл еркесі, жер төресі.
Айта алмай ойдағысын арманда боп, 
Тыңдаған зарымызды ерте-кеші.
Қара түн, қасқырлы сай, қалың орман, 
Ығында жын түнеген ескі қорған. 
Құлазып жаңғырыққан ескі қыстау, 
Қарлығаш ұя салып, байғыз қонған.
Жолаушы дұға оқып жаяулайтын, 
Қалжырап келе жатқан ұзақ жолдан.
Дозақтай түсі суық бейіттер де
Біздерге әке үйіндей мекен болған.
Бейуақта не бейіттен, не қорғаннан 
Біздерді көрген адам естен танған.
«Ойпырмай, Тайжанбысың, сайтанбысың?»
Деген сөз ел аузында содан қалған... – 
деп өз өмірінен өлең жасап берген Қасым сол дәуірдің нағыз 
тағдырлы-талайлы перзенті еді. Біз бұл туралы ағалар есте-
лігі мен көптеген деректерден жиі оқып келеміз. Бірақ, дей-
тұрғанмен, Қасымды енді жетімдік тағдырынан арылтып, 
баспанасыздығын да, тірлігінде көлденең кездескен көп кедер-
гімен күресіп, шамырқанған ашушаң адам қалпында елестетуді 
доғаруымыз керек тәрізді. 
Қасым – қазақтың өзі, сол қысталаң дәуірдегі әр қазақтың 
қасиеті Қасымның ғұмырынан, жырынан аңқып тұр. Қасым-
ның басынан өткен ауыр тағдыр әр қазақтың басынан өткен 
жоқ, өтсе де, ердің ері, азаматтың азаматы ғана шыдас берер 
9-267

130
сынды көтерер бірегей ерлерінің басынан өтті. Сол тұрғыдан 
қарағанда, Қасым тіршілігінде ұлттың намысы мен арын, 
тағдырын, өнерін арқалаған ақын еді. Енді арада ғасыр өткенде 
Қасым әр қазақтың жүрегінде азаттық пен қазақ қасиетінің 
жыршысы, арман-мұраттардың жаршысы ретінде қайта тууы 
керек. Әр қазақтың жүрегі Қасым жырына баспана болуы ке-
рек. 
Қазақтың ұлттық әдебиетінің сан ғасырлық салқар көшін 
саралап қарап отырсақ, сонау Күлтегін, Қорқыт дәуірлерінен 
бастап-ақ, сөз ұстаған ақын-жырауының асқақ тұлғасы еркін 
қалыптасқан. Қорқыт ата сегіз ханға уәзір болған, сөзіне жар-
ты жалғанның жұраты иланған әулие еді ғой, Асан Қайғы 
мен Майқы би, Ақтамберді, Бұқар бабаларымыз сөзіне бұқара 
халық қана емес, хан-сұлтан бас иген қадірлі ақындарымыз 
еді ғой. Абай заманында да, сал-серілер дәуірінде қазақтың 
басынан жеке мемлекеттігі кеткен соң ұлттық мұңымыз бен 
өнеріміз, салт-дәстүріміз, қазақтың өз ортасындағы, атыра-
бындағы адам келбетін қалыптаған өзгеше жыр үлгілері дү-
ниеге келді. Ал Қасым туған дәуір де қазақтың басынан жеке 
мемлекеттік мәртебе алыс болған, мемлекетшілдік рух, ұлттық 
идея аласталған аласапыран заман еді ғой. Соған қарамастан, 
Қасым және сол дәуірдегі қазақ жырының қаншама жампозда-
ры ұлттық поэзияның туын асқақ ұстай білді. 
Қазақтың қай дәуірде болмасын, ақыны – ержүрек батыр, 
батыры – ақберен ақын болғаны тарихтан белгілі. Ал Қасым 
басынан өткерген өрт-дауылды ғұмыр кешегі ер етігімен 
қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қазақтың рыцарьлық 
дәуірінің жиырмасыншы ғасырдағы қайталанған көшірмесі 
іспетті. Қасымның майдан жайлы жазған, соғыс тақырыбын 
толғаған алапат жырлары кешегі Ақтамберді одаларының 
жаңаша ырғағы тәрізді, Қасымның соғыста құрбан болған Аб-
долла досын жырға қосуы Махамбеттің Исатайды жырлағаны 
тәрізді! Өзі жаужүрек батыр, рухы асқақ ақын, сал-серілігі 
бір төбе Қасым – қазақ ұлттық ақындарының жиырмасын-
шы ғасырдағы жаңаша келбет иеленген жиынтық образы 
десек, артық емес! Оның жауынгерлік жырлары жыраулар 

131
поэзиясының заңды жалғасы, рухани ұрпағы, оның азаматтық 
поэзиясы – Шортанбай, Мұрат, Абай салған ақындық жолдың 
соны соқпақ, дара даңғылдарға ұласуы, оның лирикасы – 
Мағжан мен Ілияс, Сұлтанмахмұт, Бейімбеттің топырағынан 
нәр-қуат алған поэзия десек те жаңылыспасымыз анық. 
Сөзімізге дәлел іздесеңіз, қазақ поэзиясының әр дәуірдегі төл-
тума жауһарларын Қасым поэзиясымен ұштастыра отырып 
оқып көріңіз. Он бесінші ғасырдағы қазақ жырынан жиыр-
масыншы ғасырдағы Қасым өлеңдерінің рухын аңғарасыз, 
он тоғызыншы ғасырдағы дәуірнамалық жәдігерлеріміздің 
Қасым жырлары арқылы жаңаша өрнектелуін тану, табу аса 
қиын емес. 
Қасым жайлы аға буын жазып кеткен естеліктерді, ғалым-
дардың сыни пікірлерін саралап отырып, ақын шығарма-
шылығының қазақ поэзиясына әкелген соны құбылыстарын 
жеке-жеке талдауға мол мүмкіндік бар дей аламыз. Мәсе-
лен, Қасым жырларының рухани қуаты, сол дәуір тұрғы-
сымен салғастырғалы қарағандағы тосын образдар галерея-
сы, ерекше мінез, жаңа буындық-мәтіндік қалыптар, Қа-
сым аудармаларындағы шығыстық нәзира дәстүрі де әлі то-
лыққанды зерттелмей тың жатқан тақырып.
Қасымның жазған дүниелерін саралаған ғалымдардың ізде-
ністерін екшей отырып, әрі ақынның өз жырларын, заманда-
стары тізген естеліктерді қарап отырып, Қасымның сол дәуірде 
жазғаны бір бөлек те, жаза алмай кеткен – денсаулық күйімен, 
соғыс қасірет-қияметімен, идеология қақпақылымен жаза ал-
май кеткен дүниелері қаншама деуге болатын тәрізді.
Бұл – Қасым ізін жалғауға талпынған қазақтың әр ақыны 
үшін ашық алаң, көкжиегі кең кеңістік емес пе! Мәселен, 
ақынның «Өзім туралы» атты ғұмырнамалық дүниесі – аяқ-
тал 
маған үлкен шығарманың бізге жеткен ұшқыны ғана! 
Үзін ді іспетті қалпының өзінде әнімен қосыла өріліп, естіген, 
оқыған жанның жадына тасқа қашалғандай сіңіп кететін
ізін қалдырып кететін осынау классикалық дүние толығы-
мен қолымызға тигенде, заман мұрасына айналғанда қалай 
болар еді? Әлемнің көзіқарақты салауатты ғалымдары 

132
мен ізденімпаз, білмекке құштар әр тұрғыны үшін Милос 
Венерасының иығы тұсынан қырқылған қолы туралы аңыз 
қандай жұмбақ тылсым болса, Қасым жырының жалғасы да 
қалам ұстаған қазақ үшін бір құдіретті құпия болары сөзсіз. 
Шынтуайтында, Милос Венерасының қырқылған оң жақ 
қолы қалай сомдалған екен, ол қолына не ұстап тұрды екен – 
«Өзім туралы» жырдың соңында ақын не айтпақ болды екен?! 
Не болмаса, ақынның бала кезгі досы Мекебай Жазыбаевтың 
естелігінде айтатын ақын арманы туралы не білеміз?! 
Ғұмырының соңында Көкшетауда, Бурабайдың жаға-
лауын да кемдікүн сырласып, кешегі өткен балалақ шақтың 
жырын-сырын айтып, тауыса алмай кеткен Қасым досына 
«Қарқаралының қазағы» атты роман жазуға әзірленіп жүр-
генін айтып еді ғой. Ол романның «Бостандық», «Большевик 
Садық», «Төбелес», «Дүйсеннің өлімі», «Ақмолада» «Кім 
еке німді ертең түсте білесің», «Өтеубайды қасқыр талауы», 
«Ақыжан бүркітші» сынды бөлімдері болатынын, әр образдың 
ерекшелігін сипаттап айтқан естелікті әр естіген сайын 
көкірегімде өкініш пен арман бас көтереді. «Қарқаралының 
қазағы» атты Қасымның жазылмай қалған, жаза алмай кет-
кен туындысын қазіргі қазақ жазушысының бірі ақынның 
аруағына арнап жазып шықса, артық болмас еді! Ақын рухына 
өлмес ескерткіш болар еді. 
Қасым туралы аз жазылған жоқ. Оның өскен ортасы мен 
адами келбеті, жырларының туу тарихы, жазған дүниелерінің 
алғышарттары туралы едәуір естелік, сараптама мақалалар 
бар. Қазір Қасымның көзін көрген, соңына ерген, сөзін, жы-
рын жаттаған замандастары жоқтың қасы. Бүгінгі ұрпаққа сол 
дәуірден сыр шертетін естеліктерді қайыра ұсынып, ақын ның 
азаматтық келбетін қалыптастыратын дүниелер жасау – ортақ 
парызымыз. Бұл үшін біз ақын жырларын терең ғылыми зерт-
теуге салып, ғалым көзімен, философия көзімен жаңа заман, 
ұлттық таным тезімен саралауымыз керек. 
Қасымтануға жаңа заман, жаңа ұрпақ көзімен қарар кез 
келді. Ақын мұрасы – қазақ жұртына ортақ.
Осы тұста қадап айтатын бір дүние – ақын шығармаларының 
ғылыми тексін жасау арқылы бір жүйеге түсіріп, қолжазбасы-

133
мен салыстыра келе, оның толыққанды академиялық жинағын 
сауатты түрде, түсініктемелерін бере отырып, жұртқа ұсынар 
кез жетті. 
Осыдан тура он жыл бұрын Ғафаңның «Алыс та жақын 
жағалаулар» атты әдеби портреттер кітабы жарық көрген 
болатын. Сол кітапта ақын ағамыздың Қасым жайлы ерте-
ректе жазылған естелігі жарияланған. Ғафаң былай дейді: 
«Қасым туралы осынау жылдарда жазылған қаншама мақа-
лалар, зерттеу, монографиялық еңбектер, замандастар айт қан 
естеліктер, оның ішінде өзімнің жазған, әр кезең, әр тұс та ғы 
толықтырылып отырған пайымдауларымның ішінен – қысқа-
сы, бәрі-бәрісінен мен әлгі көкейімде көптен айтылып келген 
ұғымның, түйін-қорытындының атын, есімін еш кездестірген 
емеспін. Яғни, бұл ұғым, бұл пайымдау кәдімгі туып, ержетіп, 
өсіп-өнетін адам тірлігінің жолындай уақыт кешіп барып, та-
нылатын ұғым, түсінік, концепция екен. Енді бүгін соның атын 
айтсам – ол «Қасым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны» де-
ген ұғым екен». 
Ғафаң, Ұлы Ғафаң – Қасымның жырын жалғап, сыры-
на ортақ болған Ғафаң бұлай деп тегін айтпаса керек. Қа-
сым жырларындағы ұлттық сарынды кез келген өлеңінен 
кездестіруге болады. Қай уақытта болмасын, «ұлттық» деген 
анықтама жазушы-ақын қауымның тақырыбы мен мәтіндік 
сөз қолданысынан ғана емес, шығармашылығының ішкі қуа-
тынан, астарынан, сезімдік әуенінен аңғарылатыны анық. 
Тағы да сол Ғафаң: «Ұлттық ақын болу үшін, бәлкім, бір кез-
де «ұлтшыл» атанғаны немесе ұлт туралы аса көп жазғандығы 
дәлел бола алмас. Виссарион Белинский «Пушкин – орыстың 
ұлттық ақыны» дегенде, оның «орыс» сөзін қайта-қайта айту 
үшін емес, орыс рухын, орыс жаны мен көңілін, халық ре-
тін 
дегі тарихи даму баспалдақтарын, балаң кезі мен дана 
кезін, тілі мен ділін, мінездегі жайсаңдық пен осалдығын – 
қысқасы, орыстың ұлттық қасиетін қамтитын, өзгеде жоқ, 
өзінен бұрынғыда да, кейінде де жоқ, тек Пушкинде ғана бар 
данышпандықты бір жерге тоғыстыруында» деп айтқан», – 
дейді. Қасым туралы да, оның ұлттық сарындағы жырлары ту-

134
расында осылай деуге болады. Тіпті, жаңа заман әдебиеттану 
ғылымында кеңестік дәуірдегі ақындардың ұлттық сарында 
жазған жырларын жаңаша талдау керек болса, ол талдаудың 
бел ортасында Қасым шығармашылығы тұратыны анық.
Қасым жырларындағы сонылық сарынның бір саласы ақын-
ның Мағжан жырларымен үндестігіне келіп тірелетіндей. 
Мәселен, 1940 жылы жазған «Сұлтанмахмұт туралы баллада-
сының» өзінен Мағжан жырларына тән мистикалық леп еседі:
...Ғажайып, күн күркіреп, етті жалт-жұлт, 
Қабырдың бет тақтайы сынды сарт-сұрт.
От шашып екі көзден, «Тоқтаңдар» деп,
Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт. 
Екеуі тұра қалды есі кетіп, 
Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп.
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң,
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп: 
...«Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам, 
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан.
Жүр, баста, Жазушылар союзынан 
Мүшелік билетімді алып қайтам. 
Сен, жігіт, өсек айтып жүргенше құр, 
Моламды мен қайтқанша күзете тұр», –
Деді де қолтықтап ап жас ақынды,
Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.
Қасым жырлары – тұтас бір дәуірдің үні деген сөз артық 
болмасы анық. Себебі Қасым сол дәуірде алапат соғысты қа-
зақ топырағында жеріне жеткізе жырлаған еді. Кешегі жау-
гершілік дәуірден қазақ қанына сіңген ерлік рухын отызын-
шы жылдардың ақсүйек аштық, қызыл қырғыны жойып тас-
тағанымен, соғыс жылдары тағы да сол идеологияның өз бас-
тауымен ата-бабалар ерлігін дәріптеу қайыра қолға алынған 

135
болатын. Осы кезеңде кешегі эпостық рухты, батырлық жыр-
лар сарынын Қасым жаңа дәуір поэзиясы биігіне шығарды. Бұл 
тақырыпта Қасым тек өз атынан емес, тұтас қазақ жауынгері, 
қазақ азаматы, қазақ патриоты атынан жырлаған болатын. 
 * * *
Қасымның туған жері туралы, өскен ортасы туралы қазір-
гі әдеби-ғылыми айналымда біршама деректер бар. Ақын 
шығармаларында жазылған сағыныш сазды ой орамдары-
мен бірге сол жырлары мен туындыларын талдаған қауым 
біршама мәліметтер ұсынады. «Советтік менің өз елім» атты 
классикалық өлеңін оқи отырып, Қасымның жасынан жетім-
дік көрген тағдырын танисыз. Жалпы, Қасымның күллі өмір-
баяны оның жырларында таңбаланып-ақ тұр...
Осыдан бірер жыл бұрын Қарағанды облысының Қарқа-
ралы ауданына, ондағы Қасым ауылына, Қасым туған то-
пыраққа, қара құдығына, Көшен тауының бөктеріндегі қор-
жын там басына барып қайтқан едім. Қоңыр күздің салқын 
райына қарамастан, Қасымның шөлін басқан қара құдықтан 
бір-бір шелек алып, басымызға құйып едік. Ақынның арлы 
рухы жұқсын деп, Қасым жырының қасиетіне қанықпақ ниет-
пен. Қызыл тасын қына мүжіген Қасым туған қоржын тамның 
жұрты жатыр жермен-жексен боп. Өзге елде болса, әлдеқашан 
қабырғасын қайыра көтеріп, ақын туған үй деп мәртебелі маңыз 
беріп, ел-жұрт, алыс-жақыннан келген қонақ, қыдырымпаз-
турист атаулы ат басын тіреп келер үлгілі орынға айналар ма 
еді?!
Ал кешегі-бүгінгі естеліктерде, өзге де жазбаларда Қа сым-
ның кедей ортадан шыққаны туралы жиі айтылады. Шыны мен 
де солай ма? Ел ішіндегі көнекөз қариялар Қасымның әкесі 
Рахымжанның сері адам болғанын, ортасының көркі болып, 
жүрген маңын ән-жырға, әңгімеге қандырып жүргенін айтады. 
Рахымжанның серілігі сондай, мінген атын жібек арқанмен 
шідерлепті! Кешегі кеңестік көзқарас ауанымен кедейлікті 
мақтан көрген ұлыс серілікті де сол қатарға жатқыза салған 

136
ғой. Рахымжанның ескі жұртына қарап тұрып, Қасым әулеті 
анау айтқандай сіңірі шыққан кедей деуге болмайды-ау. 
Есігінен төріне дейін едәуір жер, тамның қыр желкесінде жер-
ге кірермен болған қабырғаның қызыл тасына арқар мүйізін 
кіргізе жымдастырып, қалап тастапты. Рахымжан сері ел ара-
лап келгенде, осы мүйізге атын байлайды екен-міс…
Ал сол Қасымның әкесі, атасы Рахымжан мен Аманжол 
жерленген, бала Қасым, жетім Қасым, өгей әке, өктем туыс-
тан қағажу көрген Қасым түн ішінде жылап барып түнеп 
қалып жүрген бейіт қазір жермен-жексен боп, топырағын 
жусан басқан төмпешікке айналып барады. Басында белгі де 
жоқ. Енді бірер жылда жып-жылмағайланып, тау бөктеріндегі 
бедерлі бұйраттың бірі боп шыға келері анық...
Қасымның жер бетін шарлаған ізі қалған қысқа да мәнді 
ғұмырында Қарқаралы өңіріне, туған топырағына қайта айна-
лып келген-келмегендігі туралы да әлі деректер аз. Қасымның 
бала кезінде ме, әлде кейіндері ме, Қарқаралыда Қасым тұрды 
деген үй бар. Үй қабырғасында «Бұл үйде Қасым Аманжолов 
тұрған» деген белгі де орналастырылған. Бір қызығы – Қасым 
нақты бұл ескерткіш-тақта ілінген үйде тұрмаған, осы үйге 
жапсарлас шағын ғана үйде болған екен...
Жалпы, Қасым ақын ғұмырбаянына үңілсеңіз, әлі де айғақ-
тай, анықтай түсуді қажет етер тұстарға кезігесіз. Мәселен, 
өмірбаяндық анықтамаларда «1931 жылы Қасым Ленинград 
қаласындағы орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ 
денсаулығының сыр беруіне байланысты бір жылдай ғана оқып, 
елге қайтып, Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне 
жұмысқа орналасады» делінген. Шын мәнінде, Қасым Ленин-
градта оқыған ба? Оқыса неге шығармаларында Леинградтағы 
ғұмырынан із қалмаған? Оған Есмағамбет Ысмайылов баста-
ған ғалымдардың, Тәкен Әлімқұлов пен Әбділда, Сырбай бас-
таған ақын-жазушылардың зерттеу мақалаларынан, туған-
туыс қандарының, қызы Дариғаның естелігінен жауап іздеп 
таба алмадық.
Ал Қасымның өмірінің ең бір жемісті де әдемі кезеңі са-
налатын Оралдағы ғұмыры оның өлеңбаянында тайға таңба 
басқандай талантты жырларымен таңбаланып тұр.

137
Ал Семейге – балалар үйіне аттанған Қасымның жолы қайта 
айналып Қарағанды, Қарқаралы өңіріне түскен бе?
Осы секілді сауалдардың жауабы көкейде. Қасымтану ба-
ғы ты айқындар мәселе көп. Ең бірінші, жүйелі түрде қасым-
танумен шұғылданатын орталық керек шығар, бәлки.
Ақынның биылғы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қа-
сиетті Қарағанды өңірі біршама жұмыстар тындырды. Об-
лыс әкімі Серік Нығметұлы Ахметов бас болып, азаматтар 
бір жеңнен қол шығарды. Бірнеше кітаптарды айтпағанда, 
Қарағандыдағы Қасым ескерткішін, Жезқазған шаһарына 
қойылған бюст, Қасым аллеясы, «Қасым» журналының дү-
ниеге келуі ұлы ақынды ұлықтаудың жарқын көріністері емес 
пе?!
Бір жер бар Қазақстан даласында,
Құрбыжан, апарайын, барасың ба?
Арқаға Алатаудан ақиықтай
Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба?!
Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа,
Қанша алсаң қазынасы түспес орта.
Өшпейтін өміріңе от береді
Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа.
Қарашы Қарағанды күмбезіне,
Бойлаған мұнарасы күн көзіне;
Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,
Қуантып, тартпас, сірә, кімді өзіне, – 
деп жырлаған Қасым ақын аруағына тағзым ете отырып, осы 
ыстығы мен суығының ортасында жүрген ел азаматтарының 
баршасына Алланың нұры жаусын демекпін!
Жыл аралатып келетін әр мерейтой сайын біз – аталар ар-
манын, ісін жалғауды мұрат тұтқан ұрпақ кешегі өткен әр 
қаламгер мұраларын сараптап, саралап отыруға пейілдіміз. 
Кейде қызды-қыздымен бір тұлға төңірегінен жаңалық ашуға 

138
құштарлық танытып, бірнеше өнер иесі екендігін анықтап жа-
тамыз. Қасым туралы да сан қырлы дарын иесі ретінде көпте-
ген дүние айтуға болады ғой. Мәселен, Қасымның ақынды-
ғына оның аудармалары, драматургиясы, прозасы, сазгерлігін 
қо сып, өзгеше тұлғалық қалып жасауға әбден болады. Бұл 
анықтауыштың қай-қайсы да Қасым үшін артық болмасы 
сөзсіз. Бірақ бүгінгі қазақ танымының басты мұраттарының 
бірі – Қасымның ұлттық ақын екендігін насихаттау дер едім. 
Бұл – ғасырлар торабындағы қазақ түйсігі мен танымы үшін 
ұлттық ақын, ұлттық тұлға, ұлт азаматы атты темірқазық 
бағыт болуға әбден сыйымды шаруа. Себебі Қасым жырынан 
өз дәуірімен бірге, арғы-бергі тарихтағы қазақ арманы, ұлт 
мүддесі, азаматтық рух үн қатады. Қасымның жыры да, сыры 
да қазаққа ортақ, қазаққа етене, сөйте тұра әлемдік ой өрісімен 
қапталдас, орайлас бола алады. 
«Қасым солай болмаса, несі Қасым?!» – деп Мұқаң жыр-
лағандай, Қасым тойы мен Мұқағали тойы ел Тәуелсіздігінің 
жиырма жылдығымен тұспа-тұс келуі тегін болмаса керек! 
Себебі әр ақын – ел мұратының туын ұстаушы, ел жоғын 
жоқтап, барын жалпақ ғаламға жария етуші, абыройы мен 
арының айнасы! 
Той құтты болсын! 
Қасым жыры қазақ аспанының арайын ашсын!

139

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет