Педагогика тарихы


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ



бет79/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   113
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар



  1. Таным тармақтары (қытай тарихшыларының көне тарихымыз туралы пайымдаулары) (құраст. Қ.Салғарин) – Алматы: “Санат”, 1998 ж.

  2. Н.Мыңжан Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы: “Жалын” 1994 ж.

  3. М.Мағауин Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: “Қазақстан”, 1995 ж.

  4. Қ.Салғарин Династия ханов. – Алматы: “Жалын”, 1991 ж.

  5. Из истории казахов. – Алматы: ТОО “Жалын”, 1999 г.

  6. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: “Санат”, 1995 ж..

  7. С.Қалиев ХҮ–ХІХ ғ.ғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар. – Алматы: “Рауан”, 1990 ж..

  8. М.Мұқанов Қазақ жерінің тарихы. А., “Қазақстан” 1994 ж.

  9. Қазақтың көне тарихы. – Алматы: “Жалын”, 1993 ж..

  10. Заһир ал-дин Мұхаммед Бабыр Бабырнама. – Алматы: Жалын, 1990 ж.

  11. Қадырғали Жалаири Шежірелер жинағы. – Алматы: Жалын, 1990 ж.

  12. Ө.Тілеуқабылұлы Шипагерлік баян. – Алматы: “Жалын”, 1996 ж.

  13. Мұхаммед Хайдар Дулати Тарих-и Рашиди. – Алматы: “Туран”, 2003 ж.

  14. Марғұлан Ә. Мұхаммед Хайдар Дулати. Кітапта: Великие ученые Средней Азии и Казахстана (ІX-XІX вв.) – Алматы, 1964 ж.

  15. Әлсатов Т.М. Қазақ хандығы тұсындағы тәлімдік ойлардың дамуы. (XV-XVІІІ ғғ.) – Алматы: “Ғылым”, 1999 ж.

18. ХVІІІ ғ. екінші жартысы мен ХІХ ғ. аяғына дейінгі Қазақстандағы саяси- әлеуметтік жағдайлар және қазақ демократ ағартушыларының педагогикалық ой-пікірлері

ХVІІІ ғ. бірінші жартысының аяқ кезінде Қазақстанның саяси-әлеуметтік хал-ахуалы біртабан шиеленісе түсті. Бұл кезде батыста Орыс мемлекетінің, шығыста Қытай, ал оңтүстікте Хиуа, Бұхар хандықтарының Қазақстанға көз алартуы күшейе бастаған-ды. Қазақ елі енді өз алдына тәуелсіз хандық мемлекет болып өмір сүре алмайтынын сезгендіктен амалсыз 1731 ж. Кіші жүз қазақтары Әбілхайыр хан бастаған сұлтандардың өтінішімен патшалы Ресейдің қол астына бағынуға ант берді. Ал Орта жүз қазақтары ХVІІІ ғ. екінші жартысы мен ХІХ ғ. 30-40 жылдары аралығында, Ұлы жүз қазақтары 1818-1860 ж.ж. аралығында Ресей патшасының қол астына біртіндеп бағынған болатын.


Қазақ даласының патшалы Ресейге бағынуы еңбекші халыққа ауыртпалық туғызды. Олар жергілікті сұлтандарға алым-салықты бір есе төлесе, патша әкімдеріне де көп салық төлеуге мәжбүр болды.
Екі бірдей қысымға шыдай алмаған халықтың әр жерде наразылықтары туа бастады. 1785-1786 ж.ж. Орал-Жайық бойында Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс бас көтерді. Көтерілісшілер Нұралы ханды тақтан тайдыруды талап етті.
Патша өкіметі халықты алдаусыратып, “Хан кеңесін құру жөнінде және оған әр ру басшыларын енгізу туралы” жарлық шығарды. 1797 ж. тамызда Хан кеңесі өткізіліп, оған мыңға тарта отрядымен шаруалар көтерілісінің басшысы Сырым Датов та қатынасты. Сырым “Хан кеңесіне” мүше болып сайланды. Сырым Датов бастаған 14 жылға (1783-1797) созылған көтеріліс нәтижесіз аяқталды. Алайда бұл көтеріліс хан өкіметінің негізін шайқалтты, оның беделін түсірді, ал патша өкіметін айлакерлік саясатқа көшуге мәжбүр етті. Көтерілістің стихиялық сипатына қарамастан, ұлт-азаттық сипаты, прогресшіл маңызы да болды. Кіші жүз қазақтары бұдан кейін де патшаның жергілікті әкімшіліктеріне қарсы күресті тоқтатпады. Мәселен, 1834-37 жж. Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі, 1825-1834 жж. Орта жүздегі Есенкелді-Саржан бастаған, кейін 1836-1847 жж. арасындағы Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтерілістері патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауға деген қарсылықтарынан туған еді.
Патша өкіметі қазақ даласындағы өз үстемдігін баянды ету үшін 1822 ж. “Сібір қазақтарын билеудің жаңа уставын” бекітті. Ол устав бойынша хандық үкімет мүлде жойылып, ел басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі. 50-70 үй бір әкімшілік ауыл болып, оны басқару старшиндерге жүктелді. 10-12 ауыл бір болысқа бірігіп, оны болыс басқаратын болды. Старшиндер мен болыстар үш жыл мерзімге сайланып қойылды. 15-20 болыс бір округке біріктірілді, округті округтік приказ басқарды. Оның председателі аға сұлтан деп аталды, оның төрт орынбасары (заседательдер) болды. Оның екеуі губернатор тағайындайтын орыс чиновниктері (майор) болды, ал екі заседатель – “құрметті қазақтардан” сайланып қойылды. Бұл сайланғандарды патша өкіметінің әкімшілік орындары бекітті. Сөйтіп, Орталық Қазақстанның өзінде ғана 8 округ: Қарқаралы және Құшмұрын (1824), Аякөз (1831), Ақмола (1832), Аманқарағай (1832), Баянауыл (1833), Yшбұлақ (1833), Көкпекті (1844) округтері құрылды..
Қазақ даласында ел билеу жүйесін берік ұстау үшін ХVІІІ ғ. бастап ірі елді пункттерде орыс-казак станицалары салына бастады. Округтік приказдардың ұйымдастырылуына байланысты Қазақстанда жаңа қалалар орнады. Аякөз (Сергиополь – 1831). Көкшетау (1824), Қарқаралы (1824), Атбасар (1848) т.б. қалалар пайда болды. Оның үстіне 1861 ж. Столыпин реформасымен байланысты Украина мен Орталық Ресейеден 180 мың жерсіз шаруалар Қазақстанға көшіріліп, өзен-сулы, таулы-нұрлы, орман-тоғайлы шұрайлы жерлерге орналастырылды. Жергілікті халық сусыз, шөлейт далаларға ығыстырылды.
Переселендердің егініне, бау-бақшасына қазақтардың малы түссе, ақшадай үлкен айып салып, малдарын бермей қоятын болды. Осымен байланысты орыс переселендері мен қазақ ауылдары арасында жиі қақтығыстар болып тұрды. Орыс патшасының осы отарлау саясатын көріп шошынған ақын Мұрат Мөңкеұлы “Yш қиян” атты дастанында:
Еділді алды, елді алды.
Жайықты алды, жерді алды.
Енді алмаған нең қалды! – деп торықты.
Қалалардың салынуы, өндіріс орындарының (мәселен тұз өндіру, балық өңдеу, сыра қайнату, май шайқау зауыттары салынды) ашылуы сауда-саттықтың күшеюін туғызды. Қазақтар мал мен мал шаруашылығының шикізаттарын (жүнін, терісін, сүті мен майын) айырбастап, Ресейден әкелінген егістік өнімдерін, қолөнері және фабрикалық бұйымдарды алып тұрды. ХІХ ғ. бірінші жартысында Қазақстаннан жылына орта есеппен 3-3,5 миллион сомның малы сатылып отырды. Әсіресе алыпсатарлар тауарды ақшаға алып, оны ауылда тоқты-торымға, немесе келесі жылғы бұзауға қарыз беріп, халықтың қолындағы малын тегіннің аз-ақ алдында алып тонауға кірісті. Қазақ даласына ақша капиталының енуін, сауда-саттықтың күшеюін, адамдардың пиғылының ақшаға ауып, қайыр-садақа беру, имандылық, кішіпейілділік пен мейірімділік, қадір-қасиеттің азаюын, патша өкіметінің отарлау саясаты кезіндегі ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен парақорлық, зорлық-зомбылықтың күн сайын күшейіп бара жатқанын көзімен көріп жаны ауырған Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты “Зар заман” ақындары “заманның азуы, ақсақалдық тәртіптің ыдырауы” деп жаңалыққа тосырқай қарады. “Сары орыстың бәрі орыс – кәпірлер билеген заман” деп түңілді. Осы тығырықтан шығудың жолын көрсете білген ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ даласынан шыққан прогресшіл-демократияшыл Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Ахмет сияқты ағартушы ойшылдар болды. Олар орыстың Н.Г.Чернышевский, В.Г.Белинский, Н.А.Некрасов, Н.Г.Герцен, Добролюбов сияқты демократ ұлдарының еңбектерін оқып-танысып, олардың халықшылдық идеяларынан қуат алды. Қараңғы қазақ елінің бақытқа жету жолы тек оқу-ағарту ісімен байланысты деп түсінді.
Қазақтың ұлы педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өзінің “Өнер-білім бар жұрттар” деген өлеңінде тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған, теңізде кеме жүздірген, өнер мен техниканы еркін меңгерген батыс, орыс халықтарының өнері мен ғылым-білімін үйрену керек деп қарады. Ал ұлы ойшыл ақын Абай өзінің өлеңдері мен философиялық қара сөздерінде “Өнер-білім орыста тұр. Орыстың тілі, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі” деп насихат айтты. Салтыков-Щедрин, Лев Николаевич Толстой сияқты орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымынан үйренуге шақырды. Ал Омбының кадет корпусында оқып орыс мәдениетімен тереңірек танысқан Шоқан Уәлиханов “Біздің келешегіміз орыс халқымен тығыз байланысты” деп есептеді.

Шоқан Уәлихановтың ағартушылық-халықшылдық көзқарасы (1835–1865). Қазақ топырағында ағартушылық-халықшылдық идеяның туын алғаш көтерген, қазақтың ұлттық мәдениетін орыс, батыс ғалымдарына танытуға ерекше еңбек сіңірген ғалым Шоқан Уәлиханов болады.


Ол өзін терең тарихшы, ерінбес этнограф, батыл саяхатшы, талмас географ, білгір әдебиетші, шебер суретші, жалынды публицист, нәзік психолог, тәлімгер ұстаз ретінде көрсете білді. Небәрі отыз-ақ жыл өмір сүрген Шоқан аз өмірінің ішінде бүкіл әлем ғылымдарының көптеген салаларын терең меңгеріп, шығыс елдері мәдениетін зерттеуде ондаған аса құнды еңбектер қалдырып кетті.
Шоқанның шығыс елдерінің ауыз әдебиеті үлгілерін жастайынан көп білуге, біріншіден, оның өскен ортасы: әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыс әсер етсе, екіншіден, Шыңғыс ауылдары қазақтың әнші-күйші, сал-сері, өлеңші-жыршы, ақындары жиі-жиі жиналып, өнер сайысына түсетін ортасы болды. Шоқан тіпті Омбыдағы кадет корпусында оқып, еуропаша білім алып жүрген кездің өзінде де қазақ-қырғыз елінің әдебиеті мен мәдениетінен қол үзбеді. Оған себеп, сол кездегі Батыс-Сібір губернаторының орталығы Омбы қаласында қазақ-қырғыз сұлтандарына арналып салынған қонақүйдің болуы, қазақтың болыс-сұлтандары жандарына ақын, әнші, күйші, сазгер өнер адамдарын ерте келіп, Омбыдағы қонақүйде жиі өнер сайысын ұйымдастыруы, Шоқанның өзінің орыс достарын осы жиынға алып барып, қазақ өнерін тамашалауы болды. Оның үстіне, патша үкіметінен қуғын көрген, орыстың демократ-интеллигенттер тобының саяси сенімсіздігі үшін Сібірге жер аударылып Омбыға жиналуы, солардың ішінде жан-жақты білімді, озық ойлы Иван Васильевич Ждан-Пушкин, Николай Федорович Костылецкий, Александр Андреевич Сотников, Василий Петрович Лобадевский, т.б. Шоқанға сабақ беруі, ал оның өз достары Н.Г.Потанин, С.Ф.Дуров, Ф.М.Достоевский, А.Н.Майков сияқты ақын-жазушылардың, этнограф, фольклорист ғалымдардың болуы келешек ғалым Шоқанның Батыс, Шығыс елдерінің әдебиеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен тұрмыс тіршілігін, діні мен тілін терең зерттеуге әсер етті.
Ш.Уәлиханов Шығысты зерттеуші ұлы саяхатшы П.П.Семенов - Тянь-Шанскийдің нұсқауымен Батыс – Сібір генерал губернаторы Госфорттың тапсырмасы бойынша 1856-1857 жылдары Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың, Қытайдың Жоңғария даласына бару сапарында ол шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген халықтарының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін, фольклорлық шығармаларының шығу тарихы мен ерекшеліктерін зерттеуге арнап, “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы записка”, “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздың Манас жыры туралы”, “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары”, “Абылай”, “Ұлы жүз қазақтары туралы”, т.б. деген еңбектерін жазды.
Шоқанның алдына қойған басты мақсаттарының бірі – өз халқының өмірін жете зерттеп, кең даласы мен дархан халқын, өзіндік көне мәдениетін берісі орыс, әрісі еуропа жұртына таныстыру еді.
Шоқан өз халқының ар-намысын қызғыштай қорғап, қазақ халқын “тағы халық” деп қарау мүлде қате, теріс түсінік дей келіп, өз халқының тарихын мәдениеті ерте танылған елдермен сабақтастыра зерттейді. “Біздің халықтың бай және поэзиялық құны жоғары, реалистік әдебиеті бар. Ол шығыстың эпосына емес, индогермандық эпосқа ұқсайды…”. Қазақтар да бәдәуилер сияқты жаратылысынан өлеңші және ақын” дейді.
Шоқан өзінің “Сібір қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы” деген еңбегінде Ресейде тіршілік ететін тілі, діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі басқа бірнеше ұлттар мен ұлыстардың тұратынын, оларды билеу жөнінде заң жобасын жасау үшін Джон Миль айтқан “Әр сословиедегі адамдардың ақыл-ой, адамгершілік және саяси саналары туралы дәлме-дәл ғылыми зерттеулер жүргізіп алу керектігін қостай келе, ел билейтін әкімдердің, әсіресе басқа ұлт өкілдерінің, сол халықтың тарихын, салт-дәстүрлерін, психологиялық ерекшеліктерін жақсы білмей тұрып билік айтуы аса қиындық келтіреді” деді. Шоқан қазақтар арасындағы дау-жанжалдарды өз араларынан белгіленіп қойылған, сол ұлттың салт-дәстүрін, ел билеу заң жобаларын жақсы білетін билерге шешкізу керек, тек кісі өлтіру, ел тонау сияқты өрескел қылмыстарды ғана округтік ресми сотқа қарату керек дейді.
Ол қазақ әкімдерін жоғарыдан тағайындау арқылы емес, халықтың өзі сайлап қоюы керек, тек сөйтсек қана әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі күшейеді деп қарады.
Оның шығыс халықтарының әдебиеті мен мәдениеті, тілі мен діні, наным-сенімдері туралы тебірене жазған еңбегінің бірі —“Жоңғария очеркі”.
Ол Орталық Азия елдерінің бұрын шығыстағы ең мәдениетті, ең бай ел болғанын, ал бүгінде сопылық пен тағылық үстемдік құрғандығын, соның салдарынан бір кездегі бүкіл әлемге әйгілі болған Самарқан мен Ташкент, Ферғанадағы кітапханалар, обсерваториялар мен архитектуралық көне ескерткіштердің тозып, мүжіліп, олардың мұнаралары ғана қалғанын қынжыла сөз етеді.
Шоқан өзінің осы еңбегінде ұйғыр, қытай, дүнген, қазақ, қырғыз жұрттарының салт-дәстүріне, мәдени ескерткіштері мен діни көзқарастарына тоқталады.
Шоқан қырғыз жұртының Ыстықкөл маңына қашан, қалай келгенін, олардың арғы тегінің (XІV-ХVғғ.) Енисей (Енесай) өзені бойында болғанын, буряттармен қаны бір бауыр, тілі ұқсас туыс екенін айта келеді де, олардың моңғол-қалмақ жұртымен соғысып қуғынға ұшырағаннан кейін, үш мың шамасындағы отбасының XІV ғасырдың басында Алатаудың күңгей беті мен Ыстықкөл бойына ауып келіп орналасқанын, жергілікті түркі тайпаларымен қан араласуынан қырғыз халқының пайда болғанын сөз етеді.
Шоқан 1858 ж. Қашқарияға бару сапарында Ыстықкөл бойындағы қырғыз ағайындарының ауылдарын аралай жүріп, “Манас” жырының “Көкетайдың асы” деген бөлімін жазып алып, орысшаға аударып, Еуропа ғалымдарына ұсынуды мақсат еткенін айтады. Шоқан: “Манас” жырында қырғыздардың тұрмыс қалпы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, географиясы, түсініктері, тіпті олардың халықаралық қатынастары баяндалған” деп аса жоғары баға берген. Сөйтіп, “Манас” жырына терең талдау жасай келеді де, “Алтынорда дәуірінің батырлары Едіге, Еркөкше, Орақ сияқты казақ батырларының аттарының да бұл жырда кездесетінін айтады. Бұлар тарихта болған адамдар. Едіге Темірланның генералдарының бірі, Алтынорданың әскербасы. Ал Орақ пен Мамай Едігенің ұрпағы деген сияқты көптеген тарихи мәліметтердің бетін аша келіп, Шоқан қазақ, өзбек, қырғыз жұрттарының аңыз-әңгіме, ертегі-дастандарындағы ұқсастықты тұрмыс-тіршілік, кәсіби ұқсастығынан іздестіреді. Солтүстік Азия мен Орта Азияның көшпелі халықтарының ерекше бір ортақ қасиеттеріне негіздей отырып, олардың түп атасы — түрік дегенге келтіреді.
Шоқан өзінің “Шаман дінінің қазақтар арасындағы қалдықтары” атты еңбегінде қазақтар мен қырғыз жұртының арасында шаман дінінің ұзақ уақыт бойы ислам дінімен қатар өмір сүріп келе жатқанын, тіпті бұл жұрттардың дінге деген сенімінің онша күшті емес екендігіне назар аударады. Шоқан шаман дінін ұстаушылар табиғатқа табынғанды жақсы көрген дейді.
Ауруларды бақсы-балгерлердің отпен емдеуін, қазақтардың оларды сәуегей, емші, музыкант, әулие деп қарағанын, моңғол тілінде шаман “ұстаз” деген сөз екенін, ал ұйғырларда сауатты адамды “бақшы”, түрікмендерде ақын-жыршыларды “бақшы” деп атағанын айта келіп, Қорқыт пен Көрұғлылар осы шамандардың мұсылмандар арасындағы өкілі болған деген қорытынды жасайды.
Сондай-ақ, бақсылар аурулардың иесі болады деп қараған, оны ұшықтау, қағу (суық су бүрку, малдың өкпесімен қағу т.б.) арқылы емдегенін, ал малға топалаң, қарасан, т.б. жұқпалы індет келсе отқа табыну, отпен аластау арқылы тыймақ болғанын, отқа түкіруге, онан аттауға, басуға болмайды деп қарап, оттың киесінен қорқатынын, қылмысты істерден адалдығына сендіру үшін “оттың киесі соқсын” деп қарғанатынын, өлген адамның үйінде жеті түн май шамнан шырақ жағып қоятын ырымдардың бәрі шаман дінінің қазақ арасындағы қалдығы екенін баса айтады.
Шоқан осы мақаласында шаман дінінің түсінігі бойынша, ырымдар мен әдеттер жамандықтан, бақытсыздықтан сақтайды деп қарағанын, ал қазақтар арасында осындай ырымдардың көптігін сөз етеді.
Шоқан әр заттың, кейбір хайуанаттардың киесі бар деп санайтынын, қазақтардың үйге жылан кірсе, ақ құйып шығаруын, жас баланың бесігіне қасқырдың немесе бүркіттің тұяғын, үкінің қанатын іліп қоюы, жастығының астына айна, тарақ жастауы т.б. ырымдардың сол затты киелі деп қараудан туған дейді.
Шоқан Петербургтегі орыс география қоғамының шақыруымен 1860 ж. ақпанында Петербургке келіп, 1861 ж. мамырға дейін бір жылдан астам сонда болып, Қашғария сапары жөнінде Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде есеп береді. Өзінің бұрынғы Омбыда кездескен орыс достарымен және осы сапарында Н.Г.Чернышевский, И.С.Тургенев, Т.Г.Шевченколармен кездесіп пікірлеседі. Шоқанды Қашқария сапарының қорытындысы бойынша Александр ІІ патша арнайы қабылдап, “Әулие Владимир” орденімен марапаттап, штабс-ротмистерлік әскери атақ және ақшалай сыйлық береді.
Шоқан мемлекеттік жауапты істермен айналыса жүріп, халықты оқу-ағарту ісіне шақыруды үнемі есінде берік сақтаған. Халықтың келешегі тек оқу-ағарту, мәдениет ісімен байланысты деп қараған. Шоқан 1862 жылы өзінің досы Ф.М.Достоевскийге жазған бір хатында Атбасар округіне ағасұлтан болуға талпынғанын, өкімет қаржысымен орыс-қазақ мектептерін ашып, балаларды тегін оқытпақ болғанын білдіреді. Шоқан әдебиетші, тарихшы, фольклор зерттеуші, саяхатшы ғалым болуымен бірге сурет, бейнелеу өнерімен де айналысқан. “Ыстықкөл сапарының күнделігінде” жол сапардан алған әсерлерін баяндаумен бірге түрлі түсті қарындашпен, қаламұшпен салған суреттерін Ресей сурет академиясының президенті Ф.П.Толстойға табыс етіп, үлкен баға алған.
Шоқан қазақтың музыка мәдениетін де зерттеп, келелі пікір білдірді. Шоқанның 1855-1856 жылдары жазған “Қазақ халқы поэзиясының формалары” атты еңбегінде “Ер Көкше, Ер Қосай” мен “Орақ батыр” жырларынан мысалдар келтіре отырып, жырдың жалпы сипаттамасын қара сөзбен әңгімелей келіп, бас кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен ой-пікірін суреттеу өлеңдері қобызбен сүйемелдеп, әнмен айтылған деп жіктей келіп, қобыздың түркі елдерінің көне аспабы екенін, оның ойнауы өте күрделі, үні тартымды да әсерлі деп жоғары бағалайды.
Шоқан өмірінің соңында (1864 ж. шамасында) Черняевтың армиясымен Әулиеата бойында болып, айдауда жүрген атақты әнші-композитор Жаяу Мұсамен танысып достасады.
Оның өз замандастары Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Тәттімбет, т.б. өнер адамдарымен қарым-қатынаста болуы тарихи шындық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет