Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студенттер тек пен түр, жанр, жанрішілік түрлерді жүйелеп, талдай алуға
тиіс.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Жанрлар
тоғысуы, жанраралық ықпалдастық дегенді қалай
түсінесіңдер?
2. Жанр туралы зерттеген шетел және отандық ғалымдардың еңбектерін
атап, басты концепциясын түсіндіріңдер
3. «Канон», «конфронтация» терминдері, оның жанрға қатынасы туралы
айтыңдар
4. Жанр
түрлерінің дамуына қатысты ойларыңды мысалдармен
дәйектеңдер
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Бахтин М. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975
2. Белинский В. Разделение поэзии на роды и виды. М., 1978. т.3
3. Байтұрсынов А. Әдебиеттанытқыш. А.,1989
4. Хализев В. Теория литературы. М., 2002
5. Нұрғалиев Р. Прозадағы драматизм \\Өнердің эстетикалық
нысанасы. А., 1979; Нургали Р. Движение жанров
\
\Вопросы
литературы. М., 1980.
6. Базарбаев М. Казахская поэзия: художественные искания. А.,
1995.
7. Есембеков Т. Драматизм и казахская проза. А., 1997.
8- дәріс. Тақырыбы: Роман жанрының қалыптасуы мен дамуы
Роман: жанрлық ерекшелігі, құрылымы
Мақсаты:
Романның жетекші жанр ретіндегі ролі, жанрлық ерекшеліктері,
“романдану” құбылысы, роман жанрын зерттеуде орныққан тұжырым,
пікірлер. Романдағы өзге жанрлардың ықпалы, романның құрылымдық
ерекшелігі
1. Роман туралы түсінік
2. Роман жанрының тарихы түрлері
3. Романның түрлері
Негізгі ұғымдар: роман, романдану, құрылымдық категория, эпикалық
ракурс, мотив.
роман – бұл көркем түрде ұйымдасқан, әр түрлі әлеуметтік көпүнділік
арқылы заттық-танымдық өмірді суреттейтін эпикалық жанр
романдану – басқа жанрдағы шығармаларда романға тән сипаттардың
басымдық алуы
құрылымдық категория – элемент, функция (қызмет), жүйе, мазмұн және
форма түрлерін тұтастыратын ұғым
эпикалық ракурс – автордың оқиғаларды бейнелеудегі өзін-өзі көрсетуі.
эпикалық қашықтық – әңгімелеуші – автордың шығармадағы баяндалып
жатқан оқиғалардан белгілі бір мезгілдік немесе кеңістік ара қашықтықта
орналасуы
мотив – белгілі бір оқиғаның тұтастығына қатысты баяндаудағы бөлінбейтін,
кішкене бөлшек
Соңғы екі-үш жүз жылдықта әдебиеттегі жетекші жанр саналған роман
әдебиеттанушылар мен сыншылардың назарын аударып келеді. Бұл
жазушылардың толғанысын да тудыруда. Солай бола тұра, бұл жанрдың
шешілмеген құпиясы көп. Роман жанрының тарихи тағдыры жайлы әр
тарапты, қайшылықты пікірлер көптеп айтылды. 1936 жылы Т.Манн
«прозалық қасиет, түйсіктілік, сыншылық, сол сияқты қаламгерлердің
қолданған құрал-тәсілдері, оны еркін және шұғыл көрсете алуы, оқиғаны
берудегі кеңдік қазіргі кездегі көркем әдебиеттің іргелі, басты түрі болуда»
деген. Ал бұған қарама-қарсы пікірді одан ертерек О.Э.Мандельштам айтады:
«роман аяқталған, біткен жанр» («Конец романа» - «Романның ақыры», 1922).
Яғни, романның психологиялануы мен сыртқы оқиғаның көмескіленуі
осындай ойға жетелейді.
XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жаңа басталған күрделі кезеңнің көркем
шежіресі іспеттес болды. Бұл дәуір әдебиетті ұзақ жылдар бойы өз кезеңінің
саяси-идеологиялық талаптарына байланысты біржақты зерттеліп келді.
Соның ішінде жанр түрлеріне қатысты алуан түрлі пікір, көзқарастар орын
алды. Әдебиеттің даму кезеңінде басқа жанрлармен бірге, роман жанры да
қызу айтыстарға өзек болды. Бұған Ленинград қаласында болған роман жанры
туралы айтыс дәлел. Роман жанрының басымдық алуы басқа жанрларға
қарағанда эпикалық түрдің қолайлығынан болса керек, - деген де көзқарастар
орын алды.
Романның қазіргі концепциясында ол туралы өткен жүз жылдықта
айтылған пікірлер ескеріледі. Егер классицизм эстетикасында роман төменгі
жанр деп саналса, романтизм дәуірінде ол “күнделікті болмысты танытатын,
сонымен бір мезгілде “әлемнің айнасы”, “автор мен кейіпкердің көңіл-күйін
еркін көрсете алатын” жанр деп танылды. Жан Поль: “Әрбір роман өзіне
жалпылық рухты тарта білу керек”,- деп жазды.
Романтизмнің эстетикасы мен сынында байқалғандай, романды дәстүрлі
эпоспен салыстыру Гегельде айқындала түсті: “Мұнда эпостағыдай әлем
барша байлығымен, жан-жақтылығымен, өмірлік хал-ахуалымен, дүниені
тұтас көрсетуімен, сол сияқты оқиғаны эпикалық кеңдікпен суреттеуімен
ерекшеленеді”. Екінші жағынан романда эпосқа тән “әлемнің бастапқы
поэтикалық күйі” болмайды, “мұнда прозаға тән шындықтың реттілігі”
көрінеді. Бұған үндес пікірді сыншы В.Белинский айтады. Ол романды “жеке
өмірдің эпосы, кәдімгі күнделікті өмір” деген. Сыншы роман мен оған туыстас
повесть “енді поэзияның басқа түрлерінің ең басында тұр”,-деп түйіндейді.
Зерттеуші М.Бахтиннің роман туралы еңбектері негізінен 1930 жылдары
жазылып, өзінің жариялануын 1970 жылдарға дейін күтті. XVIII ғасырдағы
жазушылар Г.Филдинг пен К.М.Виландтардың тұжырымдарына сүйене
отырып, ғалым “Эпос және роман (Романды зерттеудің әдіснамасы туралы)” –
(“Эпос и роман (О методологии исследования романа)” (1941) мақаласында
романның кейіпкері “дайын, өзгермейтін тұрғыда емес”, қалыптасушы,
өзгеруге бейім, өмір арқылы тәрбиеленетін түрде көрінеді; бұл бейне
эпикалық та, трагедиялық та мағынада “қаһармандық” емес, роман кейіпкері
өзіне жағымды, жағымсыз, жоғары және төмен, күлкілі және байсалды
сипаттарды біріктіре алады”,-дейді. Сонымен қатар роман “қазіргі жағдайға
бейімделмеген, дайындықсыз адаммен “жанды қатынасты” суреттейді. Ол
басқа жанрларға қарағанда, болмыстың орнығуын жедел, терең, мәнді көрсете
алады. Ең бастысы роман (Бахтин бойынша) адамдағы анықталған мінез-
қасиеттермен қатар, әлі жүзеге аспаған мүмкіндіктерін, дербес әлеуетін ашуға
қабілетті: “Романның басты ішкі тақырыптарының бірі кейіпкердің тағдыры
мен оның жағдайының сәйкеспеуі болып табылады, адам мұнда “өз
тағдырынан асып түседі немесе өзінің адамшылығынан төмендейді”.
Гегельдің, Белинскийдің, Бахтиннің келтірілген тұжырымдарын адам
өмірінің (ең алдымен жеке, дербес-өмірбаяндық) динамикалы түрде,
қалыптасу, дамудың күрделі, айналасымен тартысты жағдайындағы сипатын
меңгерген роман теориясының аксиомалары деп есептеуге болады. Роман
жанрының кеңдігі адамның барша болмысын, өмірлік биік мақсаттарын,
дағдарыстары мен тұйыққа тірелуін, өмірді жатсынуын, болмысқа
үйлесімсіздігін, сол сияқты адамның әлеуметтік ортаға тәуелсіздігін,
дербестігін көрсете алады. Осы ретте М.Бахтин “Романда жаңа, өзіндік
проблема бар: ол үнемі қайыра ойлау, қайыра бағалау. Бұл жанрда “алғашқы
сөз жоқ, ал соңғы сөз әлі айтылмаған” шынайылық қоршаған дүние болып
табылады. Бахтин “роман дамудың неғұрлым жоғары сатысына дайын жаңа,
күрделі тұтас адамды жасайды”,-деген.
Роман туралы М.Бахтиннің теориясы көп қырынан белгілі венгер
әдебиеттанушысы Д.Лукачтың тұжырымына ұқсас. Ол бұл жанрды “құдайсыз
әлемнің эпопеясы» деп атап, ал роман кейіпкерінің психологиясын демондық
дейді. Романның негізі өзін барлық шытырман жағдайда таныта алатын адам
рухының тарихы деп санайды. Романның көптеген кейіпкерлері өзінің
жалғыздығы мен жатсынуын жеңіп, өз тағдырында “дүниемен байланыстың
тұрақтануын” (Блок) қалайды. Мәселен, “Евгений Онегиннің” сегізінші
тарауында кейіпкер Татьянаның ауылдағы үйінің терезесі алдында отырғанын
елестетеді. Мұндай ситуацияны Г.К.Косиков: “Кейіпкердің “жүрегі” мен
дүние, жаратылыс “жүрегінің” бір-біріне тартылуы, романның проблемасы
сол, ондағы кейіпкерлерге бірге болуға жазбаған, оның үстіне кейіпкердің
кінәсі дүниенің кінәсінен бірде кем емес”, -дейді.
Роман жанры әрине, бірден дербес жанрдың биігіне көтерілген жоқ. XIX
ғасырда В.Белинский өзінің “Поэзияны тегіне және түріне қарай бөлу” деген
мақаласында поэзияны лирика, драма, эпика деп үшке бөледі. Олардың
әрқайсысына анықтама береді. Бұл кезде роман жанры эпиканың бір саласы
ретінде бөліне бастаған еді. Бұл жөнінде зерттеуші Е.Лизунова: “Дұрысында
адам өмірін, оның тірлігін кең қамтыған бүгінгі күн тақырыбын қай дәстүрде,
көркем өнердің қандай тәсілімен жан-жақты пайдалану керек – романның
жанр ретіндегі орны мен қоғамдық маңызы осы сұраудан сабақталмақ”,-деп
жанрдың мәнін айқындап береді.
Роман жанры өзінің даму белестерінде қоғамдағы өзекті мәселелерді кең
арнада суреттеуімен ерекшеленеді. Қазақ әдебиеті тарихында роман жанры
өркендеген XX ғасырдың алғашқы кезеңінен-ақ, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің
шынайы суретін беруімен, кейіпкерлердің алуан жүйесін қалыптастыруымен
роман алдыңғы лекке шықты.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде өрістеген роман жанры
қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді сипаттаумен қатар, жеке адамның
трагедиясы, драмалық әрекет, адам мен қоғам арасындағы әр түрлі тәсілдерді
мол пайдалана алды. Өзінің сюжетінің кеңдігімен, суреттелетін оқиғаларының
ауқымдылығымен, құрылымының күрделілігімен роман жанры басқа
жанрлардан ерекшеленеді. Ондағы сюжеттік-композициялық ерекшеліктер де
көптеген зерттеушілердің назарын аударды. Зерттеуші М. Атымов: “Соңғы
кезде Т.Нұртазин “Тұйық” және “ашық” роман туралы пікір қозғап жүр. Оның
айтуынша: “тұйық” романдардағы сюжет жеке адамның сүйіспеншілігіне,
достығына, қастығына я аңдысуына құрылады. Оқиға сол тар арнадағы
қайшылықтардың төңірегінде дамиды да, қоғам өмірінің кең мәселелері
анда-санда елең етіп көрінгені болмаса, сюжеттік оқиғаға кең араласпайды.
...басқа мәселелер, басқа адамдардың әрекеті соған бағынышты, сол жеке
адамдардың тағдырының төңірегінен әрі ұзамайды. Өмір оқиғалары осындай
шағын көлемді және жеке адамдар тағдырының төңірегінен әрі ұзамайды.
Өмір көріністері ықшам және жеке адамдардың арасындағы оқиғалармен
тұйықталғандықтан, ондай шығармаларға көп адам араласпайды. Одан әрі
зерттеуші “ашық” роман туралы пікірін жалғастырып зор оқиғаларға толы
кеңес заманының аршынды қимылы “тұйық” романның іргесін сөгіп, көптеген
адам, көптеген оқиғалар кемеріне қиындасып, сыйысқан “ашық” роман
туғызды», дейді.
Романда өмір шындығын көрсететін оқиғалар мен әлеуметтік мәселелер,
жеке адамдар тағдыры кең суреттеледі. Автор роман оқиғасын дәлелді,
көркем баяндай келе, шығармаға өзек болған әрекеттерді, кейіпкерлер
арақатынасын нанымды көрсетеді.
Роман жанры туралы айтқанда, оны салыстырмалы-тарихи талдау
принципі тұрғысынан зерттеген орыстың аға буын зерттеушілерінен
В.М.Жирмунский, Н.И.Конрад, М.П.Алексеев, Г.Н.Поспелов, М.Б.Храпченко,
И.Ф.Волков, П.А.Николаевты, сол сияқты шетел зерттеушілерінен А.Дима,
Д.Дюришин, В.Ничева және тағы басқаларын атауға болады. Бұл зерттеушілер
романның мазмұн формасын, жанрлық ерекшелігін, кейіпкерлер жүйесі мен
құрылымдық жағын қарастырды. Соның ішінде романның құрылымдық жағы
басты назарда болды. “Құрылым” ұғымы әдебиеттануға байланысты
зерттеулерде жиі кездесетініне қарамастан, әлі қалыптасу үстінде.
Терминологиялық нақтылықты анықтау кезінде, бұл XX ғасырдағы
зерттеу еңбектерде көп кездесетінін байқадық. “Құрылым” ғылыми категория
ретінде және философиялық ұғымға ие болу жағынан XX ғасырдың 50
жылдарында қалыптаса бастады. “Философиядағы жаңа категория ретінде
“құрылым” ұғымы алынды”,- деп жазды О.С.Зелькина. Ғалым-философтар
бұл ұғымды әр түрлі философиялық категориялар – элемент, тұтастық,
функция (қызмет), жүйе, мазмұн және форма түрлерімен қатынаста
қарастырады. Солардың ішінде құрылым және жүйе қатынасы мәселесі
ерекше назар аударуды қажет етеді. “Құрылым ұғымы жүйе түсінігімен
неғұрлым жиі қатынаста қолданылады, сөйте тұра, әдебиетте екі ұғымның
бірлігі туралы бірізді көзқарас жоқ. Тек, біршама қалыптаса бастаған пікір
құрылым жүйесінің кейбір аспектілері болып табылады дегенге саяды.
Роман жанрын зерттеуші ірі ғалым А.В.Чичерин: “құрылымдық категория
мазмұндық сипатқа ие, ал мазмұндық категория құрылымдық формада
көрінеді” дейді. Бұл әсіресе, мәтін тұтастығын беретін – романға тән. Роман
жанрының даму және зерттелу тәжірибесі көрсеткендей, оның проблемасы
көркемдік материалдың ұйымдасу ретінен туады.
Қазіргі жанрлар теориясында романның басқа жанрлардан ерекшелігі
айқындала түсуде. Әдебиеттанушы М.Бахтин “басқа жанрлардың арасынан
роман – тұрақты” деп таныған жанр, бүгінде құрылымдық, көркемдік жағынан
толысты. Романның жанр тудырушы факторлары – сюжеттік-композициялық
жүйе, уақыт пен кеңістік, баяндау, кейіпкерлер – шын мәнінде бұл жанрдың
көркемдік құрылымын жан-жақты ашып берді. Көркем мәтін – тұтас құрылым
болса, оның ішінде роман – көпүнді тілдік құбылыстардың жиынтығы. “Роман
– бұл көркем түрде ұйымдасқан, әр түрлі әлеуметтік көпүнділік арқылы
заттық-танымдық өмірді суреттейтін жанр”.
Жалпы, роман жанры авторға шындық өмірді еркін, кең арнада, әр түрлі
тәсілдермен бейнелеуге мүмкіндік береді. Мұнда эпикалық, драмалық,
лирикалық сипаттар үндесіп, мәтіннің түрлі компоненттері (баяндау, суреттеу,
диалог, лирикалық шегініс, портрет т.б.), көріністері мейілінше мол
суреттеледі.
Әдебиеттегі жанрдың дамуы қоғамның өзгерісі мен ондағы адамның
жағдайына байланысты. Бұл байланыс әрине, тікелей емес, автордың
көркемдік бейнелеуі арқылы көрінеді. Суреткердің толғанысы аса индивидті
екені даусыз. Сөйте тұра, ол қоршаған ортаның әсеріне, қоғамның идеялық-
эстетикалық қажеттілігіне де байланысты. Әдебиеттегі “бейне мен жанр”,
“әдіс пен жанр” мәселелері өзара тығыз бірлікте. Яғни, жанр үшін де, әдіс үшін
де бейне проблемасы мен оның қоғаммен қарым-қатынасы бірден бір орталық
мәселе болып табылады. Жаңа әдебиет жаңа қоғамдық қатынастарды
көрсететін жаңа адамды бейнелеуден басталады. Бұл ретте әдебиет әр кезеңде
сан алуан кейіпкерлерді жасауымен ерекшеленеді. Мәселен, өткен ғасырдың
басында төңкеріс пен күреске ұмтылған, қоғамның түбегейлі өзгерісіне
мүдделі кейіпкерлер туса, одан кейін шаруашылықты қалпына келтіріп,
қоғамдағы жат элементтермен күресушілер туды. Бұл одан әрі басқа да саяси
оқиғалардың бел ортасында жүрген белсенді кейіпкерлермен толығып
отырды. Енді бейбіт заман орныққанда да бұл күрестің жалғасқанын көреміз.
Ендігі күрес адамның жеке басында, ішкі әлемінде, қоғам мен ортасында
кереғарлық туған жағдайда жүрді. Ол бәріне ортақ күрес емес еді, бұл жерде
жеке адамның санасы, қоғамдағы өзгерістерді жеке-дара қабылдауы алдыңғы
кезекте болды.
Романдағы
кейіпкерлердің
орналасу
реті
оның
ситуациясын
қалыптастырып, өзіндік ерекшелігін танытады. Олардың бірнешеуі алдыңғы
кезекке шығып, автор назарындағы негізгі мәселені жан-жақты шешуге
қатысады. Осыдан келіп, бұл кейіпкерлер өзінше бір мөлтекорта (микросреда)
құрайды. Олар сол ортада бір-бірімен араласып, әрекеттер атқару үстінде
өздерінің ой-мақсаттарын, істерін ортақтастырады. Әрі өз ішінде сюжетке
қозғау салып, әр түрлі қарым-қатынастарға түседі. Егер олардың ой, әрекет
үндестіктері болса, ешқандай тартысқа түспей, ортақ желіде көрініп отырады.
Ал, қарама-қайшылық байқалса, драмалық ситуация туындайды.
Драматизм ұғымының басты нысаны – адам. Зерттеуші-ғалым Р.Нұрғали:
“Драматизм эстетикалық категория ретінде өнердің барлық саласына,
әдебиеттің күллі жанрларына қатысты жалпылық, жинақтаушылық сипаты
бар ұғымдардың қатарына жатады. Бүгінгі таңдағы әдебиетке қойылатын биік
талаптардың бірі-драматизм”,-дейді. Адамның айналасы, оның шағын ортасы
олардың өз-өздерін танытады. Олар оқиғаға тікелей де, жанама түрде де
қатысып, сюжет арнасын кеңейтіп отырады.
Адамның жеке тұлғасын қарастырғанда этика позициясының мәні үлкен.
Ол адамның адамгершілік қасиеттерін, мінез-құлқын, сана-сезімін көрсетеді.
Соның ішінде мораль адам қызметінің қажеттілігінен туындайды. Адам
санасы жоғары болған сайын, өз мүддесінен қоғам мүддесін, жалпының
жағдайын жоғары қояды. Адамгершілік, мораль мәселесі адамзат тіршілік
кешетін саналы қоғамда әруақытта да биік тұрмақ. “Қоғам” ұғымы кейіпкердің
іс-әрекеті, қарым-қатынасы, тартысы арқылы кез келген шығармада көрінеді.
Романның кеңістік жағдайындағы мүмкіндігі жазушының онда неғұрлым
көбірек мәселені қамтуына, сол ортаны неғұрлым тереңірек суреттей алуына
байланысты. Мұны уақытқа байланысты да айтуға болады. Романдағы уақыт
кейбір кейіпкердің әбден ашылып, бойындағы бар қасиеттердің түгелдей
көрінуіне жағдай жасайды. Әрине, кейіпкердің дүниетанымы, өзгерісі шексіз
емес. Бұл алдымен, тұлғаның психологиялық жағынан қалыптасуына
байланысты. Қазіргі психологтардың пікірінше, адамның болмысында оның
әрі қарайғы тұрақтылығын қалыптастыруға негіз болатын бастапқы қасиет
сақталады. Екіншіден, әлеуметтік жағдай да адамның ішкі әлемінің өзгерісін
негіз ете отырып, одан белгілі бір тұрақтылықты, айқындылықты, яғни бағалау
бағдарын қажет етеді. Үшіншіден, білім мен дүниетаным ұғымының
қалыптасу тәсілінің әр түрлілігіне, мәселен, рухани күйзеліс пен дағдарысқа
байланысты. Алайда, бұл белгілі бір нәтижеге, жалпы қорытындыға жақындау
мүмкіндігінің жоғалуы деген сөз емес. Сондықтан, роман кейіпкері бастан
кешетін эволюция үнемі шарықтау шегіне жетіп, бірақ, өзінің ұзақтығын
шектеп, аяқталуға жақындайды да, оның көрсеткіші ретінде адамгершілік,
философиялық, рухани түйін алынады. Осы тұрғыда романдағы
психологизмнің атқаратын рөлі аса үлкен.
Шығармадағы қандай да болмасын баяндау тәсілі эпикалық ракурс пен
эпикалық қашықтықты анықтайды. Эпикалық ракурс – автордың оқиғаларды
бейнелеудегі өзін-өзі көрсетуі. Көркем уақыт – сюжет пен фабулаға қатарласа
жүретін ұғым. Сюжеттік уақыт дегеніміз – уақыттың нақты сәттерінің
шығармада автордың суреттеуімен белгілі бір тәртіппен орналасуы. Автор
сюжеттік уақытты түрліше ұйымдастырады. Кей кезде оқиға барысында
өткенге қайта оралудың қажеттігі немесе көркем уақыт ішінде оқиғаның
өтуінің бәсеңдеуі немесе шапшаң жүруі кездесіп отырады. Осыған
байланысты әңгімелеушінің белгілі бір түрі қалыптасады. Әңгімелеуші
оқиғаларды жай сырттай бақылаушы түрінде болуы не жай баяндамай, оқиғаға
қызу араласуы мүмкін. Осыған байланысты сөйлеудің белгілі бір түрі
қалыптасады. Мысалы, автор жай бақылаушы ретіндегі суреттеу түрін
таңдаса, әңгімелеуші автор әңгімелеу түрін таңдайды. Сөйтіп, эпикалық
ракурс шығарманың композициялық-тілдік жүйесінің құрылымдық тұлғасын
қалыптастырады.
Эпикалық қашықтық – әңгімелеуші – автордың шығармадағы баяндалып
жатқан оқиғалардан белгілі бір мезгілдік немесе кеңістік ара қашықтықта
орналасуы. Оған белгілі бір баяндау формасы аясында өзгерістер енгізіліп,
түрлендіріледі. Кеңістік ара қашықтық оқиғаны тұтастай немесе даралай алып
көрсетуден байқалады. Ол үш түрлі болуы мүмкін: шығармадағы оқиғаның
баяндау кезімен сәйкес келмеуі; шығармадағы оқиғаның баяндау сәтімен
сәйкес келуі және олардың аралығында мезгілдік қатынастың мүлде болмауы.
Оқиғаның баяндау кезімен сәйкес келмеуі оқиға баяндаудан бұрын өткен
жағдайда орын алады. Мұны мезгілдің шектелуі дейді. Бұл шектелу әр түрлі
болып, әңгімеленетін оқиғаның мезгілден тыс сипат алуына дейінгі аралықта
өзгеруі де мүмкін. Баяндау уақыты мен шығармадағы оқиға уақытының сәйкес
келуіне негізделетін әңгімелеу формасы бірізділік сипатқа ие. Ол қысқа мезгіл
аралығындағы жайттарды баяндайды. “Мәтіндегі оқиға деп – кейіпкердің
семантикалық шеңберін ауыстыруын айтамыз. Егер бір семантикалық
шеңберден екіншісіне өтпесе, оқиға болмайды. Бұл қимыл-қозғалыс оқиғаға
айналу үшін, өзінің тұрғылықты жеріне жету керек. Оған жетер жолдағы
шағын оқиғалар жүйемен дамыса, сюжетке айналады”. Сондықтан сюжет
табиғаты оқиғамен тығыз байланысты. Ал, көркемдік кеңістік ұғымы
сюжетпен тығыз байланысты. Оқиғаның ең кішкене бөлшегіне дейін сюжетті
құруға қатысады. Мұны орыс зерттеушісі А.Н.Веселовский мотив-сарын деп
айқындады. Мотив – белгілі бір оқиғаның тұтастығына қатысты баяндаудағы
бөлінбейтін, кішкене бөлшек. Мотивте екі бірлік – сөз және идеялық мазмұн
ерекше мәнге ие. Ол көркем шығармада баяндалатын оқиғадағы басты
мәселені, сипатты айқындайды. Яғни, оқиғаның себебі, оған қатысушылар,
кейіпкерлердің әрекет-мінездерінің көрінуі, олардың өту кеңістігі, өрбуі,
шығарма тілі – осының бәрі белгілі бір сарынның сипатын анықтайды.
Көркем шығармадағы мезгілдік қатынастар әңгімелеудің түрленуіне негіз
болады. Олар ірі, орта және жалпы тұрғыда беріледі. Әңгімелеу ірі, орташа
түрде алынса, мезгілдік шектелу дәрежесі түрліше болады. Жалпы түрде
алынса, мезгілдің шектелуі жоғары дәрежеге жетеді де, оқиға мен баяндау
уақыты бір-бірімен сәйкесіп жатады. Сондықтан әңгімелеуші оқиғалардан
алыс тұрған сайын, оларды атап, түстеуге мәжбүр болады. Ірі тұрғыда
әңгімелеу мен суреттеу деген сөз – болмысты жақын қашықтықтан шектеулі
кеңістікпен бейнелеу деген сөз. Жақын қашықтық шағын аумақта болған
жайды толықтырып, тәптіштей суреттеуге көмектеседі. Орта тұрғыдан
баяндауда әңгімелеуші оқиғадан едәуір қашықтықта орналасады, сондықтан
ол біршама үлкен аумақты қамтиды. Баяндаудың өз алдына бөлек түрі
ретіндегі суреттеуде оқиға жақын қашықтықтан алынады.
Әңгімелеуде белгілі дәрежеде эпикалық қашықтық сақталады. Неғұрлым
оқиға алыстаған сайын, мезгіл шектеулігіне сай ол толықтай алынбай,
жалпылама түрде беріледі. Әңгімелеудің эмоционалдық құрылымы бейтарап
тұрғыда болады. Әңгімелеудің келесі түріне басынан өткізгенді не естігенді
ауызша баяндау жатады. Мұнда эпикалық қашықтыққа байланысты екі түрлі
жайды байқауға болады. Бірінде әңгімелеу мен оқиға мезеті сәйкес келіп,
әңгімелеуші оқиғаға тікелей қатысады. Бұл жағдайда әңгімелеу ірі тұрғыда
алынып, суреттеудегідей болмысты тікелей бейнелеу жүзеге асады.
Сондықтан шектеулі уақыт ішіндегі оқиға бүге-шігесіне дейін толықтай
бейнеленеді. Бірақ суреттеу формасынан айырмашылығы – оқиға эпикалық
түрде әңгімеленеді. Мұндай әңгімелеуде болмыс ақтық түрде баяндалатындай
көрінеді. Басынан өткенді немесе естігенді әңгімелеудің екінші бір түрі оқиға
сәті мен әңгімелеу сәйкеспейді. Сондықтан уақыт шектеулігі тым жоғары
болып, баяндау, жалпылама шолу сипатында болады.
Ойлану, толғану, ойталқы түрінде келетін баяндауда уақыт жағынан сәйкестік
болмайды. Сондықтан, ойталқыны “мезгілден тыс” баяндау формасы деп те
атайды. Дегенмен көркем әдебиеттің даму тарихы кейіпкер мінез-құлқын
оқырманға жақындата түсу үшін, бұл форманың ірі түрін жасап шығарды.
Мұндай форма ой-толғаныстың мазмұнын ғана беріп қоймайды, оның
тууының кезектілігін, табиғилығын, ішкі байланыстарын да береді. Сөйлемдер
арасындағы логикалық байланысты уақыт жағынан кезектілікті білдіретін
жалғамалы байланыс ауыстырады. Сөйтіп, эпикалық қашықтық оқиға мен
әңгімелеу арасындағы қатынастың кеңістік және мезгілдік сипаттарын
анықтап, соған сәйкес сөйлеу формаларының өзгеріп, түрленуін қамтамасыз
етеді. Бұл әрине, кең эпикалы шығарма романда барша сипатымен ашылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Роман туралы концепцияларды жинақтап айтыңдар
2. «Романдану» деген не? Оның пайда болуы жанрдың өзге түрлеріне
қаншалықты ықпал етті
3. Романның құрылымы туралы айтыңдар. Романға қатысты ситуация,
мотив компоненттерін ұғындырыңдар
4. «Роман
кеңістігі», «ракурс» деген ұғымдарды түсіндіріп,
мысалдармен дәйектеңдер
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жирмунский В.М. Теория литературы. Поэтика. Стилистика. Ленинград:
Наука, 1977.
2.Белинский В.Г. Полн. собр. соч.: В 13т. М., 1954.Т.5.
3.Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. Алматы: Ғылым, 1976.
4.Лизунова Е.В. Роман және замандас бейнесі \\ Кітапта: Жанр және шеберлік.
Алматы: Ғылым, 1968.
5.Зелькина О.С. Математические аналоги как выражение одной из форм
развития в неживой природе\\ Проблемы структуры в научном познании.
Саратов, 1965.
6.Чичерин А.В. Возникновение романа-эпопея. Москва: Гослитиздат, 1958.
7. Бахтин М. Эстетика словесного творчества. М., 1979.
8.Бабенко Л.Г. Филологический анализ текста. Основы теории, принципы и
аспекты анализа. Москва: Академический проект, 2004.
9.Хализев М. Теория литературы. Москва: 2002.
10.Нұрғалиев Р. Өнердің эстетикалық нысанасы. А., 1979.
11.Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. А., 1996.
12.Рақымжанов Т. Романның көркемдік әлемі. А., 1997.
13.Хамзин М. Қазіргі қазақ романы А., 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |