Шығыс ақындарынша



Pdf көрінісі
бет4/21
Дата03.03.2017
өлшемі465,07 Kb.
#6357
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

СƏУЛЕҢ БОЛСА КЕУДЕҢДЕ
Сəулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сəулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда —
Қызылбастың
77 
салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел —
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел —
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір шөл,
Единица
78 
— жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басыңдық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!
* * *

МЕН ЖАЗБАЙМЫН ӨЛЕҢДІ ЕРМЕК
ҮШІН
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын, алдыңғы айтқанды ұқпай,
Жəне айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Сөз айттым "Əзірет Əлі", "айдаһарсыз",
Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз".
Кəрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Əсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да əуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,

Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бəңгі
79 
күлсе мəз боп,
Қинамай қызыл тілді, кел, тілді ал, қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл, өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сəнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?
* * *

ƏУЕЛДЕ БІР СУЫҚ МҰЗ — АҚЫЛ
ЗЕРЕК
Əуелде бір суық мұз — ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық —
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, aшy да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады əлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
* * *

ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН — ОЛ
ЕКІ ЖОЛ
Ғашықтық, құмарлықпен — ол екі жол,
Құмарлық бір нəпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым,
Мен не болсам, болайын, сен аман бол.
Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр — үміт үзсе,
Дəмеленсе — өртенер күйіп-жанып.
* * *

ҚОР БОЛДЫ ЖАНЫМ
Қор болды жаным,
Сенсіз де менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе Алла,
Не көрмейді пəндə?
Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен,
Бүгілді белім,
Жар тайған соң əр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?
Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені,
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек;
Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол — қылған дəрім
Ғашығымның жанына,

Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?
* * *

СЕН МЕНІ НЕ ЕТЕСІҢ?
Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
Жəне алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
Неге əуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа,
Жəне жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор етесің.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
Кім білер ертеңді?

Өлім айтпас,
Келсе, қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн Бармын,
Жолдас еттің сен бөтенді.
Ғашықтық — қиын жол.
Жетсең — жеттің.
Жетпей өттің,
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір мені сол?
Салдырап аяқ-қол,
Жетпей сертке,
Ішім дертке
Тез толды.
Ажал уақыты
Жетті,
Мен өлейін, сен сау-ақ бол.
Шын жүрек — бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас,
Шегінісіп

Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек?
Білесің, сен зерек,
Мен пəндеңе,
Болды деме,
Кел, қарас.
Ешкім сөгіс
Айтпас,
Рахым қылсаң, кел ертерек!
Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Лəм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Ойыңды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің
Мені іздеп.
Ішінде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош, аман!
Жар, сенің көңілің тоқ,

Ақ етіңді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ.
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тəңірі — қазы,
Тас таразы,
Тентекті Сұрамас деп
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орыны — шоқ.

ЖІГІТ СӨЗІ
Айттым сəлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса, туар — артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.
Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.
Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Лəззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?
Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бəрі рас.

Сіздей жардың жалғанда
Қызығына жан тоймас.
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Тəн шымырлап, бой еріп,
Ішім оттай күйгенде;
Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын,
Жарастықты шүйгенде.
Қылығыңда жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың
Бір сағаттан бір сағат.
Сіз — қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан аймалат!

ҚЫЗ СӨЗІ
Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң, не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Əлде неге бастайсыз.
Біз де əркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз?
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз — жалын шоқ, біз — бір май.
ЬІстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай.
Қабыл көрсең, көңілім жай,
Тастап кетсең, япырмай,
Ит қор адам болар ма
Бұл жалғанда сорлыңдай?
Тілегімді бермесең,
Амалым не жерлесең?
Үйір қылма бойыңа,
Шыны жақсы көрмесең.
Қайғың болар шермен тең,
Қара көңілім жермен тең.

Сенсіз маған жат төсек
Болар бейне көрмен тең.
Сіз — бір сұңқар шаһбаз
80
,
Жер жүзінен алған баж
81
.
Біздей ғаріп есепсіз,
Есігіңде жүр мұқтаж.
Көңілің тұрса бізді алып,
Шыныменен қозғалып,
Біз — қырғауыл, сіз — тұйғын,
Тояттай бер, кел де алып.
Тал жібектей оралып,
Гүл шыбықтай бұралып,
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып...
Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе, оқи бер,
Бозбалалар, қолға алып.
Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып,
Сөзді ұғарлық жан тапса,
Айтса жарар əн салып.
Өлең жиған тырбанып,
Əн үйренген ырғалып,

Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып.
* * *

БІЛЕКТЕЙ АРҚАСЫНДА ӨРГЕН
БҰРЫМ
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кəмшат бөрік, ақтамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі əдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тəтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
* * *

ҚАЖЫМАС ДОС ХАЛЫҚТА ЖОҚ
Қажымас дос халықта жоқ,
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген артта жоқ,
Мысқыл, өсек, айла бар.
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек.
Пайдасынан бой суыт,
Өзі тимей жүрсе тек.
Пайда, мақтан өзінен
Артыла ма ант ұрып?
Жарыса өсек сөзінен
Айта берсін шарқ ұрып.
Кімге достық көп еттім,
Түбі болды бір кейіс.
Жақсы өмірім əуарə
82 
еттің,
Жар таба алмай бір тегіс.
Жау қожаңдап бұртайып,
Дос құбылып, əуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер.
Сыйласарлық тектінің
Кім танымас нұсқасын?

Күнде өзімшіл ептінің
Несін адам ұстасын?
* * *

ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ, ҚАЙДАСЫҢ
Жастықтың оты, қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай,
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.
Махаббат, қызық кім көрер,
Оның да дəмін татпаса,
Біржола басты кім берер,
Жаныңа қайғы батпаса.
Аямай жанын дос ерер,
Жолдастықты ақтаса,
Алдыңа айдап кім келер,
Ерінбей жүріп бақпаса.
Мал бақпақтық шаруа боп,
Адал тауып асықпай.
Құр айғаймен əуре боп,
Өнердің жайын баса ұқпай.
Енді нені істейміз,
Бəрінен де бос қалдық?

„Ауызға келіп түс" дейміз,
Қылып жүріп құр салдық!
* * *

ЖАРҚ ЕТПЕС ҚАРА КӨҢІЛІМ НЕ
ҚЫЛСА ДА
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірə, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
* * *

ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗБАС
ШАБЫЛСА ДА
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,
Тəңірі сақтар, табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Əр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып аз ғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.

ҚАРА ҚАТЫНҒА
Қара қатын дегенге, қара қатын,
Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шарағатын.
1887-1889

ОНЕГИННІҢ СИПАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дəмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кəдік жоқ алдар деген.
Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен.
Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу,
От жалындай жауапкер құрбыменен.
Ғашықтық сөзге жүйрік əсіресе,
„Дем алысым, құмарым — бір сен" десе.
Жанын құрбан жолына қылған жансып,
Көз қарауы құбылар əлденеше,
Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,
Қамыққансыр, қайғырып, орны келсе.
Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,
Қалжыңын білдіртпейді қалай деген.
Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек,
Кісіге балдан тəтті орны келген.
Биттей бойы босаса, сезер сонда,
Жастық жеңіп, көңілді шайқағанда.
Ғашыққұмар, ақыл мен бойыңды алып,

Жылы жауап есітер не қылсаң да.
Емінер, „əй" дегізер, дайын қылар,
Жүрегің қалай соқса, пайым қылар.
Жылы ізін суытпас, дамыл көрмес,
Бір оңаша жолығар жер айтқызар.
Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңіліндегі сабағын айтып тынар.
Жасынан көрсе оны ақылы сасқан
Не сұрқия жандарың жұрттан асқан.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса, жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.

ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН
ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Амал жоқ, қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Əлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Болмады көріп қалуға,
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай көзімді.
Қызықтан қашып, бұл жерге
Көңіліңіз суып келіпсіз.
Мəнісін сұрап бірерге,
Тілдесе алмаймын еріксіз.

Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, əлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Əзелде тағдыр иеден
Қожам сенсің, не керек.
Тіршілігім — құрбандық,
Шыдамай сені көргенше.
Тəңірімнен келген бұл жарлық,
Ием сенсің өлгенше.
Əуелде кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.
Құдайдан болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
„Осы екен ғой — сол" дедім.

Жатқан сайын ұйқыға,
Дұға оқушы ем, шошынып.
Ұнатып мені құлқыңа,
Жүруші едің қосылып.
Түсімде мені жұбантып,
Жылы сөзбен сөйлесіп,
Кетуші едің қуантып,
Қалушы еді көңіл өсіп.
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы?
Əлде азғырып əуре еткен
Жаумысың теуіп, таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Əлде бəрі — алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да өзімді
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып.
Бұл жерде ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін.
Жақтырмай, бұзсаң нұрымды,
Білдірмей, күйіп өтейін.

Күтемін сізден қайта хат,
Қуандырып, дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінə өзімде, өзіме аз.
Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім — сенің бір өзің,
Бөтен жан несіп таба алмас.

ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАУАБЫ
(А. С. Пушкиннен)
Таңғажайып бұл қалай хат,
Мағынасы — алыс, өзі жас?
Сөзі орамды, əр түрі жат,
Жəне əдепті, жəне рас.
Жас жүректің толқынын дөп
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.
Тіл буынсыз, бой — таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол — перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор?
Ішім өлген, құр денем cay,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің.
Пенде көрген бар қызықтың
Бəрін ішкен сұм жүрек.
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай, не керек?!
Тəтті дүние көңілімнен

Кетті менің, нан маған.
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған.
Мен — жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп,
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым етіп.
Бала сүйер, жар сүйерден
Түк неме жоқ, тұр денем.
Сен — тоты құс бақта жүрген,
Қай жерімнен пар келем.
Ерге барған ер танымай,
Ер қызығын кім көрер.
Шығарына жол таба алмай,
Қайғыменен босқа өлер.
Айнығыш ер тартса салқын,
Бал сұрасаң, береді у.
Қазымырлап сөздің артын...
Қасиеттен бетті жу.
Мен — сынық жан, жамағанмен,
Түзеле алман түрленіп.
Теңің емес, біл, саған мен,
Не қыласың кірленіп?!
Əйел өлмес соқпа дерттен,

Сауыға алмас сынған ер.
Мен – көмірмін қалған өрттен,
Енді рұқсат бізге бер.
Сенің өмірің гүлденіп тұр,
Есігін тап, көр қызық!
Менің өмірім — бір суық сұр,
Күзгі күндей тұр бұзық.
Бірге туған мен ағаңнан
Шын досыңмын кем емес.
Соққы жедім сұм заманнан,
Бір жылы сөз ем емес.
Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар!
Бұл заманның қашқыны деп,
Мен ғаріпті есіңе ал.
Менде паңдық, жат мінезден
Дəнеме жоқ, жарқыным.
Осы жазған барша сөзден
Байқалынар бар шыным.
Басы қатты, сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де.
Бар денемнің бəрі — бір мұз,

Қайрылуға жарамас.
Мына дəулет, мына асыл қыз
Болды маған арам ас.
Ол — жас ағаш, бір қызыл гүл,
Жапырағы жаңғырар.
Сорлы Онегин, жолды өзің біл,
Қай тарапқа қаңғырар.

ОНЕГИН СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бəрін;
Кірі жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.
Жасырмай, жастықпенен, нанғыштықпен
Айтыпты шыншыл тілің бар іңкəрін.
Жасырмай жас жүректің жанған жайын,
Айтуға тілің мұнша қайдан дайын?
Жанып, сөніп, суынып қалған көңілім
Қобалжиды хатыңды көрген сайын.
Қалмаған Онегиннің ешбір бағы,
Өтіп кеткен жүректің отты шағы.
Мінсіз тілмен сөзіңді жазыпсың-ақ,
Ұнатпаған жерім бар сүйтсе дағы.
Болса да сəн-салтанат, қызық, əсем,
Тез жалығып айнимын, тұрлауым кем.
Сақтасар, ардақтасар кісі болсам,
Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем.
Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалқып,
Суып қайтар көңілім желше шалқып.
Қуартып, қайғыменен суалтамын
Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.
Құдайдың толып жатыр күні бүгін,

Жігіттің тани алмай кемшілігін,
Бір алып, қадірлемей, тастап кеткен
Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін.
Түксиген өзі суық, сөзі суық,
Келерлік бір жері жоқ жанға жуық.
Өзі антұрған, қызымыр, қатыны сорлы,
Екі өмірдің лайлап суын тұнық.
Сол баянсыз еркектің біреуі — мен,
Жамандығым жақсымнан екі еседен.
Жүрек кірсіз, тіл мінсіз, мінезің — гүл,
Не боласың осындай ерменен сен?
Жаңғырмас өткен өмір, біткен мінез,
Лайықсыз кісіге болыпсыз кез.
Сені жақсы көрейін бірге туған
Ағаңдай, онан басқа жоқ менде сөз.
Жас қыз бен жас бəйтерек — бəрі бірдей,
Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?
Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы
Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.
Бұл сөзде ақыл да бар, ғибрат та бар,
Өзіңе екіншіде пайда болар.
Ақылменен ойласаң тоқтау қылып,
Сүйкімді менен артық жан табылар.

ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАЗҒАН
ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім
Өз басымды қолыңа.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға құдіреттен
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт.
Масқаралап мені тағдыр,
Қылды мазақ, не шара?
Менің үшін сен жауап бер,
Менде сөз жоқ — бишара.

Михрабым
83 
сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме
84
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.
Сен — ағашта піскен алма,
Əзір едің, алмадым.
Құп, кіріптар қылды Алла,
Əлде мені қарғадың?
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді əрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын — қара жер.
Тəңірі добы — бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз, қорлама!
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа.
Ақылы бар, ықтиярлы,
Пенде теппес өз жарын.
Ерік Иеде, пенде зарлы,
Не білер не боларын?

Сорлы адаммын жер жүзінде,
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың — ерік өзіңде,
Қайғысы асқан шерлі едім.
Менің өмірім таянып тұр,
Үзілуге əм жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр
Өлсе, болмас арманым.
Күні ертең бір көрінсең
Сорлы асықтың көзіне.
Тəңірі үшін, шапқатыңмен
Нан ғаріптің сөзіне!
Не болайын, тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын —
Жоқ болса, мен өлейін.
Қорғалап құр өтпе өмір бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос
Таппасаң, өл, жүрме зар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет