337
Билеушінің бұйрығымен олар сарайға келеді. Онан соңғы оқиғаның
қалай өрбігенін Әбу Суфианнан тыңдасақ:
"Гераклийдің құзырына кірдік. Бізді
қарсы алдына отырғызып
тәржімашы арқылы "Пайғамбарға туыстық ең жақын қайсың барсың?" - деп
сұрады.
"Мен", - деп жауап бердім.
Мені қасымдағы жолдастарымнан бір қадам ілгерірек отырғызды.
Сонан соң тағы да аудармашысына қарап: "Мен мына адамға
пайғамбар хақында бірнеше сауал қоямын. Егер ол өтірік айтатын болса,
жолдастары жалған екенін білдірсін!" - деді. "Уаллаһи, қасымдағылардың
айтқан сөзімді көпке таратып жіберетінінен тайсалдым.
Әйтпесе Мұхаммед
(с.а.у.) туралы қисынды-қисынсыз айтарым мол еді." Мұнан соң Гераклий
сұрап, Әбу Суфиан жауап береді.
- Өз араларыңда Оның шыққан тегі қалай бағаланады?
- Ол өте текті жерден шыққан.
- Ата-бабасының арасында үлкен салтанатқа ие байлар болған ба?
- Жоқ.
- Пайғамбарлық келгенге дейін жалған сөйлеген кезі бар ма?
- Жоқ,
- Оған мойынсұнғандар көбінесе кедей-кепшік пе, әлде бай-манаптар
ма?
- Көпшілігі жарлы-жақыбайлар.
- Оның соңынан ергендердің саны артуда ма? Азаюда ма?
- Сәт санап көбейіп келеді.
- Оның дініне кірген соң ұнатпай безгендер болды ма?
- Естіген емеспіз.
- Уәдеден тайтқып, сертін бұзғанын көргендерің бар ма?
- Жоқ, бүгінге дейін болған емес. Біз қазірдің өзінде Онымен белгілі бір
уақыт аралығында шайқаспауға келістік. Бұл
мерзім ішінде не істейтінін
білмейміз. Осы серттен тайып кете ме, деген қаупіміз де жоқ емес. (Әбу
Суфиан айтады: "Осыдан басқа ештеңе қоса алмадым".)
- Онымен соғыстыңдар ма?
- Иә.
- Соғыс кімнің пайдасына шешілді?
- Әр кезде әр қилы нәтиже көрдік, кейде біз зиянға ұшырадық, енді
бірде Ол...
- Араларыңнан Оған дейін пайғамбарлығын
жариялаған адам болды
ма?
- Жоқ!
- Ол халықты не нәрсеге шақырады?
- Жалғыз Аллаһқа ғибадат етуге, Оған ортақ қоспауға үндеп,
аталарымыз табынған пұттардан бас тартуға шақырады. Намаз қылуды,
дұрыс жолмен жүруді, жарлыларға садақа беруді,
харамдардан бойды аулақ
ұстауды, сертте тұруды, аманатқа қиянат етпеуді, туған-туысқа жәрдемдесуді
бұйырады.
338
Екеуара сұрақ-жауаптан соң Гераклий тәржімашысы арқылы баянын
жеткізді:
"Егер Ол туралы айтқандарың рас болса, Оның хақ пайғамбар
екендігіне дау жоқ. Мен пайғамбардың
келетінін білетінмін, бірақ араб
қауымынан шығар деп ойламаған едім", - деп келіп сөзін сабақтады.
"Егер Мұхаммедтің (с.а.у.) қасына жақын баруға мүмкіндік туса, бір
рет те болса жүздесу үшін жанымды салар едім. Жанында жүрсем аяқтарын
жууға қуана-қуана келісер едім. Оның (с.а.у.) билігі мына мен басып тұрған
топыраққа дейін жайылатынын ант ішіп айтамын", - деп бітірді.
Гераклийден мүлде мұндай сөздерді күтпеген
Әбу Суфианның
таңданысында шек жоқ. Далаға атып шыққан ол жолдастарына:
"Мұхаммедтің даңқы шынымен жайылып барады. Рум билеушісінің өзі
үлкен басымен одан тайсалатынын байқатты", - деді.
Рум билеушісі Гераклий көптен күткен ақырзаман пайғамбарының
Мұхаммед (с.а.у.) екеніне нақты көзі жеткен соң халқына:
"Уа, халқым! Хазіреті Мұхаммедтің дініне бет бұрайық. Дүниеде де,
ақыретте де жақсылыққа бөленейік", - деп жар салды.
Алайда румдықтар билеушінің бұл үндеуіне наразылық білдірді. Ісінің
насырға шабарын түйсінген Гераклий онан ары тереңдемей, иманын құпия
сақтағанды мақұл көрді.
Достарыңызбен бөлісу: