140
тардың заманы болды. Әсіресе өзінің елдік дербестігін сақтап
қалу үшін, жеріне көз тігіп, қол
сұққан сыртқы жауларымен
ұрыс-соғысы бар ма, ығы зор көршілерден ынтымақ-тірек
іздеуі бар ма – осы сияқты іс-әрекетпен ханынан бастап, қарасы
түгел ат үстінде өткізген XVIII ғасыр қазақ халқының әдеби
дүниесі үшін де жауынгершілік дәуірі болғаны түсінікті.
Бұл кездегі көркем поэзия уәкілдерінің көпшілігінің негізгі
лейтмотиві – ел қорғау, батырлықты ең жоғары мұрат ретінде
суреттеу болды. Сондықтан XV-ХVII ғасырлардан келе жатқан
жауынгершілік тақырыбы әрі қарай ұласады, осы мотивке тән
көркем образдар мен лексика топтары сақталып, сұрыпталып,
шыңдала түседі. Ақтамберді, Тәтіғара тәрізді жыраулар өздері
де, бір жағынан, «Он жетіде құрсанып, Қылыш ілдім білекке»
деп өткен жауынгер, жортуыл кернейшілері (М.Мағауин)
болғандықтан, олардың жырларының дені сыртқы жауларға
қарсы күрес, ерлік, батырлық мазмұнында келеді.
Сонымен қатар өткен ғасырларға қарағанда,
XVIII
ғасырдағы қазақ поэзиясында екінші бір үлкен тақырып пайда
болды, ол – әлеуметтік-қоғамдық жай-күйді суреттеу. Сөз етіп
отырған кезеңде қазақ жерінің батыс өлкесінен бастап Ресей
патшалығының қоластына кіре бастағаны мәлім. Бұл жағдай
елдің саяси-әлеуметтік және экономикалық күй-қалпында
өзгерістердің пайда бола бастауына бірден-бір себепші бол-
ды. Қазақ жерін билеудің жаңа тәртібі кірді. Қазақ қоғамы
тіршілігіне Ресейдің отарлаушы ықпалы күшейді. Дала
тіршілігіне айырбас сауда мен ақша саудасы келді. Қазақ жерін
айқұш-ұйқыш кесіп, сауда керуендері өтетін болды. Мұнанайлар
(«меновые дворы» дегенді қазақтар осылай атаған), ақбазарлар
(алғашқы кезде «жәрмеңке» қазақ арасында осылай атанған)
пайда болды. Патша үкіметі тарапынан қалалар мен қамалдар
(Петропавл, Орынбор, Семей, Гурьев, Орал) орнады. Оларда
тұратын әскери-қызмет бабындағылардан басқа қарапайым
орыс адамдары да (саудагерлер,
әскерден босанған солдат-
тар т.б. да) қоныс теуіп, қазақ пен орыс халқының жүзбе-жүз
көрісіп, қоныстас болып өмір сүре бастауы да осы кезде елеулі
сипат алады, қысқасы, осының барлығы әдебиетке әлеуметтік
тақырыпты әкелсе, өз орайында бұл құбылыс әдеби тілге де
әсерін тигізді.
141
Әдебиеттегі жаңа тақырып, ең алдымен, лексика мен фразе-
ология аясын кеңейту бағытын ұсынды.
Үшінші тақырып – дінге, мұсылман дініне қатысты. XIX
ғасырдың II жартысындағыдай мұсылманшылықты уағыздау,
оның қағидаларын қазақша түсіндіру сияқты әрекеттер
болмағанмен, XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясына алдыңғы
дәуірлерге қарағанда, дін тақырыбы немесе исламға қатысты
ойлар, түйіндер араласа бастайды. Біз бұл жерде ішінде «Ал-
ласы мен мешіті» бар екі толғауды Бұхардың авторлығынан
шығарып тастаған Қ.Өмірәлиевтің дәлелдерін күшті
дей ал-
маймыз. Біріншіден, «бұлар Бұхар стиліне жанаспайды» де-
ген дәлелді қалай түсіндіруге болар еді? «Ей, айташы, Алланы
айт» түрінде бастау неліктен Бұхар кезіндегі дәстүр (қандай
дәстүр?) тұрғысынан қарағанда, қате бастау болады? Бұхар
стилі дидактикалық-өсиет сөздерді констатация арқылы беру
болса, бұл екі толғау да сол стильден шығып тұр. Ал Бұхар
заманы үшін ислам дініне иек артып барып, феодалдық иде-
ологияны жырлау – қажет те, орынды да. Өйткені бұл мотив
Бұхардың өзге толғауларында да шаң беріп қалады. Мыса-
лы, «Бірінші тілек тілеңіз» деген толғауындағы: «Бесінші
тілек тілеңіз, Бес уақытты бес намаз Біреуі қаза қалмасқа»
деген тармақтар, келесі бір толғауының: «Алла деген ар бол-
мас, Ақтың жолы тар болмас» деп басталатын жолдары, өзге
бір өлендеріндегі: «Әзірейіл келгенде, Жан қалар жер қайда
бар?...», «Дін мұсылман болмаса, Тіл мұсылман не пайда?...»,
«Айтар болсаң, Алланы айт...», «Ақтың жолын күзетпей,
Жамандықты тұтқан жұрт...», «Алладан хүкім келмей өлмек
жоқ» деген тармақтарының мән-мазмұны ислам дініне қатысты
емес пе? Тіпті ол Абылайға «Орыспенен алыспа» деп ақыл бер-
ген толғауында негізгі мотив етіп: «Бізден бұрын өтіпті ғазіреті
шеріңіз. Мына жалған сұм дүние Өтпей қалмас демеңіз...»,
сондықтан «Жаулық жолын сүймеңіз. Мұсылман болсаң,
кетіңіз Сырдарияның суынан Көлденең кесіп өтіңіз» дегенді
айтпай ма? Демек, XVIII ғасырдағы қазақтың төл әдеби тілінде
ислам дініне қатысты араб, ішінара
парсы сөздері молырақ
орын ала бастайды. Бұл да – әдебиет тақырыбы мен тілінің бір-
біріне сәйкестенуінен туған құбылыс болып табылады.
142
Бұл ғасырда да жыраулар туындыларының негізгі мақсаты
– дидактикалық сарында ақыл-өсиет айту немесе өмір, адамзат,
қоғам туралы толғану болғандықтан, дерексіз ұғым атаулары
көбейе, түрлене түседі.
Жарлылық, жалғыздық, кемшілік, та-
лап, талқы, ақыл, үміт, зорлық, қорлық, тілек, бақыт, әділдік,
бірлік, тірлік, татулық, ерлік, адамдық, арамдық, билік, дәулет
сияқты сөздер еркін және актив қолданылады.
XVIII ғасырдың авторлы поэзиясының тақырыбы белгілі
бір оқиғаларға, адамдарға байланысты да болып келеді, сол
себептен мұнда жер-су, адам аттары өткен дәуірлердегі өлең-
жырлар мәтіндеріне қарағанда, әлдеқайда мол және түрліше
болып кездеседі.
Сөйтіп, XVIII ғасырдағы қазақтың ауызша тараған әдеби
тілі алдыңғы
дәуірлердің жалғасы бола тұрып, оның әрі
қарайғы дамуы, өзгеруі де болып табылады. Әсіресе бұл
ғасырда авторлық даралық айқынырақ сезіле бастайды. Бұл
реттен қарағанда, Бұхар жыраудың орны ерекше.
Достарыңызбен бөлісу: