КҮПІРЛІК
Күздің жаймашуақ күндерінің бірі. Айқыш-ұйқыш
аспалы темірлері ретсіз тартылғандай көрінетін жүзімдікте
жұмыс қызу жүріп жатыр. Көкжиектегі шарбы бұлттар легі
шығысқа шұбап барады. Балапан ұшырған қараторғай үйірі
жүзімдіктің əр тұсына бір қонады. Қарақұрым құс тобы-
на айғайлаған күзетшінің қалбырдан жасаған сылдырлағы
анда-санда бір шыңқылдайды. Əр жеріне қызылмия мен ер-
мен араласа өскен жүзім қатарларындағы жұмыскерлердің
бір-бірімен сөйлескен күбір-күбір əңгімелері кейде анық
естіледі. Қасқабас бригадирдің күрмеп сөйлегені – бұйрықтан
гөрі жалынышқа ұқсайды.
– Ай, Жуман, таза терсенши-эй, тюгел калыпты гой. Ар-
тыннан тексерип шыгу керек па?
Ұлты өзге бастықтың сөзіне мұртты қара басын изей сал-
ды да, адам бойынан асатын ркацителидің тарам жапырақты
қатарына кіріп кетті. Қолындағы шелек толы жемісті темір
жəшікке төгіп жатқан Мүсəпір өз ойымен арпалыса берді.
«Адамдар қызық, ə! Жер бетіндегі уақыттың нақты
қанша болғанын ажырата алмай жатып техника, про-
гресс деген бəлелермен бастарын қатырады. Одан да жер
бетіндегі барлық адам таза қол еңбегімен айналысса болады
ғой. Сонда жасыл ғаламшардағы ауаның ластануы мен озон
қабатының жұқаруы болмас еді. Онда тіпті ұлтқа, жерге
бөліну деген болмайтын шығар. Адам Атаның ұрпағы жер
бетіне алғаш келгендей тіршілік кешер ме еді?! Қайтер еді?
Шынымен-ақ. Жер бетіндегі барлық адамдарда ақыл жетеді.
Сол ақылдарын бір іске жұмылдырса, жер бетінде Жерұйық
деген нəрсе орнайтын шығар.
34
Мына ой маған қайдан келді өзі?! Шындығында осындай
болуы мүмкін ғой. Онда жер бетіндегі барлық адамдар бірігіп,
арамыздағы ең ақылды, көпті көрген, адал азаматты патша
сайлап, соның айтқанын орындасақ. Оның ісін бақылап, қате
немесе артық кетіп бара жатқанын ескертіп отыратын ар-
найы топ ұйымдастырсақ. Адал басшы жер бетіндегі шөлді
жерлерге су жолдарын тартып, жеміс отырғызуға адамдарды
жұмылдырса. Осыны қалың көпшілік қос қолдап қолдайтын
еді. Мысалы, мен інім екеуміз күніне бір тонна жүзім жи-
нап мың теңге табады екенбіз. Сонда Бейсал бригадир бізге
келісіне бір теңгеден бергені ғой. Жалғыз біз ғана емес, осы
алқапта таңның атысынан кештің батысына дейін жыбыр-
лап жүргендердің барлығына сондай сома төлейді. Кешкісін
інім екеуміз тапқан ақшаны екіге бөліп аламыз. Мен шеше-
ме беріп қоямын. Өйткені солай етпесем жиғанымды сол
күйінде құртып жіберем. Ал, бауырым ондай емес, қажетіне
ғана жұмсай алады.
Иə, адамдар əртүрлі! Бет пішінімен де, мінез-құлқымен
де. Жұмысты да əрқалай істейді. Ақшаны да солай... Біреу
көп, енді біреу мүлде аз. Тіпті бас бармақтарының таңбасы
да бір-бірінікіне мүлде ұқсамайды. Біз інім екеуміз бір
қаптан, бір саптан шықсақ та бір-бірімізге аса ұқсамаймыз.
Сымбатты, əдеміше келген ол, ұялу дегенді білмейді, əрі
жұдырығы жуан бұзық. Ал, мен кішкене бойлы, ұяң, тіпті
жасықтаумын. Əлгі қасиетті кітаптардағы Абыл мен Қабыл
секілдіміз.
Жалпы бүкіл əлемді, табиғатты, адамзатты жаратушы
Құдай-Тəңірі-Алла адамдарды бір ниетті болуға шақырған
ғой. Əуелі қасиетті кітаптың біреуін түсірді. Одан кейін
қалғандарын рет-ретімен, кезегімен жерді паналаған Адам
атаның ұрпағына тылсым күштің əсерімен түсінсін деп
35
жіберді. Бірақ оны түсіне қоятын пенде бар ма?.. Өздерінің
принциптерін дінге қатыстырып, билікке айналдырып алған.
Соғыс арқылы əдемілікті, байлықты игергісі келетін пенде
шіркін кейде паң, əредік бейшара күйді басынан кешірді.
Сонша уақыттан бері бəрін түсінген, сезген пайғамбарлардың
ұрпақтары əлі күнге бір бітімге келе алмай келеді...»
Тəтті шырын толы жемістің бір талын аузына салған
ол, шырыш жұққан алақанын сауыс-сауыс шалбарына бір
сүйкей салып, інісіне қарады. Араларын жасыл жапырақты
жүзімнің салалы бұтақтары ілінген төрт қатарлы сым ғана
бөлген. Сұқ саусағының түйілер тұсы сынықтан шор болып
біткен інісі жемісті самдағайлана жұлады. Тіпті жүзімнің
суын ағызып жібереді.
– Ей, не болды, ей?! Сонша тесіліп қалыпсың ғой. Көзіңе
жын көрінді ме, ей, Муся?! – Жуан дауыс селк еткізді. – Жыл-
дамдат. Бүйтіп жыбырлап отырсаң бүгін бес жүз таппайсың.
Бол, қозғал!
Інісі көлеңкеге жасырылған суық шəйді бір ұрттап, там-
санды да, бөтелкенің тығынын нығарлай бұрады. Сосын қос
себет толы жемісті төгуге кетті.
«Сонда деймін, осының бəрін білетін, түсінетін жер
бетіндегі барлық адамдар техникалық құралдарды аралас-
тырмай таза қол еңбегімен жұмыс істесе, қандай нəтиже
шығар еді? Онда жеміс-жидектердің өнімі де ерекше мол
болып, табиғаттың ластануы деген мүлде болмас еді.
Адамдардың барлығы жұмыссыз болмай, əркім өзінше еңбек
етіп, ұрпақ өсіретін еді. Онда, жер бетінде Асанқайғы іздеген
Жерұйық орнайтын шығар?! Мүмкін қой үстінде бозторғай
жұмыртқалаған заман болар. Кеңес Одағы кезінде адамдар
коммунизмге жетеміз деп жанталасты. Бірақ ол да жай арман
болатын. Əйтпесе, бір көзқарасты ұстанған адамдар көздеген
36
мақсатқа қол жеткізер еді ғой. Мүмкін, мына ой да сондай
қияли нəрсе шығар. Бірақ ақыл-ойы толысқан адамзат ойла-
натын уақытқа келді емес пе?! Сондықтан да бұл ой маған
көктен түскен белгі болып отыр. Мүмкін, жаратушының
таңдауы маған түскен шығар. Осыны адамдарға жеткізуім
керек. Ең бірінші сөзімді тыңдайтын Ноянға айтып көрейін.
Аздаған мыжымалығы болмаса жақсы жігіт. Пікірге құлақ
қоя алады. Оған түсіндіріп жеткізе алсам, ары қарай өзі-ақ
іліп əкетеді. Сосын екеулеп ауылдың жігіттеріне жеткізсек.
Олар да жөні жоқ ауыздарын былжыратып арақ ішкенше, осы
ойға тоқталатын шығар. Оның үстіне ауылдағы жігіттердің
көпшілігінің жасы отыздан асып кетсе де, өздерін əлі жас
сезінеді. Тіпті əлі үйленбегендері де бар. Ақшаны табуын
табады. Бірақ көпшілігі той тойлауға кетіп, құмға сіңген су-
дай жоғалады. Бір-бірін мұқатып, кекеткенде алдарына жан
салмайды-ау, жан салмайды.
Өткен қыста мені ауылдағы ұрлықты азайту үшін түнгі
күзетке шақырды. Күндіз көрінбейтіндердің көпшілігі жина-
лыпты. Отырып алып, бірнеше сағат бойы карта соқтық. Со-
сын түнгі бір кезінде ғой деймін, көшені аралауға шықтық.
Бір-бірімен қалжыңдасып, дабырласқан топтың аузынан
түрлі сөз шығады. Пошта үйінің дəл алдына жеткенде топты
басқарып жүрген ұзынтұра: «Əй өңкей ұры осында жина-
лыпты ғой, кімді ұстаймыз? А?» деп қарқылдай күлді. Оны
қостай күлген дауыстар шиқылдап-қиқылдап көшені баста-
рына көтерді. Мен де қосыла күлдім. Енді күлмегенде жы-
лаймын ба? Шынында сонда жиналғандардың көпшілігі жаз
болса жүзім, алма жұмыстарын істей жүріп, кешкісін молы-
нан қарпып қалатын қулар. Қыста отындық ағашты ұрланып
кеседі. Басқа нəрсе қолдан келмейді. Күні бойы теледидар-
дан шетелдік сериал көрудің шеберлерінің əңгімесі де сол
37
төңіректен. Сосын, отырып қалған қыздарға бару. Оларда да
ұят жоқ. Бүгін біреумен, ертең басқасымен қолтықтасып кетіп
бара жатқаны. Бұрын жақсы еді, жатаған келген клубтың
айналасы кешкісін биден, кинодан шыққан адамдардан то-
пырлап жататын. Ұйғырдың əйелдері бала-шағасымен келіп
үнді фильмдерін көретін. Жаны нəзіктері жағымды кейіпкер
қорлық көргенде өксіп-өксіп жылайтын...»
– Ей, болыңдар, ей! Жаңбыр жауып келеді. – Бригадирдің
көмекшісі ат үстінен айғайлай өтті.
– Қайдағы жаңбыр? Таңертең радио күн ашық болады
деп еді ғой...
– Өй, олар не демейді. Жаңбыр аяқ астынан жауып
кететінін білмеймісің. Тұр, жылдамдатайық, – деген інісі
əрқайсысы 250 келі тартатын төрт темір жəшіктің соңғысын
толтыруға кірісті.
* * *
Шынымен кешкісін сіркіреп жаңбыр жауды. Інісі екеуі
үйге келе сала тамақтанып, жатып қалмақшы еді. Жаздық
тапшанға салынған төсекте жатқан Мүсəпір жаңа шалбарын
киіп, күндіз ойлаған ойын досына жеткізуге кетпек болған.
Бірақ інісі мұның алдын орап кетіпті. Шибарқыт шалбарды
сықиып киген ол, дарбазадан бір-ақ аттады. Оның артынан
айғайлай шыққан бұл қуып жетіп төбелесе кетті. Сондағы
таласқан нəрселері шибарқыт шалбар болатын...
2000 ж.
38
ҚАРҒЫС
...Құдайдың құдіреті-ай!
Сол күні жұмысқа неге ғана бардым екен?! Жарай-
ды бардым-ақ дейін. Алайда өзіме қарасты ауданның
аумағынан тыс шараларға қатысудан бас тартуыма да бо-
латын еді ғой. Бірақ, бұйрық талқыланбайтыны бар. Сол
тапсырманың жетегімен жүріппіз ғой, бүгін ойлап қарасам.
Қалай болғанда да барлығы тағдырдың жазуынан екен. Енді
міне тұла-бойым күйікке шалынып, жатысым мынау. Тірі
қалуым неғайбыл. Өле қалсам бəрінен бұрын анама қиын
тиетін болды-ау... Менен көп үміт күтетін. Оқуға түскенімде,
оны бітіргенімде, жұмысқа тұрғанымда шынайы қуанған
анам еді. Тіпті, жақында келін түсіріп бермек болғанымда,
«Құлыным, үйіңді ретке келтіріп ал. Сосын да үлгересің
ғой» деп сабырға шақырып, келер құда-құдағиларының ал-
дында да абыройды ойлаған екен...
Ай, жанымның қиналғаны-ай!
Қасымда қарашығы мөлдіреп жүрген Қаракөз сені
қайтем? Саған да оңай тимес. Ер-зайыптылықтың дəмін де
татып үлгермедік. Екеумізде тек құштар көңілді алға ұстаған
ынтықтық ғана қалып барады...
Дəрігерлер көңіліме қарай ма, əйтеуір ештеңені ашып
айтпайды. Бетімді таңған ақ дəкенің əдейі қалдырған
тесігінен сығалап жатып, мен бəрін көрем, естимін. Бірақ,
сөйлеуге қауқарым жоқ. Ішімде қып-қызыл шоқ жатқандай.
Жүрегімнің дүрсілін бүкіл денеммен сезердеймін. Тіпті,
дүңкілдеген лүпіл құлағымды жарып жіберердей...
Бəрі қалай болды өзі?!...
Ең бірінші қалың қолды бастаған ұлты өзге сот орын-
даушысы таң қылаң бергенде, барлығымызды еңістегі
39
ауылға қарай бастады. Мектептің оюлы темір қашасына
жақындағанда алдымыздан алапат дауысты уіл естілді.
Мен алғашқылардың бірі едім. Құйылған бетон қоршаудан
өткенімізде, кең сайды тіліп түскен тасжолдың бойы толы
қарақұрым халық екен. Арасында бала көтерген, таяқ
ұстаған ақжаулықтысы бар, ақсақалдық жасқа жеткен жігіт
ағасынан бастап, түбіт иек бозбалаға дейінгі еркек атаулының
неге болса да дайын екендігі анық көрініп тұрды. Біздің
басшылық ескерту жасап еді, үйлерінің бұзылуына қарсылық
танытқандардың даусы басым түсіп кетті. Бұдан кейін та-
сырлай жауған жұдырықтай-жұдырықтай тастарға қарсы
біздің тарап газды оқ атты. Бірақ одан тобырдың тайсалатын
түрі көрінбеді. Қайта өршелене ұмтылғандардың айбынынан
сақадай сай əскер кері шегінді. Мен артқа бұрылғанша болма-
ды шалынып жығылдым. Екпінмен келгендердің аяқ астында
қалған мені атойлағандар текпілей жөнелгені есімде. Одан
кейін дабырлай шуласқан қара халықтың бұлқынысы тілсіз
жау – өрттің жалынын басар автокөлікті отқа орады. Қалың
соққының астында жатып менің алғашқы ойлағаным, өртке
қарсы тұрар техниканың да халықтың ашуына суғарылған
жалынға қарсы тұра алмайтындығы болды. Бұдан кейін мені
қаумалаған көпшілік сүйрете көтерген күйі құжыра тамға
жеткізіп, сыртымнан құлпы салды. Сөйтіп қылмыскерлерді
тергеуге алатын менің құзырым құм болып үгітілді. Алыс-
жұлыс кезінде ентіккенім соншалық тілім аузыма сый-
май, езуім уыстап құм асаған жандай ырсиып кеткен. Есік
алдындағы кейуанадан су сұрап едім: «Алда қарағым-ай!» деп
терең күрсінді де, ашымал айран ұсынды. Маңдайымнан бұрқ
еткен терді сүрткен соң көңілімдегі үрей, қорқыныш атаулы
сейіліп жүре берді. Ашынған тобырға айран берген əжей
араша түсердей көрінді. Шынында да солай ойладым. Бірақ
40
біреулер келіп, қазақтығыма сын болардай ащы-ащы сөздер
айтып жатты. Оларға ақталар сөз айтпақ түгілі, жалынсаң да
тыңдар еместей. Осыны дірілдеген саусақтарыма қарап оты-
рып түйсіндім де, тіл қатпадым. Егер бірдеме десем таяқтың
астында қаларымды сезгендік те үнімді шығартпады. Со-
дан кейін өзара дабырласқан қалың жұрт «бірі қайтарайық»
десе, енді біреулері «кепілге алсақ билік жеңіледі» деп
өзеуреп жатты. Ақыры тасжолдың бойындағы электр
бағанына салаңдата сүйреп əкеліп, байлап тастады. Сонда
ойлағандары дөң жақта жүрген тəртіп сақшыларына талап
қою болатын. Бірақ бұйрықпен жүрген бейбақтар қатар түзеп
топқа бет алмақ болғанда, бензин иісі мүңк ете қалды. Де-
нем жылымшы тартып, майланып бара жатты. Лап етер жа-
нармайды кімнің құйғанын бағамдап үлгергенімше болмады,
«Өртеңдер!» деген ащы дауыс шырпы тұтатты. Шашым мен
қасымның шыжғырыла шыжылдағанын білем, ары қарай
қолымды қиған арқанды жұлып тастамақ боп жұлқындым.
Терім жиырыла бастады. Күйген еттің иісі шыққанда біреу
шапан, əлде көрпемен жалынды қымтап өшірді. Қиқулай
жеткен жедел жəрдем көлігіне көтермелей тықпалағандар,
менен құтылғысы келетіндей көрінді. Бəрі кеш еді...
Ендігі жатысым мынау. Таңның атысынан кештің ба-
тысына дейінгі ауылдың қоңыр салқынында белтемірден
түспейтін қолдарым, серіппелі темірді құшырлана соза-
тын иықтарым, гантел мен кірдің тасын серпитін денем,
енді міне күйікке шалынып, бұлтыңдаған бұлшықтарым
бырысып қалды. Мұндай тəнмен тірі қалған күннің өзінде
мүгедектіктің ащы зарын тартармын...
Құдай-ай, берген жасыңды таусылта көрме! Мен əлі жас-
пын ғой. Жұрт айтатын жиырма бестің дəмін татпай кету деген
қандай өкінішті. Кейде достарыммен болған отырыстарда...
41
Ай-й! Достарым-ай, сендер өздерің бір əлемсіңдер
ғой. Қабағыңа түскен кірбіңнен сыр аулайтын жан
досыңның барлығы қандай жақсы. Бөліскен сырыңның
сол айтылған жерінде қалғаны мені қатты қуантатын.
Ішкі толқыныстарымның жария болмағанын ойлаушы
едім. Сондықтан да досты талғап таңдаппын. Жалғыз до-
сым Ноян еді. Байқұс бала мен секілді бір үйдің жалғызы
болғанымен, бір өзі үш адамға татитын. Қай жағынан алсаң
да оның өнеріне, алғырлығына, тапқырлығына кім болса да
қызығатын. Екеуміздің мектептен басталған достығымызға
кейбіреулер тіпті қызғана қарайтын. Сыныптас балалардың
бізге себепсізден-себепсіз соқтығып, шетінен таяқ жегені
əлі есімде.
Біздің толқында жігіттің жүректілігін жұдырық шешетін
кездер де болды. Бірақ əр қақтығысты бастаған жігіттің
əділетті, əлде əділетсіз болуына баса назар аударылатын.
Мұндай тілмен шарпысатын сəттерде біздің туымыз биік бо-
лып шығатын. Өйткені, біз орынсыз ұрынғанды шықпыртып
тастаушы едік. Сөйткен Ноянның өмірі ұзақ болмады.
Марқұм аяқ астынан көлік апатынан көз жұмды.
Əттең, ажал! Біздің жарасқан достығымызды да қиып
жібердің-ау. Алғаш естігенде миым шаншып кетті. Тіптен
сене алмадым. Əбден денесін алып келгенде ғана көзім
жетті. Содан іштей əбден құлдырадым. Əкесінің еңкілдеп
жылағаны əркімнің де көңілін құлазытты. Кім-кімді де жас
өлгеннің қазасы бей-жай қалдырмайтынын түсіндім. Бұған
дейін өлім, ажал дегенді мүлде байқамаппын, сезінбеппін.
Тіршілікте ажал туралы, о дүние жайында да достарым-
мен көп əңгімелесуші едік. Сонда діни кітаптарды оқыған,
құран мен намаздан хабары бар жігіттер бұл өмірдің сынақ
екенін көп айтатын. Əуелі бірде, істеген ісіңнің сауабы мен
42
жасаған қылмысыңның күнəсі о дүниеге кетпейтіні сөз бол-
ды. Ондайға таң қалғаным соншалық, сұрақты қарша бора-
тып, олай болса адамзатқа жұмақ пен тозақтың не керегі бар
дегенге саятын сұрақты да қойдым. Сөйтсем, отырыстағы
таныстарым маған жақсылықтың да, жамандықтың да өз
қайтарымы болатынын тəптіштеп түсіндірген еді. Енді, міне
дəрі-дəрмектің иісі қолқаны қапқан аппақ бөлмеде соны
ойлап жатқан маған, өзімнің нендей əрекетім үшін осындай
күйге түскенімді анықтау ғана қалған секілді?!
Шынымен-ақ, сонда қай қылығым, қай қылмысым үшін
жалынға шарпылдым? Əлде халықтың қарғысына қалдым
ба? Мүмкін тергеушілік жұмыста біреуге тізем батты ма
екен?!
Өзім қойған сауалдарға лайықты жауаптарды көкірегімнен
таба алмадым. Мүлде жауап жоқ! Тіпті өзімді қаралайын де-
сем де, нақты дəлел таптырмады. Тек жоғарғы басшылықтың
бұйрығын орындаймын деп қазақы ауылдың құжыра тамда-
рына жақын барғанымнан өзге, күнəға тең болатын дəлелді
нəрсені ұстай алмадым.
...Тоқта! Сонда қазақы ауылдың киесі ұрғаны ма?
Онда киенің қасиеті жалғыз маған ғана жалын боп тимес
еді ғой?! Таң алагеуімнен сайдағы үйлерді қиратпақ болып
аттанған қалың əскердің жартысынан артығы қирап қалмас
па еді?! Тіпті мұздай жасанған жасақты бастаған ұлты өзге
сот орындаушысы бірден тіл тартпай, мүрдем кетер еді, он-
дай болса.
Бірақ неге мен?..
Əлде, Аллаһ тағаланың маған берген зор сынағы осы ма
екен?!
Негізі діндəрлардың айтуынша, бізді мектепте дінтану
пəніне оқытты ғой, сондағы ұстаздардың біразы, көгілдір
43
ғаламшарға жұмақтан қуылған Адам атаның ұрпақтары
сынақтан өтуде деген қисынды алдыға тартады. Сынақтың
түрлі болғаны соншалық, адамзат баласы барлығында
да ібілістің жетегінде кетіпті. Əуелі Жер бетінде кешкен
тіршілігінде сан мəрте əзəзілге арбалды десе болады. Бірақ
осы өмірдің тəттілігі, тіршіліктің дүниеуи лəззаты адамды
əр кезде де алдыға ұмтылдырды. Соқыр күйге түсіріп, шы-
найы өмір мен өтпелі шақты айыруға мүмкіндік бермеді.
Бірақ өмірдің осындай сынағы адамды ширатады, жетелей
түседі. Құлшыныс береді. Осының өзін кей діндарлар дұрыс
емес дейді. Мүмкін олардың пікірі мың мəрте рас шығар.
Дегенмен мен Жаратушының адамзатқа берген осындай
жер бетіндегі сынағын сүйем. Бір ғасырлық ғұмырым бол-
са да, өсімдікке жан берген ауа мен суды, топырақты, күн
мен айды қия алмаймын. Сөйтіп, он сегіз мың ғаламды
жаратқан Алланың құзырын шын танып, мойынсұнған
пенделердің арасында жан күйзелтер сынақтың өзінен бас
тартпағандығыммен ерекшеленгім келеді...
Не ойлап кеттім, өзі? Ақылым ауыса бастаған саумын ба,
осы? Жаңа дəрігер салған инеден кейін денем мүлде əлсіреп
кеткендей ме, қалай?! Білмеймін не болғанын. Əйтеуір ауыр-
лап... жоқ, денем жеңілдеген секілді. Тұла бойым шымырлап
барады. Қандай керемет!
Е, Алла! Бергеніңе шүкір! Көрсеткеніңе тəубе! Тек,
біліп əлде білмей жасаған күнəларым болса кешірім ет...
«Халық құдайдан бір жас кіші» деген сөз рас болса, сай
жағалай жиналған ел-жұрттың алдынан қатулана шыққаным
үшін кешіре гөр... Еріксіз алдына салып бұйрықпен апарған
пенделеріңді өзің жазала, Аллам!
...Лəй иллаҺа ил АллаҺ, Мұхаммадун расул, АллаҺ!
44
* * *
Кілкіген сағымдай бұлдыраған сананың иесі жер
бетіндегі ғұмырын жиырма екі жылдан асырып үзді. Бұл
ғаламшарлар шеруінің реттелуіне де куə болған уақыт
Тақсыр үшін қас-қағым сəт қана. Дегенмен оқиғаның
өткеніне де Жер бетілік есеппен бір жыл өтіпті. Осы уақыт
аралығында талай су ақты, біреулер бақилық болды, енді
біреулер бас бостандығынан айырылды... Осындайда пен-
де шіркін, əсіресе адам баласының тəубешілі «барлығына
уақыт емші» деп өткен жылға шүкіршілік қылады.
Шүкір!
2007 ж.
45
СЕРІК ƏБІКЕНҰЛЫ САРЫБАЕВ
1972 жылы бұрынғы Талдықорған облысының Кербұлақ ауда-
ны Малайсары батыр ауылында дүниеге келген. 1996–2001 жылдар
аралығында əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журна-
листика факультетін тəмамдаған. Қазір «31 арна» ТРК-да «Информбю-
ро» жаңалықтар қызметі қазақ редакциясының бас редакторы. «...Кім»,
«Ел сойылы», «Тұжырым» жəне «Тарих безбені» бағдарламаларының
жетекшісі əрі авторы.
ҚАНШЫҚ
– Ақтабан! Ақтабан! Кə-кə!
Етектегі қараша үйден талып жеткен үнді естіген сəтте
шөккен бурадай қос өркеші шошайып тұрған зор төбенің
үстінде созылып жатқан маңғаз төбет орнынан көтеріле бер-
ген. Бірақ тік біткен қос құлағын қайшылаған аққаншыққа
қарады да, қайта басылды. Ылыққан құртқаның соңынан
сүмеңдегеніне екі күн болып қалған иттің қора-қопсыны
күзетіп жүргенде қояншығын қоздыратын жат иіске бойы
үйреніп қалған. Шұнақ құлақ, салпы ауыз, апайтөс төбет
қорадан сəл қашықтау жерден ысқырған суырдың үнін естіп,
ін иіскелеп жүргенде ық жақтағы жыңғылдың арасынан
ағараңдағанды байқаған болатын. Алайда, абалай ұмтылған
алаңғасарлау ит сылаң қағып, жата кеткен қаншықтың ай-
46
ласынан аса алмаған. Оның үстіне қаншықтың жұпары жас
төбеттің есін алып, санасын арбап тастады. Арланы аңшы
қарауылына ілігіп, апаны маңынан басталған қуғыннан əзер
құтылған аққаншық безек қағып, жат өлкеден бір-ақ шығып
еді. Ішінде ойнақтаған жыландары құртқаның да тағылығын
тəубасына түсіріп, суыр індетіп жүрген дəу иттің ырқына
көндіре берген. Содан бері жұптары жазылмады.
– Ақтабан!
«Дəу де болса осы жақтасың-ау» – дегендей алыстау
жатқан төбенің басына шұқшия қараған Əсет бір сəтте
үмітін үзгендей теріс айналып, үйіне беттеді. Ауыз бөлмеде
құнжыңдап, мылтық тазалап отырған Асқарды көрді де,
кідіріп қалды.
– Əлгі төбет əлі жоқ. – Əсеттің үнінде өкініш табы бар.
– Қаңғыбас неме қасқырға жем болған шығар, Əсет аға.
«Жақсы ит өлігін көрсетпейді...»
Сампылдап сөйлей бастаған Асқар өңменінен өткен
оқты көзді көріп, сөзін тыя қойған. Тек Əсет жүзін бұрып
əкетіп, арғы бөлмеге еніп бара жатқанда ғана:
– О несі ей, жаман итті сонша жоқтап, – деп міңгір ете
қалды.
Томсырайған күйі лəм-мим деп жақ ашпаған отағасы
былғары етігін шешіп төрге озды да, төселген көрпеге
шалқасынан жата кетті.
– Дастарханға жақында, шəй дайын.
Ол тек осы кезде ғана есіне əлдене түскендей Нұргүлге
тесіле қарады. Ақ бұғағы менмұндалап тұрған сұңғақ бой-
лы, төсі көйлегін керген, қызыл шырайлы келіншектің
көзі ойнақы. Бұндай сиқырға еркек біткеннің төтеп бере
алмайтыны анық. Төрт жыл бұрын осы сиқыр Əсеттің де
ырқын байлап-матап тастап еді. Жарас қарттың кенже ұлы
47
Алтайдың əскерден келу құрметіне жасаған «вешіріне»
кештеу келген бұл – дастархан басында айдай толықсып
отырған қонақ қызға ə дегенде-ақ құлаған. Сол түні қыз үшін
алғаш рет, оның өзінде ауыл-аймақ түгел ығатын, қаракүш
иесі Жақыппен төбелесіп еді. Борышын өтеп келгеніне
жыл толмаған жігіттің қайраты орасан екенін сол кезде
көпшіліктің байқағаны – бұл үшін тиімді болды. Екі айға
қыдырып келдім деген сұлу қонақты жалғыз иемденіп, тіпті
босаға аттатпай жатып, қойнына еніп үлгерген болатын.
Ə дегендегі салқындықты тəні оттай лаулаған Нұргүлдің
үздіккен үні мен ерке назы ілезде жуып-шайып жіберген.
Осыдан соң жігіт жігері сол құшақтың құрсауынан құтыла
алмады. Бұның үйленбек ойы барын естігенде, қуаныштан
жүрегі жарылардай болған анасы екі-үш күн өтер-өтпестен
дастархан басында бір тосын əңгімені бастап еді.
– Балам, сенің кімге үйленгелі жүргеніңді Қамқа кем-
пірден естідім. – Сүт қатылған шəйді сораптаған қария
ұлының бетіне сынай қарады. – Қуантайдың ол балдызы ту-
ралы жақсы сөз ести қоймадым, құлыным. Қамқа «бұрын
тұрмыста болған екен, жеңіл етек екен» деген сынды біраз
нəрсені қоңырсытып кетті...
Тамағына тас тұрғандай тығылып қалған Əсет:
– Апа, мен оны жақсы көрем, – дегенді əзер айтып тө-
меншіктей берді.
– Е, жарығым, мен сенің жолыңа көлденең жатып ала-
ды деймісің, өздерің жарассаңдар болғаны да. Менікі
бейпілауыздардың айтып жүргенін сен білсін деген ниет
қана ғой... – Анасы осымен əңгіме бітті дегендей шақпақ
қанттың түйірін таңдайына салып, шəйді баппен ішетін
əдетіне басып, кесе ернеуін ерніне апара берген...
Анасы содан көп ұзамады. Келін түсіріп, құйрық-бауыр
48
асағаннан жарты жыл өткенде, бір-екі күн сырқаттанды да
жүріп кетті. Бірақ жас жардың оты да, ауыр қазаның зілі де,
қиын тұрмыстың тауқыметі де Нұргүлдің көзіндегі сиқырды
жоя алмады. Той-томалақ бола қалса, жеңешелеген бозбала-
лар осының маңынан шықпайтын болып алды. Əсет ондай
кезде келіншегін танымай қалатын. Ел арасында пері қызы
жүргендей... Көкейіндегі күдік бұның жеке шаруа болам де-
ген ойын жеделдетіп, алыстағы қыстауға жетелеп əкелген.
Бірақ төрт жылда пұшпағы қанап көрмеген Нұргүлдің жана-
ры əлі құтырып тұр...
Ой құшағында отырып екі-үш шыны шəй ішкен Əсет
өзге мəзірден татып алмады. Бір сəтте кесесін төңкере салды
да, орнынан шапшаң көтеріліп есікке беттеді. Бұл шыққан
кезде даланы қараңғылық тұмшалай бастапты. Қора жақта
мал жайғап жүрген Асқардың сұлбасы мен езуіне қыстырған
темекісінің шоғын байқады. Лықсып келген запыранды əзер
басқан Əсет ышқына айғайлады:
– Ақтабан! Ақтабан! Кə-кə!
Бірақ дəл осы кезде лəззаттың тұңғиығына батқан төбет
иесінің дауысын естіген жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |