4
КІРІСПЕ
1996 жылдан бастап қазақ тілінің жаңа (латын) әліпбиге көшу мәселесі
қозғалып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев алғаш рет бұл туралы 1996 жылы
Халықтар Ассамблеясының ІІІ сессиясында: «Латын қарпіне көшудің өзі
қазақ тілін басқа этностар өкілдерінің игеруіне, Қазақстанның әлемдік
ақпарат кеңістігіне, технологиялық тұрғыдан бейнелеуге, сондай-ақ түркі
тілді дүниемен мәдени тұрғыдан бірігуіне неғұрлым тиімді көмек көрсетер
еді», - деген болатын. Ал 2006 жылы «Бір кездерде туындаған латынға көшу
мәселесіне қайта оралуымыз қажет. Бүгінгі күні коммуникативтік кеңістікте
латын графикасы басымдылық танытып отыр», - дей келе, осы мәселенің
ғылыми жағын зерттеу туралы нақты тапсырма берді. 2013 жылы Қазақстан-
2050» стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз туралы
кесімді сөз айтылды.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру Қазақстан қоғамының әртүрлі
әлеуметтік топтары арасында қарама-қайшы әсер тудыратын, күрделі үрдіс
болып табылады. Осындай қиындықтарына қарамастан, Қазақстан үшін
жазу-сызуды реформалау орта және ұзақ мерзімде оның келешегі пайдалы
әрі нәтижелі болатыны күмән тудырмайды. Себебі 2012 жылдан бері қарай
халық талқысына түскен латын әліпбиін қолдаушылар қатары көбейіп келеді.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру нығайып келе жатқан тәуелсіз
Қазақстанды жаңа заманауи мемлекет ретінде танытудың жолы болмақ.
Бұрынғы кезде қазақ тілінің жазу-сызуын халық сыртқы күштердің, сыртқы
мәдениет пен саясаттың ықпалы арқылы қабылдаған болатын. Қазір қазақ
тілінің жазу формасы үшін латын әліпбиі саналы таңдау түрінде еркін
жүргізіліп отыр.
Латын әліпбиіне көшу – тәуелсіздігімізбен тетелес талқылана дамып
келе жатқан ең өзекті те көкейкесті мәселелердің бірі. Бұған латын әліпбиін
қабылдаған түркітілдес көрші мемлекеттердің ұлттық тілін дамыту әрі
жетілдіру мақсатындағы реформасы да елеулі ықпал еткені сөзсіз. Содан бері
қарай Қазақстанда латын қарпіне ауысу тақырыбы дүркін-дүркін
талқыланып, бірде қызу қолдап, бірде жоққа шығарылып, талай рет «жабулы
қазан күйінде» қалғаны да өтірік емес. Себебі, бастапқы жылдары расында
да кирилл әліпбине үйреніп қалған қазақстандықтардың аса таныс емес
латынға көшуге ешбір ынтасы болмады. Бертін келе, қоғам ағымы өзі-ақ
латын қарпінде тілдесуге, хат алысуға мәжбүрлей түсті. Олай дейтініміз,
халықаралық байланыс еркіндігі, шетелдік білім алу қолжетімділігі
қалыптасты, виртуалды, ғаламтор кеңістігіндегі тілдік қатынасты латын
әріптерімен таңбалау тиімділігі өрши түсті. Заман, өмір талабына сәйкес
ағылшын тілін меңгеруге деген талпыныс арта түсті. Міне, осы
5
факторлардың барлығы 1991 жылы сөз болған латын әліпбиіне көшу
мәселесін жеделдетуге негіз болды.
2012 жылдың соңында жариялаған Елбасымыздың жолдауында 2025
жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек деген
ұсынысы жұртшылыққа әртүрлі серпін бергені рас. Әрине, егде жастағылар
сол сәтте-ақ латын әрпіне көшуге қарсылық білдірді. Ал әлеуметтік желіде
латынша жазып дағдылана бастаған жастар үшін құптарлық жайт болды. Бұл
– заңды құбылыс.
Сонау 1991 жылдан бері зерттеп келе жатқан тілші-ғалымдар үшін
латынға көшудің нақты қадамының белгілі болғаны қуантарлық хабар болды.
Себебі, көпұлтты мемлекетте мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық
тілдің қызметі мен қолданысын жетілдіру, оның құндылығын сақтаудың
бірден бір кепілі - жаңа ұлттық әліпби жасау болатын.
Өздеріңізге белгілі, жолдауда ұсынылған аталмыш мәселеден кейін
«латын әліпбиіне көшеміз бе, көшпейміз бе» деген пікірталастар өрши түсті.
Тіпті кейбір зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері де қарсы болғаны
айдан анық. Елбасына ашық хат жариялағаны да рас.
Дегенмен, тарихи, лингвистикалық тұрғыдан ғылыми талданған
мақалалардың жиі жариялануы латын әліпбиіне көшуіміздің маңыздылығы
мен қажеттілігін түсіндіріп отыратын көмекші құрал ретінде қызмет етті.
Ұлттық бірегейлігі мен ұлттық тілдің мүддесі үшін жасалып жатқан күрделі
реформаны әп-сәтте атқару мүмкін емесі анық. Сондықтан түбегейлі
өзгерісті жасау алдында оның мақсаты мен міндеттерін, қажеттілігін
түсіндіретін насихат жұмыстары жүргізіліп, жұртшылықтың мүдделері
ортақтасуын күтуге Елбасымыз 13 жыл (2012-2025жж) беріп отыр.
Қазақ тілі үшін жаңа әліпби қажеттілігінің ғылыми уәжі
айқындалғаннан кейін, жалпы төл тіліміздің құндылығын жаңғырту,
қолданыс аясын кеңейту мәселелері латын әліпбиіне ауысу кезінде оңтайлы
шешім табатынына сенім ұялағаннан кейін жұртшылықтың көзқарасы өзгере
бастады. БАҚ беттерінде латын әліпбиіне көшуге ниетті тұлғалардың
мақалалары жарқын көрініс таба бастады. Одан кейін, «латынға көшеміз бе,
көшпейміз бе?», «көшсек қалай болады екен?», «көп қиындықтар туындауы
мүмкін, оны қалай шешеміз?», «істі қалай бастау керек?», «алдымен неден
бастау керек?» деген екіұшты ойлардың талқысы туындай бастады. Демек,
латын қарпіне ауысуға деген оң бетбұрыс қалыптасты деген сөз. Ендігі
кезекте ауысу жолдарын анықтау, нақты қай уақытта көшу керек деген
сұрақтардың нүктесін қою қажет болды.
Осы тұста Елбасы 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты қадамдарын
атап өтті. 2017 жылдың соңында латын әліпбиінің шешуші нұсқасы
белгіленуі керек деген тапсырманың өзі жайбарақат жатқан халықты тағы да
бір сілкіп алды. Демек, 2012 жылғы айтылған сөз бекер емес екеніне қоғам
айқын көз жеткізді.
6
Әліпби ауыстырудан ұтатынымыз – ең біріншіден, қазақ тілі емлесінің
таза төл (қазақи) жазылым нормасын қалыпқа келтіреміз. Ал одан кейінгі игі
пайдасы айтылып та жүр. Жаңа әліпбидің үлгісі де бар. Тек бірнеше таңба
нұсқаларының тиімдісін таңдау ғана қалды. Алдағы уақытта тек осы күнге
дейін емлелік ережелерге қарама-қайшылық тудырған әрі қазақ тілінің
типологиялық болмысына сәйкес келе бермейтін кейбір сөздердің жазылуы
мен құрылымдық түрленуінде болатын қателіктерді түзету мәселесі
тұрғысында жұмыс жасалып жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |