ҮШІНШІ ТАРАУ
ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ
Ел алғашқы қазақ тарихи трагедиясы – Мұхтар Әуезовтің «Хан Кенесі»
(1928).
Көркемдік қасиеттеріне келгенде, «Хан Кене» пьесасының көп
сарындылық, полифониялық сипатын ерекше айту керек. Халық өмірінің ең бір
күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-
аяғы жиырма екі кейіпкердің алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын
көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен
тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге,
психологиялық талдауға қоятын ең қатал-шарт талаптарына жауап береді.
Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпылуы Шекспирлік биік деңгейде.
Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті, аты-жөні түстелмеген
кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді, өтіп жатқан
оқиғаға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де
болғандай, ұлы шығарма – «Кенесары-Наурызбай» дастанын туғызған
Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген. Кенені хан көтергендегі Шеген
бидің сөзі халық даналығының айнымас белгісіндей, Ағыбай, Жоламан,
Бұқарбай, Ержан батырлар көз алдыңда қалып қояды.
Трагедияда Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда,
негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде
өрбуі бейнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ
ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір
драмалық шығарма сыймайды да.
Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз, барлық ащы
шындығымен айқара ашылады. Қазақ ру басыларын еркіндік, азаттық,
тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесары қырғыз манаптарына
да бұл ойын өткізе алмайды. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі
қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан
Орман, Жанқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе
бүктірмек болған Кенесары-Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан
зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май
құйған. Қырғыз елшілері Жманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге
бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп, қасқайып тұрып
айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді.
Өліспей беріспейтін айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз
үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.
Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды. Тарихи
қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік
тұрғыда көрсетіп береді.
2
Шығармадағы барлық кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, түптің
түбінде, хан Кенеге бір соқпай кетпейді. Трагедиядағы сан-сала әуез-сарынның
идея – ойдың түп қазығы – Кенесары. Ақ киізге салып, хан көтерген соң, сөз
тиген тұс – бір көсілетін кез секілді еді. Қай заманда, қай елде таққа отырар
алдында, енді отырып алғаннан кйін қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам деп,
кеңінен көсіліп көл-көсір уәде бермеуші ме еді? Мансап иесінің ол сөзі жоқ. Хан
Кене қысылған кезде киіз туырлықты қазақ баласы етегінен ұстаған атасы
Абылайдың барын салып, сенімін ақтағанын бір айтып өтіп, кеудесінде шыбын
жаны тұрғанда сол жолды ұстайтынын жария етеді. Бар болғаны осы. Өзге көп
сөз жоқ.
Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы – сөз ортасында,
дұшпандармен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ордасында, соғыс
үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел
шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай қолма-қол
шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын өзіне қарату үшін мал-жан, дүние-
мүлік сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына
жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-
заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ
жаратын әділ. Бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз
жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне
таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немесе
қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан
қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда,
алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп отқа салып балқытып, мұзға
салып суырған алмас қылыштай қаһарманның, бір басында қырық кісінің
айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып
шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер, қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін
күресіп, елі үшін шәйіт өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты
іспеттес әйгілі сырлы, мұңлы монологының өзі дөп-дөңгелек.
Пьесада бірнеше өрім қатар жүріп қоғамдық-әлеуметтік арна, жеке бастың
бақ-талайы алмасып жатады. Шығармада әйел кейіпкер екеу-ақ: бірі Кененің
немере ағасы Ержанның қызы – Қарашаш, екіншісі Кененің апасы – Бопай.
Тарихи деректерден, ауызша әңгімелерден, жыр-дастандардан халық арасына
есімі ерекше жазылған – осы Бопай. Еркектерден асқан батырлығымен, кей
тұста айрықша қаталдығымен даңқы шыққан.
Сол ел санасында сұлбасы белгілі жанның мінез қалпын бейнелеуде
Әуезов дәстүрлі арнадан көп ауытқымағанын көреміз. Күйеуі өліп, жесір қалған
басы бос әйел Бопайдың уақыт өткен соң, қаралы желекті шешуге хақы бар.
Бірақ төре нәсілдеспен болмаса, қарамен жақындасуға тыйым.
Ерлігі мен өрлігі бір басынан артылып жығылатын Бопай ескі заңмен көне
жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай
батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан
тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті, көзінің ағы мен қарасындай көретін
батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа
түскендей болады.
Түптеп келгенде, хан Кене бастаған күрес жолында жанын шүберекке
3
түйген Бопайдың, өзге емес, қолбасы Бұғыбайды таңдауында сезіммен қоса,
түкпірлей ойлаған есеп жатыр, құшағына алса, батыр төренің намысын жыртпай
қайда барады.
Хан Кене тобы қамауда қалып, әскер ыдырап, опасыздық көбейіп,
сарбаздар қаша бастаған алмағайып кезде Бұғыбай іздеп келіп, Бопайды өзімен
бірге алып қашпақ болатын көрініс пьесадағы шебер жасалған, ғажап көркем
тұс. Екіұдай сезім, екіұдай хәл: қалың өлім ішінен сытылып шығып, құтылып
кетіп, бас қосып, шаңырақ көтерейік дейді батыр, ұлы арман, зор күрес
мұраттарын тәрк етіп, ақ жолдан тайғанда, қай жұмақтың төрінен озбақпын деп
ойлайды әйел. Сонда өзіне жар санаған, хан Кененің үзеңгілес серігі есептеген
Бұғыбай көп қорқақтың бірі болғаны ма? Ол ол ма, ақ береннің тасқа
соғылғанына күңірену орнына, табалап, кекетіп, мазақтап барады әне. Ғашық
сезімі таусылып, кектене шамырқанған Бопайдың опасыз Бұғыбайды өз
қолымен атып тастауы намысты ашудан туған кесек трагедиялық әрекет. Грек,
Шекспир трагедияларына лайық қимыл.
Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерлерінің бірі –
Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын
әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұластыра, ұлғайта келіп, естен
кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім-түйсігі, ой-
байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске
арналған хас батыр. Осы сапарда ту ұстаушы хан Кене, сондықтан Кене,
сондықтан Кененің досы – мұның досы, хан Кененің дұшпаны – мұның
дұшпаны. Басқа жол жоқ. Былқ-сылқты білмейді. Өзгелер, кейбір мысық табан
батырлар, жорға билер жақтастыққа кісі тартудың пара жегізу, олжа сыйлау,
шен тағу, қолтығына алып, демеп жіберу, құдандаласу, жер бөліп беру, елші
алмасу, ескі дауды ұмыту, баталасып мәмілеге келу, уәжге тоқтау іспеттес атам
заманнан келе жатқан дала дипломатиясының мыңжылдық түлкі тәсілдерін
қолданса, батыр Наурызбай ұстанатын қасқыр құдірет біреу-ақ: алдаспан, көк
найза, ақберен. Берсе қолынан, бермесе жолынан дейді. Билік орнықтырудың
бірден-бір құралы күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның аржағы зорлық,
қаталдық, қатыгездік, көз жасы, қан, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ
жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің
тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз
болмаған.
Сол мінездің жария болған Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай
арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың
қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам
баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр
Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп,
намыстан өртеніп, кектене ширығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап,
араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі де мүмкін еді.
Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурыз немере қарындасы,
бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде
жүргендей, өлім мен өмір шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.
Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты.
Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт бермеу, мал бермеу, соғысу, іріткі
4
салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде беріп, артынан опасыздық
жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне
орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады.
Қасым ханның асы беріліп, оның артынан Кенесары хан сайланған
бүкілхалықтық салтанат үстінде қыз-жігіттер айтысып, шешендер тілін безеп,
батырлар жамбы атып, мәре-сәре боп жатқан қуанышты бір сәтте Жантөре,
Шотай, Балғожа бөлектеніп, жырылып шығып, пыш-пыш өсек өрбітіп
қарсылық, ғайбат айтады.
Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне
сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел
сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен
алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне
мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес.
Ру басыларының мұндай қара бастарының қамын жеген опасыз
тұрпатының бір үлгісі кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған,
бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен
атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.
Драматург хан кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би,
төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының дүние таным
нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын
көрсетеді.
Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, сыпатай, Байұзақ
үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай
боп келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады,
Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін
өздері шешкендерінен іш тартады. Ертең қазақ, қырғыз басын қосып, бұдан да
үлкен лауазымға жетсе, мүлде тізгін бермей кетеді-ау деп қорқады. Хан Кене
әулие болса, Арқадағы рулар неге тұтас мұның соңынан ермеген? Алатауға неге
ауған?
Сыпатай да өз билігінен айрылып қалудан қорқады. Көршілес, құдандалас
қырғызды хан Кене үшін неге шабам деп күдіктенеді. Оның үстіне бас қолбасы
Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап,
менсінбей жүргінде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары
бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітесем деп тұрғанда, оққа қарсы
шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын
қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанымен, жол айрығына
келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп, 12
мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарыны жау қоршауына тастап, соғыс
майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-
тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен
трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есіл ерлер мерт
болады.
Осындай ұлы трагедиялық шығарма «Хан кене» пьесасы жиырмасыншы
жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен,
қолма-қол тыйым салынды да, 1961 жылы әрең қайта басылды. Бұл сахналық
классикалық туынды өз режиссерін күтіп жатыр. Ол қашан келеді?
5
Суреткер шығармашылығына қандай материалдар сүйек, негіз, таған
болатындығын дәл мөлшерлеп, анық санап, бас-басына түгендеп беруді ешбір
ғалым, зерттеуші мойнына алмайтын шығар деп ойлаймыз. Талант қасиеті,
тәрбие мәні, дәстүр ықпалы әр түрлі жағдайда әсер етпек. Ілияс Жансүгіровтің
лирикалық өлеңдерінің арқауы ақын сезімінің әр түрлі құбылуы десек,
поэмаларына, әңгімелеріне, драмаларына, романына ең алдымен автордың
туған, өскен, ер жеткен ортасының пейзажы, деректі оқиғалары, дәлелді істері,
көпке мәлім тартыстары жатқанын аңғару қиынға түспейді. Өзі естіген, өзі
көрген, бастан кешкен жайттарды шығармаға өзек ету шығармашылық
сапардың алғашқы кезеңіндегі сипат болса, марқайған, кемелденген тұста
жазушы әдейі мақсатты зерттеу, іздеу, тексеру арқылы жаңа тақырыптарды
игере бастайды. «Құлагер» поэмасын жазу үшін Сарыарқаға – Көкшетау,
Ерейментауға сапар шегеді; Исатай, Махамбет, Құрманғазы өмірінен пьеса,
поэма жазу үшін Еділ, Жайық бойына – батыс Қазақстанға жол тартады.
Ұлттық өміріміздегі ерекше мәнді оқиғаларға терең назар аударып,
халқымыздың ұлы перзенттерінің ғұмырынан шығарма жазуды биік мақсат, өр
нысана ету – Ілияс Жансүгіров талантының асыл нәрі, алтын өзегі; тарихи зор
әрекеттерді ойшыл, зерттеуші көзімен дәл танып, нәзік бейнелеуді армандаған
қаламгер қажыры.
Отызыншы жылдардың орта шенінде, тарихшыларымыз Қазақстанның
өткеніне байланысты ғылыми объективті пікірлерді анық тұжырымдап бітпеген
кезде,
жазушыларымыз
әлі
тарихи-төңкерістік,
тарихи-ғұмырнамалық
тақырыпқа бойлап бармай тұрған шақта Жансүгіровтің Исатай - Махамбет
өмірінен пьеса жазуы шығармашылық үлкен батылдық, әдебиетіміз үшін
маңызды қадам болатын.
Өз тұрғылыстары, тағдырластарына қарағанда, ақынның архиві біршама
сақталған. Фатима Ғабитованың ерлікке пара-пар құнттылығының арқасында
жоғалмай, шашылмай жеткен материалдардың көпшілікке мәлім бола бастаған
кейбір фактілеріне жүгінгеннің өзінде, Ілиястың тақырыпқа бару жолында зор
ізденіске түсіп, көп еңбек, мол қайрат жұмсағанын көреміз.
Драматург ең әуелі Исатай – махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің
әлеуметтік мәнін, қозғаушы күштерін, жеңілу себептерін тарихи тұрғыдан
айқын, дұрыс түсінген. Өмірде болған, көтеріліске қатысқан адамдардың іс-
қылығын дәл көрсеткен. Жер, ру, кісі аттары өз ақлпында алынған. Осындай
деректі, документті негізі бар шығарма сахналық өнердің биік, қатал күрделі
талаптарына жауап берерліктей көркем, шебер.
Пьесаның қара сөзбен жазылған нұсқасы болыпты. Бұл шығарманы автор
дауыстап оқып берген кезде тыңдаған адамдардың бірі – Мұқаметжан Қаратаев.
Бейімбет Майлинның әркім айтатын (ішінде Ғабит Мүсірепов те бар) «Қызыл
жалау» романы секілді бұл туынды да жоғалған. Әлде жымысқы біреу
пайдаланып кетті ме? Дәл мұны ешкім ашып айта алмайды.
Шығарма өлеңмен, ішінара қара сөзбен жазылған. Ремаркада «үш перделі,
алты суретті трагедия»деп анық көрсетілген. Автордың хор, дуэт деп арнайы
айтып отыратын тұстарына қарап, туындыны жеңіл құрастырылған жадағай
опера либреттосы қатарына әсте жатқызуға келмейді. Біздің ойымызша,
Жансүгіровтің бұл шығармасы сахнаға қоюға лайықталып жазылған, басты
6
назар, негізгі салмақ музыкалық әуен, опералық саз, арияларда емес, сөздің ішкі
қуатында, астарында, мағына-мәнінде жатыр. Бұл - әдебиетіміздің тарихынан
сыбағалы, мәртебелі орын алуға лайық тамаша трагедия. Күні бүгінге дейін
еленбей, ескерілмей, бағаланбай келсе, өз салғырттығымыз, әдебиеттанудағы
олқылық, асылдың қадірін білмеу.
Алғашқы оқиғаға араласатын адамдар туралы ремарканы оқығанда
тіксініп қаласың. Өйткені, персонаж саны тіпті көп – атымен берілетін
кейіпкерлердің өзі қырық шақты. Мұның үстіне пішеншілер, сарай
қызметкерлері, солдаттар, меймандар және бар. Рас, он адамды батырлар деп
бір, жеті адамды сұлтан, билер деп деп екі топтап тастайды. Пьесамен түбегейлі
танысып шыққаннан кейін кейіпкер көптігі жөніндегі күдік сейіледі. Ойыңызда
әрекет-тартысқа бел шешіп, білек сыбанып қатысатын, мінез-характерімен
терең ашылатын сом құйылған қаһармандар ғана қалады. Көптеген персонаж
бар жерде, екі жерде бір сөз, екі сөз айтумен ғана тынады. Бұларды драматург
әлеуметтік орта, дәуір тынысын сездіруге, көпшілік сценаларын ашуға
пайдаланғандығын ұғасың.
Бірінші перденің бірінші суретінде дуэт және хор арқылы халық басына
түскен көп зорлық, хан қорлығын ащы тіл, өткір сөзбен білдірген драматург
негізгі қаһармандарды сахнаға шығарады. Қарт батыр Қалдыбай зар төгіп,
запыран жұтқанда, әлеумет басындағы азап-ауыртпалыққа қабырғасы
қайысады: ұлы Таңатардан айрылған, осы қайғы өзегін өртейді.
Алғашқы көріністен бастап Махамбет сөздері сұрақ не жауап түрінде
келетін әдеттегі қалыпты арнада емес, от-жалыны бетті шарпитын тебіреністі
толғау – монолог сипатында келеді. Бұларды жеке алғанда бас-аяғы жұмыр,
композициялық келісімі бар, ішкі тебіреніс, зор толқудың көрінісі – аяқталған
асау жыр деп қараса, қате емес. Қалдыбай тобының Қарауыл қожа қысымына
қарсылығы бір тартыстың шетін шығарса, екінші лаң қашып келген қыз бен
жігіт оқиғасынан басталады. Қыз аты Қарлыға. Махамбеттің жиені. Жігіт аты
Құрманғазы. Күйші Құрманғазы.
Ескі қазақ аулындағы дәстүрлі, белгілі ситуация, қалыңмалға келіспеу,
махаббат бостандығына ұмтылу – мұның бір ұшқыны қыз бен жігіттің тағдырды
жүйрік аттың беліне тапсырып, алыс жұрағатты – нағашы елді сүйеу көріп, түн
жамылып, қашып кетуі болатын.
Сол жағдай мына екеуінің басында тұр. Бұл драмалық түйін қазақ
драматургиясында кейін жазылатын «Абай», «Ақан сері – Ақтоқты»
трагедияларында әр қырынан, әр деңгейінен бейнеленетін болады.
Өзі де қазақ өнері тарихының бір деңгегі – Құрманғазы тағдыры Ілияс
трагедиясында жан-жақты көрсетілмейді. Күйшінің ойда қалар образы жоқ, ол
пьесаның ұлы арнасындағы қатардағы персонаж. Бірқыдыру әрекеттерге
Қарлыға екеуінің сүйіспеншілік тарихы, қашып кетуі мұрындық.
Намыстан күйіп, кектен өртеніп келген Махамбеттің сүйеніші – халық:
бұтаға қорғалаған торғайдай қысылған екі жасты қамыс шауып жүрген жігіттер
жасырып қояды.
Әрекетке Қарауылдың өзі, оның қол тоқпақ, сал сойылдары араласқан соң
драматизм күшейе бастайды. Бір жағы таптап, илеп, үйтіп тастамақ, екінші
жағы көнбейді, қарсыласады, дауыс көтереді.
7
Исатай Тайманұлының орта дәулетті, ел ішінде сыйлы кісі болып
старшина сайланғандығы, көтеріліске дейін патша әкімдерімен де, ханмен де
күрделі қарым-қатынаста жүргендігі, әсіресе, соңғы кезде жазылған тарихи
зерттеу еңбектерінде ашық, айқын айтылған (И. Кенжалиев, «Тайманұлы
Исатай», А., 1977).
Трагедияны жазу үстінде І. Жансүгіров қандай архив деректеріне, жазба
материалдарға, кімдердің ауызша әңгімелеріне, шежіре-жырларға сүйенді, дәл
бүгін, ақын архивін толық танысу мүмкіндігі тумай тұрған шақта бұл мәселеге
толық, орнықты жауап бере алмаймыз.
Пьесаның зор олжасы – Исатай бейнесі диалектикалық бірлекте,
қайшылық-қасиеті сом тұтастықта алынған.
Алғашқы кездескенімізде жанында екі солдат, ұлы Жақия, дау иесі
Қауғабай бар старшина Исатай қашып кеткен қыз бен жігітті қуа келіп тұр.
Әрбір сөзді темір келсап соққандай етіп айтатын Қалдыбайдан тұтылған Исатай
бұрыла берді. Сахнада – Исатай мен Махамбет. Халқымыздың тарихында есімі
қатар айтылатын егіз тарлан екі есім. Азаттық атты сұңқардың қос қанаты. Не
дейді бұлар?
Дүниедегі көзі көрген, санасы жеткен қуаныш болсын, қайғы болсын –
баршасын жан жүрегімен қабылдайтын ақын зорлыққа шыдамақ емес. Әсіресе,
қазақ басына күн туып, ел-жұрт жылап жатқан кезде, ақын сөзімен, ісімен найза
ұшында. Махамбет басында дәл осындай күй бар. Сұмпайы сұлтан, сұмырай би,
жемір қожа, жұлымыр молда, түп төркіні ант ұрған хан болып, салғырт-салық
деп, зекет-шығын деп халықты зар илеткенін көріп, біліп тұрған ақын қорған
іздейді. Тығырықтан шығар жол шыңдалған шалғымен шөп шабу емес,
жуандардың аулын шабу деп біледі.
Қашқындарды тауып бер деген Исатай сөзіне айтылатын жауап тіпті
қатқыл. Екі мінезде екі түрлі сипат бар. Аты алты алашқа мәшһүр, арғы тегі
түбірлі, әзір өз жанына сүңгі батпаған старшина Исатай өзі тұрғылас Қарауыл
мен Балқыны бақталасым, дұшпаным деп санағанымен, ханға қарсылыққа әзір
баспайды. Ханды халық қамқоры есептейді. Алып-ұшып, жұлқынып тұрған
Махамбетке басу айтады, істің артын тосып, сабыр қылғанды жөн санайды.
Бәрін көрген, зорлықтан әбден қажыған ақын сенген ері Исатай мынандай
момындық, жуастық, бағыныштылық жолын айтып тұрғанда, ашу ызадан
ширығып, жалғыздық-жалқылық жайлы шер төгеді.
Драматург негізгі екі қаһарманын бір-біріне ұқсас етіп жібермей, даралап,
ерекшелендіріп шығару үшін бұлардың арасындағы достық, тұтастық
сезімдерімен қоса, темперамент алшақтығын, ұғыспаған кезді, мінез өзгешелігін
әдейі бейнелейді.
Трагедияда шағын орта, қысаң аудан емес, өмір құбылыстарының кең
шеңбері қамтылған. Қаһармандар ішінде сол кездегі қазақ қауымының негізгі
өкілдері, патша әкімдері түгел бар. Оқиға әр түрлі жерде, әр түрлі әлеуметтік
шаңырақ астында өтеді. Бірінші перденің екінші суретінде алғаш рет хан
ордасымен танысамыз. Әуелі сахнаға ханның екі әйелі – Айғаным, Фатима
шығады. Ел жұртты, қара халықты жамандаған кезде ым-жымдары бір. Одан
өзге нәрсеге ауысқан шақта қос ханымның бет тырнап, көсеу ала жүгіретін, бір-
бірін өлердей жек көретін көп күндес әйелдерден айырмасы шамалы. Ханның
8
көзіне шөп салып жүрген қос арам бет жыртардай болып, тап-тап беріседі. Бірі
Европа сылқымдарына дес бермес паңдықпен аяғын шекіп басып, бірі Шығыс
бикештерінің дәстүрімен үлде мен бүлдеге малына киініп, тоты құстай таранып
тұрғанымен, екеуінің ішкі дүниелерінде айырма жоқ.
Кейіпкерлердің мінезін ашуда, білім дәрежесін көтеруде, дағды
ерекшелігін аңғартуда дараланған сөздік сипаттаманың көркемдік мәні ерекше.
Бұл саладағы Жансүгіров ізденісінің салмақты табысы деп Жәңгір ханның
сөздерін айту керек.
Арғы тегін Шыңғысхан әулетінен таратып, өздерін асыл тұқым, ақсүйек
санаған төрелер қара қазақтан бөлектенудің жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс,
дағды-мінезге қатысты көп тәсілін тапқан. Күнделікті құлаққа үйреншікті, әркім
білетін сөздер жұртшылықты селт еткізбейді деп санаған хан, бір жағы, сесті,
қаһарлы болу мақсатымен, екінші жағы, ғұлама, білікті көріну ниетімен әдейі
тілін шұбарлап, араб, парсы, татар, түрік сөздерін қосып, сөйлем қисынын
шағатайшалап келтіреді. Кейде қысқа, кейде келте қайыратын, оп-оңай,
түсінікті жайттың өзін қасақана созып, мипаздап тұрып алса, кейде толық
арналы толғайтын тұста тақ-тұқ еткізіп, бір сөзбен кесіп тастап отырады.
Мұндай тақыстық шекара әскерінің бастығы Генсте жоқ. Өйткені ол
тәуелсіздігінен айрылған, патша қаруының астына тізе бүккен көшпенді елде
кісі қаймығар қайрат, адам сыйлайтын қасиет бар деп есептемейді. Бұлардың
басқалары түгіл, хан атанып билік тұтқасын ұстағандай болып отырған
Жәңгірдің өзі қолдан жасаған қуыршақ емес пе? Сондықтан отаршылдық
саясаттың қанды ауыз қасқыры Генстің үрейлендіріп, қорқытып, шошытып
сөйлеуі, у қорғасындай ойып түсер зіл, салмақ тастап отыруы әбден заңды.
Европа жендеті аталған Россия отаршылдары бағынышты елді езіп,
жаншып, илеудің сан алуан айла-тәсіл, амал-шарғысын әккі жымысқылықпен
іске асырып отырды. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай саясаттың бір түрі –
сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарау деп аталады, яки бас-басына жел
беріп, әрқайсысының қолтығына дым бүркіп қою.
Генс қимылында түлкі қулық емес, арыстан айлакерлік жатыр. Бұрынғы
кеңшілік кеңшілік пе, енді мүлде еркіндік беріп тастағансиды. Хан жағынан он
екі биден тұратын, «шорай қазы» аталатын алқа құралады екен. Үкім шығару,
билік айту, салық жинау бәрі осылардың қолына берілмек. Қараңыз,
жыртқыштар ұлып табысып жатыр. Мұсылмандық парыз түгел ұмыт болып,
молданың ең мықтысы Ахун патша құрметіне дұға оқып, өзге билер құран
сүйіп, адал қызмет етеміз деп ант береді. Халықты екі өкпеге тепкілеудің
осындай жаңа қылмысты ұйымы жасалардың алдынға ғана ханға деген үлкен
қарсылықтың ызғары сезілген.
Махамбетпен кездескен сәтінде толық ашылмай, іштей томырылып, суық
жүзбен кеткен Исатайдың хан алдындағы мінезі басқа. Әр түрлі сырдың ұшығы
аңғарылады. Тақыс, арамдағы қабат-қабат бүктетіліп ішінде жататын Жәңгір
хан тыңдап тұр. Исатай тұрмыс ауыртпалығын, ордадан айтылған он
жарлықтың елге отыз болып баратынын, қалың сұмның талап-тонап
жатқандығын, тентектерге тыйым жоқтығын, судың басынан лайланғанын,
сұлтан, билерге кесілген жерлердің халыққа қайтарылуын, Балқы,
Қарауылдарды биліктен кетіру керектігін жай тілек, өтініш емес, тең, бастас
9
адамдардың талабы, шарты етіп айтқанша ашу, ыза, кек екпіні айқын сезіледі.
Старшина сөзінің ешқайсысын орындау хан ойында жоқ, қайта қашқындарды
жасырып жүрген Махамбетті неге ұстап бермейсің деп бас салады.
Жәңгір – Исатай арасындағы тартыс найзағайы осы тұста жарқ ете
қалады. Батыр енді әділет тұтқасы ғой деп медет тұтқан билік иесінің барлық
сырын, шын кескінін көрді. Ойпырым-ау, халықтың сүйікті жыршысының
басын қанжығама байлап бер деп тұр. Сөйтсе бітімге келмек, он екі бидің бірі
етіп сайламақ. Старшина қойған, бұйрық – жарлығын іске асырар, тірек болар
санаған адамның сиқы мынадай екен, сонда халық, әкімдікте не қасиет, не қадір
қалды?
Екі түрлі сенім, екі түрлі мінез, екі арыстан. Бұлар енді бір-біріне қарсы
шапқан, бітім таппас жау күштердің найза ұшында тұрған қос серке.
Тартыс кернеуі қолға түскен Құрманғазы мен Қарлығаны ордаға алып
келген соң күшейе түседі. Бұл сценада Құрманғазы характерін ашатын әрекет,
сөз, қимыл жоқ. Қайта Қарлыға монологында драматург ұлттық дәтүрде бар,
жауға, дұшпанға айтылатын қарғыс сөздің үлгісін шебер қолданған. Осы тұста
тұзаққа оралмай, қақпанға түспей жүрген Махамбеттің өзі тұра жүріп келеді.
Баймағамбетке бейне бір уыстап от шашқандай, кесіп, тіліп түсетін, халық
қаһарының екпініндей сөз айтады.
Трагедияның көрініс суреттері психологиялық тұрғыдан контраст,
қарама-қарсылық принциптерін пайдалана отырып қиыстырылған.
Ел ашуы селдей қаптап, көтеріліп келе жатқан кезде үзіліп-айрылып,
кекпен, намыспен өртеніп, Исатай кеткенде хан ордасындағы салтанаттың
жалғандығы айқын сезіледі. Драматург Жәңгір айналасындағы екі жүзділік,
опасыздық, сатқындық, жалғандықтың әр түрлі ұшқыны ретінде Бекжан, жанзақ
тұлғаларын көрсетеді. Бірі әрі би, әрі күлдіргі, екіншісі өлеңші. Хан алдында
жорғалап, жағын безеп, алтынның буына дүниені малғандай етіп отырған
жұрттың көзін қызылды-жасылды бояумен арбап, төгіліп-төгіліп кететін сарай
жыршысының тұрпаты халық ақынының шындықты тербейтін, кекті, сұсты,
қаһарлы кескінінен кереғар алшақ жатыр.
Ілияс жансүгіров, әсіресе, «Исатай – Махамбет» трагедиясында сахналық
әрекеттің ырғағына ерекше мән берген. Көңілді-көңілсіз, күлкілі-қайғылы,
бәсең-салтанатты көріністер өзара ауысып тұрады. Пьесаның басынан аяғына
дейін үзілмей тартылып отыратын желінің бірі Қалдыбай тағдыры. Бұл – халық
өкілі, кейін қазақ әдебиетінде типтік характерлер дәрежесіне көтерілетін
(Дәркембай, Қодар сынды) образдардың алғашқы үлгісі. Өздерінің сөздік
сипаттамалары да бір-біріне ұқсас. «Абай жолы» эпопеясындағы Қодар содыр
жуындарды итке, көп итке теңесе, «Исатай – Махамбеттегі» Қалдыбай жәңгір
ханға: «Қарауылдың күшігіне мұнша құн кестірдің, егер де мынау Шомбал
сықылды төбетіңді анау Қарауыл сықылды бұралқыңды өлтірсем, Қалдыбайға
қанша құн кестірер едің?» – дейді (5-т,. 291-бет). Ит, күшік, төбет, бұралқы –
мұның бәрі халық эстетикасында қас дұшпанға, жек көретін жауызға айтылатын
балағат сөздер.
Екінші перденің соңғы сценасында халық көтерілісінің қаһарына іргесі
шайқалған ордадағы әбігерді көреміз. Драматург жеке характерлерді даралап
ашпағанымен, патша өкілдері, хан төңірегі, түптеп келгенде, бір қазанда қайнап
10
жатқан жылбысқы екендігін қысқа диалогтар арқылы жақсы сездіреді.
Декорация, киім-костюм үлгілері ремаркада айқын, дәл айтылған.
Пьесадағы әсер-әуен, ырғақ-екпіннің анық, саңқылдап естілетін айрықша
ашық тұсы үшінші перде. Бесінші суретте теңіз айдынына жазғытұрым жан-
жақтан жамырап келіп, асығыс құйып кететін асау өзендер секілді
көтерілісшілерге қосылып жатқан сан атаның күпшек санды батырларын
көреміз: Жүсіп, Ырсалы, Қожахмет, Үбі, Шекшекей, Науша, Бабат – бұлардың
аузынан шыққан сөз ел ашуының ұшқыны іспетті. Көтерілісшілердің бас қосқан
тұсын панорамалық, көпшілік сценасы сипатында берген драматург Исатай –
Балқы, Махамбет – Борық, Құрманғазы – Қарлыға арасындағы сүйіспеншілікті,
қиын-қыстау кездегі адал махаббатты бірер көрініспен бейнелейді.
Мәре-сәре, у-ду болып, алдағы шабуылға дайындық жасап жатқан
ереуілшілер ортасына хан елшілері жетті. Бұлардың ішіндегі түбірлі сөзді
ұстаған адам Бекжан Исатай мен Махамбетке ат, шапан әкеліпті. Қалдыбай
батырдың басы да азат. Жәңгір осының алдында ғана исатайға билерге кестіріп
салған айыпты да ұмытқан секілді, нысана бітім, бірлік.
Драматург шаруалар көтерілісінің жеңілу себептерін объективті түрде,
тарихи тұрғыдан шындық аясында көрсетеді. Көтерілісшілер арасындағы ала
ауыздықты екі күрделі характерге сабақтастыра бейнелейді.
Анталаған жау, қалың әскерге қарсы шапқанмен, түбі жеңіске жету қиын,
сондықтан ханның өзі келісімге келіп тұрғанда, қара қазан, сары баланың қамы
үшін бітімге тоқтағанды Исатай дұрыс көреді. Жалаң қылыш, өрт ақын
Махамбет ордаға шабуыл жасау керек деп біледі.
Жырынды би Бекжан ру арасындағы ырың-жырыңды пайдаланып, оп-
оңай іріткі салады, көтерілісшілер қатары сирей бастаған. Дәл осы кезде,
сарбаздар кетіп, сардардың өзі қалған қапылысты аңдитын әккі жауыздың
жымысқы амалын істеп, Геке, Байеке бастаған жендеттер де жетеді.
Логикалық жүйемен алғанда, драмалық тартыс осы сценада тынған:
көтерілісшілердің негізгі күші Жасқұста талқандалды, патша әскері, хан жасағы
қанды қырғын жасады. Ал психологиялық тартыс, адамдардың ішкі әлеміндегі
алай-дүлей толғаныс, дағдарыс, тебіреніс арғымақтың орға жығылғандағы,
кеменің жарға соғылғандағы, ақ семсердің тасқа шабылғандығы сәтіндей
қайғылы күй кешкен көтерілісшілер басы Исатай мен Махамбет болып «аһ»
ұрады. Исатай бес қаруы бойында, күллі күші қасында тұрғанда ордаға
шаппағаны, тартынып қалғаны, ер-азаматтың сағын сындырғаны үшін бармағын
шайнайды, мынадай қаралы күнде ұмтылғанмен не пайда, не қайыр.
Қарт ақын Қуан алыстан орағытып келіп, қарлы борандатып, жауын-
шашындатып, ақыры түбі қазылған бәйтеректің теңселе-теңселе құлайтынын
ұқтырады: жеңілген-жығылғанға, құлаған-сүрінгенге айтылатын азалы жыр,
өлімге көңіл айту іспетті қайғылы толғау, көздің жасын сүрту.
Міне, дәл осы шақта бәйге аттың құйрығынан үзіп алған қылды таққан,
аршадан шапқан қызыл күрең қобыздың алпыс екі тамырыңды идіріп бір
шығатын үніндей болып, Махамбет монологтары кетеді лықсып.
Қазақтың шайырлы, қорғасынды сөздеріне келгенде ешкімнен аттың
майын сұрамас даңғыл жүйрік, екпінді тұлпар Ілияс айтылмыш трагедияны
жазу үстінде халық тілінің қан-қазынасынан қарпып алған; Махамбет
11
Өтемісұлы поэзиясының стихиясын терең меңгеріп, әуез-ырғақ, ұйқас, тармақ,
шумақ жасауда ұлы шебер кәдеге асырған тамаша үлгілерді қайта жаңғыртқан;
ассонанс, аллитерация, консонанс, анафора, эпифора, градация, метафора,
метонимия, литота – осылардың сан алуан құлпырып, жайнап тұрған соны
өрнектерін көруге болады. Трагедиялық монологтар жасау ізденістеріне Ілияс
фольклордағы толғау, арнау өлең формаларын дамыта, жаңғырта кәдеге
асырған. Халық билерінің, шешендерінің сөздерінде кездесетін тұрақты, мәнді,
айшықты оралымдарды жиі қолданған.
А, занталақ!
Сені, сені дегенге
Семіріпсің, занталақ!
Сен біл, сен біл дегенге
Желігіпсің заңталақ!
Құдайыңды танымай,
Ханыңа құлдық қылмастан,
Бөлініпсің, занталақ!
Ұлыңды сенің Ұрымға,
Қызыңды сенің Қырымға,
Жібермесем кәпір өтейін, занталақ!
- Аптықпа ханым, аптықпа ханым,
Адыраңдап қақтықпа ханым!
Қыларың болса, қылып қал,
Қапыда менен қалмаған, ханым!
Қашаннан сенің қорлығың
Қазақтан, сірә, қалмаған, ханым
Атаң Әбілқайыр, Нұралы,
Айшуақ, Есім, Ералы
Қазақты қатын қылам дегенде
Өзінің басын жалмаған, ханым!
Қара басым кетсе де,
Хан деп құрттай қаймығып,
Қарулы сөзден қала алман, ханым!
Достарыңызбен бөлісу: |