К вопросу о «характере» и «обстоятельстве» в художественном произведении
В статье рассмотрены содержание, функции и взаимосвязь понятий «характер» и «обстоятельство»
в художественном произведении. Проанализированы образность понятий «характер» и «обстоятель-
ство» в искусстве, художественно-эстетические особенности этих понятий и их роль в произведении в
создании смыслового пространства художественного текста. Исследована взаимосвязь данных кате-
горий в произведении искусства для воссоздания жизненной правды.
Zh.A.Rustemova, K.M.Shakirova
To the question of «character» and «condition» in the work of art
There are considered in the article the contents, functions, and interrelation of the concepts «character» and
«circumstance» of a work of art. Investigating figurativeness of concepts of «character» and «circumstance»
in art, they are shown as complete system. Art and esthetic features of these concepts and their role in work in
creation of semantic space of the art text are considered. The interrelation of these categories in a work of art
is investigated for a reconstruction of the truth of life.
Ахмет Байтұрсынов халықтың ой-санасын ...
Серия «Филология». № 3(71)/2013
65
ƏОЖ 316.477
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (E-mail: 22gulim1988@mail.ru)
Ахмет Байтұрсынов — халықтың ой-санасын биік белеске
көтерген қайраткер
Мақалада А.Байтұрсыновтың ХХ ғасырдың басында баспа ісіне қосқан үлесі көрсетілген. Патша
үкіметінің үстемдігіне қарсы күреске халықтың көкірегін ояту ісінде өзі бас редактор болған «Қазақ»
газетінің рөліне баға берілген. А.Байтұрсынов беделді мүшесі болған «Алаш» қозғалысына сипаттама
жасалып, оның бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстанның шекараларын нығайту үшін
қандай үлкен рөл атқарғандығы туралы қорытындыланған. Қуғын-сүргін жылдары Ахмет
Байтұрсыновтың жəне оның отбасы мүшелерінің қудалауға ұшырағаны бейнеленген. Осынау «Алаш»
қозғалысының көрнекті өкілінің сан қырлы саяси, қоғамдық, əдеби, аудармашылық қызметі туралы
зиялы қауымның пікірлері келтірілген.
Кілт сөздер: басылым, редакциялық алқа, ағарту, кітап, қайраткер, үкімет, Алаш, мұра,
шығармашылық, зиялы, азамат, өркениет.
Ахаң — қазақ баспасөзін көркейткен көсемсөздің көшбасшысы
ХIХ ғасырдың аяғында жəне ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген газет-журналдар
туралы сөз қозғалғанда ең алдымен ауызға «Түркістан уəлаяты» (1870–1882) газеті, «Айқап»
журналы (1911–1915), «Қазақстан» газеті (1911–1913) жəне «Дала уəлаяты» (1888–1902) газеті түседі.
Бірінші болып Ташкентте «Түркістан уəлаяты» газеті шықты. Түркістан генерал-
губернаторының ресми үнқағазы — «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде қазақ жəне
өзбек тілдерінде алма-кезек шығып тұрды.
Бұл басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі
жанынан «Дала уəлаяты» газеті деген атаумен екінші басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1902
жылға (кейбір деректерде 1894 жылға) дейін шықты. Ресми тарихнама бойынша, аталған екі басылым
мерзімді қазақ баспасөзінің басы деп саналады.
Көп ұзамай өзге басылымдар да шыға бастады. Мысалы, 1905–1907 жылдардағы бірінші орыс
төңкерісі тұсында шығып, қазақтың қоғамдық өміріне онша ықпал ете алмай ғайып болған «Серке»
газеті солардың қатарында.
1911 жылы шыға бастаған өзге екі басылым — «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы
əлдеқайда салмақты көрінді жəне дəуірі ұзағырақ болды. 15 нөмірі жарық көрісімен, отаршыл
биліктің күштеуімен жабылған «Қазақстан» газетіне қарағанда, 500 данамен басылатын «Айқап»
журналының тұрақты оқырмандары қалыптасқан еді. «Айқап» журналының алдыңғы
басылымдардан, əсіресе патша əкімшілігінің ресми баспа үні болған «Түркістан уəлаяты» мен «Дала
уəлаяты» газеттерінен ерекшелігі — журналда қазақтың ХХ ғасыр басындағы əдеби-мəдени
қозғалысы мен қоғамдық пікірінің дамуы айтарлықтай көрініп тұрды. Сорбонна (Париж)
университеті зерттеушілерінің мəліметінше, «тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан
құрылған тамаша ұжымның арқасында «Айқап» журналы өте жақсы көркемделген 20 бет болып
басылып тұрды» жəне «Əдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен əдебиеттің дамуына едəуір үлес қосты,
ұлттық мəдениетке ерекше ден қойған журнал көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ
этнографиясына арнады». Ахмет Байтұрсынұлының да қазақ тілі бойынша тұңғыш зерттеулерін осы
«Айқап» журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс. Алайда 1915 жылы 80-нен аса саны жарық
көрген, қазақтың тұңғыш ағартушы журналы болған «Айқапты», бір мəлімет бойынша, отаршыл
əкімшілік күштеп жапты, басқа дерек көздеріне сəйкес, қаржы тапшылығынан жабылды [1].
Осы газеттер мен журналдар арасында ұлт ұйтқысы болуға талпыныс жасаған жəне діттеген
мақсатына жеткен басылым «Қазақ» газеті еді. Орынбордағы қазақ шəкірттері ынтасымен жəне
қолдауымен жарық көрген газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған Ахаң болған. Оның қажымас
қайрат пен тапжылмас табандығының арқасында 1913 жылдың 2 ақпаны күні Каримов-Хусаиновтар
баспаханасынан аты кейін аңызға айналып кеткен «Қазақ» газетінің бірінші саны жарық көрді.
Алғашында үш мың дана болып басылған газеттің данасы бір жылдың ішінде сегіз мыңға жетті [2; 10].
Р.С.Каренов
66
Вестник Карагандинского университета
Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті он облыстың қазақтары
жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мəскеу, Томск
қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып
тұрған [3; 705].
Газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновпен бірге қазіргі ұғым бойынша оның орынбасары,
редакцияның жауапты хатшысы сияқты міндеттерді қоса атқарған сенімді серігі Міржақып Дулатов
қосқан үлес те ұшан-теңіз болған. Жəне газеттің жетекші бағытын белгілеуде энциклопедиялық
тұрғыдағы ғұлама Əлихан Бөкейханов зор рөл атқарған.
Біртұтас болып біріккен ғажайып үштік — А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ə.Бөкейханов қалың
қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білді. Олар
«Қазақ» газетінің төңірегіне қазақ демократиялық зиялыларының бүкіл бетке ұстарларын топтастыра
алды. Дегенмен де, негізгі идеялық-теориялық салмақты А.Байтұрсынов, Ə.Бөкейханов, М.Дулатов
көтерді.
«Қазақ» газеті өз беттерінде келесідей өзекті мəселелерге көңіл бөлді:
бірінші нөмірінде басылған бағдарламалық мақаласында А.Байтұрсынов газеті «ұлттың көзі,
құлағы жəне тілі» деп атады. Редактордың пікірінше, газет адамдардың мүдделеріне қызмет етуге,
білімді таратушы, халықтың қорғаушысы, оның рухани тəлімгері болуға тиіс;
ХХ ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді;
халықты топтастыру, оның ежелгі мəдениетін жəне демократиялық Ресей құрамындағы қазақ
ұлттық мемлекеттігін қайта түлету проблемалары газет қызметінің өзегіне айналды;
халықты ағарту, кітап шығару мəселелеріне басымдық берді;
аграрлық проблеманың Ə.Бөкейханов бастаған көрнекті білгірлері отаршылдықтың мəнін,
қазақ шаруаларының құнарлы жерлерін алып қою арқылы қоныс аудару қоры құрылуының,
шаруалардың жерсіз қалуы үрдісінің мəнін ашып көрсетті;
мұсылман діні мəселесі бойынша ғылыми негізделген тактиканы ұстанды; дінді мектеп пен
мемлекеттен бөлуді жақтап, діни экстремизмге қарсы шықты;
барлық ресейліктердің заң алдында тең екенін жариялап, жеке адамның бас бостандығы мен
оның еркіндігіне қол сұқпауды қорғады;
өзінің нысаналы жарияланымдары арқылы ұлттың тарихи санасын қалыптастырды, Абай
сияқты аса көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі үлгісімен ұлттық мақтанышқа тəрбиелеу
міндеттерін белгіледі;
халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасады, елдегі жəне шетелдегі демографиялық
жағдайды ашық көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғаласының тағдырын қадағалады;
Мемлекеттік думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау
мəселелеріне ерекше мүдделік танытты;
1916 жылғы оқиғалар жөнінде принципті көзқарасты ұстанды;
тұжырымдылығымен, жоғары көсемсөзділігімен, қазақ əдеби тілінің мағыналығымен, өз
халқының көкейкесті мүдделеріне адал қызмет етуімен «Қазақ» газеті өте ерекшеленді.
Газеттің ең ұлы мақсатының бірі ана тілін түрлендіру, қазақ тіліндегі басылым арқылы тіл мен
дəстүрді дамыту, қалың қауымның көзін ашу болатын. А.Байтұрсынов өзін бағдарламалық
мақаласында былай деп жазды: «Өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін біздің бар
күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға жəне ортақ мəдениетке ұмтылуымыз қажет; бұл үшін біз
əдебиетті ана тілінде дамытумен айналысуды бірінші борыш деуге міндеттіміз. Өз тілінде сөйлейтін
жəне өз əдебиеті бар халықтың ғана дербес өмірге үміттенуге құқылы екенін ешқашан ұмытпау
керек» [2; 300].
Содан да болар, «Қазақ» газетінің жауы аз болмады. Өз ішімізден шыққан шұбар жыландар
кейбір үкіметке жаға қоймайтын мақалаларды, деректерді орыс тіліне аударып, газет үстінен арыз-
шағымдарды қардай боратты. М.Дулатовтың жазуына қарағанда, 1914 жылы «Қазақ» газетінің № 80
санында жарық көрген мақаласында Ресейдің Ішкі істер министрлігі жасап шығарған «Қырғыз
өлкесін басқару туралы» ереженің жобасын өткір сынға алған. Орынбор губернаторы Сухомлинов
редактордың үстінен іс қозғап, оған 1500 сом мөлшерінде айып салған. Бұл ақша төленбеген
жағдайда Ахмет Байтұрсыновты сегіз айға түрмеге отырғызу туралы шешім қабылдаған.
Ахмет Байтұрсынов халықтың ой-санасын ...
Серия «Филология». № 3(71)/2013
67
Мұншама қаражатты төлеу газеттің жабылуымен тынатын болғандықтан, Ахаң түрмеге отыруға
келісім береді. Абақтыда төрт-бес күн отырып та шығады. Оның босап шығуына Міржақып бастаған
зиялы қауымның қаражатты аз күннің ішінде жинап беруі себеп болды.
Бірақ бұдан кейін де «Қазақ» газетінің басына төнген бұлт сейілген жоқ. Ол бірнеше мəрте айып
тартты. Айып мөлшері үш мың сомға дейін жетті. Осы қиындықтың барлығына төтеп берген «Қазақ»
газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды [4; 8].
Қорыта айтсақ, «Қазақ» газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды.
«Алаш» партиясы мен Алашорда бостандықты жеңіп алуға жəне қазақ мемлекеттігін қайта туғызуға
тарих берген мүмкіндікті қайткен күнде де ақырына дейін пайдалануға ұмтылып, тағдырлы
шешімдер қабылдаған екі орыс революциясы кезеңіндегі «Қазақ» газетінің рөлі баға жеткісіз еді [3;
709].
Екінші жағынан, «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсыновтың көсемсөзші есебінде танылуына іргетас
қалады. Газеттің халық қолдауына ие болуы Ахаңның абыройын асырды. Оның ел ішіндегі беделін
нығайтты. Тіпті, газет жабылар алдында оның хал-ахуалы жаман болған жоқ. Əдепкіде баспахана
жалдап, ақыға шығарылған газет төрт-бес жылда өзіндік баспаханасы, қағаз қоры, айналым қаржысы,
шағын кітапханасы, тағы керек-жарағы бар əжептəуір кеңселі мекеме дəрежесіне жетті. «Қазақ»
газетін жаздырып алу жергілікті байлардың, болыс-билердің, хат танитын барша қазақтың беделін,
кісілігін, мəдениет дəрежесін анықтайтын бəсекенің мəселесіне айналды.
Сонымен, сол тұстағы Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырған газет əрі насихатшы, əрі жаршы, əрі
хабаршы болғанын аңғару қиын емес. «Қазақ» қараңғыда жол таба алмай, қарманып қалған қазақ
халқына жол сілтеген құбылнама секілді болды. Шын мəнінде, Ахаң айтқандай, халықтың тілі мен
көзіне, құлағына айналды.
Ахмет Байтұрсынов — қазақ халқының ой санасын биік белеске көтерген зиялы қайраткер
Ағартушылық жəне шығармашылық қызметті жемісті атқара жүріп, жиырмасынша ғасырдың
басында А.Байтұрсынов саяси-əлеуметтік істерге де белсене араласты. Өйткені осы жылдары қазақ
қоғамында айтарлықтай өзгеріс рухы байқалып, ел қамы, мұңы, арманы, келешегі бұрынғыдан гөрі
батылдау сөз етіле басталды.
1905 жылдың басында ішкі-сыртқы төңкерістік тегеуірінге шыдай алмаған патша үкіметі: халық
сайлаған өкілдердің кеңесін шақыруға, бұқара мұңын жеткізетін шағым-арыздарды (петицияны)
жазуға рұқсат берді. Бұл қазақтардың арасында ұлт-азаттық қозғалысын оятты. 1905 жылдың
сəуіріндегі бұл еркіндік патша жарлығымен бекітілді. Көктемнен бастап адам көп жиналатын жайлау
мен жəрмеңкелерде қазақ елінің қамын ойлайтын түселдер ашылып, патша ағзамға қаратылған ұлт
мүдделері хатқа түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, 1905 жылдың маусымында Қарқаралы оязындағы
Қоянды жəрмеңкесінде 14 500 қазақтың қолы қойылған Петиция Министрлер кеңесінің төрағасына
жолданды. Бұл — азаттық аңсаған халықтың оянған санасының тұңғыш үн қатуы еді. Онда: тəуелсіз
діни мүфтият, жер, сот, Мемлекеттік думаға қазақтан депутат сайлау мəселелері талап етілді. Бұл
манифест қазақ тіліне аударылып, қыр еліне таралды. Қазақтардың басына барша адамның теңдігі,
ұждан бостандығы, халық билігі туралы сөздер айтатын, естен кетпес ерекше күндер туды. Мұны
ұйымдастырғандар: отаны мен туған ұлтының бақытын ойлайтын ұлт зиялылары, соның ішінде ұлт
көсемдері — Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов еді [5; 154,155].
Ахмет Байтұрсыновтың 1905 жылдардан басталған белсенді саяси қызметі үнемі патша
үкіметінің назарында болды. Ақырында қуғындауға ұшырап, 1907 жылы жəне 1909 жылы екі рет
ұсталып, түрмеге жабылды. Семейдің түрмесінде 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сұрақ-жауапсыз
жатты. Бұл оқиға Ресейдегі революциялық рухтағы «Речь» атты газеттің назарын аударып, «Қазақ
ақыны Ахмет Байтұрсынов түрмеде» деген мақала жарияланды.
Ахаң 1910 жылы Орынборға жер аударылды. Оның өмірінің Орынбор кезеңі қоғамдық-саяси
қызметінің аса құнарлы шағы болды. Қайраткердің осы қаладағы қызметі Ресей үкіметінің қатаң
жандармдық бақылауында өткізілді. Ол «Қазақ» газетіне жабылған негізсіз жала салдарынан
абақтыға отырып шықты.
А.Байтұрсыновтың реформаторлығы, Ə.Бөкейхановпен бірге ұлт-азаттық қозғалыстық халық
мойындаған жетекші дəрежесіне көтерілуі 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында анық
байқалды.
Біріншіден, Ахмет 1917 жылғы революциялық өзгерістер арасында өмірге келіп, қазақ
тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың
Р.С.Каренов
68
Вестник Карагандинского университета
қалың ортасында жүрді. Оларға тікелей араласып «Қазақ» газеті арқылы саяси теориялық бағыт-
бағдар беріп отырды.
Екіншіден, 1917 жылы 2–8 көкек айында Орынбор қаласында Торғай облысы қазақтарының
алғашқы съезі өтті. Ахметтің төрағалығымен өткен бұл съезд жаңа қоғамға бет алуының басы болды.
Үшіншіден, патша тақтан түсіп, жарық күн туды деген заманда серіктестерімен бірге Алаш
партиясының жобасын жасап, Алаш үкіметін құрды. Сол үкіметтің бірден-бір рухани көсемі
(идеологы) болды.
Төртіншіден, Алашорда үкіметі құрамын бекіткен Екінші жалпықазақ съезі Оқу-ағарту
комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп А.Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін
Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды.
Бесіншіден, 1919 жылы 4 сəуірде Кеңес үкіметі, советтік платформаға көшкен Алашордаға
кешірім жариялап, ұлттық келісімге келді. Алаш зиялылары жаппай қуғыннан, қырғыннан ондаған
жылдар бойы аман қалды. Совет үкіметі мен Алашорда арасын жарастырып, ұлттық келісімге
жеткізген Ахаң еді.
Алтыншыдан, В.И.Лениннің ұсынысымен Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ (Қырғыз)
революциялық комитетінің төрағасының орынбасары болған. А.Байтұрсынов болашақ қазақ
автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауда ерекше қажырлылық танытты. Челябі
губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен бірге
В.И.Ленин атына арнайы хат жазды.
Қостанай уезі Қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де Торғай облысының қарауында болғаны
белгілі. Бірақ Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті 1919 жылғы 27 тамызда «Сібір төңкеріс
комитеті туралы» деген қазақ жерін бөлшектеу мақсатында кесапатты шешім шығарды. Осы қаулы
негізінде Челябі ауданы 1919 жылғы 3 қыркүйекте құрылды. Сол ауданға Қазақстанның Қостанай
уезін заңсыз түрде қосып жіберді (қараңыз: Кеңес үкіметінің декреттері, 1973, VI-т., 73,74-б.).
Заңсыз, кесапатты шешім деуіміздің бірінші себебі — Қостанай уезін Челябі ауданына қосу
кездейсоқтықтан, жаңылыстан немесе ел мен жер жағдайын білмеушіліктен туған емес. Оның қазақ
жерінің Қостанай уезі секілді шұрайлы өңірін Челябі ауданына қосу арқылы келешекте бүкіл Торғай
облысын Ресейге қарату мақсатынан туғаны сөзсіз. Өйткені патшалық заманның өзінде бұл мəселе
бірнеше рет қозғалған. Бірақ əлеуметтік, экономикалық, тұрмыс-тіршілігі жағынан Торғай мен
Сырдария облысының алты уезінің бір-бірімен ажырамас байланысы үзілсе, халқының апатқа
ұшырайтындығына олардың көздері жеткендіктен, бұл теріс қадамға баспаған.
Екіншіден, заңдылығы жағынан қарағанда Халық Комиссарлары Кеңесінің 1919 жылғы 10
шілдедегі «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі комитет туралы» жоғарыда аталған Қаулысында Торғай
облысы Төңкеріс комитетінің құзырына берілген. Саяси жағынан қарағанда Қостанай уезінің негізгі
халқы — қазақтар. Торғай облысының Ақтөбе, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездері мен Сырдария
облысының Қазалы, Перовск уездерінің мал, егін шаруашылығы, экономикалық жағдайы өзара
ажырамас тығыз байланысты. Бұл жағдайлар В.И.Ленин мен И.В.Сталинге мəлім болмауы мүмкін
емес. Солай болса да жоғарыдағыдай кесірлі де кесапат қаулыға В.И.Ленин қол қойды. Бұл қазақ
жерін шетпұшпақтап болса да кеңестік кезеңдегі бөлшектеудің алғашқы бастамаларының бірі
болғаны анық.
Осы қаулының тақсіретін Қостанай уезінің халқы есепсіз тартты. Олар Челябі ауданы мен Қазақ
өлкесін басқару жөніндегі Əскери төңкеріс комитеттерінің екі жақты илеуіне түсті. Халық күйзелді.
Салықты Челябі ауданына да, Торғай облысына да төлеуге мəжбүр етті. Қысымшылыққа екі жақтан
ұшырады. Қымбатшылық етек алды. Жер-жерде наразылық шерулері өтті. Жоғары органдарға арыз-
шағымдар көбейді.
Бұл солақай шығарылған қаулының, жоғарыда айтылғандай, зияннан басқа халыққа пайдасы
жоқ екендігін Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Əскери төңкеріс комитеті, оның ішкі істер бөлімінің
меңгерушісі Ахмет Байтұрсынов құжат жарияланысымен-ақ сезді. Сондықтан Қостанай уезін Челябі
ауданына қосу жөніндегі қаулының теріс, жөнсіз шығарылғанын дəлеледеп, Төңкеріс комитетінің
атынан 1919 жылы 13 қыркүйекте В.И.Ленинге, Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа, оның бөліміне
хабар жеткізуді ұйымдастырды. Бұған қоса қаулының заңсыздығына деректі баяндаманы («Торғай
облысының Қостанай уезін Челябі ауданына қосу туралы» [Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті
төралқасының «Сібір төңкеріс комитетін бекіту туралы»] Қаулысына байланысты Қырғыз (Қазақ)
өлкесін басқару жөніндегі Əскери төңкеріс комитетінің мүшесі Байтұрсыновтың баяндамасы) өз
Ахмет Байтұрсынов халықтың ой-санасын ...
Серия «Филология». № 3(71)/2013
69
қолымен жазып, 1919 жылғы 16 қыркүйекте № 557 қатынаспен Халық Комиссарлары Кеңесіне
жолдады [6].
Ақыры А.Байтұрсынұлының қажырлы еңбегі халық мүддесіне шешілді. 1920 жылғы 26
тамыздағы «ҚазАССР-ін құру туралы» Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен Халық
Комиссарлары Кеңесінің Декретімен Қостанай уезі бұрынғы шекарасымен байырғы Отанына
қосылды [7].
Ахмет Байтұрсынов 1928 жылдың 5 қазанында Алматыға көшіп келіп, ҚазПИ-де сабақ берді.
1929 жылы көкек айының 19 күні «Советская степь» газетінде Ораз Исаев пен Ізмұқан
Құрамысовтың ұйымдастыруымен Ғаббас Тоғжанов пен Əбдірахман Байділдин, Х.Жүсіпбеков,
С.Сапарбеков, О.Жандосов қол қойған ашық хат жарияланды. Бұл ашық хат Ахмет Байтұрсынов
бастатқан алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешуші соққының міндетін
атқарды.
Алаштың ардақтыларын түрменің босағасынан бірақ шығарған «Жазушы-қазақтардың
творчествосы туралы» хатта: «Құрметті жолдастар! Біздің пікірімізше, Əуезов пен Байтұрсыновтың
шығармаларына маркстік көзқарасқа мүлдем жат баға берілген...
...Байтұрсынов туралы берілген баға да дəл емес. Рас, революцияға дейін Байтұрсынов қазақтың
ұлттық зиялыларының жетекшілерінің бірі болды, патшалық саясатқа қарсы күресті, сол кезде ол
қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның
барлығы ешкімге де: «Байтұрсынов — қазақтың аса көрнекті ақыны» деуге құқық бермейді... Ол
ақын болған жоқ. Ол публицист болды жəне публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық
ұлтшыл-қазақ байларының идеологы болып қала береді... Ол контрреволюциялық идеологияны
уағыздады. Бүгінгі қазақ қоғамы Байтұрсыновты біздің партиямызға қарсы күрескен жəне күресіп
келе жатқан реакциялық алашордашыл интеллигенцияның бір көсемі деп санайды.
«Əдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жіберген қателіктерді түзету мүддесін көздеген
біздің бұл пікірімізге «Правданың» бетінен орын беруіңізді өтінеміз.
Коммунистік сəлеммен: О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, С.Сапарбеков, О.Жандосов,
Х.Жүсіпбеков, Ə.Байділдин» [5; 153], — деп жазылды.
Міне, осындай мемлекеттің атынан жасалған ресми айыптау мəлімдемесінен кейін бір айдың
ішінде А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов қамауға алынды. Олар 1929 жылдың 2
маусымында Қызылорда қаласында өтетін əдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылады
да, сол жерде қамауға алынып, қайтадан Алматының түрмесіне жөнелтіледі.
Ахмет Байтұрсынов 1930 жылы 4 сəуірде ату жазасына кесілді. Бірақ соңынан ол жаза он жылға
жер аударылумен алмастырылды. А.Байтұрсынов пен М.Жұмабаев Беломор-Каналда айдауда болып,
Қызыл Крест қоғамының көмегімен 1934–1935 жылдары Алматыға қайтып оралды. Арада екі жыл
өтісімен, 1937 жылы қарашада Ахмет Байтұрсынов НКВД-ның Алматы облыстық басқармасы
коллегиясының шешімімен қамауға алынды. «Қайда апарасыңдар?» — деген əйелі Бадрисаның
(Бəдрисафаның) сұрағына жылдам қимылдайтын, аласа бойлы қара жігіт: «О дүниеге», — деп жауап
беріпті. «Жылтыр қараның» бұл сөзіне қарағанда, А.Байтұрсыновқа алдын ала үкім шығарылып
қойылған. 25 ноябрь күні «үштіктің» қаулысы қабылданып, екінші рет ату жазасына кесілді.
Он үш күннен кейін, яғни 1937 жылы 8 желтоқсан күні, үкім орындалды. Тағылған айып
мынадай: «Байтұрсынов 1921 жылы Орынбор қаласында Валидовпен байланыс жасап, жасырын
контрреволюциялық ұйым ашты, қылмысты жазасын өтеп келгеннен кейін, 1937 жылы Алматы
қаласында əшкереленген тағы бір контрреволюциялық Түрік халық партиясының белсенді мүшесі
Ғ.Қабдалиевамен байланыс жасағаны үшін айыпталды» [5; 180].
1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Соты 51 жыл «халық жауы» деп нақақтан қараланып
келген Ахмет Байтұрсынұлын ресми түрде ақтап шықты. Ал оның жұбайы мен қызының ақталуына
байланысты берілген анықтамалар келесідей [8]:
1. «30–40-жылдар аралығында жəне 50 жылдар басында орын алған зұлмат құрбандарының
əділет табуына бағытталған қосымша шаралар туралы» КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989
жылғы 16 қаңтардағы бұйрығы бойынша КСРО Кіндік Төрағасының жанындағы Біріккен саяси Бас
басқарма коллегиясының 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынова Бəдрисафа Мұхамедсадыққызы,
1878 жылы туған, Жоғарғы Орал тумасы, татар, КСРО азаматы, партияда болмаған, үй шаруасындағы
əйел, жер аудару туралы үкімі бұзылсын.
Байтұрсынова Бəдрисафа Мұхамедсадыққызы ақталды.
Қазақ КСР-і прокурорының аға көмекшісі Б.З.Ашитов, 1989 жылғы 5 қазан».
Р.С.Каренов
70
Вестник Карагандинского университета
2. «Байтұрсынов Ахмет пен Байтұрсынова Бəдрисафаның қызы 1929–1933 жылдар аралығында
ата-анасымен бірге айдауда болған жəне 1950 жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен
сотталған Байтұрсынова Шолпан Ахметқызы ақталды. Жоғарғы Сот төрағасының бірінші
орынбасары М.Малаховтың қолы, 1990 жылғы 25 маусым».
Сөз соңында айтарымыз, ұлылыққа тəн бар қасиетті бойына ұялатқан асыл арыс екі ғасыр
тоғысындағы алмағайып заманда елінің елдігі, туған халқының теңдігі үшін отаршылдыққа қасқайып
қарсы тұрған қажырлы қайратымен ұрпақ жадында мəңгі қалары сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы
замананың алмағайып шақтарын көркемдік танымға арқау етіп, оны шынайы шыншылдықпен
суреттеген, сөйтіп, сол арқылы ертеңгі ел тəуелсіздігіне үмітпен қарауға үндей білген, парасатты
ойлары арқылы болашаққа жол сілтеген дара дарын.
А.Байтұрсынұлының ақындық, ғалымдық, публицистік, қайраткерлік істерінің жоғары бағалануы
Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-ғылыми шығармашылық мұрасы кезінде қазақтың көптеген
зиялылары назарында болған. Ол туралы мынадай жылы лебіздер айтылған [4; 8]:
1. Телжан Шонанұлы: «...Абайдан бастап əдебиетімізде жаңа бағыт пайда болды. Егер біз
Абайды сол бағыттың кірпішін қалап, жаңа əдеби құрылысқа сілтеме жасады десек, Ахмет
Байтұрсынов іргетасын салып, қабырғасын көтерді. Ендігі əрлеп-сырлауы, əшекейлі күмбезі —
болашақ ақындардың ісі».
2. Ғаббас Тоғжанов: «...Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де
қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді».
3. Сəбит Мұқанов: «...Ахметтің Октябрь төңкерісіне дейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі
сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Əр тілдің айдауында жүрген
қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын
қалаған алғашқы адам — Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес».
1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ өлкесі Кеңестерінің Құрылтай съезінде Қазақ АССР-і
құрылып, Орынбор 1920–1922 жылдары оның астанасы болғаны, қазақ интеллигенциясының едəуір
бөлігі сонда шоғырланғаны белгілі. Олар Орынборда сол кезде ұйымдастырылған «Қырғыз (Қазақ)
өлкесін зерттеу қоғамының» жұмысына да белсене қатысқан. Ахмет Байтұрсынов осы қоғамның
мүшесі əрі басқарушысы болған. Осы қоғам бірнеше жыл бойы Орынборда «Труды общества по
изучению Киргизского края» деген жинақты орыс тілінде шығарып тұрған.
Бұл басылымда Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толуына арналған мақалалар жарияланған.
Оның бірі М.Дулатовтың «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов». (Биографический очерк), екіншісі
Е.Омаровтың «Ученая деятельность А.Б.Байтурсунова» мақаласы [9; 19].
Мыржақып Дулатов Ахаң туралы ойын былай түйіндейді: «Ахмет Байтурсынов — народный
поэт. Поэтическая деятельность его начинается с перевода басен Крылова на киргизский язык. Как у
человека, посвятившего всю свою жизнь просвещению темной киргизской массы, основная идея его
высказывается и тут: как поэт-протестант, А.Б. поэзию превращает в оружие борьбы с политикой
монархической России, угнетавшей киргиз. Принимаясь перевести басни Крылова, он прежде всего
имеет в виду великую возможность басен для воспитания детей и взрослых. Он выбирает для
перевода из Крылова такие басни, которые понятны и соответствуют киргизскому духу...
В своих стихотворениях А.Б. не поет о любви, о женщине, о природе, у него нет ни
высокопарных стихов, ни крылатых фраз. Он простым и понятным киргизским языком поет о
свободе, о нации — об угнетенной и отсталой киргизской нации, призывая ее к просвещению, к
труду и к освобождению от вековой спячки и пробуждая в каждом киргизе чувства гражданства.
Стихотворения А.Байтурсунова по внешней своей простоте, по внутреннему содержанию, легкости и
равномерности занимают первое место в киргизской литературе. У А.Байтурсунова, кроме «Қырық
мысал», имеется еще небольшой сборник оригинальных и переводимых стихотворений под
названием «Маса» и несколько не напечатанных стихов лирического характера...
В результате научно-педагогических трудов Ахмета Байтурсунова мы имеем киргизскую азбуку,
фонетику, синтаксис и этимологию киргизского языка, теорию словесности и историю культуры.
Этим кропотливым трудом Ахмет Байтурсунов поднял киргизскую словесность на высокую ступень
и заложил прочный фундамент для национальной школы и родной литературы» [10].
Елдес Омаров өз еңбегінде былай жазады: «Ахмет Байтурсуновича знает вся киргизская степь,
его все уважают, любят и, как будто, высоко ценят его талант. Но его недооценивают. Его мы знаем и
Ахмет Байтұрсынов халықтың ой-санасын ...
Серия «Филология». № 3(71)/2013
71
ценим как поэта, публициста, общественного деятеля, педагога, но он почему-то не укладывается в
нашем мозгу как ученый, сделавший весьма ценные открытия в области киргизской грамматики» [4; 8].
Осы екі зерттеуде өмірбаяндық деректер, ғылыми, əдеби пікір-тұжырымдар бар. Атап айтқанда,
оларда Ахмет шығармашылығы — ақын, аудармашы, журналист, кітап бастырушы, тілші, əдебиетші
есебінде зор бағаға ие болған.
Қазақтың көрнекті жазушысы, көшелі ісімен де, көсем сөзімен де танылған Сəкен Сейфуллин
«Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деп аталатын мақаласында былайша толғанады: «Осы өткен
январьдың 28-інде Ахмет Байтұрсынұлының жасы елуге толды. Халыққа өзінше қызмет қылған адам
кəміл тоқтайтын кісілік жасына жеткенде, сол кісінің халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін
бастан-аяқ баяндап отыру əр үлгілі халықтың əдеті. Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес,
оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында патшаның арам қылықты атаман-
шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған
кісі. Əрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар
тұрғанда, жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ.
Байлардан бөліп жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының
шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге
жоқтады.
Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан
қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді.
Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмəш болып,
кейбірі арларын сатып, ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды.
Əуелі ол школда қазақ балаларын оқытты. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің əділетсіз үкім-
зорлығымен күресіп, Крылов деген орыстың жазушысының 40 мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40
мысалдың əрқайсысына сол патша заманының əділетсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша үкіметінің
істейтін жəбірлігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. Қазақ халқының намысын, арын жоқтап, «Маса»
есімді өлең кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» деген газетті шығарды.
Қазақтың бастауыш мектептеріне арнап «Оқу һəм тіл құралын» жазып шығарды. Коммунистерше
жалпы байлардың құлдығында жүрген жарлылардың ғана арын, намысын жоқтамаса да,
коммунистерше жалпы байларға оқ атып, жалпы жарлылардың таяғын соқпаса да, Ахметтің халыққа
бұл істеген қызметтері зор қызмет. Бұл қызметінің əсіресе көзге көрінетіндігі сол, өзге оқыған
замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һəм имандарын сатып жүргенде, Ахмет
халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бəйгеге тіккен.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл Ұлтын сүюдің зорлығынан, 1917 жылы
патша түсіп, революция (өзгеріс) болғанда, қазақтың бұрыннан арсыз, имансыз оқығандары
«ұлтшыл» бола қалып, «Алаш» партиясын ашқанда, бір қазақ үшін... «Алаш» партиясында болды.
(Əрине, оқыған дегендеріміздің арасында бірен-саран адал адамдар да бар).
Адал ниетті Ахмет бір тұтынған жол үшін, шын сүйетін ұлты үшін қандай партияға болса да
кірмей қойсын ба?! Өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлт қамы үшін коммунист
партиясына да кірді.
Əрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. Көп бола алмайтындығы белгілі еді.
Қазақтығына, орыстығына қарамай, бай мен жарлының арасын ашып, борсықтай сорып келе жатқан
байлардың қолдарынан үкіметті қара күшпен жарлыға тартып алғызған, малын, жерін тартып
алғызған коммунистер, жер-дүниедегі барша халықтарды бірдей сүйетін коммунистер рухы майда
һəм қазақты ғана сүйетін Ахаңа дұрыс болмады» [4; 8].
С.Сейфуллиннің осы жүрек жарды сөздерінде сол тұстағы уақыт шындығы жатыр.
А.Байтұрсыновтың 50 жасқа толуына Мұхтар Əуезов те мақала арнаған. Бұл еңбекте Ахаңның
өмірі мен қызметіне жан-жақты баға берілген: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен
Ахаңның ғана ардақты атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған
кісілер санаулы.
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған əдебиеттегі орны — «Қырық
мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-
білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты — біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.
Оны жұрттың бəрі де біледі. Бұның шындығына ешкімде дауласпайды.
Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: Ахаң
еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң
Р.С.Каренов
72
Вестник Карагандинского университета
мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ əдебиеті Ахаңды өзінің
басшысы деп санайды.
Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды. Əлде болса, өмірінің ұзақ болып, еңбегінің
өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды» [9; 19], — деп жазған М.Əуезов.
Жазушы Ғалым Ахмедов «Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер» деген
кітабында Ахаңның елу жасқа толған мерекесінің қалай өткізілгенін былай еске алады: «1923 жыл
Орынбордағы қазақ қауымы Ахаңның елу жасқа толған мерекесін өткізді. Салтанатты мəжіліс
Я.Свердлов атындағы клубта болды. Жиналысты сол кездегі Қазақстан Халық Комиссарлары
Кеңесінің төрағасы Сəкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп ашты. Смағұл Садуақасов Ахаңның өмірі
мен ғылыми, əдеби еңбектері жайында өте мазмұнды баяндама жасады. Смағұл Халық ағарту
комиссары болатын. Жібектей есіліп, жай кербез сөйлейтін адам еді. Ол кісі баяндамасының аяғында:
«Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауға болмайды,
бұл кісі қазақ халқының алғашқы алфавитін жасап берген, бұрын əркім қалай болса солай жазып
жүрген емлемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан бұл кісіні ұстазымыз деп
қарап, өзімізден əлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек», — деп тоқтады» [11].
Орыс ғалымдарының ішінен А.Байтұрсынұлы туралы ең алғаш пікір айтқан профессор
А.Самойлович. Ол 1919 жылы «Литература Востока» журналында Ахаңның қазақ тілі оқулықтарын
жазғанын айтса, ғалым Е.Поливанов Ташкентте шығатын «О киргизско-казакской орфографии»
бюллетенінде бағалы ғылыми пікір білдірген. Ол 1929 жылы Мəскеу баспасынан шыққан «Əдебиет
энциклопедиясында»: «А.Байтұрсынов — аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі жəне педагогі... Ол
қазақ емлесінің реформаторы, грамматиканың жəне қазақ əдебиеті теориясының негізін салушы», —
деген анықтама берген [12; 7].
М.Баталов пен М.Сильченко «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе» деп
аталып, 1933 жылы шыққан еңбектің көптеген бетін Байтұрсыновқа арнаған. Сол тұстағы
«алашордашылар» позициясын сынауға құрылғанымен, бұл зерттеуде А.Байтұрсыновтың қоғамдық,
ғалымдық, əдебиетшілік қызметінің негізгі бағыты мен көркемдік құндылығын мойындамай өте
алмағаны байқалады. Кітапта: «Байтұрсынов — Орынбордағы қырғыз мұғалімдер семинариясында
білім алған педагог. Қоғамдық-революциялық қызметін ол 1905 жылдан, қазақтың ұлтшылдық
буржуазиялық-демократиялық интеллигенциясы революциялық үйірмелерде, əсіресе реакция
жылдары астыртын жұмыс жүргізген кезде бастады. Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетін
бастырды, оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мəдени оянуына ықпал ету болды. Газет 1918
жылға дейін шығып тұрды, жас ақын-жазушыларды біріктірді... Байтұрсыновтың сүйікті жанры —
мысал. Грек мысалшысы Эзоп, француздық Лафонтен, орыс Крыловтың өткен замандардың
қалдықтары мен керітартпалықтарын, өз тобы ішіндегі басқа да топтардың кемшіліктерін сынау үшін
мысалды құрал еткені сияқты, Байтұрсынов та бүйі, маса, тағы сол сияқты бейнелерде орыс патшасы
чиновниктерінің зорлықтарына жəне феодализмнің қалдықтарына өз табы тұрғысынан қарсы
шығады.
Байтұрсыновтың өлеңдері «Маса» жинағында топталған. Байтұрсынов үшін əдебиет оның
идеясын, саясатын іске асыру құралдыраның бірі болды» [9; 20], — деп жазылған.
Бертінде, 1974 жылы Ахмет туралы қазақ зиялылары бір ауыз сөз айтуға келмей жүргенде,
академик А.Кононов өз редакциясымен шыққан «Отандық түркологтардың библиографиялық
сөздігі» кітабында: «А.Байтұрсыновтың өмірбаянына толық тоқталып, оның араб алфавиті негізінде
жетілдірілген қазақ əліппесінің авторы, қазақ тілі фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, əдебиет
теориясы мен мəдениет тарихының оқулықтарын жазғанын» нақты көрсеткен [12; 7].
Ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген Алаш қайраткерін қайта тануға талпыныс білдіре
бастағанымызға 20 жылдың жүзі болып қалды. Бүгінгіде бұл тұрғыда біраз ізденістер жасалғанын
атап өткен жөн. Ахметтануға кешегі Міржақып, Елдес, Сəкен, Мұхтар, Смағұлдар салған сара жолды
бүгінгі тілші Р.Сыздықова, əдебиетшілер Т.Кəкішұлы, С.Қирабаев, Р.Нұрғали, Д.Қамзабекұлы,
тарихшылар К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев, Т.Омарбеков сынды көрнекті ғалымдар
ахметтанудың даңғылын айналдырып, кеңейте түсуде. Қазақ зиялыларының бірден-бір көсемі
А.Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы келешек ұрпақ тəрбиесіне қажетті өзекті тақырып деп
табылып, зерттеу нысанына айналды. Ғұлама ғалымның мұрасына қатысты соңғы жылдары 2000-дай
ғылыми-зерттеу мақала, 40-қа жуық монография, 5 халықаралық ғылыми конференция
материалдары, 10 республикалық ғылыми конференция материалдары жарық көрді. Бұл
жинақтардың барлығы 1993 жылы ұйымдастырылған А.Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы
Ахмет Байтұрсынов халықтың ой-санасын ...
Серия «Филология». № 3(71)/2013
73
мұражай-үйінің қорында бар. Ғалым мұрасына қатысты жүргізілетін шығармашылық жəне қоғамдық
жұмыстарды қадағалап отыратын, профессор-ғалымдардан жасақталған арнайы Ғылыми кеңес бар.
Музей-үй жанынан 500-ге жуық кітап, 250-дей əдеби журнал, 100 шақты түрлі конференция
материалдары жəне апталық газет тігінділері қамтылған кітапхана жұмыс істейді. Мұражай мен
Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» атты
ғалымның туған күніне орай өткізілетін дəстүрлі шара қалыптасқан [13].
Бірақ та Ахмет Байтұрсынов туралы көп зерттеулер жүргізілгенімен, əлі басы ашық, шешімін
күтетін «ақтаңдақ» жайттар жетерлік.
Түйін
Жер басып жүрген пенденің бəріне ұлыға айналуды тағдыр жазбаған. Сондықтан да бүтіндей ұлт
табынар рухқа айналған жандар тым сирек. Əр дəуірдің, əр заманның бір туар тұлғаларын уақыт
жасары хак. Осындай ой келген сəтте, еске еріксіз орала беретін бір тұс — ХХ ғасырдың басы.
Шындығында, осы тарихи кезеңде ұлтын өркениет дамуының даңғылына бастаған озат ойлы
зиялылар шоғыры молдау көрінеді. Бірақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, осынау топтың
ішінен қазақ руханиятындағы кемеңгерлік болмысы мен азаматтық тұлғасы көзге айрықша
шалынатын ұлы азамат — Ахмет Байтұрсынұлы.
Əрбір азаматтың ұлт алдындағы бағасы оның өз халқына қаншалықты қызмет ететіндігімен
өлшенеді десек, Ахметтің де елінің ертеңіне еткен өлшеусіз еңбегін көреміз. Ахаң халқының жарқын
болашағына кəміл сенген. Сондықтан да əйгілі «Н.Қ. ханымға» деген туындысында [14]:
Рақатсыз өтсе де өмір-жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып біз шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпасын, қарындасым!
Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы — жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда; мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?!
Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт қолымнан келмесе, өкпелемес,
Барын сақтап, мен аяп алып қалман.
Ел мұнымды білемін ұқпайтынын,
Көтермеге қалғанда шықпайтынын.
Шалыс басып аяқты жығылғанда,
«Жатқаннан тұрма», — деп мақтайтынынмын.
Мен өлсем де — өлемін жөнімменен,
Тəннен басқа немді алар өлім менен.
Өлген күні апарып тығыры — көр,
Мен жоқ болман көміліп тəнімменен.
Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес — бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел — бүгіншіл, менікі — ертеңгі үшін, —
деп кемеңгер ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенгендей.
Р.С.Каренов
74
Вестник Карагандинского университета
Иə, бір кезеңдерде Алаштың ардагер азаматы А.Байтұрсынов арман қылып, жырға қосқан, сол
жолда күресіп, мерт болған азаматтықтың асыл идеялары бұл күндері елімізде салтанат құруда.
Қорыта айтсақ, қазақ халқының тəуелсіздігі үшін, оның сауатты да білікті ел қатарына қосылуы үшін
ақтық демі біткенше күресіп өткен осынау ұлы адамның аты ұлт жүрегінде мəңгі сақталатыны сөзсіз.
Ахметтануға тереңдеген сайын рухымыз биіктеп, арымыз тазара түспек.
Əдебиеттер тізімі
1 «Қазақ» газетінің шыққанына 100 жыл толады // Жас алаш. — 2012. — № 47. — 14 маус. — 3-б.
2 Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара сөздер, көсемсөз. — Алматы: Жазушы, 1991. — 384-б.
3 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін): Бес томдық. — 3-т. — Алматы: Атамұра, 2002. — 768-б.
4 Шаяхмет А. «Қазақ» газеті — ұлт ұйтқысы // Қазақ. — 2008. — № 23 (380). — 6 маус. — 8-б.
5 Жұртбай Т. Ұраным — Алаш! Бесінші тарау: «БАЙТҰРСЫНОВ — БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ». (Омаров Елдес
Омарұлы жəне басқалар туралы іс) // Жұлдыз. — 2011. — № 3. — 153–183-б.
6 «Торғай облысының Қостанай уезін Челябі ауданына қосу туралы» (Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті
төралқасының «Сібір Төңкеріс Комитетін бекіту туралы») Қаулысына байланысты Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару
жөніндегі Əскери төңкеріс комитетінің мүшесі Байтұрсыновтың баяндамасы // Егемен Қазақстан. — 2002. — 24 сəуір. — 4-б.
7 Ижанов З. Қостанай уезі Челябіге қалай өтіп кете жаздады // Егемен Қазақстан. — 2002. — 24 сəуір. — 4-б.
8 Досжан Д. Ахаң мен Александра // Түркістан. — 2011. — 22 қырк. — 9-б.
9 Сəтбаева Ш. Ахмет Байтұрсынов (1873–1937) // ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиеті. (Қазан төңкерісіне
дейінгі дəуір). — Алматы: Ғылым, 1994. — 133–150-б.
10 Дулатов М. Ахмет Байтурсунович Байтурсунов. (Биографический очерк) / Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара
сөздер, көсем сөз. — Алматы: Жазушы, 1991. — 298–302-б.
11 Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер. — Алматы: Жалын, 1996. — 32,33-б.
12 Əнесұлы Ж. Ұлылықтың үлгісі болған Ахаң // Қазақ. — 2007. — № 45 (350). — 9 қараша. — 6–7-б.
13 Имаханбетова Р. Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі // Ақиқат. — 2009. — № 10. — 48–51-б.
14 Байтұрсынұлы А. Жан сөзімді кім түсінер? — Алматы: Қазақстан: А.Байтұрсынұлы атындағы қор, 1994. — 19,20-б.
Р.С.Каренов
Достарыңызбен бөлісу: |