Мәрлен ҒИЛЫМХАНОВ
Жаңақала ауданы
Сарайшық! Салтанаты асқан, мейманасы тасқан шырайлы
шаһар. Туған халқының өткеніне бейжай қарамайтын әрбір қазақ
үшін бұл қала өзінің тағылымды тарихымен, өрелі өркениетімен,
сәнді сәулетімен бағалы, талай марқасқа хандар мен апайтөс
батырлардың тұлпарының тұяғының дүбірі тиюімен қастерлі.
Киелі өлкенің қасиетіне тәу етіп, көне қаланы бір көрсек деген
тілегіміз қабыл болып, жақында Сарайшық қаласына табанымыз
тиді.
Біз Орал қаласы, Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп -
лицейінің 10-сынып оқушылары және тарих пәнінің мұғалімі
Шапиков Нұрболат Мәселұлымен, ата-ана Тәттіғұлов Ержан
Сансызбайұлымен 3-4 маусым аралығында Атырау қаласының
дәл іргесінен орын тепкен Махамбет ауданының аумағынан
табылған ежелгі Сарайшық қаласы Қазақстанның көне тарихынан
сыр шертетін бірегей мұрасына саяхат жасадық.
X-XI ғасырларда ірге тасы қаланған Сарайшық қаласына
жол тартуымыздың мақсаты: Сарайшық қаласы туралы білімді
жинақтау, патриоттық сезімге баулу, өз елінің мәдени тарихи
ескерткіштеріне құрмет көрсету. Мұражай директоры Бердімұратов
Молдаш Сарсенғалиұлының бізді ерекше ілтипатпен қарсы
алып, мәдени елді мекенінің тарихымен таныстырды. Мұражай
1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысына әкім
болып тұрған уақытында салдыртты. Құрылыс сол жылдың
мамыр айында басталып төрт айда аяқталған. Мұражай мен
ескерткіштің ашылуына Елбасының өзі қатысқан. Әуелі көзге
түсетін ауқымды ескерткіш. Биіктігі 17 метрге жететін ескерткіш
ішіне Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар
қойылған. Қара мәрмәрға хандардың аттары мен билік құрған
жылдары жазылыпты.
Сарайшық - қазақ даласындағы ең көне тарихи орын.
Бұл жерде кезінде үш жүзге толықтай мойындалған 12 әулие
жерленген. Кезінде Сарайшықта жүзден аса хан билік құрған,-
дейді Молдаш ақсақал. Қаланы Шыңғыс ханның немересі,
Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан
шежіресінде мол дерек келтіріледі. Өз ғасырында әлемге өз
көркімен танылған қала әрқашан да дүние жүзіндегі елдердің
көзінің жауын алған. Ғалымдардың айтуы бойынша Еуропаның
көзі париж болса, Шығыс Азиянікі Сарайшық делінген. Осыдан
Сарайшық сол замандағы әлемге танылған аса көрікті де бай
қала болғанына көзімізді жеткіздік. Келген жанды тебірентпей,
табандырмай жібермейтін сәні мен салтанаты келіскен сәулетті
қаланы 1580 жылы орыстың патшасы Иван Грозный казактарды
жіберіп қираттырған.
Мұражай ішін аралап болған соң, Сарайшық қаласының
тарихи орнына бардық. Жайықтың асау толқындары қаланың бір
бөлігін шайып кеткен. Бір кездері бұл жерде салтанатты шаһар
болды дегенге сеңгің келмейді. Молдаш Бердімұратов жыл өткен
сайын қаланың Жайыққа жұтылып бара жатқаның айтты. Егер
өзен суына бекініс орнатпаса, қаланың су астында қалу қаупі
жоғары. Бір дәуірде Бағдаттан кейін әсем қала атанып, атағы
әлемге жайылған Сарайшықтың қазіргі келбеті осындай. Егер
тиісті орындардан жәрдем болмаса, бір жылдары бұл тарихи
орыннан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Ал, ол - қазақ
мемлекетінің тұңғыш астанасы еді ғой.
Сапар барысында біздің жол қауіпсіздігімізді қамтамасыз
еткен БҚО МАИ қызметкерлеріне және Тасқала аудандық ІІБ
басшылығына алғысымызды білдіреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |