(5-т., 293-бет)
Бұл диалог пьесадағы драмалық тілдің синтаксистік, стильдік,
интонациялық, тропалық құрылысының сипаты жөнінде айқын үлгі бола алады.
Екі қаһарманның лебізінде де трагедиялық зор пафос бар: еселеп қайталанатын
«занталақ», «ханым» сөздері барымташы жігіттердің жеті қараңғы түрде
жортуылда жүріп, дұшпанына аямай сілтеген қара шоқпарлары секілді.
Трагедия кейіпкерлерінің тілін даралауға айрықша көңіл бөлген драматург,
негізінен, олардың бәрін де шешен, шебер, айшықты, сөз иесі етіп көрсетеді.
әсіресе, бұл қасиет Махамбет монологтарынан ерекше көзге түседі. Тарихи
драматургиядағы алғашқы барлау, ізденістің қиындығынан шығар, Ілияс
Жансүгіров Махамбет тілінің реалистік негізін толық тапқан деп айтуға
болмайды. Махамбет монологтарының бірқыдыруы ақын поэзиясының
12
сарынына, идеясына, поэтикасына сәйкестендіріліп, тыңнан жасалған,
бірқыдыру монологтарда Махамбет өлеңдері азды-көпті өзгерістермен алынған,
кейбір монолог Махамбеттің өзгеріссіз өз өлеңі; Махамбеттің кейбір өлеңі басқа
адамдардың аузымен айтылады:
Бір мысал.
Жалғыздық
Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ, -
Түнде бар да күндіз жоқ,
Күннен көркем нәрсе жоқ,
Күндіз бар да түнде жоқ,
Мұсылманшылық кімде жоқ?
Тілде бар да дінде жоқ,
Көшпелі дәулет кімде жоқ?
Бірде бар да, бірде жоқ,
Азамат ерлер кімде жоқ?
Еріскен күні қолда жоқ,
Заманым менің тар болды, -
Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ.
(Махамбет, Өлеңдер. А., 1974, 83-бет).
Трагедиядағы Махамбет монологы.
Аспан әлем жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ, -
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күллі әлемнің өзінде
Күннен көркем нәрсе жоқ, -
Күндіз бар да, түнде жоқ,
Қарындастық кімде жоқ?
Тілде бар да, дінде жоқ,
Көшпелі дәулет кімде жоқ,
Бірде бар да, бірде жоқ,
Азамат ерлер кімде жоқ?
Айқай шықса, бірі де жоқ.
Заманым менің тар болды,
Тура билік биде жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт,
Қаумалаған қарындас,
Қазақта бар да, менде жоқ.
(І. Жансүгіров. Шығармалар, 5-т., 267-бет)
13
Драматург өлең мағынасын аша түсу үшін: «Бұл дүниенің» – «аспан, әлем»,
«мұсылманшылық» – «қарындастық», «еріскен күні қолда жоқ» – «айқай шықса
бәрі де жоқ», «тура әділдік» – «тура билік», - деп өзгертіп алған; «күллі әлемнің
өзінде» деген жаңа тармақ қосқан. Қалған сөз түп-түгел Махамбет
шығармаларында жарияланған текспен сәйкес келеді.
Әлі күнге Махамбет шығармаларының текстологиясы толық, ғылыми
жолға қойылған жоқ. Ақын шығармалары бізге Мұрат Мөңкеұлы, Ығылман
Шөрековтердің ауызша айтуымен қағазға түсіп, 1925 жылы баспасөзде
жариялану арқылы жетті. Тұңғыш Халел Досмұхамедов басылымның толық
қадіріне әлі түгел жетіп болдық дей алмаймыз. Махамбет өлеңдерін зерттеу,
насихаттау ісінде Қажым Жұмалиевтің еңбегі мол. Ақын, көзі қарақты
әдебиетші Берқайыр Аманшин 1974 жылы Махамбет өлеңдерін қайта
құрастырды. Қ. Жұмалиев бастырған жинақтарда, оқулықтарда қалыптасқан
көптеген өлеңдердің сөздерін өзгерткен, шығармаларды бір-бірімен қосқан,
бөлшектеген; жаңа өлеңдер жасаған; өз жанынан ат қойған; «ереуіл ат» емес,
«ерулі ат» жасады, жалғыз адам ұлттық тарихымыздағы ең қымбат мұралардың
бірін өз ойынша, өз қалауынша қайтадан өзгертіп жариялады.
Ғылыми мекемелер, маман ғалымдардың осындай өте жауапты жұмыс
жайлы пікір білдірмеуі кісіні таң қалдырады.
Трагедияға материал жинау кезінде Еділ – Жайық бойына арнайы сапармен
барған Ілияс Махамбет өлеңдерінің ел аузында сақталған таза нұсқаларын
жазып алуы мүмкін. Сондықтан пьесадағы Махамбет монологтарын ақын
шығармаларының канондық, тұрақты, академиялық жинағын шығару ісінде бір
негіз ретінде пайдалануға болады деп санаймыз.
Махамбет аузынан айрықша терең айтылған көтерілісшілер сырының
соңғы түйінін жасайтын – Исатай. Ақын монологында айшықты сурет, жүрек
тебірентер толғаныс көп, батыр монологында ой, тұжырым, байлам басым,
исатай – Махамбет көтерілісін бір аймақтың, бір жүздің дүмпуі емес, исі қазақ
баласының кекті намысына тиген шақпақ от етіп бейнелеу - өткен өмірге тарихи
объективті көзқараспен қарай білген, құбылыстарды ойшыл қаламгер санатында
талғап, саралаған аршынды суреткер позициясына тиянақты дәлел. Исатай өз
өмірі мен орыс елінің теңсіздікке қарсы ширыққан ашуының жарқ еткен
найзағайлары Степан Разин, Емельян Пугачев сынды перзенттері тағдырын
сабақтастыра толғанған кезде, тіпті, биіктеп көрінеді.
Классикалық әдебиетте жиі кездесетін трагедиялық образға лайық
трагедиялық қателік Исатай басында да зіл батпан. Ол Махамбеттің, басқа
батырлардың ойынша, кейін Исатайдың өз ойынша, кезі келіп тұрғанда Жәңгір
ханның ордасын шаппағандағы; Бекжанның қызыл тіліне алданып, бітімге
барамын деп, жігіттерді таратып жіберуі. Рас, тарихи көтерілістің жеңілуінің
көптеген таптық, әлеуметтік, саяси себептері белгілі. Драматург сол мол
себептерді тұтастырып, әдеби шығарма талабына лайықты, арналы
қайшылықты алған.
Ел-елге батырларды қайта жіберіп, күш жинап, жауға қайта шабамын деп
алас ұрған Исатай характерінде талантты актер сахнада сәтімен ойнай қалса,
жайнап, жарқырап кететін мол трагедиялық сипаттар бар. Ал, Махамбет бейнесі
өршіл романтикалық ыңғайдағы өнерпаздың қолына түссе, сөйлеп кетейін деп
14
тұр. Трагедия финалы зор суреткерлік толғаныстан туып, ақындық ғаламат
шабытпен жазылған; бұл қазақ драматургиясында көркемдігі, философиялық
тереңдігі жөнінен алғанда Әуезовтің классикалық шығармасының соңғы
нұсқасындағы Еңлік пен кебектің тіршілікпен қоштасу, Жапал, Абыздардың
болашақ ұрпақпен сырласу сценасымен деңгейлес тұрған тамаша көрініс.
Бір сәтке үміт оты қайта жанып, көтерілісшілер күш жинау үшін жан-жаққа
аттануға бел буған, ертеңгі тұманды күнге күдікпен қараған шытырман шақта
қимастық сезімі, әсіресе, екі алыпты Исатай мен Махамбетті қинайды.
Махамбет сөзіндегі түйткіл, кеселді түйін жеке бастың өкпе-назы емес, сәті
түсіп тұрғанда орданы, Жәңгірдің шаңырағын неге ойрандамадық деген өкініш
ішін удай ашытады. Әлі де болса, қапысын тауып барып Баймағамбет сұлтан
мен Жәңгір ханды жарып тастау – көкейін тескен арманы секілді.
Бұндай жалғыз шапқан жеке дара қимылға Исатай әлі қарсы. Осындай
толқып, мұң шағып, өткеннің қателігіне бармақ шайнап тұрған екі батырдың
үстінен, аяқ астынан жау сау ете түседі. Дұшпан оғы Исатайды жаралайды.
Өмір нұры сөніп бара жатыр. Тіршілік тартысынан әбден қажып, жеңіліп,
дүниедегі қызықтың бәрінен қалып, түңіліп, ажалдың өзін демалыс, рақат,
тыныштық мекені, мәңгі ұйқы қолтығы көретіндер де, өмір күресінде бірде
жығып, бірде жығылып жүріп әлі де есем, кезегім қалды дейтін, татқанынан
татпағаны, көргенінен көрмегені мол, істемек шаруасы әлі тынбаған, қарауыл
төбеге шығып үлгермеген, арманын орындай алмағандар да – кім болса да,
араның ашып жеткен сәтті, шамасы келсе, ақтық сөзін, қоштасуды айтпай
қалмақ емес.
Осындай соңғы сәт, ақырғы минут Исатай басына да келді:
«Жолдасым, жөнел, айналма, мен қалдым… Сен тірі кет… Сенің тірі
кеткенің көңіліме жақсы. Артымда сен қалдың! Ел қалды… Сен елге сәлем
айт!.. Ханның басын алам деген халқыма қарысып, қапыда қақпан басқан едім.
Ел Исатайдың ол күнәсін кешсін!.. Қапыда істеген қатеме қара қазақ баласы
қарғамасын мені!.. Елге осыны айт. Елге жетер ендігі тілім сен! Тез жөнел!» (5-
т., 333-бет).
Көтеріліс басшысы өлім ұстарасы алқымға тақалғанда да жігерлі. Мұрат,
нысананы әлі естен шығармаған. Басқа емес, ауызда екі-ақ сөз: халық, ел.
Қару асынып, жігіттерді бастап, қалың жауға неге шаптым деген өкініш
жоқ. Әділет, теңдік жолында құрбан болғандығын мерей санайды. «Халық» сөзі
бір рет, «ел» сөзі бес рет айтылып тұр. Пьесаның ұзын бойында Исатай мен
Махамбет монологтарында «ел» сөзі үнемі қайталанып отырады. Бұлардың
символдық, жинақтаушылық, лейтмотивтік мәні бар. Тағы да «Еңлік-Кебек»
трагедиясының соңғы нұсқасындағы Нысан абыз монологтарындағы «ел»
сөзінің қолданылу ерекшелігін еске түсірудің артықшылығы жоқ.
Драматург Исатайдың өлім сценасын жап-жақсы, реалистік дәлдікпен,
психологиялық тереңдікпен, өте сенімді бейнелеген. Ұлы Жақиямен қоштасу
монологында ет жүрегі елжіреген әке махаббаты, екі көзден аққан қанды жас
бар.
Халық қаһарының қолбасшысы мерт болып бара жатқанда Байеке
(Баймағамбет) секілді жендеттер ер-азаматты өлтіргендері үшін қандай шен
тағып, қандай шекпен киетіндерін ойлап, көңілдері күпті, тірідей қолға
15
түсірмек. Исатайдың соңғы лебізінде қайғы, өкініш жоқ, келешекке деген зор
сенім, өршіл оптимизм басым.
Ілиястың «Исатай-Махамбет» трагедиясы әлі ешбір әлеуетті әдебиетші,
сарабдал сыншы, орнықты зерттеуші назарына ілікпеген соң, шала-жансар,
жүрдім-бардым, шикілі-пісілі пьесаларға үшкіріп дем салып, жан бітіріп, арсы-
күрсі спектакль жасап жүрген кейбір пысық режиссерден не қайыр, не үміт?!
Қазақ театрының талантты сыншысы марқұм Қажығұмар Қуандықов
кезінде «Исатай-Махамбет» трагедиясы туралы көпшілікке жар салып, ағынан
жарылып, екі мақала жазып еді («Театрда туған ойлар», А., 1972, 51-56-беттен).
Оған құлақ асқан кісі болған жоқ.
Абзалында Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» трагедиясы өмірлік
фактілерінің
дәлдігі,
оларды
сұрыптауы,
кейіпкерлерді
даралауы,
драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы – жалпы маңызы
жөнінен осы тақырыпқа арналып бұрын-соңды жазылған, М. Ақынжановтың
«Исатай – Махамбет», Ғ. Слановтың «Махамбет», Б. Аманшиннің «Жақия»
пьесаларынан шоқтығы биік туынды десек, бұл – ұлы ақынның аруағы алдында
бас ию емес, шығарманы нақты анализ жасаудан туған дәлелді тұжырым, әдеби
дамудың шындығы.
Қай жазушының болмасын талантын қалыптастыратын оның өскен ортасы,
алған тәрбиесі, білімі, өмір жолдары. Әсіресе, жас күнгі әсер, балғын шақтағы
сезім тайға басқан таңбадай із қалдырады. Ауызекі айтылған бір сөз, әлдеқандай
көрініс, ұсақ деталь, кей адамдардың портреті, мінезі, айтқан әңгімесі, дәл сол
естіген, көрген сәтте елеусіздеу болғанмен кейін уақыт озған соң қайта
жаңғырып, өзгеше қырымен көрініп, қаламгер санасында көркемсурет
тудырады. Бұл құбылыстың өз бастарынан өткендігін Лев Толстой да, Максим
Горький де, басқа да көптеген шығармашылық адамдары әр кезде айтқаны
белгілі.
Абай дүниеден көшкенде Мұхтар жеті жасар бала, ата-ана бауырындағы
тентек. Әрине, бойындағы табиғи дарынымен Әуезов Қазақстанның қай
бұрышында туса да жазушы болып шығатыны сөзсіз еді, бірақ оның
Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы ақын Абаймен жерлес болуы
шығармашылық тағдырында айрықша қызмет атқарған фактордың бірі.
Шығыс әдебиетінен жақсы хабардар, көзі ашық, ғұлама, шежіре атасы
Әуездің қадағалауымен Абай өлеңдерін ес білгеннен жаттау бала Мұхтардың
сөз қасиетін, өлең қадірін ерте білуіне зор ықпал еткен. Құнанбайдың кіші әйелі
Нұрғаным Әуездің қарындасы, сондықтан Абай аулымен Омархан аулы қазақ
әдетіндегі жиендік-нағашылық реттегі қарым-қатынасты көп жасайды. Мұхтар
Абайдың кенже ұлдары Тұрағұл, Мекаилдардың өкшесін басып ер жете
бастайды.Әйгерім, Еркежан, Кәкітай, Көкбай, Қатпа, Баймағамбет, Шәкәрім –
бәрі де Абайдың тірі көздері еді. Осылардың қайсысы болсын ұлы ақын, алып
жүректі азамат, қамқор әке, ойшыл ата Абай жайындағы хикаяның бұлағындай.
Мұхтар Семейге оқуға он бір жасында барады, бірақ ол демалыс кездерінде
айлап келіп Шыңғыстауда жататын болған. 1922 жылы Ташкентке, одан
Ленинградқа кеткенге дейін Мұхтардың туған аулымен байланысы бір елі де
алшақтамайды. Мұхтар Абай аулына күйеу, ол Мағауияның қызы Кәмешке
үйленіп, артынан ажырасып кетеді.
16
Бұл деректер, жеке фактілер қазақ әдебиетінің болашақ тарихы үшін зор
роль атқарған жайттар еді. Жомарт табиғат ұлы Абай туған жерге тағы бір ұлы
талант беріп, соның ұғымтал жүрегінің алдына данышпан бабасының өмірін
жайып тастай салған. Зор мағыналы, үлкен тірлік кешкен Абай туралы нақты
әңгімелердің, болған оқиғалардың ізі әлі суымай жатып, дәлелді, шын қалпында
жас суреткер зердесіне құйылды. Білім қуып, қоғамдық қызметке енді араласа
бастаған Мұхтардың дәл сол жылдарда болашақ шығармасының өмірлік
материалдары дариясында жүзіп жүргенін білмеуі де мүмкін.
ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамына Абай сынды данышпан ақынның өзі қалың
елге түгел таныс емес-ті. Петербургте 1909 жылы кітабы басылғанға дейін Абай
аты Шыңғыстаумен көршілес елдер Арғын, Найман, Керей руларының
арасынан алысқа ұзап шыға алмады. Қайта, оған қарағанда, Мекеде тақия
(мінәжат етуге барған мұсылмандар жататын үй) салғызған Құнанбай қажы
есімі мәшһүр еді.
Көзі қарақты адамдар Абай атын біртіндеп біліп, шығармаларымен
танысып, ризалық көңілмен оған жекелеген жыр арнай бастайды. Т.
Жомартбайұлының «Замандастарға жауап» (1912 ж.), Б. Айтқожаұлының «Абай
қандай?» (1915 ж.), С. Дөнентаевтың «Абайға» (1918 ж.) деген өлеңдері ұлы
ақын жайлы баспа жүзін көрген алғашқы шығармалар. Бұлардың көркемдік
дәрежесі, идеялық қазығы әр деңгейде, бірақ әдеби факті ретінде қымбат,
қызық. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов мақалалары басылды. 1937
жылы Мұхтар Әуезов болашақ романының бір тарауы «Татьянаның қырдағы
әнін» жариялағанға дейін Абай туралы көптеген арнау өлеңдері жазылғанымен,
көлемді шығарма туған жоқ.
Әуезовтің Абайды тануы әуелі өлеңдерін жаттау, Шыңғыстау еліндегі
әңгіме-аңыздарды тыңдап жадыға тұту, жор-жолдас, ағайын-туыс, көз
көргендермен әңгімелесуден басталып, бірте-бірте зерттеушілікке ойысады.
Абай дүние салған кезде Семей географиялық қоғамның хабаршысында
жарияланған некрологтан соң, 1909 жылғы Абайдың кітабының тұңғыш
басылуына Кәкітай жазған өмірбаяннан кейін Абай туралы үлкен сөз «Абай»
журналының бетінде айтылды.
Бір мақала «Абайдың өмірі және қызметі», екінші мақала «Абайдан кейінгі
ақындар» деп аталады. Қол қойған – Екеу. Бұл мақалаларда Абай өмірінің
бірталай қыры сөз болып, оның поэтикалық мұрасының аса құндылығы
көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалады.
Мұхтар «Абай» журналына белсене қатынасып, әр түрлі тақырыпқа өндіре
мақала жазған. Журналдағы Абай туралы мақалалардың авторының бірі –
Мұхтар сияқты. Бір номерде бірнеше материал жүргендіктен ол кейде «М.Ә.»
деп, кейде, «М.» деп қол қойған. Бұған қоса Әуезовтің «Айғақ», «Арқалық»,
«Қоңыр» «Жаяу сал», «Арғын» деген псевдонимдері белгілі. Ол бірталай
әңгімелерін, мақалаларын, өзі жинаған фольклор нұсқаларын жасырын
аттарымен жариялай беретін болған. Бұл жайт жиырмасыншы жылдардағы
қазақ қаламгерлерінің бәрінің де басында бар.
«Екеудің» бірі Әуезов дегенде, біздің тиянақ тұтар дәлеліміз –
мақалалардың стилі. Мұндағы көптеген сөз кестелері, тіл орамдары, тұтас
тіркестер Мұхтарға хас болып келеді. Пікірлер, ойлар, пайымдаулар, көптеген
17
сөйлемдер кейін Мұхтар аты-жөнін көрсетіп жазған «Қазақ әдебиетінің қазіргі
дәуірі», «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай ақындығының айналасы» деген
еңбектерінде қайталанады. Автор саналы түрде қайталап, бұрынғы ойларын
тереңдете, айқындай дәлелдей түскен секілді.
Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Абай төңірегіндегі көп шудың,
кейде әдеби талас арнасынан шығып кеткен даңғаза даудың ішінде, әрі тарт,
бері тарт айтыстың арасында Мұхтар Әукезов мақалалары өзінің бірталай
қасиетімен оқшау көрінеді. Абай поэзиясының әлеуметтік мәнін ұғынуда
Әуезов кейде олқы соқса да, томаға тұйықтыққа түсіп кетпейді.
Ең алдымен, Әуезов жиырмасыншы-отызыншы жылдарда Абайдың
ғылыми өмірбаянын жасады. Пушкин орыс әдебиеті үшін қандай қызмет
атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғанын орнықты
дәлелдеп берді. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық
мәдениетінің ер жетуіне абай жасаған шығармалардың қаншалықты әсері
барлығын көрсетеді. Абай поэзиясы ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс
әдебиеттерімен байланыста қарастырылды. Бұған қоса, Әуезов ел аузынан
Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жинап, әуелі журналдарда бастырды да, 1933
жылы тұңғыш толық жинағын шығарды.
Творчестволық қадамы 1917 жылы басталған әуезов публицистика, проза,
драматургия салаларымен қоса әдебиеттану, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар
жүргізеді.
Қырқыншы
жылдарға
дейін,
әсіресе,
Абайдың
өмірін,
шығармашылығын туған халқына жеткізу жолында басқа ғалымдармен бірге
Мұхтар Әуезов мол еңбек етті. Айрықша белсенді еңбек етті.
Бала күнінен бергі өзіне ет жақын стихия, сол объектіні жиырма жылдан
астам зерттеу бірте-бірте Әуезовтің Абай туралы шығарма жазу ниетіне алып
келеді. Бұл өзі аса күрделі, ерекше қат-қабат шығармашылық құлшыныстан
туған шабыт. Тегінде фактілерді білу, тарихқа қанық болу бар да, бұған қоса, ең
бастысы, тақырыппен іштей бауырласу, үнге үн қосу бар ғой.
Сірә, Әуезовтің Ташкентте «Шолпан», «Сана» журналдарын шығарып
жүрген кезінде, Ленинград университетінде оқып жүрген кезінде, шаршап бір
демалған шағында Шыңғыстаудың қалың қатпар, сұлу қойнаулары, маң жазық,
арда биік, қасқа бұлақтары көз алдына елестеді ме, кім білсін?
Солтүстіктің ақ түнінде, Нева жағасында қыдырған уақыттарда қыр
ұлының есіне алтыбақан, ақсүйек ойындары түспегеніне кім кепіл?!
«Соғыс пен бейбітшіліктегі» аң аулау сценаларын оқығанда, сонау бір
қыста өзінің де Шығыс сыртында, Бақанас өзені бойында салбурынға
барғандағы қызық оқиғалары жадына қайта оралып, аңшы жігіттердің мінездері,
қылықтары, сөздері бәз қалпында тірілгенде, Мұхтар ұзақ ойланып қалмады ма
екен?
Бәрінен де «Соқтықпалы соқпасыз жерде өскен, мыңмен жалғыз алысқан»
Абай, Абай тағдыры ойландырған шығар.
Қараңғылықтың қапас түнінде лаулап жанған шамшырақ – Абай бойына
қазақ халқының небір асыл қасиеттері, армандары, идеялары ғажап келісіммен
ұялағандай. Абай туралы жазу – қазақ халқының ары туралы жазу еді! Салқар
көштей ұзақ тарихтағы самаладай жарық жұлдыз туралы жазу болатын.
Материал жинау, объектіні білу қиындығы бір төбе, Абай сынды
18
интеллектуалды адамды көркем шығармада бейнелеу үшін, алдымен, автордың
таланттылығының үстіне зор биік мәдениетке жетуі, ғылымның көп саласынан
хабардар болуы, бір сөзбен, төрт құбыласы тең болуы шарт еді. Отызыншы
жылдардың аяғында Мұхтар Әуезов барлық жағынан толысып, өмірдің өріне
беттеген. Бір жағынан – қуаныш рақат, бақыт, екінші жағынан мұң, қайғы, жапа
оның өз басына жеткілікті болатын. «Соқтықпалы, соқпақсыз» өмірді Мұхтар да
кешкен-ді. Сондықтан Әуезовтің рухани дүниесінің байлығы, шеккен мың сан
күйлерінің қалыбы оны Абай өмірін шығармаға арқау етуге беттеген күштердің
бірі деп білуіміз ләзім. Әуезов Абай өмірі жайлы шығарма жазу тақырыбымен
өртене сүйген ер жігіттің ғашығына деген ыстық махаббатындағы жалындай
құштарлық сезімімен емірене табысты.
Шығыс, батыс әдебиеттерін жетік білетін, Ленинград университетінің
түлегі Мұхтар Әуезов пен мәдениетті орыс семьясынан шыққан, бұрынғы флот
офицері Леонид Соболевтің достығы иықтас, деңгейлес, пікірлес адамдардың
арасындағы мағыналы, аяулы достық боп бекіді.
Екі әдебиеттің екі үлкен жазушысы бірігіп, «Қазақ әдебиетінің очерктері»,
«Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген ғылыми еңбектер жазды. Бұған
қоса, Соболев Москвада шыққан «Қазақ әдебиетінің антологиясын», Абай
Құнанбаевтың өлеңдері мен поэмалары жинағын редакциялады.
М. Әуезов пен Л. Соболев арасындағы шығармашылық достықтың тамаша
жемісі олардың 1939 жылы бірігіп жазған «Абай» трагедиясы. Пьеса қазақ
академиялық драма театры сахнасында 1940 жылы қойылды. Шығарма орыс
тілінде 1941, 1944, 1948, қазақ тілінде 1950, 1960 жылдары жарияланды.
Қазақша басылған екі нұсқаның арасында ешқандай айырма жоқ, олар
дәлме-дәл келеді. Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінің архивында «Абай»
трагедиясының үш түрлі нұсқасы сақтаулы тұр: 102-103 санды папкада
Әуезовтің өз автографы бар, 99-100 санды папкалардағы нұсқалар латын
әрпімен машинкаға басылған.
Осылардың ішінде ғылыми жағынан ең бағалысы 102-103 санды папкадағы
нұсқа. Бұл Әуезовтің жартылай сұр, жартылай қоңырқай қағазға бастан-аяқ қара
қарындашпен араб әрпімен жазған «Абай» трагедиясының автографы. Әр бетте,
әр жерде сиямен өзгерткендері бар. Қызыл қарындашпен қысқартулар жасаған.
Қолжазба 94-бет.
Алғашқы беттегі: «Абай» 4 акт, 7 суретті трагедия. Алматы – Мәскеу. 1939
ж» деген жазудан соң, оқиғаға қатысатын адамдардың аты-жөні, жас шамасы
келеді. Бұл қысқа мінездемелер баспасөзде жарияланған нұсқалардағы
қалпымен, негізінен бірдей. Айырмашылық мынада: қолжазбада пьесаның
жарияланған нұсқасындағы Әйгерімнің орнына Еркежан, Оразбайдың орнына
Ерден, Долговтың орнына Долгополов алынған.
Пьесаның қазақша баспасөзде жарияланған нұсқасында қолжазбадағы
айтылмыш қаһармандар аты неге өзгертілді? Алдымен Еркежан жайлы.
Еркежан – Оспанның бәйбішесі. Күйеуі өлген соң әмеңгерлік жолымен інісінің
орнын баспақ болған қайнағасы Тәкежанға көңілі толмайды. Абайдан өз басын
кепілдікке алуды өтінеді. Сұлу, қылықты, мінезді, көзі ашық Еркежан тіршілікте
Абай үшін көп жақсылық жасаған адам. Байсалды, жарасты көңілмен кейін олар
ерлі-зайыпты өмір сүрген, Абай басындағы бұл тарихи жайт «Абай жолы»
19
эпопеясында көрсетілмейді.
Әуезовтің ұлы ақын, данышпан Абайдың образын жасау үшін өмірлік жеке
фактілерді типтендіру заңына сәйкестендіре сұрыптауға қақысы бар еді.
Пьесаның қолжазбасындағы Еркежан мен жарияланған нұсқадағы Әйгерімнің
аттары ғана бөлек, олардың оқиғаға қатысы, басқа қаһармандармен байланысы,
айтатын сөздері, монологтары бір. Басты мақсат – Абайдың өмірлік жарының
бейнесін жасау болған.
Ерден – оразбайдың да аты екі түрлі болғанмен, бұлар да бір-ақ қаһарман.
Айдаудағы революционер Долгополовтың фамилиясын Долгов деп өзгерту бұл
образды нақты бір адамның дәлді портреті емес, Абайдың орыс достарының
жинақты бейнесі екендігін көрсетуден туған.
Пьесаның қолжазба тексі мен жарияланған тексінің арасында кереғар,
үлкен алшақтық жоқ десе де болғандай. Төрт акті бойында өтетін оқиғалар,
қилы ситуациялар, қаһармандардың бір-бірімен қарым-қатынасы, пьеса
сюжетінің жалпы желісі, конфликтінің өрбуі, қаһармандардың сөздері, тұтастай
алғанда, қолжазба мен пьесаның жарияланған нұсқасында ыңғайлас келеді.
Айырмашылықтар қандай?
Қолжазбадағы бірқыдыру диалогтар, кей көріністер кейін пьесаға енбей
қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |