Заманауи орыс академиялық неографияның мәселелері
А. И. Герцена атындағы Ресей мемлекеттік
педагогикалық университеті, Санкт-Петербург қ., Ресей.
08.02.16 баспаға түсті.
V. A. Efremov
Problems of contemporary Russian academic neography
Herzen State Pedagogical University
of Russia, Saint-Petersburg, Russia.
Received on 08.02.16.
Бұл мақалада ғаламтор ғасырындағы бүгінгі күннің орысша
академиялық неографиясының мәселесі, және осы мәселенің шешу
жолдары қарасырылған. Мақаланың мақсаты академиялық және
академияралық лексикографияның қазіргі лингвистикалық ғылымның
және сөздік жұмысын суреттеу. Аса көңіл ен басты мәселелерге,
неологияның негізін қалаушыларға, оларды сөздікте жоюдағы
мүмкіндігіне және де актуалды неографияның «қауіп аралығына»
бөлінген. Қазіргі заманның академиялық неографиясының позитивті
және негативті тенденциясы соңғы НСЗ-90 беделді анықтамасында
қарастырылуда. Қорытындылап айтқанда жоғарыда қарастырылған
мәселелер, отандық неология және неографияның даму мәселесі
қарастырылады.
The article is devoted to researching different problems of
contemporary academic neography (neological lexicography) and possible
ways of their solving. The aim of the article is the description of the state
of academic and semi-academic lexicography from the point of view
of сontemporary linguistics. The special attention is paid to the initial
problems of the Russian neology, the possible ways of their overcoming,
and the «risk areas» of the present neography. Positive and negative trends
of contemporary academic lexicography are opened up mostly on the
material of the last and the most authoritative neological dictionary: «New
words and meanings. Dictionary based on materials of press and literature
of 90s» (SPb, 2009). The article concludes about the main problems of
the development of Russian neological lexicography and their suggested
solutions (above all, the using of electronic and online databases, the
development of a new concept neological dictionaries and the creation a
complete electronic neological database).
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
86
87
ӘОЖ 821.512.122. +81’38
Қ. Т. Жанұзақова
1
, А. Т. Оңалбаева
2
1
ф.ғ.д., проф.м.а.,
2
ф.ғ.д., проф.м.а., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті, Алматы қ.
e-mail: kuralay_zhanuzak@mail.ru
СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙДЫҢ «ЖАЛҒАН ДҮНИЕ»
РОМАНЫНДАҒЫ СИМВОЛИКАЛЫҚ ОБРАЗДАР
Мақалада С. Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясының үшінші
кітабы болған «Жалған дүние» романындағы символикалық образдар
қарастырылады.
Кілтті сөздер: символикалық образдар, психологиялық талдау,
экзистенция, аспан, адырАспан, ақ боз үй, Өктем үн бейнелер,
мистикалық сарын.
С. Елубайдың қазіргі қазақ прозасында өзіндік із қалдырған тақырыбы
тың, ойы өзекті шығармаларының шоғыры – «Ақ боз үй» трилогиясы.
Ол үлкен бір дәуірдің сипатын беретін «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған
дүние» атты жеке кітаптардан тұрады. Трилогия қазақ қоғамының
жиырмасыншы жылдардағы аумалы-төкпелі дәуір шындығын: жаппай
ашаршылық, елге төнген нәубет, асыра сілтеу, қазақы дәстүрімізді, ұлттық
құндылықтарымызды қирату, одан бергі кезеңдерде жалғасын тапқан
заман құқайын, тағдыр тауқыметін шынайы бейнелеп – барлығы біртұтас
дүниені құрайды. Салыстырмалы түрде үш кітаптың ішінде «Жалған
дүние» романының экзистенциалистік сарыны, мистикалық, философиялық
астары қалыңдау. Мақалада трилогияның соңғы кітабы «Жалған дүние»
романындағы символмкалық образдар жүйесі қарастырылады.
Адамгершілік құндылықтарды адам тіршілігінің баянсыздығы
тұрғысынан қарастыратын экзистенциалистік мәндегі тақырып «Жалған
дүние» романында анық байқалады. «Ақ боз үй» трилогиясының алғашқы
екі кітабында қазақ халқының басынан өткерген зұлмат-зобалаң күндерін
реалистік негізде шынайы бейнелеуге күш салса, «Жалған дүние» романында
тіршілік философиясы, адамның жер бетіндегі миссиясы, мақсаты туралы
автор толғаныстары молынан ұшырайды. Ол турасында жазушының өзі
де «Тағдыр менің қолыма қалам ұстатты» атты мақаласында: «Дүниеге не
үшін келдік, бұл неткен әурешілік деген экзистенциалистік сұрақтар әлі
күнге дейін мазалайды. Жаратқан Иенің адамды жаратудағы мақсаты не, не
үшін жаратты, не үшін Жер бетіне жіберді? Ешбір ойшыл, ешбір философ
толық жауап бере алмайтын ұлы жоба... Қаламгер басында қайнаған ой оның
шығармасында бой көрсетпеуі мүмкін емес. Рас, сол өмір деген құпияның
сырын ашуға талпындық. Адам жан дүниесі дегенің тылсым ғой. «Жалған
дүние» романында да сол философиялық ізденістер лажсыз төбе көрсетті»
– дейді [1, 5 б.].
Қаламгердің жан дүниесінен бастау алған осындай құнарлы ойлардың
романда өз жалғасын тапқанына куә боламыз. «Жалған дүние» романындағы
Едігенің бойынан автордың өз «мені» мұндалап тұр. Автор адам тағдыры
арқылы ғалам сырына, адамзат тағдырына көз тігіп, терең философиялық
ой түйеді. Едіге де адамның ғаламның бір бөлшегі екенін жүрегімен сезіне
біледі. Оқиға психологиялық арнада дамиды: «Телеграф бағанының Аспан
үніндей күңіренісі мүлдем соны, тосын саз еді... Тозаңды дауыл қозғаған
телеграф сымдары тербеле сарындап әндетеді. Таусыла боздайды. Ары
жағындағы алабұртқан Аспан үні екен дейсің. Аспан үні, Аспан мұңы,
Аспан жыры. Ұланғайыр шексіздік, кеңістік толғауы. Көмекейі көсілген,
зор ауқымды аламан күңіреніс. Күй шерткен ғалам. Күңіренген ғалам. Бұл
таң қалып, қалшиып тұрып тың тыңдады. Аласапыран табиғат ана жырына
ұйыды.Ұлы жаратылыс тіл жетпес телегей теңіз сыр ақтарды. Мың сан
қиял құсыңды сайратып, сан-саққа самғатады... Ақыл жетпес кеңістік
өз табаны астындағы мынау бір қылтанақтай жан иесіне – Едігеге қарап
тебіренеді. Өзінің ешбір өлшемге сыймас, уақытқа сыймас шексіздік мәңгілік
болмысынан хабар береді» [2, 513-514 бб.].
«Жалған дүние» романында аспанның келбетін өмір туралы
толғамдармен астастыра беру басым. Едігенің тағдыр теперішін, азапты көп
көрген жан әлемі, ішкі «кіші ғалам» табиғат тылсымына, «үлкен ғаламға»,
шексіздікке үңіледі. Аспан қаһарманды мәңгілік мұнарына сілтейді. Мұнда
астрофизикалық құбылыс Едігенің өмірімен салыстырылады. Аспан
астындағы Едігенің ертеңгі тағдыры көмескі, ал Аспан – мәңгі, құпиясы мол
қол жетпейтін жұмбақ. Қаламгер назарын Едігенің алай-дүлей сезіміндегі
арпалысқа бұрады. Адамзат табиғатына қашанда тылсым күштер алдындағы
шарасыздық, дәрменсіздік тән, Едіге сол күштердің сырын ұғуға талпынады.
Жазушы романда символдық бейне ретінде ақ боз үймен қатар
аспанды да қолданады. Едігенің бейіт басына бара жатқанда қазақтардың
дүниетанымында киелі болып есептелетін адырАспан шөбін бытырлата
басып, жолға түседі. Байқасақ, шөп атауын берген сөз құрамындағы «Аспан»
сөзінің бас әріппен жазылуы, оған арнайы акцент жасалуы да тегін емес.
Жалпы Аспан сөзі шығармада символ-сөздің қызметін атқарып, с-йлем
ортасында да сыртқы формасы үнемі бас әріппен беріледі.
Қаламгердің қабылдауында Аспан – тұтастай жаратылыс әлемі, ол мәңгі,
тұрақты парадигма. Заман өзгереді, адамның ниеті өзгереді, бірақ Аспан – мәңгі,
ол адамдардың үстінен қарап тұрады. Едігенің аспанға қарап, үлкен ойларға
берілетіні де сондықтан. Хансұлу да түсінде Аспан аясындағы ақ боз үйді
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
88
89
көреді. Жазушы дүниетанымында аспан – ауқымы кең философиялық ұғым.
Аспан кейіпкердің санасына мұң ұялатып, өмірдің өткіншілігі, жалғандығы,
опасыздығы туралы ойларға мегзейді. Ол өз өмірінде сырына жете түсіне
бермеген ұлы құпияның сырына енді ғана жеткендей. Едіге өзін табиғаттың ұлы
өмірінің бір бөлшегі, ұлы жаратылыстың бір ұшқыны екенін түсінеді. Аспан
үні кейіпкерді «өзі мына әлемде болмаса да, ештеңе өзгермейтіні туралы»
үлкен философиялық ойларға жетелейді. Табиғат пен кейіпкер жағдайының
арасындағы контраст оның өзгермейтін мәңгілік, жаратылыс заңдылығы мен
адам өмірінің өткіншілігі турасындағы ойларында қайшылық туындатады.
Аспан адам өмірін философиялық тұрғыда түсінудің, психологиялық талдаудың
бір тәсіліне айналады. «Ақ боз үй» трилогиясының сюжеттік-композициялық
желілері бір бағытта өрістегенімен, «Жалған дүние» романындағы авторлық,
лирикалық шегіністер шығарманы жаңа сапалық қасиеттермен толықтырған.
С. Елубай шығармашылығында адам мен табиғаттың терең байланысы
танылады. Әрине, ол ондай қасиетке барлық кейіпкерлері бірдей ие емес.
Жазушы «Жалған дүние» романындағы қаһармандар туралы: «Хансұлу да,
Едіге де ұлттың ана сүтіне жарыған ұлы мен қызы. Ал одан қалғандары
мынау заманның, идеологияның құрығына түскен, немесе алданып алжасқан,
күнделікті өтпелі қуаныштың құлы болған, тоғышарлыққа белшесінен батқан
ұрпақ өкілдері. Кеңестік кеселден айықпаған ол ұрпақ әлі де арамызда жүр»
[3, 10 б.] – деп толғанады. Жазушының өзі атап көрсеткеніндей, «ұлттың ана
сүтіне жарыған» Хансұлу мен Едіге сияқты қаһармандардың табиғатпен
бірлігі тереңде.
«Жалған дүние» романының алғашқы беттерінен бастап-ақ тығырыққа,
тұйыққа тірелу образы бой көрсетеді. Бірінші тарауда автор Хансұлудың
қазіргі жағдайымен таныстырады. Оның трагедиясын күшейтетін жағдайлар:
Шегенің өлімі, жесірлік тауқыметі, қызы Үміттің «бағының жанбауы», күйеу
баласының асылып өлуі, баласы Түгелханның отбасымен ажырасуы, араққа
салынуы т.б. Тұйықтан шыға алмау идеясы Едігенің де өмірінен сезіледі. Бұл
мотив роман барысында тереңдей отырып, жаңа детальдармен толығады.
Жеке тұлға тағдырының тұйыққа тірелуі жазушы шығармаларында әлеуметтік
реңкке боялған. Әлеуметтік тұйық біртіндеп рухани тұйыққа айналады.
Жазушыны кеңестік қоғамда орын алған әділетсіздіктер, жеке тұлға өміріндегі
трагедиялық жағдайлар ғана қызықтырып қоймайды, ол адамдардың мінез-
құлқын, әсіресе ішкі қарама-қайшылықтарды шешуге талпыныс жасаған
жеке тұлғаның рухани әлемін зерттейді. Осы ретте романда басты қаһарман
Едігенің образы қызықты. Қоғамнан қысым көрген Едіге рухани, адамгершілік
тұйыққа тіреледі. Оны «Тірліктің мәні неде? Не үшін өмір сүрдім? Жаратқан
Иенің адамды жаратудағы мақсаты не, не үшін жаратты, не үшін Жер бетіне
жіберді?» дегендей ауқымды сұрақтар мазалайды. Шығарма шешімінде
тұйықтан шығу мүмкіндігін таңдауда автор дауысын аңғарамыз.
Тұйыққа тірелу символикалық образы арқылы жазушы лиризмі көрінеді.
Жеке тұлғаның тығырыққа тірелуі мен одан шығудың жолын шарқ ұра іздеуі
романның ырғақтық-интонациялық деңгейі арқылы даму үстінде, қозғалыста
беріледі. Едіге тағдырының тұйыққа тірелуі Түгелхан тұйығынан мүлде бөлек.
Образдағы жинақтау нысаны өзгеріп, басты бағдар адамның рухани өміріне
бағытталады, сыртқы әлеуметтік трагедия ішкі трагедияға ұласады және
шығарма шешімінде тұйыққа тірелу образы нақты тарихи дәуірдің шеберінен
шығып, жаратылыс алдындағы жалпыадамзаттық мәселеге айналады. Едігенің
трагедиясы жеке адамның мұңынан тыс деңгейге көтеріледі. «Жалған дүние»
романында жазушы Едіге трагедиясының әлеуметтік астарынан гөрі оның
ішкі әлеміне, жалпыадамзаттық, «мәңгілік» құндылықтарға басты екпін
жасайды. Едігенің әлеуметтік тұйықтан гөрі ішкі рухани дағдарысына көп
көңіл бөлінеді. Пенденің жаратылыс, өлім алдындағы шарасыздығы, дүниенің
жалғандығы, өткіншілігі турасындағы ойлары барлық адамға тән. Жазушы
Едіге образы арқылы әлеуметтік, нақты-тарихи бағдардан, «уақыттан тыс»
жалпыадамзаттық мәселеге назар аударады.
Романда экзистенциалистік мәселелер Едіге бейнесі арқылы адамның
рухани өміріндегі экстремальды жағдайды, шешуші кезеңді жинақтап
(рухани күрес, жоғалған рухани бағдарды табу т.т.) суреттеуде айқын көрінеді.
«Жалған дүние» романында Едігенің Өктем үнмен диалогында қаһарманның
заманға деген өкпесі, ішін қайнатқан ашу-ызасы ақтарылады. Осы тұста
жел екпіні үдей түсіп, Аспан асты ұлы ағысқа ілесе үдере көшеді. Сол ұлы
көшкіннің екпіні Едігені «қалт-құлт еткен бір жалғыз түйір жаңқадай»
қалтақтатып, итеріп әкетеді. Дедектеп келе жатқан Едігенің көңілі де
қым-қиғаш, сезімі алай-дүлей бұрқанысқа толы. Жел екпіні екілене соғып,
кейіпкерді ұшыра жаздайды. Ұйытқып, қым-қиғаш аласұрады. Жүгіріп басып
келе жатқан қаһарманның ширыққан тебіренісі: «Осы кеткені кеткен. Кейін
қайтпақ емес. Біржола кетеді. Мына заман, мына қоғам, мына тозақ тірліктен
өстіп, қашып құтылады. Қашып барады Едіге. Бұ заман, бұ қоғамның өгей
баласы екен, енді аялдайтын несі қалды?! Кетеді. Бет ауған жаққа безеді.
Жоғалады... Қарасын батырады. Екі қолын төбесіне қойып, бас ауған жаққа
қаңғып кетеді. Сөйтіп, «мәселені шешеді». Мына қым-қуыт аласапыран
шудан азат болады. Мәңгі азат болады. Бұған кер заман сыртын берген екен,
бұл неге сол кер заманға сыртын бермеске?! Едігемен ұстасқан, Едігемен
тістескен заман!!! Кер заман!!! Мен жеңілдім! Сен жеңдің! Мен жалғыз
да, сен – көпсің. Сен қал! Мен кеттім! Қарамды батырдым. Қош!!! Едігесіз
қалғанына бұл қоғам, бұ заман қуанбаса, қуармайтын тәрізді. Жалғызға
қашанда жабыла кетуге бейім, ылғи да жалғызды жайпап тастауға бейім,
қатыгез де әділетсіз дүние кәзірде құлан тұтып тұр, бұны тезірек қыр
асыра тұрып қарасын батырғысы келетіндей. Тездетіп ізін сипап өшіргісі
келетіндей. Сол үшін жанталасатындай» – деп суреттеледі [2, 519 б.].
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
90
91
Едігенің бұл толғанысының экспрессивті-эмоционалдық әсері мол.
Қаһарман мен орта, қоғам, заман арасындағы айқын бітіспес кереғарлық,
ымырасыздық бірінші жақтан баяндалған жай сөйлемдердің лепті тынысы мен
қысқа атау сөйлемдер арқылы күшейген (кетеді, жоғалады, кер заман, қош,
т.б.). Күтпеген дауыл, жел екпіні Едіге сезіміндегі өкпе ұшқынын дауылға
ұластырады. Табиғат, жынойнақ дауыл кейіпкерге тасбауыр қалпын танытады.
Едігені «көрге апарып тықпай тыншымас» түрі бар. Қаһарманның драматизмге
толы жан айқайы, өмірден түңілуі патетикалық леппен бейнеленеді. Едігенің
заманнан түңілуінің объективтік себептері шынайы бейнеленгенімен, тұлға
мен қоғам арасындағы контраст романтикалық өрнектермен айшықталған.
«Кер заман», «тозақ тірлік», «ұстасқан заман», «тістескен заман»
сияқты эпитеттер Едігенің ішкі толғанысындағы ой ағымын жылдамдатады.
Кейіпкерді жан алқымға алып, дедекте соққан дауылдың күшеюіне сай
Едіге санасындағы қоғамға қарсылықтың арта түскенін байқауға болады.
Қаһарман жан дүниесіндегі заманға, қоғамға деген өкпе-реніш, жатсыну
мотиві семантикалық градация арқылы өрнектеледі де, өзінің шырқау биігіне
көтеріліп, түйінді шешімге келген лепті сөйлемдермен көмкеріледі.
Арқадан соққан дауыл Едігені зиратқа қарай дедектетіп әкеледі. Оның
өзі келген жоқ, жел қақпақылдап итеріп алып келді. Оның көз алдында екі
бейне тұра қалады. Бірі – жер астында қараңғы лақатта жатқан Хансұлу
болса, бірі сонау шырқау биікте қалқып ұшып жүрген рух – Хансұлу. «Осы
екі елестің екеуінің қайсысы шындық, қайсысы қиял?!» деп Едігенің басы
қатады. Едігенің зират басындағы тоқал тамға кіруі, белгісіз ұйқы құшағында
болуы, оны тәнінен жанының бөлініп, қалықтап ұшып барып, қара үңгір
арқылы алыстағы жарыққа беттеуі, одан кейіпкер рухының тар ауыздан
атылып шығып, ағарған теңбіл жарыққа қарай мақпал түнекті оқша тіліп,
шетсіз де шексіз жарық әлемге еніп кетуі шығарманың таза реалистік сипатта
емес екеніне негіз бола алады.
«Жалған дүние» романында адамдық, рухани бастау кеңестік қоғаммен,
нақтылы болмыспен қарама-қайшылыққа түсіп жатады. Өйткені «қоғам
адамды тек рухани жақтан өлтіріп қана қоймайды. Еңсені көтертпеудің мың
сан тәсілін қолданады». Қаһарман рухты, рухани биік идеалдарды дәріптеу
жолында қиын кедергілерге кезігіп, тағдыр тауқыметін тартып жатады. Ол –
тағдыр тәлкегіне қарамастан қайнаған күрестің ортасында жүрген жанкешті
адам. Ол рух тәуелсіздігіне қарсы күреседі. Едіге өзі туралы «әділет жолында
жапа шектім» дейді. Қоғамдағы рухани тоқырауға қарсы тұрғысы келеді.
Едіге рухани болмысын сақтауға тырысып бағып, жаратылыстың мың сан
сұрақтарымен санасы қатады. Адам үшін не маңызды? Адам тірлігінің мәні,
мақсаты неде? Адам өмірінің мәні – қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі ме?
Жарық дүниеге келген соң адам баласы үшін тәннің қажеттілігі мен жанның
қажеттілігі бар. Бірақ адамға, ең алдымен, жанның қажеті, рухтың азығы қажет.
Соны ұмытқан сәттен бастап, адамның хайуаннан көп айырмасы болмайды.
Роман осындай ауқымды ойларға меңзейді. Қаламгер мынау нақтылы болмыс,
фәни, жалған дүние мен бақидың, мәңгілік дүниенің арасын бас қаһарман
Едігенің дүниетанымы, талғам-таразысы арқылы алуан қырынан таныта алған.
Романның көркемдік шешімінде ұлтсызданған ортамен, қоғаммен ішкі
жан дүниесінің талаптары қарама-қайшы келген ұлттың саналы азаматы
Едігенің өлімі заңдылық есебінде қабылданады. Едігенің табиғатын ескерсек,
оның сондай сорақы қоғаммен ымыраға келуі мүмкін емес. «Едіге ондай
қоғамнан кетуге тиіс тұлға» ретінде көрінеді. «Қоғам үшін оның тағдыры
алдын ала солай шешіліп қойған».
«Жалған дүние» романында символикалық тұспалдаудың күрделі
көрінісін айқынырақ байқаймыз. Шығармадағы пейзаждың автор
психологиясы мен қаһарманның жан дүниесін, ішкі өмірін бейнелеудегі
қызметі зор. Сонымен қатар мұндағы табиғат суреті реалдық сипатта емес, ол
тұспалдау символикасы арқылы қаһарманның «зар замандық», аласапыран
көңіл-күйін, ішкі сезімдерін жеткізу мақсатында қолданылған.
Романда символикалық образдар арқылы берілген жатсыну тақырыбы
айқын көрінеді. Шығармада қоғам тарапынан көрсетілген қысым мен
сол қоғамды қабылдамаған қаһарманның оның өгейсінуі суреттелген.
Кейіпкерлер характері қоршаған ортада, тұрмыстың күйкі тірлігінде
қалыптасқанымен, қаһарман сол күйбең тіршіліктен жоғары көтеріліп,
жаратылыстың мәні туралы күрделі әрі қиын сұрақтарға жауап іздейді,
жалпы адамзаттық мәселелерге басы қатады. Сондықтан болар романда
өмірді суреттеуден гөрі, сол өмір туралы философиялық ойларға берілу
басым. Өз ортасына, қоғамға қарсы тұрған Едігенің өзімен-өзі оңашалануы,
өз ойымен жеке дара қалуы, тіпті қоғамды тастап, басқа әлемге сапар
шегуі – романдағы негізгі мотивтердің бірі. Жалпы туындыда жаратылыс
жұмбақтарының алдындағы адамның дәрменсіздігі мәселелері негізгі орын
алған. Жазушы өткен дәуірлердің рухани және адамгершілік тәжірибесін
бейнелеп, әлеуметтік-философиялық жинақтауларға, экзистенциалистік
мәселелерге ден қояды.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Елубай, С. Тағдыр менің қолыма қалам ұстатты // Қазақ әдебиеті. –
2007. – № 14 (3018). – Б. 5.
2 Елубай, С. Ақбоз үй. Трилогия. – Алматы : Жазушы, 2005. – 528 б.
3 Елубай, С. Күйреген дүниенің көлеңкесінде // Қазақ әдебиеті. – 2006.
– № 10 (2962). – Б. 10.
19.02.16 баспаға түсті.
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
92
93
К. Т. Жанузакова, А. Т. Оналбаева
Символические образы в романе С. Елубая «Бренный мир»
Казахский государственный
женский педагогический университет, г. Алматы.
Поступило в редакцию 19.02.16.
K. T. Zhanuzakova, A. T. Onalbayeva
Symbolic images in the novel of S. Elubay «The frail world»
Kazakh State Women’s Teacher Training University, Almaty.
Received on 19.02.16.
Статья посвящена анализу художественно-стилевых поисков,
символических образов в романе Смагула Елубая «Бренный мир»,
вошедший в трилогию «Одинокая юрта».
This article deals with existential themes and eschatological issues
in the novel of Smagul Elubay «The frail world», that is the third part of
the trilogy «The lonely yurt».
ӘОЖ 821.512.122.
Қ. Т. Жанұзақова, Д. Омарова
1
ф.ғ.д., проф.м.а.,
2
магистрант, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университеті, Алматы қ.
e-mail: kuralay_zhanuzak@mail.ru
Ж. ӘБДІРАШ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ЖАНРЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕР
Мақалада Жарасқан Әбдіраш шығармаларындағы жанрлық,
стильдік ерекшеліктер айқындалады. Ақын өлеңдерінің тақырыптық
табиғаты, жанрлық-көркемдік жүйесі, тілдік-стильдік сипаттары
бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен сабақтастықта қарастырылады.
Эпиграмма жанрының ерекшеліктері, көркемдік таным арналары
зерделенеді.
Кілтті сөздер: эпиграмма жанрының ерекшеліктері, лирика,
ақындық «Мен», юмор, достық әзіл.
Қазақ поэзиясының жарық жұлдызының бірі – Жарасқан Әбдіраш.
Артына «Құлпытас», «Көңіл көкпары», «Сана соқпағы» сынды кесек
дүниелерін қалдырған ақын шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны
бөлек. Ақынның әдеби мұрасы соңғы жылдары әр қырынан қарастырылып,
зерттеліп келеді. Ж. Әбдіраштың шығармашылық жолы мен өмірбаян беттері
бүгінде зерттеу еңбектерінің нысанына айналып, жаңа кезеңнің дәстүрлі
үрдісі ретінде көрініп келеді. Баспасөз беттерінде М. Әлімбав, Ә. Кекілбаев,
Т. Жұртбай, А. Кеңшілікұлы, Б. Ыбырайым т.б. мақалалары жарық көрді.
Ж.Әбдіраш поэзиясының қоғамдық өмір мен табиғат құбылыстарын көркем
оймен қабылдаудағы және жеткізудегі көркемдік танымы мен тарихилығы
өзара тереңнен тамырласып жатқан тақырыптық-идеялық, эстетикалық,
философиялық ізденістері мен даму жолдары, стильдік, тілдік бейнелеу
амал-тәсілдері, ақындық өрнектерінің қалыптасуы жайында зерттеу жүргізу
– қазақ әдебиеттану ғылымындағы көкейкесті мәселелерінің бірі.
Ақынның ең алдымен өз заманының перзенті екенін бағамдаған
Ж. Әбдіраш шығармаларында ұлттың өзекті мәселелерін, мұң-шерін, халық
өмірінің бет-бейнесін ашып көрсетеді. Шығармаларының алтын қазығы да
– ұлты мен туған жеріне қызмет ету, ел мүддесі мен ұлттық құндылықтарды
жырлау болды. Ол өлеңдерінде сыншылдық қасиетін, суретшілдік
даралығын, адамның ішкі сезіміне әсер етуші тапқырлығын танытады. «Сана
соқпағы», «Көңіл көкпары», «Құлпытас» жинақтарында ақынның өлең
табиғатына мүлде жаңа түр, тың ізденіс, жаңалықтар әкелгеніне куә боламыз.
Ж. Әбдіраш поэзиясы түрлі құбылтулар, айрықша өлең өрнектерімен көзге
түсіп, дараланып, парасатты түйіндеулер жасауда да өзгеше қалып танытады.
Сондықтан да Ж. Әбдіраш поэзиясының көркемдік ерекшеліктерін, сөз
айшықтарының ішкі, сыртқы мазмұны мен мәнін ашу, ақын өмірі мен өмір
сүрген қоғамның бет-бейнесіне үңілу, оның өлеңдеріндегі әрқилы ізденістер
арқылы түйіп, түйсіну қажеттілігі туындайды. Ақынның интелектуалдық
мәдениеті, шығармашылық қарымы, өмірлік, көркемдік тәжірибесі, жанрлық
ізденістері поэзиядағы жаңашылдық рухқа, өшпес өрнектерге, сан қилы
сирек кестелерге бой ұруынан көрінеді.
Ақын поэма жанрына да мазмұндық, формалық жағынан жаңалықтар
әкелді. Поэма – қазақ әдебиетінде өркендеген, қалыптасқан, дамыған
түр және екі тектің қасиетін жинақтаған лиро-эпикалық, аралас жанр.
Фольклордағы эпос үлгілері: батырлық, ғашықтық жырлар, жыр-толғаулар,
Абай дәуіріндегі шығыстық сюжеттерге негізделген дастандар - осы жанрға
жол салған қайнар-көздер. Ж. Әбдіраш өмір құбылыстарын кеңінен қамтып,
баяндауға, лирикалық сюжетке құрылған, көлемді туындыларында өткен
дәуірлердің тарихи тағылымын бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерімен
шебер ұштастырады. Оның поэмалары ұлттық характер қалыптастырып,
қазақ әдебиетінің көркемдік қазынасын байытты. Қазіргі қазақ әдебиетінде
Ж. Әбдіраштың «Келешекпен кездесу» поэма-диалогы, «Дәуір дабылы»атты
публицистикалық поэмасы, «Ертегім менің – ертегім» поэма-монологы
ақынның жан-жақты ізденісін байқатады. Ж. Әбдіраштың «Арманым – алыс
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
94
95
күндерім» лирикалық шегінісінің прологында ақындық өнердің азабы мен
өлең дерті туралы алғы сөзі енсе, эпилог ақынның елегізген көңілі жайындағы
сырдан тұрады.
Ж. Әбдіраштың «Ақын сыры» өлеңінде ақынның жан сыры,
шығармашылық «Мені», дүние қабылдауы анық аңғарылады:
Өкіндіріп,
жылатып,
еңіретіп,
өмір өтіп барады,
өмір өтіп!
Өлшеулі күн,
санаулы ай,
жүрер жолдың
азы қалған сияқты
көбі кетіп!..
Аласұрам,
асығам,
толғанамын...
Тамыр емес –
тамырым толған ағын!
Жабырқасам –
өзімді жек көргенім –
қабақ түйсем –
өзімді қарғағаным!.. [1].
Осы өлең жолдарын оқығанда, ақынның өз өмірін қорытындылап, мәнін
салмақтаған терең ойынан өрілген, қас-қағым сәттегі мұңына, нәзік жүрегі
мен сыршыл сезіміне суарылған лирикалық образ көз алдымызға келеді.
Адамның ішкі жан әлемінің шынайы сырын жасырмай, бүкпесіз ақтаратын
лириканың ғұмыры шексіз. Жан Поль Рихтердің сөзімен айтсақ, «лирика -
барлық поэзияның өмірі мен жаны». Шығарманың тілі экспрессияға қанық,
мұнда ол айқындаушы күшке ие. Тілдің экспрессивтік күші, әуезділік сипаты
лирикалық шығарманы музыкамен жақындастырады.
Ақын сатира жанрын терең меңгеріп, уытты, өткір тілімен қоғамдағы
келеңсіз құбылыстарды сынайды. «Жарасқанда ақындардың көпшілігіне
біте бермейтін тағы да бір қасиет бар. Ол сатира жанрында да қаламын
еркін сілтейді. Әр эпиграммасында ақын алып отырған объектісінің
өмірдегі орнын, мінез-құлқын дәлме-дәл көрсетіп, керемет минипортрет,
миниобраздар жасайды. Бұл – көрінген ақынның маңдайына жазыла
бермейтін байлық!» – дейді Қалтай Мұхамеджанов [2, 70 б.].
Ж.Әбдіраш қазақ поэзиясындағы: эпиграмма мен эпитафия сияқты
соны жанрларды дамытып, жаңа белеске, тың сапалық биікке көтерді.
Эпиграмма – белгілі бір адамды, затты, болмыс-құбылысты әзіл тұрғысынан
бағалайтын сатиралық поэзияның шағын жанры, арнау өлеңдер. Әдебиет
тарихы мен теориясынан бағамдасақ, эпиграмма қысқа жазудың, белгілі
ойды емеуірінмен, тұспалмен түсіндіру құралы екендігін, сондықтан үлкен
шеберлікті, ой тапқырлығын, ұтымдылығын талап етететін жанр екендігін
білеміз. Жарасқан Әбдіраш көркемдік құбылыс ретінде қалыптастырған
эпиграммаларында, сатиралық өлеңдерінде аңғарғыштығын, тапқырлығын
байқатады. «Фаусты» жазған жанға басымды иемін, әйтсе де эпиграмманы
сүйемін...» – деген А. С. Пушкиннің сөзін бәрі біледі. Ұлы орыс ақыны
эпиграмманы жоғары бағалаған, алайда қазақ әдебиетінде кеңінен дами
қоймаған эпиграмма жанрының арғы тарихы көне дәуірлердегі антикалық
әдебиеттен бастау алады.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде бұл жанрда М. Жұмабаев, С.
Сейфуллин, І. Жансүгіров, кейінен С. Ерубаев Қ. Аманжолов т.б. қалам
тартты. Қазақ әдебиетіндегі эпиграмма жанры туралы айтқанда Жарасқан
Әбдіраш есімі ерекше аталады. Себеп – бұл жанрдың ұлттық әдебиетімізде
жанр ретінде тамыр жаюына ақынның үлесі зор. Ж. Әбдіраштың «Әзілің
жарасса» (1989), кейіннен толықтырылып «Құлпытас» (2002) деп
жарияланған жинағындағы достық әзіл ретінде жазылған эпиграммалары осы
жанрды жаңа көркемдік биікке көтерді. «Әзілің жарасса» жинағына – 179,
кейінгі кітабына 261 эпиграмма енген. «Құлпытас» жинағының құрылымдық
сипатының өзі жүйелі түрде түзілген. Әдеби қауымдағы алдыңғы буын,
кейінгі буын өкілдерінің мінезі мен болмысын, әрқайсысының ерекшелігін
қалтықсыз аңғарып, қапысыз бейнелеген ақын эпиграмманы жанрдың
барлық тараптарына жауап берумен бірге, тілдік қуаты, ойнақы әзілі,
көркемдігі, өткірілігі жағынан қазақ поэзиясының үлкен жетістігі, табысы
деп бағалауымызға болады.
Мысалы, «Хамит Ерғалиевке» эпиграммасында ақын ағасына жылы
жайлы юмормен наз айтады:
«Мақтау үшін Хамаңды,
Білу керек шамаңды.
Бір көргеннен таниды ол
Жақсы менен жаманды!
«Қамал бұзып қырықта»,
көнбей келген ырыққа,
Ақжал асау және сол,
Алдырмаған құрыққа.
Ақынның өзі де бұл кітапты құрастыру барысында туған халқымыздың
«әзілің жарасса атаңмен ойна» деген тапқырылғын темір қазық етсе де,
үлкенді үлкендей, кішіні кішідей, ал құрдастарын құрдастай сыйлайтын
әдебін жадында тұтқанын ақтарыла жазады. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
96
97
анау-мынау айтыс-тартыстан арашалап алатын сөзі мен қалжыңдағысы
келгенде кімге де болса қарсы қояр қисындарына арқа сүйеді. Сөйтіп,
«Әкелерге – наз», «Ағаларға - уәж», «Он жас – о да құрдас», «Бес жас – бел
құрдас», «Құлын-тайдай тебіскен» деп бес бөлімге бөлді.
Эпиграмма жанрына ден қойып, қаламдық қуатын танытқан ақын
Ж. Әбдіраш бұл жанрдағы тапқыр да турашыл, сезімтал да сыншыл
туындыларын көбіне өзі араласқан ақын-жазушыларға арнаған. Олардың
күнделікті өмірдегі адамдық мінез-құлықтарын, қаламгерлік қасиетін
замандас көзімен қырағы бақылап, бір жағы наз, бір жағы әзіл-қалжыңға
құрылған шығармасына арау етеді. Бірақ қай-қай туындысы болмасын
астарында шындық жатады. Сөйтіп шындық шығарма шырайына,
эстетикалық-көркемдік қуатқа ие болады. Мәселен қазақ поэзиясының «Көне
қоңырауы» атанған Ә. Тәжібаевқа арналған эпиграммасында:
Бағасы жырыңыздың белгілі ғой,
Бағасын батаңыздың түсірмеңіз,
– дейді. Бір жағы әзіл, бір жағы наз астарында шындық бар. Қазақ
поэзиясындағы жырларының салмақты орнын, маңызын көрсете отырып,
ақсақал ақынның баташыл ақынға айналуын Ж.Әбдіраш емеурінмен ескеріп
өткендей.
Жалпы эпиграмма жанры тапқырлықты, дәлдікті, нақтылықты ұнатады.
Кім-кімге де сын айту орынсыз дөрекілікке айналмауы тиіс. Ақынның
эпиграммасында осы талап байқалады. Бастапқы шумақта ақсақал ақынға
құрметін, інілік еркелігін білдіріп, автор тапқыр оймен өз мақсатын, мұратын
да ашық жеткізе білген. Ақын эпиграммасында қаламдастар болмысы мен
мінезі кейде уытты әзіл, кейде ашылу, сықақ арқылы өрнектеледі. Мысалы,
С. Мәуленовке арналған әзілінде:
Бұл күнде біздің Сырағаң –
Молладан бетер бір адам
«Ақырған ащы су» түгіл,
татпайды тіпті, сырадан.
Зауқы жоқ мүлде сусынға,
Өзінің өзі уысында...
Жырының, бірақ, қызуы
баяғы гра –
ду-
сын-
да [3,173 б.]
– деген орынды әзіл түрінде жырлады.
Әзіл астарында шындықты көмкеретін Ж. Әбдіраш И. Исаевқа арналған
туындысында оның ағаларға еркелеп, көп сынға алынбағанын орынды айта
келіп:
Алақанға салғанға,
Артық туған дүрсің бе...
Ибрагим болғанға
Абаймын деп жүрсің бе? – деп қайырады [3, 233 б.].
Ақынның өлеңдері елдің көңілінен шығып, ойын дөп басты.
Ж. Әбдіраш Зейнолла Қабдоловқа арнаған өлеңінде:
Жазушылық
ғалымдыққа жол беріп,
ғалымдылығын
ұстаздығын өңгеріп
бара жатыр...
Зерттегендер Зәкеңді
Қиналады-ау үш салаға тең бөліп.
Мұндай мінез мықтылардан жұғады,
Ұқсас сырын әмбебаптар ұғады...
Анық ойлы үш Зәкеңді қосқанда –
Абыройлы бір Қабдолов шығады!... – дейді [3, 181 б.].
Эпиграммаға тән сипат – көркемдік, ұшқыр, тапқыр сөйлеу.
Ж. Әбдіраштың «Құлпытас» жинағындағы «Әкелерге – наз», «Бес жас –
бел құрдас» атты бөлімдеріндегі аға ұрпақ өкілдеріне арналған өлеңдері
эпиграмманың жанрлық табиғатына толық жауап береді. Мысалы, З. Қабдолов
пен Ш. Мұртазаға берген мінездемелері тұлғалардың адамдық кейпін ашатын
нақтылығымен, әрі әдемі әзілімен, ішкі де сыртқы көркемдік қуатымен
әлемдік әдебиеттегі эпиграманың кейбір озық түрлерімен тең түсе алады.
Ақынның Ғ. Қайырбековке арнаған эпиграммасында:
Теледидарды қосып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең.
Журналдарды парақтасаң – Ғафекең
Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең.
Дунай бойлап араласаң – Ғафекең,
Думан-тойға бара қалсаң Ғафекең
«Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп кіріп ем...
Мұнда да отыр Ғафекең, – дейді [3, 183 б.].
Қазақтың арқалы ақындарының бірі Ғафу Қайырбековке арналған бұл
эпиграмма оның шығармашылық табиғатын, мінез-құлқын, қарым-қабілетін
дөп басқан шынайылығымен оқырман жүрегінен орын алды.
Ж. Әбдіраш өз эпиграммаларында әдебиеттің өткір де өзекті мәселелерін
жеке ақын шығармашылығы негізінде шебер қозғайды. Адамның мінезін,
болмысын терең сезіну эпиграмма жазушыға аса қажет қасиет екенін жанр
табиғатынан анық. Ақын шығармашылықтың жүгі ауыр екенін, оған үлкен
Вестник ПГУ, ISSN: 1811-1823. Серия филологическая. №1. 2016
ПМУ Хабаршысы
98
99
жауапкершіліктің қажет екенін, сыналмаған ақын, жазушының барлығы
классик емес екенін де өткір әзілімен әдемі жырлайды. Әдемі әзілмен автор
шындықтың бетін ашады. Әзілмен астарланған шындықтың аты – шындық.
Оны кейіпкер, орта қалай қабылдайды, ол уақыт еншісіндегі жағдай, бірақ,
эпиграмма авторына қажетті шарттылықтың бірі тазалық, әділдік екенін
тағы да байқаймыз.
Эпиграмма жанрында сөзді ойната білу, тапқырлық, қысқа да болса
нұсқалық қажет. Кейіпкердің бір белгісін ала отырып, оны әзіл-қалжыңмен
астарлап, дамытып айту, сол шындықты шым-шымдап жеткізу. Көркемдік
деталь арқылы образды ашу – эпиграмма талабы. Көпсөзділік, тізбеліп айтуда
бұл жанрдың табиғаты көтермейді. Осы шарттар толығымен Жарасқан
Әбдірашта сәтімен үйлескен. Әр қаламгердің мінезін, қасиетін дөп басып,
дәл тану үшін эпиграмма жазушыдан үлкен шеберлікті қажет етеді. Жарасқан
ақын да осы шеберлікті орнымен пайдалана білді. Жарасқан ақын қазақ
поэзиясын биік талғам, асқақ сезім, сұлу сөзбен, шындық пен сыршылдық
сипатымен байытты.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Әбдіраш, Ж. Құлпытас. – Астана : Фолиант; 2009. – 400 б.
2 Мұхамеджанов, Қ. Дәуірмен үндес дарын // Жалын; 2004. №1. – 70 б.
3 Әбдіраш, Ж. Әзілің жарасса. – Алматы; 1989.
19.02.16 баспаға түсті.
К. Т. Жанузакова, Д. Омарова
Достарыңызбен бөлісу: |