82
83
Ізгілік — олжа. Тірлігіңді олжа қыл,
Соңыра ол — жер, киерің, болжағын!
Тыңда, кісі ізгілері не деді:
«Жүрген — тынып, туған ақыр өледі!»
Жалғанға сан жаңылыс ер келді, көр,
Біраз жүріп, ақырында өлді, көр.
235 Бек пе, құл ма, мейлі, жақсы-жаман ба,
Өзі өлді, қалды аты — ізі ғаламда.
Саған тиді енді орынның кезегі,
Жақсы боп өт, жақсылық ет еселі.
Тірі өлер, ақыры жер жастанар,
Жақсы кісі өлсе, жақсы ат қалар.
(Тірі өледі, төсеніп жер — жастығын,
Аты өлмейді, өлсе де өзі жақсының!)
Екі түрлі ат, тілде жүрер, қалғанда:
Бірі — жақсы, бірі — жаман, жалғанда.
Жаман — сөгіс, жақсы мақтау табады,
Байқап қара, көңілің нені қалады!?
240
Жақсы болсаң, атың жақсы мақталар,
Жаман болсаң, ай ер, сөгіп, датталар,
Байқа, Заххақ* сорлы неге сорлады,
Фəридун* жолын қалай қолдап, оңдады?
Бірі ізгі ер еді, оны мақтады,
Бірі зұлым еді, оны даттады.
Жақсылық па, жамандық па қаларың?
Мақтауы ма, сөккені ме аларың?
Не тілейсің, бірін қалап, таңдағын,
Жаман — жақсы болса, өкініп қалмағын.
245
Мұны меңзеп сынаған ер дегені,
Сыншы білер елдің ісін келелі:
«Жақсы атты ер, білсең алғыс алады,
Жаман атты өлсе, қарғыс табады!»
Көп сынадым құлқы жаман зұлымды,
Күнде кейін кетті күші үзілді.
(Көп сынадым, жафашы сұм пендеңді,
Күннен-күнге кері кетіп, жерге енді.)
Талай көрдім бұл жамандар ісінен —
Қайыр көрмес, əй, білімді, түсін, ер!
Жамандық — от, от күйдіріп өтеді,
Жолын бөгер күш жоқ, құл қып кетеді.
250
Қарап тұрсаң, бізден бұрын барғанды:
Қара халық, бек билеген жалғанды.
Қайсыбірі білікті боп толығып,
Өтті заман-дүние ісіне қол ұрып.
Кім білімді болса жаһан бегінен,
Əділ заңды солар түзеп, теліген.
Бұл күнде кім ізгі атанса, жақсы боп,
Солар жүрді жақсылардың басы боп.
Кім дана бек болса, жақын білімге,
Біліктіні жақын тартар түбінде.
255 Қолына алған ісін біліп атқарар,
Білімді істе тұтып, халқын басқарар.
Қара халық байыды, елін түзеді,
Ел баюын — қағидам деп жүреді.
Аты ізгінің өзін сақи атайды,
Сақи өлсе, аты өлмейді, жасайды.
Өлерін біліп, өзі əзірлік етеді,
Тіріде атын хатқа жазып кетеді.
Кім оқыса, білер бүгін оларды,
Мінəжат қып, жақсы өнеге алар-ды.
260 Білімнен əзіз не бар дейсің жаһанда,
«Білімсіз, надан!» десе, қорлық адамға!
Не дер екен, тыңда, білімді адамды,
Жасы жеткен, сынап көрген ғаламды:
«Білімсізге төрден орын болса, көр,
Төр — босаға, ал босаға болды төр!
84
85
Орын тисе данаға есік көзінен,
Есік — биік төр-тағыңның өзінен!
Күллі құрмет білімдіге тиесі,
Мейлі, ол — төр, мейлі, есіктің иесі!»
265 Кісі асылы екі түрлі, қараңыз,
Бірі — бек те, ірі — ел басы, данаңыз.
Басқалардың барлығы бір малға тең,
Қаласаң оны, мұны ұста қолға сен!
Қайсысысың, енді маған айтқайсың,
Екінің бірі, үшіншіден қашқайсың.
Қылыш алсаң — ел, жорықты түзерсің,
Қалам алсаң — жөн-жосықты сүзерсің*.
Ізгі жарғы қалып келді олардан,
Мирас етсе, кісі өрлеп, оңалған.
270 Сөз, өсиет — мұра өліден тіріге,
Мирас тұтса, пайда өзіне, діліне!
Рас, надан соқырмен тең бүгілген,
Ай, қараңғы! Үлес алғын білімнен!
Кісі көркі — сөз, бұл сөздің көп түрі,
Ізгі сөзді ерді мақтап, жорт тілім.
Мысал келді, мұны меңзер, түркіше,
Соны қосып түймесем, сөз түрліше:
«Ақыл көркі — тіл, тілдің көркі — сөз,
Кісі көркі — жүз, жүздің көркі — көз!»
275
Тілмен адам өң береді сөзіне,
Жақсы сөзбен нұр береді өңіне!
(Адам сөйлер тілімен өз сөздерін,
Жақсы сөзден нұр жуады өңдерін.)
Назар салсаң, бұл түркінің бектері,
Жаһанның өз бектері, асыл тектері.
Түркі бектері ішінде атын асырған,
Алып Тоңға Ер* еді, құты тасыған.
Білімі — ұлы, артық қадір бағасы,
Білімді, ойлы əрі халық сарасы.
Зерек, дана көңілі сара, сері еді,
Жұтты жалған елге тұтқа ер еді!
280 Тəжіктер оны Афрасиаб атапты,
Ол елдерді талап, тұтып, тапапты.
Қажет шексіз білім, ақыл, даналық,
Қолға алуға дүниені қаратып,
Тəжіктер де хатқа мұны түсірген,
Кітапта жоқ болса кімдер түсінген!?
Жақсы айтыпты хас батыр, ер кешегі:
«Тас түйінді азулы ерлер шешеді!»
Өнер керек жапанды ұстап, ұғуға,
Гүр арыстан керек құлан қууға.
(Даңқ, қуат керек əлем жаулауға,
Гүр арыстан керек құлан аулауға!)
285 Жиһангерге қасиет керек мың, түмəн,
Сүйенсе оған, білмейді елі мұң, күмəн.
Жаудың бойын қылышымен бұқтырып,
Түзесе елін əділ заңмен ұқтырып!
Достарыңызбен бөлісу: