Педагогика тарихы



бет66/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Жаңашыл педагогтардың ғылыми-теориялық және әдістемелік ізденісі. Теория мен практиканы өзара кіріктіре отырып жүргізуде жаңашыл мұғалімдер Ш.А.Амонашивили, В.Ф.Шаталов, С.Н.Лысенкова, И.П.Волков, И.П.Иванов, т.б. іргелі педагогикалық мәселелерді шеше білді.
Ш.А.Амонашивили мектеп практикасында алты жасар балалармен жұмыс істеудің мазмұны мен ұстанымдарын ғылыми негіздеп тексерді. “Мектепке алты жастан“ атты еңбегінде алты жасар баланың бойында болатын қасиеттерді саралап көрсетті. Ол алты жасар балалармен қарым-қатынаста төмендегі қасиеттер негізге алынуы керектігіне тоқталады:
“Біріншіден, біз мейірбанды болуға тиіспіз, балаларды қаз қалпында сүюге тиіспіз, шолжаңды да, тіл алғышты да, ақылдыны да, миғұланы да, жалқауды да, ынталыны да бірдей жақсы көруіміз керек.
Екіншіден, біздер балаларды түсіне білуіміз керек. Бала кішкентай болғанымен, оның ісі мен қарекеті үлкен. … Балаларды түсіну дегеніміз – олардың позициясында тұру, олардың сезімін қадірлеу, қам-қарекеті мен ісін елеу, олармен санасу деген сөз. Баланың көңіл-құбылысы мен жүрек тебіренісін, оның сезімі мен талпынысын түсіне отырып қана әр баланың өміріне ең жақын адамыңдай қоян-қолтық араласа отырып, педагог баянды тәрбиеге қол жеткізе алады.
Үшіншіден, педагогиканың, тәрбиенің жасампаз күшіне сенуіміз керек.
Төртіншіден, біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды қалыптастыруға міндеттіміз“.
Ш.Амонашивили мектептің міндеті білім беру арқылы тәрбиелей отырып, балаларды бұрынғы және қазіргі ұрпақтардың материалдық және рухани байлықтарымен таныстыру деп санайды.
Т.И.Гончарованың әдістемесі тарихи материалдар негізінде жастардың өзін-өзі және бүгінгі күнді танып-білуіне көмектесу мәселесін көтереді. “Тарих тағылымы - өмір сабағы“ атты еңбегінде: “Нағыз сабақ – дегеніміз мұғалім мен оқушылардың ақиқатты бірлесе іздестіруі, ойлау мәдениетінің лабораториясы. Бұл жоқ жерде көңілсіздік, селсоқтық, рухани жұтаңдық орын алады…”
Ғалымның алдына қойған негізгі мақсаты – жеке адамды қалыптастыру. Ол: “Жеке адам болу дегеніміз өзін адамзаттың адамы ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасына, күнделікті тұрмысқа енгізу деген сөз. Жеке адам – болмыстың жаңа формасын жасау жөніндегі өз халқының жасампаз істеріне, бұқараның шығармашылығына белсенді және саналы түрде қатысатын, қоғамға пайдалы болуға деген ішкі қажеттілікті сезінетін адам“, - дейді.
В.Ф.Шаталов педагогикадағы ең қиын міндеттердің бірін - әр оқушыны күнделікті қажырлы ой еңбегіне қатыстыру, жеке бастың сапасы ретінде танымдық дербестікті тәрбиелеу, әр оқушының өзіндік адамгершілік сезімін, өзінің күш жігері мен қабілетіне деген сенімділігін нығайту мәселелерін ойдағыдай шешу жолдарын ұсынды.
С.Н.Лысенкова балаларды оқытудың, оқу-таным қызметін өздігінен реттеудің тәсілдерін ұсынумен бірге төменгі сынып оқушыларының оқу әрекетін басқарудың пәрменді жүйесін жасады.
И.П.Волков төменгі сынып оқушыларымен шығармашылық сабақтарды өткізу барысында оқу материалдарының мазмұны мен оқу процесінің құрылымы айырықша көңіл бөлуді талап етеді, оқу үрдісін оқу мазмұнына сай құра білу балалардың талабы мен қабілетін анықтап, мақсатты түрде дамытуға көмектеседі, әр істегі шығармашылықтың алғы шарты болып табылатын сапаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді дегенді айтады.
И.П.Ивановтың ұжымдық шығармашылық тәрбие әдістемесі А.С.Макаренконың идеяларын қазіргі жағдайларға сай дамытып, ұжымшылдықты қалыптастырудың, сол кездегі пионер және комсомол ұйымдарындағы оқушылардың өмірін жетілдірудің, балалардың қоғамдық игілікке деген жекелей және ұжымдық қамқорлықтарын арттырудың жолдарын көрсетеді.
“Ұжымшылдары тәрбиелеу“ атты еңбегінде Иванов кеңестік дәуірдегі ұжымшылдық - өскелең ұрпақтарды қоғам талаптарына және оның мүдделерімен өмір сүруге тәрбиелеу – мектептің аса маңызды міндеті болғанын, әрбір ұстаз тәрбие беретін ұжымды құрудың және оны нығайтудың мейлінше тиімді жолдары мен құралдарын шығармашылықпен іздестіруге шабыттандыратын ой-пікірдің сарқылмас қайнар көзі деп бағалайды.
Қорыта айтқанда білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру бағытындағы педагогтардың шығармашылық ізденістері дидактиканы теориялық және әдістемелік жағынан жаңа мағынадағы түсініктермен толықтырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет