Шығыс ақындарынша


ӨЛЕҢ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ



Pdf көрінісі
бет3/21
Дата03.03.2017
өлшемі465,07 Kb.
#6357
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

ӨЛЕҢ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ
САРАСЫ
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Əуелі аят
64
, хəдис
65
— сөздің басы,
Қосарлы бəйітмысал
66 
келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы.
Мешіттің құтпа
67 
оқыған ғұламасы,
Мүнəжəт
68 
уəлилердің
69 
зар наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Əрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты əркімге арнап.
Əр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін, жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар Құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар дандақ.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Əншейін күн өткізбек əңгімеге
Тыңдар едің əр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.
Амалдап қарағайды талға жалғап,
Əркім жүр алар жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап,
Қақса-соқса, бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп "жау мұндалап".
Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап —
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

HAЗAPFA
Мынау келген Назар ма,
Ақсақалды ауыл азар ма?
Сұрағаның бір-ақтай,
Бермейді деп сазарма!
1888

БІРЕУДІҢ КІСІСІ ӨЛСЕ, ҚАРАЛЫ —
ОЛ
Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге əнге салады ол?
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр — қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
Бала туса, күзетер шілдехана,
Олар да өлең айтар шулап жана.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бəрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.
Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да, ұддасынан
70 
шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп, құп алмайсың?
Өлең деген — əр сөздің ұнасымы,

Сөз қосарлық орайлы жарасымы.
Сөзі тəтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Қарны тоқ хасса
71 
надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға
Таппай айтпа оған да айтар кезді.
Сый дəметпе, берсе — алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол əнін сатып нəрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.
Əттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі əр жерде-ақ көрініп тұр-ау!
Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ əуел баста-ақ.

КҮЗ
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бəйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы
72 
жүр — ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.

От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
* * *

ҚАРАША, ЖЕЛТОҚСАН МЕН СОЛ
БІР-ЕКІ АЙ
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай —
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кəрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,

Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Əкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит бол сын, азғыр, азғыр!
Асын жөндеп іше алмай, қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін, құдайым-ай!
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.

ҚЫС
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар,
Кəрі құдаң қыс келіп, əлек салды.
Ұшпадай
73 
бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып, ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Əуес көріп жүгірген жас балалар
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай, теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!

Ит жегенше, Қондыбай, Қанай
74 
жесін,
Құр жібер мына антұрған кəрі шалды.

КҮЛЕМБАЙҒА
Уағалайкүмүссəлəм,
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ
Ата менен бабаңда.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң, жаман ба?
Қалжыңдаймын əншейін,
Оған келе де бермес шамаң да.
Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып.
Ояз келсе, қайтер ең,
Айдаһардай ысқырып?
Отырасың үйіңде,
Өз-өзіңнен күш кіріп.
Босқа-ақ түсіп қаларсың,
Біреу кетсе үшкіріп!..

КӨКБАЙҒА
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Əсемсіп, сəнсіп,
Білгенсіп, бəлсіп,
Əр нəрсенің орынын,
Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.
* * *

ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ
Желсіз түнде жарық ай,
Сəулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, əн қосып
Үрген ит пен айтаққа,
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып;
Сөз айта алмай, бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
* * *

ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау.
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шардақ жəне шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқан босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берерменде бесеусің,
Аларманда жəне алтау.
Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.

Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?
Қайта кірер есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.
* * *

БОЛЫС БОЛДЫМ МІНЕКИ
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады, елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Əлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Жай жүргенде, бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
„Ояз шықты, сыяз бар",
„Ылау" деп, „үй" деп дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тың тұяқ күнім, сүйтсе де,
Қарбандадым өкімдеп.

Старшын, биді жиғыздым:
„Береке қыл" деп, „бекін" деп,
„Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бəрің күтін" деп.
Қайраттанып, халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
„Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін" деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
„Бергем жоқ, — деп, — белімді".
Мақтанамын кісімсіп
Оязға сөзім сенімді.
Көрсеттім деймін, ымдаймын
Кəдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның көтіне көрінді.
Қазақты жеген қайратты „ер"
Ұрынды да берінді.
Əрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.

Алқыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бəрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді.
Күн батқанша шабамын
Əрлі-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып
Ат көті жалпылдап.
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап.

Ашылып омырау, күн ыстық,
Қойын кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап,
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Сөйлесе кетсе бір жерде,
Ағыны қатты аңқылдап.
Оязға кірсе, өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап.
Елің бұзық болған соң,
Ояз жатыр шартылдап.
Табаныңнан тозасың,
Құр жүгіріп тарпылдап.
Антұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпеймін.
Момындық күшті екенін
Көрсем дағы күтпеймін.
Сыяздан соң елімді
Қысып алып кетпеймін.
Əуелде көті бос кəпір,
Мықтыға не қып беттеймін?
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін.

Ояз бардағы қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кəкір-шүкір, көр-жерді
Пайда көріп ептеймін.
Мынау арам, тентек деп,
Еш кісіні теппеймін.
Өзімдік бол деп ел жиып,
Құрастырып, септеймін.
Бұзақының бүлігін
„Жақсы ақыл" деп, „құп" деймін.
Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім əлгі, ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар.
Ақыл айтар туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.

Кəтелешке көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкəр?
Ел жайылды, жетпей ме
Оязға да бір хабар?
Тағы бүйтіп кеттің деп,
Қозғау салар, қолға алар.
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірлі болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мəлім, тентектер
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар.
Бұрынғыдай дəурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.

Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды.
* * *

БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА
Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген — білген-ақ,
Надан — надан-ақ, сан қылса.
Оқыған білер əр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шəргезді.
Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеме болмас,
Адамсып босқа талтаңдар.
Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ — теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп ізденер,
Тиын ба, яки бір сом ба?
Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп,
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп.
Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш,

Бұлықсып, бұлданып босқа,
Өзімшіл, оңбаған шерміш.
Кісіде бар болса талан,
Отырмас ол бойын балап.
Жүрер, əрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап.
* * *

МƏЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ
Мəз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға.
Таң қаламын қампайып,
Жоқты-барды шатқанға.
Үйі мəз боп, қой сойды
Сүйіншіге шапқанға.
Əуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.
Еш нəрсе емес жұбанар
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар,
Бір дəмдіні татқанға.
Көзі барлар ойының
Күлер көтін ашқанға,

Қасиетін бойының
Бекер төгіп шашқанға.
Қуанарлық қыз емес
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес
Түсірмекші қақпанға.
Осы да есеп бола ма
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса, жолама
Бос желігіп шапқанға.
Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, оның қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.
Ол "болдым-ақ" дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.
Жайы мəлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар
Жол табар деп сасқанда?

Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.
* * *

БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Жүрегі — айна, көңілі — ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?
Əбілет басқан елерме
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?
"Айтшы-айтшылап" жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар
Ұйқылы-ояу бойкүйез.
Жас баладай жеңсікқой,
Байлаулы емес ақыл, ой.
Ойлағаны — айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез.
Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тəйірі алғыр,

Шығып кетер я қалғыр,
Оған ақыл — арам без.
Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.
"Ой, тəңір-айшыл" кер есек,
Қулық, сұмдық не өсек
Болмаған соң, бір есеп —
Мейлі қамқа, мейлі бөз.

СЕГІЗ АЯҚ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған —
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бəһра
75 
ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса, көнді,
Жұрт айтса, болды —
Əдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.
Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл —
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарым ес,
Өз ойында ар емес.
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек —
Құмардан əбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан
76 

Аңдығаны, баққаны.

Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кəсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дəулет, нəсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол — бай тап,
Адам бол — мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бəрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.

Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Жұмыссыз сандал,
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге?
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөн дерге.
Үш-төрт жылғы əдетің
Өзіңе болар жендетің.
Ауырмай тəнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.

Сүйеніп күлкі тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
Қайратым мəлім,
Келмейді əлім,
Мақсұт — алыс, өмір — шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес.
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға,
Əлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.
Сөзуар білгіш,
Закүншік, көргіш
Атанбақ — мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің, баптанбақ.

Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
Көмексіз көзің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай, басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол қаны бұзық ұры-қар,
Қапысын тауып, сені алар.
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Жəне тұрып жалпылдап;
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып салпылдап —

Абұйыр қайда, ар қайда?
Əз басыңа не пайда?
Ит үрсе, бала
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп.
Ұрысқансып „ой" деп,
„Ұят" деп, „қой" деп,
Үлкендер тыяр „тек" десіп.
Оны білсең, мұның не?
Мен де ұят іс қылдым де.
Білгенге жол бос,
Болсайшы қол бос,
Талаптың дəмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім — күн емес.
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім.

Екі кеме құйрығын
Ұста, жетсін бұйрығың.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас — бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Мамықтан төсек,
Тастай боп кесек,
Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мəз болып өзі,
Ойланар елдің сиқы жоқ.

Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде — жан жалдау.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым — тап шыным!
* * *


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет