4. Көркемдік пен ғибраттылық
ерекшелігі махаббатты көп жағдайда, философиялық тұрғыдан
емес, психологиялық құбылыс ретінде қарастырады.
Ақын өзінің «Махаббат туралы» деген өлеңінде ғашықтық
жөнінде сөз қозғайды, оның ішкі тылсым психологиялық сыры бар
екеніндігін мойындайды:
Құдая бар мұратың әрбір істе.
Кірмейді сырын ашу біздің түске,
Алайда ақыл азса ер кінәлі,
Қараймын ой жүгіртіп кейбір іске.
Ақын әрі қарай махаббат қуатының албырттығын, бір-біріне
деген ынтықтық сезімді, оның да санадан тыс күші бар екендігін
толғайды. Бірақ оны тежеу емес, керісінше, сол сезімді босатып
жіберу керектігіне тоқталып өтеді.
Тындырып зар жылаған асықтарды,
Жіберсе, құдыретіңе бұда күш пе?
Бағымды аш, байлауым шеш, басым босат,
Зарлатпа қам көңілді ерте, кеш те,
Махаббат дидарыңнан енген сәуле,
Бір берген сәуле нұрды енді кеспе
[2, 122 б.].
Бұл тұста ақын сүйіспеншіліктің бір адамға тек қана бір рет
тағайындалатындығын, ол адам өмірінде бір-ақ рет берілетін болса,
онда оны тежеп қажеті жоқ, сана өз бетімен сол сезімді босату
керектігін атап өтеді. Дегенмен, ол Ғұмар Қараштың емес, сезімнің
ақылға деген өтініші. Ол махаббатты «дидарыңнан енген сәуле»
деп оны құндылық ретінде бағалайды. Сезім «сәуле-нұр» ретінде
адам өміріне мән енгізетін өзіндік бір «ғайыптан» келгендей
болатын сыртқы әсер. Себебі, ұнатқан ғашық адам ол – сыртқы
әлемде, егер ол жоқ болса, онда сол махаббатың өзі де жоғалады.
Психологиялық алаңдаушылық сезім зар жылатуға дейін алып
барады. Сондықтан, оған еркіндік керек. Автордың айтайын деген
түйіні: махаббат алдымен психологиялық құндылық, тек еркіндікте
ғана болуы тиіс, адам өмірінде бір-ақ рет кездеседі, адамды зар
жылатуға дейін апаратын терең толғанысты ғажайып бір күш.
282
Ғұмар Қараш
Ғұмар Қараштың психологиялық ой-пікірлері біздіңше,
тек теориялық қана емес, іс-тәжірибеде де қолдануға қолайлы
психологиялық тетіктер болып табылады. Сондықтан, ол ұлттық
сипатты болғандықтан, бүгінгі қазақ қоғамымен де үндесе алады.
Ендеше, оның психологиялық көзқарастарын арнайы зерттеп,
бүгінгі таңдағы маңызын ашып көрсету болашақтағы іргелі
ізденістердің бірі деп айта аламыз.
283
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының
бүгінгі күнгі маңызы
5. ҰСТАЗ БОЛМЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ БҮГІНГІ КҮНГІ МАҢЫЗЫ
5.1 Сабақтасқан ұлттық идея тарихындағы саяси
қайраткердің орны
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, оны нығайту мен қайта
қазақтандыру үрдісі қолға алынып, бұл беталысты жүйелі және
ғылыми негізде жүргізу үшін ұлттық идея тұжырымдамасын
жасақтау және іске асырудың тетіктерін құру ісі жолға қойылған еді.
Осыдан, бірнеше жыл бұрын зиялы қауым арасындағы ұлттық идея
туралы дискурс алаңы ресми емес түрде болса да құрылып, өкінішке
орай, нақты бір шешімге әлі келген жоқ, тіпті соңғы уақыттарда
мұндай пікірталастар бірте-бірте бәсеңсіп кетті. Нәтижесінде
«ұлттық идея дегеніміз не» деген сауал ашық күйінде қалдырылды.
Бірақ, ресми емес түрде болса да, оның көпшілік мойындаған және
ұсынған негізгі деген қағидалары былайша айқындалды: Тіл, діл,
әдет-ғұрып пен салт-дәстүр т.б. ұлттық болмысты жандандыру;
Бірлік пен татулық; Қазақ ұлтының әлемдік сахнада жан-жақты
сапада көрінуі; Халықтың болашағын құру және оған деген
сенімділік; Отаншылдық сезімді өрістету және тәуелсіздікті
нығайту т.б. Ол – тарихилық пен жаңашылдықтың бірлігі арқылы
қазақ халқының ілгері жылжуын, жан-жақты өркендеуін, саны мен
сапасының артуын, елі мен жерін сақтауды басшылыққа алатын
ұстаным болып қалыптасты десе де болады.
Осыған байланысты ұлттық идеяның тарихилық қағидасына
сүйенсек, ол тек бүгінгі күннің өзекті мәселесі емес, ұлт пен
этнос қалыптасқаннан бері, біздің көнеден жалғасқан түпкі ата-
бабаларымыз құрған Ел (мәңгі ел) идеясынан бастау алады. Елбасы
Н. Назарбаевтың 2014 жылғы жолдауында да «Мәңгілік Ел» мұраты
Ұлттық идеяның концептуалдық негізі ретінде ұсынылған. Міне,
284
Ғұмар Қараш
осы тұста, тарихымыз бен тарихилықтың бірлігі – өткеннің жай
ғана болған оқиғалары ғана емес, өзіміздің ата-бабаларымыздың,
«Арғы Меннің» нақты өмірі, бүгінгі Біздің бар болуымыздың,
рухымыз бойынша жасымай өмір сүруіміздің, осы күнге жетуіміздің
түпалғышарты екендігін үнемі паш ете алады.
ХV ғасырда қалыптасқан қазақ идеясының негізі көне түркілік
идеядан бастау алады. Сәйкесінше, түркілік рух қазақ идеясының
өркендеуіне, оның іске асуына жағдай жасады. Ендеше, ел мен жер,
халқы мен салты туралы қазақ халқының төл идеясы Қазақ хандығы
құрылғаннан бері жалғасып келе жатқан тарихи-объективті үдеріс
болып табылады. Ұлт құрушы Жәнібек пен Керей болса, сол
кезеңдегі ұлттық идеяның жоқтаушылары мен теоретиктері Асан
қайғы сияқты даналардан құралды. Яғни, олар ұлттық идеяны
негіздеушілер мен оны насихаттаушы идеологтар болған десе де
болады. Олар тұтас тарих бойына сабақтасып жатқандықтан, Ғұмар
Қарашты та осылардың қатарына жатқызуға болады.
Біз қарастырып отырған Ғұмар Қараш та ұлтын сүйген азамат, елі
мен жері үшін, тәуелсіздік үшін күрескен саяси қайраткер, халқының
озық ойлы, білімді болуын жан-тәнімен қалаған және оған өзінің
білімі мен еңбегін сарп еткен білікті тұлға болғандықтан, ол да ұлттық
идеяның жоқтаушысы және оның ізімен өз бағытын айқындаушы.
Себебі, ол философ болғандықтан, әр түрлі өмірлік ұстанымдарды
өзі де саралап, түптің түбінде жалғыз ғана айнымайтын, сан-салалы
дүниеде, алмағайып заманда бірден-бір «дұрыс» деп саналатын жол
– осы ұлттық идея аясында екендігіне көзі анық жеткен болатын.
Мысалы, ойшыл жастық шағында, дін жолына түсіп, оның ішіндегі
аскеттік өмір салтын ұстанатын сопылық бағытты қолдады. Бірақ
ол бағыт тек дінді басымдылыққа шығарып, ұлттың мүддесін
ескере бермегендіктен, ескерген күнде де күрескерлік әрекетке бара
бермегендіктен, бұл жолдан саналы түрде, мақсат қоя отырып, өз
еркімен бас тартты. Сондағы мақсаты ұлт мүддесіне қызмет ету еді.
Ғұмар Қараштың ұлттық идеясының негізгі арналары мен
ұстанған бағдарларын былайша топтап көрсетуімізге болады:
1. Көне эпостық және жыраулық дәстүрдегі ұлтжандылық
пен елдік рухты ояту, намыс пен жігерді шабыттандырудың
тарихилық тәсіліне сүйенуі.
285
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының
бүгінгі күнгі маңызы
Ендеше, қазақтың түркілерден бөлініп, жеке дара халық
болғанынан басталған төлтума ұлттық идеясы бүгінгі күнге
дейін жалғасын тауып келе жатқан болса, Ғұмар Қараш сол
сабақтастықтың аралығындағы белгілі бір теоретигі және
практигі десек те болады. Сондықтан, оның шығармалары мен
ақындық шеберлігі, философиялық ойлары өзінен бұрынғы өмір
сүрген даланың рухани мәдениетімен және оның өкілдерінің
шығармашылық туындыларымен байланысып жатуы да табиғи
заңдылық.
Ғұмар Қараштың да ақындық дәстүрі мен туындыларындағы
толғанған мәселелері ұлттық идея аясында өрбігендігін негізге
алсақ, оны әрісі, Асан Қайғы, берісі Абай мектебінің өкіліне, жалпы
жинақтап айтқанда, жыраулық мектептің түлегіне жатқызуымызға
болады. Мысалы, Абаймен байланысқан тұстарын Б.Тайырова
былайша сипаттайды: «Жаңаның басы бола білген Абайдың ізін
жалғастырушы Ғұмар Қараш..» [4, 37 б.].
Ал түптеп келгенде, олар қозғаған ерлік пен елдік идеясы және
жыраулық мәнермен ой толғау сарындары көне эпостардан бастау
алады. Бірақ олардың нақты қай кезде пайда болғандығы белгісіз
болғандықтан, авторы жоқ, халықтық болған себепті, шартты
түрде «эпостық мектеп» деп атауымызға болады. Дегенмен, қазақ
руханиятында қалыптасқан әрбір мектептің ұлт идеясын толғануда
өзіндік ерекшеліктері болады. Эпостық мектептегі ұлттық идея
құрылымындағы сарындарының бағыты: ел мен жерді қорғау,
баһадүрлік пен қаһармандық, мақсатына жетпей қоймайтын намыс
пен жігер, жақсы ат пен сұлу әйел т.б. Бұл құрылымның әрбір
элементі маңызды. Тіпті, сұлу әйел мұраты да батырға лайықты
жардың болуы қажеттігі, оның ұрпағы да осы батырлықты
жалғастыру үшін ұрпағын тәрбиелеуші және ерінің рухын
асқақтатушы әз-ананың қажет екендігі сияқты оралымдармен
сабақтасады.
Ендеше, Ғұмардың туындыларында да байырғы эпостық
дәстүрдің белгілері арғытүптік негізде (архетиптік) сақталған.
Тіпті, кейінгі заман ақындары мен жырауларына кең тараған
поэтикалық көркемдік ерекшеліктеріне дейінгінің жалпы арнасы
Қараштың ойтолғау мәнерінде кездесіп отырады.
286
Ғұмар Қараш
Ойшылдың туындыларын жинақтап зерттеуші Қ. Сыдиқов
та: «Ғұмар Қараш ақын-жыраулар елінде туып өсті. Жас кезінен
жанына серік, көңіліне көрік еткені Шәлгез бен Доспамбеттің, Асан
Қайғы мен Қазтуғанның, Махамбет пен Мұраттың өлең толғаулары,
Қазақстанның батыс өңіріне тараған батырлық жырлары еді», – деп
[114, 12 б.] ой түйіндеген болатын.
Ғұмар Қараш өзінің заман туралы толғауында ойдың кезекті
бір үзілісінен кейін, жырын «Бұлдыр да, бұлдыр, бұлдыр тау,
Бұлдыраған бұ таудың, Көрер күні не болар», – деп бастауы [2,
106-107 бб.] Ер Тарғын жырындағы «Бұлғыр да бұлғыр бұлғыр
тау, Бұлдырап тұрған құрғыр тау, Қаптай қонар елім», – деген
сарындармен үндеседі. Мұндай қайталаулар эпостық-жыраулық
дәстүрде кездесіп тұратын үдеріс. Себебі, бұл біріншіден, сол
жырлардан автордың хабардар екендігін білдірсе, екінші бір
қырынан алғанда, таза эстетикалық немесе ұлттық реңкті бұрын-
соңды айтылмаған және оған кейіннен ешкім де жете айта
алмайтын мінсіз теңеулер мен көркемдік тәсілдер болғандықтан,
қайталанбайтын шығармашылық таланттың көрінісі паш етіліп
тұрғандықтан қызығушылықпен, құрметтеушілікпен, рухын қайта
оятумен, өзі де рухтанумен сол құрылымды тұтастай пайдаланады.
Ендеше, Ғұмар Қараш та, бұл тұста, байырғы баһадүрлік рухтан
тамыр тартып, одан өздігінше сусындап тұр. Ақындық шабытына
жігер қосып, арқаланып, өзіне-өзі дем беру мақсатында қолданылған
мұндай жолдар Ғұмар Қараш толғауларында жиі кездесетін сарын
десе де болады.
Сондай-ақ, кей сәттерде тек эпостардың мәнерін ғана емес,
негізгі идеясын да жинақтап көрсетеді, баһадүрлік рухтың шабытын
да өзінің өмір сүрген заманы тұрғысынан қайталап тұрады.
Мысалы, «Сөйле тілім, жалықпа» деп аталатын толғауында:
Батыр көркі не болар?
Ел шетіне жау келсе,
.......................................
Шағаладай шаңқан боз
Тұлпар атын тебініп,
Алмас қылыш ойнатып,
Домалантып бас кесіп,
287
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының
бүгінгі күнгі маңызы
Толарсақтан қан кешіп
Көк шыбықты бөктіріп,
Көк сырлы оғын төктіріп,
Жарқыраған көк сауыт
[2, 108 б.], –
деп ой толғаған болатын.
Осындай, батырлық туралы қайталамалы жолдар Махамбет
ақында да кездеседі, Ғұмар Қараш «Толарсақтан қан кешіп»
десе, Махамбет ақын «Толарсақтан саз кешіп», – деп [88, 181 б.]
рухтандырады. Мұндай толғаулар ұрпақтарын шабыттандыратын,
жауынгерлік
пен
ержүректілікке
баулитын
халықтық
педагогикадағы тәлімгерлік-өнегелілік қозғаушы күштер болып
табылады. Бүгінгі таңда бұл сөздердің заманымыздың өркениетіне
орай мағынасы төмендеу сияқты болып көрінгенмен, сол дәуірдегі
ұлттық идея үшін отаншылдық рухты оятудың шабытты пафостары
ретінде бағаланған. Сан мыңдаған жылдар бойғы қалыптасқан
және осы рух арқылы тарихта бірнеше рет империялар құрған түркі
халықтары үшін, ең басты рухани күш осындай сарындарындағы
толғаулар болған. Сондықтан да, мұндай эпостардан бастау
алған батырлықты жырлау дәстүрі, кейіннен, жыраулық поэзияда
кеңінен өріс алады. Қазіргі кезде, заманға лайықталған ғылым
мен техника жетістіктерін пайдаланатын соғыстарға сәйкес, ондай
дәстүр жойылған десе де болады. Себебі, ұлттық идеяның мұндай
насихаттық-теориялық үрдісінде: жылқы, найза мен қылыш, жалғыз
жорту ажырамас қасиеттерге (атрибуттарға) айналады. Ендеше,
ол қай кезде жойылғандығына тоқталсақ, ол да Ғұмар Қараш
шығармашылығымен байланысты болып шығады. Себебі, ол осы
аралық, өтпелі кезеңде өмір сүрді, сондықтан, бір өлеңдерінде
эпостық дәстүрмен баһадүр болмысын сипаттаса, келесі бір
шығармаларында ол сарынын өзгертеді. Нақтырақ айтқанда, ол
жас шағында азаттық үшін найзамен күресуді өз көзімен көрсе,
ер жеткен соң саяси-идеологиялық күресті бастан кешірді. Демек,
оның өмір сүрген дәуірі – найзадан идеологиялық күреске көшудің
көпірі кезеңіне тұспа-тұс келді.
Ақынның тәуелсіздік рухы мен азаттықты аңсауы Ресей
отаршылдығына қарсы ақ найзаның ұшы мен қылыштың жүзімен
288
Ғұмар Қараш
қарсы шығудың заманы өткенін, саяси-идеологиялық күрес жүргізу
керектігін, оның шарттарының бірі – ілім-білім арқылы өркениетке
ұмтылу қажеттігін жете түйсінді. Себебі, жалаң қылышпен
күресте бұған дейін де көтерілістер сәтсіздікке ұшырап, қаншама
боздақтар құрбан болғандығын терең түйсінген ойшыл өзінің
идеясын «Батырлық» атты өлеңінде былайша толғайды: «Қазағым
заманы өтті батырлықтың, Шаруа келді уағы бақырлықтың» [2,
27 б.]. Ұлттық идеяның насихатшыларындағы осындай дәстүрлі
батырлық пен халықты білімді болуға шақырудың алтын көпірінің
үстінде тұрған Ғұмар Қараш артына қарап, баһадүрлік рухты,
алдына қарап, білім нәрін көре білді деп айта аламыз. Сондықтан,
ол көне күрескерлік дәстүрді тұтасымен сол заманға көшіруді
емес, ұлттың намысы мен жігерін басшылыққа алатын Рухын
тасымалдау қажеттігін де түйсіне білді. Мысалы, «Ұран» деп
аталған толғауында, ол халқын рухтандыру сәтінде «баба» деген
қазақтың қасиетті сөзін оңтайлы пайдаланады: «Ұйымдас, ұрандас,
жағалас! Сен де мін бабаңның тағына» [115, 6 б.].
Егер де Асан Қайғы осы көне эпостық дәстүрлермен замандас
болғандығын және одан тамыр тарқандығын ескерсек, Ғұмар
Қараштың идеялары да бабамыздың руханияттық ой серпілісі мен
ұлттық идеясын насихаттайтын сарындарымен мазмұндас екендігін
байқай аламыз, реті келгенде, оны толықтырушылық та сипат алады.
Жоғарыда атап өткендей, Асан Қайғының заман туралы толғанысы
сол ұлттық идеяның ащы зары: ел болашағы туралы толғаныс. Ол
қазақ қоғамындағы жыраулық мектептің негізін қалаушы болған
болса, сол жырларының мазмұны, тұтастай алғанда, ел мен жер
туралы толғаныстарға келіп түйіседі. Жоғарыда атап өткендей,
Ғұмар Қараштың заман туралы толғанысы, Асан Қайғы негізін
салған мектептен және оның өкілдерінен сусындағандығы да
шындық. Егер, Асан Қайғы «Жерұйықты» іздеуі арқылы қазақ
даласының шекарасын белгілеп кеткен болса, Ғұмар Қараш
толғауларында да осы даланың аймағы туралы сөз қозғалады:
Еділ, Жайық суынан
Жем, Сағыздың бойынан
Қысырақтап жаз жайлап,
289
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының
бүгінгі күнгі маңызы
Көше, қона жүргенің.
Ала таудан өткенше,
Ыссы көлге жеткенше,
Кіндік кесіп, кір жуып,
Мекен еткен жерлерің
Ауданы алыс сол жерде
[2, 75 б.].
Еділден Ыстықкөлге дейін созылып жатқан жерлердің кеңдігін
«ауданы алыс» деп бағалап, оның барлығы «кіндік кесіп, кір жуған»
қазақтың ата қонысы екендігін паш еткен Ғұмар Қараштың түпкі
ойы – Ресей отаршылдығы салдарынан ұмытылып бара жатқан,
Елдің аймағын (территориясын) тағы да ұрпақтарына ескертіп
қою. Мұндай аймақты Қазақ елінің алып жатқаны бір қарағанда
өздігінен-ақ белгілі, айтпай-ақ қойса да болатын нәрсе сияқты
болып көрінеді. Бұл мазмұн: қазақтың даласының кеңдігін паш ету,
оны ұмыттырмай ұрпақтарының санасына жайлап құйып отыру,
«одан айрылып қалмаңдар, сақтай біліңдер» деген ойдың ниеті т. б.
отаншылдық сезімді өрістетін ұлттық идеяның көрінісі.
Жыраулық дәстүрдегі айтайын деген ойын, әріден бастап,
табиғат құбылыстарымен шендестіріп барып толғау салты Ғұмар
Қарашта кездеседі және ол жоғарыда айтқан қайталаулар негізінде
жүзеге асып отырған, демек, қайталамалы ойлар эпостардан ғана
емес, ақын-жыраулардан да алынған. Мысалы, Шалкиіз жыраудың
ойлау машығына еліктеген тұстарын салыстырып көруімізге
болады. Оның «Би темірге бірінші толғау» деп аталатын жыры
эпостық сарындар бойынша:
Аспанды бұлт құрсайды –
Күн жауарға ұқсайды
[88, 37 б.], –
деп басталса, Ғұмар Қараш «Замана жайынан» деген толғауының
екінші бөлімін:
Аспанды бұл құрсайды
Құрсағанын байқасам,
Күн жауарға ұқсайды
[2, 43 б.], –
290
Ғұмар Қараш
деген жолдармен ашқан. Бұл қайталаулар да Ғұмар Қараштың
жыраулар мектебінің түлегі, мүмкін, соңғы өкілі екендігін айғақтай
түседі. Немесе, ақынның осы толғауы: «Асқар, асқар асқар тау,
Асқар таудан жоғары», – деп басталса, Шалкиіз жырау өзінің
толғауларының бірін: «Асқар, асқар, асқар тау, асқардан биік
тау болмас», – деп бастайды [88, 45 б.]. Кейбір зерттеушілердің
пікірінше, Ғұмар Қараш осы Шалкиіз Тіленшіұлының кейінгі
ұрпағы екендігі де айтылады [116, 18 б.]. Бірақ оның шежіресінде
Шалкиіз есімі кездеспейді, ал егер ол шындық болатын болса,
онда арада жалпы тарихи-рухани сабақтастық қана емес, тікелей
табиғи-генетикалық мирасқорлық арқылы оның ақындығының
өрістегендігін ұғына аламыз және еліктеушілігі атасының рухына
деген тағзымдардың бірі деп есептейміз.
2. Халықты езгіден құтқару үшін оның діни сауаттылығын
арттыру, жалған сеніммен күрес.
Ол бұл мақсатын іске асыру үшін, жоғарыда айтылғандай,
біршама кедергілерге тап болды. Соның бірі – діни дүмше
молдалардың қарсылығы мен түсінбеушілігі, ислам дінін
руханияттың бір ғана емес, бірден-бір және баламасыз көзі
деп ұғынушылық және жастарды, ел азаматтарын еуропалық-
академиялық ғылым жолынан бас тартқызуға ұмтылу. Ғұмар Қараш,
бұл тұста, жалған исламмен күресуші, дінді тазартушы ғана емес,
оның тек ілім-білімге қарсы шыққан топтарымен күресуші ретінде
болғаны да белгілі. Надан сопылық сол кезде де қазақ қоғамында
өркендеп, ағартушылық реформаларға қарсы шығып, керітартпа
идеологияларын халық арасына сіңіре берді.
Сондықтан, ойшыл ақын надан сопылықпен академиялық
білім салғаласқан сәтте, ілім-білім бағытын жақтауы қажет болды.
Мұндай исламның теріс пиғылды бағыттарын қатты сынға алған
Ғұмар Қараш жәдидшілдіктің өкілі болды және сол бағдарды
ұстанды. Дегенмен, осы тұста, айта кететін жайт, бұл идеясын
ол алғашқы қазақ зиялысының қарлығашы ретінде емес, өзінің
өміріне әсер еткен, діни таным-түсінігін өзгерткен Ауғанидің,
Ғабдуһудың идеяларын қазақ қоғамына көшіру арқылы жүзеге
асырғандығын да ескергендігіміз жөн. Мұндай Ғұмар Қараш
ұстанған бағдар бұған дейін де қазақ руханиятының тарихында
291
5. Ұстаз болмысы және оның туындыларының
бүгінгі күнгі маңызы
елес береді. Себебі, шындығында да, ақын өзіне дейінгі қазақ
зиялылары мен би-шешендерін, қысқасы қазақ даналығын оқып
қана қоймай, олардың пікірлеріне де сүйеніп, басшылыққа да
алып отырған. Ендеше, оның дүмше молдалық пен ағартушылық
арасындағы қайшылықты шешуге ұмтылып, ілім-білімге ұмтылу
жағын аңсаған тұжырымдамасының тарихи тамырларына шолу
жасап өтуімізге болады.
Шалкиіз Ноғайлы жерінде өмір сүрген шағында Би Темірмен
араласқан беделді тұлға болған. Тарихи оқиғалар бойынша Би
Қажылық сапарға аттануға бел буады. Мүмкін оның осы сапарға
баруына тұрмыстық немесе ел ішіндегі күрделі-қайшылықты
ахуалдар да кедергі болған болуы да ықтимал, ол жөнінде тарихи
мәліметтер әзірге жоқ, болжалдап айтқанда, сол сәтте баруы тиіс
емес жағдай болған сияқты. Бірақ Би сонда да айтқанынан қайтпай,
аттануға бел буады. Осы тұста, Шалкиіз жырау оның қажылық
сапарын өзінің терең білімі арқылы тоқтатады. Ол толғау Темірге
арналып жырланғандықтан, «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатауға
айтқаны» деп аталады. Сондағы жыраудың айтқаны:
Тәңірінің үйі кебені
Ибраһим Халил алла жасапты,
Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі Бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты
[88, 41–42 бб.].
Яғни, жыраудың ой түйіні мынадай: Хажылық сапарға жол
түспей тұрса, бармай-ақ қойған жөн. Оның орнына, өмірден
қиындық көрген жетім-жесір немесе әділетсіздікке тап болған
бейшара сияқты зар еңірегендер қоғамда жоқ емес, соларды
жұбатып, жәрдем беруіңіз керек, елдегі бұзылған, бүлінген
нәрселерді қалпына келтіруіңіз қажет.
Ғұмар Қараш тек кейіп қана білдіретін мұндай жалған
қажылықты, шарттарды орындауды мақсат етіп, ішкі жан-дүниесі
оған сәйкес келмейтіндерді сынай отырып, оған шығарған қаржыны
292
Ғұмар Қараш
басқа игі мақсаттарға, ел игілігіне жұмсаған жөн екендігін баса
айтады. Бұл мәселені ол Бәдел қажылық, яғни, өзінің орнына басқа
біреуді жіберу мәселесі арқылы былайша шешеді: «Бәдел-хаж
парыз емес, уәжіп те емес, сүндет те емес, ең болғанда пайдасыз
бір ғамал. Тіршілікті хажға күші келсе, әркім өзі баруы керек.
Ал енді қай ретпенен болса да бара алмай қалса, ол халде бәдел
жіберіп, ешнәрсе бітпейді. Ол ақшаны бәделге ысырап қылғанша
өз еліндегі тиісті оқу орындарға сарп ету керек. Ол ақшамен шәкірт
оқыту керек. Ол ақшаға мұғалім сақтап, мектеп тәрбиелеу керек.
Ол ақшаны мұқтаж көрші һәм жақындарыңа беріп, аштықтан,
жалаңаштықтан сақтау керек» [2, 205 б.].
Демек, Ғұмар Қараштың діни сауаттылығы мен реформаторлық
көзқарастары тек қана, діни сауатты Ауғани, Ғабдуһу арқылы
ғана емес, 1465–1560 жылдары өмір сүрген Шалкиіз сияқты
ақын-жыраулардан тамыр тартатындығын есепке алған жөн. Екі
көзқарастың үндестігі мынаған келіп саяды: хажылыққа барған
дұрыс, ол – парыз, дегенмен, оны жағдайға байланысты реттеуге
болады, мұндай жағдайларда хажылыққа шығындаған қаржыны ел
игілігіне, жетім-жесірге берген одан да дұрысырақ. Яғни, қажылыққа
деген фанаттық көз жұмбайлық пен әсіре еліктеушіліктің біздің
қазақ қоғамына қажеті жоқ деген ой ниеті жарияланып тұр.
Елбасы Н. Назарбаев та өзінің ресми емес сөйлеген сөзінде,
қазіргі кездегі өз қаржысына мешіт салдырушы кәсіпкерлердің
көбейіп кеткендігін, бірақ олардың ешқайсысы бірде-бір мектеп
салмағандығы туралы сөз еткен болатын. Ғұмар Қараш та кезінде бұл
мәселені нақты айтқан болатын: «бір бай үлкен мешіт салдырғаннан
гөрі бір ұлттық мектеп салдырып, соған сабақ беретін мұғалімдер
даярланса, қажетті кітаптар алынса, газет журналдар шығарып,
арзан бағамен сатса, арық сиырдың мүйізін әшекейлеуден гөрі, оны
жемдеп, күйлендірген іспетті пайдалы іс болар еді» [2, 178 б.].
Біздіңше, Ғұмар Қараш немесе Шалкиіз жырау ғана емес,
жалпы қазақ халқының ділінде, исламға сенімділікті білдіретін
діни санада, алдымен, жетім-жесірге қол ұшын созатын адал
жүрек, сүрінген мен күйінгенді жұбататын қайырымдылық, қоғам
мен елге қаржылай да, рухани тигізер пайда, содан соң ғана дінге
деген құлшылық болған сыңайлы.
293
Достарыңызбен бөлісу: |