29
Таңдаулы діни өлеңдер
Мейлі ғой, кімнің қанша шаруасы бар,
Көзіне ілмегені жөн де шығар?..
Тоқтыққа адам, шіркін, қой ма шыдар
Көп болса ол да өзімдей пенде шығар?!
Амал не, заң да басқа – заман басқа,
Арың да, асылың да, анаң да – ақша!
Жаным-ау,
жеңілмеске шараң қанша
Бұл күнде құдірет жоқ одан басқа!..
«Бар жақсы батырлықтан, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде!..»
Бай болса жасық артық асылыңнан –
Бар болса жаман озар жүйріктен де!..
Алмағайып өлара кезде мынау,
Салмаса да ойға – шек, қолға – бұғау...
Бір тамақтан
басқа ойлар шамасы жоқ
Талай сорлы қалқиып зорға жүр-ау!..
Жаныма желеу етіп өлеңімді,
Күтемін алабұртып келер күнді.
Беймезгіл лайлаған тереңімді
Білмеймін бұл өмірге не дерімді?..
Жазар, бәлкім, жүректің жарасын күн,
Қажеті не тартысып, таласудың?..
«...Өлсең
орның қара жер, сыз болмай ма?..»
Бір болмай ма ханың кім, қарашың кім?!.
Жанымды жегідей жеп нала, күдік
Көңілім құлазыды қазан ұрып...
Ақынды адамзаттың күнәсі үшін
Тәңірім жаратыпты жазалы қып!
30
Аллаға мадақ
Алдымнан арайланып атқан таңдай,
Атқан таңдай, жаратқан жаққан шамдай...
Жоғалттым сенімімді – серігімді
Соғылды қара тасқа аппақ маңдай!..
Ауырды
нар көтермес мен көтердім,
Білемін бір күн ақыр бел кетерін!..
Ақында айтып өткен арман бар ма –
Түймедей тисе болды елге себім!
Жаяулап жеткен кім бар жер шегіне,
Алланың амал бар ма бермесіне?!
...Айтсам деген сырым да, шыным да осы –
Тәңірдің Нұры түскен пендесіне!..
***
«...Адасқандарды Алла ғана ақ жолға жетелейді...»
Жүніс сүресі, 35 аят.
Жаратқан ием, күнаһар құлмын
Санасын тұрмыс билеген!
Айтағына еріп сайтан мен жынның –
Құлқынның қамын күйлеген!..
Жаратқан ием, жаңылсам кешір
Адасқан соқыр пендеңмін!..
Өкінішпенен
өткізген есіл
Келер ме қайтып өлген күн?!
Жаратқан ием! Айыбым шексіз
Амал не, бәрін кеш ұқтым!..
Алайда мынау өмірге ессіз –
Бәрібір бірақ ғашықпын!..