Жолбарысты жуасыту



Pdf көрінісі
бет10/15
Дата03.03.2017
өлшемі1,34 Mb.
#6932
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

11 тарау
 
Өз блогыма асыға қайттым, ойымды жинай алар емеспін. Майклдың сөздерін есіме 
алған кезде, олар менің басымда құйындай ұйытқып, санамды сан саққа жүгіртуде. 
Түрменің адам төзгісіз ыстығы, сасық иіс пен адамдардың тартып жатқан азаптары 
бұрынғыдан да қатты әсер етіп, жанымды жабырқатты. Қабырғалар үстімнен басып 
қалғалы тұрған секілді болып көрінді. Мен торға қамалған, адамдардың үрейін ұшыратын 
жыртқыш аңға ұқсайтын едім. Есі ауысқан тұтқындардың бірі менің камерамды 
айналшықтап жүр. Ол шылымының түтінін мұрнынан шығарып, өз-өзінен мәз болып жүр. 
Жанынан өтіп бара жатқан кезімде ол шылымының шоғын қолыма басып алды. Бұл 
есерсоқ менімен қалжыңдасуға сәтсіз уақытты таңдаған еді. Бойымды кернеген ашуым 
бұрқ етіп сыртқа тепті. Мен оны шашынан алып, екеуміздің де үстіміз қызыл қанға 
боялғанша қабырғаға соққылай бердім. Мен ұруымды тоқтатқан кезде енді оны туған 
анасы да танымастай еді, бейшараның мұрнының сау-тамтығы қалмай, оның орнында бір 
нәрсе салбырап тұр. 
 
Камерама қайтып келіп, айқайлай бастадым. Бұл қажыған жан-дүниемнің 
белгісіздіктің алдындағы жанайқайы болатын. 
 
Майклдың сөздеріне қарсы уәж келтіру мүмкін болмағандықтан, мен ол туралы 
ойлардан арылуға талпындым. Көздерімді жұмып, құлақтарымды бітеп алдым. Бірақ әлгі 
сөздер ойымнан кетер емес. Майклдың күлімсіреген түрі мен өңменнен өтетін көзқарасы 
көз алдыма елестей береді. Ол маған неге жабысып қалды? Енді мен еріксіз өзімнің кім 
болғаным және қазір кімге айналғаным жайлы ойлана бастадым. Мен бүкіл өмірім бойына 
ешкімді дерлік қажетсінген жоқпын. Мен өз күшімді сезіндім, кез-келген салада табысқа 
жететініме сенімді болдым, өз-өзімді басқара алдым. Бірақ Майкл «игілікке толы» және 
«қуанышқа молынан кенелген өмір» туралы айтты. Әрине, түрмеде өткізген соңғы 
айларда менің өмірімде ондай ештеңелер болған жоқ. Мен кун фу ұрыс өнеріндегі 
жолымды, жарыстардағы жеңістерім мен оққағар болып істеген шақтарымды есіме алдым. 
Майклдың сөздерінің жаны бар. Маған ақшаны оңды-солды шашқан ұнайтын, қауіпке 

93 
 
толы өмірді жақсы көрдім және маған үнемі бір нәрсе жетіспейтін. Мен қашан да жақсы 
және үлкенірек бір нәрсені қалайтынмын. Ал қазір мені осының бәрінен айырды және 
тәни дайындығым да онша мәз емес болатын. Тіпті әр минутім есептеулі болған кездің 
өзінде мен күнделікті дайындыққа кем дегенде бес сағат уақытымды бөлетін едім. Ал 
қазір менде уақыт жеткілікті, бірақ жаттығу жасауға еш құлқым жоқ. Ал енді медитация 
мен ағару жолын іздеуге келер болсақ, бұл үшін ең бірінші жан-дүниедегі тыныштық 
қажет, себебі шынайылықты тек тәртіпті сана ғана аңғара алады. Ал менің тұла бойымды 
тек зорлық-зомбылық көрсету тілегі ғана жайлап алған болатын, мен тек тірі қалу туралы 
ғана ойладым. Түрмеде мен біртіндеп айналамдағылар сияқты айуанға айнала бастадым. 
Тек уақытты өткізу үшін есірткі шегіп, мағынасыз жанжалдарға араластым. «Игілікке 
толы өмір»... мұның нені білдіруі мүмкін? Мен толыққанды өмірге ұқсас нәрсені Айямен 
бірге болған кезде ғана сезіндім, бірақ бұл бір-ақ рет болды.
 
Мен қауіпті жолға аяқ бастым. Соңғы бірнеше айда Айя туралы мүлде ойламауға 
тырыстым. Ал қазір оның тамаша, бейкүнә бейнесі есіме түскенде бүкіл тұла-бойым 
дірілдеп кетті. Иә, сүйіспеншіліктің қандай болатынын маған дәл осы Айя көрсетті, бірақ 
қазір ол жоқ. Көздерімді жұмып, оның мені «көру» үшін бетімнен қандай мейіріммен 
сипап өткенін есіме алдым. Осы сәтте көз алдыма кенет есінен адасқан тұтқын мен 
жаңағы қанды төбелес елестеді. Содан соң Айяны елестеттім: ол әлгі қылмыскердің 
сынған сүйектер мен сау тамтығы қалмаған бет әлпетін көріп тұр және саусақтарымен 
жып-жылы, жабысқақ қанды сезініп тұр. Маған оның жылаған дауысы естіліп тұрғандай 
болып көрінді. Бір кезде ол мені сүйген еді, ал егер менің қандай айуанға айналғаным 
туралы білетін болса, қазір ол мені жақсы көрер ме еді? Жоқ! Біреуді өлердей тепкілеп, 
мүгедекке айналдырған адамды ол қалай сүйе алады?
 
Әзәзіл ойлардан арылу үшін төсеніштің астына кіріп, құлағымды жастықпен басып 
алдым. Әлсіреген денемді қорқыныш жайлады.
 
«Құдай сені сүйеді, Тони».
 
Мұны Майкл айтқан еді. Осы сөздер ойымнан шықпайды. Оларды санамнан қууға 
тырыстым, бірақ бұл сөздер біртіндеп мені өз еркіне бағындырды. Мен Майкл айтқан 
аятты есіме түсіруге талпындым. Ол менің есімде үзік-үзік болып сақталып қалыпты. 
«Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа 
берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады...» Бір 
нәрселерді түсіне бастадым. Құдай ендігі беріп қойған. Иса Ғолғотада айқышқа керіліп 
өлді және енді мен болашағымды қаншама қазбалап, болашақта не істесем де, оны ештеңе 
де өзгерте алмайды! Дәліздегі бағанағы адам тағы ойыма оралды. Әрине, Құдай менің бұл 
қылығыма көз жұма қарамайды, яғни, мен жаза тартуға тиіспін бе? «...  Енді Оған сенуші 
әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады». Аятты түгелдей есіме түсіру үшін 
әрбір сөзді қайталап айта бастадым. Осы камерамның ішінде оларды түсіндіргісі келген 
біреу құлағыма сыбырлап тұрғандай болып, бұл сөздер санама сыналай ене бастады. 
«Енді Оған сенуші әркім... сенуші әркім...» Әрбір сөздің мағынасы үңілген сайын әдеттен 
тыс түсінікке келдім. Доп енді менің қақпамның маңайына келді. Егер де мұнымен 
келісетін болсам, онда Майклдың Иса туралы айтқан басқа сөздерінің бәріне сенуім тиіс. 
 
Неден бастау керек? Өзім соққыға жыққан тұтқынның бейнесі тағы көз алдыма 
елестеді. Бұған енді төзе алмаған мен:
 

 
Құдайым, мені кешірші! – деп айқайлап жібердім. 
 
Бұл бөгетті бұзып өткен сеңге ұқсайтын еді.
 

94 
 
Бүкіл өмірім, ұмытыла бастаған балалық шағым күтпеген жерден дәл кино секілді 
болып көз алдымнан өте бастады. Қайғы-қасірет пен азаптың қорқынышты үңгір сияқты 
жолының ішімен ұшып келе жатқандай болдым. Ойларым сан-саққа жүгіріп, өзім өлтірген 
адамдардың бейнелері көз алдыма елестей бастады. Олардың қан-жоса болған денелерін, 
өзім салған әрбір жарақатты көрдім. 
 

 
Сенен өтінемін, Тәңірім, егер бар екенің рас болса, менің күнәларымды 
кешірші, – дедім мен жалбарынып. 
 
Кино жылдам жүре бастады. Бәрін есіме түсіру үшін мен оны баяулатуға тырыстым 
және есіме түсіре алмағандарым үшін Құдайдан жалбарына кешірім сұрадым. Өксіп 
жылай бергенім сондай, тынысым тарылып кетті. Дауысым барған сайын қатты шыға 
бастағандықтан, өзге тұтқындырдың естіп қалмаулары үшін бетімді жастыққа басып, 
Құдайдың алдында бүкіл жан-дүниемді аша бердім. Бұл бірнеше сағатқа созылған болуы 
тиіс.
 
Ақыры орнымнан тұрған кезде камераның іші қараңғы болып кеткен екен. Есік 
жабық, түрменің іші тыныштықта мүлгіп тұр. Темірмен торланған кішкентай терезеден ай 
көрініп тұр. Мен темір тордың арасынан түсіп тұрған ай сәулесіне қарадым және темір 
торларды емес, Исаны керген Ғолғота айқышын көріп тұрғандай болдым. Маған енді 
Майклдың айтқандарын еске түсірудің қажеті болған жоқ. Сөздер санама тасқындап 
құйылып жатты. Мінажатта Исадан кешірім сұрадым, Одан жүрегімдегі бос орынды 
толтыруын жалбарына өтіндім, ескі өмірімді тастап, Онымен бірге жаңа өмір бастауға 
уәде бердім. Исамен түні бойы сөйлесіп, ақыры талықсып ұйықтап кеттім. 
 
Келесі күні таңертең маған бәрі басқаша болып көрінді. Көңіл-күйім мүлде өзгеше. 
Мен есімді білгелі ашушаң адам болатынмын, ешкімге аяушылық жасағым келмейтін, ал 
бүгін таңертең мен күтпеген жерден ашуымның әлдеқайда жоқ болып кеткенін аңғардым. 
Жан-дүнием байыз тауып, өзгеше бір тыныштықты сезіндім. Бұл өте таңқаларлық сезім 
еді. Мен терезенің тор көздерінен түсіп тұрған күннің сәулесіне қарап төсек үстінде 
отырмын. Бүгін күн бұлтсыз, ашық екен. Кенет мен соңғы кездері мүлде дерлік терезеден 
сыртқа қарамағанымды есіме алдым. Өзім жоғалтқан нәрселер туралы ойлап, жүйкемді 
жұқартқым келмейтін. Түрменің қалың қабырғаларын күн сәулесінің әлі жылытып 
үлгермегеніне қарамастан, мен әдеттен тыс жылуды сезіндім. Өткен күнді және Құдаймен 
болған түндегі әңгімемді есіме алып күлімсіреп қойдым да: «Рахмет, Иса», – деп 
сыбырладым. Өзіммен не болғанын әлі түсінбедім, бірақ бойымда өзгерістердің болғанын 
білдім. Өзімді иығымнан ауыр жүк түскендей сезіндім. Майклмен сөйлескім келді де, оған 
Құдайға қалай сиынғаным және Исаның мені құтқарғанына деген сенімділігім жайында 
хат жазуға бел байладым. Мен оның бұған қуанатынын білдім. 
 
Ашылған есіктің сықырын естіп селк ете қалдым. Түрме қозғалысқа еніп, ашық 
есіктен дәлізге шыққан тұтқындардың шуылы естіле бастады. Осы сәтте мен өзімнің 
қатты ашыққанымды сезіндім. Бұрын түрменің быламығын ұнатпайтын едім, бірақ қазір 
сұлы көжені әкелуін тағатсыздана күттім. Төсегімнен қарғып тұрған кезде шылым 
қорабына көзім түсіп кетті және кенет оянғаныма екі сағаттай уақыт болғанына 
қарамастан, шылым шегуге деген ықыласымның болмағанына таңдандым. Бұрын кем 
дегенде екі шылым шекпей төсегімнен тұрмайтын едім. Осы өзгеріске таңдана жүріп 
шылым қорабын алдым да, төсектің астына лақтырып жібердім – беті аулақ!
 
Камерамның есігінің алдында сары шашты, ірі денелі тұтқын тұр еді. Бұл түрмедегі 
қаніпезерлердің бірі болатын. Кешегі жағдай ойыма оралды. Камерамның еденіндегі қан 

95 
 
әлі кеппеген болатын. Кешегі болған жағдайдан денем тітіркеніп, жирен шашты 
тұтқынның жанынан елеусіз өтіп кетуге тырыстым. Ол маған қарай бұрылды да, бір 
боқтап, сол қолыма шылымын басып алды. Мен оның көздеріне тура қарап, қолымдағы 
күлді қағып тастадым да, кетіп қалдым. Асханаға жеткеннен кейін күйген қолыма көз 
тастадым да, өз көзіме өзім сене алмай тұрып қалдым. Күйіктің орны жоқ еді. Менің 
қолдарым түрлі төбелестерден түскен тыртықтарға толы болатын, кешегі күйіктің орны 
аздап әлі де ауырып тұр, бірақ жаңа күйіктің орны жоқ.
 
Бірнеше күннен кейін мен кітапханада Майклге екінші хатымды жазып отырдым. 
Оған қоятын сұрақтарым жиналып қалған еді, сондықтан онымен кездесуді асыға күттім. 
Жанымда Шейн атты Шри-Ланкалық жас жігіт сурет салып отырған болатын. Біз отырған 
орынды кітапхана деп атау қиын еді. Бұл дөрекі істелген үстелдердің үстінде тоз-тозы 
шыққан бірнеше кітаптар жататын әдеттегі камералардың бірі болатын. Бірақ бұл 
камерада тыныш еді. Соңғы кездері мен негізгі блоктағы у-шумен төбелестен қашып, көп 
уақытымды осында өткізетінмін. Жүрегім қуанышқа кенеліп, Майклге хат жазып 
отырмын. Айналамды қоршаған сұрықсыздықтарға қарамастан, менің көңілім көтеріңкі 
еді. Қай кезде болмасын мен өзімді дәл қазіргіден жақсы сезіне алар ма екенмін? 
 
Шейни әлдеқандай бір жолмен бір құты қайнаған су мен аздаған құрғақ кофе тауып 
алыпты. 
 

 
Тони, саған не болған? – деп сұрады ол құтысын маған қарай жылжытып. – 
Езуіңнен күлкі кетпей қалыпты ғой? Енді болмаса камера ішінде билей 
жөнелетін секілді болып көрінесің.
 
Мен күліп жібердім.
 

 
Мойындасаңшы! Не қабылдап жүрсің? Маған да берсеңші, – деді Шейн. 
 

 
Мен екпеймін де, шекпеймін де, Шейн, – деп жауап бердім күлуімді 
тоқтатпастан.
 
Шейн маған қарай бұрылып, көздеріме барлай көз тастады. Бір кездері есірткі 
сатумен айналысқан болатын және есірткіге елтудің кез-келген түрін бірден 
анықтай алатын. 
 

 
Бір нәрсе қабылдағаның анық, әйтпесе неменеге мәз болып жүрсің? – деді ол 
күмәнді үнмен.
 
Мұның есірткіге еш қатысы жоқтығына қарамастан, сырттан қарағанда менің шегіп 
алған адам секілді болып көрінетінім анық еді. 
 

 
Мен жай ғана бақыттымын, Шейн, мен Иса Мәсіхке сеніп тәубеге келдім.
 
Осылайша, мен мойындадым. 
 

 
А-а, «Иса»... Бұл маған таныс емес. Мұндай есірткі жайында бұрын ешқашан 
естіген емеспін. Сен оны қайдан таптың? – деп сұрады Шейн. 
 

 
Жоқ, мен мүлде қалжыңдап тұрған жоқпын. Өткен түні Құдайға бет бұрдым 
және қазір мен басқа адаммын. Мен сондай бақыттымын!
 
Шейн күліп жіберді. Әрине ол менің айтқандарыма сенген жоқ, бірақ мен оған 
Майкл Райт туралы, онымен кездесулерім және оның маған Иса туралы айтқандары 
жайлы әңгімелеп бердім. 
 

 
Бұл қуанышты сезіну үшін маған ешқандай есірткінің қажеті жоқ, Шейн. Саған 
не айтқым келетініне құлақ салшы. Есірткі қабылдаған кезде сен өзіңді жақсы 
сезінесің. Бірақ содан кейін өзіңді осылай жақсы сезіну үшін сен есірткінің 
мөлшерін көбейтуге мәжбүр боласың. Осы бақыт па, Шейн? Бұл ауру, 

96 
 
құмарлық, тәуелділік. Мұны қалай атасаң да өзің біл, бірақ бұл сені уысынан 
шығармауға тырысады, қазір сен құздың жиегінде тұрсың. 
 
Шейн басын изеді, мұны ол менсіз де білетін еді. 
 
Шейнге Құдайға мінажат еткенім және ашушаңдықтан қалай сауыққаным туралы 
әңгімелеп бердім. Мен оған өмірімді толықтай Иса Мәсіхке тапсырғаннан кейін болған 
шылым туралы және басқа да таңқаларлық нәрселерді айттым. 
 

 
Сенің өзгеріп кеткеніңді бірден байқадым, – деді Шейн. – Бірақ мен бұл жолы 
саған жақсы тауар тап келген ғой деп ойлаған едім. 
 
Шейн таңдана басын шайқады. Жохан жазған Ізгі хабардың сөздері есіме түсіп 
оған былай дедім:
 

 
Саған жай ғана сеніммен мінажат ету қажет, бар болғаны осы.
 
Шейн мені мұқият тыңдады. Ол менің шындықты айтып отырғанымды түсінді. Ол 
маған сұрақтар қойды, бірақ менің Майклмен сөз таластырғаным сияқты емес, 
қарсыласқан жоқ. 
 

 
Дегенмен мен бір нәрсені түсінбеймін: Исаға өлу не үшін қажет болды? Құдай 
неге осылай болғанын қалады? – деп сұрады ол. 
 
Мен аз-кем ойланып қалдым. Бұл мен үшін де әлі түсініксіз еді. Бірақ енді мен 
тәубеге келдім. Құдаймен кездестім және Оның кешірімін алдым, бірақ бұл тәжірибемді 
біреуге, әсіресе ағылшын тілін жеткілікті дәрежеде білмейтін адамға түсіндіріп беру қиын 
еді. 
 

 
Шейн, Құдай – кіршіксіз және қасиетті, – деп бастадым мен. – Ал біз мүлде 
кемелді емеспіз. 
 
Біздің бәріміз күнәкарлармыз. Тіпті әлемдегі ең ізгілікті адамның өзі Құдайдың 
өлшемдеріне сай келе алмайды. Бұл туралы Киелі кітапта айтылады. Бірак бұл Құдайдың 
бізді сүймейтінін білдірмейді. Шындығын айтқанда, Ол біздің Өзімен бірге 
болғанымызды қалайды. Біраз уақытқа адамға айналғысы келгендіктен, Ол Өзінің Ұлы 
Исаны жерге жіберді. Адамға айналған Ол бізге жерде өмір сүрудің және адамдар секілді 
қайғы-қасірет шегудің қандай болатынын шын мәнінде түсінетінін көрсетіп берді.
 

 
Түсінікті, әрі қарай айта бер, – деді Шейн тағатсызданып.
 

 
Сондықтан, Иса біздің орнымызға өлді. Біздің кешірім алып, Құдайдың алдына 
Оның, Мәсіхтің қасиеттілігімен бара алуымыз үшін біздің бар күнәларымызды 
Өзінің мойнына алды. Мәсіхтің кіршіксіз құрбандық болған себебі осы. Ол 
біздің орнымызға өлді, яғни, бізге өмір беру үшін біздің жасаған 
қылмыстарымыз үшін болатын жазаны Өзінің мойнына алды. Яғни, бізге өмір 
мен өлімнің арасында таңдау жасау еркі берілген. 
 

 
Демек, өз күнәларымыз үшін біздің бәріміз жаза тартуға тиіс едік, бірақ Құдай 
бізді бұл жазадан құтқарып қалды ғой? 
 

 
Солай деуге болады. Тек Құдай бізді жазадан азат еткен жоқ. Күнә үшін жаза 
сақталады. Бірақ бұл жазаны біз емес, Иса тартады. 
 
Азырақ ойланған мен бұл шындықты басқаша, өмірлік мысал арқылы түсіндіруге 
бел будым. 
 

 
Екі бала жастайынан бірге өсіп, бірге ойнайды және есейген кездерінде 
айырылмас достарға айналады. Арада жылдар өткенде олардың жолдары екіге 
айырылады. Бірі жоғары білім алып, сот болып қызмет етеді. Ал екіншісі жаман 
адамдармен байланысып, ұры болып кетеді. Бірде сот болып істейтін жігіт 

97 
 
қылмыскер орындығында отырған адамның өзі өте жақсы көретін бала кезгі 
досы екенін байқайды. Сот қиын жағдайға тап болады. Сот ретінде ол заңды 
орындауға, яғни, ұрыға үлкен сомада айып пұл салуға міндетті. Бірақ сонымен 
бірге ол досының бұл айып пұлды төлей алмайтынын да біледі. Егер досы айып 
пұлды төлемесе, онда оны түрмеге қамайды. 
 

 
Әрі қарай не болды? – деп сұрады Шейн.
 

 
Сот заңға сай үкім шығарды. Бірақ үкімді оқып болғаннан кейін ол сот киімін 
шешіп, адамдардың бәрін таң қалдыра қылмыскер орындығында отырған 
досының жанына барды. Содан соң қалтасынан чек кітапшасын шығарып, өзі 
сондай жақсы көретін адамы үшін айып пұлды төледі. Енді оның досы азат еді. 
Ешқандай айыптау, ешқандай айып пұл, ешқандай қарыз жоқ. 
 

 
Сонымен, сот – бұл Иса ғой, солай ма?
 

 
Иә, тек мынау есіңде болсын: оның өзі заңның бейнесі болып 
табылатындықтан, сот заңды орындауға тиіс болды. Ол өзінің досының 
қылмысына көз жұмып қарай алмайтын еді. Бірақ сот ол үшін айып пұлды өзі 
төлеуді қалады. Сот ретінде ол айып пұл төлей алмайтын еді. Сондықтан ол 
уақытша, тек уақытша ғана өзінің сот киімін шешіп, қылмыскер 
орындығындағы ұры досының жанына барып тұрды. 
 

 
Енді бәрін түсіндім. Қане, жаңағы аятты тағы бір қайталап жіберші. Әлгі, сенім 
мен мәңгілік өмір жайлы...
 

 
Бұл Жохан жазған Ізгі хабардың үшінші тарауының он алтыншы аяты: 
«Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз Ұлын 
құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік 
өмірге ие болады». 
 
Мен осы сөздерді айтқан кезде Шейннің көздерінен аққан жасы оның бетін жуды. 
 

 
Шейн, сенің тәубеге келіп, мәңгілік өмірге ие болғың келе ме? – дедім мен оған 
қозғау салып. – Мен секілді кешірімге, тыныштыққа және Құдаймен болатын 
қуанышқа ие болуды қалайсың ба?
 

 
Иә, – деді Шейн нық дауыспен. – Бірақ та мен не айту керектігін білмеймін. 
Қалай мінажат ету керек екенін білмеймін. 
 

 
Мен де бұрын ешқашан мінажат етіп көрмегенмін. Кеше түнде бірінші рет 
сиындым, – дедім мен оған. – Бірақ, егер қаласаң, біз мұны бірігіп істей аламыз. 
 
Алдымен мен сөйледім, содан соң ол менің артымнан қайталап тұрды. Ол 
Құдайдан кешірім сұрады, бұрынғы өмірінен бас тартқысы және жүрегін Иса үшін 
тазартқысы келетінін айтты. Осылайша мен біреумен бірге, сонымен бір мезетте біреу 
үшін алғаш рет мінажат еттім, бұл жақсы болды. Шейннің көздерінен жас моншақтап 
ақты. Ол менің қолымнан ұстап тұрып, өз тілінде мінажат етті. Мен оның бір сөзін де 
түсінген түсінген жоқпын, бірақ Шейннің шын жүрегімен өтініш айтып жатқанына 
сенімді болдым. 
 
Мен Шейнді Майклмен кездестірдім және ол бізге Киелі кітапты оқып-зерттеудің 
әдістемелерін әкеліп беріп тұрды. Шейн ағылшынша жақсы сөйлейтін, бірақ біз Майкл 
екеуміз ол үшін шри-ланкалық Киелі кітапты табуды қатты қаладық. Қамауда отырған 
менің қолымнан не келер еді? Тек қана мінажат ету! Ал Майкл болса уақытын текке 
жіберген жоқ: ол қауымдағы бауырларынан сұрастыра бастады, міне, керемет, әйелдердің 

98 
 
бірі үйінен шри-ланкалық Киелі кітапты тауып алды. Шейннің қуанышында шек болған 
жоқ. Арада бірнеше апта өткенде ол есірткіге тәуелділігінен толықтай арылды. 
 
Арада көп өтпей Майкл енді неміс тіліндегі Киелі кітапты іздестіре бастады. 
Берлиндік Зигги – Зигфрид фон Гребер жасы қырықтар шамасындағы ірі денелі, ебедейсіз 
адам болатын. Шылымды тым көп шегеді. Бұл пысықай кезінде фондылық биржада 
алаяқтық әрекеттері арқылы көп табыс тапқан. Ал қарны шығып, сақал-шаштары өсіп 
кеткен ол әккі алаяқтан гөрі байкерге көбірек ұқсайтын еді. Зигги мінезі шадыр, дөрекі 
адам болатын. Ол еш себепсіз, тек бүлік шығару үшін ғана әкімшілікке қарсы шығатын. 
Сонымен қатар ол адамдармен жұғыса білетін және қашан да асханадан қосымша тамақ 
алып жүретін. Заңсыз тауар тасығаны үшін жазасын өтеп жатқандықтан ол өзін кінәсіз 
етіп көрсетуге тысатын, бірақ мен оның айқандарына онша сене бермейтінмін. Біздің 
ортақ таныстарымыз болды, сондықтан түрмеге келген сәттен бастап біз істес болып 
кеттік. Зигги бар уақытын қарапайым сіріңке шилерінен теңіз кемелерінің күрделі 
модельдерін құрастырумен өткізетін. Біз жиі ұзақ уақыттар бойы бірге отыратынбыз, мен 
сурет салумен айналысамын, ал ол – модельдерін құрастырады. Біздің «өнер 
туындыларымыз» үлкен сұранысқа ие болды, сондықтан да шылымға және түрмеде қол 
жетімді өзге де нәрселерден мұқтаждық көрген жоқпыз. 
 
Исамен кездесуім жайлы алғаш айтқан кезімде ол мені күлкіге айналдырды және 
содан бері мені «уағыздаушы» деп атайтын болды. Ол мені сыйлайтын, бірақ өзге де 
көптеген адамдар секілді, бұл дүние оны да бүлдірген болатын, сондықтан дінге ешқандай 
қызығушылық танытпайтын. Мен оның келетін ешкімі жоқ екенін білетінмін, сондықтан 
бір-екі аптадан кейін мен оны Майкл Райтпен кездесуге көндірдім. Майклмен кездесу 
оған ұнағандай болып көрінді, бірақ досымның сыртынан жаман сөздер айта бастағанын 
естіген кезде, кездесуге келісудің оның кезекті қулығы екенін түсіндім. Кездесулер оның 
келушілерге арналған асханадан шоколад тақтасы мен бір құты сусынға тегін қол 
жеткізуінің тәсіліне айналды. 
 
Бірде өз камерасында отырып онымен сөзге келіп қалдым. Бұл мағынасыз талас 
еді. Ол Майклды жамандай бастады және аузына келгенін көкіп, Құдайға қарғыс айта 
бастады. Бұл мені ызыландырды, оған қатты ашуландым.
 

 
Айтшы, уағыздаушы, сенің Исаң мына камераның қай жерінде тұр? – деді Зигги 
аузынан көбігін ағыза айқайлап. 
 
Мен жақындап:
 

 
Иса саған Майкл арқылы келеді, – деп жауап бердім. 
 

 
Ха! Жоқ Құдай туралы мылжыңдай беретін әлгі ақымақ па? Оны осы жерге 
әкеліп, мұнда не болып жатқанын көрсетер ме еді. 
 
Жан-дүниемнің белгісіз түкпірінен бұрынғы ашуымның бас көтеріп, бақылаудан 
шығып бара жатқанын сезіндім. Мен Зиггидің жейдесінің жағасынан шап бердім. 
 

 
Майкл туралы тағы бір нәрсе айтар болсаң, мен сенің бар тісіңді қағып аламын.
 

 
Кел, уағыздаушы, кел. Ұр, – деді ол маған бетін тосып. «Ұр» деп тұрғаннан 
кейін ұрдым. Аузынан соққы тиіп, ол үстел үстіне құлап түсті. Соңғы күндері 
ол суретке қарап желкенді кеме құрастырып жатқан болатын. Бұл суретті оған 
тұтқындардың бірі, испандық Чико берген еді. Бітуге таяп қалған әдемі 
желкенді кеме үстел үстінде тұрған болатын. Зигги үстел үстіне етбетінен 
түскен кезде кеме жерге құлап, мыңдаған бөлшектерге бөлініп түсті.        
 

99 
 
    Қаны басына шапшыған Зигги маған тұра ұмтылды. Бұл жолы мен оны еденге 
сұлатып түсірдім. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып менің қолымнан босанып 
шығуға талпынды. 
 

 
Зигги, Зигги, тоқтат! Мұны сен менің досым болғандықтан айтып тұрмын. Иса 
сені сүйеді және құтқаруды қалайды. 
 
Ол қарсыласуын жалғастыра берді, ал мен ол әбден әлсірегенге дейін өз 
шақыруымды қайталай бердім. 
 
Енді Зигги айғайға көшті:
 

 
Менің сенгім келеді, бірақ түрмеде бұл қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады! 
Мен бұдан әрі төзе алмаймын.
 
Оның бүкіл денесі дірілдеп, енді өзін ұстай алмады. Менің жүрегім сыздады. Бұл 
түрме. Түрменің күшті, батыл деген адамдарды қалай сындыратынын күнделікті көріп 
жүрмін. Жалғыздық пен үмітсіздіктен адамдар өздеріне қол салатын, естерінен адасатын. 
Мұның барлығы біздің көз алдымызда болып жататын. Екеуміз де жылап жібердік.
 

 
Зигги, кел, мінажат етейік, – деп ұсындым. – Дәл қазір, осы жерде. Сен үшін 
басқа не істей алатынымды және не айтатынымды білмеймін. Сен менімен бірге 
сиынасың ба?
 
Зигги ақырын басын изеді және арада көп уақыт өтпей жұпыны, тар камераның 
ішінде Құдайдың  аясын сезіндік. 
 
Одан кейінгі апталарда ең түзелмес және қаніпезер деген қылмыскерлердің біразы 
құдіреті күшті Құдайдың алдында тізелерін бүкті. Күнәларын мойындаулары таң 
қаларлық дәрежеде оңайға түсті. Жасаған қылмыстарының кесірінен барып тұрған 
күнакарларға айналғандары туралы дерекпен олардың ешқайсысы қарсыласқан жоқ. Олар 
өз күнәларын терең сезінді. Кешірім сыйы, өздерін тіпті түрме қабырғаларының ішінде 
азат еткен Құдайдың рақымдылығы үшін Исаға алғыстарын білдірген кезде олар көпшілігі 
жас балаша жылап тұрды. 
 
Майкл Райттың жұмысы күрт көбейді. Ал маған қалғаны тек адамдарға қолдау 
көрсетіп, оларды Майклмен кездесуге көндіру болды. Бірде ол он тұтқынмен кездесуге 
келді, бірақ тіпті сол кездің өзінде ол маған ақыл-кеңесін беруді және Киелі Жазбаны 
түсіндіруді ұмытқан жоқ. Оның қауымы біз үшін мінажат етті. Менімен кездесулерінің 
бірінде Валери өздерінің Құдай егістігіндегі еңбекшілердің көбеюі, біздің сенушілердің 
шағын тобының ұлғаюы үшін бұл түрмеге мәсіхшілердің көбірек түсуі үшін мінажат 
ететіндерін мойындады. Мұны естігенде мен шошып кеттім. 
 

 
Жоқ! – деп дауыстап жібердім мен. – Олай деп мінажат етпеңіздер. Тек қазір 
қамауда отырған бақсытсыз жандардың Мәсіхті тануларын сұрап сиыныңыздар. 
 
Мохаммед атты мұсылман жігітпен осылай болды. Ол үлкен адам болатын және 
оның қиындықтары да үлкен болды. Ол такси жүргізушісі гректі өлтіргені үшін жазасын 
өтеп жатқан болатын. Оның әйелі Таммам мен бауыры Ахмед те түрмеде отыр. Әйелдер 
блогында отырған Таммамның аяғы ауыр болатын. Мен Мохаммедтің имаммен бірге 
күнделікті Аллахқа сиынып жүретіндерін көріп жүрдім. Мұсылмандардың кейбірі намазға 
жығылған кезде шекелерін жарып алуға шақ қалатын. Бірде жайнамазын қолтығына 
қысып, камерасына қарай келе жатқан да оны өзіме қарай шақырдым да:
 

 
Кел, Мохаммед, сөйлесейік, – дедім күлімсіреп. 
 
Мохаммед жалғыздықты сезініп жүрген болатын. Гректер оны жек көретін еді. Ол 
гректі өлтірді, соның кесірінен ол түрмеде көп қиындық көрді. Сонымен қатар оны өз 

100 
 
қандастары да жақтыра бермейтін еді, себебі мұсылмандар оны әйелі және бауырымен 
бірігіп қылмыс жасауы арқылы өз әулетінің атына кір келтірді деп есептейтін. Түрмеде 
оның тіршілік ету үшін үздіксіз күрес жүргізуіне тура келді, сондықтан да ол бәріне 
күмәнмен қарайтын еді. Мен Мохаммедке жақындамақ болған әрбір кезде ол маған 
көздерін сығырайта сенімсіздікпен қарайтын. Бірақ уақыт өте келе онымен жақындасуға 
жасаған талпыныстарым жемісін берді де, арамызда достық қатынас орнай бастады. Ол 
досқа зәру болатын. Мен оған шылым беріп жүрдім, сурет салатын құралдарыммен 
бөлістім, осылайша ол біртіндеп жіби бастады. 
 
Сол күні Мохаммед қатты қапаланып жүрді. Темекі тұтақан кезде никотиннен 
сарғайып кеткен саусақтары дірілдеп кетеді. 
 

 
Аллах менен теріс айналды, Тони, – деді ол көздері жасқа толып. – Енді не 
істерімді білмей қалдым. 
 

 
   Анықтап айтсаңшы, – дедім мен Құдайдың жетелеуін сұрап іштей мінажат 
етіп тұрып. 
 
Мохаммед сыбырға көшті. 
 

 
Тони, әйелдер блогы жайлы сұмдық әңгімелер естіп жатырмын. Таммамды 
ойлап мазам кетті. 
 

 
Мұнымен не айтқың келеді?
 

 
Түрме қызметкерлері әйелдерді ұрып-соғып, зорлайды деген әңгімелерді естіп 
жатырмын, – деп жабыға сөйлеген ол шылымын құныға сорды. – Жақында 
сәбиіміз дүниеге келуі тиіс. Мүмкін, мен оны ешқашан көре алмайтын 
шығармын.
 

 
Осы жерден шығатын күнің де келеді, Мохаммед. Өмір бойына түрмеге қамалу 
деген сен онда өмір бойы отырасың дегенді білдірмейді. (Өмір бойына түрмеге 
қамалу жазасы аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге тағайындалады. Өлім 
жазасына балама ретінде қолданылады. Бірақ жақсы тәртіп пен белгілі бір 
мерзімді өтеп болу түрмеден шартты түрде босатуға негіз бола алады). 
 

 
Тіпті осы жерден шыққан күннің өзінде менің өмірімнің қара бақырлық құны 
болмайды. Таммамның отбасы оны менімен ажырасуға мәжбүр етеді. Оған тіпті 
не айтарымды да білмеймін.
 

 
Сен онымен кездесе аласың ба?
 

 
Егер бастықтар рұқсат етсе, келесі аптада кездесуіміз мүмкін. Кездесу мерзімі 
жарты сағат. Білмеймін, оның көзіне тура қарауға батылым жетер ме екен?
 

 
Мен сен үшін мінажат ететін боламын, Мохаммед.
 

 
Бәрінің жақсы өтуі үшін өзіңнің Құдайыңа мінажат ет, Тони. Тіпті 
туыстарымның өзі менен теріс айналып кетті. Үлкен күнә жасағанымды 
білемін, бірақ ол кезде менің басқа амалым болмады. Әлгі гректі өлтіру үшін 
маған өте мол ақша ұсынды. Бұл ақша менің отбасымды бір жыл бойы 
асырауыма жететін еді. Иорданияда жүрген кезімде әке-шешемнің, бауырларым 
мен немере ағайындарымның аштан өліп қалмас үшін бар күштерін салып 
жүргендерін күнделікті көретінмін. Мен оларға керекпін, әйтпесе олардың бәрі 
қаза табады. Олармен енді не болатынын мен қазір білмеймін. 
 
Мохаммед бетін қолдарымен басып отырып қалды. 
 
Бірнеше күннен кейін Майкл Райтты шығарып салып тұрып кездесу бөлмесінен 
мұсылман әйелді көрдім. Оның аяғы ауыр екен. Оны алып келген күзетші әйел асханада 

101 
 
кофе дайындап жатты. Бұл әйелді Таммам болар деп ойладым. Бұл жаз кезі болатын, 
адамдардың бәрі, оның ішінде күзетшілер де ыстықтан бей-жай болып маужырап жүретін. 
Мен тез оның жанына жақындадым. Ол ағылшынша тым нашар түсінеді екен, дегенмен 
біз бір-бірімізді түсіне алдық. 
 

 
Мен сіздің күйеуіңіздің досымын, – дедім мен оған күлімсірей қарап. – 
Мохаммед жақсы, қайырымды адам.
 
Таммам күзетші жаққа ұрлана көз тастап, қысыла күлімсіреп қойды. Мен оған 
Майклдың мекенжайы жазылған тілдей қағазды ұстаттым.
 

 
Одан өзіңізбен кездесуге келуін өтініңіз. Майкл сізге міндетті түрде 
көмектеседі, – дедім оған.
 
Оның мені түсінгеніне жүз пайыз сенімді болған жоқпын, бірақ басқа не істей алар 
едім? Осы сәтте оның күзетшісі біздің сөйлесіп тұрғанымызды байқап қалды да, менің 
кетуімді талап етіп айқайлай бастады. Арада бес күн өткенде Майкл маған Таммамның 
кездесуге келісім бергені туралы жазды. Менің күткенімдей-ақ, ол бірден іске кірісіпті: 
Таммаммен өзі кездесіпті және қолдау көрсету үшін қауымдағы әйелдермен кездесу 
ұйымдастырыпты. 
 
Бірнеше күннен кейін маған Мохаммед келді. Қатты толқып, бетінен тер 
моншақтай ағып тұр.
 

 
Таммамнан хат алдым, – деді ол аман-саулықсыз. 
 
Күтпеген жағдай! Түрмедегі әйелдер бұған дейін ешқашан бір-бірлеріне бір 
нәрселер жолдаған емес. Кейде, ішкі аулада серуенде жүрген кезде біз қақпа арқылы өтіп 
жатқан тұтқын әйелдерді көретінбіз. Сірә, олар бір нәрселерді сол кездерде беріп қалатын 
болса керек. 
 

 
Ол сенің Исаңа сенім артқаны туралы жазады, – деді ол қамығып. – Сен бір 
нәрсе түсінесің бе? Бұл не болғаны? Егер бұл туралы бауырым Ахмед еститін 
болса, онда бұл хабар туыстарымызға ғана емес, бүкіл ауылға жайылады. 
Түрмеден шыққан кезінде Таммамды жай ғана өлтіре салады. 
 
Ол күні Мохаммедпен жөндеп тілдесу қиын еді. Ол аласұрып, жанын қоярға жер 
таппады. Бірақ, оның жан-дүниесінде өзгеріс жүріп жатқаны байқалып тұр еді. Оны да 
Майклмен кездестірудің сәті түсті. Арада екі-үш күн өтпей ол маған қайта жүгіріп келді. 
Мен оның күлімсірегенін сол кезде алғаш көрдім. Ол жасарып кеткен секілді, көздерінде 
нұр ойнап тұр. Оның қиындықтары шешімін тапты. Мен секілді, ол да өзінің 
Құтқарушысын тапты. Басындағы барша қиындықтарына қарамастан, енді оның алдында 
өмірдің жаңа мәні мен жаңа үміт пайда болды. Енді Ол Құдайға сенім арта алатын және 
әйелін Оның қорғанысының астына бере алатын еді. Осыдан бастап біз ынтымақтас болып 
кеттік. 
 
Түрмедегі ресми дін грек православиесі болатын. Өзге дінді ұстанатындарға 
төзімділікпен қарайтын. Тұтқындардың арасында мұсылмандар көп еді. Алайда Иса Мәсіх 
арқылы «жоғарыдан қайта туылу» туралы Киелі кітаптық ілімді уағыздауды басшылар дін 
бұзушылық деп санайтын. Бірақ бұл мені абыржыта алған жоқ. Мен бәрінен де Құдай 
туралы ізгі хабарды әркіммен, оның ішінде күзетшілермен де бөлісуді және оларға 
Құдайдың менің өміріммен не істегені туралы әңгімелеп бергенді қаладым. Бірақ та біз өз 
жиналыстарымызға қатысты шараларын сақтауға тиіс едік. Бұл кезде блокта жаңадан 
тәубеге келген мәсіхшілердің саны бүтіндей бір топқа жеткен болатын және, әрине, біздің 
бір-бірімізбен араласқымыз және бірге мінажат еткіміз келетін. Жиналыс кездерінде менің 

102 
 
бір кісілік камерам тарлау еді, бірақ біз өзімізді Иса айқышқа керіліп және қайта 
тірілгеннен кейін биліктен жасырын жиналған Оның шәкірттері секілді сезіндік. Біз 
ертедегі Қауымның тарихын оқып, алғашқы мәсіхшілердің өмір салттарын үлгі еттік және 
Жаңа өсиеттік ілімді қолымыздан келгенше ұстанып жүрдік. Иеміз Иса Мәсіхтің атына 
әрбір жиналыс жасаған сайын, біз зор құрметпен нан үзу рәсімін орындайтынбыз. Түрме 
жағдайында мұны орындау оңайға түскен жоқ, бірақ Құдай бізге барынша көмектесті. Нан 
үзу өсиетін орындауға қажетті нәрсенің бәрі қашан да табыла кететін. Топтың әрбір 
мүшесі нанды және кейде түске асқа берілетін жүзімді үнемдейтін. Бұл жүзім бәрібір 
жеуге жарамсыз еді, сондықтан біз оларды жаңа шұлыққа салып сығып, шырынын 
алатынбыз. Уақыт өте келе бұл шырын шарапқа айналатын. Оны өндіруге Исаның Өзінің 
де қатысуы әбден мүмкін.
 
Мен камерамды көзбен шолып өттім. Бауырлардың бірнешеуі төсегімнің үстінде, 
ал өзгелері еденде жүрелеп отыр. Зигги мен Мохаммед өзара әзілдесіп отыр. Ыңғайлырақ 
орын тауып алуға тырысып жүрген британдық тілші Мартин алып денелі Зиггидің 
жанында мүлде кішкентай болып көрінеді. Мартин жалған виза жасағаны үшін түрмеге 
қамалған ол бұл жерге еш көндіге алмай жүрді. Қорғаныс іздеген ол түрмеге келген 
алғашқы күннен бастап-ақ менің жанымнан шықпайтын болды және арада көп өтпей-ақ 
Ізгі хабарға құлақ сала бастады. Бұл жерде ливандық есірткі сатушы Хасан, абайсызда кісі 
өлтірген грек Андреас және басқа да адамдар жиылған болатын. 
 

 
Ал Шейн қайда? – деп сұрадым мен. – Симоне ше?
 
Айтып ауыз жиғанша камераға түрі бұзылып кеткен Симоне жүгіріп кірді де:
 

 
Шейнді Алькапони зорлап тастады, – деді ентігіп. 
 
Мен дереу Шейннің камерасына қарай ұмтылдым. Күзетшілер оны зембілге салып 
көтеріп келе жатыр екен. Досыма жақындау үшін үймелеген өзге тұтқындарды итере алға 
жылжыдым. Ол шала-жансар күйде жатыр екен. Тілім-тілімі шыққан шалбары балағына 
түсіп кеткен. Үстіндегі жейдесі қанға малшынған. Аяқ-қолдарының терісі сыпырылып, 
қанталап тұр, кеудесіндегі қорқынышты жарадан (ұстарамен тілінгені анық) қан 
тамшылайды. Ал оның беті...
 

 
Құдайым-ай, оның беті не болып кеткен... – ашудан жанымды қоярға жер 
таппадым. Зембілде жатқан адамнан бір кездегі әдемі жігітті тану мүмкін емес 
еді. 
 
Лап еткен ашу оты денемді шарпыды. Мұндай нәрсені мен ұмыта бастаған едім, 
мен қайтадан бұрынғы – қатал және ашушаң Тониға айналдым. Сол кезде мен досым 
Шейнді әкетіп бара жатқан күзетшілердің артынан қарап тұрып, Алькапониді өлімші етіп 
тепкілеуге ант еттім және ауыздағы өзіме өте таныс кермек дәмді тағы сезіндім. Мен 
Алькапонидің қанын аңсадым.
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет