Берік Аташ, Қуаныш Әлжан ҒҰмар қараш алматы


Ұстаз болмысы және оның туындыларының



Pdf көрінісі
бет29/34
Дата03.03.2017
өлшемі2,54 Mb.
#6482
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34

5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының 
     бүгінгі күнгі маңызы 
Ғұмар  Қараштың  суфизмге  қатынасы  туралы  ұстанған  бағыты, 
шындап  келгенде,  бүгінгі  әрбір  қазақ  елінің  азаматы  ұстануы  тиіс 
тұжырымдама  және  сопылықтан  кету  ісі  арқылы  ол  тек  өзінің 
өмірін ғана белгілеп қойған жоқ, болашақтағы бүкіл қазақ баласына 
осындай өмірлік жолды таңдауды арнап кетті десе де болады. Бұл, 
сәйкесінше, қазіргі еліміз ұстанып отырған зайырлы қоғам үлгісінің 
белгілі бір бағдары сияқты болып тұрғандай. 
Міне,  бүгінгі  ислам  діні  мен  оның  бұрыс  бағытта  түсін-
дірушілердің  арасындағы  қайшылықты  мәселелерді  шешуде, 
зайырлы  қоғам  ұстанымы  бойынша  білім  беруде  бізге  қажетті 
тұғырлардың бірі – осы. Ендеше, біз сол Ғұмар Қараш сынды діни 
реформаторлардың  арқасында  «исламда  еуропалық-академиялық 
білім алуға бола ма, біз қай жолға түсуіміз керек» деген мәселені 
тартыс  ретінде  ұсынбаймыз,  пікірталас  алаңына  шығармаймыз, 
себебі, ол әлдеқашан өзінің мынадай шешімін тауып қойған: ондай 
білім алуға құқықты ғана емеспіз, белгілі бір деңгейде борыштымыз, 
ислам  діні  оған  қайшы  келмейді!  Бұл  мәселе,  әбден  орнығып, 
шешімін тапқаннан кейін, бүгінгі заманда түк те емес, өте қарпайым 
және өзінен-өзі айтпаса да түсінікті жайт сияқты болып көрінеді. 
Бірақ, сол кездегі діни фанатизмнің қайнаған тұсында, халықтың 
көпшілігінің санасына сіңірілген жат пиғылдың заманында, дүмше 
ишан-молдалар елді алдап, «олардың айтқандарының бәрі заң» деп 
түсінетін  қоғамдық  психология  қалыптасқан  уақытта  бұқаралық 
сананы барынша өзгерткен Ғұмар Қараштың сіңірген еңбегінің зор 
екендігін түсінуіміз қажет. 
Ең  бастысы  қасаң  таптаурындар  (стереотиптер)  мен  діннен 
үрейленушілік санаға (діннің көлеңкесінен қорқып) қарсы шығып, 
оны  өзгерту,  оған  халықтың  көзін  жеткізу  оңайға  түспейтіндігі 
белгілі.  Ғұмар  Қараштың  зайырлы  көзқарастары  ол  кездегі  кез-
келген зиялы қауымның ойына келген болуы ықтимал және келді 
де, бірақ олардың көпшілігінің діни тартыстарда жеңіп шығатын 
дәл  Ғұмар  Қараштай  діни  білімдері  болған  жоқ.  Сондықтан  да, 
ол  өзінің  діни  білімпаздық  ерекшеліктерін  халқы  үшін  оңтайлы 
пайдаланды. Халықты ағартушылық еркін ойға шақырды, дүмше 
молдалардың  ыңғайына,  алдаусыратуына,  Алла  тағала  арқылы 
қорқытып-үркітуіне сенбеуге көзін жеткізе білді. 

314
Ғұмар Қараш
Осы  нұсқаны  бүгінгі  күнгі  де  қолдануымызға  болады. 
Біріншіден,  бұл  нұсқа,  жастар  үшін  жат  пиғылды  дін  өкілінің 
осындай тәсілдерді қолдануын саналы түрде түсініп, оған иланбау 
қажеттігін  бере  алады.  Екіншіден,  қазіргі  таңда  исламдық  діни 
ағартушы немесе дін өкілі кездессе (діни ұстаз, молла, ишан, имам 
т.  б.),  «олардың  бәрі  түгелдей  кіршіксіз  таза  және  айтқанының 
бәрі  абсолютті  дұрыс,  оған  сыймен  қарау  керек»  деген  сияқты 
қалыптасып қалған көзқарасты өзгертуге мүмкіндік береді. Себебі, 
қазіргі таңда да олардың ішінде де әлі теріс пиғылда жүрген шала 
сауаттылары кездесетіндігі жасырын емес. 
Сондай-ақ қазіргі кезде де, дінді сырттай ғана мойындап, ішкі 
дүние тазалығын ұмыт қалдырып, «Алла алдында мақтаншылдық» 
көрсетіп  жүрген  топтар  да  бар  екендігі  рас.  Дүмше  молдалық, 
шын  ниетті  емес  имамдар,  теріс  пиғылды,  бірақ  көзқарастарын 
білдіртпей  жүрген  астыртын  дін  өкілдері,  құр  форма  қуып, 
«исламның шарттарын ғана орындасам болды, қалған нәрселердің 
барлығын, тіпті адамгершілікке жат қылықтар болса да істей берсем 
болады, мені Алла кешіреді» деген сияқты түсінікте жүргендер т. б. 
біздің бүгінгі қоғамымызда да кездесіп отыратын жайт. 
Осы орайда, егер алдымен, ойшылдың мына көзқарастарына 
шолу  жасап  алсақ,  «Ғұмар  Қараштың реформаторлық  идеяларын 
бүгінгі  қоғамға  пайдалану  қажет  пе»  деген  өте  күрделі  және 
тартысты сауалдар туындайды. Ендеше, оның діни ұстанымдарына 
шолу жасап өтпекпіз.
Мысалы:  «..деген  терең  мағыналы  аятына  қарағанда  Аллаға 
шалынған малдың еті, қаны жетпейді, бәлкім ақ ниет, адал жүрек 
жетеді, яғни, малды шалып, қанын ағызу яки табақтап етін тарту 
мақсұд емес, бәлки адам малы-мүлкін қиып, жақсы күндерде алла 
жолына шығаруы мақсұд деген. Бірдің емес, көптің, жалпы жұрттың 
ұлттың  пайдасына  жараған  орынды.  Алланың  өзі  һеш  нәрсеге 
мұқтаж емес... Мұнда һешбір садақа болуға орын жоқ. Сізге мұның 
ғажап  болып  көрінуі,  жасыңыздан  құрбан  деген  қан  ағызу  деп 
басыңызға сіңіп қалғандықтан сізге үйреткен моллалар құрбанды 
шалып, шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың 
кітаптардағы  мың  жыл  бұрынғы  халге,  заманға  қарай  айтылып 
қалған  сөздерді  үйретіп,  осыдан  айрылмай,  тап  осыны  өзгертпе 

315
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының 
     бүгінгі күнгі маңызы 
дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хаджардағы 
мына деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр 
малдар бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?...
бізде, қазір де түрлі орындарда ресми лұқсаты бар қайырымдылық 
қоғамдар ашып, солар арқылы зекет құрбандықтарымыздың пұлы 
жиналып, мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттер оқыту, білікті 
мұғалімдер  алдыру,  пайдалы  кітаптар  бастырып  тарату  бірінші 
парыз», – деген тұжырымдары да реформаторлық сипатты болып 
келеді. 
Сондай-ақ  бәдел-хажы  (хажылыққа  біреудің  орнына  басқа 
біреудің  баруы)  туралы  пікірлерінен  үзінді  мысалға  алуымызға 
болады:  «тіршілікте  хажға  күші  келсе,  әркім  өзі  баруы  керек. 
Ол  ақшаны  бәделге  жіберіп  ысырап  қылғанша,  өз  еліндегі  тиісті 
орындарға  сарп  ету  керек.  Ол  ақшамен  шәкірт  оқыту  керек...
Ол  ақшаны  мұқтаж  көрші  һәм  жақындарыңа  беріп,  аштықтан, 
жалаңаштықтан сақтау керек...Көп уақыттарда халді адамдарымыз 
ақыр ғұмырында бір мың, яки бес жүз сом ақшаны бәдел үшін беруге 
өсиет етіп кетеді. Алайда со адамдардың көрші һәм жақындарында 
нешеулер бала-шағасын асырай алмай, сандалып, әркімнің есігінде 
жүреді» [2, 205–206 бб.]. 
Ал  «Ұлтымыздың  дамуына  байлық-игіліктің  әсері  қандай?» 
деп  аталған  туындысында  діндар  адамдар  үшін  қаржыны  қалай 
жұмсау керектігі туралы өзінің батыл пікірлерін білдіреді: «бір бай 
үлкен мешіт салдырғаннан гөрі бір ұлттық мектеп салдырып, соған 
сабақ  беретін  мұғалімдер  даярланса,  қажетті  кітаптар  алынса, 
газет-журналдар шығарып, арзан бағамен сатса..» [2, 178 б.].
Немесе, жоғарыда атап өткендей, көрген түсіне енгізіп, о дүние 
туралы айтқаны да реформаторлық көзқарасқа келіп түйіседі. 
Нақты айтқанда, 
- Мешіттен гөрі мектеп салдырған дұрысырақ па? 
- «Бәдел қажылық» сапардың, тіпті қажылық сапардың, шығын-
дарын оқу-білімге, қайырымдылық шараларына арнау керек пе? 
-  Құрбандыққа  ретсіз  мал  шалуды  тоқтатып,  оның  құнын 
жетім-жесірге, оқу білімге қаржылай арнасақ не болар еді?
- Оразаны ұзақ күнде ұстамай-ақ, орнына ізгі істер жасаймыз 
ба?

316
Ғұмар Қараш
- Өзіміздің ұлттық мүддеміз бен ұлттық идеяларымызға сәйкес 
келмей қалған, қарсы болған діни өкілдердің пікірлерін дүмшелік 
деп бағалаймыз ба?
-  Жаназа  шығару  сәтінде  молда-имамдардың  қаралы  үйден, 
мал (қаржы) алуы дұрыс па, ол өзінің адал еңбегі болып санала ма?
-  Халықтың  беріп  отырған  пітір,  садақаларын  имамдардың 
қазынасына  емес,  арнайы  есепшот  арқылы  мұқтаж  адамдарға 
тікелей жолдау керек пе? 
- о дүниеге сенбей, дінді тек осы дүние үшін ғана, осы өмірде 
дұрыс сүру үшін ғана пайдалану дұрыс па?
-  сопылық  бағыт  қоғамдық  өмірге  белсене  араласуды 
қолдамайтын  болғандықтан,  ол  қазіргі  өмірге  мүлде 
қолданылмайтын басқаша ұстаным болып табыла ма т. б.
Біздіңше,  бұл  мәселелерді  қозғауы  мен  қоғамдық  өмірге 
енгізуі бойынша алғанда, Ғұмар Қараш тек дін философиясымен 
айналысушы  немесе  реформатор  ғана  емес,  жәдидшілдікті 
қолдаушы және оны халық арасына таратушылығы да аса маңызды 
болып  табылмайды,  ең  бастысы  –  қазақ  қоғамына  қолайлы, 
ыңғайлы,  тиімді,  тарихи  тұрғыдан  қалыптасқан  ұлттық  ислам 
нұсқасын ұсына білуі құнды болып табылады. 
Сондықтан, дәл қазір болмаса да, белгілі бір уақыттардан кейін, 
осы Ғұмар Қараш ұстанған бағыт елімізде өрістеп, нақты қоғамдық 
өмірге  енгізілуі  ықтимал.  Бұл  отанымыздағы  жалған  діншілдікті 
жоюдың бірден-бір тәсілі деп айта аламыз. Себебі, зайырлы ислам 
мен байсалды исламның да басты ұстанымы – діни фанаттықтан 
арылу.  Біздіңше,  ұсынылып  отырған  діни  зайырлылықты  да  шет 
елдерден  үлгі  қылып,  тұтастай  көшіріп  алмай,  оның  да  өзімізге 
қолайлы нұсқасын жасап шығарған жөн. Сонда ғана Ғұмар Қараш 
рухы бүгінгі қоғам келбетіне өз ризашылығын білдіре алады. 
Ойшылдың  осындай  дін  жөніндегі  көзқарастарын  тұтастай 
сараптағаннан  кейін,  бір  қарағанда,  шындығында  да,  кейбір 
зерттеушілер  атап  көрсеткендей,  ол  өмірінің  соңғы  жылдарында 
ислам дініне қарсы қарекет еткен, атеист болған, күпірлік қылған 
сияқты болып көрінеді. Мысалы, Мақсат Тәж-Мұрат оны түбегейлі 
зерттеп,  әсіресе,  діни  көзқарастарын  саралап,  оның  шығу  тегі 
мен  қалыптасу  барысын  талдап,  өмірінің  соңғы  шағында  дінді 

317
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының 
     бүгінгі күнгі маңызы 
аса  қолдамаған,  тіпті  асылық  айтқан  деген  сияқты,  өз  ойының 
қорытындысында  мынадай  пікірлерін  ұсынады:  «Бұл  өзі  жалғыз 
Қараштың  басына  келген  кеп  емес,  бүкіл  жәдидтердің  басына 
келген зауал. Бір кезде жаман ниет қарау адамдардың бұлжымайтын 
шүкіране  мүміндерімізді  оңдыққа  сүйреп,  екіұдай  (енжар)  етсе, 
жаңа талап ізденгіш екпінділерімізді солдыққа сүйреп төңкерісшіл 
қылған. Халықтың тілегімен жұртшыл болу, заманның аңғарымен 
ағартушы  болу  бұйырылған  соңғы  топ  өз  тағдырларын  өздері 
жасамақ боп жүріп хақ дінімізді теріс жорушы қара жүректердің 
әсерімен өзегіне буынқұрт түсіргендерін байқамады...Молда көрген 
Құран оқыған адамдардың осыншама мәлімет келгеннен кейін тура 
жолдан шығуына зауал бар» [2, 174 б.]. Бұл тұстағы автордың ойы – 
Ғұмар Қараш өзінің дінге қарсы әрекеттері үшін өмірден өз жазасын 
алды дегенге келіп саяды. Біріншіден, ол кезде тек Ғұмар Қараш 
пен оның жәдидшіл жақтастары ғана емес, молдалық құрып адал 
жолға түскендер де атылып-асылғандығы, тіпті дінге еш қатынасы 
жоқ қарапайым халықтың қаншамасы құрбан болғандығы белгілі, 
тіпті құдайға құлшылық етіп, одан медет сұрағандар да аштықтан, 
зауалдан қайтыс болғандығы тарихта анықталған жайт.
Екіншіден, Ғұмар Қараш атеист болды дегеннің өзінде мынадай 
пікірді  келтіруімізге  болады.  Дүниежүзі  бойынша  әйгілі  болған 
атеистердің барлығы кенеттен зауалдан қайтыс болған жоқ, өзінің 
өмірінің  заңды  аяқталуы  арқылы  о  дүниеге  аттанды,  табиғаттың 
заңдылығы бойынша барлық адамдар, оның ішінде діни адамдар 
сияқты өмірден өтті. Бұл адамзат тарихының өн бойындағы үдеріс. 
Ал кенеттен қайтыс болған атеисті атеистік дүниетанымы болған 
үшін ғана деп санау кездейсоқтықты назардан тыс қалдыру болады. 
Үшіншіден, Ғұмар Қараш атеист немесе арнайы дінбұзар емес, 
дін философиясымен шұғылданған және реформаторлық көзқарасты 
ұстанған адам. Оның дінге қатысты идеялары мен пікірлерін мұқият 
әрбір сөзіне ерекше мән беріп талдау қажет. Оның көзқарастарында, 
өлеңдерінде, прозасында, публицистикалық шығармасында, өмірлік 
пікірталастары  мен  әрекеттерінде  әйгілі  атеистер  Л.  Фейербах, 
К.  Маркс,  В.  Ленин  сияқты  «Құдай  жоқ»,  «Құдайжасампаздық», 
«Қасиетті кітаптардың барлығы өтірік» деген сияқты шеткі атеистік 
сарындар кездеспейді, мүлде жоқ десе де болады. 

318
Ғұмар Қараш
Осыған  байланысты  дін  философиясы  мен  атеизмді 
тереңірек ажыратып қараған жөн. Дін философиясы дінді сенуші-
уағыздаушы  ретінде  зерттеуден  мүлде  аулақтап,  құдайдың  бар 
немесе  жоқ  екендігі  туралы  мәселелерден  тысқары,  дінді  жалпы 
сырттан  бақылайтын  және  оның  болмысын  түбегейлі,  тереңірек 
зерттеуді қолға алатын, тіпті кей сәттерде діннен «жоғары» тұратын 
философия  ғылымының  бір  саласы.  Дін  философиясы  дінді 
уағыздамағандықтан  атеизм  сияқты  болып  көрінетіндігі  әсіресе, 
діншілдер үшін заңды құбылыс. 
Төртіншіден,  Ғұмар  Қараштың  дінге  қарсы  немесе  оның 
шарттарын  түбегейлі  өзгертуге  ұмтылатын  сияқты  болып  көрінуі 
–  ойшыл  бұл  тәсілді  арнайы,  жүйелі  түрде,  игеріп  қолданбаса  да 
(ол өмір сүрген дәуірде бұл бағыт Еуропада пайда болмаған да еді) 
феноменологияны  пайдаланғандығында  болып  отыр.  Нақтырақ 
айтқанда, Ғұмар Қараш діннің немесе Жаратқанның өзін емес, оның 
санадағы, қабылдаудағы көрінісін сынайды. Дінді уағыздаушының, 
діни  білімпаздың,  дін  ғалымдарының  идеялары  мен  пікірлері 
шындап  келгенде,  сол  діннің  өзіне  абсолютті  сәйкес  емес,  солай 
сияқты болып көрінетін иллюзия ғана. Яғни, біздің дін деп түсініп 
жүргеніміз, діни білікті ағартушылардың дін жөніндегі пікірлерінен 
басқа түк те емес және олай болмауы мүмкін емес субъективтілік қана. 
Соған  байланысты  ислам  дініне,  оның  объективті  қағидаттарына 
оның қай бағыты, қай имам, қай дін ғалымы неғұрлым жақынырақ, 
мүмкін жәдидшілдер олардың бәрінен де жақынырақ болуы, мүмкін 
керісінше, алысырақ болуы – абсолютті шешімін таппайтын мәселе. 
Ал жәдидшілдерді жек көру бұл тұста ғылыми рационалдылықтан 
гөрі, апологетикалық эмоционалды сипат алады. 
Ең бастысы Ғұмар Қараш ұстанған бағыт жәдидшілдік пе, әлде 
басқа  ма  мәселе  мүлде  онда  емес,  бастысы  –  қазіргі  кездегі  жат 
пиғылды ағымдар сияқты зұлымдық ниетке немесе әрекетке мүлде 
бағытталмаған. Адамзат баласының ешқайсына, пайдасы болмаса, 
тіптен зияны жоқ. 
Бесіншіден,  Ғұмар  Қараш,  шындығында  да,  діни  шарттарды 
өзгертуге  тырысушы  дінбұзар  болса,  ол  реформатор  немесе 
атеист  емес  еретик  деген  сөз.  Кезінде,  шындап  келгенде, 
Мұхаммед пайғамбардың өзін де халық адасушы деп қолдамаған. 

319
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының 
     бүгінгі күнгі маңызы 
Жарайды,  бұл  дәстүрлі  ислам  дінінің  нақ  өзі  болсын.  Христиан 
дініндегі  әйгілі  реформаторлар  –  Ж.  Кальвин  мен  М.  Лютердің 
көзқарастарын да бастапқыда христианшылдар жек көрген, оны да 
атеист, дінбұзар деп қабылдаған, жаппай қолдаушылық болмаған. 
Ал қазір ол протестантизм деп аталатын христиан дініндегі беделді 
ағымдардың біріне айналған. Демек, бір кездерде, бір уақыттарда 
Ғұмар  Қараштың  реформаторлық  көзқарасы  ақиқатқа  айналып, 
Қазақ  елі  үшін  қолдануға  ыңғайлы  исламның  тиімді  бірден-бір 
үлгісі болуы да ықтимал екендігін ескеру қажет. 
Бүгінгі  таңдағы  секталар,  оның  ішінде  исламдағы  жат 
пиғылды  діни  ағымдар  қоғамда  айтарлықтай  дүрбелең  тудырып 
отырған  шақта,  философиялық  ғылыми  дискурста,  исламның 
өзімізге  ыңғайлы  және  қолайлы  жүйесін  ұсынайық  деген  сияқты 
пікірлер де кездесіп қалады. Мысалы, жәдидизмді бүгінгі күнгі дін 
мәселесімен шұғылданатын кейбір философтар да қазіргі таңдағы 
исламдық  радикализмнен  құтылудың  мүмкін  болатын  жолы  деп 
біледі:  «
мүмкін  –  ықпал  етіп  отырған  шет  елдік  білім  беруші 
орталықтар  мен  құрылымдардан  (арабтық,  түріктік  т.б.)  міндетті 
түрде  алыстатылған,  қазіргі  заманғы  «еуроисламға»  және  оның 
тарихи  жолын  салушыларға  (мысалы,  жәдидшілдік)  сүйенетін 
ағартушы/сауатты  ислам  формасындағы,  мұсылмандық  либера-
лизм құндылықтарына екпін беру»
 [121, 65 б.]
 
2.  Ақындық  шеберлігі.  Ғұмар  Қараштың  қоғамдық-саяси 
өміріндегі  ұстанған  бағыты  физикалық  та,  психологиялық  та 
батылдық болды. Ол батылдық ащы шындықты айтумен, қоғамның 
ескерілмей жатқан өзекті мәселелерін сараптаумен, міндетті түрде 
«біреуге  тиіп  кететін»  ақиқаттарды  жариялап  отыруымен,  сайып 
келгенде,  елі  мен  жері  үшін  күресуімен  келіп  жалғасын  тауып 
жатты.  Оның  ұстанған  өмірлік  позициясы  да,  кредосы  да  осы 
болатын.  Сондықтан,  ол  өзінің  прозасында  болсын,  поэзиясында 
болсын, публицистикалық мақалаларында болсын тек шындықты 
жазуды  бетке  ұстады.  Билік  пен  байлық  иелерін  мадақтау,  дін 
иелеріне деген жағымпаздық оған мүлде жат. 
Осындай  батылдық  ұстанымды  өз  өмірінің  философиясына 
айналдырған ойшыл ақын поэзияда егер, шындықты айтпаса, оның 
ешқандай  да  мағынасы  жоқ  деп  біледі.  Жалпы  қазақ  қоғамында 

320
Ғұмар Қараш
поэзия тілімен шындықты айту көнеден қалыптасқан дәстүр. Ол тек 
ел-жұртқа немесе туысқанға ғана емес, тіпті билер мен батырлардан 
бастап,  хандарға  дейін  ақындардың,  жыраулардың  қолданатын 
тәсілі.  Мысалы,  бергі  тарихты  ғана  қозғасақ,  Асан  қайғының 
Жәнібек ханға айтқаны, Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқаны, 
Махамбеттің Жәңгірханға айтқаны т.б. барлығы қара сөзбен емес, 
поэтикалық  толғаулармен  ғана  жеткізілгендігін  ескерсек,  рухын 
өлеңмен  өрнектеп,  өлең  арқылы  шабыттанып,  өлең-жырдан  қуат 
алған оның иесі (ақын) таза ақиқатты көңіл көзімен көре біліп, өз 
мақсатына жете алған. 
Ол да қазақ халқының поэзияны өздерінің тиімді мақсаттарына 
пайдаланғандығы  ғана  емес,  халқымыздағы  толғаулардың  басты 
қызметтерінің  бірі  болған  десе  де  болады.  Яғни,  поэзияның  ел-
жұртқа-ханға әсер ету тетігін шебер пайдаланған халық даналығы 
оны жай ғана жеткізуді емес, сол арқылы қоғам дамуын реттеп те 
отырған. Ол кәдуілгі діннің, эстетиканың, этиканың т.б. қоғамдағы 
қарым-қатынастарды  реттеушілік  қызметі  сияқты,  арнайы 
міндеттерді де өз мойнына алған. Міне, Ғұмар Қараштың батылдығы 
осы  көнеден  сақталған  тарихи  архетиптермен  келіп  сабақтасып 
жатқан сыңайлы. Сондықтан, бұл мәселеге ол өзінің «Қазақ жыры» 
деп аталатын өлеңінде де арнайы тоқталып, былайша атап өтеді:
Сұлулап сөз шығару өнер емес, 
Өнімді ол бір пайда берер емес.
Қышытқан жерің тауып сөйлемесе, 
Шежіре болса дағы шебер емес.
Тауып айт, аз айтсаң да тазасын айт
Жағымды сонда жайма келер кеңес
 [2, 144 б.]. 
Өлең  жалпы  алғанда,  тек  қана  сөздерді  ұйқастыру  емес 
екендігі  түсінікті  болғандықтан,  оның  сұлулығының  еш  маңызы 
жоқ  екендігінен  бастаған  ақын  шежіре  болса  да,  кез-келген  сөз 
атасының құны болмайтындығын атап өтеді. Бұл қысқа ғана өлеңде 
поэзиямен ойды жеткізудің үш қағидасы баса көрсетіліп тұр деп 
былайша жинақтай аламыз: 1) Тауып айту; 2) Аз айту; 3) Тазасын 
айту, яғни, шындықты айту. 

321
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының 
     бүгінгі күнгі маңызы 
Бұл  бүгінгі  таңдағы  жастарға  арналған  жалпылама  үлгі  десе 
де  болады.  Себебі,  ақындық  қашанда,  ерекше  дарынмен  қатар, 
батылдықты  және  шындықты  айтуды  талап  етіп  тұрады.  Ғұмар 
Қараш айтқан мұның үш қағидасының кейбірі бүгінгі қоғамымызда 
кей сәттерде ескерілмей жатады. Бірақ ойдың тазасын айту үшін, 
алдымен, оны көре білу керек, ол үшін ой тұңғиығына қарай бойлау 
керек. Осы тұста, Ғұмар Қараштың бұл толғауы ХV ғасырда өмір 
сүрген Асан қайғының идеясына келіп тоғысады. 
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, 
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
................................................................
Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады.
Шындығында,  белгілі  бір  ойды  немесе  пікірді  толғау  үшін 
алдымен  шер  толқуы  тиіс,  кез-келген  ақын  жайдан-жай  немесе 
кенеттен  өзін  толғандырмаған  мәселені  қозғамайды.  Бұл  барлық 
өнерге тән қасиет. Ендеше, Асан қайғы «Таза мінсіз асыл сөз» десе, 
Ғұмар  Қараш  «Таза  сөз»  деп  бағалайды.  Мұндай  келер  ұрпаққа 
жолдаған  қазақ  даласындағы  ойшылдар  мен  зиялылардың  нақыл 
сөздері  қазіргі  таңда  да  «халықтың  ақындық  мектебінің  басты 
ұстанымы» болуы тиіс. 
Осындай  өткір  сөзді  ақын  екендігін  ол  қоғамдық-
саяси  мәселелерде  де  үнемі  қолданып  отырған.  Ел  ішіндегі, 
бүлдірушілерді,  жемқорларды,  молдаларды,  надандықты  т.б. 
сынаған  ойшыл,  сол  қоғамның  ащы  шындығын  бетке  айтатын 
баяғы  жыраулық  дәстүрдің  соңғы  тұяқтарының  бірі  ретінде  де 
елестетіледі.  Мысалы,  ел  ішіндегі  дәулетті,  басшы  адамдарға 
қаратып, былайша толғау жариялайды:
Таптыңыз дәрежені халық малымен
Тілейді ел бақиыңызды жан-тәнімен.
Замана әлке-шәлкес болып жатыр, 
Кіре ме, ойларыңа ел қамынан.
..............................................
Жауыздық залымдық қуаттайсыз.
Жылаған мазлұмдерді жұбатпайсыз, 

322
Ғұмар Қараш
Хақын жеп жетімдердің мал жинаған
Адамды жақын көріп құр мақтайсыз
 [2, 154 б.]. 
Ақырында  ақын  бұл  айтқан  сөздеріне  олардың  құлақ  асары-
аспасы екіталай болған соң, «батырып» тұрып айтайын деп сөзін 
былайша сабақтастырады:
Өлімді іліндірдім сағағынан
Дегендей болып сырттан сықақтайсыз
Барғанда тәңір алдына бұл ғамалмен, 
Не ғылып ауыр азап сіз тартпайсыз?
Ғұмар Қараштың бұл ел билеушілерге айтқан сөзі, сол дәуірдегі 
халқына  жаны  ашымайтын,  елі  мен  жерін  сақтап  қалу  үшін  еш 
күреспейтін, тек өзінің жеке басының қамын ғана ойлайтын, жетім 
мен  жесірге  еш  пайдасы  жоқ,  құр  жалтақтаумен  өмір  сүретін, 
халықтың  қаражатын  ысырап  етіп,  өз  мақсатына  пайдаланатын 
әдеттерді сынауға арналған. 
Бұл ахуал да қазіргі қазақ қоғамында кездесетін жайт. Кейбір 
ел  басшылары  мен  шенеуніктердің  жемқорлықты  заңды-табиғи 
нәрсе  деп  ұғынатындығы,  сондықтан  да  ол  дәрежеге  ұмтылуды 
көздейтіндігі,  ел  мен  жер  мүддесінен  өзінің  жеке  бас  мүддесін 
жоғары қоятындығы, халықтың жағдайын айтып жаман атақ алғысы 
келмейтіндігі  сияқты  әрекеттері  де  ХХ  ғасыр  басындағы  Ғұмар 
Қараш  толғаған  заманды  қайталап  тұр  десе  де  болады.  Ендеше, 
ақынның осы толғауын әрбір билік иесі пайымдап, парақтап, ішкі 
мағынасына  үңіліп,  ата-бабасының  өсиеті  екендігін  сезінулері 
тиіс.  Демек,  ақын  тек  сол  дәуір  үшін  емес,  осындай  жағымсыз 
қылықтардың болашақта да болмауы үшін ой білдірген. 
Қазіргі кездегі ақындар тек қана өнер иесі ретінде түсініледі, 
өздерінде  де  сондай  пікір  қалыптасқан.  Шындығында,  ақынға 
үлкен  жауапкершіліктер  жүктелген.  Қазақ  қоғамында  ақын-
жырау  ұйқастырып  сөйлеуге  масаттанып,  оны  өнер  деп  өздерін-
өздері  асыра  бағаламаған,  сол  замандағы  олардың  міндеттері 
мен  мақсаттары,  парыздары  мен  өмірлік  ұстанымдары  –  қоғам 
шындығын  батыл  айту,  кемшіліктер  мен  жетістіктерді  көре  білу, 
әлеуметтік  қайшылықтарды  сөз  арқылы  реттеу,  басшы  мен  би, 

323

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет