Справка Қағаз
Берілді. Осы справка қағаз
Қу ауданы, 14 ауыл ішінен ашылған Қызыл малшы, Артел мүшесі,
Жүсіпбек Лебекұлына, Себебі бұл азамат 1930 жылы июль айының
7-сінен бастап, Қоянды жәрменкесінде қой айдап, Қызылжар уездігіне
барған. Артельде төрт ай қызмет істеді.
Сондықтан қол қойып мөр басып сендірілді.
Артел бастығы П Чоңманұлы
Қатысты Ысқақұлы
ТРУДОВАЯ АРТЕЛЬ СКОТОГОНОВ И ПАСТУХОВ «ҚЫЗЫЛ МА-
АЛША» Кувского района, ауыл №14
01.05. 193
№33
Қазақстан
Құжаттың мамыр айының 5-і күні берілгені анық оқылады. Өкінішке
қарай, жылдың соңғы цифры түсіп қалған. Шамалауымызша, құжат 1931
жылдың көктемінде, яғни Жүсіпбек Алматыға кетер алдында берілген.
Өйткені осыдан кейін арада небәрі 18 күн өткенде, яғни Алматыға аттанар
алдында Жүсіпбекке екінші сенім хат беріледі.
Екінші анықтама латын қарпімен жазылған. Кеңсе тілі дами қоймаған
сол кездің іс-қағазының қазіргі қазақша оқылуы былай болды:
Сенім хат
Осыны ұсынысы Лебек ұлы Түсіпбек жолдас анық Қу ауданы
16 ауыл азаматы, жасы 27 де, Шыққан табы және негізгі кәсібі
батырақ, соңғы жылдарда шойын жол мен параходта жұмыскер
болған, ұлы кәмпескеде үлес мал алған.
Сол туралы қол қойып мөрмен сендіріледі.
18. 5. 1931 ж.
Бұл құжатқа да бірнеше мөр басылған. «Сенім хатта» назар аудара-
тын жайттың бірі – Жүсіпбектің пароходта жұмыскер болған делінуі.
Басқа еш жерде әншінің пароходта жұмыскер болғандығы туралы дерек-
тер кездеспейді. Соған қарағанда Жүсекең онда көп істемеген тәрізді.
Өз өмірбаянының екі нұсқасына да ол 1923 жылға дейін «ішек-қарын»
зауытында қара жұмыскер болдым деп жазғызған. Бұл дерекке сүйенер
болсақ, Жүсіпбек пароходта 1924–1926 жылдар аралығында, яғни 1926
жылы «Түрксіб» теміржолының құрлысы басталғанға дейін істеген
сияқты. Патшалық үкімет Ертіс өзенінің пароход қатынасына қолайлы бо-
луына байланысты ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бастап, Өскемен – Семей –
Павлодар – Омбы аралығына кеме қатынасын жолға қоя бастаған-ды. Ал
Жүсіпбек Семейде жүрген жылдары кеме шаруашылығының тіпті өркен
жайған шағы болатын. Сондықтан әншінің осы жылдары пароходта
жұмыс істеуі әбден мүмкін деген ойға келеміз. Өйткені өзі әнші адамға
сойылған малдың қан-жынының сасық иісі мүңкіп тұратын «Ішек-
қарын» зауытынан гөрі таза ауасы молырақ кемеде жүкші болып істеген
әлдеқайда қолайлырақ қой. Жүсекеңнің өзі де кейін Хабиба әжемізге
«ішек-қарыншы» болып жүргендегі кезі туралы әңгімелегенде: «Кешке
зауыттан келген соң қанша жуынсам да үстіңнен ішек-қарынның сасық
иісі кетпей қоятын. Кешкілік той-томалақ, жиындарға барғанда үстімнен
әлгі құрғырдың иісі шығып тұрғандай болады. Маңайым иісімді сезіп
отырғандай өз-өзімнен берекем қашушы еді», – дейді екен.
Екіншісі – Жүсіпбектің Түсіпбек, әкесінің Лебек болып жазылуы.
Елебектің әу бастағы есімі Лебек болғандығын, Елебек болып жазылуы
Жүсіпбектің төлқұжат алуымен байланысты өзгергенін жоғарыда айтып
өткен едік. Ал Жүсіпбектің ауылдағы есімі Түсіпбек болғандығын жазу-
шы Мұқатай Тоқжігітов те өзінің Жүсіпбек туралы мақаласында жазып
кеткен. Үшіншісі – Жүсіпбектің «ұлы кәмпескеде» мал алғандығы тура-
лы дерек. Бұл да Балғабай әулетінің малды болмағандығына айғақ болып
тұр. Сондай-ақ бірінші анықтама қағазында Жүсіпбектің төрт ай бойы
Қояндыдан Қызылжар уезіне мал айдаушы болғандығы анық жазылған.
А.Жұбанов та өз жазбаларында бір жылдай ауылда жүрген Жүсіпбектің
1930 жылдан бастап, Қояндыдан Қызылжарға (Петропавл қ.) қой айдау-
шы болғанын, әншінің бұл жұмыстан тек 1931 жылдың 15 ақпанында
босап, ауылына қайтып келгендігін айтады. А.Жұбановтың келтірген
мәліметтерінің құжатта көрсетілген төрт ай мерзіммен сәйкес келуі
музыкатанушының бұл деректерді әншінің өз аузынан жазып алғанды-
ғын аңғартады.
50
51
Осы тұста Ж.Елебеков те, А.Жұбанов та ашаршылық туралы жақ аш-
пайды. Себебін айтпаса да түсінікті. Жүсіпбектің Қызылжардан елге
қайтып келуінің бір себебі – айдайтын малдың болмай қалуымен байла-
нысты болуы да мүмкін? Кім біліпті? Дәл осы жылы Голощекиннің «асыра
сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран-айғайына сүрен қосқан
басынан бағы тайған елдің шала сауат, кем ақыл, шолақ белсенділері
қазақтың бар малын тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алып, тау-тау болып
үйілген етті өртеп, жойып жатқан болатын. Ғасырлар бойы жалғыз күн-
көріс көзі – алдындағы малынан айырылған көшпелі жұрт ашаршылық-
тың аран аузына түсіп, қырыла бастаған-ды. Осындай таршылық тұста
Құдай оңдап Жүсіпбекке Қазақ драма театрының директоры Орынбек
Беков жолығады. Жүсіпбек алғашқы өмірбаянында О.Бековпен Қызыл-
жарда кездескенін, оның мұнда ет дайындау қамымен іссапарға келген-
дігін, сол жолы драмтеатр директорының мұны Алматыға шақырғанын,
өзінің бұл ұсынысқа бірден келісім бергенін жазғызған. Екінші нұсқада
сәл басқашалау. Бұл нұсқада Жүсіпбек Орынбек Бековтің атын атамайды.
Оны директор да демей, жай ғана Қазақ драма театрының өкілі еді дейді.
Театр өкілімен ауылында кездескенін, оның Алматыға шақырған ұсыны-
сын қабыл алғанын айтып өтеді. Жүсіпбек бұл жолы театр директорының
атын атауға тәуекел етпейді. Себебі Орынбек Беков 1937 жылы «халық
жауы» ретінде ұсталып, атылып кеткен болатын. Осылайша Жүсіпбек
1931 жылдың мамыр айында Алматыдан бір-ақ шығады. Ахмет Жұбанов
Жүсіпбекті Алматыға Орынбек Бековтің өзі барып, мамыр айында алып
келді деп жазады. Бұл пікірді «Ән қанатында» атты кітабында Хабиба
Елебекова да қуаттайды: «1931 жылдың май айының орта шені болатын.
Аудан орталығынан арнайы келген хабаршы жігіт Төлеубек: «Жүсіпбек,
сүйінші, сені Алматыға әкететін болды», – деп басындағы тымағын
аспанға атты. Жүсіпбек ештеңесіне түсінбей, жаутаңдап жаңағы жігітке
қарай береді. «Жүр, тез жинал, кеттік», – деп, үсті-басына бастырмала-
тып жатыр. Жүсіпбек сүйіншінің мән-жайын түсіне қоймаса да, Алматыға
әкеткелі жатыр деген сөзден жолы түсіп тұрғанын сезіп қуанды.
Алматыда театр ашылғаны, өзі білетін Әміре, Иса, Қалибектер сияқ-
ты өнер саңлақтарының жиылған ордасы сол театр екені мәлім еді.
Жүсіпбектің арманы сол театрда жұмыс істесем, азды-көпті бойымдағы
барымды елімнің игілігіне тарту етсем деп қиялдайтын. Енді сол арманы-
на, шынымен, жеткені ме? Жоқ, әлде мына жігіт жай, әншейін әжуалап
тұр ма, деп, тіпті анығын сұрауға батылы бармай, тілі тұтығып үндей ал-
май қалды. Әлгі жігіт: «Өй саған не болды? Тіпті, өзің қуанбайсың ғой.
Барасың ба, жоқ па?» деп Жүсіпбектің қолынан жұлқылайды. Жүсіпбек
сонда ғана барып есін жиғандай: «Келген кім? Ол кісі саған не деп
айтты?» – деп сұрай бастады.
«Қазақ мемлекеттік драма театрының директоры Орынбек Беков де-
ген кісі сені сыртыңнан біледі екен. Және де Әміре, Иса, әсіресе Қалибек,
көп айтушы еді дейді. «Егер баратын болса біржолата келсін, ертең ерте
жүреміз!» – деп, Орынбек Бековтің айтқан сөздерін айта бастады.
Жүсіпбек ешкіммен ақылдасқан жоқ, тездетіп жинала бастады. Ауыл
адамдарымен қош айтысып болған кезде бие қайыруға кеткен әкесі де келді.
Әкесіне түсіндіріп айтып, рұқсат сұрағанда, әкесі жақында көрген түсін
айтты. «Түсімде сақалың төсіңе түскен, аппақ болып ағарған, өзің биік
таудың басында отырсың, жан-жағыңды түгел көретіндей кейіппен қарап
отырсың. Біз саған қызықтай қарап, сенің төңірегіңде жүрміз. Ояна кетсем
түсім екен, бірақ ешкімге айтуға батылым бармай, өзім ғана жақсылыққа
жорып, ішіме бүгіп қойып едім. Сол түсім келгей, қарағым! Қайда барам
десең де бетіңнен қағып көргем жоқ. Соның бәрінен жолын тауып, бағы
ашылып кетсе деп, іштей тілек тілеуші едім. Ойлаған мұратыңа жеткізе
көр деп, Алладан жалбыранып, тағы да тілегіңді тілермін. Жолың болсын,
ақ көңілім, адалым», – деп әкесі жыламсырап үйге кіріп кетті».
Әке түсі әулиедей келді. Арада тізіліп күндер, жылжып жылдар өтті.
Жүсіпбек шын мәніндегі қазақ ән өнерінің ақсақалына айналды. Бірақ
оған дейінгі арада бұралаң, шырғалаңы көп, өрі мен еңісі кезек, қызығы
мен мехнаты мол ұзақ жол жатыр еді. Ата батасын арқалаған Жүсіпбек сол
жолдағы ең ұлы сапарына аттанды. Ол қазақтың жаңа орнығып жатқан
жас астанасы, ақбасты Алатаудың бауырындағы Алматы шаһары еді.
Алматыға барған күні Жүсіпбек Орынбек Бековтің үйіне түсті. Театр
директоры Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің (қазіргі Әйтеке би мен
Д.Қонаев көшелерінің қилысы) түйіскен жерінде тұрады екен. Орынбек
Жүсіпбекті театрмен, оның әртістерімен таныстырды. Бұрыннан таныс-
біліс Әміре, Иса, Қалибектер Жүсіпбекті құшақ жая қарсы алды. Мұнда
ол Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сын-
ды кәнігі әртістердің ойынын тамашалап, олармен танысып-білісіп жақын
араласып кетті. Көп ұзамай Орынбек Беков Жүсіпбекті театрға қабылдау
үшін тыңдау сынағын ұйымдастырды. Жүсіпбек басына жеңіл пұшпақ
бөрік, үстіне жағасы мен жеңіне құндыз ұстаған пұшпақ ішік, аяғына сап-
тама етік киіп сахнаға шықты. (Жүсіпбектің дәл осы киімімен түскен фо-
тасы сақталған). Жүсекең орындайтын әндерді Қалибек хабарлап тұрды.
Ә дегеннен Біржан салдың әнінен бастаған Жүсіпбек Жарылғапбердінің
«Ардағы», Ақан серінің «Майдақоңыры», Естайдың «Жайқоңыры», Жаяу
Мұсаның «Сапары», халық әні «Сұржекей» сияқты бірнеше әндерді
52
53
айтты. Бұл 1931 жылдың 20 мамыры еді. Осы күннен бастап, Жүсіпбек
Елебеков Қазақ мемлекеттік драма театрына әртіс болып қабылданды.
Жүсіпбектің Алматыдағы алғашқы концертінен алған әсерін Ахмет
Жұбанов өзінің атақты «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде өте ғажап
суреттеген. Ақаңның суреттемесі Жүсіпбек өнеріне берген кәсіби баға
болғандықтан, шығарманың осы тұсын толығырақ бергенді жөн көрдік.
«1931 жылдың жазы. Қазақтың мемлекеттік драма театрында концерт
жүріп жатыр. Екінші бөлімде сахнаға жасы отызға жетпеген жас жігіт
шықты. Аяғында саптама етік, үстінде мақпал шапан, басында құндыз
бөрік. Бойы ортадан жоғары, келбеті келісті, сахнаға азғана жымиып
шықты. Жүрісінде салдықтың ізі бар сияқты. Бірақ ол бірінші қараған
кісіге.
Концерт жүргізуші: «Әнші Жүсіпбек «Сұржекейді» орындап береді», –
деді. Мен сияқты бұрын-соңды Арқаның әндерін жақыннан естімеген
кісіге, ол кеш үлкен жаңалықтың басы болды. Әнші алдымен домбыраның
бұрауын тексерді, әннің кіріспесін ойнады. Үлкен бармақ пен сұқ саусағын
кезек пайдаланып, іліп-қағып бір көркем музыка кесегін тартты. Енді
Жүсіпбек «Сұржекейді» бастап кетті. Дауыстың төменгі регистрінде
жай ғана бастап, әннің сазын сағыздай созып, тіпті, қай жерінде демін
алып отырғанын да сездірмейді. Шумақтың үшінші жолына көшкенде
кульминацияға қарай бара жатқаны сезілді. Онда да мелодияның арқауы
үзілмей, тек дауыс басқышының жоғарғы сатысына шығуға өрмелегенін
көресің. Басында жай, қоңыр үнде бастағанымен, енді әнші музыканың
екпінін қозғай тездете, қыздыра соқты. Ол кезде бет әлпеті де өзгеріп,
Сұржекей аттың үстінде желіп келе жатып, арнаған әннің бейнесі – сүйгені
көз алдына елестегендей, күлімсірегендей болады. Қайтадан баяғы қоңыр
үнге көшкенде, соғуы әлгіден жиілеген жүрегі басылғандай, әдемі түстен
кейінгі үзілмей келе жатқан ойдан өзін ұмытқандай кейіпте болды. Әннің
бір нотаны созыңқырап тұрып қалған жерінде домбырадағы сүйемел «ба-
сын көтеріп» көркем, жаңа бір әуен ойнайды. Бұл сияқты сүйемел тек
Жүсіпбекте ғана кездеседі десек асырып айтқандық болмайды.
Әннің соңғы нотасын аларда Жүсіпбек домбыра қойған оң аяғын
жайлап көтеріп, дауысын үзбестен орнынан түрегелді. (Ол әдет өмір
бойына қалды). Өте сыпайы түрде басын иіп, дүрілдеген шапалақтың
аккомпанементі астында сахнадан әдемі басып, шығып кетті»
24
.
Жүсіпбектің дыбыс әлемінің тылсымына терең үңілген кәсіби му-
зыкатанушы әншінің ән салу өрнегінің нәзіктігін акварельмен сурет
24
Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары. – Алматы, 2001. – 342–343-б.
салған суретшіге теңейді. Тағы бір байқағанымыз – Ахмет Жұбанов
Арқа әншілік дәстүрімен Жүсіпбек Елебеков арқылы танысқан сияқты.
Өйткені Ахмет Жұбановтың көп жылдар бойы Ленинград (қазіргі Санкт-
Петербург), Мәскеу қалаларында оқуда болғаны мәлім. Н.А. Римского-
Корсаков атындағы Ленинград консервоториясын бітірген Ақаң жас аста-
на – Алматыға отызыншы жылдардың басында ғана келді. Оған дейін Ах-
мет ағамыз Жүсіпбек сияқты саңлақ әншінің орындауында Арқа әндерін
ести қоймаған тәрізді. Оған А.Жұбановтың: «Мен сияқты бұрын-соңды
Арқаның әндерін жақыннан естімеген кісіге, ол кеш үлкен жаңалықтың
басы болды», – деп таңдана жазуы дәлел. Осы танысу Жүсіпбек пен
Ахмет арасындағы риясыз достыққа ұласты. Тіпті, Жүсіпбек Елебеков
А.Жұбановтың арқасында нота тани алатын мүмкіншілікке ие болғанын,
композитордың көмегімен репертуарын байыта түскенін, сондай-ақ,
«даусын қоюға» да мүмкіндік алғанын өз өмірбаянында ризашылықпен
айтып өткен. Қазақ музыка өнерінің екі алыбы бір-біріне деген жылы
достық қарым-қатынастарын өмірлерінің соңына дейін сақтап өтті. Ах-
мет пен Жүсіпбектің арасындағы сондай ізгі достыққа, шығармашылық
арман-аңсарға толы сұхбаттың куәсі болғанын Хабиба Елебекова өзінің
«Ән – аманат» атты кітабында жазғаны белгілі. Осы бір ғибратты әңгімені
әнсүйер қауым мен жас өнерпаздар үшін қайта жаңғыртқанды жөн көріп,
назарларыңызға ықшамдап ұсынбақпын: «Ақаң кей кештерде біздің
үйге келетін еді. Шай үстінде ұзақ әңгіме құратын. Бірде Ақаң:
– Жүсіпбек, біздер шаршауға хақымыз жоқ. Өнер жолындағы алғашқы
толқын болғандықтан сара жол сала білсек, сол біз салған жолды кейін-
гілер кеңейте береді. Әрине, өнердің қай саласында болсын, бірінші жол
салу қиын, сондықтан төзімділікті талап етеді. Өнер көшін тиісті жеріне
жеткізіп, жалғастырушы ұрпаққа табыс етуіміз керек. Ал менің өз алды-
ма қойған міндетім – жаңадан құрылған домбыра оркестрін дұрыстап
бір жүйеге түсіру, ойлағанымдай болып шықса ауыр жүк үстімнен
түскендей болар еді.
– Аха, сіз ойлаған мақсатыма жеттім деп жайбырақат жата алар ма
екенсіз? Қазіргі таңда музыка біліміне қанық сіз сияқты қазақ азаматтары
жоқтың қасында емес пе? Ендеше, сіздің арқалайтын жүгіңіз әлі де мол.
Қазақ халқының өнер атасын – дарынды күйшілерінің қалдырып кеткен
мұрасын, ел ішінен өзіңіз жиып әкелген Ұлықпан, Қали, Жәлекеш, Оқап,
Науша сияқты өнер қуған адамдардың қандай қиыншылық тұрмыс баста-
рынан өтсе де домбырасын бойтұмардай сақтап, өзі үйренген күйлерін
жаңғырта, жаңалай тартып, мәпелеп қазіргі уақытқа жеткізді. Асыл мұра
іс-түзсіз жоғалып кетуі де мүмкін еді-ау. Осы санаулы күйшілерді іздес-
54
55
тіріп тауып, халқына тарту еткелі отырсыз. Бұныңыз «Ел қамын же-
ген Едігедей» өнерге деген шын қамқорлық. Халық мұрасының қамын
ойлағаныңыз. Келешекте сізден де асқан дарынды музыкант шығуы мүмкін.
Бірақ олар сіз көрген қиыншылықты көрмейді. Олар, негізі дұрыс, мықты
қаланған іргетастың үстінен биіктетіп, ары қарай дамыта береді. Бірақ сіз
бір ғана оркестрді құруды міндетім деп ойлауға тиісті емессіз. Қазақ елінің
әрбір заман белестерінде туған, жеке-жеке дараланған биік шыңындай
Біржан, Ақан бастаған әнші, композиторлардың да шығармашылық еңбегін
саралап жазуға тиіссіз. Кейбір қазақ әнін орындаушыларға да сене беруге
болмайды. Кейде әншілер әнді өз ыңғайына айналдырып алады. Мысалы,
Мәдидің «Қаракесек» әнін сұлулыққа айналдырып, құр әннің нота дыбы-
сын ғана орындап шықса не болмақ? Мәди ойлаған ойдан ештеңе қалмаған
болар еді. Болмаса Жарылғапбердінің «Ардағын» алайық. Осы ән арқылы
бүкіл қазақ халқының кең даласы, асқар шыңдары, мол дастарқаны,
таза махаббатын көргендей емессіз бе? Әсіресе, бізден бұрынғы өткен
композиторлардың заман қысымы мен ой толқынынан шыққан әндерін
бұзбай, ән шығарушының ойын жеткізе айтпаса, есіл мұра зая кеткені
де. Аха, сіз осыларға қорған болуға тиістісіз. Сіздің түсіндіре жазған
еңбегіңіздің арқасында ән орындаушылар дұрыс айтар еді деген ойым бар.
Әсіресе Ақан, Біржан, Жаяу Мұса, Мәди, Мұхит, Абай әндерін орындау
өте мұқияттылықты тілейді.
– Жүсеке, қандай жақсы айттың. Сенің айтқан сөздеріңнің бәрі менің
ойлап жүрген ойым ғой. Бұрынғы өткен әншілер, ән шығарушылар жай-
ында ел аузынан естігеніміз болмаса, жазып қалдырылған еш нәрсе жоқ
екені рас. Бұл ой менің де тынышымды алады. Әрине, бұл көп еңбек, көп
ізденуді тілейді. Алдымен әр әншінің орындау шеберлігін зерттей жазсам
деген ойым бар. Егер өмірім жетсе кейбір әнші-композиторға жекелеп, кең
түрде тоқтала жазбақшымын. Бірақ ол уақыт билігінде, Жүсіпбек. Енді
мен сенің өз ой-мақсатыңды тыңдағым келеді.
– Жолдас Жүргенов (Темірбек Жүргенов – Қазақстанның сол
жылдардағы халық ағарту ісінің комиссары. – Е.Т.) шақырып алып:
«Жүсіпбек, сені филармонияға ауыстырсақ деп отырмыз, өзің қалай
қарайсың», – дегенде, қуанып келісім бердім. Менің ұстаған жолым
әншілік қой. Мен үшін әнсіз өмір тұл сияқты. Сондықтан өмірдегі жо-
лымды жаңа ғана тапқандаймын. Жаңағы сіз айтқан сөз мені ойланды-
рады. Ой үстінде тапқан байламымды өзім де сізге айтсам деп жүр едім.
Өзіммен бірге жүретін адамдарды сайлап алып, ел арасына шықсам
ба деп ойлаймын. Қазақтың кең даласының қиыр түкпірлерінде ән, күй
естімей шөліркеген ауылдар көп қой. Өнер соқпағының ел арасына
түсе бастағанына сегіз-тоғыз-ақ жыл. Соның өзінде барлық жерде емес.
Ал мен өз бойымдағы барымды сол қиырда жатқан елімнің арасына
жеткізгім келеді. Кешегі Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мәдилердің асыл
мұрасын қалың халық бұқарасына жеткізсем одан артық маған мақсат,
бақыт бола ма? Ән арқылы бізге жеткен өнер мұраларының ой шеңберін
шамам келгенше кеңейте түссем, арманым болмас еді.
Жүсіпбек азырақ үн-түнсіз отырды да, сөзін қайта жалғастырды.
– Әрбір жақсы, болмаса жаман деген сұрауға кейде бір-ақ ауыз сөзбен
жауап бере саламыз. Осылардың күнгейі, теріскейі болмай ма? Егерде
күңгей жағын арши қаза қарасаң, көлеңке жағы азая түседі. Ал көлеңке
жағын көбірек көрсең, сәулелі жағы көрінбей қалады. Сол сияқты әннің
де жақсы жағы, кемшілік жағы бар емес пе? Ән орындаушылар әннің
жетістігін, кемшілігін жете түсінсе десеңізші. Ән шығарушының ойлаған
ойын жеткізе алмаса, ән айтып керегі не? Бейхабар ұйықтап жатқан көңіл
күйін астан-кестен шығарған топан судай, ой толқынын түрткілеп оята-
тын Жаяу Мұсаның «Сапар» сияқты әнін тебіренбей, сызылтып, әннің
құр нота дыбысын ғана айтса не болар еді? Болмаса «Ғазиз» әнін
алайық. Маған осы әннен дүниедегі барлық жақсылық қол бұлғап
тұрғандай болады. Осы «Ғазиз» әнін әнші Ғаббас Айтбаевтан
естігенімде дүниеде мұндай теңдесі жоқ сұлу ән болмайтын шығар деп
ойлап едім.
Барлық айтылып жүрген әндердің нота дыбысы бірдей емес пе? Ән
орындаушы да осы дыбыс үнімен ғана орындайтыны белгілі, солай бола
тұра неге жақсы әнші, нашар әнші дейміз? Мәселе, әннің нота дыбысын
дұрыс шығаруда ғана ма? Жоқ, мәселе ән тағдырын жете түсініп, әннің
сөзінің бір ғана шумағынан дыбыстарының сөзін түсіну керек. Сонда
ғана тыңдаушы қауымның көңілінен шыға аласың. Бірақ осыған жете
алмай келеміз ғой. Біз айтқан «Ғазиз» әні оншалықты әсер қалдырмауы
мүмкін. Ал Ғаббас орындағанда, жаңағы мен айтқан әсемдік, құштарлық
ән құдіретінің сонша аспандап, жоғары шарықтап тұрғанын сездіретін.
Міне, осындай әншілер көбейсе деп аңсаймын. Құр бақырған айғай
құлаққа ән бе екен? Енді жаңағы ойыма қайта оралайын. Ақан, Біржан,
Мәди сияқты әнші-композиторлардың әнін естімеген қазақ ауылы бар
шығар деп ойлаймын.
– Бар болғанда қандай! Қазақ даласындағы қалың көпшіліктің ес
жиып, етек жауып, өз от басынан оразасын ашып, енді ғана көңілдері
көтеріле бастады емес пе? Кешегі мал соңында сары ала етек болып,
күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүрсең қаққан сорлы жал-
шылар Ақан әнін қайдан естісін. Қазірдің өзінде орталықтағы аста-
56
57
на жұртшылығының өзі де Арқа әндерін жаңадан ғана ести бастаған
жоқ па? Мен өзім де ән әсемдігіне, әнші шеберлігінің тұнығына енді
ғана қанғандаймын. Мен солай болғанда, қашықта жатқан ауыл адамда-
ры қалай? Әсем әнді соларға жеткізу жолын қарастыру кажет. Жаңағы
айтқан ойың дұрыс сияқты, қиын да болса іске асыра алсаң, еліңнен,
қалың халқыңнан алғыс аласың.
Өстіп Ахмет пен Жүсіпбек өнер жайлы ойларын ақтарыла шертетін еді.
Кейде өз ойыңда шешілмей жүрген түйінді жолдасыңмен сұхбаттасып
шығармашылық әңгіме үстінде шешесің. Егер екі адамның ой түкпірінен
шыққан мақсаты биікте түйіссе, достық мәңгілік болмақ. Мұндай
достықты ешкім ажырата алмайды. Ақаң мен Жүсекеңнің достығы да
дәп осындай еді»
25
.
Отызыншы жылдардың басында Жүсіпбек үйінің төрінде келер
ұрпақ – болашақ өнерпаздар үшін деп айтсақ, «мастер-класс» деңгейінде
өткен бұл сұхбатта халқымыздың әншілік өнеріне қатысты көптеген
мәселелер қамтылған. Тіпті, сол жылдардағы Жүсіпбек көтерген проб-
лемалардың әлі күнге дейін күн тәртібінен түспегеніне, қайта көкейкесті
бола түскеніне қынжыласың. Мәселен, әнді тек «құр әннің нота дыбысын
ғана орындап» айтуды, шығарманың ішкі нюанстарына бойлай алмау-
шылықты, әнді түсінбей орындау сияқты келеңсіздіктерді Жүсіпбек сол
заманда көтеріп отыр. Осыдан сексен жыл бұрын көтерілген бұл мәселе-
лер қазір, тіпті, шегінен шыға асқынып, қазақ әншілік өнерінің ең шие-
ленген, түйінді проблемаларының біріне айналған десек артық айт-
пағанымыз. Сондай-ақ, қос өнер алыбының сонау отызыншы жылдардың
өзінде-ақ қазақ музыка өнерінің мүддесі тұрғысынан алдарына кең
ауқымды бағдарлама қойып, жүйелі түрде жұмыс істей бастағанының
куәсі боламыз. Мәселен, Ахмет Жұбановтың халық композиторларының
өмірі мен шығармашылығы жайында жазған, күні бүгінге дейін қазақ
музыкатану тарихында теңдесі жоқ еңбек болып саналатын – «Замана
бұлбұлдары» мен «Ғасырлар пернесі» атты қос кітабын жазуды сол бір
нәубетті, ауыр жылдардың өзінде-ақ қолға ала бастағанын байқаймыз.
Жүсіпбектің де барлық қазақ елін өнер сапарымен аралау, ел ішіне өнер
шашу туралы ойға бекінгені де осы жылдардан бастау алғандығын
көреміз. Екеуара сұхбат барысында Жүсіпбек өзінің Ғаббас Айтбаев-
тан «Ғазиздің әнін» тыңдағанын айтып өткен. Жүсекең Ғаббас жөнінде
бұдан да көбірек мәлімет берген деп ойлаймыз. Өйткені А.Жұбанов
өзінің Ғаббас Айтбаев туралы жазғандарында: «Ғаббас 1929 жылы
25
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы, 1989. – 120-123-б.
қайтыс болады. Жүсіпбек Елебеков оны 1918 жылы көрдім дейді.
Жүсіпбектің айтуынша, Ғаббас ауылкеңес төрағасы болып тұрған
шағында бір түнде өліп шыққан. Оның одан бұрын ешбір ауруы
сезілмеген», – деп Ғаббас өліміне байланысты Ж.Елебековтен алған
деректерін куәлікке тартады. Сондай-ақ, А.Жұбанов Жүсіпбектің
атақты Ғазиз Файзоллаұлын көргендігін, әйгілі әншінің 1931 жылы
өлгендігі туралы мәліметті Жүсіпбектен естігенін жазып қалдырған.
Осы орайда музыкатанушы Борис Ерзаковичтің Жүсіпбек жайын-
да жазғандары өзінің тосындығымен ден қойдырады: «Елебеков
Жүсіпбек – есімі елге мейлінше белгілі әншілердің бірі, ән айту мәнері
жағынан Орталық Қазақстан вокальдық мектебінің жарқын өкілі.
Ол өзін осы аймақтың көрнекті халық әншісі және композиторы
Ғазиз Файзуллиннің (1930 жылы қайтыс болған) шәкіртімін және ізін
қуушымын дейтін, вокальдық шеберлік пен репертуарды сол кісіден
алған», – деп Жүсіпбектің шәкірттік жолын мүлде басқа қиырға қарай
сілтеп жібереді
26
. Сілтеп жібереді деп отырғанымыз Б.Ерзаковичтен бас-
қа ешқандай зерттеуші Жүсіпбектің Ғазизге шәкірт болғандығы жө-
нінде жазып қалдырмаған. Жүсіпбек те өз естеліктерінде Ғазиздан ән
үйрендім демейді. Бірақ Б.Ерзаковичке өзін Ғазиздің шәкіртімін және
ізін қуушымын деп таныстыруына қарағанда, шынында да, Жүсіпбек аз
уақыт болса да Ғазиздің қасында болып, ақмолалық әншіден өрнек ал-
ғанға ұқсайды. Мүмкін, Ғазиздің әншілік табиғатынан басқа өнерпаз-
дардан сезіне алмаған өзіне тән рухани жақындық пен болмыс ұқсас-
тығын тапқан болар? Кейде жас талапкер аға буын әншінің бойынан өз
жан дүниесіне сай сәйкестікті тауып, өз өнерін сол әнші арқылы танып,
оған еліктеп, өзінше ұстаз тұтып жатады. Ж.Елебековтің де «мүйізі
қарағайдай» екі бірдей кәсіби музыкатанушыға (А.Жұбанов пен
Б.Ерзаковичке) Ғазизды көргендігін және оны өзіне ұстаз тұтқандығын
айтқандығына қарағанда, шын мәнінде «әнші жоқ Қараөткелде менен
асқан» дейтін Ғазиз әнші жарқын өнерімен, жас талапқа жөн-жосық
көрсетуімен Жүсіпбек жүрегінен орын алып, есінде ұмтылмастай қалған
сияқты. Олай болса Ғазиз әнші мен Жүсіпбек қай жылдары, қай жерде
кездесіп жүр деген сұрақ туады. Меніңше, бұл кездесулер жиырмасыншы
жылдардың бас кезінде Қоянды жәрмеңкесінде болған тәрізді. Тіпті, ол
Ғазизбен соңғы рет Қояндыдан Қызылжарға мал айдаған сапарында кез-
десуі мүмкін. Өйткені Ғазиздің мекені Ақмола қаласы Қоянды мен
26
Борис Ерзакович. Құрастырған А.Омарова. – Алматы, 2008. – 146-б.
58
59
Қызылжардың жолында жатыр. Олай дейтініміз бұрнағы деректерде
(Б.Ерзакович, А.Жұбанов жазбаларында) Ғазиз әнші 1929–1930 жылдар
аралығында қайтыс болды делініп келген. Жүсіпбек болса, А.Жұбановқа
Ғазиз ақын 1931 жылы өлді деп куәлік береді. Мүмкін, Жүсіпбек
1931 жылдың қысында, Қызылжардан кері қайтқан сапарында Ақмолаға
соғып, Ғазиздің өлімі туралы естуі ғажап емес қой. Қалай десек те,
Жүсіпбектің Ғазиз әншіні көрген, білген адам екендігі дау тудырмайды.
Тек қай жылы, қандай жағдайда көргендігі қағазға түспей қалған.
Жазушы Сапарғали Бегалин Жүсекең туралы жазған мақаласында
Жүсіпбектің Ғаббас Айтбаев пен Ермектің Исайыны деген әншілерден
үлгі алғандығын атап кетеді. Осы деректердің барлығын ескере, сара-
лап қорыта келе, біз Жүсіпбекке ең алғашқы ән әліппесін ашқызған
адам өзінің немере ағасы Жақыпбек болғандығын; одан кейінгі (шама-
мен 1918–29 ж. аралығында) жылдарда Ғаббас Айтбаев пен Ермектің
Исайынан үлгі алғандығын; 1920–1923 жылдары Семейде Абайдың
әншісі Әлмағанбеттен ән үйреніп, Әміре, Қалыш, Иса сияқты өз
заманының үздік өнерпаздарының алдын көргендігін; сондай-ақ, атақты
Ғазиздің өзінен өрнек алғандығын; осылайша сол кездегі Арқаның басқа
да ең үздік әншілерінен жалықпай үйреніп, талмай ізденгенінің
нәтижесінде әншілік әлемін кеңейтіп, байытқан, шыңдаған деген пікірге
тоқталамыз. Ахмет Жұбановтың 1931 жылы алғаш Жүсіпбекті тыңдаған-
нан алған әсеріне қарап та 27–28 жастағы Ж.Елебековтің сонау оты-
зыншы жылдардың өзінде-ақ әншілік кемеліне келген мінсіз өнерпаз
ретінде қалыптасып үлгергендігін байқаймыз. Бір сөзбен айтқанда,
Қазақ драма театрының директоры Орынбек Бековтің қолдауымен
еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға шақырылған Жүсіпбек
Елебеков қалыптасқан тұлға, толысқан өнерпаз ретінде, келе сала,
бірден шаңырағы жаңа ғана көтеріліп жатқан өнер сарайының керегесін
құрушы, уығын шаншушылардың алғашқыларының легінде мәдениет
майданына араласып кеткенін көреміз. Енді оның алдында ұзақ
жылдарға созылған кәсіби әншіліктің жауапты жолы жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |