8 тарау
Ешкіммен араласуды қаламасам да, бір сәтке де жеке қалғымкелмеді. Бос
уақытымды мен дәмханалар мен мейрамханаларда қуанышты, еш қам-қайғысыз адамдарға
қарап отырумен өткізе бастадым. Ешкіммен сөйлескім келмейді. Мен көңіл көтеретін
62
орындарға ол жерлердегі шуыл жанымды жегідей жеген қайғымды сәл де болса басатын
болғандықтан баратынмын. Бірақ мұның өзім де әлі толық түсіне алмайтын қорқынышты
тағы бір себебі бар еді. Аузымдағы түсініксіз дәм кетер емес. Әлгі жезөкшелер үйінде
адам ұрған кезімде алғаш сезінген кермек дәм. Оны ұмытуға тырыссамда, ол қайтадан
пайда бола берді. Бұл менің алай-дүлей ашуымның дәмі, қанға құмарту болатын. Ащы
шындық менің кенет өзгеріске ұшырағанымда еді. Сабырлылығым, ұстамдылығым, дұрыс
жолмен жүруді қалауым әлдеқайда жоғалып кетті. Енді мен тек қақтығысты іздейтін
болдым.
Бірде, МФКФ маған шағын демалыс берген кезде Амин Файед тікелей менің өзіме
қоңырау шалып, Кипрдің астанасы Никосияда кездесуге шақырды. Шынымды айтсам,
маған жалынудың қажеті болған жоқ.
Қолым босай қалған алғашқы кеште-ақ Никосияның түнгі өмірін көруге шықтым.
«Afrikanas» бары адамдарға лық толы екен, бірақ мен қалтарыстан ыңғайлы орын тауып
алдым да, жайлы орындықта отырып келушілерді сырттарынан бақылай бастадым. Бұл
жерде бір топ даттық жауынгерлер көңіл көтеріп жатыр екен. Мен оларға жек көре қарап
отырдым. Олар ішімдік ішуден жарыс ұйымдастырып жатыр. Біреуі бір стақанның
артынан екіншісін ішіп жатқан кезде, қалғандары ән айтып, қолдарын шапалақтаумен
болады. Олар көбіне күшті спирттік ішімдіктерді ішуде. Жауынгерлердің бірі, бойы екі
метір болатын еңгезердей жауынгер жарты литрлік саптыаяқ сырадан алтауын бірінің
артынан бірін демалмастан бір-ақ ішіп салды. Қалғандары бұған қуана қол шапалақтап,
мәз болысып қалды. «Нақұрыстар, – деп ойладым мен, – қаншалықты мықты
екендіктеріңді байқап көрере ме еді?»
Уақыт өтіп жатты. Тез масайып қалған жауынгерлер шуылдап, шатақ шығара
бастады. Көрші кабинкалардың бірінде үш қыз демалып отырған еді. Олардың ешкімде
шаруасы жоқ өзара әңгімелесіп отырды. Олар менің есіме бірден Айя мен оның әпкелерін
түсірді. Олардың біреуінің шашы дәл Айяның шашына ұқсас болды. Жауынгерлер кенет
өздерімен-өздері отырған осы үш қызға назар аудара бастады. Сары шашты қыз орнынан
тұрып, үлдірікке қарай бет алған кезде, жауынгерлердің бірі оның соңынан ілесті. Мен
қыздың сыпайылықпен оның бетін қайтаруға қалай тырысып жатқанына қарап тұрдым.
Бірақ жігіт оның айтқандарына құлақ асар емес. Менің қаным қыза бастады. Қыздың
тапсырысын күтуі ұзаққа созылған сайын даттық жауынгердің оған соқтығуы да күшейе
бастады. Қыз одан теріс айналып кетті, бірақ бұл да көмектеспеді. Жауынгердің қызды
жайына қалдырар ойы жоқ секілді. Орындығымның ең шетіне сырғып отырып олардан
көз алмай бақылап тұрмын. Жауынгер екінші жақтан айналып келіп, тағы да қыздың
алдына тұра қалды. Қыз тағы да теріс айналып кетпек болып еді, жауынгер оны иғынан
шап беріп ұстап, күштеп өзіне қаратып алды. Сол сәтте мен қыздың көздерінен
қорқынышты байқадым. Қыз оның құрсауынан шығуға тырысты, бірақ жігіттің күші
басым еді.
Менің қаным басыма шапшыды. Ештеңе туралы ойлап жатпастан үлдіріктің
жанына жүгіріп бардым да, стақанды сындырып, оның қолымда қалған бөлігімен даттық
жауынгердің бетінен ұрдым.
У-шу басталып кетті. Он екі-он үш адамнан тұратын даттық жауынгерлер үлдірікке
қарай лап қойды. Бірақ мен олардың араларынан сыналай өтіп, шамдары жарқырап тұрған
көшеге шығып алдым. Енді менде әрекет жасауыма қолайлы кеңістік пайда болды.
63
Жауынгерлер өле мас еді, сондықтан мен бұл жерде олардың барлығын да жусатып сала
алатынымды түсіндім. Ал тар дәмхананың ішінде мұны істеу қиындау еді.
–
Келіңдер, келіңдер! Сыбағаларыңды алыңдар! – деп айқайладым.
Делебем қозып, денемнің әрбір бөлшегі айқасты аңсады. Жауынгерлер тәлтіректеп
сыртқа шыға бастаған кезде мен оларды тоқтатып алып, бір-бірден ұрып құлата бердім.
Әйтсе де олардың бірі мені көзімнен ұрып үлгеріп қалды. Көзімнен от жарқ ете қалып,
қатты ауырып кетті. Бірақ бұл тек менің ашуыма май құя түсті. Мен үшін оларды
дәмханадан шығарып әкету жеткіліксіз болды. Қан аңсаған мен оларды аяусыз тепкінің
астына алдым.
Әрбір соққы жасаған сайын бәрін сындырып, бәрін қиратып тастауға деген
тілегімнің одан әрмен өрши түскенін сезіндім.
Кенет дабылдың үні естіліп, полицияның қарасы көрінді. Бірақ мен қараңғылықты
жамылып, ол жерден ізімді суыттым.
–
Кеше шағын төбелес ұйымдастырдың ба? – деді Амин екі езуі екі құлағына
жете күлімсіреп.
–
Асып бара жатқан ештеңе болған жоқ, – дедім мен көгерген көзімді сипап
тұрып. Оның бәрін біліп алғанына жыным ұстады. Бірақ оның бұл туралы
білмей қалғаны таңданарлық жағдай болатын еді. Ол айлакер, есепшіл, сабырлы
адам болатын және ол менімен қалай сөйлесуді білетін.
Әрине, Амин менің бойымдағы өзгерісті бірден байқады және мұның өз істері үшін
пайдалы болатынын түсінді. Ол:
–
Бүгін кешке ойынға барамыз, – деді де, сейфті ашып, оның ішінен белі
резеңкемен буылған екі бума ақшаны алып шықты.
Ойынханада адам көп екен, Амин екеуміз залдан өтіп келе жатқан кезде олардың
барлығы дерлік онымен бас изеп немесе қол алысып амандасумен болды.
–
Файед мырза, бүгін қолыңыз жүреді деп ойлайсыз ба? – деген ойынхана
қожайыны бізді үстел басына өзі жеткізіп салды.
Аминді бұрыштағы ең жақсы үстел күтіп тұр еді. Амин күлімсіреп қойды. Крупье
карталарды тарата бастаған кезде Аминнің жүзінде өз-өзіне ризашылық пен сараңдық
сезімдері ойнап тұрды. Ойын жаңадан бастала берген кезде Аминнің жанына бір бейтаныс
адам пайда болып, онымен сөйлесе бастады. Әлгі адамның жүзінен оның алаңдаулы және
ашулы екені байқалады. Өз орнымда тұрып мен қожайынымның ашуының сәт сайын
ұлғайып келе жатқанын байқап тұрдым. Мен оның белгі беруін шыдамдылықпен күттім
және содан соң оның жанына барып тұрдым. Бейтаныс жүрексініп қалды, бірақ
бұрынғысынша тез-тез сөйлеп, Аминнен бір нәрсе сұрауын жалғастыра берді. Мен басқа
белгіні күткен жоқпын. Әлгі адам Аминнің жеңінен ұстамақ болған кезде оны шетке
сүйреп алып шықтым да, еденге құлатып түсірдім. Басқа еш нәрсе істеудің қажеті болған
жоқ. Орнынан атып тұрған ол шығар есікке қарай жүгіре жөнелді. Амин мақұлдай басын
изеді де, ойынын жалғастырды.
Келесі күні қожайыным мені өзінің пентхаусына шақырып алды. Ол менімен тым
жылы сөйлескендіктен, бұдан кейін не болатынын түсініп тұрдым. Енді бәрін істеуге
дайын едім.
Сол кеште мен Аминге көп ақшаға қарыз болып қалған адамның үйіне барып
қайттым. Ол белгілі қару-жарақ сатушысы еді. Мен күтпеген жерден келіп, оны қапыда
бастым. Ол күзетшілері жоқ, жалғыз екен. Оған оның Аминге қарыз ақшаларын алып кету
64
үшін келгенімді айттым. Сатушы тек күлімсіреп қойды. Оның өз-өзіне разы, тәкаппар
күлкісі біздің көптеген бай, беделді клиенттеріміздің күлкілеріне ұқсап кеткені сондай,
менің құсқым келіп кетті. Ол өзім кіммін деп ойлайды?
–
Қожайыныңа менде ондай ақшаның жоқ екенін айтып бар, – деді ол. – Мен
онымен осы аптаның аяғында толықтай есептесемін.
Осылай деген ол маған есікті нұсқады. Жазасын тартатын уақыты әлі келмегенін
білгендіктен, оның мұнысына аса қатты ашулана қойған жоқпын.
Оның жауабын естігенде Амин қатты ашуланды.
–
Қайтадан бар да, ақшаны бүгін төлеуге мәжбүр ет, – деп бұйырды ол. – Ақшаны
төлегеннен кейін сазайын тартқыз!
Мен өзіммен бұлай сөйлескенге үйренбеген болатынмын, бірақ Аминге шексіз
қарыздар едім. МФКФ маған оның қауіпсіздігі үшін ақша төлейтін, ал қалғанының маған
қатысы жоқ болатын. Мек тек клиент алдындағы міндеттемелердің орындалуы үшін ғана
жауапты едім. Аминнің бұйрықтарын орындау менің МФКФ белгілеген міндеттерімнің
ішіне кірмейтін еді. Бірақ мәселе менің енді қылмыс пен заңды бөліп тұрған шекарадан
өтуге өзімнің талпынып тұрғандығымда болатын. Клиентіме әлдебіреу осылай істей алады
деген ойдың өзі-ақ менің зығырданымды қайнатты. Сол күні әлгі адамның үйіне қайтадан
бардым да, бәрін қожайыным айтқандай етіп орындап қайттым.
Бұған риза болған Амин қомақты сыйақы төледі. Шынымды айтсам, маған
Аминнің сыйлығынан гөрі сатушының сазайын қалай бергенім көбірек ұнады. Енді ше, ол
менің бойымды бүтіндей жайлап алған зорлық-зомбылық көрсету тілегін тек ұлғайта
түсті.
Бірде ойынханада ақшаны оңды-солды шашып жүрген Чадты көріп қатты ашуға
міндім. Алып денелі африкалық өзі сөйлескен адамдарының бәріне аққайнарға тапсырыс
беріп жүр. Жартылай жалаңаш даяшы қыздарға ақша тықпалайды. Мен бұл африкалықты
жақсы білетінмін. Ол Аминге қомақты ашқа қарыз болатын. Қысқасын айтқанда, бұл
менің абыройыма сын еді. Сол күні кешкісін мен оның үйіне бардым.
Зәулім жекежайға келіп есігін қақтым. Чадтың күтушісі есікті аша қоймаған соң,
оны бұзып кірдім. Шошып кеткен күтушіні ұшырып түсірдім де, Чадтың қонақ бөлмесіне
келіп кірдім. Ол біреудің иелігіне баса-көктеп кіруге құқымның жоқ екенін айтып
наразылық білдіре бастады. Бірақ мен оны сөзін аяқтатып үлгерткен жоқпын.
Африкалықты шаштарынан ұстап алып, оны кітап сөрелерінің артында орналасқан үлкен
сейфті көрсеткенге дейін ұра бердім. Сейфтен Аминге тиесілі ақшаны алғаннан кейін
Чадты қабырғаға тақап алып, қинай бастадым. Осы сәтте бөлмеге «Әке!» – леп
шырылдаған оның екі баласы жүгіріп кірді. Олардың айқайларынан есімді жиып,
африкалықты қоя берген салғанымда ол еденге «гүрс» етіп құлап түсті. Балалардың
жандарынан жүгіріп өтіп, ол жерден қарамды батырдым.
Чадтың сазайын тарттырғаннан кейін мен көп уақытқа дейін сабама түсе алмай
жүрдім. Оның балаларының бейнесі көз алдыма келе берді, бірақ олар туралы ойламауға
тырысып, соңымнан қалмай жүрген қан иісін құмарта жұттым.
Мұндай көріністер одан кейін де аз қайталанған жоқ және мен өзімді барған сайын
айуанша ұстай бастадым. Мен Аминнің де сазайын тартатын уақыты келетінін түсіндім.
Ол бәрі үшін жазасын тартуы тиіс. Бір күні жалдамалы қанішер оны іздеп табады да,
өзінің арам ойын іске асырады. Сондай-ақ бос уақытымда менің немен айналысып
жүргенімді білген кезде МФКФ-мен арамызда үлкен әңгіме болатынын да түсіндім. Мұны
65
болдырмаудың жалғыз жолы – мен туралы дыбыстарын шығармаулары үшін әлгі
адамдарды қорқытып қою қажет.
Ал енді әке-шешеме келетін болсақ, олар мен жайлы әдеттерінше еш нәрсе
білмейтін және білгілері де келмейтін. Олардың Айяны бір рет естеріне алмағандары
көңіліме келетін. Дәл бір ол менің өмірімде ешқашан болмаған секілді. Бірақ соған
қарамастан мен Лондонда болған сайын ата-анама барып тұратынмын және қолымнан
келгенше олардың өмірлерін жақсарта түсуге тырысатынмын. Бірде анам әкемді емдеудің
жаңа, бірақ өте қымбат курсынан өткізу мүмкіндігі туып тұрғанын айтты.
Әрине, бізде ондай ақша жоқ, – деді ол. – Швейцариядағы ота алдындағы бір ғана
медициналық тексерудің өзіне отыз мың фунт ақша болса қажет. Егер сен
көмектесе алатын болсаң...
Мен әкеме көз тастадым және осы көп жылдардың ішінде алғаш рет оның көзінен
үміт ұшқынын байқадым. Ол ыңғайсыздана күлімсіреп қойды. Маған жақсы ақша
төлейтін, бірақ мен ақшамның бәрін жұмсап тастайтын едім, сондықтан жинаған
қаражатым да, банкіде есеп-шотым да жоқ болатын.
–
Жарайды, не істеуге болатынын ойластырып көрейін, – дедім мен оларға.
Кипрге келе салысыммен, бірінші кезекте мен ақша табу мәселесін ойластыра
бастадым. Аминнен сұрауға болар еді, бірақ менің ешкімге қарыздар болғым келмеді. Бұл
уақытта мен адамдарға және олардың мүліктеріне деген барша құрметімнен айырылған
болатынмын. Аминге жұмыс істеп жүріп қатал қарыз өндіріп алушыға, тонаушының
нағыз өзіне айналдым. Әкеме ота жасату үшін ақша табу қажет. Ал бұл онша қиын шаруа
емес. Мен Никосиядағы аса бай адамдарды білетінмін, сондықтан құрбандықты таңдау –
қиын мәселе емес болатын.
Әйтсе де маған қадам жасау, әлдебір шектеуден аттап өту қажет болатын. Сөйтіп,
мен осы қадамды жасауға бел будым. Осында бір жаман адам бар еді. Бірде кешкісін мен
оның қала сыртындағы үйіне келіп, қолыма түскен бар ақшасын алып кеттім. Маған
кедергі жасамақ болғандарды аяған жоқпын. Менің қатігез болғым келмейтін еді, бірақ
мені солай болуға мәжбүр етті. Төбелес мен үшін қосалқы сый іспетті болып кетті. Мен
жеңіске жетіп жүрдім және жеңістерді аңсадым. Мен ешкімге бой бермедім. Қалаға
қайтып келгеннен кейін бес жұлдызды қонақүйлердің біріне келдім.
–
Бес жүз жетінші бөлме, – дедім кілттер ілініп тұрған тақтаға тез көз жүгіртіп
өтіп.
–
Қайырлы кеш, мырза, – деген кезекші мен айтқан бөлменің кілтін қолыма
ұстатты.
Оған күлімсірей қараған мен лифтіге отырып, бесінші қабатқа көтерілдім. Бөлмеге
кіргеннен кейін бірден суырмаларды ақтарып, іздеген нәрсемді тауып алдым. Бұл бөлмеде
кімдер тұрып жатса да, олардың ойларында бір-ақ нәрсе бар екен, ол – ақша шашу. Мен
ақшаның бәрін сыпырып алдым да, келесі қонақүйге бардым. Осылайша жалғаса берді.
Арада көп өтпей мен қабырғада ілулі тұрған кілттердің қатар тұрғандарын тез есте
сақтауды үйреніп алдым. Содан соң өзіме қажетті бөлменің кілтін сұраймын. Ол бөлмені
тонап болғаннан кейін балкон арқылы өз есебім бойынша қазір ешкім жоқ болып
табылатын келесі бөлмеге өтемін. Бірде, кезекті бөлмені тінтіп болған мен делізден
шыққан дыбыстар мен есіктен бұралған кілттің дыбысын естіп демімді ішіме тартып тұра
қалдым. Бөлмеге бір жас жігіт пен қыз кірді. Бөлмеде бөтен біреудің бар екені олардың
ойларына да кіріп-шықпайды. Егер олар мен жасырынып тұрған терезеге жақындаса не
66
істемекпін? Аузыма бірден таныс кермек дәм пайда болды. Олар қауіптілікті сезбестен
көңіл көтеріп жатыр. Мен олардың бөлмелерінен алатынымды алып алған болатынмын.
Енді оларды таяққа жығудың қажеттілігі жоқ. Ақырын балконға шықтым да, төменгі
қабаттың балконына түсіп кеттім. Сол күні бір кеште әкемнің отасына қажетті ақшаны
жиып алдым.
Бірнеше күннен кейін Никосия әуежайында ата-анаммен кездесіп, оларға керекті
ақшаларын бердім. Әке-шешемнің ауыздары аңқайып қалды: енді әкемнің ота алдындағы
дайындықтан өте беруіне болады. Олар менің үйіме кіріп шықты да, тезірек Лондонға
жету үшін әуежайға қайтып оралды.
Әке-шешемді әуежайда қалдырып, Лимассолға бет алдым. Сол жерде екі досыммен
кездесуге келіскен едім. Жаздың ыстық кештерінің бірі болатын. Айналада демалушылар
мен пәтерлерін жалға беруші іскерлердің қарасы көп. Біз кофе ішіп, әңгімелесіп отырдық.
Бір кезде бір топ ағылшындар пайда болды. Олар бізге жақын маңға үлкен ағаш айқышты
орнатты.
–
Жоқ, тек мәсіхшілер болмаса болғаны... – деді менің канадалық жолдасым
Кевин.
Мәсіхшілер гитарамен ән айта бастады, ал Кевин оларды мазақтауға көшті:
–
Мәсіхшіл сұрқылтайлар! Тақуалар – олар Африкада да тақуалар.
Мен зілсіз күліп қойдым, себебі мәсіхшілер маған тиіскен жоқ еді. Ән айтып
болғаннан кейін ағылшындардың бірі уағыз айта бастады. Оның дауысы зор екен,
адамдардың күлкілері мен зәрлі қалжыңдарына қарамастан ол сөзін жалғастыра берді.
Қолына шөлмек ұстап алған ол:
–
Мына бір шөлмек шарапты кімнің алғысы келеді? – деп айқайлады. Оны
алғысы келетін адам табылған жоқ. – Алсаңдаршы. Мүлде тегін. Бұл жай ғана
жақсы шараптың бір шөлмегі. Ол үшін ешнәрсенің қажеті жоқ.
–
Нақұрыс! – деді Кевин.
–
Келіңіздер, маған жақындап, сыйлыққа ие болыңыздар.
Уағыздаушының әрекеті күлкілі еді, мен үшін өзім ішіп отырған кофем жеткілікті
болатын. Кевин кенет клубта әлдебір жолдастарымен кездесуге жинала бастады.
Шынымды айтсам, мен оның достарын жаратпайтын едім. Олар өз жұмыстары туралы
айтқаннан өзге ештеңе білмейтін мылжың біреулер болатын.
–
Жүре бер, мен кейінірек барамын, – дедім Кевинге.
Уағызшы жүргіншілерге әлгі шарабын әлі ұсынумен жүр. Ол шаштары иығына
түскен, жасы мен шамалас адам болатын. Бір кезде орта жастағы бір әйел оған жасқана
жақындап келді де:
–
Мен алайын... – деді уағыздаушыға.
Уағыздаушы оның қолына шөлмекті ұстатып жатқан кезде айналадағы адамдардың
бәрі іштен тынып тұрып қалды.
–
Алыңыз, алыңыз! Ешқандай шарт қойылмайды! Бұл – сыйлық... – деді жігіт
қайталап. – Тек қана алға шығып, оны алу қажет.
Әйел адамдар арасындағы өз орнына қайтып оралды, ал уағыздаушы ақыры өз
уағызының мағынасын түсіндіре бастады:
–
Міне, Иса да құтқарылуды дәл осылай сыйлайды, – деді ол. – Иса біздің
бәрімізді сүйеді және Оның құтқару сыйы үшін бізге еш нәрсе төлеудің қажеті
67
жоқ. Бар керегі – оны қабылдау. Құдай бізге күштеп ештеңені таңбайды. Ол
бізге Өзінің сыйын ұсынады, ал алға шығу не шықпауды біздің өзіміз шешеміз.
Осы сәтте мен мектептегі ұстазым Сайзер мырзаны және оның «құтқарылуды»
қалай түсіндіретінін есіме алдым. Оның үйретуі бойынша, құтқару – бұл кешіру және
Құдайдың алдында таза болу үшін бәрін басынан қайта бастауға мүмкіндік беру. «Иә, мені
тазарту үшін Оның ең қатты щетканы пайдалануына тура келеді», – деп мұңая ойладым
мен.
Адамдар тобыры ақыры сиреген кезде, мәсіхшілер ақырындап өз заттарын
жинастыра бастады. Бір кезде уағызшының көздері менің көздеріммен кездесіп қалды да,
ол бірден менің жаныма жақындап келді.
–
Сізбен сөйлесуге бола ма? – деп сұрады ол.
–
Әрине.
Ол маған жақсы жігіт болып көрінді және мен оның ойында не бар екенін білуге
құмарттым. Ол өз есімінің Мартин екенін айтты. Мен онымен біраз әңгімелестім және
көбіне біз оның тобының немен айналысатыны жайында сөйлестік. Лимассолға олар
осыдан бірнеше күн бұрын келіпті және бір-екі ай жергілікті қауыммен бірге жұмыс
істемек ойлары бар екен. Бұл ауданды білетін болғандықтан, мен біраз пайдалы кеңестер
бердім және өзімнің Кипрге қалай тап болғаным жайлы әңгімелеп бердім.
–
Сізге Майкл Райтпен танысу қажет, – деді Мартин. – Ол жақсы жігіт. Солтүстік
Ирландиядан келген, қазір осында тұрады. Сіздер сыйласып кетер едіңіздер.
Мартиннің бойында өзіне тартып тұратын бір нәрсе бар еді. Оның қайырымды,
кішіпейіл адам екендігі күмәнсіз. Ол өзі туралы, қауым және Құдай туралы әңгімеледі.
Бірақ мен оның әрекеттерінің себебін түсіне алмадым. Ол менен ештеңе жасырмай, бар
шынын айтқандай болды. Ол маған өзінің мәсіхші ретінде Иса туралы, Оның адамдардың
барлығын жақсы көретіні жайында әрбір адамның білгенін қалайтынын бірден айтты.
Оның сенім туралы сандырақтары мені еш қызықтырған жоқ, бірақ Мартиннің өзі жөні
түзу адамға ұқсайды. Жай ғана оның адамдарға көмектескісі келетін сияқты.
Мұндайларды ешкіммен шатастыра алмайсың. Достары қайтуға жиналған кезде, олармен
бірге кету үшін Мартин орнынан тұрды. Маған онымен әңгімелесу ұнады да, қоштасарда
мен оған қолымды ұсындым. Мартин сәл кідірді де:
–
Біз пәтерімізге қайтып бара жатырмыз, бізбен жүрсеңізші. Кешкі ас ішеміз... –
деді.
Шынымды айтсам, мен қатты сасып қалдым. Мұның артында не тұруы мүмкін
екенін ойлап басым қатты, бірақ соңынан бәрібір Мартиннің шақыруын қабыл алдым.
«Барайын, – деп ойладым, – нем кетіп барады, ал егер бір нәрсе бола қалса, бәрі
сазайларын тартады».
Олардың жалдаған пәтерлерінің Лимассолға келетін демалушыларға жалға
берілетін көптеген өзге де пәтерлерден еш айырмашылығы жоқ екен. Мартин мені өзінің
жолдастарына таныстырды. Олар тым жас және ақжарқын адамдар екен. Маған олардың
өзімді айналшықтамағандары және басы артық сұрақтар қоймағаны ұнады. Біз бірге кешкі
ас іштік, содан соң әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп отырдық. Мен олардың бойларынан
жаңа, жағымды нәрселерді байқадым. Балалардың кейбірі әңгіме барысында Майкл
Райтты естеріне алды.
–
Қауымға келіңіз, – деді олар маған. – Онымен сол жерде таныса аласыз.
68
Мен бұл туралы ойлануға уәде бердім. Олардан кетіп бара жатып, бір кездері
шынымен де қауымдарына баратынымды ойлап күлімсіреп қойдым. Ал қазір Кевинді
қуып жетуім қажет еді, өйткені клубта маңызды шаруам бар болатын.
Бірақ мен олардың қауымдарына бәрібір бара алмадым. Арада бірнеше күн өткенде
көшеде келе жатқан менің жаныма күтпеген жерден полиция көлігі тоқтай қалды. Ішінен
екі офицер шығып, құжаттарын көрсетті де:
–
Көлікке отыр, – деді олардың бірі.
Мен оны боқтап жібердім.
–
Маған ешкім тиісе алмайды, – дедім оған өзімнің дипломаттық құжатымды
көрсетіп.
Сонда офицер тапаншасын суырып алды. Мен бұған қарап күліп жібердім.
Ештеңеге жарамсыз ойыншықпен мені қорқытпақшы.
–
Бұл қойылым сендерге ұнайтын болса, онда жарайды, – дедім мен. –
Бөлімшелеріңе апарыңдар, мені қалай шығарып алғандарын сонда көресіңдер.
Мен мүлде қорыққан жоқпын және олардың дегендеріне көнуге бел байладым. Сол
күні кеште ешқандай шаруаларым жоқ болатын. Полицияға келген кезде олар менің
дипломатиялық құжатыма пысқырған да жоқ: артық ештеңе айтпастан жер астындағы
камераға қамай салды. Менің британ елшілігімен байланыстыруға жасаған өтініштерім
аяқсыз қалды. Күні бойы оқшау отырдым. Тек кешкі сағат ондар шамасында жалғыз
кісілік камерама бір топ полицей кіріп келді. Олар менің қолымды кісендеп, тергеуге алып
жүрді.
«Қолайсыздықтар енді басталады, – деп ойладым мен. – Айып тағады да, кепілге
босатады, ал содан кейін елден шығарып тастайды». Бұл сәтте олар қандай да бір ауыр
қылмысты мойныма арта сала ма деп уайымдай бастаған болатынмын.
Үстел үстінде іс қағаздары тізіліп тұр. Кезекші офицер бірінші істі ашып, тергеуді
бастады. Іс қағаздарына мен бір кездері тонап кеткен қонақүй бөлмелеріне қатысты
материалдар тігіліпті. Мен бөлмелерді тонау деректерінің тек бір бөлігін ғана мойныма
алдым, себебі олардың көпшілігі маған беймәлім еді. Өзге тонау деректерін мойындаудан
бас тартқан кезімде полицей қатты ашуланды. Ол менен барлық қылмысты мойындауды
күткен еді. Бірақ менде өзім жасамаған қылмыстарды мойындайын деген ой мүлде жоқ
болатын. Офицер қояр болмады. Оның мені сұрақтың астына алатынын және өзіне
қажетті жауапты алмайынша тоқтамайтынын түсіндім. Жағдай ширыға бастады, оның
мені жауаптарымдағы қарама-қайшылықтардан ұстауға тырысатынын түсіндім. Қазір
маған сабырлылықты сақтау қажет.
–
Елшілікпен сөйлеспейінше бір сөз де айтпаймын, – дедім мен оған.
Сөзімді аяқтатпастан, ол менің бетімнен бір салды.
–
Менен ештеңе талап етуші болма. Елшілігіңнің сен секілді бейшарамен
кездескісі келмейді. Бұл жерде сен менің елімдесің және сені алда үлкен
сәтсіздіктер күтіп тұр. – Осылай деген ол маған жақындап келіп, бетіме түкіріп
қалды.
Бойымды ашу кернеді. Мұндай жағдайға бұрын-соңды ешқашан тап болып
көрмеген едім. Оны басынан бір теуіп, бөлменің екінші жағына қарай домалатып түсірген
кезімде кісен қолдарымды қатты қысып кетті. Өзге полицейлер мені дереу ортаға алып,
аяусыз тепкілей бастады. Бар күшімді бойыма жиып, олардың соққыларына үнсіз төзіп
тұра бердім.
69
Камераға қайта әкеліп тастағаннан кейін мен өз жағдайым туралы ойлана
бастадым. Бәлеге шындап ұрынған сияқтымын. Қызық, егер Амин бұл туралы естісе, мені
шығарып алар ма еді? Келесі күні сағат кешкі онға дейін мені ешкім шақырған жоқ. Содан
соң дәл кешегі полицейлер қайтадан келді. Бұл жолы олар қолдарыммен бірге аяқтарымды
да кісендеп тастады. Мен сөйлеуден бас тарттым, сөйтіп олар мені тағы да соққыға
жықты.
Ұрып-соғу бірнеше түнге жалғасты және олар мені барған сайын қатігездікпен ұра
бастады. Мені ұру полицейлер үшін спорттың бір түрі секілді болып алды. Маған олардың
саны күн санап артып келе жатқан секілді болып көрінді. Мұнда тепкі көріп жатқан мен
ғана емес екенмін. Мен көрші камералардағы тұтқындардың әңгімелерін естідім.
Бейшаралардың кейбірін мүлде аяусыз азаптап жатқанға ұқсайды. Кеш сайын тергеуді
өзім жасамаған қылмысты мойныма артпақ болған толық офицер жүргізетін. Бір күні ол
өзінің нөкерлеріне мені азаптаудың жаңа түріне дайындауды бұйырды. Аяқ киімімді
шешіп алған олар аяғымды орындықтың арқалығындағы қуыстан өткізді. Содан соң
күзетшілердің бірі аяқтарымның үстіне отырып алды да, зәрлене күлімсіреген офицер
резеңке таяқпен табанымнан оңдырмай ұрып қалды. Табаным қатты ауырып, жаным
көзіме көрінді. Қинаудың бұл түрі туралы бізге Чжан мырзаның мектебінде айтқан
болатын. Женева конвенциясы бойынша, «bastinado» деп аталатын бұл қинау түріне тиым
салынған, бірақ мына жаналғыштар ешқандай тиым салуды мойындамайтын секілді. Мен
тістеніп алдым. Офицер тағы да ұруға оқталды. Мен жұлынып шығуға талпындым, бірақ
табанымнан дәл жаңағыдай қатты соққы алдым. «Тоқтай тұрыңдар, – деп ойладым мен, –
әлі сазайларыңды тартатын боласыңдар». Мені есімнен танғанымша ұрды. Содан соң
орындықты аяқтарымнан суырып алды. Ауырып, қызып кеткен аяқтарым бетон еденге
құлап түсті. Азаптаудың ізін жасыру үшін олар аяғымды шелектегі мұздай суға матырып
қойды. Бір аптаға созылған осындай азаптаудан кейін мен жүре алмай қалдым.
Мұндай жағдайда қарсыласудың еш пайдасы жоқ еді. Менің аяқ-қолдарымды
кісендеп қойып, жеті-сегіз полицей жабылып қинайтын. Басыма автожарысушының бас
киімін кигізіп қоятын да, мені қабырға қирататын қаруға ұқсатып көтеріп алып, басымды
апарып темір шкафқа соғатын. Көздерімнен от жарқырап, неше рет есімнен танып
қалдым. Еденге лақтырып тастаған кездерде оларға зығырданып қайнап, атарға оғым
болмайтын. Арқама аунап жатсам болды, резеңке таяқпен шабымнан ұратын. Бүкіл тұла
бойым құрысып қалатын.
Бір кездері өмір сүру немесе өлудің мен үшін айырмасы болмай кетті. Мен оларға
әдейілеп қарсылық көрсете бастадым. Қолына пышақ ұстаған олардың бірі маған
жақындап келіп:
–
Қолыңды соз, – деп бұйырды.
Ол қолындағы пышақты шыр айналдыра бетімнің алдында ұстап тұр.
–
Қолды қайтесің? Одан да бетімнен бір-ақ тіліп таста, – деп айқайладым да,
бетіне түкіріп жібердім.
Жаналғыштар ашудан жарылуға шақ қалды.
–
Қазір сенің жазаңды беремін, Энтони! – деді кезекші офицер айқайлап.
Осылай деген ол өзінің тозығы жеткен тапаншасына салу үшін қалтасынан оқ
шығара бастады.
70
–
Міне, қара, мынау сен үшін, – деді ол оқты бетіме тақап. Содан соң тапаншаға
оқты салды. Айналадағылардың бәрі демдерін іштеріне тартты. Ал маған
бәрібір еді.
–
Ал, ат! Әлде, дәтің шыдамай ма? – дедім мен оны қайрап.
Менің өлгім келді. Айяның қазасынан кейін менің өмірімнің мәні жоғалды,
сондықтан офицердің ескі тапаншасынан шыққан оқ менің құтқарушыма айналатын еді.
Семіз офицерге өзімнің қорыққаннан дірілдеп-қалшылдағанымды көру бақытын
бұйыртпау үшін, мен оның көздеріне тіке қарап тұрдым. Күшті адам болғандықтан, мен
ол ұйымдастырған орыс рулеткасы ойынын еш қорықпастан ойнай алатын едім. Полиция
офицері менің кешірім сұрап жалбарынуымды күтіп баяу қимылдауда. Камера ішінде
құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Офицердің беті-басынан тер моншақтап ақты.
Ашудан дірілдеп кеткен қолдарының дірілін басу үшін ол тапаншаны қос қолдап ұстап
алды. Тапанша барабанындағы оқты нақты қайда екенін мен анық білетін едім.
–
Ал ат, қорқақ! Оңбаған грек! Мен сенімен ойнауға дайынмын, – дедім мен оның
шамына тиіп.
Боқтық сөздерді қарша боратқан офицер тапаншасын аузыма тықты да, шүріппесін
басты. Сырт еткен дыбыс естілді. Мен тіпті қыбыр еткен де жоқпын. Тапаншасын еденге
лақтырып жіберген офицер бөлмеден шыға жөнелді.
Осы қорқынышты жағдайдан бір нәрсе етіп шығу қажет еді. Ертеңгілік ауысым
таңғы асты таратып келердің алдында мен білегімді кісенмен қан сорғалап аққанша
үйкелеп тастадым. Мұны көргенде кезекші офицер қорқып кетті.
–
Олар мені аяусыз ұрып-соғады. Маған дәрігердің көмегі қажет, – дедім мен
жалбарынып.
Сірә, ол түнгі қанішерлердей емес, дұрыс адам секілді. Маған оны өзімді түрме
ауруханасына жіберуге көндіру қажет еді. Арада бір сағат өткенде екі полицей мені
ауруханаға апара жатты.
Ауруханада менің кісендерімді шешіп, жараларымды емдеді. Содан соң білектерім
мен аяқтарымды дәкемен қалың етіп орап берді. Енді оларға ешқандай да кісен
сыймайтын еді. Бәрі менің жоспарым бойынша жүріп келе жатты. Екі жағымнан ұстап,
кейін қарай алып келе жатқан полицейлерге жаным ашыды десем де болады. Мен көзді
ашып-жұмғанша артқа қарай айналып түстім де, босанып шыға келдім.
–
Тоқта! Атамын! – деп айқайлады олардың бірі.
Бірақ полицейлер тапаншаларын шығарғанша, мен оқ жыланның алдамшы
қимылын жасадым да, көшенің арғы бетіне өтіп кеттім. Олар бір оқ шығарып та үлгере
алмады.
Арада көп өтпей полиция көліктерінің дабылы естілді. Лимассолдың бұл ауданы
тыныш болатын, көшеде жүргіншілер де аз. Кез келген жақтан қауіп-қатер күткен мен
жайдақ шатырдың үстіне жатып алып, кештің батуын күттім. Төменде полицейлер
көшелерді тіміскілеп жүр. Мен өзімнің жасырынған орнымда жата бердім. Қараңғыда
шатыр үстінде жатқан мен өзімнің соңғы айлардағы өмірім туралы ойландым. Жаным
жабығып кетті. Мен қандай адамға айналдым? Не істеп жүрмін? Жан дүниемнің
түкпірінде ыза мен бәрін бүлдіріп, қирату тілегі әлі де жасырынып жатқанына қарамастан,
бойымды әлдебір түсініксіз сезімдер жайлады. Ауыр ойлардан арылу үшін көздерімді
уқалап жатып ұйықтап кеттім.
Мен жарық түспей жасырын түрде өз пәтеріме келдім.
71
Телефоннан нөмірлерді теріп, тұтқаны құлағыма тостым.
–
Тұтқаны көтерсеңдерші!
Лондонда сағат жаңадан таңғы сегіз болды, әке-шешем әдетте таңғы асқа дейін
ешқайда шықпайтын. Уақыт өтіп жатыр, бірақ ешқандай жауап жоқ. Тұтқаны орнына
қойдым да, басымды төмен сала ойланып отырып қалдым. Полицияның қолына түскеніме
аса көп уақыт бола қойған жоқ. Маған әкеммен және шешеммен сөйлесу қажет. Олар
қайда жоғалып кетті? Тұтқаны неге көтермейді.
Екі сағат бойына оларға қоңырау шалумен болдым. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.
–
Даунинг ханым, бұл мен, Тони Энтонимін ғой, мазаңызды алғаныма кешіріңіз.
Ата-анамның көршісі өзінің кіммен сөйлесіп тұрғанын түсінгенше біраз уақыт өтті.
–
А, иә, Тони. Сен Кипрдесің бе? Жағдайың қалай?
–
Әке-шешеммен сөйлесейін деп едім, бірақ олар тұтқаны көтермейді. Сіз
олардың қайда екендерін білмейсіз бе?
Тағы да үнсіздік орнады.
–
Даунинг ханым?
–
Тони, олар кетіп қалды.
–
Кетіп қалды?
–
Олар осыдан бірнеше күн бұрын кетіп қалған. Біз сен білетін шығарсың деп
ойлаған едік. Менде сендердің пәтерлеріңнің қосалқы кілті бар. Олар саған
біраз заттар тастап кетті, ал былайынша – пәтер мүлде бос қалды, – деп жауап
берді Даунинг ханым.
Менің тамағыма тас тығылып қалғандай болды.
–
Олар қайда кетті? – деп сұрадым мен дауысым әзер шығып.
–
Өте өкінішті, Тони...
–
Олар сізге қайда баратындарын да айтқан жоқ па?
–
Жоқ! Олар бізбен тіпті қоштасқан да жақ. Жай ғана жүктерін тиеді де, кетіп
қалды.
Мен тұтқаны тастай салдым да, көмейіме келіп қалған түйірді жұтуға талпындым.
Бойымды ашу қысып, өз-өзіме келу үшін жұдырығыммен қабырғаны ұрғыладым. Оларға
жасаған соншама жақсылықтарыма қарамастан, әке-шешем мені қайлайша тастап кетті?
Одан кейінгі бірнеше сағатта өзімді жалғыздықтың тұңғиығына батып кеткендей
сезіндім. Мені тастап кетулері арқылы ата-анам ескі жарамның аузын тырнап кетті. Соңғы
жылдары мен Айяға деген сағынышымды өзімнен де жасырып келген болатынмын. Енді
сол сезімдердің бәрі қайта бас көтеріп, ішімді жегідей жей бастады. Есімнен адасқандай
болған мен шылымды бірінің артынан бірін шегумен болдым. Ашумен ата-анама, өз
өміріме лағынет айтып, бөлмедегі жиһаздарды қирата бастадым. Осы кезде есіктің
қоңырауы шылдырлады.
Достарыңызбен бөлісу: |