ғаламның медиа-бейнесін қалыптастырудағы рөлін, БАҚ мәтіндерін жасау мен
қабылдауға әсер ететін мәдени-спецификалық және идеологиялық факторларын атаймыз.
Түптеп келгенде, адресаттың когнитивтік санасында ғаламның ақпараттық бейнесінің қалыптасуына әсер ететін, тіпті үлес қосатын адресант өз кәсіби міндетін атқарып
жүрген журналист болғандықтан прагмалингвистикадағы адресант–адресат арақатынасы
когнитивтік лингвистиканың да аясына кіреді.
Газет мәтінін прагмалингвистикалық талдаудағы негізгі мәселе адресанттың прагматикалық
ұстанымы десек, психолингвистика тұрғысынан алғанда мұны ақпараттардың жазбаша
мәтінде қодталуы деуге болады, ал адресаттың
мәтінді интерпретациялауы, кодты ашу, яғни
мәтіндегі ашық және жасырын түрде берілген ақпаратты дұрыс түсініп қабылдауы болып
шығады. Мұның өзі адресаттың когнитивтік санасындағы білім қорының көлемімен тығыз
байланыста ашылатын мәселе. Адресанттың жеткізбек болған түпкі ниеті реципиентке бұрын-
соңды белгілі ұғымдарға негізделсе, бұл коммуникация біршама нәтижелі болмақ. Ал ондай
сәйкестік болмаған жағдайда оқырманның мәтінді дұрыс интерпретациялауы екіталай.
Газет мәтінін құрастырушы да (адресант), оны тұтынушы да (адресат) – белгілі бір әлеуметтік
топтардың мүшелері. Осы әлеуметтік субъектілер мәтіндегі хабарламаға анағұрлым жақын
тұрған социумның өкілдері болып табылады. Сондықтан да медиа-мәтінді жалпы
жаңалықтардың коммуникативтік контексінде алып жасайтын да, интерпретациялайтын да
солар. Т.А. ван Дейк жаңалықтарды дискурстың бір типі ретінде қарастырған еңбегінде осы
әлеуметтік субъектілердің қызметіне айрықша баға береді: «Этих социальных субъектов, их
социокультурная активность, общность убеждений или идеологии дают возможность
соотнести тексты новостей с процессами институционального и социального производства и
потребления, а также с экономическими условиями их производства и распространения»
[1,137]. Түптеп келгенде, бүгінгі ақпарат заманында адам қоғамда болып жатқан өзгерістер
мен жаңалықтарды қадағалап отыруға мәжбүр. Бір күн БАҚ қызметін пайдаланбау субъектінің
білім қорын едәуір жұтаңдатып, оның әлеуметтік дамуын тежегендей әсер етеді. Осы жағынан
газет мәтінінің әлеуметтік- реттеуіштік рөлін социолингвистикамен байланыстыра
қарастырудың мәні зор.
Қазіргі тіл білімі социолингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика,
лингвомәдениеттану, этнолингвистика және прагмалингвистикалардан тұратын кешенді
пәнаралық бағыттар негізінде қалыптасатын, көптеген зерттеу деректерімен байып отыр. Атап
айтқанда, И.В.Арнольд, Б.П.Белянина, В.В.Воробьев, Н.И.Гайнуллина, Г.Г.Гизатова,
В.И.Исенғалиева, Е.И.Ковалева, Г.В.Колшанский, М.М.Копыленко, А.П.Крысина, В.А.Маслова,
Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Б.Хасанов, Е.Жанпейісов, Н.Уәли, Э.Д.Сүлейменова, Ж.Манкеева,
Б.Момынова, З.Ерназарова, А.Ислам, Қ.Жаманбаева, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева т.б
еңбектері тілдегі логика-концептуалдық байланыстарды, семантикалық, синтагматикалық және
прагматикалық факторларды кешенді түрде қарастыра отырып анықтауға мүмкіндік береді.
Т.Г.Винокурдың сөзімен айтқанда, прагматика қазіргі кезде тіл қолданысы мен қызметінің
коммуникативтік қырын барынша кеңінен дәйекті түрде айшықтап отырған сала болып
табылады [2, 19-20].
Сонымен, публицистикалық мәтінге прагмалингвистикалық талдау жасау барысында аталмыш
бағыттардың деректері мен сол салалар бойынша қол жеткізілген ғылыми жетістіктерді
пайдаланудың қажеттігі сөзсіз. Сондықтан тіл қолданысын