Шығыс ақындарынша



Pdf көрінісі
бет5/21
Дата03.03.2017
өлшемі465,07 Kb.
#6357
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

ТАТЬЯНА СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Тəңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мəлім кеткенің,
Кінəсі жоқ жас адамды
Қатты соққан не еткенің?
Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді ұзатып.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым өлмей əрең,
Қатты батты тырнағың.
Бұл кінə емес, əншейін наз,
Сағынамын, айтамын.
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын, қайтемін.
Сен шошыдың ғашығыңнан,

Өзге жұрттан қамшы жеп.
Мен де сорлы нəсібімнен,
Жатқа тидім алшы деп.
Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар?
Өз қораңның қақпасын сен
Қатты жаптың, не айтайын.
Жат қораның тақтасын мен
Жастанамын, қайтейін.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы бақыты кем.
Еш қызыққа арманым жоқ,
Бəрі де бар формының.
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян сорлымын.
Жаным ғашық асылым ең,
Жар есігін бермедің.
Сорға біткен ғашығымсың,
Неге тым кеш сермедің?
Жат есікті жəне қорып,

Жара салма сен маған.
Жұрт жамандар жатқа жорып,
Жалынамын мен саған.
Үшбу қиял келсе басқа,
Сен жүдер деп мен үшін,
Болар еді қайнамасқа
Мыс қазандай сорлы ішім.
Ғашық-ақпын, еш күмəнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін.

ЛЕНСКИЙ СӨЗІНЕН
(А. С. Пушкиннен)
Барасың қайда, қайда болмай маған,
Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған?
Келер күн келеді екен не дайындап,
Қараңғы, қарағанмен, болжай алман.
Мінеки, келіп қалдық атар таңға,
Жарқырап күн де шығар тірі жанға.
Табытқа салып алып, əлде мені
Апарар сырын білмес бір далаңға.

ОНЕГИННІҢ ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып, сүйіп.
Бойым тұр дал болып ұйып,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп.
Қылдың арам ойыңды,
Бір бұрмадың мойныңды.
Сен ақылмен көңіліңді
Тыйып, жеңдің бойыңды.
Мен бұрылып түзеле алман,
Қайтсін дедің сорлыңды...
Атам, анам — қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
1890

БАЙ СЕЙІЛДІ
Бай сейілді,
Бір пейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып, елін қармады.
Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ бір қисап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс,
Үйден үрген итке ұсап.
Өзі ұлыққа
Қадірі жоққа
Қарамай, өз халқына
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.
Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,

Пəле салып,
Аңдығаны өз елі.
Шашты барын,
Берді малын
Боларында жұртына.
Еміреніспес,
Енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Өтті өмірім,
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне,
Жасы құрбы,
Жаны тұрғы,
Дос па деген кісіге.
Ел керексіп,
Сөзге емексіп,
Не болады мақтаның?
Пейілі шикі,

Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?!
* * *

ЕМ ТАБА АЛМАЙ
Ем таба алмай,
От жалындай,
Толды қайғы кеудеге,
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай
Пендеге.
Босқа ұялып,
Текке именіп
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Тұра қаштым
Жалма-жан.
Ұйқы, тамақ
Қалды тым-ақ
Керегі жоқ іс болып,
Жай жатпағым,
Тыныш таппағым
Күш болып.
Жас жүрегім
Жанды менің,
Жай таба алмай, япырым,
Өзің оңда

Жақсы жолға
Ақырын.
Жас теректің
Жапырағы
Жамырайды, соқса жел.
Түсті мойын,
Толды қойын,
Ақты сел.
Мен паң едім,
Бейқам едім,
Еш нəрседен қайғысыз.
Тез дерттендім,
Кейде өртендім,
Кейде мұз.
* * *

КЕЛДІК ТАЛАЙ ЖЕРГЕ ЕНДІ
Келдік талай жерге енді,
Кіруге-ақ қалдық көрге енді.
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып Тəңірім берген-ді.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам
Біздің сөзге ергенді.
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық міне белге енді.
Енді аяңда, жығылма,
Сыймас жерге тығылма,
Қой бұрынғы желгенді!
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді!
Балапан құстай оңдалып,
Қанатыңды қомданып,
Жатпа ұяда қорғанып,

Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар,
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі, сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы-дерт пысып,
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тербенді.
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп
Əулекі, арсыз елге енді?
Тыныштық сүймей, қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пəледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген-ді.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Əлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді.
Əзелде Тəңірім сорлы етті,
Арсыз елмен əуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар —
Өтірік пен өсекке
Бəйге атындай аңқылдар,
Тұла бойым шіміренді.
Барма топқа шақырмай,
Жат үйінде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай,
Жатуға шықпай үйде енді?
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар едің өз басың,
Сонымен тең біз де енді.
* * *

ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған
Хас надан нені ұға алсын.
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Əр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Əуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар — мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Heшe түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!
* * *

КЕЙДЕ ЕСЕР КӨҢІЛ ҚҰРҒЫРЫҢ
Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат — өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз дүниедос —
Хайуанға оны қосыңдар,
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан — бəрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.

ЖАЗҒЫТҰРЫ
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып;
Түйе боздап, қой қоздап — қорада шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мəз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз
85
.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бəйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда — бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дəулет өнер.
Безендіріп жер жүзін Тəңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне əкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бəрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң Тəңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар əуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай.
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.
Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жұлдыз көті қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Күн — күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізің.
Қызыл арай сары алтын шатырына
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
* * *

АСҚА, ТОЙҒА БАРАТҰҒЫН
Асқа, тойға баратұғын
Жаны асығып жас жігіт.
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі — үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген Құданың
Жазылған қандай жарлығы,
Есіткен жоқ құлағың.
Қалындық құшып-сүюге
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні демалмай,
Бітіруге жүр күштеп,
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла əмірін өзгертпес.

Айтқаның болар ма екен деп
Мен қорқамын, көз жетпес.
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін.
Ескермей өзге дүниені,
„АҺ!" деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді.
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді...
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі танымас.
* * *

АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ
Ата-анаға көз қуаныш —
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің əр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дəме етті,
Босқа өтті.
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса,
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса —
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!
Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла —
Не пайда?
Зарланарсың, ойланарсың,
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тəңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз пенде
Көрдің бе
Өмірінде?
Тəңірі сорлы етсе, пенде
Не бітірер құр жылап?
Жігері жоқ, ақылы кенде,
Жамбасыңнан жат сұлап!
„Бір жаман мен бе?"—
Дедің бе
Көңіліңде?
* * *

ТАЙҒА МІНДІК
Тайға міндік,
Тойға шаптық,
Жақсы киім киініп.
Үкі тақтық,
Күлкі бақтық,
Жоқ немеге сүйініп.
Күйкентай күтті,
Құс етті,
Не бітті?
Атамыз бар,
Молдамыз бар,
Айтқанына көнбедік.
Арт жағында
Біз соған зар
Боламыз деп білмедік.
Ұрланып қаштық,
Жолғастық,
Шуластық.
Жазу жаздық,
Хат таныдық,
Болдық азат молдадан.
Шала оқудан

Не жарыдық,
Қалғаннан соң құр надан
Бағасыз жастық —
Бозбастық,
Адастық.
Бозбалалық —
Қыз қарадық,
Қалжың, əзіл сөйлестік.
Ат жараттық,
Сəн тараттық,
Əуейілік күйлестік.
Көңілге келер,
Кім жолар,
Кім көнер?
Қайын бардық,
Қатын алдық,
Енші тиді аз ғана.
Шаруа атандық,
Енді ойландық,
Қала берді бозбала.
Бұрынғы қайда?
Ойбайла —
Не пайда?
1891

* * *

ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ
Заманақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа —
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы — ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей, несі өнер?
Сиырша, тойса — мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп, секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
* * *

КӨЗІНЕН БАСҚА ОЙЫ ЖОҚ
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан əуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң əр несі.
Білмейсің десе, желөкпе
Дейді дағы Тəңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе
Иемнің əділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың
86 
түсер сəулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет
87 
кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сəлдесі.
Малқұмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
* * *

ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Əр қиынға салған шақ.
Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке,
Бүгін-ертең жетем деп
Көңілге алған дəулетке.
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын,
„Мен қалайға?" салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса, жарасар.
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кəрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе құрбыға!

Жылмаңы сыртта, іші арам
Кез болар қайда сорлыға.
Досыңа достық — қарыз іс,
Дұшпаныңа əділ бол.
Асығыс түбі — өкініш,
Ойланып алмақ — сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұм-сұрқия, қу заман
Гүл көрінер жігітке.
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нəрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?
Ары кеткен алдағыш,
Мені-ақ алда, сөкпейін.

Балы тамған жас қамыс,
Ормасаңшы, көктейін!
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
„Япырмай!.." деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?!
* * *

ҚЫЗАРЫП, СҰРЛАНЫП
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі,
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі;
Екі асық құмарлы
Бір жолдан қайта алмай,
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай;
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын
Көңілмен танысып;
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып;
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері;
Жанында жапырақ,
Үстінде жұлдыз да

Елбіреп-қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да
Өзге ойдан тыйылып.
Бірімен бірі əуре,
Жүрекке құйылып
Жан рахат бір сəуле.
Жүрегі елжіреп,
Буындар босанып,
Рахатпен əлсіреп,
Көзіне жас алып...
Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің?
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің!..
* * *

КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Əдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бихабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Сан кісі мұңайсын,
Сабырмен шыдайсың.

Күйемін, жанамын,
Еш рахым қылмайсың.
Ақылсыз би болмас,
Сəулесіз үй болмас.
Жүректе оты жоқ
Адамда ми болмас.
Шын ғашық сый болмас,
Сый болса, сыр болмас.
Арызымды айтайын,
Құй болар, құй болмас.
Кең маңдай, қолаң шаш
Я бір кез, я құлаш,
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш!
Қара көз, имек қас,
Қараса, жан тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңілің бөл,

Қалқамның нұсқасын
Көр, көзім, бір кенел.
Қайғың — қыс, жүзің — жаз,
Боламын көрсем мəз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса əуез.
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл, басымды
Жолыңа берсем де аз.
Иісің — гүл аңқыған,
Нұрың — күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.
Қаяусыз қалпынан,
Өзі артық даңқынан.
Қызыл тіл шыға алмас
Мақтаудың шартынан.
Сенсің — жан лəззəті,
Сенсің — тəн шəрбəті.
Артықша жаратқан
Алланың рахматы.
Көрік — Тəңірі дəулеті,
Қылса ұнар құрметі.

Сұлуды сүймектік —
Пайғамбар сүндеті
88
.
Не десем саған еп?
Ғашығың да қайғы жеп,
Өртенген жүрекке
Бір көрген болар сеп.
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім лүпілдеп.
Назына кім шыдар,
Бұраңдап жүр шығар.
Қасқая күлгені
Қылады тым құмар.
Ер емес қымсынар,
Əркім-ақ ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?!
* * *

МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Əдетіне қарысып.
Жан шошырлық түрінде,
Бəрі бірдей еліріп.
Ұстай алмадым бірін де,
Кекиді кейін шегініп.
Əринемен ел кетті,
Қоқиланды, мақтанды.
Қуат бітті, күн өтті,
Жарылқа, Құдай, жатқанды.
Мен — қажыған арықпын,
Қатын-бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып.
Барымта мен партия —
Бəрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Татулықты, тыныштықты
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулықты
Қызық көрер, өңі енер.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?

ЖҰМБАҚ_Алла_мықты_жаратқан_сегіз_батыр_Баяғыдан_соғысып_əлі_жатыр._Кезек-кезек_жығысып,_жатып-тұрып,_Кім_жығары_белгісіз_түбінде_ақыр._Шешуі'>ЖҰМБАҚ
Алла мықты жаратқан сегіз батыр
Баяғыдан соғысып əлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
Шешуі:
Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,
Таба алмасам, ақылды болар неміз?
Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,
Жақсылық пен жамандық — болды сегіз.

ЖҰМБАҚ
Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына іші толған əр түрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен?
Шешуі: темір.

ЖҰМБАҚ
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сəулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен?
Соны білсең — əрнені білгендерің.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет