әдеби жинақтар, оқу құралдары, сол кездегі ақын-жазушылардың
шығармалары бар. Классикалық мұрадан Ибн Сина, Қожа Ахмет Яссауи,
Шортанбай, Шоқан, Ыбырай; Абай, Дулат, Мұрат шығармалары кітап болып
басылды.
«Айқап» журналы мен «Қазақ»
газеті оқулықтар, өлең кітаптары, қазақ
тілінің тазалығы, халық ауыз әдебиеті жинақтары туралы рецензиялар мен сын
мақалаларды жариялау арқылы әдеби-тарихи ой-пікірлерді толықтыра түсті.
Әсіресе, бұл кезде қазақ тіліндегі оқулықтарға деген талаптың күшейгені
байқалды. М.Нұрбаевтың «Қазақша әліппе», «Ғалия» медресесі шәкірттері
шығарған «Әліппе яки төте оқу», Қ.Қожықовтың «Әліппе», М.Кәшімовтың
«Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт», М.Малдыбаевтың «Қазақша ең жаңа әліппе»,
А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал», «Оқу құралы», Т.Жомартбаевтың «Балаларға
жеміс», С.Көбеевтің «Үлгілі бала» оқу құралдары, орыс тілін үйретуге
арналған кітаптар жарық көрді.
XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеттануында ғылыми-зерттеушілік ой-
пікірдің толыса түскенін М.Сералиннің «Шахнаменің» аудармасына жазған
«Сөз басы» зерттеу мақаласынан көруге болады. Мұнда автор Фердоусидің
өмірі
мен шығармашылығы, дастаны туралы, оның жазылуы, аударылуы
туралы ғылыми пікір айтқан. Осы тұстағы баспасөз бетіндегі ғылыми-
публицистикалық сипаттағы мақалалар халық тарихын, тұрмыс-тіршілігін,
шығу тегін саралау барысында оның мәдениеті мен әдебиеті туралы ой қозғап
отырды. С.Ғаббасовтың «Айқап» журналында «Тарих қазақ жайынан»
(1915,№14,15) мақаласы сол тұстағы халық
ахуалына байланысты жайды
қозғады. С.Торайғыровтың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан»
мақаласында қазақ поэзиясының жалпы келбетіне, даму жолына шолу
жасайды. Ол қазақ өлеңінің әлі де өсіп-өркендемей, керісінше, түр мен
мазмұны сай келген, терең идеялы өлеңнің аз екенін айтады («Айқап», 1913).
Зерттеушінің осы әдеби-теориялық көзқарастары «Өлең һәм оны айтушылар»,
«Жаңа кітап» мақалаларында жалғасты. «Қазақ» газетінде 1914 жылы жарық
көрген Ә.Бөкейхановтың «Ән, өлең Һәм оның құрылысы» мақаласынан
байқалды. Автор өнердің адам өміріндегі мәні туралы ой айтып,
әдебиетті
музыка өнерімен сабақтастыра қарайды. Бұл туралы пікірін Лютер, Гете,
Шопенгауэр, Бетховеннің ойларымен бекітеді. Поэзияның эстетикалық
мұратын, халық өмірімен байланысын саралайды. Абайдың «Өлең – сөздің
патшасы, сөз сарасы» өлеңінен үзінді алады. Әдебиет туралы ұлттық
ғылымның қалыптаса бастаған кезінде әдеби-теориялық көзқарастың да
әдеби-тарихи ой-пікірден қалыс қалмауы, әдебиеттегі жанрлық мәселелердің
де зерттелуіне жол ашты. Әсіресе, XX ғасыр басында роман жанры көбірек
дамыды. Осы кезде жазылған А.Байтұрсыновтың «Білім жарысы» мақаласы
ұлттық әдебиетті жанрлық жағынан өркендету мәселесін қойды. Осыған үндес
Ә.Бөкейханов 1914 жылы «Роман не нәрсе?» деген мақала жариялайды. Бұл
мақаланың мақсаты – осы жанрда еңбек етем деушілерге әдеби-теориялық
білім беріп, романның ішкі мағынасы мен мақсаты не екенін түсіндіріп беру
болған. Автор шет ел романдарынан мысалдар келтіреді. Осыдан соң 1915
жылы Ә.Бөкейхановтың «Роман бәйгесі», М.Сералиннің «Роман
жарысы
туралы» мақалалары жарық көреді. Осы бәйге М.Дулатовтың 1910 жылы
шыққан «Бақытсыз Жамал» романының ізімен роман жанрының өрістеуіне
әсер етті.
Біршама дамуға қол жеткізген ұлттық әдебиеттану ғылымы Қазан
төңкерісінен кейін дағдарысқа тап болды. Әдебиеттің эстетикалық және
ғылыми танымы енді күрделі идеологиялық процестерге араласуына тура
келді. Өткеннің бәрін жоққа шығарған пролетариат диктатурасы әдебиет пен
өнерді жаңа заманға қызмет етуге шақырды. Бұрмалаушылық пен
солақайшылдыққа
ұрынған
«пролеткультшылдық»
пен
«тұрпайы
социологизм» теориясы ғылыми-зерттеуге белсене араласты. «Тек қана
пролетариат әдебиетін жасаймыз» деген олар, ертедегі әдеби мұралардан бас
тартты. 20 жылдардан осы көзқарастың дәуірлеп тұрғанына қарамастан, өткен
дәуірде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармалары баспасөз бетінде,
жеке жинақ түрінде жариялана бастады. 1917 жылы «Абай термесі», Ә.Диваев
құрастырған «Жеті батыр» жинағында С.Торайғыровтың
поэмалары, Қазан
мен Ташкентте Абай өлеңдерінің толық жинағы, Х.Досмұхамедовтың
құрастырған «Мұрат ақын сөздері», «Исатай-Махамбет», «Аламан»
жинақтары жарық көрді. Осыған орай, зерттеу мақалалары да жарияланып
отырды. Мәселен, ұлт әдебиетінің тарихын қозғаған Ж.Аймауытов пен
М.Әуезовтің «Екеу» деген жасырын атпен жазған мақаласы жарық көрді.
Мұнда Абайды ұлт әдебиетінің көшбасшысы санап, Шәкәрім, Ахмет,
Сұлтанмахмұт, Мағжандардың шығармашылық ізденістеріне тоқталады.
А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) еңбегі жарық көреді. Бұл
үлкен білімдарлықпен жазылған еңбек болды. Ғалым Р.Нұрғали: «Қазақтың
ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі,
методологиялық арналары, басты
терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптасқан десе,
ғалым, тілші Р.Сыздық: «Әдебиеттанытқыш» - әдебиеттану ғылымы мен қазақ
әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы. Мұнда автор көптеген
жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік анықтама береді», -
дейді.
Тұжырымдар.
1. Халықтық эстетикадан бастау алған баспасөз әдеби сынды тудырды.
Жазба әдебиет өркен жайып, жанрлық түрлер дамыды, қазақ лирикасы
мен прозасы жаңа көркемдік ізденістер жасады. Фольклорлық және
классикалық мұраның таңдаулы үлгілері жарияланды, әдеби жинақтарға
еніп, жеке кітап болып басылды.
2. Әдебиет туралы ұлттық ғылымның қалыптаса бастаған кезінде әдеби-
теориялық көзқарастың да әдеби-тарихи ой-пікірден қалыс қалмауы,
әдебиеттегі жанрлық мәселелердің де зерттелуіне жол ашты.
Достарыңызбен бөлісу: