3.Проблемалық оқыту Заманауи білімдендірудің мақсаты мамандарды шығармашылыққа дайындау екені даусыз. Шығармашылық дегеніміз жаңалықты (жаңа нысана, жаңа білім, жаңа проблема, жаңа әдіс) ашу. Осыған орай, проблемалық оқытудың өзі де шығармашыл процесс: бейқалыпты ғылыми-оқу мәселені бейқалыпты әдістермен шешу. Соңғы кезде кең тараған оқу түрінің мәні: мұғалім жаңа білімді дайын түрде баяндамай, оқушылардың алдына проблемалық сұрақтарды қойып, оларды шешудің жолдары мен тәсілдерін іздеуге бейімдейді.
Аталмыш оқыту жаңадан ғана пайда болған жоқ. Кезінде бұған өз үлесін қосқан педагог-ғалымдар: Сократ, Руссо, Дистервег, Ушинский. Мысалы, Дистервегтің дәлелдеуінше, "жаман ұстаз ақиқатты айта салады, жақсы ұстаз оны іздеп табуды үйретеді”.
Проблемалық оқытуды ойдағыдай іске асыру үшін шәкірттерге ұсынатын проблемалық сұрақтар жүйесін жасап шығу қажет. Ескеретін жайт: кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді. Проблемалы сұрақтың жауабы дайын болмайды, оны оқушы міндетті түрде өзі іздеуі шарт. Ол сұрақ баланың сана-сезімінде қиындық туғызуы қажет. Оқушы іштей түйсінген ойлау қиыншылығы проблемалық жағдаят деп аталады. Проблемалық сұрақ, бір жағынан, қиын болуы, екінші жағынан, оқушының шамасына лайық болуы керек. Осындай проблемалық жағдаят туғызу, проблемалық сұрақ қою – проблемалық оқытудың алғашқы кезеңі.
Келесі кезеңінде бала іштей өз білімін талдап, таңдап, олардың жауап алуға жеткіліксіз екенін анықтайды да ізденіс жолына белсенділікпен түседі. Үшінші кезеңде ол сұрақтың жауабын дұрыс шеше білу амалдарын, жаңа білімді меңгереді. "Мен білдім!” деген қуанышты жағдайға жетеді. Кейінгі кезеңдерде дұрыс жауапты тексереді, алғашқы гипотезамен салыстырады, алынған білім мен білікті қорытындылайды, жинақтайды.
Мұғалім проблемалы оқытудың барысында оқушы ойына, пікір қайшылқтарына дұрыс бағдар жасай отыра, жауап табу әдістерін үйретеді. Әдетте, оқытудың бұл түрі жаңа оқу материалын түсіндіру кезеңінде қолданылады. Сонымен, проблемалы оқытудың ерекшелігі: оқушыға дайын білім берілмей, одан проблемаларды ізденіс арқылы шешу талап етіледі.
Оқыту процесінің жалпы заңдылықтары
Оқыту процесінің жалпы заңдылықтары:
Оқытудың мақсаттары, мазмұны, сапасы мен әдіс-тәсілдері қоғам талабына, мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымының даму деңгейіне тәуелді.
Білім беру, тәрбиелеу және дамыту өзара байланысты.
Оқушының таным белсенділігі артқан сайын, оқыту сапасы жоғарылайды.
Оқытудың тиімділігі кері байланысқа, қайталауға, түзету іс-әрекеттеріне тәуелді.
Әрбір тұлғаның жас және дара ерекшеліктеріне байланысты таным әрекетін ұйымдастыру.
Оқытудың мақсаттары, мазмұны, сапасы мен әдіс-тәсілдерінің өзгеріп, жаңарып, толықтырылуы.
Жеке заңдылықтарға дидактикалық, психологиялық, ұйымдастыру заңдылықтары жатады. Оқытудың негізгі заңдары:
Қоғамдық қатынастар, әлеуметтік құрылыс пен әлеуметтік тапсырыс тәрбие мен оқыту жүйесін қалып-тастыруға ықпал етуі туралы заң.
Білім алу, іс-әрекет жолдарын меңгеру және тұлғалық дамудың өзара байланысы туралы
заң.
Педагогикалық процестің бөліктерінің бірлігі және біртұтастығы туралы заң.
Оқытуда теория мен тәжірибе бірлігі және өзара байланысы туралы заң.
- Оқу іс-әрекетінің жеке және ұжымдық түрлерінің бірлігі және өзара байланысы туралы заң. Заңдылықтар мен заңдар ғылыми теорияның негізгі бөліктері болып келеді. Кейбір
зерттеушілер педагогиканың өз заңдылықтары мен заңдары жоқ, сондықтан ол ғылым емес деген пікірді білдіреді. Жоғарыда аталған педаго-гикалық заңдылықтар мен заңдар теріс пікірлерді жоққа шығарады.