Дәуірдің Қызыл Жебесі Тұрар Рысқұловқа ескерткіш



Pdf көрінісі
бет2/8
Дата16.10.2022
өлшемі0,75 Mb.
#43374
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қызыл жебе І кітап Шерхан Мұртаза

0121.
Екінші шекесінде: Құпия
Жетісу болыстарының
Әскери губернаторына»
16-көкек 1905 жыл, Ташкент қаласы – деп жазылған жазу тұр. Одан әрі мәтін кетеді:
«Менің алған мәліметтерім бойынша, соңғы кезде киргиз ауылдарының арасында кейбір толқулар
байқалған сияқты. Бұл сірә, үкіметке қарсы орталықта жүріп жатқан зиянды әрекеттердің әсерінен
туса керек. Сондықтан да, жоғары мәртебелі мырза, өз уезд начальниктеріңізге, учаскелік
приставтарға тәртіп беріңіз: көшпенділерге қатаң бақылау орнатылсын, халықты бүлікке
шақыратын сенімсіз адамдар байқалса, дереу бізге хабарлап тұрыңыз және әлгіндей
көшпенділердің арасынан аластауға әрекет жасатыңыз...
Генерал-губернатор».
Қол қойылып, мөр басылған.
Фон Таубе екі жұдырығына мандайын тіреп отырып қалды. «Түсінбеймін, – деді өзіне өзі, – қой
аузынан шөп алмайтын момын Жетісу деп бұл өлкеге өздері әскери сот пәрменін таратпайды. Сөйте
тұра киргиздар арасында толқу байқалады, абайлаңдар, – дейді. Әрине, абайлаймыз. Күні кеше
Жайылма болысында бір топ белгісіз киргиздар урядникті өлімші етіп сабап кеткен. Ал Жайылма
управителі Нарсұлтан бізге ең сенімді адам.
Соның жерінде әлгіндей оқиға болып жатқанда басқалардан не қайыр? Верныйдың ерлер
гимназиясында үкіметке қарсы марксшілдер ұйымы біраз жылдан бері өмір сүріп келіпті. Тіпті сол
ұйымның бір мүшесі, гимназияның кешегі түлегі Михаил Фрунзе деген Петербургтен бір-ақ шығып,
«Қанды жексенбі» оқиғасына қатысқан. Қазір Иваново-Вознесенскіде большевиктік насихат өртін
лаулатып жүрген көрінеді. Бізге орталықтан саяси тұтқындарды айдайды. Ал, олар болса мұндағы
елдің басын улайды. Сөйте тұра, Жетісудағы әскери соттың үкімі жүрмейді. Логика қайда?».
Фон Таубе жез қоңырауды әдеттегіден қатты қаңғырлатты. Сыптай адьютант сақпандай атылып
кірді.
– Барлық уездердің начальниктерін ертең таңғы сағат тоғызға шақырыңыз. Бәрін! – деді фон Таубе.
– да, қала жандармериясының полицмейстерің, облыстың түрме бастығын, округтық сот
председателін шақыруды ұмытпаңыз.
Фон Таубе емен ағаштан соққан қомақты креслодан ырғала тұрып, терезенің алдына барды.
Губернатор бағында аташтар жасыл пүлішке оранып, неше алуан құстар сайрап, арықтан су
сыңғыр-сыңғыр қоңыраулатып ағып жатыр. Бейіштің бағындай. Эдем бағындай. «Бірақ Эдем
бағында да бейбітшілік болған емес. Онда да неше түрлі тартыс өткен. Бәрі алдамшы. Бәрі түс
сияқты», – деп фон Таубе терезеден бетін бұрып әкетіп еді, императордың көзімен көз атысып
қалды. Император мұны кінәлағандай ызғар шашып тұр екен. «Иә, императордың тағы сықырлаған
күні менің тағымтас-талқан болады. Әлгі киргиздар айтқандай: «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен
ізде». Жабайы түземдер де кейде осындай дана сөздер айта алады. «Жабайы, жабайы» деп жүріп
жалпамыздан түспейік... Революция. Револьверден атылған оқтай қарып түсетін қандай
қорқынышты сөз. Бұл сөздің идеясымен түземдер уланса, сойқан сонда болмасын. Бұлардың
әйелдері ат пен түйенің үстінен түспей толғатып, босана береді. Бір көтерілмесін, бір көтерілсе –
жауынгерлік рухы шығандап кететін шатақ ел. Ал, біз «момын, момын» деп өзімізді алдаймыз.
Бұларға әскери сот жүргізуді қоспаймыз. Айтпақшы, әлгі Рысқұл...»
Фон Таубе қоңырауды қолына тағы да алды. Жіптіктей адъютант қоңырау қағылар-қағылмас сарт
ете қалды.
– Осташкин мырзаны шақырыңыз.
– Құп болады!
Вице-губернатор атан түйедей нән кісі еді. Қазына тіккен мундир шақ келмей, киімді ұдайы жеке
ұстаға арнайы заказбен тіккізетін. Қазандай басы қасқа маңдай, маңғаз. Бірақ мұрны кертіктеу, ал
иегі тым шығыңқы. Сақал-мұрт қоймайды. Оның есесіне күрең қасы қою. Қабағы жардай. Осынша
тұлға-түр бола тұра, фон Таубені көргенде маңғаздығы айдалада адасып қалып, ебедейсіз
қалбалақтай береді. Өз ісіне мейлінше берілген, үй-жайын, қатын-баласын мемлекет ісі дегенде
ұмытып та кететін пәруана адам. Фон Таубенің алдында қасқыр көрген түйедей қалшылдап қалады.
– «Рысқұл ісі» не болып жатыр? – деді фон Таубе өз орынбасарына.


– Әзірше істі Кіші Алматы сотына тапсырғанбыз.
– Мына генерал-губернатордың жауабымен танысыңыз. Әскери сотқа рұқсат жоқ. Істі округтік сотқа
тапсырыңыз. Режимі қандай?
– Жеке камера – қатаң режим, Жоғары мәртебелім.
– Приходькоға ескертіп қойыңыз: бір рет Рысқұлдың түрмеден қашып кеткенін ұмытпасын. Баласы
да сол камерада ма?


– Иә, Жоғары мәртебелім.
– Округтік сотқа ескертіңіз, іске қатаң қарасын. Бүкіл управительдер біздің әрекетімізді бағып
отырғанын ұмытпаңыз. Болыстардың наразылығына қалмайық.
– Құп болады, Жоғары мәртебелім.
VI
– Оян, Тұрар! – деді әкесі, екі тізесін бауырына жиып, екі қолын тізесіне қысып, бүрісіп ұйықтап
жатқан баласына. Бұрынғыша «Тұраш» демекші еді, бірақ қайталап:
– Оян, Тұрар! – деді.
«Еркелетудің жөні жоқ. Енді еркелік сенен кетті, байғұс бала. Енді сенен балалық та көшті. Бұдан
былай өз күніңді өзің көріп, өлместің қамын ойлауың керек. Еркелетудің жөні жоқ».
Бұрын баласын аймалап жүргендей-ақ, Рысқұл тап бүгін осылай ойлады. Онға толар-толмас
балдырған шешесіз аяқтанып, шерлі жетім болды да, әкесін Алатаудай арқа тұтушы еді. Әкесінің
мейірімі түсіп еміренген кездері аз болатын. Маңдайынан сипауы сирек. Бірақ адамда айтылмай
сезілетін махаббат болар, ұдайы ат үстінде түн қатып, түсі қашып жүретін әкесінің өзіне деген
сүйіспендігін бала іштей сезер еді. Тұла бойындағы тұлдыры, маңдайындағы сөнбеген жұлдызы
Тұрар бола тұра, Рысқұл өзін өзі тежеп, дәл қазір мейір төгуден бойын жиды.
– Тұр! – деді қатал үнмен.
Түрменің түні жаз да болса салқын. Баланың жамылғысы жоқ. Шолақ бешпет басына тартса аяғына,
аяғына тартса басына жетпейді. Іргеде темір төсек нар бар. Бірақ оған жата алмайсың. Жатайын
десең, яки отыра берсең ортасындағы екі тақтай тайып кетіп, құлап түсесің. Тақтайлар төсектің
темір жақтауларына ұшпа-ұш ілінген. Нық тұруға бір-екі елі жетпейді. Бұл түрмеде тақтайдың
тапшылығынан емес, әрине. Ойнақтап тұрсын деп әдейі ойлап табылған амал.
Рысқұл енді сол екі тақтайды тас еденге төсеп, үстіне Тұрарды жатқызды. Өзіне тақтай да
жетпейді... Ескі түйе жүн шекпен әрі жамылғы, әрі төсеніш.
Далада жаз шығып, дүние жадырағалы қашан?! Бірақ тас абақтының іші бір жылымас. Баланың
басы сияр-симас жалғыз терезеден өмірі күн көзі көрінген емес. Оның өзін білектей бел темірмен
айқұш-ұйқыш торлап тастаған.
Рас, күндіз аспанның қиығы төрт бөлініп көрінеді. Онда да түрегеп тұрып, есік жақтан қарасаң ғана.
Ал, отырғанда көрінбейді. Терезеге қол жетпейді. Абақты бөлмеден гөрі зынданға көбірек ұқсайды.
Шыңырау зынданның аузы аспанға қарап тұрады той. Тас камераның терезесі де үйдің
қабырғасынан гөрі төбесіне жақын.
Абақты – арт айланбас тар. «Өлгенде жататын көр де сәл кендеу, – деп қояды Рысқұл. – Көрде,
бәлкім, бұдан гөрі жылырақ болар. Мұның мүрдеден бір артықшылығы көздей болса да терезесі бар.
Аспанның бір пұшпағы көрінеді. Егер қабірінде де осылайша көк аспанның көздей бір кесегі көрініп
тұрар болса, өлгеннің өкініші өте қатты бола қоймас».
Камерадан аспан көрінеді. Күндізден гөрі түн тәуір. Түнде аспан бұлтсыз болса, жалқы жұлдыз
дірілдеп тұрады. Рысқұлдың камерасына кіріп жылынғысы келгендей жалынышты кейпі бар.
«Байғұс-ау, мұнда сонау сенің аспаныңнан да суық. Басыңа түспеген соң білмейсің ғой», – деп
сөйлесер Рысқұл онымен. Ұдайы бір-ақ жұлдыз тұрады. О да түн ауа бере жасырынып қалады.
Қапаста аспаннан басқа не көруші еді. Рас, түрме түбіндегі нар еменнің бір бұтағы көлбеңдеп,
жасыл жапырақ көз алдайтын. Надзиратель камераның темір есігіндегі көздей тесіктен сығалап,
тұтқын не істеп отыр екен, қалай отыр екен деп аңдитын. Сонда Рысқұлдың ылғи түрегеп тұрып
терезеден көз алмай қалғанын байқайды. «Е, бұл не көріп тұр екен?» – деп таң қалады. Ары ойлап,
бері ойлап, ақыры емен бұтағынан өзге ештеңе жоғын білген соң, надзиратель әлгі бұтақты
қырықтырып тастады. «Енді не істер екен?» – десе, тізесін құшақтап, қатып қалған екен. «Өліп
қалған ба?» – деп күдіктенгенше болған жоқ, тұтқын орнынан барысша бір-ақ атылып есікке жетті
де надзирательдің көзіне сұқ саусағын ұсына ұмтылды. Надзиратель шошып кетіп, оқыс шегінгені
сонша, тар дәліздің артқы қабырғасына кегжең еткізіп басын ұрып алды. Шүйдесін қолымен
сипалап есеңгіреп біраз тұрды.
Камераның төбесі де, төрт қабырғасы да, тор терезесі мен темір есігі де тұтқынға жауыға төніп,
тынысын тарылтып тұрады. Бірақ, Рысқұлдың ең жек көретіні темір есіктегі көздей тесік еді. Рысқұл
азаптың небір түріне шыдап-ақ бағар, бірақ көздей тесік дегбірін қашырады. Тесіктен жылт-жылт
аңдушы көздер көрінгенде шықшыты бұлт-бұлт ойнап, тісі шықырлап, әлгі ұры көздерді шұқып
шығарып жібергісі келіп жыны қозады-ақ.


– «Бұл нәлеттер неге қарай береді? Тамаша көре ме? Жаңа ғана сұғын қадап кетіп еді ғой. Әлде
менің мүсәпір халде отырғанымды көріп қуана ма екен? Оларың бола қоймас!»
Осылай деп өзіне-өзі дәт беріп, өзін өр ұстағысы келеді. Сағы сынбағанын білдіргісі келеді. Кейде
сумаңдаған сұқ көздерді байқамаған болады. Бірақ адам өзін-өзі тежей бергеннің де жақсылығы
шамалы. Ішінен тынғанның ызасы – алманың өзегіне түскен құрт сияқты. Сыртың бүтін, ішің түтін.
Сол түтін ішке сыймай кеткенде, Рысқұл сұқ саусағын қадап тесікке тұра ұмтылады.
Артынша, мұндай қызбалыққа бой бергенім қалай? – деп өкініп те қалады. Дұшпанға осалдығыңды
білдірме дейді.
Сөйтіп, жалғыз жасыл бұтақ та ғайып болған. Надзиратель оны қырықтырғаны камераға күн
түсірмейді деген қамқорлықтан емес, әрине. Қылмыскердің көзі камераның тамұқтай тас, көрдей
қарасұр қабырғасынан басқа бояуға алданбағаны жақсы. Ал тұтқынның күнде жасыл жапырақты
тамашалап, көз жанарын дем алдырып тұрғаны, надзиратель тарапынан үлкен сый болар еді. Ондай
мырзалықтың не керегі бар? Түрменің қожайыны шамасы келсе аспанның көгілдір түсін сұп-сұр
бояумен баттастырып қояр еді, амал не, оны істей алмайды. Әзір аспанға жетер саты жоқ, рас,
кейде бұлттар көмектеседі. Бірақ ең тұнжыр бұлттың өзі түрме камерасының түсінен әлдеқайда
ашық. Надзиратель шамасы келсе түнде қалтырап тұратын жалғыз жұлдызға балшық жағып қояр
еді. Әзір оны да істей алмай жүр. Әрине, ең қызығы, жалғыз көзді әйнекті тарс жапқан ғой. Бірақ ол
түрменің ережесіне жатпайды. Бір ғана амал – тор темірді неғұрлым жуанырақ қағу.
Терезенің көзін бітегенмен, көңілдің көзін қалай бітерсің. Адамның айтып болмас ғажап
қасиеттерінің бірі – көңіл көзі ғой. О, онымен мың түрлі бояу көруге болады! Ол арқылы сонау сағым
таулардың ар жағында жатқан Түлкібасты, Кемербастау мен Күмісбастауды көре аласың. Дәу-
Бабаның сыртындағы Иірсу мен Ақсуды аралайсың. Мыңжылқы мен Мақпал жайлауын, Ұлар тауын
шарлайсың. Кісінеген жылқы, шіңгірлеген құлындар, үйездеген биелер, маңыраған қой, мөңіреген
сиыр; зауза қоңызы әндеткен түндер; ақсүйек ойнап алқынған қыз-бозбала, айлы түндегі алтыбақан;
қанталап барып батқан күн; күннің батысынан шығысына дейін қызғылтым бояуға малынған
бұлттар; шығар күннің шаншыла шашыраған сәулесі, ақбас таулардың алаулаған шындары;
Дауылбай тоқалдықка тартып алған Әсем қыздың жәудір көзі; жылқышы Рысқұлды көргенде
алаулап ала жөнелетін сол Әсемнің алма беті... бәрі де көз алдында. Бұл көріністерді надзиратель
еш уақытта да, мылтықпен де, найзамен де қуып шыға алмас.
Тас қапастың құрсауында отырғанның өзінде адамның көкірегінің терезесіне темір тор қаға
алмайсың. Одан күнді де, аспанды да, жасыл жапырақты да тасалай алмайсың.
– Тұрсаңшы, Тұрар!
Бала ұйқысын қимай, ыңырсып, бүрсиіп жатады.
– Қазір, көке.
Түрме камераларының бәрі мұндай емес. Бұдан бір мысқал болса да тәуірлері бар. Бірнеше кісілігі
де, тіпті бір қора тұтқын жататыны да бар. Тұп-тұтас тастан емес, қыштан, тіпті домбаз, қам қыштан
соғылған камералар да кездесер.
Рысқұл камерасы – санаулы тас абақтының бірі еді. Мұнда тек аса қауіпті тұтқындар, патша
тіршілігіне барынша зиянкес, зор қылмыскер ғана отырғызылады.
Сондай қылмыскердің бірі Шілмембет Шымырдан шыққан Рысқұл Жылқайдарұлы еді. Аяқ-қолын
кісендеп, алғаш осы тас қапасқа жекелеп кіргізгенде мың да тоғыз жүз бесінші жылдың басы
болатын.
Осы түрмеден бір рет қашып шыққан әдісіне салып абақтының астын теспекке әрекет жасап,
қараңғыда іргеге тырнақ салып көріп еді, көбесі сыдырылып түсе жаздады. Саусақтары мұп-мұздай
тасқа тиіп, көбесі жапырылып, шып-шып қан шықты.
Ертеңіне надзиратель оны дәретханаға шығарып бара жатып саусағындағы қанды байқап қалып:
– Байқа, бәлем! Бұл саған өткен жолғы камера емес, – деп айызы қанғандай қарқ-қарқ күлді.
Бұл жолы түрме қызметкерлері сақ болды. Рысқұлдың кім екенін танып қалған, қой қораға қамап
қойсаң, абақты осы екен деп, тырп етпей жата беретін аңқау қазақ болмай шыққанына көздері
жеткен.
Тас камераға қамалған соң-ақ Рысқұл ісінің оңалмасын сезген. Жаза жарлығы көп ұзамас деп те
күткен. Өлім жазасы бола ма, каторга бола ма, – көп кешікпес деп еді. Бірақ жарым жылдан асты, іс
әлі шешілмей жатыр. Екі иығына екі кісі мінгендей шомбал, қолдан құйғандай шымыр, өте қарулы
еді, абақты сорып тастады. Қызыл-күрең жүзі басындағы тозған ақ қалпақтың түсіндей күннен-күнге


қуарып барады.
Ақ қалпақ демекші, оның жаны сірі екен. Қанша жыл болған, құдай-ау, туған жері Түлкібастан кетер
жылы Қатшагүл жеңгесі тігіп беріп еді. Топырағың торқа болғыр, сол Қатшагүлдің де сүйегі
әлдеқашан қурап қалды. Рысқұл енді ойлап тұрса, тұла бойында туған жерден қалған жалғыз белгі
осы тозған қалпақ екен. Басқа ештеңе сақталмаған. Еш белгі жоқ. Бәрі тозған, бәрінің күні озған.
Енді, міне, басынан бұлт арылмай ауырдан да ауыр күндер туды. Ноқта сыймас қайран бастың енді
қай шұңқырда қаларын, ақ қалпақтың қайда шірірін бір құдайдың өзі біледі.
Сірә, әкімдер оны осы тас камераның ішінде шірітер. Сотты тым созуларына қарағанда, бәрі
ықтимал.
– Тұра ғой, Тұрар. Мен саған жағдаятты түгел айтып берейін де. Мына жендеттер мені бір жайлы
қылатын уақыт келіп қалды-ау деймін. Сен бәрін естіп алғаның жөн.
Кірі ашылмаған бөздей болып аспанның сәл-пәл ағара бастағаны байқалды. Енді сәлден кейін
надзиратель келіп, темір есікті теуіп ашып, Тұрарды алып кетеді. Қаршадай бала таң қараңғысынан
қора сыпырады. Одан кейін күймеге ат жегіп, түрме бастық Приходько мырзаның балаларын
гимназияға апарып салады. Одан оралған соң Приходько мырзаның отынын жарып, күлін
шығарады. Күні бойы тынымсыз жұмыстан қалжырап, камераға қайтып келгенде, әкесінің әңгімесін
тыңдауға шамасы келмей құлайды.
– «Ұйқысын қимай аяғанмен, құдай аямаса, адамдар аямаса, бәрібір қор болмай ма?! Одан да бұған
мен істің мән-жайын, түп төркінін түгел айтып қалуым керек қой. Бәлкім, ертең кеш болуы. Менің
хикаямды әйтеуір, бір адам білуге тиіс қой. Кейінгілер бұл шытырман-шырғалаң істі соттың
қағазынан емес, өз баламның аузынан білуі абзал шығар.
«Мені бұлар қарақшы, адам өлтіруші, қанішер дейді. Тым болмаса Тұрар білсін шындықты. Қарақшы
кім? Қанішер кім? Жер бетінде қарақшы аз ба? Әне соның қайсыбірін Түркістанның генерал-
губернаторы өзі қадағалап, тергеу барысын дүрбімен қарап отыр? Ол – ол ма, Приходько мырзаның
бір «көңілі түсіп» айтып кеткеніне қарағанда, «Жылқайдаров Рысқұлдың ісі» туралы Түркістан
генерал-губернаторы сонау Петербургтегі патшаның соғыс министріне ақпар айтып, ақылдасуға
мәжбүр болыпты. Көрдің бе, Тұрар, қай қазақтың ісін патша ағзамның министрі тікелей өзі қарап
жатып еді? «Барып кел, шауып келмен күн кешкен кәдімгі барымташы, қарақшы болса, онымен
құдіретті өкімет өстіп тәжікелесіп жатар ма?».
Шындықты білетін бір пенденің болғаны жөн. Оны осы жалғыз ұлынан басқаға ағынан жарылып,
ақтарылып, айта алмас.
– Тұр! – деп дауыс оқыс шықты. Бұл дауыс Тұрарды ғана емес, ой орманының нуында жүрген өзін де
оятып жібергендей қатал естілді. Бала көзін уқалады. Бірер рет есінеп алды.
– Тыңдап отырмын, әке.
– Бұл былай, – деді Рысқұл сөз бастап.
Таң қараңғысы тас қабырғаларды тарылта түскендей түксиді.
Рысқұлдың ой-қиялы қамаудан шығып, ата-бабалар жерін шарлап кетті.
– Тыңда, Тұрар. Мені жұрт Саймасайды өлтірген бұзық дейді. Ал Саймасайдан бұрын не болғанын
білмейді. Саймасай сойқанына не әкеліп соққанын анықтамаса мен көрде де тыныш жата алмаспын.
Мұның өзі былай болған еді, шырағым...
***
Дәу-Бабаның дөңкиіп жатқан жотасын ай сәулесі шалықтап өтті. Оңтүстік-шығыстан, Жабағылы
жақтан, сірә, ай туып келе жатса керек. Қараңғы түнде түксиіп жатқан таудың түсі жылығандай еді.
Дүлей түнек ақшыл сәуледен құйрығын қысып қашқан қасқыр сияқты. Түнектің түсі суық-ты. Түн
жамылған Дәу-Баба жарықтық жалғыз-жарым адамға қорқынышты-ақ.
Ара-тұра үкі үһілеп, әлдеқандай белгісіз құс жанұшыра шар-р ете қалады. Тау қойнауы түн баласына
жұмбақ жұлқысумен, белгісіз шу, қырқысумен өтеді. Түн қарақшылары тыныш дүниенің шырқын
бұзып, өзінен әлсіз жүгірген аң, ұшқан құстың сорын қайнатып, жылы-жылы қанын қылғытып, қу
тамақтың құлдығында жүреді. Ышқынған үкі, жаман жапалақ, қара тілеу байғыз мына шөгіп жатқан
таудың тоғай-тоғай жынысына толып кететін сияқты.
Рысқұл әу баста сұмдық дауыстардан шамалы сескенген. Қанша батыр болсаң да түн ішінде,
айдалада, жападан-жалғыз тұрғанда байғыздың сұңқылынан тұла бойың аза болар. Қас қылғандай
Бердіқұл да тез орала қоймады. Құлақтағы су өлімсіреп, бір-ақ қасық қалып, үзіліп бара жатқан соң
ағасы Шәңке-бастаудың басына барып қайтпақ болған. Сірә, Дауылбай ауылы суды бұрып алса


керек. Кеше ғана сол ауылдың ақсақалдарымен баталасып, Шәңке-бастаудың суын кезек ішпек
болып келісіп еді, Сәліктердің ішінде бүгінгі түн су кезегі Жылқайдардың балаларына тиген.
Ағайынды Бердіқұл мен Рысқұл тары суаруға шыққан. Ағайынды үшеудің кенжесі Молдабек кедей
ауылдың қой-ешкісін күн бойы бағып, діңкелеп келген соң түнгі суға алып шығуға ағалары
обалсынды.
Рысқұлға салса, тары егіп, торғай қорып жүргісі жоқ. Есіл-дерті Дәу-Бабаның ар жағында жатқан
Иірсуда. Иірсу – Ақсу-Жабағылының қақпасы. Ол жерді де Дауылбай жайлайды.
Иірсу – шұрат жайлау. Жан-жағы тау. Тауға шығып кетіп, тастан-тасқа секіріп кекілік іздегеннің өзі
не ғанибет!
Жылқайдар Дауылбайдың жылқысын бағар еді. Егер әкесі жылқы бақпаса, Рысқұл атқа мұнша есі
кетіп құмар болмас та ма еді, түнде түсінен, күндіз ойынан ат кетпейді.
– Сенің түбіңе осы ат жетпесе неғылсын, – деп ренжуші еді әкесі кейде. Марқұмның сол айтқаны
кейін келгендей де болды...
Еркіне салса, Рысқұл тас басып, тау асып, кең әлемнің аясында, Ақсу-Жабағылының саясында, ну
орман мен жасыл жайлаудың төрінде жүруді армандай аңсайды. Иірсуға кетпекші болып, бір-екі рет
оқталып еді, ағасы Бердіқұл жібермей қойды.
Жылқайдар дүние салмағанда, Рысқұл бүйтіп кетпен арқалап, тары қорып, су суарып жүрмес те еді.
Басында бостандығың бола тұрып, балақ түріп, балшық кешкеннен гөрі, байдың жылқысын бағып,
күні-түні ат үстінде жүрген артық сияқты көрінеді де тұрады.
Дүние шіркін, қилы-қилы. Біреу жарлы, біреу бай. Дауылбайдың жылқысы Алатаудың алқымын
түгел алып жатыр, ал Рысқұл сияқты ер-азаматта аяқ лау боларлық жаман тай да жоқ еді. Осы
жақында ғана Корниловкадан өткен солдаттардың бракқа шыққан бір атын амалдап қолға түсірген.
Әскери ат ақалтеке шалыс, мойны құрықтай, аяқтары сидаң жылқы еді. Аз күн жем беріп,
жоңышқаның көрпесіне арқандап байлағаннан кейін ақалтеке атырылып шыға келді. Бісміллә деп
оны Рысқұл көкпарға да салып көрді. Додаға жоқ, шабысқа шайтандай жүйрік екен.
Әке байғұс бала қызығын көрмей ертерек өтті-кетті. «Балаларым Әлімбек батыр бабасындай
күштілерден қорықпайтын, мықтылардан ықпайтын асау болып өссе», – деп армандаушы еді.
Жылқайдардың әкесі Әлімбек Түлкібас дуанына аты жайылған айтулы батыр, шабандоз, палуан
бопты. Бірақ жалғыз атты кедей екен. Ал Жылқайдар можантомпай, момындау кісі еді. Батырдың
баласымын деп шіреніп отырмай, ағайыны Дауылбайдың қызметіне кірген. Кісі есігінде жүрудің не
екенін білген соң барып:
– Екі дүниеде бір-ақ тілегім бар, балаларым кісі есігін кермесе екен, – деумен болды. Алғаны
Айтолды бәйбіше төменгі Таластағы кедей Ойықтың қызы еді, сонан өзі енді тұра алмастай қатты
ауырып жығылғанда:
– Айтолды-ау, саған айтарым, мына үш баланы байдың босағасына телміртпе. Мен олай-бұлай боп
кетсем, Кемербастаудағы ағайындардың арасына барыңдар! Ахат ініме сәлем айт.
Ешкімге күні түспей Қарақойынның құнарынан несібесін теріп жеп жүр ғой. Менің артымда қалып
бара жатқан үш балама бір тоқымдай жерді бәсірелікке берсін. Ешкімге кіріптар болмай сол жерден
бұйырғанын алып-жеп көріңдер, – деп еді.
Ахат Жылқайдардың аманатын ада қылмай, адал орындады. Обалы не керек?! Жылқайдардың
жесірі мен жетімдеріне Қарақойынның қара бұйра топырақты жерінен бәсіре бөліп берді.
Шынтуайттап келгенде Қарақойынға Жылқайдар балаларының ортақ болар жөні де, жолы да бар
еді. Бабалары Әлімбек батыр аз ата Алсай баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға
шоқыттырмай, шонжар тұқымдармен иық тіресіп өтті. Мына қазіргі Дауылбай болыстың әкесі
Құлжабай датқаның өзі Әлімбектің айбынынан мысы басылып, жүні жығылып Тұрар еді. Сөйтіп, бұл
шұрайлы Қарақойынға Әлімбек және Соқыр батырлардың арқасында қол жеткен. Әйтпесе, аз
ауылдың өмірі алдына салып айдаған малы жүзге жетпеген, жүзге жетсе күзге жетпеген. Көбінің-ақ
«үрерге иті, сығарға биті» болмаған.
Соқыр – Әлімбек батырдың немере інісі болатын. Шын аты Керімбек еді. Сонау Меркеде Сыпатай
батырдың асын бергенде қырғыздан келген Теке батырға қарсы сайысқа шығар исі қазақтан ешкім
табылмай иә аруақ, иә құдайлап Керімбек жұлқынып ортаға шыққан.
– Өлсем – құным сұраусыз! – деп айқай салған дейді.
– О, бұ кім? Бұ қай бала! – дескен ел аталары.
– Бұ Түлкібастан келген Шымыр-Шілмембет Керімбек! – дескен жұрт.


Сонда дүйім ел:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп ұран тастапты.
Бәйдібек баласы болған жер «иә, құдайлап» жүріп Керімбектің төсін тоқыммен тартып байлап,
қолына найзадай ұзын айыр бақан берген екен. Айыр жағын оң қолының қарына тіреп алып, құж-
құж құйқалы басын орамалмен шарт түйіп, астына апай төс, жуан бел қарагер алпауыт ат мініп
ортаға ойнақтап шыққанда ар жағы Арыс, бер жағы Алматы, Албаннан жиылған жұрт тағы да:
– Бәйдібек! Бәйдібек! – деп аспан астын азан-қазан қылған деседі.
Сайыстың серті жаман. Екеудің біреуі құрбан. Соған екі сайыскер де бас тігеді. Теке батыр талай
сайыстан ұртын қанға толтырып, аруағы асып, жеңімпаз атанып жүрген кәнігі сайыскер. Ортада
шомбал қара ат мініп, төбедей болып, асқақтап тұр. Қасы салбырап көзін жапқан. Тап-тақыр жала
басы шошақтау екен. Керекең құсап орамалмен таңбаған. Төсін тоқым орнына ала қыл арқанмен
қабат-қабат таңып тастапты. Текенің аруағы асыңқы еді. Керекең оның қасында көп қораштау
көрінеді.
Бірақ аулақтан атойласып, бір-біріне қарсы, бақандарын ұсына шапқан заматта Керімбек
кереметтей өзгеріп кенет күш алып, сескенбей ұмтылды. Сайыста адамнан да гөрі ат қатты
сасқандай. Алдынан жолбарыс шапшып келе жатқандай кілт тоқтап, шегіншектеп кетеді екен.
Артқы аяқтары бүгіліп, бөксесімен жерге шоңқая жаздап барып, қайтадан бауыр жазып, жер
бауырлап көсілгенде ат емес, мысық қарғығандай әсер қалады.
Сол сайыста екі батыр екеуі де бір мезгілде аттарынан ұшып түскен. Мұндай сайыс, әдетте, сирек
кездесетін жәйт екен. Теке батырдың қара атының басына бақан тиіп құлаған да, Керекеңнің сол
көзі жазым болып ағып түскен. Сол Сыпатайдың асынан кейін Керекеңнің даңқы ел аузында Соқыр
батыр деп таралып кеткен екен.
Арада жылдар өтіп, енді қырғыздар жағы өзінің атақты манабы Шабданың асын береді. Шабданың
асында Теке батыр мен Соқыр батыр қайта сайысып, бұл жолы Соқыр Теке батырды ұшырып
түсірген. Теке сол аста жан тәсілім болған. Қаһарынан қалың ел қалтыраған Құлжабай датқа
Қарақойынды аз ғана Алсай ауылынан ала алмаған себебі батыр бабалардың арқасы еді. Батырлар
да дүниеден өтеді. Тіршілікте ешкімнен ықпаған ерлер өлімнен ғана өкінішпен жеңіледі. Ноқталы
бас солай. Соқыр батыр қайтыс болғанда Құлжабай датқаның жандайшаптары Қарақойынды алып
қоймақ боп ары-бері әрекет жасайды. Сонда Алсайдың бір ақыны:
Тоспаның қыстау салдым бұлағына,
Жоңышқа, ат семірер, құрағына.
Жығылса құлан барып жол үстіне
Құрбақа қарғып мінер құлағына, –
деген екен дейді.
... Дәу-бабаның күдірейген желке тұсынан алыстағы өрттің жалынындай боп әлсіз алау көтерілді.
Таудың тулап тұрған тұлпардай мүсіні мүшеленіп айқын көріне берді. Алау жалды ат енді кісінеп
жіберетіндей шапшып тұр. Енді алау тұсынан балқыған алтындай боп толықсып, толқып әсем ай
көтерілді. Әуелгі екпіні аспанға тау тұсынан атып шыққандай еді, енді баяулап, маң-маң, паң
қалыпқа түсті. Жердің жүзі сәуледен маужырап қалды.
Ай туысымен әлгі бір қою қараңғылықта тау қойнауынан шыққан ащы дауыстар әлсірей бастады.
Түннің қарақшы құстары ай сәулесінен болса да қаймығып, қалбаңдап ұшқанда өз көлеңкелерінен
өздері сескеніп, тал арасына кіріп кетуге асығулы еді.
Рысқұл енді байқады. Арық бойымен айдаһар бүктетіліп жортып келе жатқандай арқырап, алқынып,
қақалып-шашалып, ай сәулесінен жоны жалтылдап су келіп қалған екен.
– «Е, суды Бердіқұл бері бұрып салған екен ғой. Енді өзі де келе жатқан шығар», – деді Рысқұл
жалпақ кетпенмен құлақ-құлақтың аузын нығарлап тұрып. Арындап келген асау су құрғақ
топырақты құлақты бұзып кете берді. Рысқұл шым ойып салып әлгі суға әрең ие болып тұр. Бердіқұл
тезірек келіп, екеулеп бумаса, мына тасқын бой берер емес.
Бірақ Бердіқұл келе қоймады.
Рысқұл ағасы кеткен жаққа алаңдап қайта-қайта қарады. Су болса әл бермей алқындырып ол
барады. Ботана тасқын бойыңды қариды. Балағын түріп алған жігіттің балтырын шыдатпай тау суы
қақсатып ала жөнелді. Су осындай боп тұрғанда екеулеп салса егінге, тез-ақ жайып алар еді, қайда
жүр бұл Бердіқұл?!


Жер жарықтық шөлдеп-ақ қалған екен, су сіңген топырақ сыбыр-сыбыр еткендей болады. Еміреніп,
енесін еміп жатқан бұзаудай:
– Жеті күн жауған жаңбырдан, желдіріп өткен су жақсы, – деп еді ағасы. Тары биыл бітік шықты.
Қарабұйра Қарақойын топырағы тұқым сепкеннен бір апта кейін ашаң жасыл бояу тартты. Қос
құлақтанып жер бетіне шыққан жасыл жапыраққа қарап адамдар:
– Е, құдай, құдіретіңе тәубе? Ырыс бергеніңе, несібе бергеніңе тәубе! – дескен. Енді, міне, сол тары
сабағы жуан, балағы сабалақ, кере қарыс бас тартты. Толысып келе жатқан уыз дәнін көтере алмай
шашақты бас салбырап төмен иілді. Тары қызыл тұмсық шығарып қалды. Амандық болса, осы судан
кейін ораққа да ілінеді. Қырман толып, қап толып, қамба толып, қарық болар ма екенбіз деп
ағайынды жәдігерлер жандарын шүберекке түйіп, суға таласып жүріп, бүгін қолдары жеткен...
Рысқұл суды шелдеп дөңдеу жерлерге шығарып, мөлтектің аяқ жағына барып қалып, Бердіқұл
көрінбес пе екен деп тау жаққа тағы қарады. Анадайда екі қолы ербиіп екі жаққа кеткен қарауыл
шошала ғана қарауытты: шымшық қорқып, тарыға тимесін деп қағып қойған қарауыл түнде түсі
суық.
Тары қоритын уақыт болып қалып еді. Құс баласы тіршілік қамына ерте кіріседі. Ал жау шымшық
оны қарақшылықтан бастайды. Құлқын сәріден жау шымшық топ-тобымен ұшып, қызыл
тұмсықтанып қалған егіске бүйідей тиеді. Дәнін торғай шоқып қойған масақ қауызы топан болып,
аспанға қарап қаңқайып қалады. Бала-шаға, кемпір-шал темір-терсек, қаңылтыр түңке
қаңғырлатып, айқайлап, қиқулап, шымшықты шошытып-ақ жүргені. Әсіресе балалар сақпан тартып,
тары құмар жау құсты түкпір-түкпірден қуып шығады.
Енді осыдан көп кешікпей қырғи келеді. Әне, егінші байғұстың досы сол! Қырғи келді – болды, тары
пice берсін, торғай жеп қояды деп қорықпай-ақ қой.
Рысқұл енді байқады, әлгі әл бермей қойған асау су қайтадан азайып қалып, аяғы мүлде үзіліп бара
жатыр екен. Судың соңы бір мезгілден кейін ініне кіріп кеткен жыланның құйрығындай сумаң ете
қалды. Тіпті сызаттап та ақпады. Рысқұл ағасының артынан бармақ болып кетпенін иығына салып
бір тұрды. Онан соң: – Егер әлгіндей су қаптап келіп қалса, құлақ иесіз қалғаны қалай болады? – деп
тоқталды.
– Көке! Ay, көке? – деп дауыстап көрді.
Тырс еткен дыбыс болмады. Тек шілдеқоңыз шырылдайды. Әлденеден адасып қалып зар ұрып, жоқ
іздеп жүрген сияқты, аянышты әлсіз дауыс әр жерден бір шығады. Дүниеде шілдеқоңыздың
шырылындай сағынышты үн жоқ шығар.
– Көке! Ау, көке! – деп Рысқұл бұ жолы айқай салды. Айқайы үнсіз мүлгіме далаға сіңіп жоқ болды.
Жігіттің жүрегі өзімен-өзі әлденеге дүрсілдей бастады. Танауы қусырылып, қараптан-қарап, қатты-
қатты дем алды.
– Кө-ө-ке-е-е! – деп бұ жолы ұзақ айқайлады. Әшейінде әдемі қоңыр дауысы қазір бұзылып тарғыл-
тарғыл барылдаңқырап шықты. Құлақ тосты. Шілдеқоңыз бір сәтке тына қалып, қайтадан
шырылына басты. Рысқұлдың дауысынан аспандағы асқабақтай ай селк еткендей болды. Сөйтсе, өз
даусынан Рысқұлдың өзі селк еткен екен; Дәу-Бабаның жыныс тоғайлы түкпірінен байғыз
сұңқылдады. Рысқұлдың тұла бойы мұздап сала берді. Балуан тұлғасы қара жерден тұғыр таппай,
иесіне де ырық бермей, безгек тиген кісідей селкілдеңкіреп кетті. Иә ашу қысқанын, иә қорыққанын
өзі де ажырата алмас хал.
Бір сұмдықтың болғаны хақ. Әйтпесе ол кеткелі ет пісірім мезгіл өтті. Алыстан иттің үргені естілді.
Жігіт құлақ салып еді. Дауылбай ауылы сияқты көрінді.
– Дауылбай! – деді ол дауыстап.
Енді ол арық бойлап, жоғары қарай өзінің тұра жүгіргенін де сезбей қалды. Түбіртекке сүрініп кетіп,
ет беттеп жығылып барып, бойын әрең түзеді. Ол өзінің жанұшырып жүгіріп келе жатқанын сонда
білді. Отырып тұрып, енді едәуір көтеріліп, төбеден төңкеріліп тұрған ай Рысқұлмен қоса жүгіре
жөнелгендей шошаң-шошаң етті; Дәу-Бабаның жотасы бір жоғары, бір төмен ыршып түсіп,
Рысқұлдың көзінің алдындағының бәрі жанталас қозғалыста еді. Түймебас түйіртпек тікен пісіп,
қатайып қалған. Ащы қызыл тікен балтырын тырналап, қанын ағызды. Бірақ Рысқұл мұны сезген
жоқ. Ағасының бір бәлеге жолыққаны анық. Соған жетпей, жан ауруына көңіл бөлер емес. Атадан
қалған үйелмелі-сүйелмелі үшеу еді. Үшеуі бірінің етегінен бірі ұстап, енді-енді қанаттары қатайып,
ел қатарына қосылып жатқанда бәле-жалаға ұрынбай, тек жүргенге не жетсін?! Бәлеге ұрынайын
деп кім ойлайды дейсің?! Заман соқтықтырады-ау, заман, заман. Өзің тыныш жүрсең де, өзге келіп
тиіседі. Сойылын суға салып отыратын сотқарлар көп. Шамшыл болмайын десең де шайтан түртіп,
шалғайдан алып, шатаққа шақырады. Әнеукүні де бір қасық суға бола Дауылбай ауылымен
керілдесіп қалғанда, кедей Сәліктің бас көтерері осы Рысқұл боп қой қаптағысы қозып, қаны бір
қайнап еді: ағасы «қой-қой», – деп, арандаудан әрең алып қалған.


Ағасы заты момын адам. Бердіқұлға қарап, бабасы Әлімбек батыр болған екен дегенге ешкім
нанбас. Заты жуас. Әлдеқайда сойқан іздеген содырлар жолықса, оларға қарсы тұрар қауқары да
шамалы. Азға қанағатшыл, кембағалдыққа мойын ұсынған, тақасуға жоқ, құдай деп жүрген бір
адам. Анасы марқұм қайтарда:
– Бердіжан-ау, шиеттей үш құлынымның ес білері, бас иесі сен едің, алысқанмен алысып,
жұлысқанмен жұлысуға жарар ма екенсің, құлыным. Мына заман зордікі, – деп еді.
Байғұс ана баласының сырын білгеннен де, көрінгеннің көз түрткісі болып, қорланып кете ме деп
қорқар еді. Бірақ Бердіқұл қанша момын болғанмен, әсте жалқау емес-ті. Шаруаға дегенде өлермен,
шаршау білмей, ертеден қара кешке дейін мыңқ етпей жер жыртып, тұқым сеуіп, топырақ малалап
бір тынбас.
Сол табан ақы, маңдай тері арқасында қара шаңырақты ұстап қалды да, ата түтіні өшпесін деп,
інілерінің кір-қоңың басын жамап-жасқайтын өзіндей жуас, қара табаннан шыққан кедей Сиқымның
қызы Қатшагүлге үйленіп еді. Оған да небары жылға толар-толмас уақыт өтті.
Рысқұл кетпенін сайыскерлерше алдына кезене ұстап, арық бойлай аңыратып келе жатып, әлсін-
әлі:
– Көке! Көке! – деп айғайлай берді.
Тек алыстан иттер қаңқылдады. Тағы да байғыз шақырды.
Осы келе жатқан бетінде Рысқұлдың алдында қанша адам болса да төтеп бере алмастай бір дауылды
екпін, адамның мүмкіндігінен тысқары бір дүлей күш бойын кернеп келеді.
Қазір де солай. Кетпеннің жалпақ жүзі айдың жылусыз сәулесіне шағылысып қояды. Рысқұл өкпесі
қабынып жүрегі тарсылдап алқына жүгіріп келе жатып, бір мезгілде алдында жарқырап жайылып
жатқан суды көрді. Көлкіген судың түбінде аспандағы айдың суреті дірілдеп тұр екен. Оның бір
жағынан қарауытып суды буған бел тоған көрінді.
«Е, – деді Рысқұл. – Жаңағы судың құрып қалғаны орта жолдан мына мықтылар тарс байлап алған
екен ғой. Бердіқұл қайда?!»
Аламан-тасыр ашумен келген бойда тоғанды тас-талқанын шығарып бұзып, суды жығып алмақшы
болды. Бірақ түн жамылып ұрлық қылған кісі құсамай бұл иттерге мен көрсетіп тұрып істейін
істейтінімді деген оймен:
– Қайсың бар-ай! Суды байлаған қайсың? Шық бері! – деп айқай салды.
Өз дауысының жаңғырығы басылып болған соң тұра қалып, төңірекке құлақ тосты. Әуелі өзі
жүрегінің шапқан аттай тарсылын есітті. Сылдырап, құлақ-құлаққа түсіп, топыраққа сіңіп жатқан су
сыбдырын есітті. Дәу-Бабаның арғы қойнауынан құлама судың сарқырамасын есітті. Тағы да байғыз
сұңқ ете қалды. Содан кейін барып дәл табан астынан, қара жердің қойнынан ыңырсыған адам
дауысы естілгендей болды. Әлде адам емес, қара жердің өзі ыңырсып жатқандай да еді-ау. Кейде
ойлап тұрсаңыз, жердің де жаны бар сияқты.
Болар-болмас ыңырсыған, өлімші дауыс тағы шықты. Қарсы алдындағы қарат отаннан шыққандай
болды. Жүгіріп барып, еңкейіп қарап еді, жүрегі тас төбесінен шыға жаздады, шымдардың арасынан
адамның басы шығып жатыр екен. Рысқұл ә дегенде шалқасынан түсе жаздап, үрейі ұшып кетті де,
өзін-өзі билеп, жүрегі дауалап, әлгі басқа қайта үңілді.
– О, соры қайнап, сорпасы төгілген бейшара Бердіқұл!
– Өлтірді ғой мені мына иттер, – деп сыбырлады Бердіқұл.
Рысқұл жан дәрменде қос қолымен шымды қопарып, кісінің белінен келетін биік тоғанды әрең
бұзып, астынан ағасын суырып алды. Ағасы қатты ыңырсып, қозғалуға шамасы келмеді. Рысқұл оны
арықтың жағасына жатқызып салып, үсті-басын сипалап көріп жатыр. Тоғаны бұзылған таудың суы
шымдарды сендей қақпақылдап, Сәліктер жаққа қан аралас ойқастап ала жөнелген.
Рысқұл ағасының аузы-басын қарауыта тұтып қалған иә қан екенін, иә балшық екенін ажырата
алмай, жеңімен әрі-бері сүрте берді.
– Құдай-ау, кім сені мұндай халге ұшыратқан? Кім, ойбай, қолында өлейін, әуелі жамбасыма ала
жығылайын. Кім, айтсаңшы?
– Қа-быр-ғам! – деді Бердіқұл үні шығар-шықпас. Інісі ағасының шылқылдаған көне бешпетін
абайлап шешіп, су-су көйлегін түре беріп еді, Бердіқұлдың дауысы шар ете қалды. Қанша жаны
ауырса да ыңқ демейтін адам, мына соққыға шыдай алмады.


– Өлтірді ғой мені иттер, – деді қайтадан үні сөніп бара жатып. – Дауылбай күміс ер-тоқымның өшін
алды ғой, ақыры.
Рысқұлдың көзінің алды қарауытып сала берді. Сәлден кейін барып, көзінен қызыл-сары шеңберлер
шашырағандай болды. Жылар еді, көзінен жас шықпады. Тек, өзегі өртеніп, көкірегі аяққаптай ісіне
өрекпіп, өзін әлдеқандай зұлмат қуат жерден аспанға көтеріп алып ұшардай қомдана бергенін
байқамай барады. Дауылбай бастаған иттер ағасының қабырғасын тепкілеп сындырып, ол аз
болғандай шым тоғанмен бастырып, тірідей көміп тастапты.
– Алсайдың ақымағы енді суға тимейтін боласың! – деп су бөгенге жығып салып кетіпті. Бұдан
артық қандай қорлау бар жер бетінде!
«Неге бұлай? – деген сұрақ жас жігіттің жанын паршалады. Ағасын қабырғасы сау сол жағына
жантайта жатқызып, бет-аузын сумен шайып тазартып жүріп әлгі сұрақтың шырмауында қалды. –
Бәріміз бір атаның баласы емес пе едік, құдай-ау?! Бәріміздің бабамыз Сәлік емес пе еді! Ағайынды
адамдар – ағалы-інілі, үлкен-кіші боп, біріне-бірі сүйеу болмаушы ма еді? Бұ не қылған жауыздық!
Өз бауырын өзі тепкілеп, қатарынан үш қабырғасын сындырып, ол аз болғандай шыммен бастырып,
тоғанға байлағаны несі, жауыздар! Ай, нәлеттер-ай, ә!».
Ағасын арқалап алып қайтайын десе, оның есебін таппады. Арқаламақ тұрмақ сәл қозғалтса
құлындай шырқырап, құйқа тамырыңды шымырлатады. Тастап кетіп, адам ертіп келейін десе – оның
да лажын таппады. Айдалаға ауыр халдегі өлімші бейшараны қалдырып кетуге дәті шыдамады.
Зорлықшыл иттерді барып қазір түн ішінде ойрандайын десе мына бебеу қағып жатқан жаралыға
алаң. Амалы құрыған Рысқұл ызаға булыққаннан дауысы барқырап:
– Дауылбай! Қап, бәлем! – деп айқай салды. Дауылбай ауылының иттері маңқылдады. Тау жақтан
ескен самалдан арық бойы сәмбі талдың майда жапырақтары қалтырап, алыстан інген боздағандай
бір аянышты үн шығарды. Оған жоқ іздеп түн баласы көз ілмеген шілдеқоңыз қосылды.
Әлсіздердің әнінен қара жер анда-санда көкірегі қарс кетіп, күрсініп салғандай құлақ түріп
тыңдаған адамға. Қара жерге саңылау біткен шығар, сол саңылаудан Бердіқұлдың жер қойнындағы
анасы ұлының соққыға жығылғанын көрген шығар. Аруақтар тірілердің итше ырылдасқан
тіршілігіне қынжылып, сай-сүйектері сырқырар. Бірақ айтарға амал жоқ, о дүниенің үні бұ дүниеге
жүз жылда да, мың жылда да жеткен емес. Аруақты қос аршын жер тереңдікке ғана көмсе дағы,
жер бетіне дейінгі екі аралық жолдың шегі жоқ.
Бүгін түнде де зор әділетсіздік белең алып, тасыраңдап кетті. Кетпеннен басқа қаруы жоқ, оның өзін
адамға қарсы айбат етпеген, жападан-жалғыз егіншінің қаны лай суға араласып ақты. Адамның
азығы – адамның қанымен суарылған түн болды.
VII
– Оян, Тұрар!
Рысқұл баланы иығынан тартқылады. Бала ояна қоймады.
Кеше ол камераға кеш оралған. Мұнша кешікпеуші еді, бұған не болды, – деп әкесі тықыршыды.
Басына неше түрлі сумаңдаған суық ойлар келді. Саймасайдың сойыл соғарлары аңдып жүріп, ұстап
алып кетті ме, қалай? Әлде Приходько төреге жақпай қалды ма?
Қанша залым десе де, Приходько мырзаға Рысқұл разы. Арызын аяқасты етпей губернаторға
жеткізіп, Тұрарды қасына алдырды. Алғашқыда Рысқұл бұл арызының орындалатынына көңілі
сенбеп еді. Мен өзім қылмыскер болсам, менің өтінішіме ұлық құлақ асушы ма еді, деп күні бұрын
күдер үзді. Бірақ жалғыз баласының алқымына қанжар nіреліп тұрғанын бүкіл жан дүниесімен
сезініп келген Рысқұл ақыры шыдай алмай түрме бастық Приходько арқылы губернаторға өтініш хат
жазып, баламды қасыма алдыр деп сұранған.
Көп кешікпей надзиратель Тұрарды тас камераға алып келді. Top темірдегі жаралы жолбарыстай
аласұрған Рысқұлдың көңілі сонда бір жай тауып, түрмеде түңғыш рет тастай қатып, судай сіңіп
сілейіп бір рақат ұйқыға кетіп еді.
Ертесіне надзиратель келіп Тұрарға:
– Жүр! – дегенде Рысқұл қорқып қалды.
– Қайда?
– Қайда? Приходько мырзаның үйіне.
– Онда не бар?


– Немене, баранчук осында курортқа келді деп пе едің? Приходько мырза не бұйырады, соны
істейді...
Приходько мырзаның ұлы Губернатор көшесіндегі гимназияда, ал қызы Нарын көшесіндегі әйелдер
гимназиясында оқушы еді. Едіреңдеп тұрған екі жиренді жегіп пәуескемен Тұрар осы екеуін
гимназияға алып барып, алып келіп тұрады. Ұлы Аркадий еді дағы, қызын Наташа деп атайтын.
Аркаша шолжаң, Тұрардан бірер жасы үлкен болса да, әлі ақыл-есі олқы-толқы, тым кеш жетіліп
келе жатқан еркетотай неме-ді.
Жасына жетпей сеп-семіз Аркаша пәуескеге қорбаңдап әрең мінген соң Тұрардың қолындағы
қамшыға таласып, онсыз да атырылып тұрған арғымақтарды сабаламақ болып, ат айдаушыға:
– Неге тасбақаша ілбітіп келе жатырсың! – деп тепсінеді. Тұрар екі жиреннің жүрісін
жылдамдатайын десе, арт жақтан Наташа шырылдайды.
– Қорқамын. Жай айда!
Аркаша есіріп кетеді:
– Тұрарка, жаның барда қатты айда! Жылдам! – деп ысқырып, тепсініп, қолын ербеңдетеді. Екі
жирен пысқырынып құлақтарын шаншылтып, көздері ақшиып, атырыла бастайды. Пәуескенің
дөңгелектері көшенің тас төсенішіне тиіп шақылдайды. Аттардың тағасы тиген тастан жарқылдап
от шығады. Оған Аркаша мәз болып, алақанын шапаттайды.
Ал қыз баланың бетінен қаны қашып, зәресі кетіп ышқынады:
– Жайырақ, құдай үшін, жайырақ! Мама!
Тұрар делбені шірене тартып, асаулардың қату басымен алысады. Жирендердің тағалары тасқа
сақылдап тиген сайын шашырап от шығады. Көшеде келе жатқан адамдар қырғи тиген торғайдай
жан-жаққа қашады. Аркаша одан сайын еліреді.
Наташа үрейі ұшып, жүрегі аузына тығылып, пәуескенің жақтауынан қарыса ұстап, шыр-шыр етеді.
Аттардың басымен алыса-алыса Тұрардың екі қары талып барады. Осыдан осы екі асау алып қашып,
пәуеске төңкеріліп қалар ма екен, яки біреуді басып кетіп жазым болар ма екен деген ойдан
тамырына қан қатып қалған сияқты.
Оның үстіне Губернатор көшесі мен Казарма көшесінің бұрышында тұрған полицей Тұрарға қарап,
тоқпақтай жұдырығын түйіп, әлдене деп ақырып қалды. Не дегенін түсіне алмады бала. Бірақ
жақсылық емес екенін діттеді. Губернатор көшесімен бұлайша тасыраңдап өтуге тыйым салынған.
Елден келген салт атты, арбалы қазақтар, есек арба жеккен қала саудагерлері бұл көшемен жүре
алмайды. Білместік істеп жүре қалса, дүре жеп, айып төлеп, әбден машақатқа ұшырайды.
Екі оттың ортасында қалған Тұрардың тұла бойын қара тер селдеп кетті.
Міне, Губернатор бағына да жетіп қалды. Тәкаппар қаракөк емендер қазір қараң-құраң етіп қалып
жатыр. Крестері жарқ-жұрқ етіп кафедральды собор да шалықтады.
«Құдай үйінің» тұсынан өткенде құлдық ұрып, шоқыныңдар,– деп ескертер еді Приходько мырза
балаларына. Тасыраңбай Аркаша әкесінің әлгі ескертуін ұмытып кеткен. Наташа байғұс өлеусіреген
көзін сәл-пәл ашып, ерні жыбырлап, шоқынған белгі танытты. Приходько мырза шоқынуды өз
балаларына тәптіштеп тапсыра тұрып, Тұрарға да емеурін танытқан.
– Тұрарка, сен де шоқына сал, пайдасы болмаса, зияны жоқ. «Ия, құдай, әкемді дарға асылудан
сақта», – десең, мүмкін құдайдың құлағына шалынар.
Қазір «құдайдың үйі – кафедральды собор» жарқ еткенде Приходько мырзаның айтқаны есіне түсті.
Бірақ ат басымен алысқан қолдар бос емес еді. Әрі десе шоқынуға Тұрардың дәті бармады. Үш
саусағыңды бүрістіріп, мандайың мен екі иығыңа тигізе салу, әрбірден соң, қиын да емес. Бірақ
соған қолың бармайтын бір құдірет жүректе тұр. Оның не екенін ешкім де білмейді. Мұсылман
болып, Аллаға жалбарынуы да жоқ. Ал Приходько осымен бір-екі рет шоқын деп емеурін танытты.
Рас, әзір қинаған жоқ. Қинаса қайтпек? Шоқынбасам – әкемді дарға асатын шығар.
Сөйтіп, дар мен ар арпалысқа түсті. Гимназияның еңселі екі қабат сарғыш үйі де көзге шалынып
қалды. Енді болмаса пәуеске лағып кететін түрі бар. Аркаша арқасы ұстаған бақсыдай екіленіп
алған. Екі жиреннің делебесін қоздырып, қиқулап келеді.
Әттең, әкесі түрмеде жатып тәуелді болмаса, Тұрар қазір бұл есірікті не де болса қамшының астына
алар еді, амал жоқ... Бір жағы қорқады. Бір жағы, баламысың деген, әйтеуір айтқандарын екі етпей
орындай берсем, көкеме көмегім тие ме деп ойлайды, көкемді түрмеден босатар деп үміттенеді.


Аркаша тағы да айқайлай бергенде, Тұрар пәуескенің алдыңғы жақтауына аяқтарын тіреп тұрып,
аттардың басын шалқалап, шірене тартып, шынтағымен ұлық баласын итеріп жіберді де, алара бір
қарады. Бұл қараста түпсіз, тұңғиық ызаның ізі жатыр еді. Анау мұны сезген болар, қайтып үндемей
қалды. Оның үстіне қарындасы шырылдап етегіне жармасты.
Қос жирен бастарын шұлғып, қайта-қайта пысқырынып, жай желіске түсіп, бірте-бірте мүлдем
тоқтады. Бүйірлері солықтап, қара терге малынған жарау жирендер жас балаға бас бергенде, күшке
көнгендіктен емес, хайуан да болса, келер жері осы мөлшер, гимназия алды екенін сезгендіктен
аялдаған сияқты.
Наташа Тұрарға риза пішінмен, әдемі алақандай көздерін бір төңкеріп тастап:
– Рақмет, Тұрар, мен енді жаяу-ақ жетемін, – деді пәуескеден түсіп жатып. – Кешке екеуміз сабаққа
отыратынымызды ұмытпа.
Аркаша бұртиыңқырап түсті. Болашақ әкіреңдейтін әкімнің пішінін әлден танытып:
– Сабақтан қайтар уақытта кешігуші болма! – деп бұрқ етті.
Приходько мырзаның гимназия баспалдағымен өрлеп бара жатқан баласының соңынан қарап біраз
тұрды. Бір сәт өзі де сол тепкішекпен көтеріліп, гимназияға еніп бара жатқандай елестеді. Әттең,
ондай атты күн қайда? Гимназияға мұны кім жолатады. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан
шәкірттердің арасынан ара-тұра қара домалақ қазақ балалары да кездесіп қалады. Демек, қазақтың
да оқуына болады екен ғой.
Осыдан небары бір жыл бұрын, 1904 жылы осы ерлер гимназиясын Михаил Васильевич Фрунзе
бітіріп кеткенін Тұрар әзір білмейді. Ол әрине өзінің талай жыл өткеннен кейін Түркістан Советтік
Республикасының басшысы болатынын, сонда Фрунзе сынды қаһарман қайраткермен қоян-қолтық
қызмет істесетінін де әзір сезбейді.
Иә, Тұрардың Фрунземен кездесетін сәтіне дейін әлі он бес жылдай уақыт керек. Бұл уақыт ішінде
екеуі де талай-талай от пен судан өтеді. Қазір Михаил Васильевич Фрунзе нағыз революционер. Ал
Тұрар болса... Приходько мырзаның ат айдаушысы, қора сыпырып, отын жарып, су тасиды. Тұрағы –
түрме, қожасы – гимназист Аркаша.
Кеткісі келмейді, бәлкім бұған бір қайырымды жан: «Әй, бала, сен неге оқуға бармай отырсың айда
тез класқа бар, әне қоңырау соғылды», – деп айтатындай қиялға кетіп пәуеске тепкішегінде тұрып
қалады. Жарау жирендер баланың қиялын қостағандай құлақтары жығылып, бастары салбырап,
көздерін жұмып, мүлгіп тұрады.
Гимназияның жапсарлы есіктері айқара ашылған, екі босағада екі діңгек салтанатпен сән беріп тұр.
Сен кімсің деп тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ішіне кіріп көрмекші де болды. Бірақ аттар әлденеден
үркіп қашар деп сескенді. Сақалы беліне түскен, басында жез оқалы фуражкасы бар қарт кісі
баланың басындай жез қоңырауды қағып есіктің алдына дейін шықты. Бірлі-жарым кешіккен
шәкірттер жүгіре басып, ішке енді.
«Е, бұлардың ішінде пәуескемен келмей, жаяу жүріп кешігетіндері де бар екен ғой. Сонда біздің
Приходько мырзаның балалары ең құрметті шәкірттер болғаны ғой. Осы әлгі Аркашаны
ашуландырып алмадым ба? Ол қастасса тағы бәле».
Аркаша сабақты ала-құла, жүрдім-бардым оқиды. Кейде тәп-тәуір болып қалады, кейде жаман баға
алғаны үшін әкесінен таяқ та жеп жүреді.
«Әттең Аркашаның орнында мен оқыр ма едім, – деп армандайды Тұрар. – Кітаптан бас алмас едім».
Бала қиял, балапан қиял гимназияның ішін ойша шарлады. Бірақ сырты салтанатты ғимараттың іші
қандай екенін көз алдына елестете алмады. Көңіліне Бесағаштағы Ахат атаның бала оқытқаны
орала береді. Жыртық үйдің киізсіз еденінде шөкелеп отырған балақайлар. Ахат ата өзгелер құсап
балаларды ұрып-соқпас еді. Тұрар содан мұсылманша әліп-би танып қалған. Бір сот мына зәулім
үйдің төрінде Ахат ата тұрғандай, оның алдында жаңағы жез түймелі пешпет киген балалар
шөкелеп отырғандай көрінер. «Ау, олардың арасында мен неге жоқпын», – деп көңілі елегізер.
«Осында қазір кіріп барсам:
– Сен кімнің баласысың? – деп сұрар.
– Рысқұлдың баласымын, – деймін.
– А-а, Рысқұлдың баласымысың? Бір болысты өлтіріп, қалғандарын тағы жоймақ болған Рысқұл ма?
Онда жарамады. Сені оқыта алмаймыз. Түрмеңе қайта ғой», – дейді мұғалім Ахат бейнесінде.


Ахаттан басқа мұғалімді көрмегендіктен өзгені қиялына келтіре алмайды. Осылай отыра берер ме
еді, қайтер еді, әлгі жез қоңырау қаққан, жез фуражкалы шал шіңкілдеп ұрсып баспалдақпен төмен
түсіп келе жатыр екен. Сөйтсе, жарау жирендер қарап тұрмай, әдеп сақтамай, тезек тастап тұр
екен. Шіңкілдек шал жеткенше делбені қағып, қалғып-мүлгіген аттарды лезде қосаяқ қақтырып,
Тұрар пәуескені бұрып ала жөнелді.
* * *
Екі жирен түрме үйіне жақындағанда жүрістерін жылдамдатты. Жылқы-айуан түрменің қапас
екенін қайдан білсін. Олардың білетіні: қазір атқораға жеткен соң, мына қаршадай бала Тұрар
ақырға балауса жоңышқа салып, бұлардың ауыздығын алады. Бастарына дорба іліп, сұлы береді.
Біле-білгенге жылқының орны түрменің атқорасы емес, сонау мың бұлақты, балауса құрақты кең
дала... Бірақ екі жирен қарны тойса қайғырмайды. Кеуілжірлері жуа мен жусан исін сезінуден
қалып, кершеу болған, балғын байталдар мен мама биелерді аңсамайтын ақта сорлылар... Нағыз
түрме аттары.
Тұрар аттарды жайғастырып болып, енді қораның ішін тазалауға кіріседі. Қорада екі жиреннен
басқа бес-алты ат бар. Олар мініс көлігі. Әкімдер мінеді. Бас-аяғы онға жетпейтін мал болғанмен
астын дембіл-дембіл тазалап тұрмаса, демде садыралап қалады. Приходько мырзаның әмірі
бойынша, қорада көлденен бірде-бір қылшық жатпауы керек. Ақ қолғаппен сипағанда аттардың
үстінен бірде-бір қылау жұқпауы керек. Оны істемейді екенсің...
Бопса көп, үрей мол. Тұрар жалғыз дөңгелекті қол арбаға жылқының жас тезегін үйе салып таптап,
енді сыртқа шығарып бара жатқанда, ауланың бір түкпірінде аядай жерді айналып жүрген
тұтқындарды көрді. Қырманда мала бастырған мал құсап, от басындай жерді айнала береді, айнала
береді. Қастарында қит етіп басса мылтықпен жасқап, қақпайлап ірің көз надзиратель тұр.
Кісендер сылдырлайды. Бір топ адам бірдей аяқ басқанда, шынжыр сылдыры да ырғаққа бағынып,
қаһарлы гүрсілге ұласады. Қарғыс пен қасіреттің гимніндей сұрапыл сарын.
Тұрар қақпаға беттеп бара жатып, жүрісін баяулатты. Бет-алысы қақпа, екі көзі тұтқындарда.
Кісендеулі адамдар да түрме ауласынан мына бір қағылез қараторы баланы түңғыш рет көріп,
таңданғандай пішін танытып, бәрі де бұрылып Тұрар жаққа қарады. Біркелкі аяқ алыстары
шатысып, бір тұтқын алдыңғы тұтқынның өкшесін басып қалып, сүрініп кетті. Кісен сылдыры өзгеше
шыққанда надзиратель селт етіп:
– Көзіңе қара! Немене ит көрген ешкідей ежірейе қалдыңдар?! – деп ақырып жіберді.
Әлгі бір сәтте Тұрар да бұлардан көз алмай, әлдеқалай екенін өзі де байқамай, қол арбаның оқтығын
жерге қоя салып еді үстіндегі үйме тезек арба қисайғанда ауып кетіп, жерге төгіліп қалды.
Мұны көрген ірің көздің aшy қабының аузы ашылып кеткендей, әй бір, барқылдады дейсің:
– Әй, бандиттің баласы! Осы көрген күніңді көпсініп жүрсің бе-ей?! Бала деп сені мырзалар бекер
есіркейді. Аяғыңды кісендеп қояр ма еді сеніңде! Қобырап қолыңдағы арбаны аударып алғаның
нең?! Ана тезекті бір түйірін қалдырмай қолыңмен салып, тіліңмен жалап, тез ауланы тазарт! У-уу,
бандит!
– Баланы сонша жәбірлегеніңіз өз дәрежеңізге жарасар ма екен, мырза, – деп қалды ұзын бойлы,
кең иықты, жалқын сары шашын жел дудыратқан жирен сақалды ақжарқын адам күлімсіреп.
– Қысқарт, Бронников, – деп арс етті надзиратель. – Сөйлеуге рұқсат жоқ. Осы сен бүлік
шығарғанды қашан қоясың. Әлде өзіңдей бүлікшінің баласына бүйрегің бұрып тұр ма? Сен өйтіп
жанашыр бола қалсаң, мен өл бөлтірікке анау төгілген боқты тұмсығымен тазартқызам, бәлем!
Домбыққан ауру көзінің алды ұдайы іріңдеп тұратын, не дүнген, не қазақ, не орыс екенін айырып
болмайтын, жалпақ мұрын, жайын ауыз еңгезердей дәу неме балаға таман адымдады. Әлгі жирен
сақал тұтқынға таңырқай қарап, сүйсініп қалған бала кенет өзіне төніп келе жатқан қара дәудің
жақындап келгенін көріп, әпжыланның алдында жападан-жалғыз қалған көжектей қалтырады.
Бала өте сезімтал-тын. Бір ауыз жылы сөзден іші-бауыры езіле елжіреп, әлдеқандай аяныштан
көмейіне түйіліп жас тығылып қалушы еді. Кімді аяйды? Өзін өзі аяй ма? Әлде аяушылық атаулы
сезімді аңсағаны ма – белгісіз. Жирен сақал тұтқынның сәл жанашырлығын таныған сәтте-ақ дүн-
дүние төбенің тар дуалдарынан аттап өтіп, кеңейтіп сала бергендей, кішкентай жүрегі сол жазира
кеңістікке ұшып шығар қапастағы пейіш құсындай үнсіз шырылдап, демі жиілеп, танауы
қусырылып, қуаныштан яки аяныштан, жылағысы келген нұрлы шақты лезде қара бұлт қаптағандай
болды. Адамның көкірегінде нұр ойнап, сәуле шашыраған сәт – әлемді жаратушы құдірет-күшпен
кездескендей бақыт дариясында жүзіп жүрген рақым сәті. Соны демде қара дауыл соққаны обал-ақ.
Аяныштан елжіреген жан-жүйең қорқыныштан күзгі жапырақтай қалтырап кеткенде кеудедегі
періштені дию-пері қылқындырып жатқандай болмақ.


Надзиратель құзғын құстай қалбайып төніп келгенде, таптап өтетін тажал келе жатқандай көрінді
де бала жасқанып шегіншектей берді. Шегіне-шегіне жонарқасы дуалға барып тірелгенін бір-ақ
байқады. Дуалды итеріп құлата алмайсың, секіріп кете алмайсың. Дуалдың қаттылығы мына мылтық
кезенген надзирательдің қаттылығынан кем емес.
Тұрар бір аяғын көтеріп дуалдан өкшесімен тепкішек іздегендей болды. Қызылтаңдағы жан дәрмен,
әйтпесе тепкішек жоғын біледі. Өкшенің тиген жерінен бір кесек опырылып түсті. Бала еріксіз
аяғының астына қарады. Жұдырықтай кесекті еңкейіп көтеріп алмақшы болды. Қару етіп, қайрат
көрсетпек пе? Кім білсін... Кесекті ала бергенде домбаз дуалдың түбін тесіп шыққан итқызғалдақты
көзі шалды. Бұрын қалай байқамаған. Мыжып кетпейін деп бір адым оңға жылжыды. Демек, даланы
итқызғалдақ жауып, қызыл-жасылдан қырдың жүзі құлпырып тұрған мезгіл екен ғой. Мына бір түп
гүл бұл түрменің домбаздап соққан дуалының түбіне қайдан шығып жүр?
– Иттің баласы! Тұмсығыңмен тазала мына жерді! – Надзиратель Тұрардың көне шыт көйлегінің
жағасынан бүрістіре ұстап алып қол арба тұрған жерге дырылдатып сүйреп әкелді.
– Ағатай, тазалайын қазір...
– Жоқ, сен қолыңмен емес, күрекпен емес, тек тұмсығыңмен тазала! Міне, былай, былай: –
Надзиратель баланың желкесінен сығымдап, басын төмен тұқыртпақ болды. Бірақ қылдырықтай
мойынның мұнша сіреспе екенін байқап әрі таң қалды, әрі ызаланды. Сол қолындағы мылтығын
қисайып жатқан арбаға сүйей салып, енді қос қолдап кірісті.
– Ағатай, өзім-ақ қазір... – деп шырылдады бала.
– Жоқ, бандиттің баласы! – Надзиратель баланың басын иіп жерге жеткізе бергенде:
– Тоқтат! – деген ащы айқай мылтық атылғандай болып естілді.
Бұл Бронников екен. Айналып жүретін шеңберден шығып кетіпті. Басқалары да соның соңынан
кісендерін салдырлатып, бері қарай беттеп келеді.
Надзиратель өзінің қатесін енді түсінді. Тұтқындардан көз айырып, жұдырықтай баламен алысып
кеткені әбес болған. Дереу Тұрарды қоя бере салып, мылтығына жармасты.
– Қайт! Кейін! – деп қырылдады надзиратель.
Бірақ тұтқындар бұған төніп келе жатты. Кісендер дауысы қаттырақ, қаһарлырақ естіледі. Бір
ырғақпен гүрс-гүрс етеді.
Надзиратель амалсыз артқа шегіншектеді. Мылтығын кезенді.
– Бронников! Атамын! Патша атымен ант етемін! Атамын!
Бронниковтың жирен қаба сақалы мен жалқын сары шашын көктемнің желі ұйпалады.
– Бронников! Тағы ескертемін! «Қанды жексенбіні» сағынып қалдың ба? Қанынды судай шашамын!
Тоқта!
Кісендер дауысы гүрс-гүрс етеді.
Петербургтегі «Қанды жексенбіге» қатысып, алыстағы қазақ даласына айдалып, Верный түрмесіне
қамалған Александр Бронников надзирательмен бетпе-бет келіп:
– Баланы қорлаушы болма, айуан! – деді.
– Сен әуелі оның кімнің баласы екенін білесің бе? – деп қырылдады мылтық кезенген надзиратель.
– Кімнің баласы болса, оның баласы болсын. Әйтеуір адамның баласы. Қорлама оны!
– Жоқ сен білмейсің. Ол Рысқұлдың баласы. Ең қадірлі болысты өлтірген. Жоғары мәртебелі
губернатор жақсы көретін болысты атып өлтірген! Енді білдің бе!
– Білдім.
– Білсең орныңа бар! Шеңберден шығушы болма! Әйтпесе, Рысқұл құсап бір мезгіл таза ауаға
серуенге де шықпайтын боласың.
Бронников надзирательдің иығынан аса қарап, құлаған арбаның қасында қалшиып қалған баладан:
– Атың кім? – деп айқайлап сұрады.
– Тұрар.


– Тұрар. Демек, Тұрар Рысқұлов.
Кісендер үні шеңберге қарай ығыса берді.
***
Атқораны тазалап болған соң бала Приходько мырзаның үйіне екі үлкен шелекпен су тасиды. Тұрар
жұмыстың небір ауырына шыдап бағар-ақ,бірақ осы су тасығаны қатты қажытады. Екі иінін қара
жерге тартып, қарын үзіп жібере жаздайды. Қатпаған буын, қатаймаған сүйек бұзық балалар иген
сәмбі шыбықтай майысады.
Содан соң кеспек бөренелерді ұсақтап, отын жарады. Сөйтіп жүргенде оқудан балалар қайтатын
уақыт болады. Тұрар қос жиренді пәуескеге жегіп жолға шығады...
Рысқұл Тұрардың қалжырағанын біледі. Бірақ, өткен түнде өңі сынық, бір түрлі қажып келді, әрі кеш
оралды. Тұрар, надзирательден, Аркашадан көрген қорлықтарын әкесіне айтқан жоқ. Онсыз да
ішінде жалын қайнап жатқан адамды күйдіре бермейін деді. Басы жерге тиісімен тұяқ серіппей,
сілейіп ұйықтап қалды. Әкесі ұйықтап жатқан баланы басынан сипап, маңдайынан иіскеледі.
Тұрардың ояу кезінде бұл сезімді білдірмеуге тырысады. Бірақ бала бәрін де сезеді. Адамда, әсіресе
көкірегі ояу адамда сирек кездесетін «алтыншы сезім» дейтін қасиет осы қаршадай қара балада өте
күшті жетілген тәрізді еді.
– Оян, Тұрар! – деп иығынан тартқылады. Рысқұл баланы. – Оян! Таң атып келеді. Сен тыңда. Әлі
әңгіме біткен жоқ қой.
Тұрар ұйқысынан оянған, бірақ көзі жұмулы. Жұдырығымен көзін уқалап ашып, басын көтереді:
– Тыңдап отырмын, көке...
VIII
Сөйтіп, Бердіқұл соққыға жығылды. Әл үстіндегі ағасын жеті түнде айдалаға тастап кете алмай,
Рысқұл:
– Дауылбай! Атаңа нәлет ішіңді жарып, ішегіңді итке тастамасам, – деп айқайлады. Содан
Бердіқұлдың бебеулегеніне қарамастан жерден балаша көтеріп, ай батқан тас қараңғы түнде
ауылына алып келе жатты. Өз күшіне өзі таң қалды. Ағасы шыдай алмай, шырқырап қиналғанда
ғана бір түбіртек томарға түртінектеп келіп отырып, тыныс алды. Бірақ жаралыны жерге қоймастан
қос қолдап, алдына алып отырды. Ауру адам бір сәтте әлсіз қолымен інісін мойнынан құшақтап, ірі
басын иіп келіп өзінің бетіне тақады. Рысқұл сонда ағасынын бетіне бетін басып отырып, жып-жылы
жастың жылжып аққанын сезді.
– Рысқұл-ау, өлтірді ғой мені иттер! – деді ағасы ыңырсып. – Енді күндерің не болады?
Сонда Рысқұлдың иген садақтай тырсылдаған жүйкесі суға салған таспадай жібіп, көңілі босап,
ағыл-тегіл аңырап бір жылады дейсің. Ағасының басын құшақтап, қаны қашқан бетіне бетін үйкеп,
іші-бауыры мылжа-мылжа елжіреп, қарап отырып қалжырап, қауқары кетіп қалды.
Дүние селт етпеген бір сілті тыныштық орнаған кез еді. Рысқұлдың дауысынан шошып оянып
кеткендей-ақ, шілдеқоңыз шыр ете қалып, бірауықтан кейін шексіз, тоқтаусыз, ұзақ мұңды үнге
басты. Тау басынан құмалақтай тас құласа бірте-бірте бір көшкін қоса құлайтыны сияқты, жалғыз
қоңыздың үніне түн дүниесі жамырай дыбыс беріп, «Не болды? Не болды?» – десіп жатқандай екен.
Жылқышы құстың ысқырып қалғаны, үкінің үһілегені, көлбақалардың кенет оянып кетіп байбалам
салғаны, оқыстан ауылға ит-құс тигендей, бар ит атаулы жабыла шуылдағаны адамның төбе шашын
тік тұрғызғандай еді.
– Көке, не қылдық біз? Қай пейілімізден таптық? – деді Рысқұл егіліп.
– Жылама, – деді ағасы әлден уақыттан кейін әрең үн қатып, ерні ғана қыбырлап. – Жылама. Көздің
жасы әлі керек болады. Су...
«Бұл отырып қалғаным қалай? Бір адым болса да жылжи бермей», – деп Рысқұл орнынан тұра
бермекші еді, екі тізесі бүгіліп кетіп, қайта отырды. Тұла бойдан әл кетіп, аурудан тұрған адамдай
қалт-құлт етіп қалыпты.
– Су... – деп сыбырлады Бердіқұл. – Су...
Жаңа бір әзірде бет-аузы өліктей сап-салқын еді, енді алаулап әкетіп барады екен. Рысқұл сілкініп
қайта тұрды. Тәй-тәй басып, бір-екі аттады. Қайраңдап қалған қалпынан қатайып, өзіне өзі ие
болып, алдындағы үлкен адам емес, бала көтергендей жеңілейіп, тез-тез адымдап, ауылға асыға
жөнелді.


* * *
Батыр байымайды деген. Жарықтық Әлімбек батыр жалғыз атты кедей екен. Қоқан шапқыншылығы
кезінде жауға аттанып, Әлімбек батыр атанған кезде есігінің алдында тышқақ лағы да болмапты.
Әлекең қартайыңқыраған кез екен. Ел шетіне Қоқан тиіп, жағаға қолды салған кезде, жайшылықта
тарыдай шашырап жатқан жалпақ ел, қиыншылықта қол ұстасып, тізе қосып атқа қонып, әшейінде
ілтифатқа іліне бермейтін батырларды іздепті. Алатау мен Қаратаудың арасында жатқан Түлкібасқа
Әулие-Ата жағынан Байзақ датқа бастаған бір топ кісі келіп:
– Оу, Әлімбек батырдың үйі қайда? – дейді екен.
– Әлімбек батырдың үйі анау, – деп ауыл адамдары шеттеу, бір қараша үйді көрсетіпті. Аттың басын
әлгі тозық үйдің маңдайшасына тіреп тұрып:
– Кім бар-ау? – десе керек.
Үйден бұтында тері шалбары, иініне іле салған көне бешпеті бар бір шал бет-аузының терін жеңімен
сүрте-мүрте шыға келіп:
– Біз бармыз, – дейді.
– Бізге Әлімбек батыр керек, – дейді әлгілер мұны танымай.
– Әлімбек батыр менмін, – депті Әлекең. Жолаушылардың көңілі толмай, тосылып қалғанын
байқаған қарт сонда:
– Түзде жүрсем батырмын,
Үйге келсем пақырмын.
Қатын ауру, бала жас.
Тары түйіп жатырмын, –
деген ғой.
Жолаушы жауынгерлер Әлекеңнің сөзіне тоқтап, аттарынан түсіп, сусын ішіп, жауға Әлімбек
батырмен бірге аттанған екен.
...Батыр бабаның көзі болып содан Әлімбектің жалғыз байлығы – күміс ер-тоқымы қалған. Ереуіл ат
қартайып, аяғынан қалып өлген. Күміс ер-тоқымнан басқа мұра болмапты. Оны Жылқайдар құрым
киізге орап, кебежеге тығып сақтайды екен. Өзі өмірінде ат үстіне күміс ерді салмапты. Күміс ерді
ерліктің, елдіктің, дүбірлі күндердің белгісіндей киелі зат есебінде сақтапты. Ол жоғалса – аз
ауылды бәле-жаладан сақтап жүрген аруақ адасып қалатындай көрінуші еді. Алсай ауылының ендігі
Әлімбегі, қорғаны, тірегі сол күміс ер сияқты болатын да тұратын.
Сөйтіп жүргенде Дауылбайдың үйіне бір күні Шымкенттен ояз келіп түсті. Дауылбай ұлыққа жатып
жастық, иіліп төсек болды. Қазақ баласының алдында иіліп көрмеген басы ояздың аяғының астына
қайта-қайта домалап түсе жаздады. Дауылбай оязға Дәу-Бабаның Күмісбастау аңғарында жатқан
жылқысын көрсетіп, ішінен қалағанын таңдап мінуді өтінді. Ояз көзі тұнып, бірінен бірі өткен сылаң
сәйгүліктерді көріп есі шықты. Ақыры, мойны құрықтай, шоқтығы қол созым қарақасқа ақалтеке
тектес айғырды көрсетіп:
– Хорош, сатана, хорош! – деді.
Дауылбай жігіттеріне ымдап қалып еді, қарақасқа бір сәттен кейін ұзын мойнына түскен құрықтан
құтыла алмай, аспанға шапшыды.
«Сый қылсаң – сыпыра қыл» деген. Бұл айғырды мойнына шылбыр салып жетектетіп жібермей, ер-
тоқым, жүгені, өмілдірік, құйысқаны, бар әбзелімен көлденең тартқаным дұрыс болар» деген
Дауылбай мырза. Әне сонда барып оның есіне баяғыда өткен Әлімбек батырдың күміс ер-тоқымы
сап ете түсіп еді. Қақтаған ақ күміспен қапталған ер-тоқымсыз қарақасқаның сәні келмейтінін білді.
Қолға түсе бермейтін ұлықты құдай өзі айдап келіп тұрғанда есінен кетпестей етіп риза қылмаса
Дауылбай болыс сайлауында не болмақ.
Басқа біреу болса Дауылбай күміс ерді тартып алар еді. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Әлімбек
батырдың тұқымына тіктеп келе алмас. Қиялай тартып, араға кісі салды. Өткеніне көп жыл өтсе де,
батыр бабаның сұсы өңменге әлі де қадалардай. Үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер
тіреп, қанша дәуірлеп тұрса да Дауылбай алыс аруақтың айбынынан сескенер.
Дауылбай қызметшісі Сақан палуанды шақырып алып қатты тапсырды.


– Бердіқұлға айт. Күміс ерді бере тұрсын. Ұлық біраз күн құмардан шыққан соң қайтып береді де.
Ұқтың ба-ей, Сақан?!
– Құп, байеке! – Палуан Дауылбайдың шегір көзінің ұшқынына шыдай алмай, төмен қарап, басын
иді.
– Туысқаның ғой. Көндір. Ұлық дегенде елдігін ойласын. Намысымыз бір, – деп қайрады Дауылбай.
Сақан палуан Алсай еді. Соған әдейі тіреп, туысқандығын бұлдап айтқан-ды.
Дауылбай жирен қаба сақалды, домалақ жүзді, шегір көз, сары кісі. Бетінен шертіп жіберсең қан
шапшырдай албырап тұрар еді. Кертпек мұрнының танауы делдиіңкіреп, ұдайы кекесін күлкінің
табы білініп қалар, жүзі жылы көрінгенмен, сол бір мысқыл күлкі мен шегір көздің ызғары арқанды
аяз қарығандай өтіп кетуші еді. Шегір көзде ызғар, езуде – күлкі, бет-жүзінен нұр шашырап тұрса
да, бүкіл пішін сіреспелеу болатын. Содан ба, кім білген, Дауылбайдың қос шекесі ұдайы құрысып,
құрсау қысқандай ауыратын-ды.
Сақан палуан бір сәтте Алсай екені есіне түсіп, күміс ер бүкіл Алсайдың киелі әулиесіндей екенін
ойлап қалды. Шабарманының қобалжулы көңілін танып қойып, Дауылбай:
– Неғып тұрсың?! – деді. Дауысы мылтық атылғандай келте, әм шымыр шықты. Палуанның зор
денесі селк етті. Ләм демей, кілт бұрылып жүре берді. Өзімен салыстырғанда торғайдай ғана
адамның айқайына селк ете қалғанына қорланып келеді.
«Кәпірдің басы шақшадай, – деді өзімен-өзі сөйлесіп. – Мына қолмен бір мыжып жіберсем, миы бырт
ете қалар еді».
Жұдырығын түйіп, тобылғы қамшының жұмыр басын қысып-қысып қалды. Қанша күшті болса да,
қайта саусақтарын ауыртып алды. Тобылғы – Дауылбайдың басы емес.
Дауылбайдан күшті бола тұра, оған неге бағынышты екенін де ойлады Сақан палуан. «Кәпірдің көзі
жаман, – деді өзіне өзі жауап қатып. – Жабайы мысықтың көзіндей. Бет қаратпайды». Ойы одан
артыққа бара алмады. Бұлай қарасаң бұл мықты. Дауылбай әлсіз. Ал бұлай қарасаң Дауылбай
мықты, бұл әлсіз. Түсініксіз дүние. Жұмбағы көп. Бұл дүниеде жұмбақ шешкіштер ғана олжалы.
Дауылбай сондай болар.
* * *
Сақан палуан астын-үстін сөйлейтін, ардың-гүрдің әпербақандау қу әдетін бұл жолы да жасады.
– Күміс ер сені мен менің не теңім. Енді бізден Әлімбек батыр шығады деп отырсың ба,
қасарысқанда. Онан да бер де құтыл, – дейді баяғы тобылғы сапты қамшымен бөстекті салып-салып
қалып.
Бердіқұлдан басқа біреу болса, ашуға булығып, өкпесі аузына тығылып алқынар еді. Мынау мырс
етті де қойды. Басынан тері телпегін алып, ұстарамен сыпырылған көгеріс шашын сипады. Жазық
маңдайы жиырылып, қатпар-қатпар, қараөзектей сызаттар пайда болды.
Кеш болып бара жатқан кез еді. Күн Саз-Төбеден әрі аунап түскенде, шығыстағы Құланның үстін
өрт шалып қара шоқылар балқып бара жатқандай көрінді. Ілезде табы басылып, әлгі шоқылар
қайтадан қарауытып, состиып-состиып тұрысты.
Алсай ауылының жерошақтарынан от жылтылдады. Көгенде бұршағына буынған лақ бақырды.
Қарақойын бойынан шымшық қорыған балалардың түңкелері қаңғырлап, «по-полаған» дауыстары
іргеден шыққандай естіліп тұрды.
Жыртық күркенің алдында, далада бөстек үстінде отырған Бердіқұл мына әдемі кештің сан құбылма
дауысын құлағы қалт жібермей, үн қатпай қалғып кеткен сияқты еді. Мамырлықты Сақан палуан
бұзды.
– Ей, Бердіқұл, елемей отырсың ба? Ер қайда? – деді.
Бердіқұл тағы да мырс етті. Қысқа мұртын ширатпақ болды.
– Сақа, болмайды ғой, – деді.
Сақан палуан қарақұрт шаққандай шаңқ ете қалды.
– Не! Неге болмайд?! – Қамшымен бөстектің шетін тағы бір салып қалып еді, шаңы бұрқ етті. Ошақ
басында тезек қалап отырған Бердіқұлдың келіншегі Қатшагүл де қамшы дәл өз жон-арқасын осып
өткендей, орнынан ыршып түсті. Тек ошақтағы от қана жел шалықтағандай болмай, ештеңеден
сескенбей, маздап, түн түскен сайын түсі нұрланып, лала қызыл тастай құлпыра берді.


– Ағайын деп сен ынжыққа ақылымды айтып отырсам, – деді Сақа палуан.
Осындай мамыр кеш пен барқыраған басбұзар дауыс үйлеспейді-ақ. Кешкі тымық дүние тағы
еліктей елеңдеп, үркектеп тұр. Сақан палуан тағы бір айқайласа тұра кеп түріле қашатындай мына
түн.
– Қара басып, Қарақойыннан қуылайын деп отырсың ғой, өңшең шірік. Әлімбек бабамнан садаға
кеткір, түге! Дауылбай жыны келсе, Қарақойыннан айдап шығады, сонда не мұратқа жетесің, кімнің
артына барып кіресің?! Ат мініп тойға барып, сән түзеп жатқан сен жоқ, неғыласың сол ер-тоқымды
жаман жүгіне қоса жиып қойып?!
Қараңғылықтың арасына, су түбінен суырылып шыққандай сүйретіліп біреу келе жатты. Үюлі
тезектің жанына иығындағы кетпенді сылқ тастай салып, шаң-шұң дауыс шыққан жерге жақындап
барып:
– Ассалаумағаликум? Бұл қайсың барқырап отырған? – деді тікесінен тік тұрып. Кім екенін біле тұра
әдейі сұрағандай.
Сақан палуан қопарыла бұрылып қарап:
– Әй, сен қашаннан бері мені танымай қап ең, Рысқұл! – деді.
– Танымадық, – деді Рысқұл саспай.
– Танымасаң танымай қалған шығарсың. Көзіңнің еті өскен шығар. Мені болыс жіберді. Не күміс ер-
тоқымды берсін, не Қарақойынды қайтарсын дейді. Мына мыржық ағаш ұстауға келмей морыған
кесектей үгітіліп отыр. Жарытымды жауабы жоқ. Жөн-жорық білетін жігіт едің, сен не дейсің,
Рысқұл?
– Күміс ер берілмейді, – деді Рысқұл жай ғана. Асықпай-аптықпай айтқанының салмағы ақырғаннан
артық еді. – Күміс ерді Әлімбек бабаммен бірге көмулі жатыр деп есептеңіз. Ал бабамның көрін
ашып, аруақтан тартып алам десеңіз – өзіңіз біліңіз. Қарақойын – құдайдың жері. Дауылбайдың жері
емес. Құдайдың қу даласы адам баласының бәріне ортақ.
Қараңғыдан қараңдап тағы біреу көрінді. Отырғандарға сәлем берген жоқ. Оқшиып бірауық қарап
тұрды да, үйге кіріп кетті. Бұл Жылқайдардың кіші баласы Молдабек еді. Тары қорып келген беті.
Ағайынды үшеуінің басы қосылғаннан қаймықты ма, жоқ әлде, әруақтың аты аталған соң тайқыды
ма, әйтеуір Сақан палуан бірінші рет айқайламай-ақырмай, сабыр сақтап, тіпті сыбырлап сөйледі:
– Қарағым, Рысқұл-ау, әруақты мен құрметтемейді дейсің бе? Болыстың бұйрығы. Үйіне ояз келіп
жатыр. Соларға ел екенімізді танытайық. Риза қылып аттандырайық дейді. Ояз риза болса, Әлімбек
атамның әулеті де жаман болмайды, – дейді.
Жерошақтағы от қара қазанның желкесінен сытылып шығып, қамалап тұрған қараңғылықтың
кеудесінен итеріп жібермей, қазанды қорып тұрғандай. Қара қазан – қара шаңырақтың қазығы ғой.
Қазан босаса – шаңырақ шайқалмақ. Қазанды қараңғы зұлматтан қызғыштай қорыған оттан
айналып, садағасы кеткің келеді. Сірә, баяғы бабалар отқа бекер табынбаған.
От сәулесі жеткен жерден шалбары ағараңдап, аяғына кебіс ілген біреудің әуелі белінен төмен
жағы көрініп, бірте-бірте кеуде жағы да көзге шалынды. Ахат көрші екен. Қақырынып қойып, белгі
бере келді. Ошақ басында, қазан қарап, от түзеп отырған Қатшагүл келіні сылдыр еткізіп көсеуді
тастай салып, ұшып тұрып, қайнағасына сәлем қылды.
– Көп жаса, шырағым – деді Ахат. Кішкене шоқша сақалы бар, кең кеуделі, екі иығы екі кісі
мінгендей, көзінде оты бар, шоң мұрын, ат жақты кесек тұлғалы кісі қырықтар шамасында көрінді.
Сақан палуанмен қатар еді, қалжыңдап:
– О, дәу, жараған бурадай бұрқырап неғып отырсың? – деді. – Ел тыныш па? Болыс ауылында не боп
жатыр? Ояз келді деп еді? – деді.
Жайшылықта болса Сақан палуан Ахаттың бұл қотыр сөзіне лайық жауап беріп бір шайнасар еді,
дәл қазір реті келмеді. Ахат осы ауылдың сыйлы адамы. Бұған бәрі де жез сымдай жұмсақ иіледі.
Мына Әлімбектің бірбеткей қарсы бұтақ сияқты қасқыр немерелерін осы Ахат алақанына салып саз
балшықтай жұмсарта алады. Ендеше онымен қазір шайнасудың орны жоқ. О баста бұл шаруаға осы
Ахатты араластыру керек еді. Әлі де болса кеш емес.
– Ей, Ахат, – деді Сақан палуан гүрілдек дауысын жайырақ шығаруға тырысып. – Мені болыс жұмсап
отыр. Ояз келіп жатыр. Соған күміс ердің майын бере тұрсын дейді. Ояз біраз серуендеп, құмардан
шыққан соң қайтып мен өз қолыммен әкеп беремін. Соған мына інілерің көнбей отыр. Айтсаңшы
ақылыңды. Дауылбаймен қырғиқабақ болғаннан аз ғана Алсайға оңай тимес. Құдай ақыңа, түн
жамылып отырмын ғой, өз қолыңды өзін кесе алмайды екенсің. Мен өзім деп айтып отырмын


сендерге. Мен де осы Алсайдың бір баласымын ғой.
– Сен бе? – деді Ахат ұп-ұзын сұқ саусағымен Сақан палуанның көзін шұқып ала жаздап. – Сен
Алсайсың ба? Алсайдан аласталғыр. Не бетіңмен аузың барып айтып отырсың батырдың күміс ерін!
Алсай екенің рас болса, сол күміс ер Алсайыңның пірі емес пе, киелі туы емес пе? Оны ояздың
астына қайтіп саласың қолың барып? Алсаймын дейді, Алсайдан алас кеткір. Шіріген жұмыртқасың
да сен, намысы жоқ...
– Жетті! – деп Сақан палуан ақырып қалды. Ошақтан аулақ, оттың күңгірт сәулесі қараң-құраң
жеткен жерде жатқан қара есектің қодығы әлгі ақырған дауыстан шошып, орнынан тірсегі дір-дір
етіп атып тұрды. Шәуілдеп иттер үрді. Қараптан қарап тұрып, жөнсіз-жорықсыз сиыр мөңіреді.
Ыңырсып бұзауы үн қатқанда ғана зеңгі-баба қайтадан күйіс қайырып, пыс етіп бір күрсініп,
тыншыды.
– Атаңа нәлет, ақымақтар! – деді Сақан палуан орнынан қамшының сабына сүйеніп тұра беріп. –
Сіңірі шыққан кілең қу сирақ! Ел дейді мұны, ел болмай ебелек боп ұшып кеткір. Күміс ер сенің не
теңің, өңшең сорлы. Қу ағашын құшақтап жатыңдар. Қап, бәлем! Тұра тұр! Аяғыма ертең өздерің
келіп жығыласыңдар. Жығылтар болыс. Жақсылықты білмеген өңшең тобыр. Қарақойыннан айдап
шықса, қаңғып кетерсің, түге!
Палуан белдеудегі аттың шылбырын дар-дар еткізіп суырып алды, құрым киіз шыдамай ыдырап ала
жөнелді. Ауыр денесімен аунап кеспелтек жуан қара атқа тез мінді.
Қараша үйдің алдындағылар тып-тыныш тың тыңдағандай үнсіз отырып қалған. Қара аттың тапырақ
шабысынан шыққан дүбір едәуір заманнан кейін барып басылды. Шапқан атқа шәуілдей қосылған
дарақы иттердің маңқылы да тиылды. Тек жаңа тауға қарай палуан тасырлата шапқан кезде,
үзеңгісіне жармаса жарысқан бір төбетті Сақан қамшымен қақ тұмсықтан салып жіберсе керек:
«қаңқ» етіп қалып еді, сол барақ төбет анда-санда әлі қаңсылап қойып жатыр. Айнала төңірек зіл
тартқан тыныштық құшағында. Әлгі дәу аямайтынын айтып кетті. Әркім ойланып қалды. Ертеңгі
күн күдікке толы. Жүрегі түскір суылдайды. Ошақтағы от әлсіреп, ойнаған шоқтан ажар тайды.
Қараңғылықтың көкірегінен итеріп жібермей тұрған жарық тіреу жалп етіп құлағандай көрінді.
Қараңғылық қамап тұрғанда барып, Қатшагүл үйден өлегізген май шамды тұтатып, есік
алдындағыларды кешкі асқа шақырды.
Үйдің керегелері дүниенің өзіндей көпті көрген көне еді. Дауыл да жыққан, жауын да сіңген.
Жосасы кетіп, кәдімгідей қарайған. Түйенің терісін тіліп түйген көгі тастай қатып о да қарайған. Кім
білген, әр жерінде жоса бояу қызғылтым-қызғылтым боп сақталған да шығар. Бірақ үйдің іші
күңгірт, содан да қара бояу басым. Қуыс құлақ түңкеге тоң май салып мақтадан ескен білтенің бір
ұшын сол майға батырып, бір ұшына от тұтатып қойған.
Үйде отырғандардың бәрінің көз тоқтатары сол майшам. Ағаш келіні төңкеріп, соның үстіне үйдің
ортасына қойыпты. Ортада бейнебір ауру адам отырғандай, адамдар айнала қоршап соның тілеуін
тілеп, үзіліп кетпесе екен деп жалбарынып жатқандай.
Қатшагүл берген кеспе көжені бәрі бір қара шарадан айнала отырып ішіп болған соң, Ахат бетін
сипап бата қылды. Дастарқан жиылды.
– Тарының енді бір суы қалды, – деді Ахат. – Дән тартып, болып-ақ тұр, енді бір су ішсе, құдай
берейін-ақ деп тұр. Ал су ішпесе, қайдам, күйіп кетер түрі бар. Шиная боп қалар.
– Мына Дауылбайдың әупілдектері ана жолғыдай тағы да итше шуылдар. Жөнді су ішкізеді дейсің
бе, – деп Рысқұл арт жағына бұрылып шырт түкірді. – Оның үстіне мына бір күміс ер дегенді тағы
шығарды. Өткен жолы да осы ер-тоқымды қалаған, былтыр да араға кісі салған. Ұмытпайды-ақ екен,
дәйіс!
– Е, бұл ұмытпайды, – деп күрсінді Ахат қос алақанын бір-біріне үйкеп жүресінен бүк түсіп. – Бұл
жаман. Буынсыз жерден пышақ салады. Кешегі Қоқан заманында сарттардың бегімен қосылып
сорушы еді бұның әкесі елді, енді бұл орыстың оязымен қосылып ойсыратып барады. Көп асқанға–
бір тосқан деуші еді, бұларға дауа жоқ екен де, қызталақ. Бірақ су сұрамасқа амал жоқ, батырдың
ер-тоқымын бере алмаймыз. Сондай тұйыққа тіреліп тұрмыз ғой.
– Ау, бұл не өзі! – деп Рысқұл Ахатқа қарай сілкіне бұрылған кезде майшам шалықтап сөніп қала
жаздады. – Жер Дауылбайдікі, су Дауылбайдікі, шабындық та Дауылбайдікі. Ал сонда аспандағы
құдайдың жаңбыры да Дауылбайдікі ме? Жауын да жаумай қойды қасақана. Су сұрамай-ақ,
жаңбырмен пісіп кетер еді бұл тарысы түскір.
– Жеті күн жауған жаңбырдан желдіріп еткен су жақсы деген. – Ахат Рысқұлдың аптығын баса
сөйледі. – Суармай болмайды. Сонда астығың – астық, әйтпесе – аштық. Осы екі-үш күннен қалмай,
қырғи келгенше су салу керек.
– Суарсақ-суарамыз. Көрмей жүрген құқайымыз ба? Азар болса, тағы да жаға жыртысармыз. Өткен


жолғы суда да жұлқысқанбыз. Әй, осы тары деген бәленің қайдан шыққанын қайдам. Құдай мал
бермеген соң жер еміп қазақ жарыған емес. Жерге телміру Сайрамдағы сарттарға жарасады. Бізге
не жоқ осы. Қолыма білте мылтық алып, таудан киік ауласам, осы бір ауылды асырар едім. Су-су деп
қырқысады да жатады. – Рысқұл шыдамай орнынан тұрып кеткенде мүлгіп тұрған майшам тағы да
шалқыды.
Рысқұлдың алпамса көлеңкесі үйдің жарты қанатын алып кетті. Босаға жақтан керегенің басына
ілген үрген қарын қалбаңдады. Қаракөбең арасынан ауылдас ағайынның жалаң бұт балаларының
борбайлары көрінеді. Қуырған жүгеріні көйлегінің етегіне салып алып қытырлатып жеп отыр.
– Мына байғұстар қызыл көрмегелі қашан. Қап, ертең тауға кетіп бір киік құлатып келмесем...
– Ертең тары суару керек, киігіңді қоя тұр, қарақ, – деді Ахат, – әлді-әлді жігіттер жүрмесе, әлгі
дойыр неме кесір болады. Кіжініп кетті ғой. Жә, оның бір жөні болар. Кәне, домбыра қайда?
Қатшагүл ұшып барып ескі кебеженің артында тұрған қалақша қара домбыраны алып берді.
Домбыра әуелі ұшатын дуадақтай ебедейсіз армандап алды да, бір сыдырғы шертпе жортаққа көшті.
Ахат тамағын кенеп, бірер рет жөткірініп қойды. Шапанын иығына тартыңқырап жапты. Жүгері
қытырлатып отырған балалар да тына қалды.
– Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең, әлу-ай!
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.
Дүние дастан
Әуелі-ақ бастан
Ақылды дұшпан жақсы
Ақымақ достан, әлу-ай!
– Ой, сорлы-ай, рас қой, –деді Рысқұл орнына қайтадан келіп отырып.
Жапалақ жалпылдайды жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында.
Дос болып қас болғаннан сақта, құдай
Қасқыр да қастық қылмас жолдасына, әлу-ай!
Қоңыр қаз, үйрек,
Қанатын сүйреп,
Бұл жалған өтер-кетер
Өй-деп, бүй-деп, әлу-ай!..
– Әй, айналайын, көкем-ай, мынауың әлгі иттің өзі ғой! Дауылбайдың қолшоқпары. – Рысқұл айызы
қанып, әнді рахаттана тыңдады. – Мынауың бұрынғы айтқандарыңнан басқа ғой.
Ахат асықпай қоңыр дауыспен, баппен айтып отыр. Шертпектің үні оған қосылып о да адамша
аңырайды.
Жабыны жауға мінбе жалды екен деп
Жаманмен жолдас болма малды екен деп, әлу-ай.
Баласын Қазанаттың бақпай қойма
Жем түсіп аяғынан қалды екен деп, әлу-ай!
Әшіркүл, Зейнеп.
Отырмын сөйлеп.
Бұл дәурен өтер-кетер


Өй-деп, бүй-деп, әлу-ай!..
Бұл әнге Дәу-Бабадан аса соққан Алатаудың кешкі самалы қосылды. Әркім-ақ Қазанаттың кім
екенін жобалап отыр. Ол кешегі өткен Әлімбек батыр. Жағасын жауға жырттырмаған, қанша
сұрапыл соқса да басы жерге иілмеген зау бәйтерек. Бірақ сонда аяғына жем түскен кім? Не деп
отыр мына Ахат?
– Жем түскенді көрсетермін әлі мен оларға! – деп Рысқұл есік жаққа қарады. – Құдай Дауылбайға
алақанымды жайдырмай-ақ қойсын. Қазанаттың баласын Дауылбай бақпай-ақ қойсын. Дауылбайды
қойшы, ол Алсай емес қой. Құдай ұрғанда өз жақынымызды ұрды ғой. Сақанды айтам. Қасқыр да өз
ұяласына қастық қылмайды екен. Ал мұныкы не? Сыртта Қатшагүл қазанның түбін қырып,
жуындысын итке құйып жүр. Төбеден, аспан түндігіне тағып тастаған асыл тастай жылтырап
жұлдыздар көріне бастаған. Дәу-Бабаның төбесінен бір жұлдыз аққан бойда ағып отырып
күншығыс-терістіктегі Құланның үстіне барып құлады. Қатшагүл:
– Бісміллә, бісміллә, – деді.
Көрші үйден көк төбет ұлыды, жұлдыз аққанда ит ұлитыны несі екен?
IX
Камераның құлпы әдеттегіден ерте салдырлады. Тұрар кешірек келуші еді. Рысқұл әлденеден секем
алғандай екі көзі есікке қадалды. Надзиратель Тұрардың орнына еңгезердей, ұзын бойлы біреуді
мылтықтың дүмімен итеріп кіргізді.
– Сенің тілегенің осы болса – жеттің мұратыңа. Жат жабысып тас еденде! – Надзиратель темір есікті
сақырлата құлыптап болып, көздей тесіктен сығалап бірауық қарап тұрды да кетіп қалды.
Рысқұл аң-таң. Оның түкке түсінбей тұрғанын сезген қонақ:
– Здравствуйте! – деп қолын ұсынды. Рысқұл палуандықпен аты шыққан-ақ азамат еді, мынаның
күректей қолы Рысқұлдың қолын көміп кетті.
«Бұл әдейі сыр тартпақ үшін жіберіп отырған жансызы болды ғой, сірә».
Рысқұлды тергеуге жиі алып баратын. Сұрақты көзілдірік киген бір арық орыс алушы еді. Жіңішке
ауруға ұшыраған адамдай ілмиген біреу. Сірә, көп өмір сүрмесіне көзі жеткен соң ашынып, ашуын
тұтқындардан алғысы келе ме, сорлы, әйтеуір азапқа салатын. Сонда Рысқұлдан:
– Сенің серіктерің кім?
– Болысты өлтіруді саған кім тапсырды?
– Патшаға тіл тигізгенің рас па? – Тағысын тағылар. Ұдайы сұрайтыны сол. Рысқұлдың айтатыны
ұдайы бір жауап. Ақыры тергеуші шыдай алмай жөтелге буынып өліп қала жаздап қиқылдайды да,
айдауыл Рысқұлды камерасына әкеліп тығады. «Ешқандай амал таппаған соң мына жансызын
жіберіп отыр енді».
Рысқұл шақырылмаған қонақтан бойын аулақ ұстады. Анау мұны әңгімеге шақырып, сөз тартып
көріп еді, Рысқұл оның айтқан орысшасын түсінбеген болып, иығын қиқаң еткізді де, безеріп қалды.
– Менің атым – Александр, – деді ұзын бойлы, жирен сақал. – Александр Бронников. Бұрын жалпы
камерада едік. Енді сен жалғызсырамасын деп осында жіберді. Ал сен болсаң қуанбайсың, бұл
қалай?
– Білмейді, – деп күңк етті де, Рысқұл мойнын ішіне тығып, бешпетінің жағасымен бетін бүркеп, бүк
түсіп жатып қалды. Тұрардың келуін күтіп, сақ жатты. Дәлізде тырс еткен дыбыс шықса, басын
жерден жұлып алып тың тыңдады. Бірақ бүгін де Тұрар кешікті.
«Өзі арт айланбайтын зынданға мауыздай қылып мынаны қамағаны несі? Баламыз екеумізге
жетпейтін жердің бұл қай жағына жатады? Онсыз да тынысы тар. Есік ашылғанша қайранда қалған
балық құсап аузымызды ашып, алқынып шығамыз. Енді тым келістік қой. Қанша күнге жіберілген
қу бұл? О, көкірегін құрт жеген залым көксау!»
Темір төсектің тақтайлары ойнақшып, құлай беретін болған соң, Рысқұл сол екі тақтайды тас еденге
төсеп, соның үстінде отыратын. Тақтайсыз койка құр босқа орын алып тұрады. Бронников әуелі
соның темір жақтауына шоқиып қана отырды. Салмақ салуға сескенді, қисаң ете түсе ме деп
ойлады. Онсыз да шабақтары майысып, қалт-құлт етіп тұрған неме екен.
Жалғыз терезе – шел басқан көздей, мұнарта берді. Күн батып, көз байланған кез шығар. Терезе
сыртынан ары-бері айналшықтап жүрген надзирательдің етігінің елесі құсап бір көлеңке қараң-
құраң етеді.


Бронников мына құдық сияқты тас қуысты көріп, бұрынғы жатқан жерім мұның қасында кең сарай
екен той деп қалды. Демек, – деді ол, – мына жатқан қазақтың жазасы біздікінен де ауыр болғаны
ма?
– Ей, дос, – деді ол дауысын жұмсағырақ шығаруға тырысып, – не үшін жатырсың?
Рысқұл үндемеді.
– Не үшін қамалдың деймін?
Рысқұл бұған бұрылып қарап еді, екі көзінен екі қанжар атылып шығатындай сұп-суық екен.
Бронниковке жеп жіберердей, кірпік қақпай бір сәт қарап тұрды да, қайтадан бүк түсіп, жатып
қалды.
Енді Бронников сасайын деді. «Алда иттер-ай, түрменің бастықтары мені жазалағандағы түрі-ау.
Надзирательмен егес үшін. Мына жатқан бір баскесер шығар. Мені мертіктіру үшін осының үстіне
әдейі әкеліп тықты-ау. Төбелессе, оңай беріле қоймаспын. Бірақ ұйықтап кетсем – қастандық жасар
да. Сақ бол, Александр».
Бронников отырудың ыңғайын таппай, тар қуырда тікесінен тік тұрды да қалды.
«Намаздыгердің көлеңкесі құсаған неме екен, – деді Рысқұл ішінен. – Тірсегінен ұрып құлатар ма
еді. Төбеден төнгені несі?»
Дәлізден надзирательдің етігінің тақасы тарсылдайды. Тас еденге тигенде тақады етік табыттың
қақпағына шеге қағып жатқандай сақ-сақ етеді. Тамұқтың есігін торып жүрген әзірейілдей; әлгі
дыбыс шақ-шақ етіп миыңды шағып жатқандай, еріксіз тұла бойың жиырылып, аза көңілді қаза
қылады.
– Е, тәубе, – деді Рысқұл дауыстап.
Мұнысы, сірә, тағы бір күн өтті, – дегені шығар. Ол:
– «Е, тәубе» – дегенде, Бронников, елең ете қалды. «Мынауың оңай емес, – деді ішінен, – Жетісудың
губернаторын айтып отыр ғой».
– Таубені қайдан білесің? – деп сұрады.
Рысқұл түкке түсінбей оған бағжия бір қарады да, қайтадан жантая кетті.
– Е, тәубе, – тағы да.
– Генерал фон Таубе сенің досың ба, жоқ әлде соған арыз айтайын деп пе едің?
– Әй, оттама! – деді Рысқұл басын жерден жұлып алып, мені мазақтап отыр деп ойлап.
Надзиратель көздей тесіктің қақпағын көтеріп, сығалап ішке қарады. Камераның ортасында
діңгектей болып әлі тұрған Бронниковты, еденде бүк түсіп жатқан Рысқұлды көрді. Ішінен риза
болды. Демек, екеуінің тұзы жараспаған. Бұл екеуінің тістескені керек. Бір-бірімен қырқысқаны
керек. Екі тұтқынды атыстырып қойса, надзирательдің жұмысы жеңіл болады. Бірін бірі әшкерелеп
отырады. Бұлардың ауыз жаласып кеткені жаман. Құдай содан сақтасын.
Көздей тесіктің қақпағы сырт етіп қайта жабылды. Темір тақалы етіктің жан-жүйкені жаныштаған
дыбысы алыстап бара жатты.
Камераның терезесінен енді мұнар да көшті. Сыртқы қарауылдың етігі де қараңдамайды. Еденде
жатқан қазақтың да бет-жүзі көрінбейді. Төбесі жоқ зынданның түбінде тұрғанда – адам ақылынан
адаспай, жігерін жоғалтпай, санасы мұнарланбай қалуы қиын да шығар. Сондай бір оппаға түсіп
кетпестің амалын ойлап, Бронников алыстағы қарт анасын, үш бала мен Танясын елестен іздеді.
Олардан жылдың басында айырылып еді, енді, міне, жаз ортасы. Тағдыр мұны дүниенің бір қиырына
әкеліп тастады. Қара дауыл оны осыншама алысқа ұшырып әкетер деп кім ойлаған. Енді елге оралу
деген үміт тек қиялында жылт-жылт етуші еді, ал бүгін күндізгі соқтығыстан кейін тұтқындық
мерзім ұлғая түспесе, кемімек емес.
«Қайдағы бір қазақтың қора тазалаған баласына несіне арашашы бола қалдым? – деп бір ойлап, ол
райдан тез қайтты: – Әділетсіздік тасыраңдаған жерде мен бейтарап тұра алмаспын. Біздің о
бастағы ұранның өзі әділетсіздікке қарсы көтерілген жоқ па? Содырлы сойқанды көре тұра көз
жұмсам, сорлы болғаным емес пе?».
Күндізгі қазақ баласы мына тастай қараңғыда көз алдына келді. Балғын қанат балапанды қарақұс
шүйгелі төніп барған кез. Жұдырығын түйіп алған қара бала. «Ай, өзі де жүрек жұтқан екен. Титтей
болып, еңгезердей алпауытты итеріп жіберді-ау. Сол сонда әлгі бір түп қызғалдақты надзиратель


таптап кетпесін деп ышқынды-ау.
Апыр-ай, сол бір ғана қызғалдақ үшін шырылдап, албастымен алысқанда, сондай сұңқар текті
балаға мен неге ара түсе алмасқа?».
Осы бір ойдан Бронников иығынан зіл қара тас түскендей жеңілейіп қалды. Камераға қамалудың
өкініші өшейін деді. Мына еденде жатқан қаһарлы қазақ та соншалықты қорқынышты емес
сияқтанды. Әлі де болса, тіл қатып, көңілін тауып, сөз бастау керек деп ойлады. «Тіптен болмай
бара жатса, оны көріп алармын», – деді.
Кенет балтырының шым-шым ете қалғанын сезді. «Бұл лағнет атқыр мұндай тас қапаста қайдан
жүр?» – деп таң қалды қандала шаққан балтырын қасымақ болып еңкейе беріп.
Қансорғыштар қараңғы болды – шабуылға шыққан-ды...


Балтырын қасымақ болып Бронников еңкейе бергенде, жантайып жатқан Рысқұл орнынан барысша
атып тұрды. Ананың әрбір қимылын аңдып-ақ жатқан екен. Қараңғыда да көре беретін қасиетін
камера жоя алмапты. Айсыз тастай қараңғы түндерде жылқы бағып өскен Рысқұлда үкі тектес
құстардың көргіштігі бар еді.
Бронников сасып қалып:
– Клоп, клоп, – деді.
Онысына Рысқұл түсінбеді. Бұл түсініспеушілік неге апарып соғары белгісіз еді, дәлізден тықыр
естілді. Рысқұл құлақ түре қалды.
– Тұрар, – деді ол ішінен тастай қараңғыда.
Сарт-сұрт етіп есік ашылды. Надзиратель ішке баланы кіргізді де, фонарьдың өлегізген сәулесімен
камераның түкпір-түкпірін тінткілеп шықты. Ортада состиысып тұрған екі тұтқынды көріп, көңілі
толғандай, бір жөткірініп қойып, есікті қайта құлыптады.
«Бұл қалай?» – дегендей – бала босағада тұрып қалды. Әкесінің қасындағы қаба сақалды фонарьдың
болымсыз жарығынан шырамытқандай ғана болды. «Шыннан сол ма? Маған араша түскен адам
ба?».
Бронников баланың жүзін жыға танымаса да, күндізгі батырының дәл өзі екенін бірден білді.
Қуанғаннан дауыстап, орысшалап:
– Это ты?! – деді.
– яИә, мен, – Тұрар да орысша жауап қатып. – Мұнда қалай келіп қалдыңыз? Ә, түсінікті, түсінікті.
Айтпай-ақ қойыңыз. Маған бола басыңызға бәле тілеп алдыңыз ғой. Кінәлімін мен.
«Түк түсінсем бұйырмасын»,– деп Рысқұл тұр.
– Оу, мұның кім, Тұрар? Нағашың келгендей шүйіркелесе кеттің.
– Бұл жақсы адам, көке, – деп Тұрар күндізгі болған жағдайды бастан-аяқ айтып шықты.
– Қайдан білейін, маған әдейі жіберген жансызы ма деп қалдым. Мың да бір рақмет, тамыр, – деп
Рысқұл қараңғыда Бронниковтың қолын сипалап тауып алып, қатты қысты. – Бұл орыстардың ішінде
де небір азаматтары бар-ау, шіркін! Қарашы, қорықпай надзирательдің өзіне қарсы шығуын.
Енді Рысқұл жаңа «тамырына» тақтайдан орын берді. Тікесінен тік тұрып, аяғы талған Бронников,
сірә бір төрт қабаттап салған төсеніштің үстіне отырғандай, рахаттанып жайғаса берді де:
– Хорошо, – деді.
– Тапқан екенсің, қарошоны, – деп күлді Рысқұл. Орыстың «хорошосын» ол түсінуші еді. – «Қара тас
ұйқың келсе болар мамық», – деген осы, тамыр, шыда!
– Что он говорит?–деп сұрады Бронников Тұрардан. Тұрар түсіндіріп берді.
– Әкең шынында да батыр екен, – деді Бронников. – Сен күндіз надзиратель айтқандай, бандиттің
баласы емес, батырдың баласы екенсің.
– Не дейді! – деді Рысқұл.
Тұрар қазақшалады.
«Мен сияқты саяси тұтқынға, «Қанды жексенбінің» сойқанын көрген адамға жігер беріп тұрған бұл,
сірә, оңай қазақ емес шығар».
– Кәне, таныс болайық: менің атым Александр Бронников. Сенің ше? – деді қаба сақал Тұрарға
қарап.
Менің атым – Тұрар. Әкемнің аты – Рысқұл. Күндіз айттым ғой.
– Рыс-кул, – деп буынға бөліп созып айтты Бронников. – Рысқұл. Ал мұнда қандай жағдаймен келіп
қалдыңдар?
– Не дейді? – деді Рысқұл.
– Мұнда не үшін отырсыңдар дейді.


– Е, ол ұзақ хикая де, – деп Рысқұл қисая кетті.
– Е, ол ұзақ әңгіме, – деді Тұрар Бронниковке.
– Түсінікті, – деп Александр баланың иығын сипалап тауып алып, арқасынан қағып-қағып қойды. –
Уақыт көп, құдайға шүкір жата-жастанып асықпай тыңдап алармын. Ал енді мына қандаланы
қайттік? Мені буып бара жатыр. Сірә, жатырқағаны ма? Сендерге тимейді-ау деймін өздері?
– Не дейді? – деді Рысқұл.
– Әшейін қандаланы айтады. Буып бара жатыр дейді.
– Сорлының қаны тәтті шығар, – деп Рысқұл мырс етті. – Таланып көрмеген екен әлі. Айт оған
таланғанның көкесі қандай болатынын. Әй, тамыр...
Рысқұл Бронниковтың тізесіне қолын салды. «Өзінің аяғы да бураның саныңдай екен-ау»,– деді
ішінен.
– Әй, тамыр! Сен қандалаға өкпелеме. Қандала деген не ол! Атжалманды айт. Атжалманға талатқан
жоқ па сені?
– Что он говорит?
Тұрар орысшалап берді.
– Нет-нет! – деп тұла бойы тітіркенгендей болды Бронниковтың.
– Ә, ендеше тыңда. Мына мені осы камераға әкеліп тыққаннан кейін бір аптадан соң үш атжалман
әкеліп қоя берді. Үшеуін де әбден ашықтырып, жалаңдатып қойған екен, арамдар. Есінде болсын,
тамыр, дүниеде аш атжалманнан аш қасқыр әлдеқайда артық. Талап жей бастаған кезде шыбын
жанын шырылдап, кірерге тесік таппай сорлайсың. Ұстайын десем ұстатпайды. Ұрайын десем – таяқ
жоқ. Екі қол, екі аяғыңды қашанға дейін ербеңдетесің? Бірақ мен құлығымды асырдым, атасына
нәлет. Өтірік өлген болып, тырп етпей қалам. Сол кезде атжалман, атаңа нәлет, аяғыңды қамсыз
қарпи бастайды. Шап беріп ұстап аламын, қолымды талап, қанын судай ағызады. Бір мыжып қалсам
– жаны шиқ деп шығад та кетеді. Әне, тамыр, сондай да болған. Құдай басыңа салмай-ақ қойсын.
Күндіз көрсетемін, тамыр, атжалман салған тыртықтарды.
– Да, хуже не придумаешь, – деді Бронников Тұрардың аудармасынан кейін – Ал, Тұрар, сен азамат
екенсің. Орысшаны қайдан үйреніп жүрсің?
– Осы түрмеде. Приходько мырзаның балаларынан, тұтқындардан, надзирательдерден.
– Кітап оқып, жазу жаза аласың ба?
– Аздап. Приходько мырзаның Наташа деген қызы көмектеседі. Ал Аркаша деген ұлы менімен қас.
– Қалай болушы еді? Сөйлегендерін есітемін той. Айталық, күндіз өзіңіз көрген надзирательдің сөзін
қалай ұмытарсың...
– А, күндізгі ме? Е, ол бейшара ғой. Сен білесің бе? Оның өзі де тұтқын. Бірақ надзиратель етіп
қойған. Егер қызметін неғұрлым қатал жүргізсе, соғұрлым оның еңбегі бағаланып, жаза мерзімі
қысқарады. Түрмеден ерте босатылады. Ал, кейбіреулері бостандық алғаннан кейін де өз
еріктерімен түрме қызметінде қала береді. Күндізгі екеуміздің досымыз дәл сондай сорлы. Жә, оны
қоялық... Сенің оқуыңды қалай етсек екен? Сен көп нәрсе білуге тиіссің, бауырым. Сен білуге
тиіссің. Ұқтың ба? Көп, көп білуің керек сенің!
* * *
Бұл жолы есіктің өзі емес, адамның басы сияр-симас кеспегі ашылды. Тұтқынға тамақ беру үшін
әдейі істеп қойған.
– Мә, мына атауыңды ал! – деген зекіме дауыс естілді. – Балаң екеуіңе. Ал анау мейманға бүгін
кешкі ас берілмесін деген бұйрық бар. Құрметті қонағың ғой, Рысқұл, мүмкін өз сыбағаңды берерсің
оған. Хи-хи!
Надзиратель қиқылдап күліп, сірә, тауып айттым-ау деген болар, өз сөзіне мәз болып кете барды.
Жұдырықтай қара нан мен бір ожау сылдыр сорпа екен. Наны желім сияқты, сірә, қара бидайдың
ұнына бұршақ, арпа ұнын араластырған-ау, әйтеуір құдай кесір қылмасын, сүйкімсіз-ақ. Ішіне
күшәла орап итке тастайтын қамыр сияқты.
– Кел, тамыр, – Рысқұл қараңғыда түртінектеп, котелокты ортаға қойып. Былжыр қара нанды үшке
бөліп, алдымен Бронниковке ұсынды.


– Жоқ, рақмет, – деп Бронников бас тартты.
Рысқұл оның алақанын зорлағандай мытып ашып, нанды ұстата салды.
– Мә, Тұрар, – деді қараңғыда баласынын қолын сипалап іздеп.
– Мен жемеймін, көке, әлгінде мырзаның кухнясында тамақтанғанмын. Аспазшысы жақсы кісі. Өзің
жеші, көке.
– Сен сыпайылықты неғыласың. Жұтқан – жұтамас, мә, жеп ал, қарнын ашады, – деп әкесі жік-
жапар болды.
Тұрардың тоқ екені рас еді. Наташа екеуі бір сағаттай отырып, әліппені ежелеген соң, мырзаның
қызы оны ас үйге ертіп барып, тамақ бергізген. Приходьконың басқа қызметкерлері өсек-аяң, құқаң-
сұқаңмен шаруасы жоқ, тіршілігіне мығым баланы аяп, жақсы көріп кеткен. Бары болса бөлісіп,
жандары қалмайтын.
– Рақмет сендерге, – деді Бронников біртүрлі тебіренгендей, толқынды үнмен. – Дәм-тұз үшін,
қонақжайлылық үшін рақмет. Әлгі ақымақ та маған әдейі тамақ бермей, сендер менен асын
қызғансын деп, әдейі сасық саясат істеп отыр. Олардың арам ойын ойрандағандарың үшін рақмет.
Қараңғыда сипалап, баланы тауып алды. Басын сипалады. Бронниковтың қимылын байқап, Рысқұл
да қолымен баласын іздеді. Тұрардың басын сипалай беріп, Бронниковтың қолына қолы тиді.
Бронников көкпаршының еменнің безіндей қатты қолын қысып-қысып қойды. Мұнысы өз
ризалығын, дос пейілін танытқаны еді.
– Шашы өсіп кетіпті, – деді Рысқұл баласының басын алақанымен аймалап. – Ұстара жоқ. Ұдайы өзім
алып беруші едім. Енді ұстара жоқ. Түрмеде ұстара ұстатпайды.
Тұрар әкесінің алатынын есіне түсіріп, бойы еріксіз тітіркенді. Рысқұл Тұрардың шашын сабындап
жібітпей-ақ, құрғақтай қырар еді. Баланың басын жүрелеп отырып екі тізесінің арасына қысып
алатын. Бала:
– Көке, ауырттың ғой, жібітейінші, – десе:
– Шыда! Жігіт те осыны сөз дей ме екен? Баяғыда біз бала кезімізде шашымызды шалдар қойдың
қабырғасымен қыратын. Соған да шыдаушы едік, – деп қайрайды. Тұрардың көзінен ытқып-ытқып
жас шығады. Бірақ дымын шығармайды. Төзіп бағады.
– Әлімбек атасындай батыр ғой, – деп Рысқұл мақтап қояды. Бала соған мәз.
Әлімбектей болу – баланың ежелгі арманы. Еркелетуге, мақтауға сараң Рысқұл өзін Әлімбек сынды
батыр бабасына балағанға Тұрардың төбесі көкке жеткендей боп едәуір марқайып қалды.
Шашының өсіп кеткені де рас еді. Тиын жинап, шөп базардағы шаштаразға барып алдырайын десе
Приходько мырза:
– Алдырма!–деп тыйып тастады. Оның бұл қылығына Тұрар түсінбеп еді. Ал әкесі қиналып отыр.
Баланың қасарысқан қайратты, киіздей қалың шашын тобылғыдай қатты саусақтарымен сипалап
отыр.
Бронниковты қандала буа түседі. Рысқұл мен Тұрарды да шағады. Әйткенмен, жаңа келген кісінің
қанын таңсық көргендей талайды. Бронников:
– Тұп-тұтас тас камераның бұл қандала қай жерінен шығады, – деп таң қалады. Екі қолы тыным
таппай үсті-басын қасиды.
– Қансорғыш хайуанды қайдан шығады дерің бар ма, – дейді Рысқұл Тұрардың аудармасынан кейін. –
Әлі үйренесің. Адам үйренбейтін нәрсе жоқ. Шыда! Сен өзің Петербордан келсең ақсүйектің тұқымы
шығарсың, қандала көрмеген. Ал мына біз қандала деген тамырмен жөргегімізден таныспыз.
Бронников күлді.
– Менің кім екенімді айту үшін көп уақыт керек. Үлгірерміз әлі. Мезгіл мол. Не бітіреміз ақыры. Ал
қазір ұйықтайық. Балақай да таңертең тұрады екен.
Бірақ Бронниковтың көпке дейін көзі ілінбеді. Қандала үсті-басын ісіндіріп жіберген. Денесі
дуылдап, тұлып болып кеткендей. Бірақ ұйқы да арсыз, кірпігі айқасып, ұйқы шіркін оны алыстағы
Петербургке әлдилеп алып бара жатады.
Көз шырымын алар-алмас, Рысқұл баласын иығынан жұлмалап:


– Оян, Тұрар! Надзиратель келгенше тағы тыңдап ал! – деді.
X
Мизам ұшқан жылы күздің күні еді. Төніп тұрған тажал жоқ. Аспан ашық, аспан жәудіреген жас
баланың көзіндей әдемі-ақ. Төңірек бәле-жаладан жырақ сияқты. Тек әуеде бөдене аңдыған
қырғилар ғана қанжар қанаттарын кейде жайып, кейде жасырып, жем іздеп жүр.
Осындай бейбіт күннің бірінде Алсай-Сәлікті түлен түрткендей түгел үдере көтеріліп, Дауылбай
ауылына аттанған.
Әлгі аттылы-жаяулы дүрмек ауылдың үстінде. Шәңке бұлақтың басындағы зираттың тұсынан өтіп
бара жатты. Топырақ дымы әлі кеппеген жас төмпешіктің жанына жеткенде бәрі де ошарыла берді.
Кеше ғана тірі жүрген жан. Үп еткен тіршілігін үмітпен алдандырып, ақ тілек қана айтып жүрген
адам еді. Бұл итше ырылдасқан сұм дүниеде Бердіқұл деген адам ешуақытта болмағандай, төбешік
моп-момақан. Тіршілікте иесі қандай момын болса, моласы да жұп-жуас.
Рысқұл аттан құлай түсіп, ағасының қабірі алдында тізесін бүгіп, шөкелеп жығыла кетті. Құран
білмеуші еді, дұға оқи алмады. Отырды, отырды, ақыры:
– Көке-ау! Не жаздық, не болдық? Енді не істейміз, айтсаңшы! – деп төмпешікті құшақтай құлады.
Топырақ жып-жылы екен, бетінен Бердіқұл сүйгендей тұла бойы дір етті. Тек топырақ бейнесіне
еніп кеткені болмаса, ағасы тірі сияқты. Өз қолымен көмсе де, көңілі суымаған көкірегі құрғыр
әлденеден үміткер.
Біреу келіп, қолтығынан көтерді.
– Сен бордай тозсаң, басқамыз не боламыз! Тұр былай! Аз атаның баласы жалғыз қыран өзің бе деп
жүргенде, не мынауың?
Бұл Ахат еді. Жасы ұлғайған, бірақ жүзінен шырай, көзінен нұр таймаған, бурыл сақал Ахат
Рысқұлды тізесінен басып өз жанына отырғызды. Көнетоз қара барқыт тақиясын баса киіп алды.
Сонан соң дұға оқыды.
Бәрі бата қылды. Әлдекім дауыстап еді, Ахат ақырын ғана:
– Қой, – деді. – Сен жылағанмен Бердіқұл қайтып тұрмайды. Көз жасынан өлгендер қайтып тірілер
болса, Әлімбек батырды, кешегі Соқыр батырды тірілтіп алмас па едік?! Сонда бізге жуандар
жуандығын қылмас еді. Амал не?! Жылама. Барайық болысқа. Жөн айтысып, құн сұрайық. Оның
алдында суға түскен кесектей мүжіліп, тозып тұрғанымыз келіспейді. Аз атаның баласы болсақ та,
азбайық. Азға айбын керек. Айбыны жоқты анау да, мынау да айналдыра береді, тәлкек етеді.
Жұбымызды жазбай барып, жауап алайық. Не дейді – болыс өзі біледі. Арғы жағын көре жатармыз.
Болыстың ауылы төскейде. Елдің жатқан-тұрғанын алақандағыдай көріп-біліп отыру үшін болыс
қонысты өрлеуден әдейі тіккізген сияқты.
Тал-дарақтың сарғая бастаған жапырақтарын тозаң тұтқан. Күз де болса күн ыссы. Көбелектердің
өзі ыстықтан, ыңқылдап, шөп басында әрең отыр. Жолда келе жатқан адамдардан сескеніп жалбаң
етіп үркіп ұшса да, лезде жалп етіп барып қайта қонады. Тек қарлығаштар ғана ащы күнді елең
қылмай көнетоздау бола бастаған көгілдір аспанда қайқаңдап ұшып, қалықтап жүр.
Рысқұл бағанадан бері байқап келеді: бір ұя қарлығаш бұлармен қапталдай қабаттасып, ілесті де
отырды. Мұны кәнігі аңшы Рысқұлдың жіті көзі ғана шалды. Басқалар мән берген жоқ.
Қарлығаштар жабылып келіп қаралы топқа құс тілінде шиқылдап көңіл айтқандай. Қарлығаш
жөнінде адам не біледі? Ұшып жүрген көп мақұлықтың бірі дей ме? Оның басқа құстардың бәрінен
бөле жарылып, адамдармен жақындасып, адам мекеніне ұя салатынында не сыр бар? Ұясын өзге
құстар құсамай балшық пен қыл араластыра өріп, бекем жасай алатынында не мән бар?
Балапандарын құлап кетпесін деп аяғынан тұзақтап қоюды қайдан біледі? Демек, ол адам жан-күйін
білмейді, түсінбейді деп айта аламыз ба? Осы келе жатқанында мына Алсайлардың қайғысына
ортақтаспасына кім кепіл?
Құс екеш құс та мейірлі. Ал адам адамды өлтіре алады.
Әйтсе де, қазіргі кәнігі аңшы қарлығаштар – адамдардың қайғысына ортақтасудан гөрі өз құлқын
қамын ойлап келе жатқанын да сезіп еді. Шөп басқан қара жолдың үстімен жүрген жұрттан үріккен
шегірткелер ыршып-ыршып жиекке шыға бергенде қарлығаштар қақшып алып кетіп жатқанын
Рысқұл ғана аңғарып келеді.
«Қарлығаш, сен де жыртқышсың. Мына мен де жыртқышпын. Талай аңның қанын төктім. Бірақ
біздің жыртқыштығымыз құдай-тағаланың құдіретінен аттап өтпейді. Жаратылыстың өзі солай
жазып қойған. Мен арқар атсам: «Е, жануар, сенің жазығың жоқ, аш отырған адамдардың азығы


жоқ», – деп атамын. Ал, қарлығаш, сен болсаң ұядағы балапаныңды асырайсың. Бірақ, адамды адам
өлтіргенің не деп түсіндіруге болады? Қарлығаш қарлығашты сірә да өлтірмес. Кеше ғой Ахат
айтты: «Қасқыр да қастық қылмас жолдасына» деп. Сонда адам баласы бірін-бірі қабырғасын
күйретіп, өкпе-бауырын езіп жібере алады екен. Неге бұлай? Құдай-ау, неге бұлай? Болысымыз
Дауылбай да – Сәлік, оның сойыл соғар қарақшысы Сақан да – Сәлік, біз де – Сәлік. Бәріміз
Шілмембет Шымырдан тарадық. Дулаттың дуанынанбыз. Домалақ ананың құрсағынанбыз. О, әулие
анамыз! Сенен де адам өлтіргіштер туған екен де. Жау емес, жат емес, туған бауырын өлімге қиған
қандай залымдық! Сонда ағайын арасы берік болмағаны ғой. Қарап тұрсаң, ата-ата бір жақ емес,
барлар, атқамінерлер бір жақ. Бай – байға, сай – сайға құяр деген осы екен».
Үстіндегі иесінің қалың ойға кеткенін сезгендей жирен ат асықпастан бір-бір басып келе жатыр еді,
Рысқұл ауыр күрсініп, басын көтеріп алғанда, астындағы аты да атырылып кете жаздап, тізгінді
босат дегендей мойнын садақтай иіп, шірене берді. Томпаңдаған торы атқа мініп келе жатқан Ахат
Рысқұлға жанай түсіп.
– Есіңде болсын! Қызбалыққа салып жүрме. Құр ашумен алысқа шаппайсың. Арыстай
азаматымызды сұлатып тастағанда кеудемізді ыза кернемесе, ондай кеудеге сабан тығып, тұлып
қылған артық. Бірақ ызаны да ақылға жеңдірсек керек. Болыстың, анау Шымкенттен келіп жатқан
ұлықтың алдында кісілік сақтайық, – деді.
Рысқұл үндеген жоқ, екі көзі тесіліп төскейге қарады. Болыс ауылы салтанатты шаһардай аспандап
тұр екен.
* * *
Арқасын тауға тіреп тұрған ақ орданың есігі түрулі еді. Сәскелік сары қымыз ішіп отырған
Дауылбайдың шегір көзі төменнен келе жатқан шұбырындыны шалып қалды. Қасындағы мәртебелі
қонағы салқын қымызға шала мас болған кез. Дауылбай сыртқа шаңқ етті:
– Сақан!
Үй иесінің оқыс дауысынан орыс ұлық селк етті. «Ой, осылардың тағылығы-ай», – деді.
Сақан биік маңдайшаның өзінен екі бүктеліп ішке кірді.
– Ләппәй, тақсыр.
– Сонау келе жатқан кімдер? – Дауылбай жауабын күтпестен: – Кім де болса, қайтар! Қазір арыз-
құрыз тыңдар уақыт емес. Ауылда үлкен ұлық жатыр. Топырламасын.
– Кім болушы ед, Рысқұл бұзық та, – деп күңк етіп Сақан шыға берді. Шығып бара жатып
маңдайшаға басын тарс соғып алып, қолымен маңдайын тыжырына сипалады.
– Есалаң, – деді Дауылбай да қоса күліп. – Осы үйге күніне жүз кіріп, жүз шығады. Ылғи маңдайын
ұрып алады. Адам деген маңдайына бір-екі рет соққы тиген соң үйренбей ме екен қалай шығуды!
– Сіздерше не деуші еді? – деп ұлық шиқылдап күле берді. – Әлгі, түйенің үлкені көпірден таяқ
жейді...
– Иә, мырза, дәл тауып айттыңыз. Сол түйе осы. Бойы ұзын, ақылы қысқа. Бірақ адал, байғұс.
– Міне, міне, – деді ұлық күлгенін қойып, жастықтан шынтағын алып, қолымен жер тіреп көтеріле
беріп. – Адал қызметкер керек. Қызметкерлердің бәрі адал болса, мемлекет үшін, ұлы держава үшін
еш қауіп жоқ.
– Өте дұрыс айтасыз, жоғары мәртебелі мырза. Өте тауып айтылған сөз.
Болыс өзінің сөзін қостап, қошаметтеп отырғанмен, көңілі алаң, назары басқа жақта екенін ұлық
аңғарып қалды.
«Бұл азиаттар сені мақтап отырып, мақтамен бауыздап жіберуі де мүмкін».
Дауылбайдың ақ ордасы олимптің төріндегі құдайлардың трибунасы тәрізді. Төменде гладиаторлар
соғысы. Сақан палуан дәу қара айғырға мініп, ылдидан келе жатқан тобырға топандатып жетіп
барған.
– Қайыршы құсап қайда шұбап бара жатырсыңдар! Ордада ояз жатыр. Мына тасыраңбай тағы
түрлеріңмен ұлықты шошынасыңдар. Қайт! Қайт дегенде – қайт! – Қара айғырды омыраулатып,
додаға кіретін көкпаршыдай атты қамшылап-қамшылап, ақиландырып, ауыздықпен алыстырып
қойды. Қара айғыр басып кетер ме екен деп ықтаған жұрт ығысып, жапырыла жол шетіне шықты.
– Әй, Қодар, – деді Ахат айылын жимай. – Әкіреңдемей бізді Дауылбайдың алдына алып бар. Орыс


ұлықты да көрейік. Оған да арыз айтайық.
– Ұлықшылын. Ұлықта нең бар?
– Неміз жоқ ұлықта?! Дауылбай арыстай азаматымызды ұрып өлтірткізіп отыр. Іздеусіз-сұраусыз
сорлы емес, құнымыз бар.
Қара айғыр ауыздықпен алыса-алыса аузынан көбігі бұрқырады. Ауыздықпен алыспайын десе
үстіңдегі адам қамшылап тұр. Қамшылап алады да, тағы тізгінді тартады. Қамшы салған соң аттың
басын қоя берсе болмай ма? Тізгінді шірене тартады екенсің, қамшылап нең бар? Ат байғұста тіл
болса айтар еді, тіл жоқ. Тек ақиланып, көзі шарасынан шытынап шығып, ауыздық жырған езуі
ырсиып, ақ көбік шашырайды.
– Іздейтін-сұрайтын сонда сендерсіңдер ме? – деді Сақан кекесін күлкімен. – Миды ашытпай қайт
түге! Өлген адам – өлді! Оны Дауылбай ұрып өлтірген жоқ. Болысқа жала жапқаның үшін алдымен
өзің бәлеге қаласың. Итжеккен кетейін деп жүрмесең аузыңды жап, аулыңа қайт!
– Ой, Қодар ит, – деп бағанадан бері үндемей тұрған Рысқұл сөзге араласты. Астындағы алды биік,
жалы сұйық, сидаң торы атты жай тебініп Сақанға таяп келді. – Ахат сенің ағаң болад. Неге ат
үстінде тұрып ақиланасың, көргенсіз. Мына қаралы ауыл тұр алдында. Надан болмасаң, аруақ атқыр
болмасаң, көңіл айтпаймысың!
Сақан қанша палуан болса да Рысқұл аңшыдан сескенеді. Қазір не айтарын білмей тұқшиып қалды.
Бірақ бетбақтыққа салып, омыраумен алмақ болып, барылдай жөнелді:
– Өлсе – құдайдың ісі. Ажалы жетсе – ешкім де қалмайды. Мен ештеңе білмеймін. Болыс қайтсын
деп жатыр. Қайтсын деген соң қайтыңдар! – Сақан аузынан түкірігі шашырап, өлер ме күйге түсті.
Сұйық жал торы аяғын киік билегендей бір-бір басып қара айғырдың қасына таяна бергені сол еді,
Рысқұлдың оң қолы сілтеген қылыштай сарт етіп, Сақан палуанның жағасына қона кетті. Сұйық жал
торыны тебініп кеп қалғанда жануар тастан секірген елік құсап, есік пен төрдей жерге бір-ақ
ырғыды. Мұндай нажағай қимыл күтпеген Сақан аттан, борпылдақ топырақтың үстіне қалай
төңкеріліп бұрқ ете түскенін түсінбей де қалды. Есеңгіреп, бет-аузының топырағын да сүрте алмай
біраз отырды. Сасқанынан:
– Қызыңды... қызыңды, – дей берді.
– Қыздан садаға кет, қыздан садаға кеткір, – деп Рысқұл оның бетіне бір түкірді. Қара ат ойқастап,
тізгініне шалынып, ауыл сыртындағы жылқыға қарай, үстіндегі ер-тоқымымен шауып кетіп бара
жатты.
Өмірі жауырыны жерге тиіп көрмеген Сақан палуан топыраққа аунап аймандай болып түрегелді.
Сақан баяғы Соқыр батырдың немере інісі еді, күштілігі тартқан, ақылдан құдай кемтар қылып
қойған. Өз емшектестеріне қарсы қара айғырға міне шауып, болыстың бұйрығын орындаймын деп,
масқара болды.
– Өңшең сорлы, – деді ол түрегеліп есін жиған соң өз туыстарына кекесін зілмен көз тастап: –
Ажалды қарға өңшең. Бүркітпен ажалды қарға ойнайды деуші еді. Ал, бар болысқа! Бара ғой.
Бәріңді патшаның солдаттары атып өлтірсін. Менің жаным ашып, өзім деп, сендерді оқтан аман
алып қалмақшы болғаныма сенбедіңдер. Ал, бара ғой, көрейін қарық болғаныңды.
Ахат ойланып қалды.
– Осы Қодар біліп айтса да, білмей айтса да бір шындықты шығарып тұр. Ашу үстінде ағылып, аз
ауыл түгел шығыппыз. Осымыз әбес емес пе екен. Дауға барсаң – бірің бар. Жауға барсаң – бәрің
бар деген. Басқаларың тоса тұр, осы мен-ақ барайын болысқа. Айтып көрейін. Тілім жетсе тыңдаса
ұлыққа шағынайын. Не дейсіңдер, ағайын?
Рысқұл әлгі бір айқастан кейін әлі өзін билей алмай, аяз қысқан адамдай қалшылдап тұр екен:
– Өлген менің ағам, өлтірткен Дауылбай. Мен бармағанда кім барад?! Сізге мен ілеспей болмайды,
Аха!
* * *
Осының бәрін олимптен көріп отырған ояз:
– Бұл не? – деді.
– Бұл қазақ ауылдарының арасындағы араз-құраз, үйреншікті дүние, назар салмай-ақ қойыңыз,
жоғары мәртебелі мырза, – деп Дауылбай шегір көзінің ашуын тұншықтырмаққа тырысып,
күлімсіреп.


Әйтсе де өзі «иә, пірім» деп екі ұмтылып орнынан тұрды.
– Айып етпеңіз, мырза, мен сәл шаруамен шығып келейін, – деп оязға қарап бүгіліңкіреп тұрып
қалған. Ояз «бара бер» дегендей пішін танытқан соң атылып сыртқа шығып бәйбішеге:
– Орданың орама есігін түсіріп, түндігін аш! – деп бұйырды. Ауылдағы еркек атаулы атқа қонсын деп
жарлық айтты. Оязға ере келген екі солдатқа да ескертіп:
– Қазір қайыршы қазақтар келіп мазаны алса, мылтық көрсетіп қорқытып жіберіңдер, – деп қойды.
Мұрттарын ширатқан доғал солдаттар өздеріне өтініш болғанына далиып:
– Мы им покажем кузькину мать, – деп қоқиланды.
Көгендегі қозы-лақ бұршағынан босанып, ауыл сыртына беттеген. Желідегі құлындар шіңгірлеп,
енелерін шақырып, ноқтамен алысып, кейбіреуі қазыққа оралып қалып жатқан. Бие сауып, желі
басында жүрген малшыларды Дауылбай қолына сойыл беріп, ұрысқа дайындап қойды.
Ақ орданың күндікке ашық тұрған есігі кенет жабылып қалғаны, түндік ашылып, онда тұп-тура
өзінің қасқа басына шақшиып күн түскені, үй сыртында дан-дұң, айқай-ұйқай көбейгені оязды таң
қалдырды. Қымыздың ара-арасында араластырып алып отырған француз коньягі жіліктің майындай
шыны, шымыр болатын. Соған да балқып отырған ұлық мына сырды түсіне алмай дал. Кенет бойын
қорқыныш биледі. Әлгі төменде топырлап көрінген тобыр кәдімгі көтерілісшілер болып жүрмесін.
Бұл шетсіз-шексіз жұмбақ даладан түрлі құқайды күтуге болады. «Қой аузынан шөп алмайтын
момын халық» тарпаң мінез танытып жүрмесін. Және басқа уақытта емес, дәл өзінің мәртебелі
мейман болып жатқан шағында шатақ шықса, ол хабар губернаторға жетсе – жайлы тимес.
Губернатор уезд бастығына онсыз да тиісерге желеу таппай жүрген жан. Оязға қарсы бунт
шығыпты деген қаңқу – шаншудан жаман.
Ояз Богомолов әуелі қасқа басын түндіктен түскен күннен қорғалап, сырғанақ, сусыма шәйі
көрпенің үстінде бөксесімен жылжып, төменірек сырғып отырды. Онан соң, жаман айтпай жақсы
жоқ, өзіне қастандық бола қалса, қорғанышы бар екені есіне түсті.
– Егорка! – деп дауыстады.
Сыртта: «Түрт, сайтан!» – деп сойқан тілеп тұрған казак-орыс:
– Слушаюсь Ваше высокоблагородие! – деп үйге тұра жүріп еді, киіз үйдің орама есігін түртінектеп
аша алмады. Шолақ ойына осы бас ұрмаңдар оязды әдейі қамап қойған жоқ па деген күдік кірді.
Штыкпен киіз есікті бір-екі піскілеп те жіберді. Жыланның тіліндей болып жалаң-жалаң еткен
штыкты көріп ояз одан бетер сезіктенді. Соғыс жүріп жатқандай көрінді. Тәлтіректеп орнынан
тұрып кереге басында ілулі тұрған револьверіне жармасты. Сырттан казак-орыс:
– Ваше высокоблагородие, Сізді мына басурмандар қамап қойса керек, есік ашылмайды, – деді.
– Ақымақ, управительді шақыр! – деп шаңқ етті ұлық.
Казак-орыс болысты іздеп жөнелді. Дауылбай ауылдағы малшы-жалшыны жайдақ атқа қондырып,
Алсай тобының алдын орап жатыр еді. Қазақ-орыстың сұсты түрінен шошып қалды. Әдепсіз солдат
штыкты мылтығын серпи ұстап, ояз отырған жабық орданы нұсқап:
– Айда, айда! – деп зекіді. Дауылбай өз адамдарына:
– Ана ақымақ Алсайдың алдынан шығып, ауылына қайтарыңдар. Мені ояз шақырып жатыр, – деп
жуан қарагер аттың басын бұрды.
Атқа мінсе есіріп кететін қайран қазақ қиқулап ылдиға шаба жөнелген. Ат таңдап лап қойған қолды
көріп, Рысқұл қақ сойылын оңтайлады. Ағайындарына:
– Атты мен жаяу соғыса алмас. Шегіне тұрыңдар. Бұларға бейбіт сөйлесу мүмкін емес. Қараптан
қарап тұрып қырылмайық, – деді.
– Шырағым, осы жанжалға кіріспей-ақ қойсаң қайтеді, – деді Ахат.
– Е, Аха-ай, бұлар бұқсаң сұға береді, қайтесіз мені бөгеп.
Мен бір қаны қарайған адаммын, – биік торыны бір-ақ секіртіп, ордалы ауылдан шыққан түйдек
шаңға жұлдыздай аға жөнелді. Олармен жанасқанша көк ақ қалпағын ғана баса киіп үлгерді.
Дауылбай аттандырған қол алты сойыл еді. Малшылар, қызметшілер болатын. Рысқұл бәрін де
таниды. Бәрі туысқан. Бұлардың қанын төккеннен түсер пайда жоқ. «Қасқыр да қастық қылмас
жолдасына». Ең алдымен ескі шекпенінің екі етегі екі шалғайға кетіп, далақ-далақ шауып келе


жатқан жылқышы Кенже екен. Қолыңдағы құрықты дәл бір асауға салатындай күні бұрын созып
ұстап алыпты. Рысқұл оның құрығын жұлып алып, жаман тымағын көзіне түсіріп, өте берді... Кенже:
«О, әкеңді», – деп көзі түк көрмей, аттың басымен алысып әуре болып кетті. Тізгін тартып, тымағын
түзеп киіп, жан-жағына қараса өзінің қаруластары түгел сойыл-шоқпардан айрылып, тымақтары
көздеріне түсіп қалған екен. Кенже тағы да: «О, әкеңді...» – деді. Кімді боқтағанын өзі де білмейді.
Рысқұл бұл кезде жеке шауып, Дауылбайдың ақ ордасына жетіп те келген. Жанға шыдас бермей
бұзып-жарып басынған салт аттыны қазақ-орыстар қалай қарсы аларын білмей сасқан. Ату керек
пе, болмаса мылтықты аспанға атып қорқыту керек пе?
Бұл кезде орданың есігі ашылып, ояз болыспен қатар табалдырықта тұрған. Бір казак-орыс:
– Жоғары мәртебелі мырзам, не бұйырасыз, атайық па? – деді.
– Атпа! – деді ояз. Ол әлгінде Рысқұлдың алты аттыны тымақтарын тұмсықтарына қаптап кеткенін
көріп қызыққан.
– Мұндай қызықты еш жерден көре алмассың, – деп сүйсінді, – атуға болмайды. Егер өзі жамандық
ойласа ғана атыңдар.
Шын ажалың жетпесе, қырық жыл қырғын болса да өлмейсің. Әйтпесе, әлгі кезде Рысқұлды ұрда-
жық бір солдат көздеп тұрып басып салса – бітіп жатыр. Батыр – бір оқтық. Қой боғындай қорғасын
әңгімені тәмамдамақ. Бірақ Рысқұлдың әлі талқаны таусылмаған шығар, әлі көретін жарық сәулесі,
тататын дәм-тұзы бар шығар, – ояз әлгіндей «атпа!» – деді.
Дауылбай ішінен өкініп қалды. Кедей ауылдың бас көтерері де, басбұзары да, аз атаның баласы
жалғыз қыран осы Рысқұл.
Мұның көзін құртса, басқасы илеуге оңай. Илеуге келмейтін шелді пұшпақ осы. Казак-орыстың
қолымен қайтпас сапарға аттандырып жібергенде, оңды болар еді. Ертең ел-жұртқа, би мен сотқа:
«Е, ол бұзық ұлыққа, ақ патшаның айтулы адамына қастандық ойлап, содан қаза тапты», – деуге
жеңіл-ақ еді. Бірақ мылтық атылмады.
Ояздың да өз есебі бар. Біріншіден, Рысқұлдың ерлігіне шын сүйсінді. Ұлы қолбасшылардың шын
ерлікті бағалап жауы да болса жарылқағанын ояз талай оқыған, естіген. Мәдениетті, зиялы
қауымның өкілі ретінде ол мұндай жомарт мінез көрсетуді өзіне мәртебе санайды.
Екіншіден, өзі сыйлы қонақ болып жатқан жерде кісі өлімі кездесіп, қан төгілгені қайбір жақсылық
дейсің. Күні ертең Шымкентке аттанады. Аман болса, мына болыс Рысқұлға ақысын жібермес.
Бұларды казак-орыстың қолымен атқаннан гөрі бірінің қолымен бірін бауыздатып, өздерімен өздерін
қызыл шеке етіп қойып, қызығына қарап отыру әлдеқайда тиімді.
Бұл кезде Рысқұл оқ бойы жерге жетіп, атынан түсті. Қайың сойыл мен білтелі мылтықты ердің
қасына ілулі қалдырды. Торыны жетектеген бойы ақ ордаға беттеді.
Әдетте Дауылбайдың ауылына ұлықтан өзге ешкім атпен кірмейді. Ауыл сыртынан аулақта көліктен
түсіп, жаяу келеді. Бұл бұлжымас қатал тәртіп. Оны ешкім бұзып көрген емес. Тұңғыш бұзып тұрған
Рысқұл. Оның өзі де, ауылға көлікпен кіруін кіргенмен орда алдында аттан түсті. Әлі күнге дейін он
алты қанат орданың белдеуіне ешкім ат байлап көрген емес. Рысқұл мына сиықсыз торы атын анау
аулақтағы мамағашқа байлап қойып келуі керек еді. Оны істемеді. Жалсыз торыны ыңғайлап,
жетекке алды. Фаэтонға кілең жал-құйрығы төгілген сәнді жылқы жектіретін ояз мына жал-
құйрықсыз сидиған, жираф тәріздес айуанға көп таң қалды.
– Аман, ояз мырза, – деді Рысқұл. – Ассалаумәлейкүм, болыс-еке!
Болыс ләм деген жоқ. Ояз:
– Здравствуй, батыр! – деп алтын сақиналы қолын ұсынды.
Рысқұл бұл құрметті күтпеп еді, шылбырды білегіне іле салып, ояздың қолын қос қолдап алды.
– Мынау ат па, жираф па? – деп сұрады ояз: Тілмаш аударды.
– Кедейдің аты ғой, ояз мырза.
– Кедейдің бәрі мұндай ат міне берсе жаман емес, – деп мысқылдады ояз.
«Менімен қашанғы тәжікелесе берер дейсің. Уақыт оздырмай, келген шаруамды айтып қалайын».
– Ояз мырза, сізге, болыс-еке, сізге айтайын деген бір ауыз арызым бар.
– Не деп тұр? – деді ояз тілмашқа.


– Арыз айтпақшы.
– Айтсын.
– Айт, – деді тілмаш.
– Айтсам, ояз мырза, менің туған ағам Бердіқұлды болыстың адамдары ұрып өлтірді. Тары суғарып
жүрген жерінде. Тепкілеп төрт қабырғасын сындырып, өкпе-бауырын езгілеп, құлаққа шыммен
бастырып кетіпті. Үйге жетті – жан тапсырды.
– Менің адамдарым екенін қайдан білдің? – деп болыс шегір көзін Рысқұлға қадай қалды. Жалпақ
мұрнының танауы бір делдиіп, бір қусырылды.
– Болыс-еке, бөтен жау жоқ. Суды бұрып алды деп істеген қиянаттарың.
– Атын ата сол адамның!
– Мен жеткенше кетіп қалыпты. Құлаққа бастырып кеткен жерінен өзім суырып алдым ғой ағамды.
Түн қаранғысы еді. Ауруды тастап, арттарынан қуа алмадым. Бір құдай көріп тұр ғой, сіздің
төбеттерден басқа ешкім талаған жоқ Бердіқұлды.
Дауылбай кенет оязға бар денесімен бұрылып, бүгіліңкіреп тұрып:
– Мырза, бұл бұзықтың сандырағын тыңдап, күнде тұрып қалдыңыз-ау. Үйге кірсек қайтеді? – деді.
Ояз ойланды. «Кісі өлімінің дауы болса, оған араласып бас қатырып жатудың керегі де шамалы. Бұл
киргиздардың өздерінің билер соты бар. Сол шеше жатар...».
Болыс ояздың жауабын күтіп тұрмай, орданың оқалы есігін бір шетінен түре берді. Ояз Рысқұлға
қарап пақырсынып, менен кінә жоқ, міне, мынау болмай тұрған дегендей пішін танытып, болысқа
қарады. Сөйтті де еңкейіп үйге кіре берді.
– Ояз мырза, мен сізге арыздандым ғой! – деп Рысқұл ентелей беріп еді, алдын Дауылбай, екі қазақ-
орыс, тілмаш, бұл кезде ауылға шойнаңдап жаяу жеткен Сақан бәрі кес-кестей қалды.
– Жаның барда жоғал! – деді Дауылбай ысылдап. – Жақсылықпен кетпесең, қазір қаматып, басыңды
итжеккенде шіріттіремін. Кімді басынып келдің мұнда? Оязбен тілдескішін мұның. Немене, ұлық
сенің ермегің бе? Арыз айтсаң осы елдің биі құрып қалып па?!
– Оу, болыс, мен адамым өліп, құзым құлап, тауым жығылып келіп тұрған жоқпын ба?! Оу,
болыстығыңды былай қойғанда, бір елдің, бір атаның баласы емес пе едік? Сен де Сәлік, сен
өлтірткен Бердіқұл да Сәлік. Мен қайғырсам, сенін де қайғың емес пе? Не деп тұрсың!
– Атама Сәліктің атын! – деді болыс шегір көзін ежірейтіп. – Сен Сәліктің шіріген жұмыртқасы.
Сәліктің басқа баласының бәле-жаласы сендермен бірге кетсін!
Рысқұл тізгінді тартып қалса керек, торы аттың басы кегжең-кегжең етіп кетті.
– Е, білдім, болыс. Бұл Алсайдың балалары малымды бақпады, егінімді екпеді, отыммен кіріп,
күліммен шықпады, еркіме жүрмеді, – деп тұрсың ғой. Сенің дегенің болмаса – ол шіріген жұмыртқа
екен ғой. Сол үшін де Бердіқұлдың қанын төктің, қапыда қалдырдың. Мұныңды екі дүниеде кеше
алмаспын, Дауылбай! Қанға қан. Кек алмасам, ағамның шейіт кеткен жаны ана дүниеде жай таба
алмас. Ендігі қалған өмірім сенен кек алумен болсын!
– О, найсап... – деп Сақан палуан тұра ұмтылған. Бет-аузы топырақ, ыза буған. – Болысқа тіл
тигізуін.
Рысқұл оның қолын қағып жіберді. Көз ілеспей торы атқа қарғып мінді.
– Е, сорлы малай, – деді енді аттың үстінде тұрып. – Сен өлгенде мына болыс басыңа көк тас қояр.
Асыранды төбет. Әупілдетіп қойғаны-ай сені Дауылбайдың. Өз ұяласын өзі қапқан сорлы. Көзің бір
ашылмады ғой!
Бұл кезде Ахат бастаған алсайлар келіп жеткен. Болыс солардың сәлемін алмады. Сақанға:
– Аласта ауылдан! – деді де ордаға кіріп кетті.
Рысқұл шыдай алмай қайың сойылмен ақ орданың маңдай тұсын құлаштап тұрып бір салып қалды.
Құба талдан қиылған уықтар сықырлап барып сынып түсті.
Іште ояз санап отыр екен:


– Бір ұрғаннан төртеуін сындырды, – деді сүйсінгендей болып. – Сірә, ағасының төрт қабырғасы үшін
шығар.
Казак-орыстар мылтық көтерді. Аспанға қарай атып-атып жіберді. Іштен ояз айқайлады:
– Атпаңдар, оңбағандар!
– Әшейін, қорықсын деп аспанға аттық, – деді солдаттар.
Айтса айтқандай, алсайлар сескеніп, шегіншектей берді. Ат үстінде Рысқұл білтелі мылтығын
тақымынан суырды. «Әттең, ана солдаттың қолындағы мылтық менде болар ма еді», – деп
армандады. Қапелімде ойында бір сотқар от лап ете қалды. Тәуекел деп торыны тебініп те жіберді.
Торы сонда шегірткедей ыршып түсті. Рысқұл солдаттардың тұсынан жұлдыздай ағып өтіп,
мылтықтарын жұлып-жұлып алып, жүре берді.
Орданы үрей қалшылдатты. Дауылбай енді шындап қорықты. Зәресі зәр түбіне кетті. Шыр шынай
съездің алдында дәл мынандай сойқанға соқтығарын кім білген?! Мылтық атаулы Рысқұлдың
тақымында. Ояздың жалғыз бесатары бар. Бірақ бір қорықпаған кісі сол болды. Ол жақсы ойын
көрген адамдай көңілді. Бесатарын қабына салып қойды. Ұлықтың бұл сабырлылығы болысқа
ұнайды. Бірақ көкірегі құрғырдан сайлау кетпейді. Ауылында мәртебелі мейман болып жатқанымда
бұзықтарына басындырып қойды деп ертең Дауылбайды саз балшыққа отырғызбаса қайтсін. Ояз
болса:
– Әй, көзсіз тентек. Ұнатамын осындайларды. Егер киргиздардың бәрі осындай келсе, сіз бен біздің
халіміз мүшкіл болар еді, управитель мырза, – деп Дауылбайға қарады. – Бірақ сіз бен біздің
бағымызға, ол жалғыз.
– Қайдан жалғыз, мырза, Рысқұл сияқты бұзықтар толып жатыр. Ахат деген, Үсіп, Қорған, Махан,
Шыныбек, Жуаныш деген қызылкөз құдай атқандар бар. Әлгі жауыз алып кеткен мылтықтар
олардың қолына тисе, біздің ордаға қауіп көп. Біріншіден, мырза, мұндай бейбастақтың болғанын
кешіріңіз. Екіншіден, бізге әскер жіберіңіз. Әлгі басбұзарларды ұстатып, ауыздықтамаса, бұл жаман
халық.
Ояз қарқылдап күліп, болыстың арқасынан қақты. Ішінен: «Империя үшін Дауылбайлар болғаны
қандай бақыт! Шен үшін, өз қарабасының қамы үшін, қаны бір туысын құрбандыққа шалып жібереді.
Жоқ, Дауылбайды болыстықтан түсіруге болмайды», – деп қойды. – Ал дауыстап тұрып айтқаны:
– Сіз өте сақсыз, Дауэльбай Тайтелиевич. Ол дұрыс. Сақ болу керек. Ал дәл қазір Шымкенттен әскер
шақырып, әбігер болатындай ойран оқиға жоқ. Әскер шақырып, соғыс жүргізіпті деген дақбырты
қандай жаман. Сайлау алдында ондай дабыра сізге тиімді емес. Дауэльбай Тайтелиевич. Сіздің өз
жігіттеріңіз-ақ тындыратын шаруа. Келісіңіздер, келісіңіздер, туысқансыздар. Әлбетте, әлгі батыр
киргиздың әрекетін ақ патшаға, оның жергілікті әкімдеріне қарсы қимыл деп танып, жаза
қолдануға әбден болады...
– Е, мырза, менің айтып отырғаным сол ғой. Ақ патшаның сіздей ұлығына менің ордамда көрсеткен
бұл қорлығы жазасыз қалсын дегеніңізге түсіне алмай отыр едім.
– Дегенмен шу шықпайтын жағын ойлаңыз. Үркердей киргиздарға шамаңыз жетеді деп ойлаймын.
Бірақ әлгі жираф сияқты аты бардың бір өзі-ақ алты-жеті адамды аттан құлатып, екі бірдей
солдаттың қаруын тартып әкетті. Генерал Черняевтің жорықтарына қатысқан кәнігі солдаттардың
мұндай ашық ауыздығына таңданбасқа лаж жоқ. Ал әлгі батыр киргиздің қимылына сүйсінбеске
тағы лаж жоқ. Сұмдық! Бұл үшін қалай коньяк алмасқа.
Коньяк қағысқаннан кейін ояз өзінің Шымкентке қайтатынын айтты. Біраз күн қымыз ішіп, таза ауа,
салқын самалда болып, шынжау денсаулығы едәуір дұрысталып қалғанын айтты.
– Мен көп жер көрдім, бірақ дәл бұл Күмісбастаудай жер көрмедім, Дауэльбай Тайтелиевич, – деді
ояз шын ниетімен. – Швейцария десе болғандай.
Бұл хабарға Дауылбай қапаланды. Әлі де бола тұрмадыңыз ба, жайлауға шығып, небір тамаша көрер
едіңіз? Неден кенет аттанбақшысыз? Әлде әлгібір бейбастақ іс сізді ренжітті ме? – деп бәйек болды.
Ояз ризалығын білдірді. Мемлекеттік мәні бар көп істер күтіп тұр Шымкентте. Тіршілік болса тағы
келер. Жер арасы жақын. Жақсы атқа бір-ақ күндік жол. Енді шақыртпай-ақ келеді. Өйткені
Түлкібасқа ояз ғашық болып қалды. Ал әлгі жираф мінген киргиздің ісін болыс билер арқылы өзі
шешсін. Тіпті іс насырға шауып, дүние бүлініп бара жатса, Шымкент алыс емес қой, хабарлассын
болыс. Ояз әскер бөлуге дайын. Ақ патшаның адал қызметшісі Дауэльбай Тайтелиевич сынды
ардақты адамдарды ояз әрдайым қамқорлыққа алады. Дәм-тұзыңа, ықыласыңа рақмет!
* * *


Ұлықты Дауылбай Сазтөбеге дейін шығарып салды. Қоңыраулары күмбірлеп күймелер көрген
түстей лезде ғайып болды. Дауылбай аттан түсіп, оязбен құшақтасып, қоштасқан жерде әлі тұр.
Ұлықтың құшып тұрып, арқасынан қаққаны әлін алып қойғандай, орнынан қозғалар емес. Шала мас.
Бәрі шала. Көңіл ала. Ояз күліп аттанса да, Дауылбайдың күдігі жанын жеулі. Әлгі алсай сойқаны
болысқа қатты соққы болды. Ояз мәдениетті, зиялы кісі. Сыпайы мінезбен бәрін жуып-шайып сыр
білдірмей кетті. Ал бірақ ішінен не деп кетті. Ел басқара алмайтын, халықты уысында ұстап отыра
алмайтын болымсыз болыс екен деп бара жатқан жоқ па? Қол астындағы бағыныштылары басынып,
болысын сыйламайды екен деп бара жатқан жоқ па? Тапа-тал түсте ақ орданы солқылдатып,
маңдайын түсіріп, уықтарын сындырып кеткені анау. Шын мәнінде маңдайы жарылған киіз үй емес,
Дауылбайдың өзі шығар. Ел құлағы елу, болыстың ақ ордасын тал түсте ат ойнақтатып, бір кедей
сабалап кетіпті деген сыбыс жер-жерге жайылып кетсе, сол жаман. Сүйекке таңба. Масқара таңба.
Қап, ит алсай! Жер басып жүрсем ендігі ісім сенімен болсын. Қоңыз тергізіп жегізіп, қаңғыртып
жібермесем, Дауылбай атым өшсін! Үрім-бұтағыңа дейін қан қақсатармын сен алсайды. Ашыққан ит
аяғымды келіп жалайсың әлі! Ал мен сен сұмдарды аш бөрідей ұлыта аламын. Өзің келесің... Төрт
аяқтап, жер бауырлап, жорғалап жетесің!
Анттан соң ақылы жиылғандай Дауылбай селк етіп, жан-жағына қарады. Нөкерлері күтіп тұр екен.
Қарны жуан қарагер атқа екі жігіт екі қолтығынан көтеріп мінгізді. Ат үстінен дүние айқынырақ
көрінеді. Сазтөбеге Қоқан хандығы кезінде келіп қоныстанған диқандардың бау-бақшасы мәуелеп
тұр екен. Шабдалысы, алмасы бәрі төгіліп, ағаш басы иіліп, көздің жауын алғандай. Аташ
жапырақтарын тозаң тұтқан. Жауын жаумай, тамшы тамбай тұр. Жүгерінің балағы сарғайып,
жапырағы қусырылып бозаң тартыпты. Қап-қара диқан басына шалма байлап, балағын түріп, дәу
кетпенмен бір қасық суды қақпалап, жетелеп, шөлдеген жүгеріге алып барады. Дауылбайдың есіне
алсайлардың тарысы түсті. Осы су үшін соққыға жығылған Бердіқұл көз алдына тұра қалды. Бір сәт
оның өліміне өзі кінәлі екенін іштей мойындағандай да болды. Су азабын тартқан мына диқанды
көріп, алсайлардың халін түсінгендей де болды. Бірақ бұл бір сәттік осалдық еді. Дауылбай емешегі
езілгіш, бор мінез, жасығыштан емес. Қайтадан қара тастай қасарып алды. Енді осыдан
Күмісбастауға жетіп, Алсай ауылынан өш алғанша көңілі жай таппайтынын сезді. Қарны жуан қара
терге қамшы басты. Нөкерлер үндеместен соңынан ерді. Болыстың қара тері арқан бойы алда
келеді.
* * *
Алсайлар әрі-сәрі, Қырғызбай айтты:
– Осы жатқан жыланның құйрығын қатты бастық қой деймін. Құдай әйтеуір артын қайырлы қылсын.
– Ол жатқан жылан емес, шаққан жылан еді ғой. Ұмыттың ба, арысымыз қайда! – деп Үсіп сілкінді.
Қырғызбай Соқыр батырдың баласы еді ғой. Бірақ Соқырға тартпаған, тайғақтау мінез таныта
береді. Қиыншылық көрсе демде күйреп, күйзеліп қалады. Денесі мол, көзі алақандай, ірі кісі болса
да қопалақтау. Сақалы желкілдек, кеудесіне түседі. Дүниеде жыланнан қатты қорқады. Жылан алып
жүрсе оны бала да қорқытып, айтқанын істете алады.
Үсіп керісінше шағын кісі еді. Жасына қарамай шашы ерте ағарып кеткен. Екі қолы қалтырауық еді.
Келіндері оны сыртынан Қалтырауық қайнаға дер еді. Бірақ шақар. Сөйлегенде тістеніп сөйлейді.
Ашуға булыққанда сөйлей алмай күре тамырлары білеуленіп, мойны ісініп, бет-аузы қып-қызыл боп
кетеді.
– Тас түссе талайымыздан. Тәуекел. Болар іс болды. Мен өзім Рысқұлды кінәламаймын, – деп
Шыныбек шықты. Аласа бойлы, көсе кісі. Көзі ежіріктеу, сәл мұрнынан сөйлейтіні бар. Жас кезінде
мұрнына самал түсіп, осы Рысқұл таудан аю атып әкеліп, соның өтін ішіп жазылған. Әйтпесе, жаман
ауру сәңкитіп кетер екен. Мүмкін, содан болар, Шыныбек Рысқұлдан шығарда жаны басқа, әйтпесе
дұрыс па, бұрыс па – ол жағына мән беріп жатпай, Рысқұл жағын жақтайды.
Мұнда көп сөйлемейтін, ұрыссаң ренжу білмейтін, қажу білмейтін нағыз нар Қорған ғой. Ұзын
бойлы, аққұбаша ажарлы жігіт. Қияқ мұрты қап-қара, көзі нұрлы, дәу мұрын, қисса батырларын еске
салатын ерекше жан. Осы түрімен бір елге сұлтан болып отыратын адам. Бірақ біреуге билік айтып
көрмеген. Ол тек айтқанды орындауды біледі. Алсайдың үлкен-кішісінің құлы сол. Бәрінің тірлігін
істейді. Темір ұста. Ағаш ұста. Алсай біткеннің ыдыс-аяғы, кетпен-күрегі, құрал-сайманы түгел
соның мойнында. Біріне жоқ демес. Қабақ шытпас. Құдай осындай адамды жарылқаса жарасар еді,
бірақ есігінің алдында тышқақ лағы жоқ жалғыз, есектей көк төбеті бар.
Мына төтенше жиында Ахат одан:
– Қорған, сен не айтасың? – деп сұрағанда, Қорғанның бар айтқаны:
– Мен орыс солдаттарының мылтығындай мылтық соға алатын сияқтымын, – деді.
Мен төбелеске дайынмын деген сөзі. Қорған басқаша сөйлемес. Тек қатыны күңейлеу, әрі бала
таппаған. Құдайдың бір қимағаны сол. Сақау қатынның тілі шаяндай. Мінезі ауыр момын адамды


балпылдап мазалаумен болады.
– Шойлы кішінің жұмышын істегенше, өжімішке бір пышақ іштеп әкелшең қайтеді. Пышаққа да
жайымадық, – дейді де отырады.
Сонда Қорған өз үйіне арнап пышақ соқпайды емес. Істеп әкелген пышақты қатыны жоғалтып
жібереді. Күлмен бірге байқамай шығарып тастайды. Немесе, үйлеріне біреу келсе, «күйеуің ұста
ғой, мына пышағыңды мен алайыншы», – деп қалап әкетеді.
– Қор болған Қорған, – дейді оны есіркеген жұрт. Осы Ахаттар талай рет: «Құтылсайшы сол
сақаудан. Қу бас қаласың ба? Елміз ғой, көптеп, көмектесіп, құда түсіп, басқа бір шүйкебас алып
берейік», – деген. Көнбейді.
– Кішкентайынан қосылып еді, маған. Көзінің жасынан, обалынан қорқам пәленің. Не ғыласыңдар,
жүре берсін, – дейді Қорған. – Құдай бермейін десе, қанша қатын алғаныңмен бала бермейді.
– Не болса да, болары болды, бояуы сіңді, – деді Ахат. – Дауылбай бізді шабады – ол анық.
Дауылбайдың қолына бір бәле қылып, шыдас берерміз. Менің қорқатыным: Шымкенттен әскер
шықпаса. Онда құрыдық.
– Құрымасқа қару соғамыз, – деді Қорған.
– Алсай жиырма түтін. Патшаның әскері – түмен. Алыса алмайсың.
– Сонда амал не?
– Амал – ақырын бағайық. Іс қиынға айналса – көшеміз.
– Қайда?
– Әулие-Ата жаққа.
– Ата-бабаның жерін тастап па?!
– Иә. Ата-бабаның жеріне сыйыспадық емес пе? Дайын болыңдар.
Алсайлар күткендей Дауылбай ауылды шаппады. Ол құрығын басқаша сілтеді.
Алсай ауылы болыстың шабуылына дайындалып, бесіктегі баласы мен белі бүгілген шал-кемпірінен
басқасының бәрі қолдарына қару алды. Солдаттардан тартып алған қос винтовка, бірнеше шитті
мылтық, қалғаны садақ, сойыл, шоқпар, күрек, кетпен, айырға дейін қолдарына алды.
Маужыраған әдемі кеш келді. Мал өрістен қайтты. Дәу-Бабаның самалы жібектей есіп, ну
теректердің жапырақтары жамырап, енесін іздеген жетім қозы жеке маңырап, әлсін-әлсін әупілдеп
иттер үріп қояды.
Бүгін тарыны шымшықтан әйелдер қорыды. Тарының тұмсығы қызарып, басы иіліп, иісіп қалған.
Құдай қаласа енді ертең-бүрсігүні орақ саламыз деп отырған. Тары қорыған әйелдер де ауылға
қайтты. Қарақойынның егіні батқан күннің сәулесімен ойнап, алтын дариясындай құлпырып,
сынаптай толықсып, шалқып жатты. Жау шымшық ұясына қонақтаған. Торғайдың жауы адамның
жауынан әлдеқайда әділ. Күн батты, ұясына қонады. Тарыға өш боп жаратылған сорлы о да бір. Тек
серігін іздеген бөдене ғана кешкі тымықта бытпылдықтап, үздігіп, үзіліп кете жаздап қақсайды.
Мұндай кеште қыз ұзатса жарасады, келін түсірсе жарасады. Шілдехана шақырса жарасады.
Мұндай мүлгіген кеште ертедегі ерлік замандар туралы қисса тыңдар ма еді! Немесе ақсүйек ойнап,
алтыбақан тебер ме еді! Итте ырылдасып, жаңа сойылған құнан қойдың сүйегіне таласып жатса ғой.
Күрпілдеп саба пісілсе анда-санда...
Алсай ауылында оның бірі жоқ бүгін. Қатулы қабақ, қатқыл үн. Тіпті жас балалары да жыламайды.
Бала болуды ұмытып кеткендей. Не иттері үрмейді. Сұңқиысып, адамдарға бір қарап, аулаққа бір
қарап, аңтарылысып қалған.
Қап-қараңғы айсыз түн түсті. Бұлттарды қызғылтым нұрға малған күннің ақырғы сәулесі әдемі
түстей ада болды. Жан-жақтан таулар түксиді.
Тек шеткі қара күркеден бір кезде: «Арманда кеткен асылым-ау, кімге де барып айтамын-ау,
ойбай!» – деп булыға шыққан үн естілді.
Бердіқұлдың жесірі. Кісісі өлген үйде бір жеті бойы от жағылмас, түтін түтетілмес. Ол үйдің қаралы
жаңдарына жақындары, ағайын-ауылдастары ас пісіріп апарар. Ал бүгін бір ғана Бердіқұлдың
үйінде емес, бүкіл Алсайдың жиырма түтіні бірдей тұтанбады. Мына тымырайған түн кең дүниені
тарылтып, жер-жиһанды жұтып жіберіп, көгілдір көлді, қызыл маржан толқыған егін жайды,


тәкаппар тауларды, жасыл аймақтарды көзден тасалады, қара түн. Қараңғы түн. Түнде жорыққа
қорқаулар шығады. Ал, қараңғы түнде қара күркеден жас жесірдің жоқтау айтып жылаған үні
естілгенде қанша қорқау болса да, бұл қаралы ауылға ешкім шаба қоймас-ау. Ауыл қамданып, қарсы
алатындай, Дауылбай ауылды шапқан жоқ. Тек Қарақойындағы толқып пісіп тұрған тарыны сол түні
жылқысын қаптатып, таптады да кетті. Жайқалған егін орнында әр жерінде масағы бар қарақошқыл
топырақ қана қалды.
Алсайлар жазаның әр түрін күткен. Мұны күтпеп еді. Олар ояу-ақ болатын. Таудан құлаған тасқын
тасырды да естіп, айқасқа әзір тұрған. Бірақ әлгі тасқын ауылға жетпей төмен құлап еді. Алсай
халқы Дауылбайдың сұмдығын сонда білді.
– Ой-бай, ол иттер егінге жылқы қаптатты, – деді әлгі тасқынның кенет бұрылып кеткен сырын
ұққан Рысқұл.
– Иә, сөйтті! – деді Қорған да.
– Онан да өзімізді шапсашы.
– Аттанайық әлі де болса, – деп Рысқұл жал-құйрықсыз торымен Қарақойынға қарай ағып жөнелді.
Басқалар да аттылы-жаяу бәрі тары жаққа жүгірген. Бір кезде түн ішін күңіренген мылтық дауысы
кернеп кетті. Орыс солдатының қолға түскен винтовкасынан атылған оқ дауысы аспан қақыратқан
найзағай гүріліндей алапат шықты.
* * *
Дүниедегі әдемі әуен – күзгі жанбырдың әуені. Олар Шақпақтан асқанда жып-жылы жаңбыр жауды.
Көптен бері жердің тандыры қатып, таңдайы кеуіп, тамбай тұрған жаңбыр. Осыдан үш-төрт күн
бұрын жауса, мүмкін су үшін сойқан соғыс болмас па еді. Бердіқұл сойылға жығылмас па еді.
Жоқ. Дауылбай алсайларды Қарақойыннан қалайда қуып шығар еді. Ол үшін айла көп. Су сөз емес.
Су жетеді. Алатаудан ағып жатқан судың молдығында есеп жоқ. Әлдеқалай Алатаудан құлаған
өзендер тоқтап қалса, ылдидың ындыны құрып, құм жамылар еді. Құм жаулаған жерлердің реңі
қашып, жасыл жапырақ атаулы жоғалар еді. Жасыл жапырақсыз өмір не?!
Атыңнан айналайын, Асқар тау! Басындағы ақ қар – ақ сүттей бар. Ел емеді, жер емеді.
Тау болмаса – Ақсу қайдан шығар еді? Арыс қайдан шығар еді? Теріс қайдан шығар еді. Талас пен
Аса қайдан шығар еді?
Шу мен Іле қайдан шығар еді...
* * *
Ел аман, жұрт тынышта шұбаған көш Шақпақ асуынан ары аунап түскен кезде туып-өскен Түлкібас
көзден таса болды. Өзінен биік тау жоқ сияқты көрінетін Дәу-Баба да көрінбей қалды. Шақпақтың
қақпасы арттарынан тарс жабылғандай болды. Енді қашан ол қақпа қайта ашылмақ? Енді қашан
туған жер құшағын жаймақ? Шалдар күрсініп, әйелдер анда-санда дауыстап, аңырап-аңырап алады.
Етек-жең түрулі. Бұрынғыдай кимешектері шұбатылып жер сызбайды, көйлектің етегі ышқырда.
Алыс сапарға ықшамдалған, айбынды жүріс. Тек оқтын-оқтын оқыс ойбай естіліп қалады. Ондайда
шалдар:
– Тек! Жағың қарысып, өз басыңа көрінгір. Жылама! – дейді.
Шақпақтан құлай бере алдарынан айналасын тағы да тау қоршаған жасыл-сары алқап жатты.
Алатау бұ жақта бұрынғыдан да биіктей түсті. Қаратау керілген керегедей ұзара берді. Шақпақтан
аунап түстік дегені болмаса Түлкібастан айырмасы аз. Аспан сол аспан, таулар сол таулар. Шөбі де
сол, суы да сол, тек келе жатқан күз сүмбіле лебі ерте білінеді.
– О, жарықтық Жуалы! – деді Ахат.
– Түгін тартсаң топырағынан май шығады. Әсіл топырақ. Нағыз егіншінің қолы ғой, жарықтық Асан
қайғы айтыпты дейді: «Әттең, атымның сауырына сыймайсың, Жуалы, әйтпесе артып әкетер едім»,
– деп.
– Ой, әулие-ай, а, – деді бір шал есегін тебініп қойып Ахатпен қатарласа беріп. – Бұл жерге де келген
екен ғой әулие.
– Е, келгенде қандай. Ол кісі жүрмеген, көрмеген жер бар ма. Ел қамын жеген адам да. Шөбі
шүйгін, суы бал, өрісі мол жер іздепті ғой мал баққан қазаққа.
Балапан ұшырған қарлығаштар алсайлардың көшіне ілесіп біраз жерге дейін ұшып барады да аң-таң


қалып, аңтарылып, қалып қояды. Адамдардың құс құсап күзде оңтүстікке қарай көшпей, тура
шығысқа тартқанына таң қалатын сияқты. Бұл қарлығаштар да бүгін-ертең көтеріліп ұшып, туған
жерін қиып тастап оңтүстік асып кетеді. Туған жерін қимасына амалы жоқ: қаһарлы қыс қылышын
сүйретіп әлі-ақ келеді.
Дауылбайдың қаһары қыстан жаман. Қыс өтер, көктем шығар, құстар қайтып оралар. Ал Дауылбай
ше? Ол өткінші ме? Бұл дүниенің жүзінде өткінші емес кім бар дейсің?! Бәрі өтеді, Дауылбай да
өтеді. Қара жер қараны да, төрені де, жарлыны да, байды да бірдей етеді. Бір өлмесе Ескендір
Зұлқарнайын өлмес еді. О да кетті. Топырақ болды. Кім біледі, сол топырақтан бір байғұс балшық
илеп, қыш құйған шығар... Ал Дауылбай кім Ескендірдің қасында. Иә, Дауылбай кетсе болыстыққа
таласып жалаңдап отырған балалары бар емес пе? Алсай білетін Дауылбай балалары қазіргі
болыстан қаһарлырақ болмаса, кем емес. Дауылбайдан бұрын оның әкесі Тәйтелі өткен. Қоқан
ханының датқасы еді. Тәйтелінің әкесі Оңғар о да датқа болған. Әлде Алла тағаланың адамның
пешенесіне жазу жазып қоятыны рас болды ма екен? Дауылбай тұқымына құдай бай болуды, әкім
болуды, Алсай тұқымына кедей болуды, құл болуды жазып қойды ма екен?! Атадан балаға,
ұрпақтан-ұрпаққа ұрық қуалай келе жатқан пешене болса, құдайдың құдіреті рас та шығар. Алсай
ауылы қыс қызылға, жаз қымызға жарымайды. Тары көженің өзі табылса тақыл-тұқыл тарта ішеді.
Ал Дауылбай итінің басына іркіт төгіліп жатады.
Рысқұл басын көтеріп аспанға қарады. Әлгі бір түпсіз ойдың тұңғиығынан шыға алмас еді, сол ойын
аспандағы шаңқ ете қалған бір дауыс бөліп кетті. Тау бүркітінің сол шаңқылын бұл көште Рысқұлдан
басқа ешкім елеп естіген де жоқ. Тым зау биікте жалғыз ноқат ағып бара жатыр екен. Беталысы –
Ақсу-Жабағылы. Рысқұлдың жүрегі сарт-сарт ете қалып, артынша ақырын сыздап барып басылды.
Әлгі қыран мұны асқар тауларға, жасыл-ала орман, сарқырама суларға шақырып кеткендей еді.
Дауылбай жоқ, приставы жоқ, оязы жоқ. Сақан қарақшысы жоқ, тары екпейтін, суға таласпайтын
еркін дүниеге шақырып кетті. Аршалар арасынан пар-пар етіп ұлар ұшқан, құздың құлар басында
қарауыл қарап таутеке тұрған, шаңқ еткен қыран дауысынан тау жаңғырыққан қайран да қайран
дүние!
XI
Темір есіктің құлпы салдырлады. Рысқұл елең етіп басын жерден көтеріп алды. Қарауыл ішке
Тұрарды кіргізіп жіберіп, есікті қайта жапты.
Күнде осылай. Бала жұмыстан қалжырап қайтады. Оның келуін әкесі тықыршып күтіп жатады.
Әлденеге ұшырап кете ме деп қауіптенеді. Баласы аман-есен оралған сайын, ол бір алыс сапардан,
қиын-қыстау, қырғыннан аман қайтқандай, Рысқұл қуанып, қабағы ашылып қалады.
– А, Тұрарка, кел, кел, – дейді Бронников те көңілденіп. – Кәне, жарық дүниеден келдің той. Не
болып жатыр жер бетінде?
Тұрар көрген, білгенін айтады. Баланың сараң хабарынан соң Рысқұл көршісіне бұрылып:
– Ей, Ескендір, осы сенің Петербордан екенің рас болса, сен Метрейді білесің бе? – деп сұрады.
– Қай Метрей?
– Дмитрий дегені, – деп Тұрар түсіндіреді.
– Петербургте кім көп, Дмитрий көп, қайсысы керек?
– Оу, оқымысты Метрейді айтам. Менің досым ол. Алдынғы жылы мына Талғар шыңына екеуміз
шығып қайтқанбыз. Жақсы адам. Сондай да небір жақсылар бар-ау. Ай, адал адам еді. Алдыңғы
түрмеде Ахат дейтін ағам арқылы хат жазғызып едім, жауап жоқ. Әлде мына атаңа нәлет нәзірәтел
бергізбей, жасырып тығып қойды ма, қайдам. Басыңа күн туа қалса, хат жаз, көмектесемін, – деп
еді. Хабар жоқ. Сонымен, Метрейді білмейтін қу болдың ғой. Әй, сен Петербордан емессің-ау,
Ескендір.
– Ну вот, – деп Александр Бронников дәрменсіз адамдай қолын жайды. – Сенбесең, Приходькодан
сұра, надзирательден сұра. Сен түрмеге бірінші қаңтарда түстің, мен түрмеге тоғызыншы қаңтарда
түстім. Тоғызыншы қаңтарда Петербургте не болғанын білесің бе өзің?
– Е, қайдан білейін? Петербор тұрмақ, осы Алматыңның өзінде не болып жатқанын біле алмай тас
інде жатқан жоқпын ба? – деп Рысқұл іргеге қарай сыздықтата түкірді.
– Ал, мен айтайын, тоғызыншы қаңтарды біліп қойған жөн. Тұрарка, сен тек аударып қоймай, бұл
әңгімені өзін де жөндеп тыңда. Тоғызыншы қаңтар – халық аузында «Қанды жексенбі» аталып
кетті...
Александр Бронников «Қанды жексенбіні» көз алдына келтіргісі келгендей тас қабырғаға қадала
қарап, біраз отырды. Петербург жұмысшылары мен тұрғындарының Николай ІІ-ге жазған


петициясын тас қабырғадан оқып отырғандай сынайы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет